Сайын Мұратбеков. Жастар – әдебиетіміздің ертеңі

Бөлісу:

27.02.2018 9195

«Сарғайған парақтардан...» айдарының кезекті авторы – Сайын Мұратбеков. Осы күні үлкенге сөз беріп, «жастардың шығармашылығы жайлы сөйлей ғой», десең, жоталап, шамалап, орағытып, «ұстатпай» қоятын үлкендердің бір әдетін жиі айтамыз. Яғни, аға, ата жазушылар өзінен кейінгіні көп оқи бермейді. Ал, сын айта қалса бас-көзге төпелеп, жерге жітіріп жіберуге дайын (мұның бір-екілі мысалын сіздер де ұмыта қоймаған боларсыздар). Осы жағынан алғанда, «Жұлдыз» журналының 1984 жылы, наурыздағы (№3) санына шыққан «Жастар – әдебиетіміздің ертеңі» атты мақала біразымызға үлгі болғандай.

«Жұлдыз» журналының бұл кездегі таралымы – 169.092 деп көрсетілген. «Сын және библиография» айдары бойынша жарияланған материалда қазір көпшілікке танылып үлгерген, бірқатары көп атала бермейтін, өздері де үлкен буынның жасына жеткен қаламгерлердің прозалық шығармалары жайлы кеңінен толғанады. Айтқан ескертпесі, тапқан мінінің өзін кішіктікпен, ағалық кеңдікпен айтады. Бір қарағанда, ешкімге «сен жамансың» демеген сияқты. Десе де, үңіле түссең, осы бір жұмсақтау ескертпелердің астарында үлкен жауапкершілік пен сенімнің жатқанын аңдауға болады.

Бүгінгі әдеиетке келіп жатқан жастар жайлы осындай бір ақсақалдық ақ адал ниетпен жазылған тілектес сын керек екен ғой деп ойлайсың...

«Әдебиет порталы»

Жастар – әдебиетіміздің ертеңі

Әдебиетіміздің болашағын ойлау, жастарға деген қамқорлық еш уақытта күн тәртібінен түскен емес. Жастар творчествосын сөз еткен арнайы жиналыстарды былай қойғанда, әрбір пленумда, әдеби жыл қорытындыларына арналған жиналыстарда жастар творчествосы жайлы жиі-жиі сөз болып, оларға қамқорлық жасаудың әртүрлі жолдары айтылып, нақтылы шаралар да белгіленіп тұрады. Өйткені жастардың әдебиетке көп қосылып жатуының өзі күнделікті өмірдің толассыз заңды процесі болса, олар туралы күнделікті сөз қозғап отыру да еш уақыт тоқталмайтын, ағадан-ініге жақсы өнеге-үлгі боп келе жатқан, бұл күнде қалыптасқан дәстүрлі жақсы салтымыз болып отыр.

Жастар туралы сөз – болашақ туралы сөз. Жастарға қамқорлық – болашаққа қамқорлық. Әдебиет әлеміне жаңа қадам басқан жас жайында жиі сөз қозғап отыру – оның жаңа бүр жара бастаған балаң творчествосының жапырақ жаюына, буынының тезірек бекуіне жәрдемі тиері сөзсіз.

Қазіргі уақытта әдебиетке сәл де болса тілі сынып, икемделе келген жас талаптың шығармасының баспасөзге шықпайтыны, кітап шығармайтыны кемде-кем-ақ шығар. Бұрындар жылдап жатып қалатын жастар қолжазбасы бүгінде аяқ-қолы жерге тимей, тіпті кейде сиясы кеуіп үлгермей жатып жарияланатын халге де жеттік. Өйткені «Жалын» баспасының құрылуына байланысты кітап шығару проблемасының қиын түйіндері шешілген сияқты. Ол аз болса жас талантты іздеп жүріп табатын «Жалын» альманағы және бар. Көлемдері өскен «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» де жастарға дегенде ықыластары кең. Міне, осындай жағдайда әдебиетіміздің ертеңі қалай болар екен деген сұрау да орала береді.

Өйткені жастарға қамқорлық деген жалпы желеумен оларға қойылар талапты босаңсытып алмас па екенбіз деген күдік те келеді көңілге. Жас шағында ақын болуды, жазушы болуды армандайтын жастар көп болады. Олардың ішінде табиғатынан таланты барлары да, тек жастықтың әсерімен әуестенушілері де болады. Және алғашқы кезде оларды бір-бірінен ажыратып тану қиын. Кейде тіпті әуесқойдың жазғандары сәттірек көрінуі де мүмкін. Және ондайлар таланты кем болса да бірден көзге түсуге ептірек келеді. Міне, қамқорлыққа осындай жас іліксе, әрине, онда ондай жастың өзіне де, әдебиетке де қиянат жасары анық. Өмірдегі өз жолын басқа мамандықтан тауып, қоғамға да, өзіне де пайдалы еңбек етер жас адамның өмірі әдебиет төңірегіндегі топтардың шаң-тозаңында өтеді. Сөйтіп әдебиетшілердің қарасын сан жағынан көбейткенмен сапалық өсу жағына залалын тигізіп отырады. Міне, жастарға қамқорлық дегенде көңілге күдік осы тұрғыда оралады.

Алайда әдебиетке өмірдің ащы-тұщысын татып, ыстық-суығына пісіп-қатқан, ойлы-қырлы ұзақ жолмен - оқу, іздену, үйрену үстіндегі азапты жолмен, бірде қуанса, бірде торығып; бірде ширықса, бірде түңіліп; енді бірде өз талантының барына өзі күмәнданып үнемі өзін-өзі қайрап-жанып үлкен дайындықпен келетін талантты жастар да бар. Міне, олар шын мәніндегі әдебиетіміздің болашағы.

Қазіргі замандастың рухани жан байлығы, оның шындық жолындағы күресі, жасампаз қасиеті сол талантты жастардың алғашқы шығармаларында-ақ бой көрсетіп, әр қайсысы өз қырымен ашылып, өзіндік бояулармен дараланады. Мұның өзінен біз әдебиетіміздің талантты жастар арқылы өмір деген құнарлы топыраққа тамырын жан-жақты жайып, кең өріс ала бастағанын аңғарамыз. Егер осыдан он жыл бұрын, жиырма жыл бұрың әдебиетке кеп қосылған жастардың сол кездегі өре биігін еске алар болсақ, бүгінгі жастар басқашалау. Бүгінгі жастардың таланттылары сол алдыңғы толқындардың творчестволық тәжірибелерінен үйрене отырып, үлгі ала отырып олар салған таптаурын жолға түспей, әдебиетке өз соқпақтарымен келуге тырысады.

Бүгінде әдебиетке келіп қосылып жатқан жастар саны қай кездегіден де көп. Жыл сайын баспаларымыздан олардың ондаған жеке кітаптары және топтама жинақтар мен мерзімдік баспасөздерде жүздеген шыгармалары жарық көреді. Оның бәрін тегіс оқып шығу, олардың бәрін бір мақалада қамту мүмкін емес. Алайда сол қалың тасқын ішінен өзіміз байқаған біраз жастардың алғашқы шығармалары туралы пікірімізді ортаға салуды мақұл көрдік. Әрине, әзірге бұл жастардың бәрі бірдей ертең әдебиетіміздің тұрақты еңбеккері боп қалады деп кесіп айту да қиын, әлі қайсысы кетеді, қайсысы қалады, қайсысы қандай биікке көтеріледі, оны алдағы уақыт көрсетеді. Біздікі, әзірге тек олардың жақсы қадамдарына қуанып, кем соғып жатқан тұстарына көңіл аударып, әдебиеттің бейнетке толы азапты жолына сәт сапар тілеуден туған ойлар ғана. Мейрам Асылғазин, Мұқадес Есламғалиев, Эрнест Төреханов, Дінәш Нұрмухамбетов, Нұрдәулет Ақышев, Теңізбай Рахымжанов, Жақау Дәуренбеков, Нұржан Мұраталиев, Болат Бабақов, Мұса Рахманбердиев, Тұрысбек Сәукетаев, Қуандық Түменбаев, Қонысбай Әбілев, Баянғали Әлімжанов, Әшірбек Көпішев т.б. жас прозаиктердің алғашқы повесть, әңгімелерін оқи отырып, олардың аяқ алыстарының ширақтығына, тез өсіп, тез жетіліп келе жатқандарына қуанасың. Жасқа тән ұшқырлық та, шалыс басу да, тынымсыз ізденіс те бар бұлардын бойында және сонысымен жарасымды.

Жоғарыда аттары аталған жазушылардың қайсысының шығармасын алмаңыз — жастық, махаббат, адалдықты ту ғып көтеріп, қоғам, уақыт алдындағы азаматтық борышты терең түсіне білу, зұлымдық атаулыға үзілді-кесілді қарсы шығып, ізгілік жолында тайсалмай күресе білу — сәтті көркемдік шешімдерін тауып отырады.

Уақыт талабы, сол уақыт талабынан туындайтын күнделікті өмірдегі ірілі-ұсақты айтыс-тартыстар, проблемалар жастар шығармаларының негізгі арқауы. Сол проблемалардың ішінде қоғамдық мәні бар өзекті мәселелер де, жеке адамдар тағдырына байланысты моральдық-этикалық жайлар да қозғалады.

Мен өзім шағын жанрды ұнататын болған соң жастардың әңгімелеріне көбірек ден қойғанымды жасыра алмаймын. Бір қуанғаным, олардың көпшілігі-ақ алғашқы қадамдарын осы шағын жанрда бастайды екен. «Жалын» баспасынан «Өркен» сериясы бойынша шыққан олардың алғашқы кітаптарының дені «Арман қанатында» атты жалпы жинақтың, «Жалын» альманағында, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланатын тұңғыш тұсаукесер прозалық шығармалардың бәрі де әңгіме екен. Осыған қарағанда қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының болашағы өркенді болады-ау деген үміт те жоқ емес. Тағы бір байқағанымыз — жас әңгімешілердің кейбірі осы жанрға алғашқы қадамынан бел буып, ден койған тәрізді. Солардың бірі Серік Асылбеков. Мен оның «Кешігіп қайтқан тырналар» атты тұңғыш әңгімелер кітабын кейбір кемшіліктеріне қарамастан «Өркеннен» шыққан сәтті жинақтардың бірі дер едім. Жас жазушының нәзік лиризмін, адамға деген ерекше жылылығын атап өткен жөн. Сол сияқты «Өркен» сериясынан шыкдан Дидахмет Әшімхановтың «Аққабаның толқыны» жинағы да әдебиетімізге іздену үстіндегі талантты бір жастың келгеніне дәлел. Дидахмет өз кейіпкерлерінің мінез-құлықтарын жақсылық пен жамандық майдандасқан трагедиялық хал үстінде көрсетуге тырысады. Әңгіме жанрының табиғатына шақ шағын оқиғаға көп жайды сыйғыза біледі. Мысалы: «Жетпіс апа» әңгімесінде — өмір бойы соғыстан қайтпаған жалғыз ұлын күтумен өткен ана жүрегі қаншама жылдар өтсе де бір сәтке жұбаныш таппай қан жыласа, «Аққабаның толқынында» сүйген жарының дүниеқоңыздығынан жаны шошынған әйелдің үміті алданған қайғылы трагедиясын көреміз.

«Екінші тыныс» Мұқадес Есламғалиевтің екінші кітабы. Бұл авторды өз басым көптен танитынмын, жақсы білетінмін. Бір кездерде оның алғашқы әңгімелерін оқып, пікір де айтқанмын, Мұқадестің талантты екеніне, болашақта жақсы шығармалар жазатынына еш уақытта шүбә келтірген емеспін. Қайта жазудан қол үзбеуін әлі де іздену, еңбектену керектігін айтып, кеңестер беретінбіз. Соңғы жылдарда мерзімдік баспасөз беттерінен Мұқадестің шығармаларын оқып, жоғалтқаныңды тапқандай қуанатындардың бірі өзім едім дей аламын. Енді міне «Екінші тыныс» жинағын оқи отырып, әдебиетімізге талантты бір новеллистің келгеніне көзіміз жетті. Оның «Соңғы самғау», «Екінші тыныс», «Көршілер», «Сәуегөйлер», «Жигулидің желі», «Жақсы келін» әңгімелері өмірдің қалтарыс бүкпелеріне дендей еніп, ескілік пен жаңаның арасындағы қақтығыстарды шынайы көрсетуімен әсерлі. Әңгімелер тілі дәл де жатық, әрі көркем.

Осы сериядан шыққан Тұрысбек Сәукетаевтың «Сүткенже», Болат Қанатбаевтың «Көшпелі бұлттар», Теңізбай Рахымжановтың «Оралу», Қуандық Түменбаевтың «Қайың сапты кетпен», Баянғали Әлімжановтың «Қиқыматтың хикаялары» кітаптары әдебиетімізге талантты бір топ жастың келгенін танытады. Бұлардың әрқайсысының өзіндік өмір танымы, өзіндік тақырыптары, айтсам дейтін ойлары бар авторлар. Теңізбай әңгімесінде туған жерінен, жерлестерінен қол үзіп кеткен суретшінің бірнеше жылдан кейін қайтып оралғанда өз топырағына деген перзенттік сезімінің қайта оянуы баяндалса, Болаттың «Бір апта демалыс», «Көшпелі бұлттар» әңгімесінде мұнайлы өлкедегі дарқан көңілді еңбек адамдарының мінез-құлықтары суреттеледі; ал Тұрысбек әңгімесінің кейіпкері — Төрежан бүгінде әр ауылда кездесетін батыр тұлғалы, ұяң мінезді жаны сұлу, таныс-бейтаныс жас замандасымызды көз алдымызға келтірсе, Баянғали әңгімелерінің ортақ кейіпкері — Қиқымат бүгінде ортамызда жүрген, қылыктары кейде күлкілі, кейде ашу-ызаңды келтіретін жетесіз жандардың жиынтық бейнесін елестетеді. Жас жазушы ортақ бір геройды ала отырып, оның басынан кешкен хикаяларды әңгімеден әңгімеге жетелей отырьш, сатиралық новеллалар циклынан тұтас бір шығарма жасайды. Біздің әдебиетімізге көп сіңісе қоймаған осынау жақсы форма Баянғалидің алғашқы қадамында жақсы үйлесімін тапқан. Жас жазушының ойнақы тілі, шығарма сюжетін құрудағы ізденгіштігі қуантады.

Алайда жастар шығармасының бәрі бірдей емес. Кейбірі өзі жазып отырған шығармасының не повесть, не әңгіме боларын пайымдай алмай, шығармасының жанрлық табиғатынан адасып қалады. Соның салдарынан «повесть» не «әңгіме» деп айдар таққандары, көлемінің үлкендігіне қарамастан этюдтік дәрежеден аспайтын болымсыз оқиғаға құрылады, немесе үлкен бір қолжазбаның бас-аяғы шорт үзілген үзіндісі сияқты көрінеді. Және осы шағын шығармалардың көпшілігіне тән бір кемшілік — бәрін бір адам ғана әңгімелей айтып берген сияқты әсер қалдыратыны. Және оқиғалары да егіз қозыдай ұқсас боп отырады. Жастық шақтарында бір-бірімен түсінісе алмаған қыз бен жігіт кейін есейгендерінде ойда жоқта қайта кездесіп, баяғы кездерін өкінішпен еске алады. Жаттанды жәй. Баспа орындары, газет-журналдар редакциясы жас қалам иелеріне ықыласты қамқорлықпен қатар, олардың шығармаларының көркемдік сапасына да талап қоя білсе екен демекпіз.

Жас жазушылардың ізденгіштігін, талантының қарымын тақырып таңдауынан-ақ байқауға болады. Мәселен жас жазушы Қуандық Түменбаевтың «Қандас көршілер» әңгімесі тақырыбының сонылығымен, драмалық ширақтылығымен дараланады. Әңгіменің бас кейіпкері Сәлім — нағыз халық ортасынан шыққан көпшіл, қонақшыл, барын аямайтын аңқылдаған жомарт жан. Сол Сәлім жалғыз інісі Әлімнің зұлымдық ісін көргенде жаманшылыққа жаны жібімес, болаттай берік қаталдық танытады. Автор Сәлімнің мінез-құлкын образ бойына сиымды етіп бере білген. Осы бір әңгімеден-ақ жас автордың ізденіштігін, тапқан тақырыбын төкпей-шашпай жып-жинақы етіп жаза білгенін байқадық.

Жас автор Б.Бабақовтың «Қарашадағы қар» атты повесі де көтерген мәселесінің мәнділігімен көзге түседі. Мұнда автор жылқы шаруашылығын өркендетуге байланысты біраз ойлар қозғаған. Бүкіл өмірін жылқы соңында өткізіп келе жатқан Мақажан деген еңбеккер қарттың ешкімнен ықпас, ешбір қиыншылықтан қорықпас қайсар мінезі арқылы «Ақжол» колхозындағы қырсыз басшылықтың салдарынан орын алған қоғамдық малға деген үстірт көзқарасты шеней отырып, бірталай әлеуметтік мәні бар мәселелер көтереді. Және бұл ойларын автор құрғақ баяндамай шығарманың өн-бойына табиғи кіріктіріп, геройларының іс-әрекеттерімен, солардың мақсат-мұраттарымен ұштастыра, идеялық салмақ салып баяндайды. Шығарма кейіпкерлерінің арасындағы қақтығыстар да осы арнада өрбиді. Демек жас автордың өз шығармасында әлеуметтік проблемаларды қозғауға талпынған мұндай жақсы қадамын құптай да, қолдай да білуіміз керек. Мейлі, бір қарағанда «Қарашадағы қар» қазақ әдебиетінде жылқышылар өмірінен бұрындары жазылған басқа да шығармаларды еске түсіруі мүмкін, бірақ жас жазушының сөз саптасы, тіл бояуы, әсіресе боранды суреттеген тұстардағы суреткерлік өнері әдебиетімізге талантты бір жастың келгеніне дәлел.

Сол сияқты Э.Төрехановтың «Таудан түскен із» повесі де тағы бір жас автордың талантын танытатын шығарма дер едім. Бұл повесть мектеп жасындағы балаларға арналып жазылған.

Тілі көркем, ойнақы. Оқиғасы қызғылықты. Оқушысын еліктіріп, соңына шыққанша тартып отыратын шығарма. Мұнда совет балалар әдебиетінің классигі Аркадий Гайдар мектебінің жақсы үлгісі бар десек те артық айтқандық емес. Үлкендер мен балалар арасындағы қарым-қатынас және балалардың күнделікті жүріс-тұрыс, іс-әрекеттеріне барынша шын пейілмен ықылас қоя қарау повесті салмақтандыра түскен. Сондықтан да мұндай шығарманы әрбір оқушы жас өз басынан өткергендей боп отырып оқитыны анық. Автордың өзі жазып отырған өмірді, геройларын жақсы біліп қана қоймай жақсы көретіні сондай, сол сезім оқушысына да еріксіз ұялайды. Ал бұл кез-келген автордың қолынан келе бермейтін қасиет. Повестің соңғы аяқталар тарауындағы браконьерді анықтайтын тұстарында сәл жасандылықтың салқыны байқалады. Браконьердің іс-әрекеті жұмбақтау боп қалмай ашыла, айқындала түссе шығарманың реалистік қуаты да күшейе түсер еді.

Жас автор Әшірбек Көпішевтің «Дөңгеле күн, дөңгеле» повесі де жақсы оқылатын шығарма. Аманжан атты жас баланың атынан соның дүниетанымы арқылы үлкендердің қым-қуыт тағдырлары, өзара қарым-қатынастары, іс-әрекеттері әңгімеленеді. Баланың өз әкесі қиянатшыл Жұртбайдың басқаларға, әсіресе диірменші Ералы қартпен оның жау тұтқынға түскен баласы Жаңбыралыға істеген қысастықтары Аманжанның көзімен беріледі. Жас бала ізгілік пен зұлымдық майдандасқан осынау соқпағы көп шым-шытырман өмір табалдырығын аттап алғаш рет шамырқанады. Өкси тұрып, егіле жүріп шындықты, әділдікті танығысы келеді. Ал сол шындық, әділдік оны өз әкесінен шошындырады. Міне, бұл өмірдің Аманжанға берген ең алғашқы ауыр да арлы салмағы еді.

Повесті оқып шыққанда әдебиетімізге сол Аманжан баладай пәк жүректі, сезімтал, талантты бір жастың келгеніне қуандым. Аннотацияда жазылғандай: «Бұл – талапкердің прозадағы тұңғыш қадамы екен. Демек жас автордың ең әуелі алғашқы аяқ алысын, шын талант иесі болса оның өзіне ғана тән жақсы қасиеттерін көруді мақсат еттім. Әшірбектің тілді білетініне еш күмәнім жоқ. Тек әзірге өзіндік қолтаңбасы, стилі бар деу асығыстық болар еді. Өйткені бұл шығармасы арқылы жас автор өзінің талантты екенін, жазуға мүмкіндігі барын танытып отыр. Жазып отырған оқиғаны элегиялық әуезбен тебірене баяндауға талпынған. Және ол ниеті біршама сәтті шыққан деуге де болады. Тек тәжірибесіздіктен кеткен «әттегенайлары» болмаса. Біріншіден, повесть геройы жас баланың өз әкесінен жерінуі, басқа адамдарға (Ербол қартқа, оның баласы Жаңбыралыға) бүйрегі бұруы түсініксіз боп шыққан, автордың еркімен болып тұрған жасанды жәй сияқты. Өйткені, сәбидің өз әкесінен (егер туған әке болса) жерінуі оңай құбылыс болмаса керек. Екіншіден, жау тұтқынына түскен Жаңбыралының пәлен жыл өткеннен кейін ақталуы да осы повестке ғана қажет жасанды ситуация сияқты боп тұр. Сондай-ақ геологтарға байланысты тұс та күңгірт... Міне, осындай ірілі-ұсақты «әттегенайлардың» тағы біразын тізуге болар еді, бірақ тәптіштей беруді қажет көрмедім. Жас автордың қатты бір ескеретіні – тілдің таза болуына мұқият болғаны жөн. Өйткені сөзді орнымен дәл қолдануға мән бермей, сөйлем құруға қазірден салақ қарайтын болса, кейін үйреншікті дағдыға айналып кетеді. О баста тілдің таза болуына мән бермеген кейбір талантты жазушыларымыздың бүгінде түсініксіз сөз, түсініксіз тіркестерді стильдік ерекшелігі, тілді көп білетіндігім деп жетістік санап жүргендерін де көріп жүрміз. Ана тіліміздің таза болғанына не жетсін.

(Жалғасы бар)

«Жұлдыз» журналы, 1984 жыл, № 3.

Бөлісу:

Көп оқылғандар