Баққожа Мұқай қалай жазды?
Бөлісу:
Француздың атақты жазушысы Бальзак Александр Дюмаға: Бір түнгі қызық бізге қанша шығынға түсетінін мен дәл есептеп шығардым. Тура жарты том. Мұқият тыңда, жігітім, жарық дүниенің жыл бойғы қызығының өзі екі томға татымайды, – деген екен. Алып дүниенің жыл бойғы қызығын екі том шығармаға теңгермейтін бұл қауым – жазушылар. Сырттай қарасаң түн ұйқысын қиып, мазасыз күндер мен күлкісіз түндерді жамап алып жүрген олардың кәсібінен қиын ештеңе жоқ сияқты көрінеді. Өзіңді сонша азапқа салудың қажеті бар ма деп ойлайсың. Бірақ жазудың шын ләззатын жазған адам ғана білер. Ал біздердікі сырттай бақылау, шығармаларын оқып сүйсіну, рухани азық алу ғана. Оқырманды жазушының қалай жазғаны туралы деректер де қызықтырары сөзсіз. Осыны ескере отырып, порталымызда «Шеберхана» атты айдар аштық.
Алғашқы кейіпкеріміз – белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Баққожа Мұқаи. Жазушының көзі тірі болса, бүгін 70-ке толар еді.
Жазуға бала күнінен құштар Баққожа
Баққожа Мұқаи – қазақ прозасына ерекше екпінімен, еркін ойымен келген жазушы. «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары мен «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім» секілді кітаптарын оқырман қауым да, қаламгерлер қатары да жылы қабылдап, бірден мойындалған жазушы.
Баққожаның жазушылық ғұмырға дайындығы бала кезінен басталған. Ақынжандылық пен өнер-білім, әдебиетке құштарлық суырып салып өлең шығаратын бабасы Мұқа қариядан берілсе керек. Колхоз бастығы болған әкесі Сейдіннің де әдебиетке деген ықыласы өзгеше болыпты. Өзі сонау 1935 жылдары Комвузда ақын Әбу Сәрсенбаевпен бірге білім алғанын мақтанып айтады екен. Тіпті проза жазсам деген ниеті де болған көрінеді. Алайда шаруабастылықпен оған мойны жар бермеген. Есесіне балаларын әдебиетке құштар етіп тәрбиеледі. Бұл туралы жазушының немере ағасы, филология ғылымдарының докторы Телқожа Жанұзақ былай деп еске алады: «Баққожаның айтулы жазушы, ақиық азамат болып шығуына әкесінің ықпалы мен ақыл-кеңесі ерекше болды. Өзі оқып шыққан әдебиеттерді бәрімізге, әсіресе Баққожаға, басқа да балаларына оқытатын. Абайдың өлеңдерін, Ілияс Жансүгіровтың «Жетісу суреттерін», «Қарқара» атты өлеңдерін, Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» дастанын жатқа айтып отырушы еді».
Нарынқолдан Алматыға аттанарда. 1965 жыл
Баққожа Мұқаи мектепте жүргенде-ақ жазушылықты таңдайтынын анық білген секілді. Кішкентайынан өлең ғана емес, әңгіме де жазып жүріпті (әдетте жазушылардың көпшілігі мектепте «ақын» болады ғой). Туған інісі Ақылжан Сейдінұлы айтады: «Сол бала кезінің өзінде түнімен отырып оқитын әрі жазатын. Бәкең жазушылық творчестволық еңбектің көп оқу, ізденумен келетінін ерте түсінді. Кітапханаға жазылып кітап оқуды, газет-журналдарды жібермей қарауды біз Баққожадан үйрендік. Бала кезім, 3-4 сыныпта оқимын. «Жұлдыз» журналына Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» деген романынан үзінділер беріліп тұрды. Міндетті түрде, бірінші болып Баққожа оқиды, сонан соң Бақытжан екеумізге кезек тиетін». Және оқушы Баққожаның жазғандары аудандық, облыстық газеттерге, «Қазақстан пионеріне» тұрақты жарияланып тұрады. Осы ықыластың арқасында мектеп бітіре сала өзінің әдебиеттен сабақ берген ұстазы Әлнұр Мейірбекұлы редакторлық ететін аудандық «Советтік шекара» газетіне жұмысқа тұрады. Мектепті жаңа бітірген жас тілшінің аяқ алысы редакциядағыларды да елең еткізсе керек. Тіпті КазГУ-дың журфагына барғысы келетінін айтқанда «сырттай оқып алсаң да болады ғой», деп жібергілері келмепті. Алайда «Әке – балаға сыншы» дегендей, ұлының аяқ алысын байқаған Сейдін қария Баққожаға «оқуға бар» деп табандап тұрып алады. Ақыры КазГУ-дың журналистика факультетіне тапсырып, алғашқы сынақтан соң-ақ оқуға қабылданады.
"Білім және еңбек" журналындағы алғашқы айларда. 1970 жыл
«Жалғыз жаяудың» прототипі кім?
Кіл мықтының ортасына түскен жазушы жұтылып кеткен жоқ. Өндіріп жазды. Бұл кезең туралы кезінде газетте редакторы болған Әлнұр Мейірбекұлы: «Баққожа журналистика факультетінің алғашқы курсында оқып жүргенде «Лениншіл жас» газетіне оның «Жаңбыр жауып тұр» деген шағын новелласы шықты. Сүйсініп оқыдым. Көз алдыңа адамдар арасындағы бір сәттік сыйластыққа байланысты сурет келеді. Қала... Ауыл баласы... Адамдар арасындағы біз күнде көріп жүрсек те байқай бермейтін пендеуи қимыл-әрекет, қиғаш мінез-құлық, бәрі бар. Таңғалдым. Қаламының төселе бастағанына қуандым. Міне, содан бастап ол көп дүниелер жазды. Өндіріп жазды және жақсы жазды», – деп еске алады.
Баққожаның жазғаны ғана емес, таңдаған тақырыптары да мөлдіреп тұратын. «Жаңбыр жауып тұр», «Дауыл ұлып тұр», «Өмірзая»... Оның сөз қолданысының да аясы кең, тілі де бай, шұрайлы болатын. Филолог Телқожа Жанұзақовтың оның шығармаларында сирек кездесетін сөздер мен қазіргі қолданыста жоқ көне сөздерді жеке карточкаға жазып алып, Тіл институтының картотекалық қорына тапсырғаны да тегіннен-тегін болмаса керек. Ендігі жерде «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» 15 томдығын жасаушы ғалымдар Баққожа Мұқаи шығармаларын да пайдаланып жатқан көрінеді.
Одақтағы мерекелік шаралардың біріндегі көрініс. 90-жылдардың басы
«Жалғыз жаяу» – жазушының атын шығарған тұңғыш романы. Туындыны оқыған жан өткен ғасыр басындағы аласапыран нәубет, қорғансыз қазақ ауылдары мен ақ-қызыл шайқасын көз алдынан өткізіп, қауымынан бөлінген Айбектің тағдырына қабырғасы қайысады. Кеңестік кезеңнің халыққа төндірген кесапатын арқау еткен бұл шығармада, ең бастысы, рухтың азаттығы бар еді.
Енді осы «Жалғыз жаяудың прототипі кім?» дегенге келсек. Жазушы көбіне өзі көрген, бойына сіңірген оқиғаларды жазатыны белгілі. Баққожа Мұқаидың кейіпкерлері де көбіне айналасындағы адамдар. Бірақ «Жалғыз жаяудың» жөні бөлек. Ағасы Телқожа «Жалғыз жаяу» романының негізгі сюжетінің өзіне бала күннен таныс екенін айтады. Өйткені романның негізгі кейіпкері мерген – өмірдегі Мергенбай туралы ел аузындағы аңызға пара-пар әңгімелерді естіп, біліп өскен. Ағасы естіген дүниені Баққожаның да естігені белгілі. Кейін қалам ұстап, әдебиет әлеміне келгенде негізгі кейіпкер ретінде баяғы ауылында ақсақалдар аңыз ғып айтатын «Мергенбай бандыны» таңдап алған. 1932 жылы ел адамдарының Қытайға қашуымен байланысты өрбіген Кеңес үкіметінің қысымын жан-жақты суреттеп, өмір шындығын ашық беруді ойлаған жазушы романының сәтті шығатынына сенген. Жазушы түйсігі алдамапты. «Жалғыз жаяуды» әдеби орта жылы қабылдады. Жазушы Әкім Тарази бұл туындыны бірден ұнатқаны айтады: «Баққожаның ағасы Тельман Жанұзақов: «Мына баланы оқып көрші» – деп кезінде бір кітап ұсынған. Бала дегені Баққожа екен. Мұқабасына «Жалғыз жаяу» деп жазылған бір сөзі бар кітапты оқыдым. Қатты ұнаттым. «Казахстанская правда» газетіне құлшына қуанып, мақала жаздым. Әлгі бала жайраңдап күліп келетін шығар, алғыс айтатын шығар деп ойлағам. Бірақ ол көрінбеді. Күндердің бір күнінде Жазушылар одағында екеуміз ұшырасып қалдық. Ағалық жолмен бас салдым. «Әй, бала, сен неғып қашып жүрсің?» Баққожа ұялып төмен қарады. «Қашып жүрген жоқпын. Маңайыңызға баруға сескеніп жүрмін! Өзіме-өзім сенбей жүрмін! Мен кім едім сонша деп... Сіз мақтайтындай деп...»
Бұл да жазушының кішіпейілдігі, қарапайымдығы болса керек.
Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтың кабинетінде. 1999 жыл
Пьесалары сахнадан түспеген драматург
Қарапайымдықтан шығады, Баққожа Мұқаи – шебер жазушы ғана емес, пьесалары сахнадан түспеген мықты драматург та. «Сергелдең болған серілер», «Дүние кезек», «Тойы көп үй», «Өмірзая», «Ерулік», «Раушан гүлі» секілді пьесалары еліміздің талай театрларында қойылды, әлі де қойылып жүр. Замандастары оның пьесалары сахналанып, кітаптары бұрқырап шығып жатқанына қарамастан қарапайым болғанын айтады. Досы Әшірбек Сығайдың мына сөздері соның айғағы: «Жалпы, Баққожа Мұқаи – өзге ұлт театрлары сахнасында өте көп қойылған драматург. Татар, башқұрт, түркімен, өзбек, қарақалпақ, тәжік, қырғыз артистерінің орындауында оның талай пьесасы сахна көрді. Бірақ ол әлдекімдер сияқты бір пьесасы бір жерде қойыла қалса, жарты әлемге жар салып, өзін жарнамалай жөнелуге мүлдем сараң еді. Өзі туралы айта беруді жаны қаламайтын. «Ол пьесамды түркімендердің қайдан алғандарын білмеймін, әйтеуір қойылғанын бірақ естідім», – деп жайбарақат отыра беруші еді».
Баққожа Мұқаи туындыларының сәтті шығуының құпиясы, оның өзі білетін, алып шығатынына сенетін тақырыптарға ғана барғанында болса керек. Семейлік журналист досы Дәулет Сейсенұлы: «Шәкәрім қажы туралы пьеса жазсаң, оған қажетті деректермен өзім қамтамасыз етемін», – деп қолқалағанда драматург: «Дәулет, Шыңғыстаудың ауасымен жас күнімнен тыныстамаған соң маған бұл тақырып қиынға түседі, – деді ол. – Оны айтасың, Райымбек батыр туралы пьеса жазуға жүрегім дауаламады ғой», – деп жауап берген көрінеді.
Ал егер жаза қалса, қарсы пікір айтқандарға шығармаларын жанын салып қорғап шығады екен. Кейде бөлесі Әужан Сақабековке сиясы кеппеген туындыларын ұсынып, пікір сұрағанда ол: «Мына жерлерің шындыққа онша жанаспайды, тым әсірелеп жібергенсің», – десе, шыр-пыр болып кейіпкерлерін қорғап жүретін көрінеді.
Баққожа Мұқаи негізінен түнде жазған. Бала кезінен қалыптасқан дағдысы болса керек. Баққожаға көрші тұрған жазушы Бекен Ыбырайым кейде ішкісі келгенде оның үйіне баратынын, өзі «жөндеп» ішпегендіктен, оның үйінде ішімдіктің міндетті түрде болатынын айта келіп: «Шам жанып тұрғанын көріп, амандасайын деп келіп тұрмын, Бәке!» деймін. Ол жымиып, сәлемімді алып, ас бөлмеге бастайды. Өзі кейде ғана ұрттайды. Талайға дейін отырамыз. Еш уақытта «енді қайтсайшы, болды, бара ғой» деп айтқан емес», – деп еске алады. Таңға дейін талмай отырып жазатын қайратына таңырқайтынын да жеткізеді.
Президент Н.Назарбаев, Қазақстанның Халық жазушысы М.Мағауин және "Парасат" журналының бас редакторы Б.Мұқаи Елбасы резиденциясында. 2000 жыл, мамыр
«Өмірзая» – біздің өткеніміз
«Өмірзая» – Баққожа Мұқаидың ұзақ толғаныспен жазған романы. Жазушыға Мемлекеттік сыйлық әкелген роман.
Тәуелсіздік келіп, қаламына да азаттық келген қазақ жазушылары туындылары арқылы өткеніне оң баға бере бастағанда Баққожа Мұқаидың «Өмірзаясы» осы қатарда оқ бойы озық тұрды. «Өмірзаяға» Халық жазушысы Мұхтар Мағауин: «Танымал жазушы Баққожа Мұқаидың «Өмірзая» романы осы құлдық сана, рухтың жаншылуы турасында. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа серпін, соны құбылыс дер едік. Әдетте, жадағай сын әлдебір шығарманы көтергісі келсе, қызғылықты, жеңіл оқылады, тартып әкетеді деп көрсетеді. Баққожа романының тартып әкететіні рас. Бірақ өте ауыр оқылады. Мен тура бір аптада әрең бітірдім. Бүге-шігесін қадағалап, айшық, бедеріне ден қойғаннан ғана емес. Баққожа сыпаттап отырған өмірдің зіл-батпан ауыр салмағынан. Сол өмірдің нақпа-нақ, шынайы қалыпта таңбалануынан. Қандай өмір десеңіз – советтік шындық дер едім», – деп баға берсе, жазушы Герольд Бельгер: «Соңғы жылдары мен оқыған қазақ романдарының ішінде ең алдымен маған ой салып, жүрегімді тебіренткен Баққожа Мұқаидың «Өмірзаясын» атар едім. Бұл роман көш құлаш мақала жазуға негіз бола алады. Бірер ауыз сөзбен қысқа қайырсақ, бұл – тынысы кең, идеялық жүгі ауыр, шым-шытырық оқиғаға құрылған, болмыс-бітімі жан-жақты, заман ағысын, ұлттық тарихтың жауапты кезеңін терең бажайлап, баяндайтын, кім-кімді де ойсыз қалдырмайтын сүбелі, соны туынды», – дейді.
Автор «Өмірзаяға» үлкен дайындықпен келген секілді. Ол «Өмірзая» арқылы халқының бір ғасырлық қасірет-мұңын көрсеткісі келді.
Ақын Шөмішбай Сариев, жазушы Баққожа Мұқай
«Өмірзая» маған талай аласапыраннан өтіп, ардақтыларынан айырылған халықтың кеудесіне тығылған өксіктің сыртқа шығуы сияқты елестейді кейде. Енді бірде бас кейіпкер, тарих ғылымының кандидаты Аяғанның прототипі Кенесерыны жазамын деп 25 жыл арқалап, Сібірге айдалып кеткен аяулы тарихшымыз Ермұхан Бекмаханов секілді көрінеді. Өйткені, екеуі де тарихшы, екеуі де тарих беттеріне Кенесарының атын жазамыз деп аласұрды, сол үшін таяқ жеді, түрмеге отырды.
Бірақ белгілі сыншы Әмірхан Меңдеке Аяғанның тұлғасынан Алаш зиялыларының прототипін көреді: «Егер Аяған өзгелер сияқты өктем күштің алдында жалынып-жалпайым кешірім сұрағанда, бәлкім, тірі де қалар ма еді. Бірақ, Аяған кешірім сұрамайды. «Өз зиялыларына қырғидай тиген өкіметтен еш уақытта кешірім сұрамаймын!» Бұл – Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі. Ақтық сөзі. 1932 жылы атылар алдында айтқан сөзі. «Өмірзаядағы» Аяған Қуатұлы мен Жүсіпбек Аймауытовтың тірлігінен ұқсастық табасыз, ұқсастық табасыз да шүкіршілік етесіз. Өз басым Баққожа Мұқаидың «Өмірзая» романын мәдениетті прозаға жатқызар едім. Оқырман қауымның мәдени өресінің биіктеуі мен мемлекеттік сананың (Дж.Неру) жетілуіне зор ықпал ететін мұндай үздік туындыны халық ұмытпайды», – дейді. Әмірхан Меңдекенің бұл пікірінде де ақиқат бар. «Өмірзаядағы» бас кейіпкер Аяған Қуатұлының прототипі бір адам ғана емес. Ол – қылышынан қан тамған Кеңес саясатының құрбанына айналған барлық боздақтарымыздың жиынтық образы. Сондықтан «Өмірзаяның» кейіпкерлерін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ол – біздің өткеніміз. Мүмкін, «Өмірзая» қасірет пен қайғыға толы трагедиялық роман шығар. Бірақ, Жақыпжан Нұрғожаевтың тілімен айтсақ. «Өмірзая» – Кеңес қоғамының күйреуі емес пе? Роман соңында мен Аяғанның трагедиялық өліміне бір мұңайсам, бір қуандым. Өйткені кітап тәуелсіздіктің жақын қалғанын сүйіншілеп тұр еді... Ал тәуелсіздік – ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың ешбірінің өмірінің зая кетпегенінің көрінісі болатын.
«Халық болашағы үшін құрбан болғандар үшін бәрібір кітап жазамын» деген Аяған кейіпкерінің сөзі Баққожа Мұқаидың өзіне берген уәдесіндей.
Кіші қызы Маржанмен (соңғы суреттерінің бірі). 2007 жыл, қараша
Жазушы өмірден өтерінен 3-4 күн бұрын досы Жақау Дәуренбековке автограф жазып, кітабын дайындап қойыпты. Онда: «Қадірлі Жәке! Өмір өтті. Өмір қалды. Қалған өмір сендер үшін бақытты, күлкіге, шаттыққа толы болсын», – деп жазыпты. «Өмір қалды» деген сөз ажалдың жақын қалғанын анық сезген жанның ғана аузынан шығар қандай ауыр сөз еді! Ал жұбайы Нұржамал апай «Өмірзаяны» жазған жазушының соңғы сөзі: «Е-е-е! Өтті дүние, бәрі біткен екен...» болды дейді.
Өмір сүргісі келді дейді...
Бөлісу: