Оралхан Бөкей публицистикасының ерекшелігі

Бөлісу:

29.11.2017 12758

Өзі жазған өлкені өзгеге де сүйдіру, өзі ұнатпаған кейіпкерін өзгеге жек көргізу Оралхан шығармашылығының құдіреті, ерекшелігі. «Құм мінезін» оқығанша, құмды ұнатпаушы едім. Енді келіп, сахараны кезіп «Құмның сөйлегенін, құмның күлгенін, құмның ән салғанын» естігім келіп жүр. Құмдар көшеді екен, құммен бірге өмір де ақырын жылыстайтын көрінеді.

Кейде Мұқағалиды не үшін жақсы көретінім туралы ойланушы едім. Ойлана келе «Қарапайым суреткерлігі үшін» деп, өзіме жауап бердім. Ол теңеу іздеп жатпайды, тақырып іздеп сабылмайды. Ол үшін «Қара шалғы» да, «Қара шал» да тақырып. Ол үшін тұлымы желбіреп сиыр айдап бара жатқан қыз да тақырып. Оралхан да дәл солай! Оған тыңнан тақырып іздеудің еш қажеті жоқ. Ауыл өмірі оның мәңгілік тақырыбы. Ол сонысымен, сондай шынайылығымен бізге жақын. «Апамның астауы». Осы шығарманы оқыған сайын көз жасыма ерік беріп, жылап қоя беретінмін. Менің «мен дегенде ішкен асын жерге қоятын» апам бар. Күндіз-түні тілеуімді тілеп «Қызым қашан келеді?» деп күн санап жүрген апам бар. Менің де апам бар, оның астауы болмаса да, жарты ғасыр өзіне серік еткен ұршығы бар... Оралхан туындылары неге өзіне іңкәр етіп қояды дейсіз ғой?! Ол өмір шындығын жазады. Ол менің көкейімдегіні, сенің көкейіңдегіні біледі. Оның «Ауыл хикаялары» топтамасын оқып көрші. «Бірқақпай, қысқа қайырым осы шағын әңгімелердің әсері сондай, оларды оқи сала сапарға аттанып, Алтай асып кетуге асығасың. Көркем әдебиеттің әсері, көкейге қонымдылығы мен нағыз нанымдылығы нақ осындай болса, оны жазған жазушыда не арман болсын!» дейді Қуанышбай Құрманғали өзінің Оралхан туралы естелігінде.

Бір сөзінде Оралхан «Жазушылық дегеніміз – шындыққа жүгіну, ал әдебиет дегеніміз – сол шындықты шырақ алып іздеудің бірден-бір формасы» дейді. Ал, енді бір сөзінде «Мені әдебиетке әкелген - журналистика» деп ой қорытады. Шындығында да, оның очерк-эсселері қазақ журналистикасына жаңа леп, соны серпіліс алып келді. Қарапайым суреттеме, очерктің өзін Оралхан жұрт қызыға іздеп оқитын көркем дүние деңгейіне көтерді. «Мен очеркке жан бітірдім, бойына қан жүгірттім, мен «мал, малшы, өндіріс, жұмысшы» деп күбірлеп-сыбырлап келгем жоқ, бар дауысыммен айқайлап «Адам!» деп келдім» дейді. Иә, оны қаламгер ретінде ең әуелі Адам, адамның тағдыры қызықтырды. Өз замандастарының өмірі толғандырды.

Ұлы драматург Бернард Шоу «Әрбір талантты жазушы ең әуелі өз замандастары туралы жазу керек» деген екен. Оралхан Бөкей де қолына қалам ұстағаннан-ақ, өз замандастарының мұңы мен қуанышы шынайы суреттеуге тер төккен қаламгер. Бұл ретте автордың өзі де «Әйтеуір не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырысамын» - деген болатын. Айтқанындай-ақ оның кейіпкерлері – «Қайдасың, қасқа құлынымдағы» Орал, «Өлірадағы» Қойшы, «Құм мінезіндегі» Бархан, «Өз отыңды өшірмедегі» Дархан, «Сайтан көпірдегі» Аспан - өзіміз күнде араласып жүрген қарапайым замандастарымыз.

Оралхан публицистикасындағы тағы бір ерекшелік – оның тақырып қоя білуінде. «Сырдың елін – жырдың елі дейді екен...» Оралханның кезекті бір мақаласы. «Қазақ әдебиеті» газетінің күндері Қызылордада кереметтей болып өтті де, Оралхан небір Сырдың небір жүйріктерін көріп осы мақаласын жазды. Тақырыбының өзі айғайлап, шақырып тұрған жоқ па?! Мүмкін мен жазсам «Сыр елі – жыр елі» дер ме едім, жоқ басқаша көпірер ме едім. Оралхан мен емес, ол – Оралхан. Ол «Қызылорда жырдың елі екен» демейді, «Сырдың елін – жырдың елі дейді екен...» дейді. Міне, Оралхан тақырыпты қалай қояды? Енді бірде «Ақша қардан аққала жасап ойнаған, бала досым-ау» деп ерекше ілтифатпен бала досы есіне алады. Тақырыбын оқы да балалықтың еліне үн-түнсіз аттана бер! Себебі, Оралхан шығармасының тақырыбы – «жарты мақала». «Неткен ғажап дүние», «Өнерге өлердей-ақ ғашық едім», «Айналайын атыңнан», «Жалт еткен жалын – жан аға-ай», «Мен сені көп іздедім» сынды тақырыптарды көрсең, үнсіз үңілер бер. Себебі, ғажап тақырыптың астарында Оралханның озық замандастары, ауылдың дана қариялары жасырынған. Сен олармен сөзсіз табысасың.

Оралхан публицистикасы тек Адам жанын зерттеуден тұрмайды. Ол «Аңдар азайып барады» деп те күңіренеді. «Тәңірісі сұлулықтың марал деген...» деп, «Маралға аң ретінде қарағанымыздың салдарынан» азайып бара жатқанын айтып, маралдың сұлулықтың символы екенін сипаттайды.

Оралхан туындыларын сараптай отырып, жазушының «Құм мінезі» хикаятымен аттас очеркіне көзім түсті. Алыс аудандағы құм ішіндегі қойшыға барар жолда «Жаяу кетсем де құмды, сол құмның ортасында отырған қазақтарды көруім керек» деп Оралхан көлік таптырып, аттанып кетеді. Егінбай ақсақалдың мазасын тірлігін құммен сабақтастырып ғажап очерк жазады. Енді сол очеркі «Барханға» айналып отыр. Яғни, Оралхан ешқандай дүниені ойдан алмайды, оның кейіпкерлері маңайындағы адамдар. Ол осылай еңбек етуінің арқасында «Құм мінезіндей» тамаша туындыны өмірге әкелді.

Иә, Оралхан - ғажап тұлға, мен үшін теңдессіз жазушы. Оның көркем шығармаларының ерекшелігі сол – онда публицистикалық, журналистикалық сарын жатыр. Ол «Өлілер қайтып оралса, бұл жалғаннан жым-жырт, үн-түнсіз өтуді тірілерге үйретер ме еді, қайтер еді... Егер олар оралса дүниедегі сансыз сұмдықтың пердесі ашылып, біздер ұяттың отынан өртеніп кетер едік-ау. Амал қайсы олар ешқашан да, ешқашан да қайтып келмейді. Сондықтан да кеңірдегіміз жыртылғанша айқайлайық! Өйткені, айқайсыз дүние – тұл. Айқайлау дегеніміз - өмір сүру» дейді. Иә, өзі айтпақшы, ол енді қайтып оралмайды. Ең өкініштісі, жарына «Мен жазатын ұлы дүние әлі алда» деген екен. Кейде Оралханның «жазып кеткендері мынандай, жазбаған ұлы дүниесі қандай болды екен?» деп ойланамын. Әрине, ондай ұлы туындыдан айырылып қалғанымыз өкінішті.

"Өлгендер қайтып келмейді, бізге қалғаны айқайлау ғана..."

Бөлісу:

Көп оқылғандар