Қаламқас (баллада)
Бөлісу:
Фотода «Қаламқас» мұнай-газ кен орны қалашығындағы және Қаламқас қорымындағы «Қаламқас» барельефі. Суретшісі – М.Епенов, сәулетшісі – Н.Имашев.
Нұршайықова Жаннат Әзілханқызына естелік
Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ:
«Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас...»
Абай өлеңінің осы жолдарын бала күнімізде, жігіт кезімізде сан рет қайталап айттық. Сан рет естідік. Тіпті, кешегі Ұлы Отан соғысының жауынгері болып жүрген кезімізде Ресейдің Калинин облысының жерінде, Украина мен Белоруссия ормандарында Абайдың осы өлеңін біз, қазақ солдаттары, талай рет әндетіп айттық. Тіпті мен қазірдің өзінде, қайтыс болған әйелімнің басына барғанда осы өлеңді Құран орнына оқимын. Әйелім солай деп өсиет еткен еді. Бірақ, біздің бала кезімізде шыққан Абай жинақтарының ішінде «қалам қас» деген сөз біріктіріліп, бас әріппен жазылмайтын. Соған қарап біз «қалам қас» деген кісі аты, қыз есімі емес, қыздың қасының қалам сияқты жіңішкелігі туралы айтылған болар деп ойлайтынбыз. Өйткені ол кезде біз Қаламқас деген әйел атын естімеген едік. Біздің Семей жағында ондай қыз есімі кездеспейтін. Тіпті «Абай жолы» эпопеясының өзінде қазақ қыздарының қаншама аттары келтірілгенімен, Қаламқас есімді қыз ұшыраспайтын. Абайдың «қалам қас» деп атағаны Тоғжан шығар деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, Адай жағында Қаламқас есімді қыздар болған екен...
Алыста жатқан жұрт Маңғыстаудың атын естігенімен, оның қандай ел, қандай жер екенін біле бермейді. Тек анда-санда Маңғыстау туралы әңгіме болғанда «Қаламқас» деген сөзді естіп, жүрегің бір бұлқ ете қалады. Онда да Абай өлеңіндегі қалам қасты қыз есіңе түскендіктен ғана. Ол әннің әуені тіліңе орала кететін. Енді, міне, ән емес, аңыз Қаламқасты естіп, оның ар жағындағы ақиқат Қаламқасты танып, қатты тебіреніп отырмын. Егер қолымнан келіп, Маңғыстау туралы бірдеңе жазсам, тақырыбын «Қаламқас» қойсам деп отырмын...
«Қаламқас» эссе-сұхбатынан (2005 жыл)
Әз-атамнан шабыт алып ырыммен,
Оқырманым, бөлісейін сырыммен.
Қаламқастың өкінішті өмірін
Жадымызда жаңғыртайын жырыммен.
Бойымда қан барда – ойға дару бар,
Қолдарымда қағаз-қалам – қару бар.
Менің дағы жазғым келіп жүр көптен
Тағдырларын амазонка арулар.
Толтырғалы сүйек – қырын, қан – сайын,
Көңіл қаннан бейзар.
Несін аңсайын?!
Кир патшаның басын кесіп, қанына
Тұншықтырған апам – Тұмар ханшайым.
Опасызды арам шөптей отаймын,
Төс кергенді табаныммен тапаймын.
Сіңлісімін – сөз асырмас басынан
Әбілқайыр хан зайыбы Бопайдың.
Елін ойлап тыныстаған әр демде,
Тар күн туса, жүрер дәйім жәрдемге.
Аңға шығып асыраған ауылын
Қаламқастың қамқорлығы бар менде.
Құнарымен ортақ қанның һәм сүттің,
Тал шыбықпын еккен Жерге шаншып Күн.
Батыр қыздар (Әз-атаммен майдандас) –
Cіңлісімін Әлия мен Мәншүктің.
Жырға қосқан қалам қасы Абайдың,
Қайсар бикеш Қаламқасы Адайдың...
Татырмын ба олар басқан ізіне,
Деп жанарды қадамына қадаймын.
Әл-қисса, бір жазайын жыр баянат,
Маңғыстауым – шежіреге бай алап.
Адуынды Адай жұрты қыздарын
Бетін қақпай өсіріпті аялап.
Бұл оқиға – үш ғасырдан арыда,
Төрт Мұңалдан – сегіз арыс Жарыда
Қаламқас қыз тұлғасына арналған
Сіңлісінің мадағы да, зары да...
Бектемістің қызы екен бойжеткен,
Жігіттердің аңсары ауып, ой кеткен.
Әттең, ол бір қысылтаяң заман-дүр,
Бозащыда болғызбаған той көптен.
Еркек кіндік аттанған-ды жорыққа,
Атқа мінген кейбір қыздар қорықта.
Ауыл-елін күзетеді сыртынан,
Аң аулайды кейде алдын торып та.
Маң далаға мүлгіп жатқан манаурап
Қаламқас қыз шыққан бірде аң аулап.
Астындағы аттың бойы қызған кез,
Күннің көзі қызарған шақ алаулап.
Ұшырасты кенет арқар үйірмен,
Қуып беріп тиді бұл бір бүйірден.
Қайырып кеп аранға айдап құлатты,
Ор үстіне қалың жусан үйілген...
Ор дегенің ор болмады, сор болды,
Аңға құрған – жанға құрбан тор болды.
Астындағы ат-матымен арандап,
Қайран ару қапияда қор болды.
Жүйрік тұлпар тежей алмай қарқынын,
Тұяқ тайып сүзді барып жар түбін...
Дала жұтты омақасқан қыршынның
Ең ақырғы жан дауысын – жарқын үн...
Жазым келсе, бейнет – аяқ астында,
Ажалы бар кәрінің де, жастың да.
Қаламқас қыз сол арада мертікті,
Жетім жұрттан бас көтерген хас тұлға...
Қара бұлт кеп жапты жүзін күлген Күн,
Тыя алмай-ақ қойды жасын мүлдем түн...
Бәлкім, аңның киесі ме себепші?
Жас өлімнің қайғысы ма?
Білген кім?!
Кеш батқанша көрсетпеген төбесін
Қызын ойлап елі құрды кеңесін.
Түнде жар сап, таң атқанда із кесіп,
Тауып алды орда жатқан денесін.
Көп ұзамай азаматтар оралды,
Жасалды бар жеңімпазға жоралғы.
Айтпай тұрып Қаламқастың хабары
Ел ішіне желдей есіп таралды.
Жер таянып қалды ағасы ақырып,
Жер бауырлап жылады іні аһ ұрып.
Ғашығы жүр естіртуге сене алмай,
Аруының атын атап шақырып.
«Қа-лам-қа-а-а-с!» – деп қайталаумен есімін,
Қаралы үйдің жұлқып ашып есігін.
Кіре сала отыра қап оң жаққа,
Өкіріп кеп құшты табыт-бесігін.
Қайғы меңдеп қайысты бар қабырға,
Жоқтау-жылау ұласты да дабырға.
Шарасыздан шақырысты ақыры
Қаралы жұрт бірін-бірі сабырға.
Ерлер жоқта елін бағып ерлеген,
Аз ғұмырда көп қызық та көрмеген.
Жаназасын оқып қалың жамағат,
Ару қызды ақ арулап жерлеген.
«Қаламқас» деп атаған ол қорымды,
Періште-қыз – әулие деп жорылды.
Дүниеден өткендерге кейінгі
Сол қорымнан бұйыртыпты орынды.
Аңға шықса мол олжамен келетін,
Бар тапқанын елге теңдей бөлетін.
Алғыстарын айтатын-ды қызына
Салып тұрып қазанына ел етін.
Адам мұнша болар ма екен олжашы?!
Тірісінде тапқан табыс ол – басы.
Қаламқастан мұнай кені ашылып,
Мемлекеттің майлы шелпек болды асы.
Әруағыңа айттым сәлем, Қаламқас!
Апамды ойлап көздеріме алам жас.
Қара жер де иіп кетіп сені алған,
Жарты ғасыр иді саған ғалам бас.
Сені тапқан елдің биік бағы тым,
Өзіңдей боп туар екен тағы кім?!
«Махаббаттың жыршысы» деп атанған
Қаламгердің арттырыпсың шабытын.
Бұл тарихты оқығанда өз басым,
Толқыныстан тыя алмадым көз жасын.
Әз-атамның тақырыбын жалғадым,
Нұршайықов о дүниеге озғасын.
Жазушының ізбасары – мына біз,
Үлгі істерін ұлағат деп ұғамыз.
Бұл жырымыз – Нұршайықов Әзілхан
Рухына бағыштаған дұғамыз...
Айжұлдыз АМАНДЫҚ,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар
және инжиниринг университетінің 2-курс студенті
(Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы)
Бөлісу: