Нүсіпбай Әбдірахым. Жетісу - жасыл орманым
Бөлісу:
АМАН БОЛ, АТАМЕКЕНІМ!
Адам ата мен Хауана жұмақтан алма
жегені үшін ғана қуылған деседі...
Ғасырлар өткен неше мың,
Кім білген нақты есебін?..
Адам ата мен Хауана
О баста жаннат Жетісу
Жерінде тұрған деседі.
Сол кезден жеткен бар аңыз,
Сұмдыққа мына қараңыз:
Қаншалық тыйым салса да
Алма жеп қойған
Алмадай
Албырап тұрған анамыз.
Мына өмір кеткен кетеуі,
Күнәнің сол бір өтеуі.
Сол үшін жаннат өлкеден
Қуылған дейді екеуі.
Қазағым, қуан, еркеле,
(Еркеле, бірақ өртеме).
Адам атаның ұрпағы
Қаншама заман өткен соң
Оралды ғажап өлкеге.
Демеймін «бастан көшеді»,
Бақытым менің бес елі.
Жанымды тербеп жерұйық
Самалы күнде еседі.
Жоқ шығар, сірә, арманым,
Бойында жеті арнаның
Жыр қуып,
Кейде жын буып
Сайранды талай салғамын.
Арай таң, тұнық кештердің
Қызығын белден кешкенмін.
Кесірлік айтсам, кеш, Алла,
Жұмақта туып-өскенмін.
Жұпарын жұтып даламның
Сарқытын ішкем қаламның.
Армансыз ғұмыр сүргемін,
Алаңмын, бірақ, алаңмын:
Жаннаттай мына өлкенің
Аруын құшып,
Алмасын
Армансыз жеген адаммын.
Өзіңнің берген сыйыңдай
Жастығым өткен құйындай.
Күнәм көп,
Оның барлығын
Жыланға жабу қиындау...
Мақұрым жан ем аяттан,
Әлде сол шалар аяқтан...
Сонда да ғажап өлкемнен
Айыра көрме, Жаратқан!
Жетісу – жасыл орманым,
Жаныма жыр боп орнады.
Қумасаң болды бұл жерден,
Алатау көзім алдында
Асқақтап тұрса болғаны!
Мастанып байлық буына
Барғам жоқ шетел суына.
Баурымды бассам жетеді
Балқаштың ыстық құмына.
Бақыттың көбі-азына
Айта да қойман базына.
Бір барып қайтсам болады
Аңсатқан Ботасазыма.
Көңілдің көлін шайқадың,
Аман бол дәйім, байтағым!
Өзіңді берген тағдырға
Мың да бір тәуба айтамын.
****
Өлең жазсам,
жаза алмаймын махаббаттан басқаны,
Толқытпайды мені, достар, басқа өмір аспаны.
Мен ғашықпын, от сезімнен шалқып кетсем кей-кейде,
Мұңдарынан өлеңімнің тамып тұрад жастары.
Тебіренем,
достарым-ау, сүйгенім деп әр күні,
Мұңайтады мені үмітсіз махаббаттың тағдыры.
Мейлі, қанша мұңайтса да бақыт тілер сыртынан –
Қандай жақсы дүниеде сол бір жанның барлығы.
*****
Көгілдір аспан көлдердей түпсіз тұңғиық,
Көз алмай үнсіз қиялға батып тесілем.
Сағымдай еріп алыстап кетсем бір күні,
Шығарар ма екен сол бір жан мені есінен?
Түндерде толқып көз салар ма екен аспанға,
Жұлдыз боп кетсем тылсым боп тіл де қата алмай.
Тыңдар ма еді жапырақ болсам жас талға,
Сыбдырлап тұрсам сөйлеуге қатты бата алмай.
Еске алса мені, ессіз бір сүйген шағымды,
Жырымды оқып бұлқынса бір сәт жүрегі.
Күн болып төге алмасам да ыстық жалынды,
Жұлдыз боп алыс жымиып қана күлермін...
ҚАР ЖАУЫП ТҰР
Қар жауып тұр.
Қанымда қайнап аптап,
Тайғанақтап келемін.
Айнала әппақ.
Әппақ мамық алдымды кес-кестейді,
Аңсап күткен анамдай қалбалақтап.
Масайраған баладай алып-ұшып,
Сабылысып ұшады, сабылысып.
Сыйғыза алмай келемін құшағыма
Жұлдыз-қыздың жапырақ сағынышын.
Қонып жатыр шашыма, иығыма,
Көрінбейді ұшы да, қиыры да.
Күміс көйлек киінген кербез дүние
Келіншектей күліп тұр миығынан.
Алатау да маңқиып сүйініп тұр,
Құйылып тұр әппақ нұр, құйылып тұр.
Ақ ұлпаны қондырған ағаштардың
Бұтақтары сәл ғана иіліп тұр.
Алыса алмай бойдағы аптаппенен,
Кер дөненін көңілдің баптап келем.
Құдіретті табиғат, кешір мені,
Мамығыңды аяқпен таптап келем.
Толтырып ап қойныма мамығыңды,
Басайыншы бір сәтке жалынымды.
Шаң-тозаңнан арылған өзіңе ұқсап,
Мен де күтіп жүр ем бір арылуды.
ЖЕТІСУДЫҢ ЖАМПОЗЫ
Баймолда Мұса ағаның рухына
Сырғытады әр күн уақыт – сынапты,
Содан бері, о, қаншама су ақты.
Асыл аға ортамызды толтырып
Жүрген кездер күні кеше сияқты...
Сағыныш боп қалды алыста сағым күн,
Қаншама ай,
жылдар өтті –
жаңылдым.
Жабырқаған кездерімде, жан аға,
Жаз боп күлер сәтіңізді сағындым.
Ақтарыла күлуші еңіз, Байаға,
Өмірді шын сүюші еңіз, Байаға.
Ұсақ-түйек пенделерді көзге ілмей
Маң-маң басып жүруші еңіз, Байаға.
Жүзіңізден өзгеше бір мейірім,
Нұр төгіліп тұрушы еді, Байаға.
Сол мейірден сәуле түсіп санаға,
Шуағыңа жылынушы ек, жан аға.
Сіз бәйтерек көкке қарай қол созған,
Қаншама өрен қонақтады саяңа.
Атағы асып, бақ жұлдызы жанса да,
Еске алады талай мықты тамсана.
Рухыңызды қастерлейді қалың ел,
Сізге басын иетіндер қаншама?!
Күн кешермін оқыс жаза баспасам,
Бәлкім, әлі талайлармен достасам.
Талайлармен сыйласармын,
дегенмен,
Сіздей аға табылмайды ешқашан.
Ақ жайлау ед шыныменен алдыңыз,
Кім ойлаған келеді деп қарлы күз?!.
Шырқау көкке шарықтасын рухыңыз,
Біздер үшін асқар тау боп қалдыңыз.
ҚАРА ШАЛЫ ҚАЗАҚТЫҢ
Садуақас Бигелдиевті еске алу
Қара шалы қазақтың,
Дана шалы,
Жек көретін бос дырду, тамашаны.
Өзі биік болған соң
Табиғаты
Жаратпайтын төменді, аласаны.
Бермесе де ешкімге қала салып,
Күнұзаққа ой толғап, қалам тербеп
Қаузайтын-ды елінің болашағын.
Бабалардай сілкінткен сары атанын,
Ұрпақ қамын ойлайтын,
Бала қамын.
Есіне алса толқиды Махаббаттар
Қара шалдың аялы алақанын.
Жадыраса шуақ боп төгілетін,
Тебіренсе өлең боп өрілетін.
Газеттің бітпейтұғын жұмысына
Еңбектің торысы боп жегілетін
Бигелдиев сол кезде бәрімізге
Шабыттың шалқарындай көрінетін.
Ақын еді қара шал,
Батыр еді,
Бүгін, міне, мойындап жатыр елі.
Тірлігінде көп құрмет көре алмады,
Шабытпенен таңдары атып еді.
Бәйтеректей жайса да бұтақтарын,
Гүлге толып жүрсе де құшақтары
Ақын болып кездесу өткізбеді,
Шығарған жоқ жыл сайын кітаптарын.
Көрді өмірдің шуағын,
Өкпегін де,
Арманшыл ед қол созған көкте күнге.
Енді бүгін ойлана қарап маңға
Бейнесі тұр өзінің мектебінде.
Тұңғиық бір ой тұнып жанарына,
Көз салады өзі өскен алабына.
Ризашылық жүзінен есетіндей
Бүлдіршіндер асықса сабағына.
Өмір өтті...
Алынбай орын қалды,
Аяқталмай тақтада ойын қалды...
Әйтсе де Қара шалдың тірліктегі
Ең бір ізгі арманы орындалды.
Өзі туған Алатау бөктерінде,
Алтын күзде, көгілдір көктемінде
Сыңғырлайды қоңырау
Садуақас
Ағамыз атындағы мектебінде.
Осы емес пе шырқалған ғасыр әні,
Сәби күлкі шаттық боп шашылады.
Әрбір күзде Сәкеңнің мектебіне
Жүздеген немересі асығады.
Қазақтың қара шалы,
Дана шалы,
Бар байлығы – ұрпағы – болашағы.
Ескерткіш боп тұра бер мәңгіліккке,
Келер күнге сол ұрпақ жол ашады!
ТОЙ БОЛАДЫ КӨШЕҢДЕ
(Есенқұл қайтыс болғанда)
Қадіріңді білмедік деп айта алман,
Бәйтерек ең жапырағы жайқалған.
Өлім шіркін асықпайды дейді ғой,
Өмір ме екен меселіңді қайтарған?..
Тастағандай жаныңа әсем гүл егіп,
Жүрген жерің думан еді, жыр еді.
Жалған дүние-ай, қалай ғана тоқтады
Сұлулыққа ессіз ғашық жүрегің?!
Бірде шалқып,
Енді бірде жасып тым,
Тылсым сырлы бір әлемге асықтың.
Мына өмірдің батпан-батпан мұңдарын
Көтермеді жан жүрегі ғашықтың.
Жайсаң жолдас, абзал аға, шын ақын,
Жан емессің жер қойнына қиятын.
Жақсы адамдар көп дегендей жымиып
Жүзің ылғи шуақ шашып тұратын.
Жырға қосқан жауыны мен дауылын,
Бір-ақ сәтте қаңырады-ау ауылың.
Іздеп жатыр өзіңді Алтай, Атырау,
Іздеп жатыр жердегі бар қауымың.
Шабыт шақта «арманым жоқ» десең де,
Сол шіркінің көп еді ғой Есенде.
Бірақ жаның тыныш тапсын жаннатта –
Мерейтойың айналады мейрамға,
Әлі талай той болады көшеңде!
*****
Дарқан өмір,
Көп емес те менің сенен сұрарым:
Тек өзіме байланысты
Тік жүруім, құлауым,
Майысарым, сынарым.
Үзілмесін осы бір менің әлсіз қиялым,
Биік болсын әрқашан арман атты шынарым.
Сұрамаймын мен бақыттың өзін де,
Сәтсіздік те,
Сәттілік те
Байланысты өзіме.
Шабыт берген шалқып кеткен кезімде,
Шағалаң боп шарқ ұрайын шомылып,
Жауындатқан, дауылдатқан сезімге.
Өзіме аян бір күндері шығарым,
Бұлдырайды арман-тауым,
Шарқ ұрады қиялым.
Сол арманмен ұйықтаймын,
Күнде бірге тұрамын.
Ей, гүл өмір, аяғымнан шала көрме тек қана,
Келмейді енді, келмейді енді құлағым!
КӨГІЛДІР КӨКТЕМ – САҒЫНЫШ
Қалған соң ба екен жырақ тым,
Секілді сол кез шуақты.
Сонау бір бала кезімде
Көгілдір түсті ұнаттым.
Ұнаттым гүлді қыратты,
Ұнаттым балғын құрақты.
Армандай түстен алушы ем
Алапат қажыр-қуатты.
Керемет сол бір күндерім
Көрген түс қана сияқты...
Көгілдір дүние жан жағым,
Көгілдір көкке самғадым.
Сезімнің сиқыр күшімен
Сезілмейтіндей-ді салмағым.
Аңсаумен атып таңдарым,
Алаулап сонда жанғамын.
Қинайтын еді қараңғы
Түндерде келіп мазалап
Аспанкөз ару – арманым.
Тіледім тіпті бұлттан да
Көгілдір тамшы тамғанын.
Зымыран құсы уақыттың
Табандап тоқтап қалғанын.
Жеткізбей қойдың сен, бірақ
Көгілдір менің тауларым,
Күмбірге толы бауларым.
Сылдырлап жатқан балбұлақ
Кәусарыңа да қанбадым.
Күйсандық – тамшы көп күткен
Кеудеме келіп тамбадың.
Көгілдір әлем,
Рахмет,
Кереметтей бір алдадың!
Армандай күндер, сағым ба ең,
Күйдірер қызыл шоқсың ба?
Талпынттың неге шыққын деп
Әлемде ешбір болмаған
Қиялмен көрген жоқ шыңға?
Білемін, білем, сен талай
Куәсің мұндай от сырға.
Сонда да айтшы – сол ұлды
Жоғалтқан кезде шынымен
Жабырқап қалған жоқсың ба?
Қууды қойып сағымды,
От күйден бүгін арылдым.
Тәтті шақ өтіп кеткен соң
Қатты шақ келді,
Ауырдым!
Салмағын сездім ауырдың,
Екпінін сездім дауылдың.
Арқырай шапқан арманның
Айғырын кейін қайырдым.
Жабырқап қалған жаныма
Жаутаңдап жетті жауыр – мұң,
Қайтейін, тағы ауырдым.
Көгілдір күндер – көктемдер,
Тербеткен анам – көк пен жер.
Ұлыңның аппақ тілегі –
Мәңгілік гүлдеп, көктеңдер.
Көңілден ұшқан кептердей,
Үзіліп кеткен шектердей
Қиылып сендер кетпеңдер.
Өзіңе ғашық бір балаң
Сарыарқа салқар сезімін
Суытып алды, сөкпеңдер.
Алқымға жыр боп кептелген,
Таусылмас мұңым боп келген.
Сыймаған жалпақ жаһанға –
Өзіммен ғана шектелген.
Жібімей қойған қара тас,
Ашылмай қалған бет пердең,
Керемет түсім, сонда да
Сонда да сені жек көрмен!
Жаңбыр боп төгіп жаусаң да,
Бұлт болып желмен аусаң да,
Бақытқа қолың жетсе де,
Түссе де басың дау-шарға.
Басқаға құшақ жайсаң да,
Мың рет сөзден тайсаң да,
Айналсаң-дағы лайсаңға.
Жек көрмен: “тәубе, тәубе!” деп
Жадырап жүрем майсаңда.
Күндер-ай, күндер көгілдір,
Көңілдің жырын төгілдір.
Жайна да жасар, тіршілік,
Жастықпен сенің тегің бір.
Самал жел, соқ та сұрланған
Уайымның бұлтын шегіндір.
Сағынып сені көңіл жүр,
Сен сола көрме, өмір – гүл!
Бөлісу: