Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
Ә
Әлия Бөпежанова

Әлия Бөпежанова

БӨПЕЖАНОВА Әлия Қахарманқызы – сыншы, аудармашы, мәдени сарапшы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби, Ұлттық «Сахнагер» сыйлықтары лауреаты. 

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы,  Саудакентте 1952 жылы 4 желтоқсанда дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтын, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ аспирантурасын бітірді. 

Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, республикалық «Қайнар», «Жалын» баспаларында (1976-1980),  «Қазақ әдебиеті» (1980-2001),«Алтын орда» (2001-2003) апталықтарында, «Хабар» (2001-2013) телеарнасында қызмет етті. М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театр әдебиет бөлімінің меңгерушісі (1993-1998, 2008-2020), әдеби кеңесші (2020 жылдан). 

«Өрнектер» (1991), «Дүние -имани құбылыс» (2001), «Өнер - жеке тәжірибе» (2007), «Мәдениет - жасампаз сана» (2008), «Мұнара» (2020), «Сахна сәулесі» (2020) сыни көркемдік жинақтары, «Атырау облыстық драма театры» (2015) зерттеуі, «Еділ қаған» (2022) аударма кітабы жарық көрген. Әдебиет, театр, кинодан жиырма шақты кітап жобасының, бірнеше деректі сценарийдің,   баспасөзде жарық көрген жүздеген мақалалардың, мемлекеттік бағдарламалар бойынша көптеген сараптамалардың авторы. Мақалалары шетел басылымдарында жарияланды. 

Е.Замятиннің «Аттила», А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу», У.Шекспирдің «Отелло» (сахналық нұсқа), Г.Томскийдің «Аттила мен Аэций», В.Смеховтың «Әлі баба...», (барлығы М.Әуезов атындағы Ұлттық  театрда сахналанған); сондай-ақ А.Лауринчюкас, Р.Солнцев, А.Ашири, т.б. пьесаларын;  мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасында  Д.Бидни, Б.Малиновский, И.Гердер, Леви-Стросс философиялық еңбектерiн («Мәдени-философиялық  антропология» 10 томдығында, 2005), «Жүз оқулық» бағдарламасында Ю.Боревтің «Эстетика» кітабын (2019), басқа да көптеген мәдениеттанушылық-философиялық мәтіндерді,  сондай-ақ  бірнеше көркем прозалық шығарма, көркем және деректі фильмдерді  қазақ тіліне  аударған. 

Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясында «Қазіргі өнер сыны» атты авторлық бағдарламасын және арнайы курстар (2003-2015) оқыды. 

Көптеген әдебиет, өнер байқауларының сарапшысы. Халықаралық және Республикалық театр фестивальдары Қазылар алқасының мүшесі; Халықаралық, республикалық семинарларда шеберлік сабақтарын өткізуші. Бірнеше журналдың редколлегия мүшесі. Қоғамдық қорлар сыйлықтарымен марапатталған. 

Қазақстан Журналистер Академиясының академигi (2001). 

Халықаралық «Алаш» әдеби (2003) және Ұлттық «Сахнагер» (2018) сыйлықтарының лауреаты. 

ҚР Президентiнiң Құрмет грамотасымен (1995), «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы»,  «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы»  (2011, 2016)  медальдарымен марапатталған.  ҚР еңбек сіңірген қайраткері (2012). «Құрмет» орденінің иегері (2021). 

Көп оқылғандар