Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Қазақ поэзиясының тарланы Темірхан Медетбек өмірде...

10.05.2025 870

Қазақ поэзиясының тарланы Темірхан Медетбек өмірден озды 12+

Қазақ поэзиясының тарланы Темірхан Медетбек өмірден озды - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған көрнекті ақын, сыншы, қоғам қайраткері Темірхан Медетбек 2025 жылдың 10 мамырында  өмірден озды. Бұл – қазақ руханияты үшін орны толмас қайғы, қабырғамызды қайыстырған ауыр қаза.

Темірхан Медетбек 1945 жылы 6 наурызда Түркістан облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының (қазіргі ҚазҰПУ) филология факультетін тәмамдаған соң, 1968 жылдан бастап еліміздің радио-телевизия саласында, баспасөз бен шығармашылық ұйымдарда жемісті еңбек етті. Қазақстан Жазушылар одағында екінші хатшы, кейін «Ақиқат» республикалық журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Темірхан Медетбек — қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі. Оның алғашқы жыр жинағы «Жанымның жас құрағы» деген атпен 1970 жылы жарық көріп, оқырман қауым мен сыншылардың ыстық ықыласына ие болды. Ақынның оннан астам поэзиялық жинақтары — ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына қосылған құнды мұралар.

Ол тек лирикалық өлеңдермен шектеліп қалмай, терең таным мен биік парасатты қажет ететін әдеби-сын саласында да елеулі еңбектер қалдырды. «Абай әлемі» (1995) мен «Баба дәстүрдің мұрагері кім» (2001) атты зерттеулерінде қазақ поэзиясының тамырын тереңнен тартып, оның поэтикалық болмысы мен рухани сабақтастығын зерделеді.

Темірхан Медетбек – көне түркі поэзиясының сарқылмас қазынасынан нәр алған, соны ұлттық рухпен ұштастыра білген қайталанбас ақын. Оның «Көк түріктер сарыны» (2002) жинағында ежелгі түркілік өр рух пен бүгінгі заман келбеті тоғысып, тұтас бір дәуірдің үні, ел тағдырының үзігі бейнеленді.

Темірхан Медетбек – тек сөз шебері ғана емес, тұтас бір буынның рухани көшбасшысы болды. Ол өз поэзиясы арқылы ұлт болмысын, ел тағдырын жырлап, ойлы ұрпақ тәрбиелеуге сүбелі үлес қосты.

Марқұмның жарқын бейнесі, рухани мұрасы қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады.

Жатқан жеріңіз жайлы, жарық дүниеде қалдырған ізіңіз мәңгі болсын!

Қош болыңыз, қазақ поэзиясының Темірхан тағдыры!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар