Әлия Бөпежанова: Жаңашылдық дәстүр мықты жерде туындайды

Бөлісу:

24.10.2017 8687

- Ертеректе берген бір сұхбатыңызда «Жаңа эстетикалық кезең алыс емес» деген екенсіз. Бұл пікіріңіз қаншалықты орынды болды, жаңа эстетикалық кезең келді ме?

- Бұл пікір, ұмытпасам, шамамен 90-жылдары, яғни тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінде, әдебиет пен өнерімізге рухани-интеллектуалды ойдың жаңа типiн құрайтын жастардың келуі мен қоғамдық және көркем ойды алға тартатын қуатты орта буынның белсенді шығармашылығына байланысты айтылған еді. Дегенмен де сол бір ішкі бір түйсік-болжам бекер болмағандай. Бүгінгі күн биігінен қарағанда, жаңа эстетикалық кезеңде өмір кешіп отырғанымыз анық. Қоғамдық формацияның өзгеруі, адамдардың жаңа ахуалды шындықпен бетпе-бет келуі, ғасырлар тоғысындағы «кім кінәлі?», «не істеу керек?» сынды алапат классикалық сауалдар жаңа дүниесезімдер, жаңа рухани ахуалдар тудырды. Бұған әдебиет пен өнер дәстүрлі өріспен де, жан-жақты, әр бағыттағы еркін көркемдік ізденістерімен де жауап қатты. Аға буын, сол кездегі орта буын өзінің реализм мен модернизм аясындағы ізденістерімен көрінсе, 90-жылдары келген буын логикалық іргетасы мықты айқындықтан, классикалық көптүрліліктен гөрі гөрі көпқырлы парадигмадарға, көркемсөздің, сахна мен кинотілінің ішкі мүмкіндіктеріне бойлауға бастаған көркемдік ізденістерге көбірек жүгінді.

Мұндай ізденістер алғашқы онжылдықта әлі де бірполярлылау, әлі де монолығы басым қоғамда қиын қабылданды, орынсыз сындарға ұшырап, біраз «қысастық көрді». Ал, ХХI ғасырдың бір ерекшелігі – жаңалықтың жылдам қабылданатыны. Көрнекті мәдениеттанушы Б.Гройс «Жаңалық туралы» еңбегінде «жаңа құндылықтардың қалыптасуы (валоризация) мен ескілердің жойылуы (девалоризация) – мәдениеттегі жаңарудың әмбебап жолы деп жазады. Уақыт бір орында тұрмайтыны, қоғам жаңара түсетіні өмір заңдылығы. Өнерге 90-жылдары көпқырлы парадигма ала келген талантты жас буын ақын-жазушылар, режиссерлердің көркемдік әлемімізді байытып, жаңа бір тыныс берген ол ізденістері өзіндік мәнер-стильдері ғана болып қалмай, уақыт сынынан өтіп, ұлттық өнеріміздің көркемдік пазлдарын лайықты толықтырып-түрлендірді.

«Эстетика – этиканың анасы», - депті И.Бродский. Көркемдік-эстетикалық ізденістердің уақыт өткен сайын молыға түсуі – өнердегі плюрализмді қалыптастырды. Бұл құбылыс төл әдебиетіміз бен өнеріміздің этикалық қуатын да арттыруға бастады.

Қазақ әдебиеті мен өнерінде соңғы ширек ғасырда өте қызғылықты көркемдік процестер жүргені туралы айттым. Ал, мұның өзі тоқтамайтын үдеріс екенін еске алғанда, ізденістер жалғаса береді. Бұл тұста назар аударатын жайт – қоғамымыздың өтпелілік кезеңнен тұрақты даму кезеңіне аяқ басқаны әдебиет пен өнерде де жақсы байқалады. Сондықтан да бұл көркемдік-пәлсапалық үдерістер, жаңа эстетикалық кезеңнің даму логикасы мен нәтижелері қазақ философтарының, мәдениеттанушылары мен әдебиет теоретиктерінің алдағы зерттеулеріне арқау болады деп ойлаймын. Ал, философиялық дискурс көркемдік дискурспен байланысын нығайтса тіпті жақсы.

- Әдебиеттегі жаңашылдық. Біздің көркем дүние тудыратын қаламгерлердің өзі «модерн, постмодерн» секілді дүиені айналшықтап жүргелі біраз болды. Меніңше, бұл жазушының емес, әдебиеттанушының нысанасы. Жазушы өзін ондай шеңберге салмауы керек. Сіз қалай ойлайсыз?

- Жазушылар белгілі бір ағым аясында жазамын деп өзін шеңберге салады деу қиын. Жаңашылдық дәстүр мықты жерде туындайды. Кім кім де өзінің рухани көркем әлемінен шығып жазады ғой. Әдеби үдерістерді, көркем әдебиеттің даму заңдылықтарын талдау, зерделеу әрине, әдеби сынның, әдебиеттанудың, оның ішінде әдебиет теориясының прерогативасы.

Жалпы постмодерн мерзімді басылымдарда ауық-ауық «дау тудырып» қоятыны бар. Алғашында постмодернді сынап-мінеу, тіпті қазақ әдебиетінің жауы етіп көрсету сәнге айналған-ды. Бірте-бірте бұл ахуалдан кете бастадық. Жас сыншылар мен әдебиеттанушылар еркін көсіліп жазатын, дәстүрден шамалы өзгеше жазғанның бәрін келсін-келмесін постмодернистке жатқызып, өздерінше бір жүлге салып талдайтын үрдіс тапты. Бұл да бір әдеби-рухани ахуал. Дәстүр мен жаңашылдықтың әдемі үйлесімі өнерде үшінші бір шындықты тудырады. Дегенмен де постмодернизм оңай шағылатын жаңғақ емес, бүкіләлемдік философия, өнермен, тұтастырта, өз әдеби дәстүрлерімізбен жүйелі байланыстыра қарастыратын құбылыс.

Әлемдік философия мен мәдениеттанудың өзінде постмодернизмге анықтама көп. Олардың барлығы да өз контекстінде қарастырғанда орынды. Постмодернистік теориялардың жықпылына кірсеңіз, оңайлықпен шыға алмайсыз. Жалпы алғанда нағыз постмодернизм – өте терең және өте ауқымды білім. Көзге ұрмайтын көптеген көзқарастар мен стильдердің тоғысы. Ал, сан жетпейтін анықтама-белгілерінің ішінде көкейіме қонатыны деп – тартыстың классикалық үлгісінен бас тартуы және жаңа гуманистік қажеттіліктерді, көркемдік-эстетикалық құндылықтарды іздеуі мен осы жолда жаңа оқырман қалыптастырған прогрессивті рөлін айта аламын...

Бүгінгі таңда парадигма ретінде постмодернизмнің күні өтіп бара да жатқан сияқты. Қазір постмодернизмнің емес, постпостмодернизм уақыты деп те айтылады, өзге де анықтамалар өте көп. Ал, меніңше, қазақ әдебиеті постмодернистік дискурсты батыс әдебиетіндей, тіпті орыс әдебиетіндегідей бастан өткерді деп айту қиын.

Қазақ әдебиеттануында модернистік ағым тым жақсы зерттелген, постмодернизм туралы қалам тартқан ғалымдар баршылық. Мүмкін ол зерттеулерді әдеби кеңістікте, әдеби БАҚ пен ЭБАҚтарда актуализациялану, ғалымдарға көбірек трибуна беру, олардың идеяларын өзектендіруге (актуалдандыруға) баса мән беру қажеттілігі бар болар.

Өзің айтпақшы, «...қаламгерлердің өзі «модерн, постмодерн» секілді дүниені айналшықтап жүргелі біраз болса...» бұл олардың бүгінгі әдебиетте жүріп жатқан үдерістерді өздері үшін айқындауға ұмтылысы, ал, тағы бір орайдан алғанда, әдебиетке, жазуға деген әуесқойлық дағды – бейкәсіби көзқарастан болуы мүмкін. Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» баяндамасында, көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайтынына назар аударды. Бұл, жазушы қауымына да бек қатысты проблема болуы керек...

- «Ұлы адамдар өздері жасаған дәуірден туындаған» деген, теория іспетті болып кеткен сөз бар. Сіздіңше, заңғарлардың тууы дәуірге байланысты ма әлде жеке қабілетіне байланысты ма?

Ұлыларды уақыт тудырады және олар өз уақытын, дәуірін жасайды деген тұжырым бар. Ұлы адамдар, данышпандардың тууы туралы небір зерттеулер де жасалған. Генетиктер зерттеулеріне қарағанда, Күннің белсенді фазасы, құрсақтағы шарана анасы арқылы белгілі бір уақытта арнайы оттегімен қоректенуінен бастап көптеген факторлар, сондай-ақ ата-тегі, әлеуметтік ортасы мен жағдайы еске алынуы керек екен. Психолог ғалымдар болса тұлғаның қалыптасуына туа біткен қасиеттері мен қатар әлеуметтік ортасы, әсіресе отбасы тәрбиесінің әсері үлкен дегенге ден қояды. Жалпы психология ғылымында тұлғалық және натуралистік теория қатар жүреді. Тұлғалық теория бойынша, уақытты жасайтын – адам, ал, натуралистік теорияда керісінше, уақыт «адамды жасайды» немесе уақыт қандай да бір адамның өзін-өзі танытуына мүмкіндік береді. Және де дәуірдің жалпы атмосферасында басымдыққа ие идеялардан тым алшақ ойлар келе-келе ұмыт болады. Бұл теориялар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жарық көретін 100 оқулықтың бірі, ағылшын тілінен аударылған «Қазіргі психология тарихы» (авторлары Д. Шульц, С. Шульц) атты заманауи оқулықта жан-жақты қарастырылады. Ал, генетикалық және психологиялық теорияларға тереңдегісі келмейтін оқырмандар үшін белгілі америкалық журналист, жазушы Эрик Вейнердің «Данышпандық географиясы: ұлы идеялар қайда және неліктен туады» («География гениальности: где и как рождаются великие идеи») атты кітабын оқу қызғылықты болатын шығар. Көпшілікке арнап жазып, ұлылар шоғыры белгілі бір дәуірлерде нақты бір жерлерде болатынының себептерін қарастырған кітабында автор, өз ойынша, ұлылықтың сегіз ерекшелігін көрсеткен. Бұлайша жіктеу, бір есептен форма орайында алынған кітапта қазіргі заманда заңғарлардың белгілі бір салада аз не көп болуы талантты адамдардың санына емес, ол саланың тартымды-тартымсыздығына байланысты екеніне де назар аудартылады. Бүгінгі өмірде бұған мысал аз емес. Айталық, шоу бизнес пен спорт – тезірек танымал болу және табысқа жетудің тиімді бір жолы...

- «Асқар Сүлейменов феномені» қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық пен дамудың символына айналғаны белгілі. Жалпы жұрт жаппай тамсанғанмен, біздің замандастарымызға Асқар әлемі әлі ашылмағандай әсер қалдырады.

- Асқар Сүлейменов қазақ зиялыларының ішінде орны бөлектеу, замандас, қаламдас досы Ә.Кекілбаев жазғандай, «заманынан озып туған тұлға». Ой жүйесі және осыдан келіп туындайтын жазу жүйесі ерекше Ол, ең алдымен, ұлттық құбылыс және жазуды өнер деңгейіне көтерген суреткер. Осы тұста мына бір жайтты айтып өтсем деймін. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін СОКП Орталық Комитеті «Қазақ ұлтшылдығы туралы» қаулы қабылдағаны белгілі. Қазақ зиялылары осы қаулының күшін жойғызамыз деп қатты қарекеттеніп жүргенде Асекең:

- ...ол қаулыға бола алаөкпе болудың қажеті қанша? Ұлтшыл деген қазақ халқына берілген ең үлкен баға емес пе? Ұлтшыл деген – ұлтжанды деген сөз ғой! - деуші еді. Бұл пікірін біраз азаматтарға айтты да. Ұлтжандылық Сүлейменовтің бүкіл өмір, өнертанымының өзегі болды.

«...Түркістанның босағасын келін болмай кесір боп 16-жылдың шілдесі аттады» деп басталатын «Бесатардағы» Мұқағали мен Сәруар, «Кектегі» Қазан мен Бектер, «Адасқақтағы» Абай мен Біржан, Ақан мен Біржан, «Ситуациядағы» Келісов пен Мақбоздар әлемі арқылы танылатын ұлттық рух, адами-имани кеңістіктер, ізгілік пен нәкәстік, тақуалық пен даңғой-даңғазалық... Басқа да әңгімелері мен драма-диалогтарында, «Шашылып түскен тіркестер» ой-толғамдарында; «Түр туралы бірер сөзден» басталып, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Х.Есенжанов, Х.Ерғалиев, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Қ.Мырзалиев, т.б. шығармашылықтары туралы эсселері мен мақалаларында, киносценарийлері мен ғажайып аудармаларында да рухани нұр, жарық көп. Ал, өзің айтпақшы, біздің замандастарымызға Асқар әлемі әлі ашылмағандай әсер қалдырса, мұның объективті-субъективті себептері баршылық.

Еліміз баспаларының кітап шығару-тарату (сату) ісі жағдайы және тираж жайы жұртшылыққа жақсы мәлім. Жазушы дүние салған ширек ғасырда жарық көрген жекелей үш кітабы және 2007-2009 жылдары шыққан төрт томдығы тиражы мардымсыздықтан оқырманға жеткен жоқ, тіпті республика кітапханаларына да толық жетпеген. Оның үстіне әдеби-рухани ахуал бұрынғыдай біртұтас емес, әдеби-рухани кеңістік, меніңше фрагментацияланып кетті. Мұндай ахуал әдебиетті оқырмандар әлеуетінен айыра бастаса, өкініштісі – қоғамның мәдени капиталы азайып, мәдени құнары кеміп барады. А.Сүлейменовше қисындағанда, «қамау терін алдыртып оқитын оқырман» қатары да азайып бара ма деген алаң бар.

- Бұл ойыңызбен келісуге болады. Бірақ, А. Сүлейменовті оқу-тану арқылы өнердегі дәстүр мен жаңашылдық туралы қалыптасқан ұғымдарына сына қағылып, ізденістер өрісін ұлғайтқан жастар қатары мол. Біздің замандастарымызға Асқар әлемі әлі ашылмағандай әсер қалдырады, дегенде суреткерлік болмысын кешенді қарастырып-зерттеу туралы айтып отырмын.

- Сүлейменовтің көркемдік әлемі көрнекті ақын М.Ақдәулетұлы «Әдебиет порталына» осы көктемде берген сұхбатында айтқандай, «...оқырманды, оның деңгейін, демек, ұлт деңгейін көтерерлік мұра... мүлде жаңа, құдіретті... қарасөз...». Бұған қосарым – Сүлейменов шығармалары – зерделей оқыған жанға заманға сай жаңа білім көзі бола алады. Ол афоризмдері көп цитаталанатын жазушы екені де бекер болмаса керек.

Жазушы-драматург дүние салған ширек ғасыр ішінде шығармашылығы біраз зерттелді. 1999 жылы жарық көрген «Парасат падишасы» атты кітапта заманымыздың көрнекті тұлғалары, жазушылар, өнер адамдары – барлығы жетпіске жуық автордың А.Сүлейменов туралы жүрекжарды сөздері, ой-толғамдары, естеліктері жарияланды. Жазушылар Д.Тұрантегі, А.Сәдібек, А.Нысаналин, Ө.Қырғызбай деректі дүниелері жарық көрді.

Шығармашылығы ғалымдар Р.Сыздықова, Б.Құндақбаев, М.Қойгелдиев, Г.Пірәлиева, Ж.Жарылғапов, Ұ.Еркінбай, сыншылар Т.Тоқбергенов, З.Серікқалиұлы, С.Әшімбаев, Ә.Сығай, С.Жұмабек, Ә.Қодар, М.Әуезов, Б.Сарбалаев, т.б. еңбектеріне арқау болды. Әдебиеттанушы А.Қалшабек «А. Сүлейменов шығармашылығындағы рухани-көркемдік ізденістер» атты зерттеу жазды. Асекеңнің ҚР Мемлекеттік сыйлық алған «Ситуациялар» триптихін М.Әуезов театры сахнасында қойған белгілі режиссер Ә.Рахимов «Пьесадан спектакльге дейін» кітабының бір тарауын А.Сүлейменов драматургиясына арнады. Бірқатар ЖОО оқытушылары баяндамалары, студенттердің дипломдық жұмыстары бар. А.Сүлейменовтің өмір-өнертанымы, руханияттағы орны, алдыңғы және кейінгі буындарға әсері, өнеге-тағлымы туралы Т.Әсемқұловтың «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» атты эссесі бар.

Көрнекті тарихшы, Алаш тарихын көп зерттеген ғалым М.Қойгелдиев А.Сүлейменовті Алаш зиялылары Ж.Аймауытов, М.Әуезовтердің жалғасы ретінде таниды. А.Сүлейменовтің жекелеген шығармалары туралы талантты жас әдебиеттанушы, сыншылар М.Әзімхан, А.Рахманұлы, т.б. мазмұнды мақалалар жазды (мүмкін, мен білмейтін материалдар, зерттеулер де болуы мүмкін.) Мұның бәрі, әрине, үлкен еңбек.

Жақсы шығарма өз уақыты үшін ғана өзекті болса, ұлы шығарма қай дәуір үшін де өзекті. Ондай шығармалардан оқушының жаны түлейді, ал, әрбір жаңа ұрпақ өзіне керегін табады, рухани нәр алады. Бұл – өнері заман-уақытпен бiрге өсiп, мәуелеп өсiп-өнетін А. Сүлейменовтің рухани мұраларына да бек қатысты. Сондықтан да А.Сүлейменов шығармашылығы, өзің айтпақшы, кешенді зерттеулерін, теориялық зерделемелерін, жаңаша интерпретацияларын күтіп тұр.

- Маған біздің замандастарымыздың (әрине оның ішінде өзім де бармын) өзі жиырма бірінші ғасырға өтіп кеткенмен тілі жиырмасыншы ғасыр мен он тоғызыншы ғасырдың өларасында қалып қойғандай әсер қалдырады...

- Тіл, атап айтқанда көркем тіл – уақыттың жүрегі, ол өткен ғасырларға да, болашаққа да жол салады. «Тіл – ішкі сырды сыртқа шығаратын құрал. Әр заманда тіл ішкі сырды әртүрлі шығаратын болған» депті Ж.Аймауытов. Жазушы, ең алдымен, өз кезеңінің жүрек соғысын береді. Сенің бұл түйсіктік тұжырымың бүгінгі әдебиетке өз ғасырын кең ауқымда танып-сезіну кезеңіне аяқ басуы қажеттігінің бір мысалы шығар...

- Біз әдебиет туралы сөйлегенде Кеңестік цензура мен психологиялық қысым туралы жиі айтамыз. Әдебиеттің тынысы еркіндік пен бостандық дейміз. Осы логика бойынша, тәуелсіздік алған жиырма бес жылдың ішінде әдебиетіміз мүлде жаңа арна мен өзгеше сапаға көтерілуі керек еді. Бірақ, оны көре алмай отырмыз. Себебі не?

- Жалпы бізде кеңестік кезеңді тым демонизациялайтын әдет бар. Бұл, әсіресе, өздеріңдей жас буынға тән. Ал, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайтыны Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» баяндамасында да атап көрсетілді. «ХХ ғасыр Қазақстанға бірқатар игіліктерін де берді, - делінген онда. - Индустрияландыруды, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа интеллигенцияның қалыптасуын осыған жатқызуға болады.» Жаңа интеллигенцияға жататын жазушы қауымының барлығының демеймін, бір парадоксы – сол кезеңде жағдайлары өте жақсы болған, яғни кеңестік кезеңнің барлық игілігін көрген, біраз өкілдерінде де кеңестік кезеңді күстәналау кездеседі. Ол кезеңде цензура болды, алайда әдебиет, жалпы көркемөнер, өзінің төл табиғаты бойынша, қандай да цензураға тәуелді емес.

Әрі-арыға бармағанда, ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері қазақ әдебиеті бірнеше жазықтықта дамыды. Уақыт талап еткен идеологемалар аясында жазған қаламгерлер, сонымен қатар қазақ әдебиетінің алтын кезеңін жасады деп танылған суреткерлер шоғыры болды. Соңғылары идеологиялық цензураны керісінше өз пайдасына жаратты. Көркемдік тәсілдерін күрделендіре түсті. Цензура, бір есептен, жазушының болмысты зерттеу әдістерін, қиял әлеуетін қуаттандырған сияқты.

Қарап отырсаңыз, қазақ әдебиетінде эмиграциялық әдебиет жоқ деуге болады, бұл тұста тіпті, мысалы, орыс әдебиетіндегідей, тартпада қалған шығармалар да жоқтың қасы. Бұл нені көрсетеді? Меніңше, қазақ жазушыларының жүйенің ішінде отырып жүйеден шығып жазғанын, мысалы, А.Сүлейменов, Ш.Әлімбаев, О.Бөкей, Ә.Кекілбаев, Т.Әбдіков, т.б. шығармаларынан көреміз.

Әдебиеттің тынысы – еркіндік пен бостандық деу де жалпыламалау таным. Бір қызығы – көптеген әлемдік шедеврлер осы еркіндік пен бостандықты аңсау жолында дүниеге келген. Әрине, бұл – жазушы біткен идеологиялық қысымда өмір кешсе ғана керемет жазады дегендік емес.

Ол кезеңнің жазушы қауымы үшін тағы бір «қолайлылығы» – моноқоғамда, әдебиленген қоғамда өмір кешуі болды. Бүкіл халықтың оқитыны әр жас деңгейіне арналған бір-бір республикалық газет, көріп-тыңдайтыны бір телеарна, бір радио. Шығармаңыз осылардың біріне жариялады немесе оқылды, бітті – сіз бүкіл республикаға танымалсыз. Ондайда бүкіл әдеби ахуал қоғамның көз алдында. Әдеби үдерістер әдеби мерзімді басылымдарда жүйелі талданып, жаңа кітаптар түгелдей дерлік рецензияланып отырса, әдеби-ғылыми зерттеулермен Республика Ғылым Академиясының Әдебиет және Өнер институты жүйелі түрде айналысты.

Ал, тәуелсіздік алған жиырма бес жылдың ішінде қаншама жаңа көркем шығармалар жазылды! Ширек ғасырда рухани-көркемдік ізденістер, жаңа бағыт-ағымдар, жаңа жанрлар пайда болып, тілдік эксперименттер жасалуы, т.б. үдерістер әдебиетімізді сапалық өзгерістерге әкелді деуге негіз бар. Бұрынғы моно, яғни біртұтас әдеби кеңістік көзден бұлбұл ұшқандықтан мұның бәрі жаппай көзге аңғарылмауы да мүмкін. Сән әлемінде бүгінгі классикалық киім үлгісін бейнелі түрде «үнсіз салтанаттылық» («молчаливый шик») деп атайды. Өз уақытының тынысын көркем бейнелеп отырған бүгінгі әдебиет және театр өнерінен осыны байқауға болады. Бұл кезең де толымды және тақырыптық-жүлгелік жан-жақты зерттеулерін күтулі.

- Тәуелсіздіктен кейін әдебиетке келген жастар мен егде буын арасында жекелеген аға-бауырлықты есептемегенде, тұтас рухани бір тұлғалылық пен рухани байланыс жоқ болуының психологиялық себебі не? Мұның қоғамдық формация алмасуымен байланысы бар ма?

- Мәселе – тұлғалылық пен рухани байланыс дегенді қалай түсіну, оған қай тұрғыдан қарауға байланысты. Жалпы әдеби ортаның бұрынғыдай біртұтастықтан ажырауына, өзің айтқандай, қоғамдағы өзгерістер де себеп. Қоғамда өмір кешетін әдеби ортада да буындар арасында жекелеген адами қарым-қатынастар бар. Ал, рухани қарым-қатынас деген, меніңше, қашанда таңдаулы және ол қай кезде де міндетті түрде жеке қарым-қатынасқа байлаулы емес.

- Мұхтар Әуезовтың «Өскен өркен» романы жазылса қандай шығарма болар еді? Туындының аяқталмай қалғаны біздің әдебиет үшін жоғалту ма, әлде, құтылу ма?

- Ұлы суреткердің жоспарлаған «Өскен өркен» бес томдық эпопеясын жазуға үлгермей кеткені, әрине, үлкен өкініш. «Абай жолында» қазақ халқының 19-ғасырын көркем зерделесе, «Өскен өркенде» 20-ғасырын, шамамен Абай дүние кешкеннен бастап өзі өмір кешкен 60-жылдарға дейінгі өмір-тағдырын бейнелемек болған. Әдебиетанушы, мұхтартарушы ғалымдардың жазуынша, бірінші кітабы 1905-1917 жылдар аралығын, екіншісі – азамат соғысы жылдары, үшіншісі – алғашқы бесжылдықтар, төртіншісі – Ұлы Отан соғысы жылдары, бесіншісі – 50-60 жылдар аралығын қамтуға тиісті екен. Өкінішке қарай, суреткер жоспарланған эпопеясының соңғы кітабының алғашқы нұсқасын ғана жазып үлгерген. «Менің ұнатқан кейіпкерім – қайраткерлер. Мемлекет мүддесін ойлайтын адамдар, Бұл адамдар – заводтардың, колхоздардың, аудандық партия комитеттерінің, обкомдардың қызметкерлері, тың игерушілер, тағысын тағылар -– тарих шежіресін өз қолдарымен жасаушылар, мен үшін олардың қадірі де, қастерлігі де осында» деп жазды ұлы суреткер.

Кеңестік кезеңді тым демонизациялау әдеті туралы жоғарыда айтып өттім. Әуезовтің «Өскен өркеніне» байланысты кейбір ұшқары пікірлер осы орайлардан естіліп қалуы мүмкін. Әйтпеген күнде қандай да формацияда өмірді құрылымдандыратын адамдар. Ал, кеңестік кезеңде қандай аяулы тұлғалар болды. Жазушы айтып отырған мемлекет мүддесін ойлатын адамдар аз болған жоқ. Ойлап қараңыз, егер бес томдық эпопея толық жазылғанда әуезовтік суреткерлік қуатпен қандай керемет көркем полотно дүниеге келер еді. Қазақ әдебиеті, жалпы қазақ руханияты қаншалықты мол қазынаға кенелер еді! Суреткердің өз заманы туралы, замандастары туралы жазу, көркем ой толғауы өзінен кейінгі буындарға қандай мектеп болар еді.

- Қазақ қаламгерлері мен оқырмандарының көкейін тескен – Нобель сыйлығы десек болар еді. Қазіргі қазақ әдебиетінде осы сыйлыққа лайық деп кімді айтар едіңіз? Ол қаламгерге Нобельді не үшін берер едіңіз?

- Нобель сыйлығы 1901 жылдан бері беріліп келеді. Қандай да сыйлық белгілі бір сарапшылар алқасының сүзгісінен өтетіндіктен онда объективті-субъективті факторлар болады. Әдебиеттің, жазушылықтың бірден-бір өлшемі болмағанымен де ғасырдан аса уақыт бойы Нобель сыйлығы әлем бойынша ең беделді сыйлық және оны алғандардың арасында осалы жоқ.

- Біздің рухани кеңістікте Нобель сыйлығы туралы әлсін-әлсін әңгіме болып тұрады. Кезекті нобелианттарды мойындамайтындар да кездеседі. Әркімнің талғамы, рухани тәжірибесі, кеңістігі әрқилы болғандықтан бұл да орынды. Қазақ әдебиетінде бұл беделді сыйлыққа лайық суреткерлер, әрине, болды және бола береді.

Қазіргі қазақ әдебиетінде Нобель сыйлығына лайық деп, қазақ халқының уақыт пен кеңістіктегі бір ғасырын бейнелеген «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарын жазған Әбдіжәміл Нұрпейісовті айтар едім. Неміс сыншысы Л.Кошут жазғандай, бұл шығармалар әлемде батыстың басымдығы бел алмағанда баяғыда әлем тілдеріне аударылар және әлем әдебиетінің ұлы туындысы деп бағаланған болар еді.

Суреткердің «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдары 2013 жылы белгілі меценат Исламбек Салжановтың демеушілігімен Америкада басылып шыққаны және сонда тұсаукесері өткені белгілі. Еліміз үшін маңызы үлкен осы рухани шара туралы белгілі қаламгер, әдебиеттанушы-ғалым, бүгінде Парламент депутаты С.Абдрахмановтың Ресейдің көрнекті әдебиеттанушысы, Абай, Әуезов, Нұрпейісов туралы кітаптар жазған Николай Анастасьевпен сұхбатында жан-жақты әңгіме болды («Егемен Қазақстан», 21 маусым, 2013 жыл). Ресейлік әдебиеттанушы сол сұхбатта классик жазушының Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі мен Америка баспасөз орталығының Шетелдік тілшілер комитеті ұйымдастырған тұсаукесерде сөйлеген сөзін келтіреді.

Нобель сыйлығын алғандардың міндетті түрде нобельдік лекциясын оқуы немесе нобельдік сөзін сөйлеуі шарт екені белгілі. Классик Нұрпейісовтің жоғарыда аталған кездесуде сөйлеген сөзін нағыз нобельдік сөз десек болады. Мұны сұхбатта келтірілген фрагменттерінің өзінен сезінуге болады. Көзіқарақты оқырман кезінде оқыған да шығар. Дегенмен де мен хас суреткердің Анастасьев және Абрахманов арқылы бізге жеткен сол ой-толғамдарын «Әдебиет порталының» оқырмандарына қайтара ұсынсам деймін.

– Мен қазақпын, – деп баяу дауыспен баптап бастады ол. Залда ойлы тыныштық орнады. – Мен қазақпын, халқымның әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері қаймағы бұзылмаған қалпында сақталған қияндағы ауылда тудым. Жастық шағым да сонда өтті. Жазуға әуестене бастаған кезімде барып үлкен әлемге келіп кірдім, ол жерде мен әртүрлі нәсілдер мен халықтар адамдарының ортасына түстім. Сол кезде, өз халқыма, туған жеріме перзенттік махаббатты сезіне тұра, сен барлық адамдардың туысы, ет жақыны болуың керектігін түсіндім. Жазушылық дегеннің өзі сан қилы адамзаттың бәріне ортақ, бәріне бірдей жақын және түсінікті нәрселерге назар салу ғой.

Иә, мына әлемді көруім, түйсінуім бойынша мен бәрінен бұрын қазақ күйімде қала беремін. Тіршілік-болмысқа қарым-қатынасым, рухымның құлақ күйі жөргекке оралғалы бері туған тіліммен, бозторғайдың шырылымен, дала шөптерінің хош иісімен, қазақ даласының – менің аяулы отанымның әндерімен, оның айрықша пәлсапашыл, әбігерге түсу дегенді білмейтін өмір ауанымен, ұшы-қиырсыз әрі сараң сұлулығымен мәпеленген. Қазір де, осынша жыл өмір сүріп, осынша қағаз жазып, сол перзенттік құштарлық мынау Жер атты ортақ үйімізді мекендейтін барлық халықтардың арғы тектен тартатын туыстастығын өзектен өткізе сезінуге қай кезде ұласа бастағандығын мен айта алмаймын.

Жылдар өте келе рухың мен ақыл-ойың өзің туған, өзің өмір сүріп жатқан аядай жерге сыймайтынын барған сайын айқын ұғына түсесің. Саналы түрде сондай сопылыққа салыну – ақымақтықтың дәл өзі. Жұмыр жердің бір қиырындағы экологиялық драмалар уақыт өтпей-ақ басқа бір қиырда жаңғырығып жатады. Планетаның парасат ахуалы мен рухани саулығы да сондай.

Оқырмандардың санасында менің екі кітабымның кейіпкерлері – Еламан мен Жәдігер бір-бірімен үндесіп жатады. Олардың бойына қазақтың көнтерілігі, туған жеріне сүйіспеншілігі, перзенттік парызға адалдығы – адамның бойында соңғы демі таусылғанға дейін болуға тиісті қасиеттер сіңірілген.

Мен өзімнің туған Аралымның трагедиясына қарсы тұруға қауқарсызбын. Бар қолымнан келгені – осынау қаңсып қалған қиян шетте тіршілік ұшқынын үрлеуге жанын салып, онысынан ештеңе шықпайтынын анық ұққандықтан да қурап, тартылып, өңірден өшіп бара жатқан теңіздің жағасында өмірден көшкен кейіпкерді сомдау ғана.

Жазушы деген солай жаратылған жан: ол қайда кетіп бара жатқаны белгісіз мына дүниедегі жападан-жалғыз жанталасынан бірдеңе шығар-шықпасын сұрап та жатпайды. Ол жүрегіне не жақын болса, жанын не жараласа соны жазады, жар жағасына жеткенше есі кете ентелеген жаһанның мына жүрісін тым құрыса бір сәтке кідірте тұрудан үміт етеді. Ажал құрсауында қалған теңіздің трагедиясын ой елегіне сала отырып, адамзат біздің туған Жер-Анамыздың алдындағы перзенттік парызымыз туралы ойланады деген сеніммен жазады...»

Бұл, меніңше, нағыз нобельдік сөз!

- Егер бір күн төрт сағатқа ұзарса, осы уақытта күнделікті тірліктен бөлек не істер едіңіз?

- Мен уақытымды күнделікті тірлікке немесе ерекше жоспарлы жұмысқа деп бөлмеймін. Жас кезімнен қалыптасқан әдет – бәрі өз ретімен жүріп жатады. Бір күнім төрт сағатқа ұзарса да тұрмыс-тіршіліктік те, шығармашылық та жұмыстарым өз орайымен атқарыла берер еді деп ойлаймын.

- Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ербол Алшынбай

Бөлісу:

Көп оқылғандар