Тұрсын Жұртбай. Қайырымның қормалы (эссе)

Бөлісу:

02.03.2018 5947

Ағалықтың қадірін білдік пе, білмедік пе, білмеймін, бірақ ағалардың қадірін енді сезініп жүргеніміз анық. Осыдан он жылдай бұрын алдыңғы буын ағалардың алғашқы легі сетіней бастағанда: «Бұрын қалың орманның ішінде жүріппіз, қалай адассаң да, қалай сейілдеп, қалай сергелдеңдетсең де жан-жағың ықтасын, саяқтығың білінбейтін еді. Енді орманның шетіне шығып қалыппыз. Алдыңдағы бір, екі қадамнан арғы жер – бос кеңістік, ашық алаң. Көкжиекке дейін көзге көрінер-көрінбестей боп бірен-саран ғана емен қараңдайды. Біз де жел өтіне шығыппыз», – деген кезде Қалихан, Рымғали, Ақселеу ағаларым қасымда еді.

Содан кейін әлгі жаныңдағы ормандар опырылды дейсің келіп. Енді қадау-қадау жалғыз емендерді қара тұтып жүргенде... Қал-ағаң дүниеден қайтты дегенде дүние шыр айналып, аспан қарауытып сала берді. Түнделетіп Алтайға қарай жөнелтілген рухымен бірге мен де аспан кезіп, көз шырымын алмай таң атырғамын. Дидахмет шайтанқұлақ арқылы: Жаңа ғана Топқайыңда жамбасы жерге тиді – дегенде ғана лажысыздыққа мойынсынғаным есімде.

Сол көңіл-күйді жазушылардың мүшелтойына орай өткізілген жиынға барған кезде тағы да басымнан кешірдім. Бұрын осындайда әркіммен қауышып, қалжыңдасып қалушы едім. Сол күндерді сағынып алып-ұшып жетіп барғанда, қауқылдаса төс түйістіретін ағалар мен тетелес ағаларды кездестіре алмай абдырап қалдым. Әлдененің жетпей тұрғанын сезіп, қалың көпшіліктің арасынан шеттей бергенімде...

Кенет аңсарым азынап, көңілім құлазып қоя берді. Сөйтсем, мен осындайда арсалаңдай барып қаусыра құшағыма алып, қатты қысатын Қал-ағамды, Қалихан ағамды іздеп тұр екенмін. Менің бойымда Қал-ағаңның «Қоңыр күз едісінен» қалған бір мұң бар еді. Сол сәтте Қал-ағаңның рухымен бірге Алтайға қарай азынап ұшқан мұңлық күйім ойыма орала кетті. Сүйініп-күйініп, суынып-ысынып мағынасыздау мұң арқалап тұрғанымда жарықтығым Жәркеннің ұшыраса қалғаны. Оның да жетісіп тұрғаны шамалы екен. Жәркенді қолтықтаған бойы топтан, сүйікті тобымнан алыстай бердім. Қал-ағаңсыз қаламгерлердің ортасы да ойсырап-ақ қалыпты!

Қайран, Қал-ағаң! Тұла бойы қайырым, мейірімнен тұратын пенде аз емес шығар, бірақ санаулы. Сол санаулының бірі – қазақтың Қалиханы, Қалихан Ысқақов, біздің Қал-ағамыз еді. Адамды алыс-жақын, дос-туыс деп бөлмейтін осынау бір ұлы талант иесі маған қайырымның қормалындай көрінетін. Жанына жанап кеткен адам бұл кісінің жан жылуын сезбеуі мүмкін емес еді және ол сезім өмір бойы баурап жүретін. Өзіне жалғыздық та жараспайтын. Қандай да бір жиыннан, қандай да бір отырыстан ертелі кеш шықсаң, егер Қал-ағаң көлігімен келсе, жаяу қалмайтынсың. Арақашық алыс па, жақын ба, бәрібір. Үнемі кісі, туыс, бауыр, дос, бала іздеп жүретін.

Бала демекші... Өзінің Қожалағынан бастап, өзімен бауырлас болған інілерінің балаларының барлығының да Қал-ағаң қойған аты болатын және солардың бәрімен де құрдас еді. Жолай, не әлдебір бас қосудан соң әлгі «құрдасын» шақырып алып: «Жүр, сені үйіңе апарып тастайын. Аналар өздері білсін», – де күліп алып, «әлгінің» әкесі мен шешесіне бір қарап қойып көлігіне беттейтін. Ал содан кейін соңынан ермей көр. Мұндайда сол жиын-тойдың соңынан бір кіикілжіңнің болғанын ертең естіп, енді Қал-ағаңның әулиелігіне қайтып күмәнданбайтынсың. Кейде, міндетсіп, күттіріп қоятын сәттеріміз де кездесті. Ондайда өзінің бір кезекті «ішіңді ұрайынын» айтып алып, айтқаныңа көніп, айтқан жағыңа апарып тастайтын. Бейне бір сені ары-бері тасып жүруді сол кісінің маңдайына жазып қойған сияқты. Әрине, артық кеткенімізді білеміз. Соның өтеуі ретінде ертеңінде «Қал-аға!» деп бас сап құшақтай алсаң болды, сені тағы да тасуға дайын тұратын.

Сондықтан да Қал-ағаңды білмейтін, ол басынан сипамаған қазақ жазушыларының баласы кем де кем шығар. Ал арамыздағы «ақылдымыз» Дидахметтің Дәулеті Қал-ағаңмен қалжыңдасқанды былай қойып, кәдімгідей жұмсайтын. Соның айтқанына көнетін Қал-ағаңды көріп біз мәз болып: «Әкең қартайса құлға жарисың» – деуші еді. Мына Әшімханның ұлы өз әкесін аяп, Қал-ағаңды арбаға жегіп жұмсады-ау, ақыры» дейтінбіз. Енді біз есейгенде де Дидахмет пен Жанболаттың сол қулары – Дәулет пен Елдос әлгі әдеттерін қоймай бізді жұмсайтын болды. Бұлардың солай «байығанына» өзіміз де ризамыз. Оның да өз рахаты болады екен. Ал ол рахатты Қал-ағаң, әрине, бізден бұрын көрді.

Қазақтың Қалихан Ысқақовтай классик жазушысына өзімізді ғана емес, баламызды да тасытып жүрген күндер-ай, қайдасыңдар? Қайдасың, Қал-аға! Осылар еске түскенде егіліп-ақ кетесің!

Өзі де еркін жүретін, өзгені де еркінсітіп ұстайтын Қалихан аға қандай ортада болсын, қандай жағдай болсын қысылып-қымтырылуды білмейтін сияқты еді, білсе де – бізге білдірмейтін. Қолтығына кіріп, бауырына басылған отыз бес жылдан астам мерзім ішінде мен Қал-ағаңның осынау бір айылын жимайтын еркін қалпы мен қайырымнан қолы босаған сәтін көрмеппін. Мінбеге шығып, сұқ саусағы шошайып, шарпулы сөзбен шаңдата жөнелген кезінде де, сол сұқ саусақтан да «неғылайын» деген емеуірін мен ым білініп тұратын. Тоқтатуға мүмкін еместей көрінетін сол тегеуіріні мінбеден түскеннен кейін тез басылып, темекінің ащы түтінімен таралып кететін. Сол маңғаз қалпынан айнымай маң-паң басып, тағы да біреудің қамын ойлап, ақыл айтып бара жататын.

Ал араға аз уақыт салып бөлмесіне кірсең, әлгі шаңдатқан дүрбелең қаперінде де жоқ, кезекті біреудің қолжазбасын оқып, сызып, қосып, қысқартып, өңдеп отыратын. Алпыс жасқа толған тойында: Қал-ағаңның өңдеп, түзеп жариялаған өзгелердің шығармалары мен оған кеткен уақыты – Қал-ағаңның өз шығармаларының көлемі мен оны жазуға кеткен уақыттың алпыс пайызын құрайды – деп ем. Қарасөзге келген кейінгі буынның шығармаларына Қал-ағаңның қаламұшы тимегені аз. Ал, марқұм Асқар Сүлейменов қаламынан шыққан дүниені алдымен Қал-ағаңның алдына сондай бір паңдықпен тастай салатын да: «Қызметіңізге кірісіңіз» – дейтін. Өйткені, Асекеңнің жазуын да, стилін де, ой ағымын да Қал-ағаңнан басқалардың ажыратуы қиын, тіпті, мүмкін емес еді.

Одаққа талқылауға түскен қолжазбалар Қал-ағаңның қарауынсыз өткені аз. Қызметтің орыс, қазақ тілдеріндегі таусылмайтын жауап хаттары да Қал-ағаңның қолынан өтетін. Мұндай шығармалардың көлемі Қал-ағаңның өз мұрасынан бес есе көп десе, мен сенер едім. Қал-ағаңның әбден мезі болғанда ашынып: «Тоқтатыңдар мұндайды. Қалихан сендерге безразмерный презерватив емес!» – дейтін атақты сөзі де сондайда айтылған. Тек жер ортасынан асқанда қаламгерлердің шығармашылық үйінде дүниеге келген «Ақсу – жер жәннаты» атты романы тұсында ғана қаламын суытпаған болуы керек. Ол тұста Қал-ағаңды біз де алаңдатпауға тырыстық. Соның өзінде ара-тұра баратын жерімізге жеткізіп тастап жүрді. Біз оны, қайырымдылық жасамаса зерігетін ағамыздың «ермегі» деп қабылдадық.

Қал-ағаңның қарапайымдылығы мен қарабайырлығы сондай, ол кісіні түсінуге, не ол кісіге түсінікті болуға, не әлденені түсіндіруге тырысудың еш қажеті жоқ еді. Ағамызға бәрі де аян, бәрі де түсінікті еді, себебі бәрін де біліп тұратын және соған қалтқысыз сендіретін. Өзі де сенетін немесе сенген сияқты, сенгісі келген сияқты, сеніп қалғандай, ештеңеге алаңдамайтындай, ешқайда асықпайтындай болатын.

Сексенінші жылдың желтоқсан айының басында бір топ жас жазушыларды Мәскеуге одақтың екінші басшысы Сайын Мұратбеков ағамыз бастап барды. Әкім Тарази ағамыз демалыс үйіне бара жатыр екен. Екі досын шығарып салуға Қалихан, Қабдеш, Рамазан ағаларымыз қосақтарымен қоса келді. Шығарып салу рәсімі басталды. Жеңгелеріміз екінші Алматының вокзалында қалды. Содан Қал-ағаң әңгімені бастап кеп жіберді.

Бір уақытта поезіміз екі иығынан дем алып, екпінін үдете жөнелді. Сөйтсек, бірінші Алматыдан да өтіп кетіппіз. Сонда да Қал-ағаң әңгімесін тиған жоқ. Поездің міндетті түрде әлдеқандай себеппен, әлдеқандай разьезге тоқтауы тиіс екенін айтып, түсіндіріп, әңгімесін аяқтап болғанша Алматыдан қырық бес шақырым «Ақ» деген сөзден басталатын бір разьезге бір минут аялдады да, үш дос әзер түсіп үлгерді. Сонда да Қал-ағаң әңгімесін тиянақтап үлгермеді. «Түскен жерлерің «Ақтан» басталады екен. Ақтан қағылмайтын болдыңдар», – деп Әкім ағамыз қағытып үлгерді, әйтеуір. Ал үшеуі ол разьезде «ақтан» қағылғаны несі, «ақ сарбастың» басын мүжіп қайтқанының өзі бір хикая. Әйтеуір үшеуінің біреуін разьед бастығы тани қойғаны анық. Бұл туралы Қабдеш ағамыз бен марқұм Рамазан ағаның өзі уәжі бар. Бірақ басты Қал-ағаңның мүжігені тағы да анық.

Өзге біреу болса күйіп-пісіп, алқынып-жұлқынып, асығып-үсігіп қалатыны аян. Ал Қал-ағаңның жүзінде алаң болсашы. Мұны адамның қандай мінезіне жатқызуды мен білмеймін. Әлде, қарабайырлық деген осы ма? Әйтеуір, Қал-ағаңның тұрған бойы сол, не артық, не кем піше алмайсың. Ақылы – мінезіне, мінезі – ақылына сыйымды – деген осы шығар, бәлкім, кім білсін.

Аяқталмаған әңгіме демекші, Оралхан ағама қатысты естелікте айтылған жайдың Қал-ағаңа қатысты қырына көшейін. Жазушы Тұрдыбек Алшынбаевтің үйіне қайынағасы, Аякөзде тұратын ақын Ерғазы Рахимов бірінші мамыр күні Қалихан, Қажытай, Оралхан үшеуін қонаққа шақырттырды. Ерағаң әдеттегідгей малтүгелдігіне басып, поезд ауыстырып айтқан уақытынан он екі сағат кешігіп келді, яғни, қонақ бар, қонақ иесінің өзі жоқ. Міне, осы кезде Қал-ағаңның әңгімесі басталды. Он екі сағат бойы тек қана Алтайдың қайыңы туралы сөз қозғады. Қайыңның түрі, бүрі, бұтағы, бүршігі, қабығы, тозы, тозының астары; қайыңның шырыны, шырынның дәмі, қайың шырынынан ашытылатын балсыраның (медеуханың – !) дәмі, оны жасаудың жолдары; қайыңның тамыры, қайыңның жасы, қайыңның безі, одан жасалатын шоқпардың түрі; үй салатын, арбаның шеңбері мен шертпекке жарамды, жиһазға, шаңыраққа керекті қайыңның; монша мен үйдің пешіне жағатын қайыңның; ең аяғы ұршықтың басына пайдаланатын қайыңның түрі сараланып, енді, сол қайыңдардың түрі, бірінші – жапырағы арқылы ажыратылатынын, өйткені жапырағының өзі жазда былай, күзде алай болатынын, екінші діңінен айырылатынын, діңіне құрт түскен қайыңның қасиеті мен кемшілігі анадай да мынадай деп, соның бәрін түгендеп боп, қайыңнан жасалатын астау мен ожауға көшкенде...

Ерғазы ағамыздың да үйге кіріп келгені. Таңертеңгі сағат оннан кешкі сағат онға дейін қайыңның әңгімесін айтып тауыса алмай, бір қойдың басын мүжіп болған Қал-ағаң екінші қойға бата жасағанда ғана әңгімеге досы келіп, көңілі көншіген жиені Оралхан араласты. Шындығын айтайын, ешкім жалыққан жоқ, Орағаң араласқанда ғана мұндағы отырғандарда да тіл бар екенін аңғарғандай болдық. Сонда бұл шешендік пе, білім бе, түйсік пе? Қалай десең де туабітті қасиет екені анық. Ал өз басым, Қатонқарағайға барғанда құшағым жетпейтін қайыңдарды көріп барып Қал-ағаңның әңгімесіне иланғаным есімде.

Мен Қал-ағаңның сценарийлері мен пьесаларының қаншалықты сақналық құдіреті бар екенін, соларға жұмсалған есіл уақыт ақталды ма, жоқ па, білмеймін. «Көксерек» пен «Қараш-Қараш оқиғасы» туралы фильмнің сәтті шыққаны анық. Алайда ең алымды да қарымды отыз бен қырықтың жуан ортасына дейінгі ғұмырын алған сол туындылар Қал-ағаңды прозадан алыстатқанын өкінішпен еске аламын. «Бұқтырманың сарыны» мен «Тұйық» романына дейінгі аралықтағы он жыл, шағармашылық иесі үшін қасиетті он жыл еді. Бұл екі шығарма жазушының сөзсіз алуға тиісті және емін еркін алған белестері. Алайда оны жазған «Қоңыр күз еді» хикаятындағы жазушы Қалихан Ысқақов емес еді. Мүлдем басқа қолтаңба, басқа тақырып, басқа жазу мәнері, басқа аңсар, басқа ырғақ, басқа уақытпен бейнеленген кеңістік еді. Тек барынша ашық та ащы дәмін тұщытқан тотияйындай тіл кестесі ғана бұрынғы Қалиханды еске салатын. «Ақсу – жер жәннаты» осы екі шығармалардың өзге желімен өрілген қорытынды туындысы болатын.

Оқиға қуып оқитын қарапайым оқырман үшін Қал-ағаңның шығармалары қаншалықты қызықты тартымды әсер ететінін білмеймін, ал қолына қалам ұстаған кез-келген сөз иесі үшін көркем ойдың үлгісі ретінде міндетті түрде оқуға тиісті туындылар екені кәміл. Әйтпесе, драма мен сценарий жазған адам үшін оқиғаның желісін ширықтырып беру пәлендей қиындыққа түспейтін. Қалихан Ысқақовтың шығармалары талғамы тұщымды, ойы ұшталған, жазушылықтың түйсік бояуына қанық адам үшін қашан да таңғажайып дүние болып қала береді. Біз сабақтап, сараламаған көркемдік қатпарларды келешектегі көзі қарақты әдебиет сыншысы аңғаратыны әрі ашатыны да кәміл. Өзінің естеліктерімен таң қалддырған Қал-ағаң болашақтың да оқырмандарын баурап алатынына еш күмәнім жоқ. Қалихан Ысқақов сияқты көркем ой мен қайырымның қормалы ілуде біреу ғана туады.

Соншама қарабайырлыққа жақын қарапайым Қал-ағаңның тіршілігінен авангардтық мінездің бұтағы көрініп тұратын. Ақадал жеңешем де нағыз «авангард жеңеше» болатын. Дидахмет екеуміз көңіл айта барғанда: «Мен де ұзамаймын. Екі-үш айлық күнім қалды. Мына қызымды қолдарыңнан ұзатыңдар!» – деген әулие Дәметкен жеңешемнің сондағы жарықшақ дауысы әлі құлағымда.

Қайран, қайырымның құты қонған қормалдарым!.. Қай мінездеріңізді айтып бітіргендей едік. Сіздердің көзаяларыңызда болғанның өзін үлкен медет тұтып, күйініп барып сүйініп өмір сүреміз де, қайтеміз.

8 наурыз, 2015 жыл.

Бөлісу:

Көп оқылғандар