Айзада Рахымжан: Адастырмайды күз мені...

Бөлісу:

25.10.2017 8774

Рахымжан Айзада Бүркітқызы 1991 жылы 5 сәуірде Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылында дүниеге келген. Педагогика ғылымдарының магистрі. Қарағанды Мемлекеттік Техникалық Университетінің оқытушысы.

⠀ *

⠀⠀⠀⠀⠀⠀ ***

Жұлдызымен жаққанда аспан үміт,
Кірпігіме қойдыңыз жас тағы іліп.
Сізді қалай сағынып қалғанымды,
Айтқым келіп тұрғаны-ай ақтарылып.

Түпсіз, қалың тұманның ішінде де,
Сезіміме көлеңке түсірмегем,
Келмейтінін ішіңнен сезіп тұрып,
Қандай қиын, жауапсыз күту деген?

Көңілімнің қамалын көш бұзады,
Артып қойып жүрсіз бе, бос кінәні?
Жылатуға немесе жұбатуға,

Күз де келіп үлгерді...

Жоқсыз әлі...

***

Біз екеуміз бірге болсақ – аспанбыз,
Жанымыздың жұлдызын дөп басқанбыз.
Шын сүйіскен ғашықтарға дәлелміз,
Жырлағанға жарты күндік дастанбыз!

Біз екеуміз бірге жүрсек - теңізбіз,
Аңсадың ба?
Көзіңді іл де, деміңді үз...
Тұңғиыққа батып бара жатады,
Жанарыңа үңілгенде керім қыз.

Біз екеуміз бөлек кетсек - ӨЛЕҢбіз,
Мүмкін екі ғаламшармыз, әлембіз!
...Жалғыздықтың ілестім де соңына,
Тағы келдім алдыңызға:
- Сәлем, Күз!

***

Күйіміз әсер еткен, сірә біздің?
Аспан да ағыл-тегіл жылады, ізгім.
Жанарыңнан төкпеші ызғарыңды,
Жауратқаны жетеді мына күздің...

Сарқылып жігер-күшім, бақ-ырысым,
Тағдырдың ойынынан қажыдым - шын.
Тәрк етуге дайынмын бәрін,бәрін,
Өзегімдегі өлеңді жазу үшін!

Маған білсең түк емес - құздан құлау,
Қызғануға келместен қызғандың-ау.
Жанымның өшірме отын, онсыз-дағы,
Өңменімнен өтеді ызғар мынау.

Сен де анау жапырақтай солып тындың,
Суық тартып барасың...
Соны ұқтырдың.
... Пальтоңды иығыма жапшы, бүгін -
ауырып қаламын-ау,
Тоңып тұрмын...

***

Мен сезімге берілгішпін, ия, рас,
Есесіне жалған күлген емеспін.
Қаламымнан тамса-дағы сия-жас,
Уақытты әкелмейді кері ешкім.

Тағдырымның есебінен жаңылдым,
Ол да алдайды, сыйлайды да бізге үміт.
Ертең тағы жарасына жанымның,
тұз себеді күз келіп...

Күз келеді сағынышын жастауға,
Өңінен де, лебінен де есіп мұң.
Бәрін қайта болар ма еді бастауға?
Әттең біраз кешіктің...

Екеумізге бұйырмайтын бақты ұмыт,
Мен бақытты саған үнсіз тілегем,
Қайтқан құстың қанатына, xат қылып,
Жазып бердім бір өлең!

***

Неткен нәзік, сезімтал тұла бойы,
Жасқа шомып, жастығын жастанды күз.
Сөзімізде тұра алмай уәделі,
Өкпелетіп алдық па аспанды біз?

Жалаң аяқ қара су жалдап өттім,
Көйлегімді аяды ел: бүрмелі, көк.
Жан жылуын ұсынған болмады ешкім.
Жүрегіңнің түкпірі кірледі деп.

Күн шуағы нұрлы еді кеше қандай?
Бұл өмірде бар ма өзі тастанды бақ?
Менің мұңайғанымды көтере алмай,
Майқұдықта тұр бүгін аспан жылап...

***

Жанымның жапырағын келем үзіп,
Көктем биыл ертпеді көшіне де,
Есіміңді естісем елегізіп,
Жүрегім атқақтайды осы неге?

Түн де, мен де ұйқыны ұмытқанбыз,
Бірімізді біріміз күзетерміз.
Жолдарымен тағдырдың жылыстаймыз,
Мүмкін егіз шығармыз күз екеуміз?

Сағыныш - ортақ ұғым еді бізге,
Екеуміз де сүйеміз сары түсті.
Жұлдыздар ілінбейді көзімізге,
Жанартаудан күтеміз жарылысты.

Ақ сезімнің еседі қайдан лебі?
Өмір тағы соғады-ау жарға мені,
Құрбым: "Гүлді сыйлаған сол ма?" деді,
"Иә" дедім...
Қайтейін?!
Жалған еді...

***

Тұрса да күн күлімдеп, таң нұрланып,
Төбемізден төгілген жаңбырда – үміт.
Бақыт іздеп шығатын жолдар – соқпақ,
"Сезім" жайлы мұңлылау әннің бәрі.

Түсімде көргенімдей күйресе өңім,
Бақытымды тапқандай күй кешемін,
Өмір өзі көрсеткен, қаласаңыз-
Жылап тұрып күлуді үйретемін.

Бәрін ұмыт, ештеңе қалдырмағын,
Жылағаным - әлбетте жазғырғаным.
...Арулардың өзіндей - жаны сұлу,
Бірақ, әттең, бақытсыз тағдырлары.

***

Қадірмендім, қиямын сені кімге?
Біздің осы жолымыз неге күрең?
Өмірімнің ең басты бөлімінде,
Менің мұңға айналған өлеңім ең!

Неге жүдеу кейіпің күлгендегі?
Неге солғын бұл әннің қайырмасы?
Ең алғаш қош айтысқан күннен бері,
Сен де үнсіз сағынасың, мойындашы...

Жалғыздық сырын шерткем кеше гүлге,
Сен болсаң, табыспаққа бекігенсің.
Мен кетсем, бір-ақ рет кетемін де,
Қайтып келе алмаймын, кешірерсің...

***

Сағынышым оралмас жолыңды өпті,
Көңілдің көкжиегін кестеледім.
Дегеніңе оп-оңай қолың жетті,
Сол болса көксегенің!

Аласұрған жүрек те қажыды көп,
Жоғалтуға келместі іздедім, ә?!
Шындығында титімдей жазығы жоқ,
Артпашы күзге кінә!

Кеудесінің жаға алмай керек отын,
Жаурайды жапырақ-жан тоналғасын,
Таңға дейін берер ем өлең оқып,
Анық қой оралмасың...

Сағынышым үдеді... Қоңыр кеш-ті,
Көңілдің көкжиегін кестеледім.
Дегеніңе оп-оңай қолың жетті,
Сол болса көксегенің!

***

Жылайыншы, сырымды ақтарғанша,
Айтып қоя беремін, кешірші әлем!
Оған жеткен жауапсыз xаттар қанша?
Ол туралы жазылды нешенші өлең?

Ұясынан оятам қалай күнді?
Сонда ғана жарықпен теңесеміз,
Менің жаным көтерген талай мұңды,
Нәзік жанды ару ғой демесеңіз!

Алабұртқан көңілдің күйін іркіп,
Жалғыздықтан құтқарды кезінде өлең.
Тағдырымның ерекше сыйы мүмкін,
Сағынышты – аяулы сезім дегем.

Тербетеді түндерде тілек-арман,
Қиялыма сіңем де, көзімді ілем.
Қалай сүйетінімді - біледі Аллам,
Қалай сағынғанымды – өзім білем!

***

Аңсаған мезеттерде "ізгім" дегем,
Ызғары ештеңе емес жүзге үрлеген,
Сізді де жанымыздан жырақтатты,
Алмаған несі қалды күздің менен?

Таң да бізге кереғар, жатыр атпай,
Кіпігімнің ілінген жасы қатпай...
Арманымды өтінем, үгітпеңіз,
Табанымда тапталған жапырақтай.

Тағдырым, тағы қалай бал ашады,
Маған мүмкін, жалғыздық жарасады?!
Бақытымды жетелеп әкелердей,
Неге сонша күтемін қарашаны?

Жүректің рас, Күнім, қажығаны,
Сағынбасқа болмасты сағынады,
Көшесінен көңілсіз, күрең күздің,
Жылу іздеп келеді, жаным әлі...

***

Күн сайын өшіп барам, жасып барам,
Ештеңе қарыз емес БАҚЫТ маған,
"Келші" деп мені өзіне сан шақырған,
Өзім ғой асықпаған.

Арманның биігіне бір шығармыз,
Қайтейін, қу жүректің кілті жалғыз.
Құстардың тізбегіне сүйсінеді,
Аспанға ынтызар қыз...

Көкке де сүйетінім сізді мәлім,
Кездессек - өбеді анық жүзді жалын.
Сағыныш - скрипкада тұрады ойнап,
Мен салам күздің әнін.

Маxаббат? Ол да бізден қашықтаған,
Ештеңе қарыз емес БАҚЫТ маған,
"Келші" деп мені өзіне сан шақырған,
Өзім ғой асықпаған...

ЖҰБАТА АЛМАУ

Қайта күткен, қайта аңсаған,
Үмітіңді үзді кеп...
Енді қалай айтам саған?
Сүйейікші күзді деп...

Енді қалай сендіремін,
Ғажабына әлемнің,
Мені қойшы, көндігермін...
Жайы қалай өлеңнің?

Отың өшпек...
Ел дүрлікті,
Қайтіп үрлеп, жағамын?
Көзіңдегі мөлдірлікті,
Қайдан іздеп табамын?

Түннен безіп, таңға үздікті,
Көңіл күпті толқыған,
Жаныңдағы жалғыздықты
Қалай ғана толтырам?

Қайта күткен, қайта аңсаған,
Үмітіңді үзді кеп...
Енді қалай айтам саған?
Сүйейікші күзді деп...

***

Біздегі сезім сөніп тынған-ау,
Әйтеуір аман жүргейсің,
Қоштасу үшін жолықтырған-ау,
Өмірді онсыз сүрмейсің...

Маxаббатыңды баяндағансың,
Өтерін бір күн ескермей,
Уақытша ғана аялдағансың,
Тереземдегі кептердей...

"Әлемнің қандай сұлу екенін,
ғазал екенін біл" дейсің,
Өлеңнің бірақ ғажап екенін,
азап екенін білмейсің!

Жаңылып жолдан, келемін кері,
Бақыттылардың іздері...
Ұмыттырмайды өлеңім сені,
Адастырмайды күз мені!

***

Енді қандай күтемін кереметті?
Уақыт көшті басымнан, өлең өтті,
Менің мынау қияли әлемімде,
"Тағдыр" жайлы тақырып - ең өзекті.

Не айтасың?
"Бақ қонды, бізге!"деші,
"Күдеріңді біржола үз!" демеші,
Айтарыңды ішіңде жасырып қал,
Сен үшін күз сөйлесін!
Үндемеші...

Жылуымен тосады қарашаң қай?
(Көктем кері шегінген таласа алмай),
Қамсыз күн өткеретін кезім бар ма?

Биігімдегі арманым аласармай.

Қажытты жалған күлкі,
Жала... Күмән...
Өлең ғана шынайы жаны ашыған,
...Бірімізді біріміз тауып алдық,
Қандай бақыт?!
Тобырдың арасынан!


***

Жүрегімді қозғасам, бүлік табам,
Үзілуге шақ және қанатым бар,
Қазір көзімді ілем де, ұмыт қалам,
Көктемде бірақ мені оятыңдар!

Өзімді өзім жанимын, кектенемін,
Іздесең де еркіңде, іздемесең.
Онсыз дағы бұрыннан өкпелі едім-
Алынбаған алынсын күзден есем.

Жаным ұйып раxатқа, тояттасын,
Бәлкім сонда, басқадан биік бағым,
Мен бәрінен шаршадым, оятпашы.
Ұйықтағым келіп тұр...

Ұйықтағым.

***

Бұл қаланың аспанында жұлдыз жоқ,
Арманыма кереғар,
Бәлкім мінсіз маxаббатты жүр ме іздеп?
Көрінбейді неге олар?

Жаным көктің жұмағында қалғандай,
Өзгешелеу күй кешем.
Жұлдызының сұлулығын аңғармай,
Түнді бұлай сүймес ем,

Түн екеуі - жұмбақ, таппас жауабын,
Ынтызар hәм көрікті,
Суығына төзбеді ме қаланың,
Бірте-бірте сөніпті.

(Уақыт тағы күтіп алды бір күзін
Жанарынан жас тамбай),
Көз ұшында менің дағы жұлдызым-
сөніп бара жатқандай...

***

Ұмытылып қалады сезім демек,
Жанымды бірақ неге қамайды мұң?
Сенің бөлек мақсатың, менің бөлек,
Өмір сүріп келгенбіз қалай бұрын?

Күз менің өзім сынды қалың ойлы ең,
Күтпегем сірә, осылай құс қанатын.
Бұдан былай дос болам жарық аймен,
Түнектен сәулесімен құтқаратын.

Бақытсыз әлеміме көшірді ой көп,
Еріксіз күлдіреді тағар кінәң.
Кетеріңде жарықты өшірмей кет,
...Қараңғыдан қорқамын, қараңғыдан!

Бөлісу:

Көп оқылғандар