Мифтанудағы лингвистикалық тәсіл ұстанымдары

Бөлісу:

19.02.2018 14240

Миф – ақиқаттың бастау алар нүктесі және ақиқатты тануға деген адамзат санасының алғашқы талпынысы. Миф туралы зерттеп, зерделеген ғалымдардың тұжырымдарында бұл пікір айқын көрініс табады. Біз мифке таңылатын құрғақ қиял, қарабайырлық, қисынсыздық деген пікірлерді ысыра тұрып, ең әуелі мифтің руханият дүниесіндегі маңызды орнын танытуға қол жеткізуіміз қажет.

Адамзат өркениетінде ерекше орын алатын, бағзы дәуірдің даңқты қаласы, мифтік баяндарда Троя сұрапылынан жебеушілерінің көмегімен аман шыққан Энейдің пешенесіне жазылған – жаңа қаланың іргетасын көтеру болса, оның ұрпақтары Ромул мен Рем бір-бірімен қырқыса жүріп, нәтижесінде Ромулдың қажырлылығы мен ерекше жатратылысының арқасында асқақтай бой көтерген Рим қаласы туралы миф өз алдын бір төбе, сол қала туралы айтылатын «Барлық жол Римге апарады» деген қанатты қағиданың да орны бөлек. Мифтің өзі туындатқан бұл сөзді әлемдік руханиятқа, күллі өнер туындыларына көз сала отырып «Барлығы мифтен бастау алады» деп ауыстыра пайдаланса да болады. Румындық мифолог Мирча Элиаде айтқандай, «мифтің кейіпкерлері ғажайып, тылсым болмысты, олар әпсаналық дәуірде «барлық бастаудың бастауы ретінде» әрекет ететіні белгілі. Миф өз қаһармандарының жасампаздық бастауын паш етеді және әрекет-қызметтерінің сакральдылығын танытады» [1, б. 19].

Миф – тарихи сананың бір формасы, ежелгі дүниетаным. Оның әмбебап анықтамасы бұл екеуімен де шектелмейді. Өз бойына киелілікті, тылсым сипаттарды, тұспал мен ишараны жинақтаған мифтік баяндардың ерінбей біртіндеп «аршып алатын» қаншама қабаттары бар. Сол қабаттардың барлығы «аршылғанда» оның астарына жасырылған ақиқат айқара ашылмақ.

Итальян философы Джамбаттиста Виконың көзқарасы бойынша миф – біздің арғы бабаларымыз бастан кешкен, шынайы оқиғаларды ерекше пішінде сақтап қалған тарихи жәдігер. Онда халықтың мінезі, болмысы, дүниені тануы және сезінуі бейнеленген. Осыдан келіп тарихты танып-білуді кез келген мәдениеттің қайнар көзі болып табылатын мифтен бастаудың қажеттілігі туындайды. Виконың атақты еңбегі – «Ұлттың жалпы табиғаты туралы жаңа ғылым негіздері» (основание новой науки об общей природе наций, 1725) еңбегі. Бұл еңбектені миф туралы ой-тұжырымдар мәдениеттанушы ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырды. Вико мифті мәдениет феномені ретінде түсіндіре отырып, миф «кез келген шынайы мәдениеттің негізі» деп танып [2, б. 56], оны «ежелгі адамның еріктен тыс образды ойлауының өнімі» [2, б. 51] түрінде қарастырады. Мәдени-тарихи үдерісті үш кезеңге жіктеген Вико (Құдайлар дәуірі, Батырлар дәуірі, Адамдар дәуірі) адамзат тарихының алғашқы сатысындағы Құдайлар дәуірінің көрінісі ретінде мифті алғашқы болып ғылыми талдау нысанына алған зерттеуші. Виконың пайымында ежелгі адамның образды түрде берілетін дүниетанымы ретіндегі миф барлық мәдениеттің бастауы, сондай-ақ тілдің пайда болуының негізі.

Философияның, фольклордың, мәдениеттанудың, линвистиканың пәні болатын мифті фольклордағы дербес жанр түрінде де қарастырудың мәні зор. Миф – фольклордың бастауы әрі сол фольклормен бірге жасасқан халықтық проза жанры ретінде фольклортану ғылымы аспектісінде қарастырылса, әдеби-көркем туындылардың мифотектоникасын анықтау, мифопоэтикалық мәселелер әдебиеттану ғылымының тұрақты нысанына айналды деуге болады.

Миф діннің қарабайыр түрі немесе көркем-поэтикалық шығармашылық, болмаса дамымаған сана, ежелгі ойлаудың өнімі деген философиялық пайымдауларды ХІХ ғасырда романтиктер жаңа көзқараспен толықтырды. Бұл – мифтің мәнін оның тілмен ажырағысыз байланысымен анықтайтын лингвистикалық тәсіл еді. Миф пен тіл байланысының түрлі анықтамалармен түсіндірілгенін де айта кету керек. Ф.Шеллинг миф пен тіл байланысының дүниетанымдық жағын негіздей отырып, тілге қатысты мифтің анықтаушылық роліне басымырақ назар аударды. Оның айтуынша, тіл мифологияның «жаңғырығы» [3, б. 52]. Мифті зерттеудегі салыстырмалы тәсілдің кейінгі талдауларында, керісінше, тілдік құрылымды алғашқы, ал, мифологияны қайталаушы деп таныту орын алды. Мифтің лингвистикалық теориясын қалыптастырған, Шеллингтің шәкірті М.Мюллердің бұл тұжырымы әдебиеттану мен лингвистикаға ортақ салыстырмалы-тарихи әдістің дамуындағы бір негіз болды. Миф тілге қатысты алғанда, қайталаушылық сипатта, тіл өзінің тарихи дамуында мифті тудыратын басты фактор болып табылады делінетін лингвистикалық теория көптеген салмақты зерттеулердің өзегіне айналды. Зерттеушілер атап көрсеткендей, лингвистикалық теория бойынша миф адамзат ақыл-ойының дамымағандығын, жұтаңдығын, қауқарсыздығын емес, керісінше, сананың қуаты мен «халық рухының» ұлылығын паш ететін тілден, сөйлеуден туындаған ерекше құбылыс ретінде түсіндірілді [4, б. 37]. «Мифология –басқа ештеңе де емес, тілдің ежелгі қабыршағы» [5, б. 67] деп түйген Мюллер мифология мен тілдің туыстығын екеуіне де тән метафоралық сипатпен байланыстырады. Біз де өз тарапымыздан миф пен тілді «бір атаның балалары» деп қисындасақ ары арай олардың әрқайсысының үлкендігі мен кішілігін анықтау міндеті туындайды. Танымдық тұңғыш Шеллинг айтқандай, миф пе, әлде Мюллер пайымдағандай тіл ме?

Миф пен тілдің байланысы туралы мәселемен көптеген мифолог, лингвист, философ ғалымдар айналысты дедік. Олардың бәрі нақты, салмақты тұжырымдарғын ұсынды. Мысалы, жоғарыда өзіміз айтып өткен Мюллер миф – «тілдің дерті» әрі сөздің бастапқы мағынасы деп білсе, Э.Кассиердің айтуынша, мифтік ойлаудың жалпы құрылымы алғашқы тілдік санамен ұқсас, олардың байланысы генетикалық тұрғыда, тілдік көріністер мен дыбыстық үйлесімдер мифтік образдармен бір мезгілде, жарыса туындаған. Демек тіл мен миф егіз, оларды туындатқан алғашқы қауымдық стихия [6, б. 29]. Кассиер осылайша тіл=миф теңдігін ұсынады. А.Потебня болса поэтикалық қызмет – тілдік әрекеттің тікелей жалғасы және аналогы, ал, мифологиялық сана – поэтикалық сана дамуының ерекше түрі әрі кезеңі деп түсіндіреді. Бұл ғалымның пікірі бойынша, миф – тілдік құбылыс, ол сөзден туады және сөз арқылы өмір сүреді. Сондықтан мифті сөзден бөліп қарау мүмкін емес [7, б. 21]. Яғни бұл ғалым тілді мифтен бұрын пайда болған құбылыс деп біледі.

Мифті зерттеген ғалымдардың көзқарастарын жүйелей келгенде екі бағыт айқындалады. Олар: мифтің лингвистикалық құрылымына негізделген этимологиялық және мазмұны ұқсас мифтерді салыстыруды нысан еткен аналогиялық бағыт. Этимологиялық бағыттың өзегіндегі лингвистикалық теорияның негізгі ұстанымдарын М.Мюллердің мифті тілдің «жанды нүктесі» деп түйген және салыстырмалы талдау принциптерін негіздеген пікір-тұжырымдарынан көруге болады. Мюллер мифтің қайнар көзін тіл тарихынан іздейді. Сөйтіп тілге тарихи дамушы жүйе ретінде қарау керектігін ұсынады. «Адамның сөйлеу тілінде, ежелгі діндер сөздігі тек метафоралардан тұратынын назарға алсақ, абстрактылы ұғымдарды метафора мен гиперболаның көмегінсіз жеткізу мүмкін емес еді. Ал, жаңа әлемде бұл метафоралар ұмыт болды», – деп жазады Мюллер [8, б. 29]. Мұндай жағдайда мифологиялық «құдайлар» – ойлап тапқан жандардың өздеріне де тосын бейнелі-поэтикалық нысандардың кейіптелуінің нәтижесі болмақ. Миф, бұл жерде архаикалық сананың барынша қызу эмоцияға толы айрықша қалпының емес, керісінше, эмоционалды-аффективті «қысымның» барынша «төмендеуінің» көрінісі.

М.Мюллер, сондай-ақ, миф поэтикалық метафора ретінде ежелгі тіл лексикасының кедейлігінен туындайды дегенді де айтады. Өйткені ежелгі адам жеткілікті сөз қоры болмағандықтан түрлі заттар мен әсерлерді жеткізу үшін бір теминді, бір сөзді пайдалауға мәжбүр болады.

Сонымен, байырғы мифология тілдің тарихи дамуының заңдылығы деп пайымдаған лингвистикалық теория ұстанымы бойынша, дерексіз абстрактылы түсініктердің нақты белгілер арқылы көрінуін метфоралар негізінде түсіндіруге болады. Яғни ежелгі адам метафоралы, басқаша айтқанда, поэтикалық тұрғыда ойлаған. Бұл кезеңде мифология әлі бола қойған жоқ. Бірақ, ары қарай, метафораның алғашқы мағынасы жоғалған кезде оны түсіндіру үшін білім керек болды. Сөйтіп, алғашқы дәуірдегі метафоралық-бейнелі ойлау кейіннен мифологиялық ойлауға айналды. Адамзат санасына тән метафоралық, поэтикалық сипат қалай болғанда да мифологияның алдына шығады. Мифтің лингвистикалық теориясының бірқатары оны (мифті) дамудың, прогресстің негіздемесі емес, керісінше, «ежелгі дүниенің зәһары», «тілдің, сонымен бірге ойдың дерті» ретінде адамзат рухының, санасының «тоқырауы» деп бағамдайды. Бұл жерде біз мифке деген көзқарас пен қатынастың басқа тәсілдеріне де назар аударуымыз керек сияқты. Мюллер негіздеген линвистикалық теория ұстанымдарын толығымен терістей алмаймыз, алайда, миф – мәдениет атаулының қайнар көзі ретінде өнер туындыларының құрылымында маңызды орынға ие екендігін, жаңа шығармаларға «материал» бола алатынын естен шығармауымыз керек. Мифтік мотивтер түрлі дәрежеде көркемдік-эстетикалық міндетті арқалаған маңызды компонент ретінде әдеби аспектідегі зерттеулердің нысанына айналды. Фольклорлық туындылардың тілінде, стилінде және кейіпкерлер болмысында «өмір сүруін» жалғастырған миф, Е.М.Мелетинскийдің сөзімен айтсақ, «терең өмірлік дүниетанымның поэзиясы» [9, б. 32] болғандықтан түрлі пішінде мәдениетте және өнерде өз «ғұмырын» жалғастырып келеді. Бұл жерде А.Потебняның мифті «әуелгі ауызша шығармалшылық» деп танып, «мифологиялық ойлау кезеңіндегі екі пайымдау (бейне мен мағына) поэтикалық кезеңге қарағанда бір-біріне барынша ұқсас. Олардың өзара ажырауы мифтен поэзияған, поэзиядан проза мен ғылымға әкеледі» деген тұжырымын келтірген орынды [7, б. 259]. Потебняның филологиялық зерттеулерінің өзегі – тіл мен ойлаудың байланысы болса, бұлардың арасындағы байланысты қарастырудаға ұстанымы неміс филологы, әлемдік ғылымдағы ірі лингвистик-теоретик В.Гумбольдтің лингвистикалық теориясының ұстанымымен сәйкес болды. Миф метафораны жалғастырушы емес, керісінше, метафора мифті жалғастырушы деген Потебня мифо-шығармашылықты талдауға пішіндік-құрылымдық тұрғыдан келеді. Ол тұрақты үндес байланысқа негізделген «мифтік формула» ұғымын енгізді. Мысалы: махаббат – от, жан – бу, жел – ысқыру, жанып тұрған шырақ – өмір, т.б. Мұндай мифтік формулалар, Потебняның айтуынша, бинарлық оппозицияға барынша жақын және үш элементтен – екі бейнеден (құбылыстан) және олардың өзара байланысынан тұрады. Сондай-ақ ол мифке де, метафораға да қатысты болуы мүмкін. Бейнелер немесе құбылыстар арасындағы байланыс аңғарылмай, олар жай ғана ұқсас болса, онда біз мифке қараймыз. Ал, олардың арасындағы байланыс аңғарылса, онда троп түрлерімен (метафорамен) түсіндіреміз. Бірақ, мифтік формулаларды тілдік айтылымда ешқашан сенімді түрде мифті троптан айыруға болмайды. Бұл жерде мифтің символикалық теориясы еске түседі.

Миф санадан алшақтап, өткен шақта қалып қойған жоқ, ол белгілі дәрежеде тарихта жаңғырып отырады. «Мифтік шығармашылық бүгінгі күнімізде тоқтап қалған жоқ. Жаңа мифтің туындауы сөзің бұрынғы мән-мағынасын ұмытпай жаңа туындауымен байланысты» деген Потебняның тұжырымы мифтің адамзат санасының архаикалық формасы болумен бірге, өзін тұрақты құбылыс, ойлаудың маңызды құрылымы ретіндегі қызметін айқындай түседі.

Лингвистикалық көзқарас ілімдері мифтің солярлық-метеорологиялық теориясында жалғасын тапты.

Мифтанудағы этимологиялық бағыттың өкілі А.Кун өз зерттеулерінде мифологиялық кейіпкерлерге тоқтала отырып, олардың есімдерін санскрит сөздерінің семантикасымен байланыстырады. Ол өзінің салыстырмалы зерттеулеріне негізінен үнділік төрт «Веда» кітаптарын пайдаланды. Дәл осы әдісті Максимилан Мюллер «Салыстырмалы мифология» (1856) және «Ғылым мен тілдің оқулары» (1861-1864) еңбектерінде негізге алады. Осы зерттеулері нәтижесінде Мюллер лингвопалеонтологиялық әдісті туындатқаны белгілі. Бұл әдіс оның екі томдық «Мифология ғылымына үлес» (1897) атты еңбегінде де көрініс тапты. А.Кун мен М. Мюллер әртүрлі үндіевропалық халықтардың мифологиялық бейнелеріндегі ұқсастықтарды анықтап, мифтердің мағынасын табиғат құбылыстарына жақындатты. Осыдан келіп Мюллердің – күн мен айды ізгілік пен зұлымдықтың бастауы, жұлдыздарды адам тағдырына қатысты деп қарастырған солярлық, Кунның – күннің күркіреуі, найзағайдың жарқылы, дауылдың тұруына ерекше назар аударған метеорологиялық теориясы мифтанудағы бір аспектіге негіз болды.

Солярлық-метеорологиялық теорияға сәйкес ежелгі адам үшін құпияға толы, түсініксіз болған табиғат құбылыстары оның санасында бір біріне ұқсас көріністер мен құбылыстардың ассоциациялануы түрінде бейнеленді. Мұндай байланыс пен ассоциация нәтижесінде метафоралар туындады. Мысалға көбіне тілге тиек болатын мынадай метафораларды – мифологиялық образдарды келтіруге болады: күн – аспанда жүзген от шашқан дөңгелек, күннің күркіреуі – алып дөңгелектің дүрсілі немесе бұқаның өкіргені, құйрықты жұлдыз – жауынгердің қолындағы отты қылыш, жайтас – аспанда ұшқан айдаһар, аққан жұлдыз – адамның өткен өмірі немесе аспандағы белгісіз тіршілік иесі лақтырған найза, т.б.

Аталмыш теория негізінде мифтануға қатысты көптеген еңбектер жазылды. Бұл теорияның мифологияның ғылым ретінде қалыптасуында маңызды конструктивті роль атқарғанын ерекше айтуға болады.

Мифті зерттеуді лингвистикалық тәсіл ХІХ ғасырдың екінші жартысында кең таралып, әйгілі болды. М.Мюллердің әйгілі «Салыстырмалы» мифологиясынан өзге бірнеше, А.Кунның Зевс туралы бес томдық, А.Афанасьевтің славян мифологиясына қатысты үш томдық, А.А.Потебняның еңбектері, т.б. ғылыми зерттеулер осы мифтанудағы лингвистикалық аспектінің көрсеткіштері болды. Аталған еңбектердегі концепциялар кейінгі бірсыпыра зерттеулерге бағыт сілтеді. Ежелгі мифологияға қатысты тарихи-философиялық қордың жинақталуына ұйтқы болды. Сондай-ақ мифологияны зерттеудегі жаңа нақты-ғылыми бағыт – салыстырмалы-тарихи мифология негіздерін қалыптастырды. Қазақ мифтанушысы Серікбол Қоңдыбай «Арғықазақ мифологиясы» атты көп томдық зерттеуінде негізінен осы лингвистикалық мектеп әдістерін басшылыққа алған [10].

Лингвистикалық тәсілдің басты табыстарының бірі – Еуропа мифологиясының Шығыс мифологиясынан «ауыстырып алу» концепциясымен тығыз байланысуы болды. «Ауыстырып алу» теориясы мифо-шығармашылық генезисіндегі этномәдени тұрғыда оқшаулануды және кеңістіктік-уақыттық пішінделуді нақтылай көрсетуде көмекке келді.

Нақты, салмақты тұжырымдарымен ұзақ уақыт мифті танудағы жетекші әдіс болған лингвистикалық ұстаным мифтік теориялар алаңынан ХІХ ғасыр соңында ығысқанымен, миф пен тіл байланыстын түсіндіруге, мифологиялық және поэтикалық таным айырмашылықтарын саралауға, ойдың тілде көрініс табу заңдылықтарын танытуға бағытталған мифтанудың жаңа теориясының негізделуіне жол ашты. Бүгінгі филологиялық ғылымда кеңінен қолданылып, әдебиеттану мен лингвистикада жетекші орын алатын салыстырмалы-тарихи мектептің басты концепциялары да осы лингвистикалық теориядан туындады.

Аймұхамбет Жанат Әскербекқызы, әдебиеттанушы,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры,

филология ғылымдарының докторы

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1.Элиаде М. Аспекты мифа. Пер. с фр.В.П.Большакова. – М.: Академический проект, 2014. – 235 с.

2. Вико Дж. Основания новой науки об общей природе наций. М.-К.: Ирис, REFL-book, 1994. — 637 с.

3. Шеллинг Ф.Б. Философия мифологии. Пер. с нем. В. М. Линейкина; под ред. Т. Г. Сидаша, С. Д. Сапожниковой. СПб.: Изд-во С.-Петерб. ун-та. Т.1 – 480 стр.

4. Найдыш В. Философия мифологии. ХІХ – начало ХХ в. М.: Альфа-М, 2004. – 544 с.

5. Мюллер, М. Сравнительная мифология // Мюллер, М. От слова к вере. Миф и религия: пер. с нем. / М.Мюллер, В.Вундт. - М.: Эксмо; СПб.: Terra Fantastica, 2002. с. 106 – 208.

6. Кассиер Э. Философия мифологии. Философия символических форм. Том 2. Мифологическое мышление. М.; СПб.: Университетская книга, 2002. – 280 с.

7. Потебня А.А. Слово и миф. М.: Правда, 1989. – 624 с.

8. Мюллер М. Введение в науку о религии // Религиоведение. Хрестоматия /Сост. и общ. ред. А.Н. Красникова. – М.: «Книжный дом “Университет”», 2000. – С. 14-114.

9. Мелетинский Е. Поэтика мифа. 3-е изд., репринтное. – М.: Издательская фир­ма «Восточная литература» РАН, 2000. – 407 с.

10. Қоңдыбай С. Арғықазақ мифологиясы. 1-4 кітап. Алматы: «Дайк-Пресс», 2004.

Бөлісу:

Көп оқылғандар