Асылбек Байтанұлы. Ахаң түзген терминдер
Бөлісу:
Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл ғылымы мен қазақ әдебиетануының дамуына тікелей атсалысып, екі ғылымның теориялық негізін қалаған ғалым, қайраткер тұлға. Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында күнделікті қолданыста жүрген әдеби терминдердің көбін Ахаң алғаш ойлап тауып, қолданысқа енгізгендігін өткен ғасырдың екінші жартысынан тәуелсіздікке дейін білім алғандардың көбі естіп-білмеген де болар. Өйткені, заман солай болды, тағдыр солай қалыптасты.
«Ахаң жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал, басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік...», - деп академик Зейнолла Қаболов айтпақшы, қазақ зиялыларын сүт бетіндегі қаймақтай сыпырғандай сталиндік зұлматтан кейінгі жылымық кезеңнің өзінде Ахаңа қатысты тоң жібімеген күйі тәуелсіздікке дейін жалғасқан екен.
Ахаңның 1926 жылы алғаш жарық көрген «Әдебиет танытқыш» еңбегі – қазақ әдебиеттану ғылымы, оның ішінде әдебиет теориясы саласындағы жарық көрген тұңғыш еңбек.
Қазақ әдебиет теориясының өлең құрылысына қатысты теримндерді алғаш Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырғаны тәуелсіздікке дейін айтылмай келгенін ескергеніміз жөн.
«Әдебиет танытқыштағы» Ахаң түзген пән сөздердің қазақша нұсқалары қазақ тілді қауым үшін ойға қонымды, өте сәтті енгізілгенін көреміз. Термин мәселесі – шынымен де оңай болып көрінгенімен аса күрделі...
Елбасының биылғы жылғы жолдауында айтылса айтылғандай, соңғы отыз жыл жүзінде термин жасауға әр ғылым саласының мамандары да маман еместері де белсене кірісіп, біраз жерге барып қалғаны рас қой. Былай алып қарағанда, өз алдына жеке тұрған сөзге, ұғымға балама табу онша қиын да емес. Бірақ бір-бірімен мағынасы жақын келетін, жүйелес, ұялас ұғымдарды өзара жіліктеп, айқындап, анықтама беру әлдеқайда қиын екенін сезінгендейміз. Қазіргі күні зертхана, сынып т.б. сөздердің терминдік қолданысына қатысты осы ойларды айтуға болады.
Ал әдеби терминдерді қалыптастыру дегеннің өзі тек сөз қолдануға ғана қатысты емес, әдебиеттану саласындағы отандық, шетелдік ғылыми ұғымдардың мағынасын індете отырып, олардың тұтас жүйесін нақтылау, топтау тәсілдерін жетілдіру десек, Ахаң осы тұрғыда қапысыз еңбек еткенін көреміз.
Ахаң ең бастысы – ана тіліміздің өз ішкі әлеуетін, мүмкіншілігін молынан пайдалану арқылы ғылыми термин жасуға болатынын дәлелдеді. Бұл – үлкен жетістік еді.
«Біз сияқты мәдениетке жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілімен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болады», - деген ұстанымнан айнымаған Ахаңның сара жолын кешегі буын қалай ұстанды, бүгінгі буын қандай деңгейде басшылыққа алып жүр? Ол өзге үлкен әңгіменің бағдары болуы тиіс.
Қазақ халқының бағына туған Ахаңдай терең білім иесі тұтас дәуірді тітіреткен дөкір күштің жазықсыз құрбаны болып кете барғанға дейінгі алаң-елеңдегі азғана мерзімде көп іс тындырып үлгерді.
Ахаң зұлмат құрбаны болып кеткеннен кейінгі кезеңде ол жасаған терминдердің көбі қолданыста болғанымен, нақты кімдікі екені еш айтылмай келген еді. Мысалы, теңеу, әсірелеу, тармақ, бунақ, шумақ т.б.
Дегенмен ақы иесі келмеске кетіп, есігі ашық қалған қазыналы иен үй секілді болған Ахаңның терминдерін бар мүмкіндігінше қолдануға деген батыл құлық, бірізділік болмаған тәрізді. Мысалы, Ахаңның өте айқын сөзбен «көріктеу» деп атап кеткен ұғымын біз троп деп жүрміз. Ал айқындауды эпитет деп алуда қандай ұтымдылық бар десеңізші? Кез келген тілде айтылған зат пен ұғым, құбылысқа қатысты түсінікті ассосиация болуы керек қой. Мысал үшін,осы «көріктеу» ұғымын алайық. Көрік (сұлулық) деген сөзді әркім-ақ біледі. Күнделікті қолданыста. Енді осы сөзден жасалған «көріктеу» терминінің мәні мен мағынасы сол тілді тұтынушыға белгілі ғой. Ал тропты қазақ ұғымына енгізу үшін біршама уақыт, күш-жігер жұмсалады. Сол сияқты, алтын күз, қызыл алма т.б. тіркестің алдыңғы сөзі Ахаңша айтқанда – айқындау. Расымен де «Қандай алма? – Қызыл алма. Түс анықталып тұр. Ахаңнан кейінгілер «айқындаудан» гөрі «эпитет» дұрыс деп шешсе керек. Сол сияқты Ахаңның ойлау жүйемізге сондай етене «ауыстыруы» метафора, «меңзеуі» синекдоха, «әсерлеуі» фигура делініп, төл ұғымдарымыздың орнына қолданылуын тіл шұбарлығынан өзге еш жетістік емес екені айқын.
Ахаңның тапқырлығына таң қалмасқа шара жоқ. Қазақ тілінің жаңа сөз, оның ішінде ғылыми термин жасау мүмкіндігін, әлеуетін қапысыз пайдаланған ғалым эпосты «әуезе», лириканы «толғау», драманы – «айтыс-тартыс» деп алады. Шынымен де ой жүгіртіп қарасаңыз, солай екеніне еш күмән жоқ.
Бұлардың әрбіреуін кіші жанрларға іктегенде де Ахаң ілкімділік танытады: заманхат, шежіре, мінездеме, өмірбаян, тарихи әңгіме, саясат шешен сөз, уағыз, көсем сөз деп көрсетеді. Бұл ұғымдарды тұңғыш рет енгізіп, осы сөздерді термин дәрежесіне көтеріп, дәл анықтап берген А.Байтұрсынов екенін айту – бүгінгі күннің тарихи әділеттілігі. Аталған терминдердің де қазақ әдебиет теориясында қазіргі күні қолданылып отырғандығы шамалы.
Сол баяғы орыс тіліндегі интернационалдық терминдерді сол қалпында айту қалпын сақтау деген сірескен сірі қағида. Сірілігі сондай, күні бүгінге дейін сеңі бұзылып, көні жібіген емес. Ахаң тұсында қолданыста болған, өзі қолданған зүмрет (изумруд), березі (бирюза) т.б. орфоэпиялық икемдеуден ұтпасақ, ұтылмайтын едік қой.
Әдебиеттану ғылымында орыс тілі арқылы келіп кірген терминдермен қатар, Ахаң негіздеген қазақша терминдерді кеңінен пайдаланудың үлкен мәні бар. Ол қазақ поэзиясына, сөз өнеріне, жалпы әдеби үдеріске тән ұлттық сипат-өзгешелігімізді танытатын етенелік. Кешегі кезеңде Ахаңның тағдыр жолына қатысты аңдап басушылық, бүркемелеушілік болды делік. Қазіргі күні барымызды бағалап, айналымға енгізбесек, ертең бәрі кеш болар деген қауіп те жоқ емес. Өйткені, қазіргі әдебиет пен тілді оқытудың мазмұны да, идеясы да, ауқымы да мүлде өзгеше болып бара жатқаны жасырын емес.
Сонау ХХ ғасырдың басында Ахаңның қалай қиыннан қиыстырып, оп оңай жол тапқанына «Әдебиет танытқыш» еңбегіндегі терминдік жаңашылдықтарғы тоқталу арқылы көз жеткіземіз.
Аңдату яғни кіріспе бөлімінде барлық нәрселерді жаратынды нәрсе және жасалынды нәрсе деп атайды. Табиғат ісінен жасалған жаратынды нәрсенің бәрін табиғат дүниесі, ал адам жасаған нәрселерді өнер дүниесі деп анықтама берген Ахаң табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрселердің барлығын табиғат дүниесі, ал адам ісінен шыққан жаратындының бәрін өнер дүниесі деп атау арқылы өнердің анықтамасын шебер түсіндіре отырып, жіліктейді. Яғни, Ахаң өнердің өзі күн көріс, тіршілік ету үшін және рухани азық үшін жасалатын өнер дей отырып, алдыңғысын жан сақтау тұрғысындағы өнер десе, кейінгісін жан қоштау үшін тудыратын өнер дейді. Демек, «көңіл қошы», «жан қошы» деген ұғымдардың қайда жатқаны айқын бола түспей ме? Ахаң да біздің ойлау жүйемізде, қолданысымызда бар осындай түсініктер мен оралымдарды оп-оңай қиыстырып әкеліп, термин жасап отырған. Ахаң өнер туралы анықтамасын нақтылай, дамыта отырып жан сақтау үшін жұмсалатын өнерді тірнек өнері десе, жан қоштау үшін жұмсалатын өнерді көрнек өнері деп атайды. Қандай түсінікті екенін бағамдай беріңіз. Ойыңызға «тірнектеп тірлік жасау», «тірнектеп дәулет жию» ұғымдары оралары сөзсіз.
Ахаң көрнек өнерінің өзімізге белгілі архитектура, скульптура, живопись, музыка, литератураның әрқайсысына сәулет өнері, сымбат өнері, кескін өнері, саз өнері, сөз өнері деп атау бере отырып, олардың ерекшелігін түсінікті де ықшам баяндайды.
Сөз өнері – осы өнердің ең алды дей отырып, Ахаң сөз өнері адам санасының үш негізіне 1) ақылға; 2) қиялға; 3) көңілге тірелетінін түсіндіре отырып олардың дәлелдемесі ретінде мынаны ұсынады: Ақыл ісі – аңдау яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау. Қиял ісі – меңзеу яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау. Көңіл ісі – түю, талғау.
Ахаңның қазақ әдебиеттануына қосқан үлесін айтып жеткізу мүмкін емес. Ахаң қосқан кейбір терминдерді төменде келтірелік: Көсем сөз – публицистика, сөз өнері - әдебиет, Ұзақ әңгіме – повесть, ділмар сөз – афоризм, алмастыру – метонимия, Әуезе – эпос, меңзеу – синекдоха, ұлы әңгіме – роман, аттас сөз – омоним, ауыстыру – метафора. Әрине, барлығын бірдей қолданысқа кеңінен енгізуге бола да бермес. Кейбір терминдерде шұбалаңқылық байқалатыны рас. Өзіне дейін үлгі алып, бағыт түзейтін ешбір нәрсе болмағанын ескерсек, бұл әрине – кешірімді.
Ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың ұлттық тіліміздің ішкі мүмкіндігін пайдалана отырып жасаған терминдері екі ғасыр бойы қазақ халқының әлденеше буын білімгерлерінің кәдесіне жарап келе жатыр. Ахаңның терминжасам әлеміне бойлаған ізденуші, зерттеушілер тіліміздің оралымдылығын, байлығын танытарлықтай не түрлі ғажайыптарға тап болары анық.
Асылбек Байтанұлы
Бөлісу: