Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)

Бөлісу:

26.02.2018 5171

9

Мен – жасым кіші, жиырма жетіге жаңа шықсам да, бәлкім, осы балаңқы мінез көрінісі, кеудем биік, арыным қатты, өзіме жан теңгермес едім. Танымым артық, оқуым артық, жазуым да біршама биік деңгейде деп білем. Алғашқы күннен бастап-ақ Ілияс ағамен арада тепе-теңдік қатынас орнады. Менің тым көтеріңкі болмыс-бітімімнен ғана емес, Ілекеңнің парасатты байыбы мен ақсақалдық кеңдігінен. Осы, 1967 жылдың көктемінен бастап, «Жазушыда» қызметтес болған төрт жылдан астам, өте ұзақ көрінген дүбірлі мезгіл ішінде ең сенімді серігі, ақылдас, етене бауыры болдым, бұдан соң, Одақта қызмет атқарған заманы бар, таза шығармашылық жылдары бар, өмірінің ақырғы күніне дейін – он алты жылдан астам тұтас бір дәуір бойы, көп жұрт сияқты тайқығам жоқ, суынғам жоқ, алыстамадым және ең жақын адамы саналдым десем артық емес. «Ақында адамзаттан дос болмайды, – Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына», – деп Мағжан айтпақшы, Ілекең әуел бастан жалғыз ғана емес, саяқ, дара тұлға болды. «Жазушыда» директор кезінде оқшау жүрді, орталық жалғыз әдеби баспа, қазақ руханиятының ұйытқысы – отырған орны мен жаңадан көтерілген атағы әрі қорған, әрі сүйеніш екен. Кейін, «Жазушыдан» ығыстырылып, Одаққа барған кезінде, басынан асып Бірінші болып кеткен, ақыры қарсы беттің құрбанына шалып, жеңіл құтылған Әнуармен негізінен ынтымақты жұмыс жасады. Барлық уақытта да Олжаспен тату, түсіністі болды. Бірақ ежеттес дос-жары жоқ еді. Менің жағдайым сәл басқашарақ. Өзі бірде атап айтқандай «қымбатты, аяулы інісі» едім. Және кейінгі толқын, жаңа заманның түлегі. Сол ерекше жағдайды нақты пайымдап, өзінен соңғы үшінші дәрежелі қызметке шақырды һәм алғашқы күннен бастап, айрықша сенім артты. Бұдан екі жыл бұрын дайын болған, көп қиындықтардан соң, тақауда ғана ресми танымға жеткен, қазақ әдебиетінің тарихын мүлде жаңаша қалыптаған, енді ғылыми аппараты жеңілдетіліп, «Қобыз сарыны» деген атпен баспада дағдарып тұрған кітабымды қажетті көлемде бірден-ақ жоспарға енгізіп, Баспаком мен Орталық Комитет талқысынан аман алып шықты. Мен баспаға барғаннан соң арада екі жарым айға жетпей, шілденің соңында өндіріске тапсырылған. Орынбасар бас редактор аталсам да, қолыма үлкен өкім, толық еркіндік берді. Осы әуелгі жылғы тақырыптық жоспардың өзіне елеулі ықпал жасап едім. Өзім қатарлас бірнеше жігітті төтесінен қостым. Үлкенді-кішілі әрқилы автордың баспа қоржынында сарылып жатқан қолжазбаларын саралау, іріктеп, қатарға енгізу өз алдына. Ең бастысы – мен тұңғиықтан аршып, қайыра көтерген Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Марғасқа, Үмбетей, емескі есімі ғана бар Асан Қайғы мен Шал ақын, тіпті, бірлі-жарым сөзі ғана басылған, оның өзі бұрма, жаңсақ Бұқар жырау – Қазақ хандығы дәуіріндегі аталы, ересен әдебиетке даңғыл жол ашылды. Алдағы арман – атаулы монографияға жалғас кітап – осы ақын-жыраулардың шығармалары жинақталған антология. Ілекең мұны да мақұл көрді, «асықпай, баспаға дайындай бер», - деген.

Менің арыстан ағама алғысым шексіз еді. Қызметінде қадарынша сүйеніш болуға тырыстым, ал шығармашылық ісінде ақылдас кеңесшіге айналдым. Көпке белгілі, кейінгілер тіпті бұрмалап әкетті, Ілекеңнің жазу машығы қалыпқа түскенімен, анау тұрған стилист емес еді. Әсіресе, проза саласындағы алғашқы шығармаларында. Мен баспаға барған бетте, араға апта толмай, «Қатерлі өткел» романы алдыма келді. Дайын, екінші корректурасы. Ілекең: «Мұхтар, жағдайың келсе, түгелімен оқып шықшы, тақырыбы қиын еді, көлденең шатағы жоқ па екен», – деген. ХХ ғасыр басындағы ұлттық интеллигенцияның бар жағынан да қатерлі, тайғақ кешуі. Мұндай тақырыпқа барудың өзі үлкен қауіп еді, Ілекең жайлап отырып, біраз мәселенің шетін шығарыпты. Пәле іздеген сұғанақ бірталай ілгішек табар еді. Алайда, шегірткеден қорықпапты, тіпті, шығандап кеткен тұстары бар. Сонымен қатар, көпе-көрнеу ұсталатын оғашы да жоқ, бәрі де қалыпты шеңбер аясында. Мен бұл жағдайды мағлұм қылып, Ілекеңнің көңілін бекіттім. «Ешкім ұстай алмайды», - дедім. - Романның тілі қалай екен? – деді. - Тілі бай, орнықты, бірақ асығыстық ізі байқалады, – дедім. - Онда, артық көрмесең, тағы бір сүзіп шық, - деп еді. Мен төрт-бес күн отырып, сөйлем құрылымы, жекелеген бір тұстардағы тіл селкеулігін қадарынша түзеткен болдым. Әдетте, екінші корректураға қол тимеуі керек, ол кезде кітап, газет-журнал атаулы линотиппен, мырыш құйылым арқылы терімге түседі, бір әріптің қатесі – бір жол қайта жасалды деген сөз, ал екі әріп түссе, жаңа сөз қосылса, немесе қысқартылса, қайыра терім әлденеше жолға кетеді. Бірінші терімде әрбір жаңа жолдың бәсі – жиырма тиын, ал екінші терімдегі жолдың үстеме құны – елу тиыннан. Жинап келгенде бірталай ақша. Әдетте, баспа үшін белгіленген мөлшерден артық, үстеме түзетулер үшін әжептәуір шығынданып жүрдік. Бірақ мәселе тиын-тебенде емес. Төтенше түзетулер көбейіп кетсе, типография наразылық білдіруі, тіпті, қосымша айып салуы тұрыпты, тиесілі графигінен шығарып тастауы мүмкін. Қайткенде де директордың кітабы. Мен тым көп болмаса да, бірталай жеңіл, үстірт редакция жасадым. Бірақ «Қатерлі өткел» тіл тұрғысында жұп-жұмыр болып, біржола оңалып кеткен жоқ еді.

Келесі кезекте, күзге қарай Ілекеңнің «Ғашықтар» аталатын жаңа романның қолжазбасы алдыма тартылды. Тақырыбы да қызғылықты, бүгінгі күн үшін ұтымды, тілі де тәуір екен. Әйткенмен, таза стильдік жағынан біршама редакцияға түскен. Бас-аяғы тиянақты, шешен, әрі көркем туынды болып шықты. Алдағы 1978 жылы жарыққа жеткен. Күні бүгінге дейін Ілекеңнің заманауи тақырыптағы ең көп оқылатын романдардың бірі. Шын мәнісінде Ілекеңнің менің қолымнан өткен, жаңадан жазылып емес, оңдалып емес, қалыпты, табиғи редакцияға түскен алғашқы шығармасы. Екінші роман – атақты «Қаһар» болатын. Ол туралы әңгіме – алда.

Ілекең жалғыз мен ғана емес, кейінгі барлық жасқа қамқор аға болды дедім. Енді бастағандар үлкен әдебиетке жол ашып, алғашқы кітаптарын шығарған, біршама танымал жігіттердің өзі жаңа қарқын алып, өрістерін кеңейтті. Атағы барлар одан әрмен өндіре жазып, абырой тапты. Танитын, жақын төңірегінде жүргендер ғана емес. Әйтеуір руханият тарабында пайдалы жұмыс жасауға мүмкін жалпы жұрт. Оның ішінде, әдетте ұмыт қала беретін, астанадан шалғай облыстарда тұратын қаламгерлер. Алғашқы кітаптары сарылып жатқан, немесе кейінгі кітаптары ұзағынан бөгеліп қалған азаматтар, өздерінің аяқ астынан қатарға қосылғанына таңырқап, дәп осы іске қатысы жоқ, бірақ Алматыда тұратын, баспа төңірегінде жасайтын таныстары мен жақындарына алғыс ретінде соғым әкеліп тастаған, тіпті, қазақы мезірет жасамаса да, өздерін өлшеусіз борыштар санап, алғысын айтып тауыса алмаған нақты мысалдарын білемін. Тек шеткерілер ғана емес, Алматыда тұратын қаламгерлердің өзі төтенше табысқа таңырқаған жағдайлар көп. Осы реттегі бір мысал ретінде Медеубай Құрмановтың оқиғасын айттым. Ал тұтастай алғанда, астаналық қауым, әдебиет есігін ашып үлгерген, бұл салада азды-көпті нәтижеге жеткен, тіпті, әжептәуір атағы бар, үлкенді-кішілі ағайындар үсті-үстіне кітап шығарып, қапшықтап ақша түсіріп жатса да, осының бәрін заңды сыбаға, өздерінің ірілігі мен ерекше дарын, талайының нәтижесі деп қабылдар еді. Әлбетте, «Жазушы» баспасы – жазушылар иелігі. Алайда, кезекті кітап жоспарға ену үшін қаншама есікті тоздыру қажет. Бұдан соң қысым, қиянатқа ұшырамай, бар жазғанын сол қалпында өткізу – тағы соншама машақат. Ілияс Есенберлиннің әдебиет болашағын ойлаған кемеңгер кеңшілігі арқасында бәрі де оп-оңай болып шықты. Жақсы шығарма атаулы, оның ішінде бұрнада мүлде дерлік беймәлім, немесе әзір кеңінен танылып үлгермеген қаламгер атаулы кезекті тақырыптық жоспарға бөгеліссіз енеді, бұдан соңғы, типографиямен арадағы жолы және жеңілдеген. Алайда, бұрнағы әріптестер мен қатарлас, тұрғылас азаматтар, тіпті, кейінгі жастар тарабынан «маған Ілияс Есенберлин кеңінен жол ашып берді, бірімді екеу қылып, көтермелеп еді, бар абыройымды одан әрмен асырып еді...» дегендей алғыс естімедім.

Қандай да жақсылықты бағаламау – жалпы адам баласына тән кінәрат десек те, жүз елу жыл отарлық кіріптар күн кешкен, оңы мен солы шатысқан біздің қазақ қауымы үшін үйреншікті мінез тәрізді. Орыста мәтел бар екен: «Хочешь нажить себе врага – делай добро» – бай әрі оралымды қазақ тіліне көшірсек: «Жау тапқың келсе, жақсылық жаса» – деген. Ілекең қаншама жазарманға жасаған сансыз жақсылығын ешқашан бұлдаған емес.

Бұл – түптеп келгенде, Ата Қазақтың үлкен әдебиеті мен сан ғасырлық мәдениетіне қажетті демеу мен қолдау деп білді. Ал Ілекеңнің шарапатын көрген ағайындардың көпшілігі – сырттай болмаса да, ішкі ықылас, алғыс сезімін артық санауы өз алдына, ақыр түбінде бітіспес жау болып шықты, кезінде көпе-көрнеу зиян жасамағанының өзі әрқилы тәсілмен жеккөрініш, тіпті, өшпенділік ниетін айқын танытқан. 90-жылдар, әлейім-тәлейім заманда, жағдайы бар жақын, немесе сыйлас, таныс адамнан қомақты қарыз алған, ақыры, сол қарызын өтемей, бойға сіңіріп кету үшін мал иесін өлімге ұшыратқан жағдайлар болыпты. Өз қолынан өлтірмесе де, көлденең ажалын тілеген; тілемесе де, осындай жағдайда бар борышынан құтылып шықпақ. Рухани қарыздың жөні де осы сияқты. Борыштар екеніңді білесің, сонымен қатар, осы кісінің алдында құның түсіп тұрғандай, орысша айтқанда, «комплекс неполноценности» – тексіздіктің жегі құрты, бұл азаптан құтылудың төтенше жолы – сол баяғы жарылқаушымен араңды ажыратып, тіпті тікелей жаулыққа бастау тәрізді көрінбек. Хош. Тірі пендеге қиянат жасамаған, өзінің асқаралы әдеби еңбегін айтпағанда, сол бір тайғақ кезеңде қисапсыз жақсылыққа жол ашқан Есенберлинді неге ғана көпшілік жазарман қауым соншама жек көрді деген жұмбақтың шешуі ретінде айтып отырмын. Партиялық тұрғы, әрине, өз алдына. Айтақ та бар. Көре алмаушы қызғаныш та бар. Әйткенмен, ең негізгі себеп – Ілекеңнің ешқандай бұлдау, міндетсіз, жалпы жұртқа жаппай тілектес рақым-қайырының нәтижесі деп білем.

Осы ретте, бұрын жарияға шығып кеткен бір ғана жағдаятты амалсыз еске түсіруге тура келіп тұр. Түгелдей қайталап жатпаймын. Кезінде «Жұлдыз» журналына шыққан – 2004, №6. бұдан соң, 2006 жылы «Кертолғау» атты кітабымда басылды, кейінгі жинақтарға да енуге тиіс. «Өтірік қостым ішіне...» яғни, Қадыр Мырза-Әли кейіптеген Ілияс Есенберлин» деп аталады. Қартайған шағында ақыннан прозашыға айналған Қадырдың «Иірім» дейтін, естелік кейіпті кітабындағы Ілияс Есенберлин туралы жалалы ғайбаты жөнінде. Есенберлиннің жазушылық қызметі туралы емес, оның адамдық тұлғасына күйе жаққан, жаққан емес, біржола кісәпір, екіжүзді, пәлеқор һәм дәрменсіз сорлы, мүсәпір бишара ретінде бейнеленген, Қадырдың өзі «тікелей куә болған» тоғыз оқиға баяндалыпты. Аталмыш мақаламыздан бір үзік: «Ерекше әңгімелердің мазмұны мен әуезе, мағнасы, астары мен уытын айтпағанда, автордың өз атынан берілген тікелей мінездемелер қандай! «Кәрі түлкі», «талай-талай абыройсыз іс-әрекеттері», «жасаған қиянаттары», «бір адамды ғана ұнатпай, бір адамды ғана жек көріп қойса ештеңе емес, топ-тобымен жоққа шығара беретін», «шындық, әділдік, логика деген ұғымдарға мән беріп жатпайтын, не істеймін десе соны істейтін», «әділетсіздік... қорлау...» Кітаптың ұзына бойында, әр тұста сыналап берілген «естелік» әңгімелерді жинақтап, екінші қайтара оқып шықсаңыз, әлгі мінездемелердің тым сыпайы, әдепті қалыбын танығандай боласыз, шын Есенберлин – адамның азғыны, екі жүздінің жүйрігі, зұлымның сұмпайысы, қиянатшыл қаскүнем – бір сөзбен айтқанда, көрген түгілі естіген түңілетін жиренішті құбыжық болып шығады...» – деп түңіліппіз. Әлбетте, кемшіліксіз пенде жоқ. Тек қана жаманын тізсе, тірі арыстаныңның өзі өлі тышқан болып кетуі мүмкін. Бұл ретте бәрі басқаша. Қадыр «өз көзіммен көрдім» деп сыпаттаған тоғыз эпизод та бастан-аяқ ойдан шығарылған, өмірде болмаған, ешбір қисынға сыймайтын, жалған ғана емес, жалалы кесапат. Әрқайсын жекелей талдап, терістедік. Қайталап айтайық, Ілияс Есенберлин де пенде, іздегенге үлкенді-кішілі кемшілік мінезі де табылар еді, бірақ Қадырдың мақсаты – Ілекеңді аяқты адам ретінде біржола мансұқ ету талабынан туындаған және, осымен үшінші мәрте қайталайық, бастан-аяқ ойдан құрастырылған шалағай, парықсыз өтірік. Менің мақалам шығысымен, Қадыр «Жас Алашта» ұзақ көлемді, байбалам мен ойбайға құрылған жауабын жазып бастырды. Мен көріп едім, куәгермін дегеннен басқа уәжі жоқ, оның есесіне адамдық кейіптен тыс екінші бір құбыжық ретінде Мұхтар Мағауиннің бейнесі қалыптанады. Қазақша айтқанда, қатын-ұрысқа кетіпті. Әрине, қайыра жауап беруде мән қалмаған еді.

Тұрлаусыз қиялға ерік берген осыншама өшпенділіктің сыры неде? Әлденендей реніш, өкпе болды ма? Немесе кітаптары тежелген, бүлінген қиянаты? Бәрі де керісінше. Тағы да аталмыш мақаламызда келтірілген бір дерек: «Енді Ілияс Есенберлиннің өз басына келсек, «Мен оның қарауында екі-үш жыл жұмыс істедім. Сол азғана жылдар аралығында Ілекеңнің талай-талай абыройсыз әрекеттеріне куә болдым», – дейді Қадыр. Біз де Ілекеңнің қарауында қызмет атқарып едік. Тура төрт жыл. Оның ішінде Қадырдың жаңағы екі-үш (шындығында толық үш) жылы да бар. Талай-талай абыройлы ісіне, ерлік күресіне куә болдық. Қазақтың қаншама дарынды жасына жол ашты. Ұлттық мұрат үшін аянбай айқасты. Жазушылығын айтпайық, абзал Ілекеңнің тек баспагерлік, бүкіл ұлт үшін игілікті қызметі туралы тұтас бір кітап жазуға болар еді. «Рас, ол маған жаманшылық жасаған жоқ», – дейді Қадекең өз сөзінің тек адалдық, әділдіктен туғанына меңзеп. «Жақсылық қана жасады!», - дер едік біз. Және қандай жақсылық! Бүгінгі жұрт таныған ақын Қадырдың берік іргетасы ғана емес, төрт қабырғасы да осы Есенберлиннің қарауында, «Жазушы» баспасында қызмет атқарып жүрген жылдарда қаланды. Қадырдың өз тілімен айтсақ, мен де нақты куә болдым. Қадыр аға! Дәп осы ретте жалтара алмайсың, Ілияс Есенберлин «Жазушы» баспасында директор болып тұрған төрт жылда неше кітабың шықты? Алты кітабың: «Бұлбұл бағы», «Ақ отау», «Күміс қоңырау», «Домбыра», «Бессоница», «Белая юрта». Ілекең Мәскеудегі атақты «Советский писатель» баспасының коллегия мүшесі еді, Қазақстан тарабынан барған жақсы кітап атаулыға жолдама, қорытынды пікір беріп, қолдап, қорғап отырды, Ілекең мақұлдамаса, бұл баспадан ешбір кітап шықпас еді. Осы орайда көппен бірге Ілекеңнің шарапатын көрдің. «Соловьиный сад». Тағы бір кітап деп қой. Төрт жылда жеті кітап!..» Осының бәрінің үстіне Ілекеңнің Қадыр Мырзалиевті «Жазушы» баспасының поэзия редакциясының меңгерушісі қызметіне алғаны, яғни, бүкіл қазақ өлеңінің тағдырын қолына табыстағанын қосып қойыңыз. Осыншама сенім, құрмет, игілікке орай – қаншама пәле-жала, қисынсыз ғайбат.

Айта кету керек, Қадырдың естелік кейіпті, негізінен қияли-ғажайып оқиғаларға құрылған «Иірім» кітабында айрықша «әшкереленген» – жалғыз Ілияс Есенберлин ғана емес. Ғабит Мүсреповтен бастап, Мұқағали Мақатаев пен Жұмекен Нәжімеденовке дейінгі аралықта қалам ұстаған, «тұрмыстан азған» бар қазақ. Және ең кереметі – бәрі де өтіп кеткен, қисынды жауап қайыру мүмкіндігі жоқ марқұмдар. Осы қатарда «Жазмыш» дейтін тағы бір прозалық кітабы болып еді. Бұл – әлемдік әдебиет тарихындағы маскүнем мен есалаң, жындыбас пен қияпас – қайткенде де қалыпты өмір сүрмеген, ақыры қорлықта өлген ақын, жазушылар өмірінен әрқилы мысалдар келтірілген, былық пен былғаныш, қисалақ пен қылмыстар теріп алынған өзгеше құрама. (Және жан түршігерлік кереметі – ешқандай дерексіз-ақ Ұлы Абайды да осы топқа апарып тіркеп қойыпты.) Қайткенде де біртұтас идеяға құрылған, төтенше мазмұндағы екі кітап табиғаты – абыройлы ақынның қартайған шағында бар білігін, жүйрік қиялын, ең бастысы, қаншама уақытын жұмсап, осындай, патологиялық сыпаттағы еңбектер қалдыруы – таң қаларлық құбылыс, бәлкім, болашақта Фрейдтің психоанализ ілімі тұрғысынан түбегейлі зерттелуге тиіс кілтипан.

Ізгі Ілияс Есенберлин туралы жүрекжарды естелігімізде осы бір көңілсіз жағдаятқа қайтып оралуымыз – ұлы қайраткер туралы кейінгі кездегі әлдебір мақала, ғұмырбаяндық еңбектерде Қадырдың әлгі жазбаларына сілтеме ұшырасады, тіпті, тұтас бір эпизодтары қаз-қалпында баяндалып жатқанын көрдік. Ілекең ірі ғой, бірақ осындай да пақырлығы болыпты дегендей. Болған жоқ. Жоқ, және жоқ! Өз тұсындағы кейбір ағайындар сияқты, Есенберлин – жазушы емес еді, халтурщик еді, жазғанының бәрі өткінші, түкке тұрмайтын арзан-құрзан деңіз. О дүниедегі Ілекең күліп жатар, әзірше бұ дүниедегі мен асыл сөзімді шығындамаймын.

Ал Қадырдың ізімен: «Есенберлин адам емес екен!» – десеңіз, аруақтың кәріне ұшырауыңыз анық. Жалғыз Есенберлин емес, қазақ рухын көтерген бұрынғы-соңғы барлық аруақтың наласы мен қарғысына. Және кейінгі ұрпақтың алдында кісәпір боласыз.

10

Отбасындық шежіре бойынша, Ілекеңнің сойына негіз болған Есенберлі – туған әке, болмысы да, ғұмыр жолы да беймәлім, тіпті, жұмбақ кейіпті жан; айттық, қайткенде де төменгі таптағы тақыр кедей емес. Тәрізі, базарлы Атбасар қаласындағы, ірі алпауыт шықпаса да, біршама дәулетті, тұрмыс-жағдайы орнықты кісі... Есенберлінің әкесі – Бітеубай. Есімінен басқа дерегі жоқ. Бұл Бітеубайдың әкесі – Жекебатыр... Өзгеше, әрі танымал есім сияқты. Енді ойланайық. Жекебатыр... Жеке батыр! Қазақтың азаттық жолындағы күрес тарихынан белгілі тұлға. Кенесары ханның атақты серіктерінің бірі. Қолбасылық қабілеті ғана емес, жеке басының ерлігімен даңқы шыққан. Ағыбай, Жанқожа, Иман, Байтабын, Құрман, Бұғыбай, Бұқарбай қатарлас, Наурызбай сұлтанға жете-қабыл, аруақты ер. Тума есімі – Төлебай, қысылтаяң кезде топтан озып, жасанған жауға қарсы жалғыз шабатын қайтпас ерлігі үшін Жеке-батыр мәртебесін алған. Ілияс Есенберлиннің бабасы екен! Атақты жазушымыз осы Жеке-батырдың тікелей үшінші ұрпағы болып шықты. Жаңа, бұрынғыдан да тар заманда көк болаттың жүзіне емес, көк сиялы қаламның күшіне бағып, Алаш тарихын әйгілеу, ұлттық сананы көтеру майданында жарып шыққан Ілияс Есенберлиннің өзі де, сөз жоқ, Жеке-батыр еді.

Бағзыда, бұдан жиырма-шақты жыл бұрын әлдеқалай жазғаным бар. Мен осы ғұмырымда ештеңеден қорықпайтын, жүрегі түкті екі кісі көрдім деп. Мұның екіншісі, әлде қажып, шаршады, анығы – бақайының басынан әлденендей қапия тұзаққа шалынды, әуелгі бетінен тайқып, баз-базында қиыс, тіпті, теріс сөйлей бастады. Ал ол замандағы ерлігі астам екеудің үлкені – осы айнымас, қайтпас қалпында дүниеден озыпты. Енді неше жыл жасаса да, сол әуелгі кейпінде қалар еді, тіпті, арындай түсуі, ашыла түсуі күмәнсіз. Ілияс Есенберлин. Қандай да қамалған жаудан тайқымайтын, қысылтаяң шақта қаймықпай қарсы шабатын нағыз қаһарман еді. Және үнемі дерлік жалғыз өзі.

Орысша, қазақшаға бірдей. Мінберде болсын, дөңгелек стол, мәжіліс пен талқы болсын, даусын көтермей, сабырлы, байыпты, дәлелді, нақты сөйлейтін. Жоғарыда тұрған ғұзырлы партократтар – Үшінші хатшы Имашевпен, бөлім меңгерушісі Есенәлиевпен Орталық Комитеттегі арнайы жиындарда да, жекелей кездесулерде де талай айқасты. Мен өзім тікелей куә болғам жоқ, нақты жазбалар мен мәжіліс протоколдары бар. Әрқилы жағдайда Михаил Есенәлиевтің және партиялық насихат бөлімінің орынбасар бастығы Сапар Байжановтың атына жазылған қатынас қағаздар мен анықтамаларды білем. Біразының әуелгі үлгілері мен көшірмелері менің Алматыдағы жеке архивімде сақтаулы тұр. Бұлардың баспа жұмыстарына қатысты нұсқаларын орыс тарабының орынбасар бас редакторы Павел Косенко екеуіміз дайындайтын едік. Нақтылап айтсам, мен қазақша түзіп, орысша жобасын жасаймын, содан соң Павел екеуіміз отырып, тиесілі қалыпқа түсіреміз, нақтылаймыз. Ілекең қарап шығып, ішінара түзетулерден соң, немесе сол күйінде қол қояды. Ал өзіне тікелей қатысты, кіді мәселелерге өз қолымен жазады. Немесе, Павел Косенкоға негізгі тұрғыларын ежіктеп барып, дайын болғаннан кейін түбегейлі тексереді. Бірде Үшінші хатшы Саттар Имашевтің атына ұзақ, оншақты беттік, өте ауыр хат жазды. Өзі. Ресми мәлімдеме. Бірден орысша түсірген. Мен қарап шықтым, ешқандай кінәрат таппадым, ал Косенко мұқият оқып, бірер жерде әуезін нақтылады. «Қатерлі өткел» мен «Қаһардан» бастап, бүгінгі «Алмас қылышқа» дейінгі кезеңде, төрт-бес жыл бойы партиялық Үшінші хатшы тарабынан жасалған қысым мен көпе-көрнеу қиянатты тізбелей келіп, сіз Есенберлиннің жеке басына ғана емес, өткендегі бүткіл қазақ тарихына қарсы пиғылда келесіз деп, нақты айып таққан. Ең соңғы редакциясы Имашевтың өз қолына тапсырылды. (Сонымен қатар, сапалы, аппақ қағазға нақпа-нақ көшірілген бір данасы Қонаевтың атына жолданды, апарып берді ме, пошта арқылы жіберді ме, нақты айта алмаймын. Сондай-ақ, келесі даналарын тағы бір жерлерге табыстаған сияқты. Осы һәм ұқсас жағдайдағы басқа да көшірмелері, бәлкім, әуелгі қаралай нұсқаларымен қатар, Жазушының қолжазба қорында – атаулы музей үйінде сақталуға тиіс.) Алайда, партиялық тұғыры берік Имашев мұндай доңайбат, қарсы шабуылдан имене қоймады. Асса, белсенді қимылдан азғана уақытқа тартына тұрған шығар. Біріншінің ыңғайына қарауы да мүмкін. Ал ол тараптан нақты емеурін болмады. Көп ұзамай-ақ Ілекең «Жазушы» баспасынан ысырылды. Одаққа екінші хатшы болып барған. Біріншіге өтсе де, баспадағы күш-қуатына жетпес еді. Бұдан соң осы жарты бастық қызметінің өзі көп көрініпті. Алайда, Ілекең қолайсыз, қарусыз жағдайдың өзінде күресін тоқтатпап еді.

Ілекеңнің майданнан соңғы кезеңнен – өмірінің ақырына дейінгі нешеме жыл бойғы қаншама суреті сақталған. Атаққа шыққан заманында Сұлтан Оразалин түсірген сұхбат-телефильм бар. Басқадай да әредік кадрлар болса керек. Алайда, сурет пен жанды бейненің біршама айырымы байқалмақ. Сондықтан, өзім білген кезеңдегі нақты портретіне қатысты азғана байып. Ілекеңнің түр-тұлғасы нағыз қазақы кейіп танытатын. Бидай өңді. Сәл-пәл сопақша келген дөңгелек бет. Маңдайы жазық, кең. Қабағы биікше, қасы имек. Қиығы түзу, қоңырқай, үлкен қой көзді, жанары ашық. Орташа биікті қыр мұрын. Ерні бедерлі, иегі қатқыл. Шашы жас кезінде тым қалың болғаны байқалады, кейін де онша сиреген жоқ; баспаға келген кезінде – елу екі жаста – көкшулан болатын, өмірінің соңғы он жылдығында, қос шекеден жоғары ысырылып, мүлде ағарып кетті, сонысы ашық өңіне жарасатын, аппақ жібектей. Мінезі мейлінше ұстамды, қандай қиын таласта, дау-дамайда, әдепкі қызмет бабында дегбірін жоғалтқан емес, әуезі қашанда бір қалыпты, қоңыржай. Кейде нықтап, қадап айтатын, онда да дауыс көтеру жоқ. Бейсауат отырыстың өзінде өтімді, айбары сыртқа теуіп тұрмаса да, айдынды. Жақынға жұмсақ, дұшпанға қату еді. Кең, кемеңгер, пенделік ұсақтығы болмайтын. Қашанда жақсылық жасауға бейіл. Мәрт. Кемшілік атаулыға кешірімшіл. Осыншама дарқан, жайсаң көңіліне қарамастан, темір өзек дерліктей, діні қатты, жігері серпімді, қайтпас қайсар еді. Өмірлік, мәнді мәселелерге келгенде ақырына дейін, талмай күресетін. Жағыну, жәреуке дегенді білмеді. Тірі жаннан именіп, тізгін тартқан емес.

Ілекең орта бойлы кісі болатын. Иықты, кеуделі емес, бірақ шымыр, ширақ. Арық та, толық та емес, дыйлы, қарны шықпаған; жүріс-тұрысы қашанда қағілез, қашанда сергек. 1942 жылы майданда оң аяғынан жараланған, нәтижесінде елге қайтқан, Отан соғысының мүгедегі санатында. Алайда, көпе-көрнеу кемістігі жоқ еді. Кейінде кейбіреулер долбарлап айтып жүргендей, ешқашан таяқ ұстамаған, ақсаңдап баспаған, аяқкиім өкшесі де бірдей. Маймақ аю сияқты, оң жақ аяғын аз-маз сылтып қана басатын, онысы мүлде дерлік байқалмайды, тіпті, үлкен кісіге жарасты. Бөгесін, ақауы болмағандықтан, жаяу жүргенді жақсы көретін. Жамбыл мен Мир (қазірде Желтоқсан) көшелерінің қиылысындағы пәтерінен Коммунист–Комсомол (қазірде Абылай хан – Төле би) проспектілерінің терістік-батыс қапталы, Жазушылар одағының ғимаратындағы баспаға қашанда жаяу келетін және жаяу қайтады. Ол кезде Госкомиздат, яғни Баспаком межесі – екі шақырымдай жер, Киров (Бөгенбай) мен Мечников (Әди Шәріпов) көшесінің қиылысы, екі қабат шағын ғимаратқа орналасқан, әрбір бейсенбі, сағат түскі екіде коллегия мәжілісі, айына бір рет болса да, жұмыс бабында қатынасуға тура келеді, жылдық жоспарды талқылау, ағымдағы әрқилы жұмыстар тағы бар, Ілекең үйінен, немесе баспадан ертерек шығып, осы аралықта да жаяу жүретін, қажетіне қарай, мен де ерем, ағамыз екеуіміз, шамасы қырық-қырық бес минуттай бұрын шығып, әңгіме-дүкен үстінде, сейілдеп барар едік. Аяғын ауырсынып көрген емес, қайта осы жүрістен тыныс алатын.

Директордың атына бекітілген машина бар. Ақ «Волга». Баспаға келгеннен соң үш күн өтпей, маған байлады. Ол кезде мен «Горный гигант» аумағы, әуелде Партизан, кейінірек Яблочная дейтін шалғай көшелерде, жалдамалы баспанада тұрам, арада бес-алты ай өткенде 9-микрорайоннан қазыналық пәтер әперді, бұл да бірталай жер, меншікті машина менің жүріс-тұрысыма үлкен жеңілдік әкелді, жұмыс жағдайына қоса, бірер жылдан соң кішкентай қызым мен екі ұлымды ясли-балабақшаға осы машинамен апарып және алып қайтып жүрдім. Қызмет көлігін маған басымен өткізгені – әлбетте, артықша сыйластық. «Машинасын орынбасарға тапсырыпты» деп бірталай сөз болған, көлденеңнен арыз да жазылыпты, алайда, Ілекең елеп-ескермеді, «кімнің қанша шаруасы бар» деп, күлген де қойған. Сонымен қатар, мен пайдаланбасам, бұл міндетті машина күнұзақ қаңтарылып, баспаның алдында тұрар еді. Ілекеңнің өзі мінбейді. Қажетсізінен ғана емес, машинаға отырса, басы айналатын. Тек Баспакомдағы, немесе ЦеКа-дағы әлдебір асығыс, шұғыл шақырыс кезінде ғана пайдаланбақ. Сонымен қатар, Москваға барар кезде аэропортқа. Қайтар жолында көбіне арнайы қарсы алам. Ақсақалға құрмет қана емес, баспа ісіне, Ілекеңнің өз кітаптарына қатысты қажетті ақпар, сондай-ақ Мәскеу тарабындағы соңғы жаңалықтарды алдымен естисің. Және жақындықтың өзгеше көрінісі.

Ілекеңнің денсаулығы өте жақсы еді. Баспада, тығыз араласып, күнделікті біліскен бес жылға жуық ұзақ уақыт ішінде ауырып-сырқаған, тым құрса тымау тиіп, жұмыстан қалған жағдай болмап еді. Тек бір ретте ғана, 70-жылы ғой деймін, қызметінен бөгеліп, әлдебір шұғыл шаруамен мені үйіне шақыртты. Барсам, жеңгеміздің зәресі ұшқан, балалары да үрпиіп тұр, Ілекең ауызғы бөлме, кең креслода қатты қиналып отыр екен. Бүйректен тас шығыпты, әне-міне жедел-жәрдем машинасы келуге тиіс. Нақты есімде жоқ, Ілекең баспаға қатысты, тезінен жасалуға тиіс әлдебір шаруаны екі-үш сөйлемнен, екі-үш бөліп әрең айтты. Содан соң бас изеп, «жүре бер» дегендей ишарат білдірді. Дәрігерлер мен шыға бере жеткен. Министрлер Советінің емханасына алып кеткен екен, үш-төрт күннен соң құлан-таза айығып шықты, – бүйректен қуық жолдарына өткен тас ешқандай отасыз, әлдебір дәрі, ерекше емнен соң, өз бетімен түскен екен. Күмәнсіз, денсаулығы мықты еді. Ол кездегі ұйқысы да тыныш, тәбеті де жақсы. Осы қуат пен жігер арқасында қарқынды және сапалы еңбек жасады. Күйі кетуі – өмірінің соңғы екі жылында. Онда да пәлекет – ішкі ағзадан емес, сыртқы зорлық пен қысас, тынымсыз зобалаң нәтижесінде иектеген.

Ілекеңнің мінезі өте ұстамды еді. Айттым. Табиғи, тума қасиетімен қатар, үлкен мәдениет көрінісі. Қызмет бабындағы өктемдігі де, талас-тартыста қызбалығы да жоқ, бір қалыпты. Сондай-ақ, үлкенмен де, кішімен де қатынасы, әңгімесі, пікір алысы ортақ, теңдік жағдайда. Зордың алдында кішірейіп, кішінің көзінше дүрдиіп тұрмаған. Қандай да қызмет, жақсылығын ешкімге бұлдап көрген емес. Сондай-ақ, өзіне қатысты азғана ықылас, көмек атаулыны артығымен бағалап, айрықша ілтипат танытар еді. Адам баласына жанашырлығы ерекше болатын. Көмек жасағысы, артық үлес бергісі келіп тұрады. Тіпті, Ілекеңнің адамдық намысын жойдасыз жаладан қорғаған аталмыш мақалада тәптіштеп жазғанымдай, түзелмес ішкіш әрі міндетіне салғырт жас ақынды, қаншама баласы бар ғой, обал болады деп жұмыстан шығармай қойған еді, керісінше, жыл сайын дерлік өлеңдер жинағын, жаңа кітабы болмаса, қайыра басылымын жоспарға енгізіп тұрды. Жас атаулыға мейлінше жол ашқан жомарт қамқорлығы өз алдына. (жалғасы бар)

Бөлісу:

Көп оқылғандар