Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)
Бөлісу:
"Әдебиет порталы" Мұхтар Мағауиннің "Ілияс аға Есенберлин" атты естелік-жазбасын жариялауды жалғастырады.
Ілияс аға Есенберлин
(жалғасы)
11
Мен «Жазушыға» барған алғашқы күннен бастап, Ілекеңмен ортамызда барлаусыз, есеп-қисап, бүкпесіз, еркін қатынас қалыптасты. Жұмыс бабындағы риясыз жағдай өз алдына. Бастық пен бағынышты арасындағы ресми байланыс емес, жасы үлкен ақсақал мен одан екі еседей кіші іні арасындағы ізетті сыйластық та емес, бағыт-бағдары ортақ, атаулы мақсат жолындағы серіктес, қанаттас алаш азаматтарының кәміл түсіністі, әманда тілектес, құрмет пен алғысқа толы өзгеше жалғастығы. Бар айырма – мен қашанда тұпа-тура «Ілеке» деймін, «Сіз» деп сөйлеймін, ал Ілекең іш тартқан «Мұхтар» мен «сеннен» айнымайды. Жұмыс қажетіне қарай, кез келген уақытта алдына сұраусыз барам, Ілекең де кей реттерде арнайы шақыртпай, әлденеге ақылдасу үшін менің кабинетіме өзі келетін. Баз-базында алдында ұзақ отырамын. Баспа ісіне тікелей қатысты мәселелер ғана емес, Қазақ тарихы, бүгінгі әдебиет, жекелеген жазушылар туралы бейсауат кеңес, кейде осының ешбіріне қатыссыз пәндәуи әңгімелер, әрқилы қызғылықты, немесе төтенше оқиғалар. Ағамыз бен екеуіміздің арамызда тыйым тақырыптар жоқ еді. Мәселен, Мағжанның тағдыры, Ахаң мен Жақаң туралы. Мен жеке басым лагерьде отырып, тергеуге түспесем де, репрессияға ұшыраған әулет ұрпағымын, өмір жолы өзгеше Ілекең бұл жағын білмесе де, бостан-босқа жайылмайды, ашып айтпасақ та белгілі жағдай, мұндай кіді әңгімелер, сөз жоқ, тыңдауыш жабдықтары қойылған үлкен кабинетте емес, сыртқары, онда да екеуара жүрген кезімізде айтылатын. Әуелде «Қатерлі өткелді» жазған, кейінде Кенесарыны көтеріп, бұрынғы-соңғы қазақ тарихына тағы бес роман арнаған Ілияс Есенберлин өз халқының айнымас патриоты, осы сөздің ең жақсы әрі толық мағнасындағы ұлтшыл болатын. Бұл тақырыпта қашанда іркілмей сөйлесеміз. Алайда, бүгінгі күн жағдайына бойлап, тым тереңге кетпес едік. Ілекең тіс қаққан кәрі тарлан, мен, жас та болсам, кейінгі совет-орыс отаршылдығы туралы түсінігім толық, әйткенмен, ашылып сөйлемеймін. Бірақ айтпасақ та белгілі. Кейінгі кезде, әсіресе 100 жылдық мерекеге орай, әрқилы зерттеуші, жазармандар тарабынан Ілияс Есенберлин Совет өкіметін тәуір көрді, коммунистік нанымда болды дегендей қисынсыз тұспал, тұжырымдар айтыла бастады. Баяғы, советтік соқыр сананың көрінісі. Біз сенгенде ол неге сенбейді деген долбар. Табанда тапалып жатқан тексіздер сенген шығар, ал анығына келейікші, – сол өкіметті басқарып отырған партия көсемдері, – арыға бармайық, кейінгі, біз көрген Брежнев пен Ельцин, Горбачевтардың өзі коммунистік идеяларға, советтік ұрандарға сенді ме екен? Сенген болса, биік мансаптың бар игілігін көріп отырып, әуелгісі неге божыратқан, кейінгісі неге құлатқан? Партиялық көсемдер сондай солқылдақ болғанда, санасыз қара тобыр демесек, көкірегінде сәуле бар кез келген тірі пенде осының бәрі жалған, бәрі алдамшы екенін жақсы білді, тек айтуға, әшкерелеуге мүмкіндік жоқ. (Соған қарамастан, коммунистік ұрандардың жалғандығын, советтік саясаттың екіжүзділігін нақты әшкерелеп, жазып, суреттеп жатқан орыс қаламгерлері мен диссиденттер туралы айтпай-ақ қоялық.) Ілияс Есенберлиннің жағдайы тіпті бөлекше. Тарихи санасы, қазақтық болмысы, сыншыл ақыл-парасаты өз алдына. Алаш азаматтарының тағдыр, талайын жете таныған, осы тараптағы біраз өксігін «Қатерлі өткелге» салған, қазақтың ғаламат ашаршылығын көзімен көрген, Үлкен, қызыл террорды сырттай болса да байыптап, көңілге түйген, өзі де ұлтшыл атанып, сол үшін сынаққа сылтау – репрессияға ұшыраған, бұл сүргін қапастан ғайыптың күшімен ғана аман шыққан, ұлт тарихы тар соқпаққа салынып, әдебиет өрісі мейлінше шектелгенін ұққан, аз-мұз санасы бар зиялы азамат атаулы қатаң бақылау астында жүргенін аңдап, таныған, кез келген уақытта оң дүние – теріске айналып, қара түнек қайтадан орнауы мүмкін екендігін жан жүйесімен кәміл байыптаған, осының бәрін жиып қойғанда, қазақ халқын ұлт ретінде жаныштау қалыпты саясатқа айналғанын, енді, соңғы жылдарда «Тың көтеру» ұранымен отаршылдық науқан мүлде жүгенсіз, зорлық-зомбылық жағдайында жүзеге асып жатқанын көзімен көріп отырған, бар сұмдықты жан-жүйесімен сезініп, мейлінше тітіркенген Ілияс Есенберлин советтік құрылысты мейлінше жек көретін. Тек ашып айту мүмкін емес.
Ілекең туған халқын айрықша құрмет тұтатын. Өте жоғары бағалады. Айтқанымыздай, жүйелі отаршылдық пен күнделікті қиянатты көзбен көріп, көңілмен танып отыр. Кез келген адал, таза, намысты кісі әділетке ұмтылмақ. Ілекеңнің ұлтшылдығы – әу баста осындай табиғи түйсік нәтижесінде қалыптанған еді. Арыдағы Алаш арыстарының көлеңкесі өз алдына. Қайраткерлік жолын жаңа бастаған кезінде, елеусіз ілгішек үшін ауыр жазаға кесіліп, түрмеден өтіп, айдауға түсуі – осы ұлтшылдық үшін берілген жаза демеске болмайды. Тұрмыстағы, күнделікті тіршілік, өзіне қарасты мекеме шегіндегі теңдік пен әділет жолындағы азғана, шын мәнісінде жойдасыз саналған кінәраты үшін. «Халық жауының» қызын алған айыбына Орталық Партия Комитетінен ысырылып, енді Филармония директоры болып жүргенде, Москвадағы Қазақ мәдениетінің декадасына қатысты жұмсалған қаражат есебі – ресми қағаздағы қалыбынан асып кетіпті – 870 сом артық жұмсалған. Әлде бухгалтерия қатесі, әлде тиесілі шығын атауларынан қалыс бірдеңе болды. Мейлі, Мәскеудегі қонақасы, әрқилы думандар кезіндегі ысырап. Кінәлі екен дейік. Соншама ақша. Соншама емес болатын. Сол тұстағы Орташа қызметкердің айлық жалақысы. Менің ағам, яғни туған әкем Мұқан Мағауин дәп осы кез – 1948–1951 жылдарда Семей, Шұбартау ауданында, орталықтан алысырақ «Алғабас» деген ауылда бастауыш мектеп мұғалімі болды, көтеріңкі жалақы алатын, ол кезде әлдебір мекемеде қызмет атқарып, ақша табу – жаппай тұрмысқа енбеген, өзгеше жағдаят, әлі есімде, ағаның айлық ақысы – 1150 сом еді. Біздің шаңырақ астында өскен жиен, немере інісі, мен Кенже-аға дейтін Төкен Бекмағамбетов райфинотдел – аудандық ақша бөлімінде қатардағы қызметкер, айлығы 700 сом. Бұл – соғыс кезінде инфляцияға түскен, бұрнағы сабан ақша емес, кейінгі, 1961 жылы жаңарған, қазіргі үлкендер түгелдей көрген, бүгінгімен салыстырғанда еселеген қымбат, қуатты ақша да емес, қайталап айтайық, орташа қызметкердің айлық еңбекақысы, филармония директоры Есенберлиннің өзінің, бәлкім, жарым айлық қана табысы. Сол болмашы үшін партиядан шығарылды, айдауға кесілді. Барса келмес Колыма мен Воркутадан тысқары деп жұбанбасақ, орынсыз, аса қатал, сұмдық жаза. Осындай әділетсіз шешімнен соң көңілде қандай дық қалмақ. Және кеудесі даңғыл, болашақта үлкен істер тындырмақ бұла жігіттің көңілінде. Уақыт оза келе, Ілекеңнің туа біткен, ата қанымен дарыған, өмір өткелектерінде мүлде бекіген hәм қайрылмас сыпат алған ұлтшылдығы мүлде басқаша арна тапты, яғни, ұлттық сананы көтеретін пәрменді кітаптар жазуға ниет пен талап. Ақыры, қаншама іркіліс, қиындықтан соң тура жолға түсіпті – қаламгерлік қызметімен туған халқының көзін ашу, ежелгі тарихын әйгілеу, сөйтіп, ес жидырып, еңсесін көтеру тарабында тиянақты, әрі түбегейлі шаруаларды жүзеге асыруға кірісті. Өз жазуымен қоса, кейінгі жасқа кеңінен жол ашты. Ежелгі мұраларды жарыққа жеткізуге мейлінше күш салды. Басқаша амал да жоқ еді. Ілияс Есенберлиннің осы орайдағы барлық қызметі бүгінде көпшілік жұртқа біршама мағлұм. Ақыр түбі бәрі де орнына келгенін, қалай айтсақ та, қаламгер Ілияс Есенберлин өз мақсатының ұштығына жетіп өлгенін көреміз.
Әлбетте, Ілекеңмен екеуара кеңесіміз үнемі ауыр, күрделі тақырыптармен шектелмейді, орайына қарай, әрқилы бейсауат әңгімелер де көп айтылатын. Кейде қызғылықты, күлкілі жайыт, оғаш оқиғалар. Соның есте қалған бір-екеуі.
Айдаудан қайтып келген кезім, дейді. Алда ешқандай жарық, саңылау көрінбейді. Ақша да, жағдай да жоқ. Ішкілікке әуестене бастадым. Байқайсың ба, дейді – осы, қалтасында көк тиыны жоқ алқаштар қашан да ішуге ақша табады. Бұл жолда Амантай екеуіміздің басымыз қосылды. Байтанаев. Бізге көп нәрсенің керегі жоқ. Екеуара бір шетүшке болса жетіп жатыр. Кейде, әрине, үстемесімен. Екеуіміз де майдангер, жағдайымыз жаңағы, сөйтіп жүріп, әжептәуір кеудеміз бар. Далада, әлдебір бұрышта, немесе көшедегі кафе, буфеттен ішпейміз. Ең үлкен, сәулетті «Алматы» ресторанына барамыз. Кейде азғана алданышпен, ресторан жабылғанша отырамыз. Үйреншікті, таныс официанткалардың несиеге құятыны бар, артынан, әрине, еселеп қайырамыз ғой. Осы жолы да ақырына дейін болдық. Бірақ шөліміз қанбай қалыпты. Содан түн ортасы, тағы да қайдан бірдеңе табамыз деп, орталық дүкендердің бірінің алдындағы күзетшінің будкасына жақындап қалған едік, алдымыздан зіңгіттей екі мілиса шыға келді. Біз мас емеспіз, аяғымызды нық басып тұрмыз, бірақ екеуі екеуімізге ие бола кетті, тәрізі, айықтырғышқа апарып қамамақ. Айып салады – ондай ақша бізде жоқ. Ең жаманы – алқаш, бұзық деп, жұмыс орнымызға қағаз түсіреді. Өте қиын жағдай. Мен, амал не, орынсыз зорлыққа көнетіндей ыңғай танытып едім, Амантай кеуделеп, сол бағытта жүре берді. Мілиса: «Куда ты?» – қайда барасың деп, алдын орап, қарынан ұстап, қатты жұлқығанда... Амантайдың сол жақ қолын тура иығынан опырып, жұлып алды! Қан ағып, сүйек сынбаса да, қорқынышты жағдай, мілиса есі шығып, шынтағынан бүгілген кісі қолын кеудесіне баса, алақтап тұрып қалды. Сол мезетте Амантай бар ызбарымен гүр ете түскен: «Отдай мою руку, сыболош!» – деді. Мілиса сол есі шыққан күйі, жұлынған қолды Амантайдың өзіне ұстата салды. Протез ғой. Соғыста бір қолын беріп қайтқан, енді иығы омырайып тұрмас үшін, бес саусағы бүгілген, ыңғайлы протез жасатып алған. Жансыз болса да кісінің қолы. «Қолымды өзіме бер, сұмырай!» Берді. Шатқаяқтай шегініп барады. Мені тұтып тұрған мілиса да қорқып қалған. Бір жақ қарымнан қысып ұстаған еді, босата салды. Содан соң екеуі бірдей тайғанақтай шегініп, тұра қашпаса да, тезінен басып, әп-сәтте жоқ болды.
Мен мәз болам. Ілекең де сол бір күндерді еске түсіріп, рақаттана күліп алады. Ішіп жүрген кездегі тағы бір қызықтарын айтады. Осы реттегі және бір әңгіме.
Бұл – кейінірек, дейді. Амантай екеуіміз тағы да сол, түнгі ресторанда табыстық. Азғана зәкүске, бір шетүшке ақ арағымыз бар. Өзімізше бейбіт, көңілді кеш. Бізбен көршілес столда қазақтың бір жас жігіті аса көрікті, аппақ орыс қызымен отырды. Жеңіл таныстар емес, шын ғашықтар сияқты. Дастарқаны мол, ара-тұра шампан ұрттап қана, соншама жарасып отыр. Кенет арыдағы бір столдан еңгезердей орыс көтерілді. Жаңағы ғашықтардың қасына келді. Музыка ойнап жатқан. Дүңкиіп тұрып, қызды биге шақырды. Қызымыз бас шайқады. Жігітіміз қолын кеудесіне қойып, ілтипат көрсеткенімен, ол да хош емес. Дәу орыс қорбаңдап, өз орнына барып отырды. Үш кісі екен. Үшеуі де ұлы халық өкілі. Аздан соң екінші орыс тұрды. Мойнын қисайта ыржиып, ол да биге шақырған. Жоқ. Енді мына орыстың ару қызы әлдебір қазақпен отырғанға намыстанса керек, қолма қол үшіншісі келген. Оған да ризашылық болмады. Қыздың билегісі келмейді, жігіттің жібергісі келмейді. Өздері және билемеді. Бір үйдің баласы сияқты, сондай жарасты, сондай тату. Біз жаңағы жағдайды әуелде қызықтағанмен, артынша ұмытып кетіппіз. Өз қызығымыз өзімізде. Енді, барымызды төңкеріп, сыртқа шықсақ, анадайда манағы үш орыс тұр. Осы кезде біздің қыз бен жігіт те көрінген еді. Әлгі үшеуі көлеңкеден шығып, тура алдын тосты. Төбелеспек, үшеуі жабылып сабамақ, тәрізі, қызды да алып кетпек. Қыз қаншалық сұлу болса, жігітіміз де соншалық нәзік екен. Бойы ортадан төмен, сымбатты, бірақ ана үшеуімен салыстырғанда, бұқаның қасындағы бұзау-торпақтай ғана. Біздің ішіміз қылп ете түсті. Міне, анау үш орыс жалғыз қазақты сабамақ. Біз Амантай екеуіміз де төбелеске жоқпыз, араласып кетсек, көмегіміз шамалы болар еді, тіпті, артық таяқ жеуіміз анық. Сөйтсе де мен тоқтау айту, араша, бітім сұрамақ оймен алға ұмсына берген едім. Жас жігітіміздің үстінде кіршіксіз ақ жібек костюм, екі-үш қадам шегіне бере, пенжегін шешіп, қыздың қолына ұстатты. Содан соң... алға бірер аттап барып, шұғылынан, ышқына ұмтылды ма, ырғып секірді ме, дәу орыстың манағы алғашқысын бір-ақ ұрып құлатты. Осыдан кейін қайыра жұдырық сілтеп, екіншісін ұрып жықты. Бөгелместен, төпелей соғып, үшіншісін де сұлатты. Әлгі бір кинодағыдай, үшеуі бірдей, оңды-солды жығылып жатыр. Естерінен танып қалса керек, әйтпесе, тағы да ұрады деген қорқыныш, ешқайсы тұруға талап етпеді, бірі – ессіз, бірі майып, сол, тақыр асфальтқа етпеттей, қырынан, шалқасынан құлаған қалпы, бастарын көтере алмай, қимылсыз жатыр. Ал батыр жігітіміз жұдырығын уқалап азғана тұрды да, қыздың қолындағы пенжегін киді. Жығылып жатқандарға жирене қарап, жерге түкірді де, қызын қолынан ұстап, асықпай-саспай жүре берді. Міне, осындай кереметті көрдім, – деп еді. Көп ұзамай жігітіміздің жағдайына қанықтық, деп айғақтаған. Болашақ чемпион, атақты боксшы Мақсұт Омаров болып шықты. Ал қасындағы қыз – таңдап тапқан қалыңдығы, көп ұзамай үйленген сияқты, кейінде бірталай жыл қазақ телевизиясында диктор болған, әрқилы хабар жүргізген Нэлли Омарова екен...
Шынында да қызғылықты, өзгеше әңгіме емес пе. Көзбен көрмесем де, екеуінің жайын білетін едім. Бұрынырақ көтерілген Мақсұт – біздің студент шағымызда жеңіл салмақтан әлденеше мәрте Қазақстан чемпионы болды. Алайда, одақтық жарыстарда алға шығармай, халықаралық додаға да жібермей, тұсап отырған; соңғы бір ретте, 1964, әлде 68-жылы, Одақтық чемпионаттың финалында қарсыласынан айқын басымдық көрсетті, бірақ жеңімпаз – кезекті олимпиадаға бармақ екен, көпе-көрнеу Мақсұттың жолын кесіп, орыс спортшысының қолын көтерген. Әділетсіз шешім туралы орталық, Мәскеу баспасөзінің өзі ренішпен жазған еді. Қазір, құдайға шүкір, тәуелсіз замандағы жігіттеріміз өз ішімізде әлденендей көлденең іркіліс тумаса, әлемдік бәйгенің қандайына болмасын еркін жол ашты. Ал Мақсұттың таңдама жары болған орыс аруы – Қазақ теледидарының көркі еді, жалпы жұрттың сүйініші болды. Орыс тіліндегі хабарларды жүргізген алғашқы диктор. (Осы ретте, айта кетейік, қазір мүлде ұмытылыпты, қазақша шыққан алғашқы диктор қыздың есімі – Орынбала Оразбаева еді, аса сүйкімді, мәдениетті, биязы, тартымды, қара-торы сұлу болатын, біздің сері жігіттер қызығып жүруші еді, бірақ қолдары жетіп, таныса алмады, ақыры, бірер жылдан соң теледидардан көрінбей қалды, тұрмысқа шығып, басқа жаққа кетіпті деп естідік. Арнайы атап отырғаным, бұл Орынбала сұлудың мүлде ұмытылып, Қазақ теледидарының қазіргі көрнекі және жазба тарихында мүлде ескерусіз қалуына байланысты. Сондай-ақ, қазақ жігіттерінен алғашқы диктор һәм сарапшы – белгілі журналист Сәбит Масғұтов еді, оның есімі мен қызметі біршама мағлұм.) Мақсұт пен Нэллидің кейінгі тағдыры туралы хабарым жоқ. Ал Ілекең айтып, мен қайыра баяндап отырған жағдаят, шынында да ғажайып оқиға.
Енді Ілекеңнің серуендес, ежелгі досы Амантай Байтанаевқа қатысты үшінші әңгіменің бір кейіпкері менің өзім болып кеттім.
Бұл кезде Байтанаев – проза бөлімінің бастығы. Қазақ прозасы «Жазушы» баспасындағы ең негізгі және ауқымы зор редакция. Ілекеңнен бұрынырақ отырған. Мінезі биязы, жайлы, жұғымды кісі. Кейінгі жастар түгел сыйлайды, бастық емес, жасы үлкен аға ретінде қарайтын. Атақ мәртебесі болмаса да, бірнеше прозалық кітап авторы. 1969 жылы, алдағы тақырыптық жоспарда тұрған, «Таңсәрі» деп аталатын жаңа романы, редакциялық кеңестен өтіп, маған келді. Бұрын мүлде оқымаған кісім екен. Оның үстіне, баспа қызметкері, қатардағы редактор емес, бөлім меңгерушісі. Мен байқастап көрмек үшін, үстірт оқи бастадым. Бірер бет озбай, шұқшия қарауға тура келген. Төбе шашым тік тұрды демейін, жаннан түңілмесем де, дүниеден баз кешуге жақын қалдым. Ешбір жобаға келмейді. Отыз-қырық бетін шолып шыққан соң, мүлде дағдарып, қолжазбаның жауапты редакторы Рамазан Тоқтаровты шақырттым. «Мынау не?» – деймін. «Амантай Байтанаев. Таңсәрі. Роман», – деді көңілді кейіпте. «Көріп тұрмын, – дедім мен. – Сен не қарағансың? Редсоветтен қалай өткіздіңдер? Жобаға келмейді ғой...» Рамазанның күлкісі сап тыйылды. «Ағамыздың бары осы ғой. Бұрын оқып көрмеп пе ең?..» «Мұндай мазақ болмайды, – дедім. – Алғашқы қырық бетін оқып шықтым. Дегбірім жетсе, қалған үш жүз бетін де қарап, ертең өзіңнің қолыңа тапсырам...»
Жарым сағаттан соң кабинетіме Ілекең бас сұқты. «Мұхтар, бірге жүрейік, мені үйге дейін апарып сал, – деді. – Машина он бес-жиырма минуттан кейін сол араға келсін. Одан ары өзің кетесің ғой...» Мұндай жағдай бұрын да болып тұратын. Жұмыс аяғы еді, сыртқа шықтық. Әуелде, бірер көшеден өткенше, әдепкідей бейсауат әңгіме. Содан соң қарымнан тартып тоқтатты. «Мұхтар, мен саған бір үлкен өтініш айтқалы тұрмын, – деді. – Амантайдың жағдайын мен жақсы білем. Үлкен, қатаң талапты көтермейді. Шамасы осы. Және қалай тартсаң да, бұдан артық қауқары жоқ. Ең бастысы, менің соғыстан соң табысқан, жақын досым еді. Қайтесің, ана кітабына қол қоя сал...» – деді. «Ілеке, жарайды, алды-артына қарамай, қол қоя салдық. Бірақ масқара боламыз ғой ертең. Ұятқа қаламыз...» Ілекең күлді. Мені қайыра жетелеген. «Осы Амантайдың өзі құралпас біраз жұрттан айырмасы шамалы, – деді. – Олар да жазушымыз деп, кекірейіп жүр. Мүмкін сауаты артығырақ, тақырыбы өтімді болар. Соған орай, сыйлық алып та жатыр. Бірақ түптеп келгенде түкке тұрмайды. Тіпті, қазақ үшін зиянға шығуы мүмкін. – Әжептәуір атағы бар үш-төрт жазушының атын атады. – Амантайдың өзінен де, нашар кітабынан да ешкімге ешқандай кесел келмейді...» «Жарар, – дедім мен ақыры. – Сіз айтқаннан соң. Әйтпесе, кезекті халтура...» «Кезекті ғана...» – деді Ілекең ыржия күліп. Ризашылықпен иығымнан қақты.
Ертеңіне таңертең Байтанаевтың өзі келді алдыма. Жүзінде именшек қанағат бар. «Мұхтар, – деді. – Мен Ілекеңе шағымданып барғам жоқ. Ештеңе айтпадым. Өзі сұрады, кітабың қалай жылжып жатыр деп. Сенің қарауыңа түскенін ғана айтып ем...» «Әбеке, уақасы жоқ, өмірде не болмайды...» – дедім мен де ыңғайсызданып. «Мұхтар, мен өзім де жақсы білем, – деді енді барынша салмақтанып. – Менің жазуымда кеміс көп. Мына сен, Рамазан, анау Сәкен Жүнісов, кейінгі жастар, бәрің де жүйріксің, білімдерің артық, жазуларың да әбден жетілген. Ал мен оқитын, тоқитын кезде қан майданда жүрдім, одан соң тағы да мұрша келмеді, әйтеуір, шала-шарпы таныған жол-жобамен қиқалақ-шиқалақ жазып жатырмыз. Бірақ, Мұхтар айналайын, менің де өз оқушыларым бар. Бұдан бұрын бес кітап шығардым. Екі роман, үш повесть. Жаманатқа қалғам жоқ. Нұрпейісов, Ахтановтардай болмаса да, жазушы ретінде танылдым. Ал мынау, жетпей жатқан жерлерін өзім де шамалаймын, редсоветте бастық деп бетіме қарамай, жігіттер де айтты, әсіресе композициялық құрылымында, оқиғаны өрбіту, дамыту жағында, әйткенмен, біраз жұрттың жазып жүргенінен қалық емес, оның үстіне бұл – менің осы уақытқа дейін жазған шығармаларымның ішіндегі көлемдісі және тәуірі... Әрине, олқы тұстары бар. Рамазан да айтты. Қажет болса, қайтып алып, бірер ай қарап, тағы да жетілдіре түсейін...» «Керек емес, – дедім енді мен еріксіз күліп. – Жеткен жеріңізді байқап отырмын. Бұдан артып кетпейді. Осы бүгін, осы қалпында қол қоям...» Әбекең ешқандай жәреукесіз, бірақ үлкен құрмет, ілтипатпен тағы да рақмет, алғысын айтып, шығып кетті. Мен сол, езуім жиылмаған қалпымда, Ілекеңнің достыққа адалдығы ма, өзімнің ақырына дейін тұра алмаған пендешілігіме ме, бәлкім, бүгінгі, алды соншама озық, арты мұншама жетесіз, қалық, қойыртпақ әдебиетіміздің өзгеше ахуалына ма, мысқылдай қараған қалпымда тағы да бес-он минут отырып едім. Амантай Байтанаевтың романы сол күні техникалық бөлімге тапсырылды, яғни, жарық дүниеге жолдама берілген.
Бұл кезде «Жазушы» баспасында өндіріске тапсырылған кітап типография терімінен өтіп, бірінші, екінші корректуралары қайта қаралып, тиесілі тиражымен басылып шыққанға дейін бірталай уақыт кетеді. Баспа директоры Ілияс Есенберлиннің кітаптары барлық өткелектен жедел өтіп, шамасы төрт айда авторының қолына жетер еді. Менің кітаптарым соған жете-қабыл, бес ай жүреді. Қатардағы қаламгер кітаптары орта есеппен алты-жеті айдан. Амантай Байтанаевтың «Таңсәрі» романының төлбасы данасы үш айға жетпей, алдымызға түсті. Екі-үш күннен соң тиесілі авторлық үлесін алыпты. Қолма-қол бір данасын маған жазып әкеп берді. Тағы да сыпайы алғысын айтқан. Арада жарым жыл өтсін. Бір күні, қолында жуантық көк папкасы бар, жайдары жүзбен үстіме кірген. «Мұхтар, – деді. – Мен анада айтып едім ғой, өзімнің оқушыларым бар деп, баспа ұятқа қалмайды деп. Міне, әзірше сол оқырмандардан жеткен лебіздің алғашқы легі. Жүз жиырма жеті хат. Өзіңе көрсетейін деп әкелдім...» Папкасының байлауын ашып, алдыма тартқан. Мен қажеті қанша дегендей ишарат жасап едім, тағы да әуелгі сөзін қайталады. «Оқып көр. Сүйініш пікірлермен қатар, әрқилы сын айтып жатқандары да бар. Бүгінгі қазақ оқырманының дайындығы күшті, өресі де биік қой...» – деді. Артынша, әуестік жөнімен біразын оқып көрдім, бірталайын шолып шықтым. Бастан-аяқ марапат пен мадақ, осындай үлкен жазушыға жақсы романы үшін ризашылық. Ал манағы «сын пікірлер» жөні – мінеу емес, анау кейіпкер әйтсе, мына жерде неге былай емес, деген тәрізді тілек пен сауал ғана. Байтанаев романының алғашқы, баспадағы қадамынан, кейінгі, қалың жұртшылық алдынан өткенге дейінгі бүткіл жолы – таң қаларлықтай ғажайып болып шықты. Ең бастысы – осыншама дербес әуез. Мен аздан соң, осы жапырлаған хат қолдан ұйымдастырылған жоқ па деген күмәнмен, бәрінің де қоса тіркелген конверттегі адрестерін шолып шықтым. Қайда. Бір жағы Семей, Өскемен, бір жағы Ақтөбе мен Орал, түстік тараптағы Жетісай, Сарыағаштан терістік беттегі Торғай, Қызылжарға дейінгі байтақ қазақ даласы түгел үн қосыпты. О, керемет! Біздің өзіміз, ол заман тұрыпты, бұрынғы-соңғы елу жылдық кітап шығару тарихымызда, бәрін жинақтап келгенде, осыншама хат алғамыз жоқ. Бұл рекордты Әзілхан Нұршайықов ағамыз ғана жаңартса керек. Ол да, мен әуелгі отыз бетін әрең оқып, жарар, кәдеге келіп қалар деп, көңілсіз қол қойған «Махаббат, қызық мол жылдар» романына. Бәлкім, Әзағаң да Әбекеңнен оза алмады. Менің көргенім – бастапқы жарым жылдың ғана жемісі ғой. Кейін тағы қанша хат келді деп сұрамаппын. Одан соңғы заманда қызметіміз бөлініп, арамыз алыстап кетті.
Он үш жылдан соң «Жазушы» баспасына қайтып оралдым. Бас редактор. Тағы да қым-қуыт өмір. Жазу жағы жақсармаса да күрделене түскен. Баспагерлердің жаңа толқыны, өзім қызметке кіргізген жас жігіттер – Тұрсынжан Шапай, Ерік Асқаров, Таласбек Әсемқұлов және тағы бір тыңтұяқ редакторлар әлдебір кітапты жаратпай жатар еді. Анасын жетілдіру керек, мынасын түзеу керек, тіпті, мүлде сорақы, жарыққа шығару ұят болады дегендей. Сонда мен осы, Амантай Байтанаев романына қатысты ежелгі тауарихты мысалға келтірер едім. Тұрсынжан кейінде айтып жүрді, тіпті, жазған да сияқты. Бұл тәмсілдің мәнісі – ең жаман деген жазушының да өз оқырманы бар дегенге саяды. Мәселен, Мұхтар Әуезовке тісі батпайды, «Абай жолының» жиырма бетін оқуға төзімі жетпейді, ал «Таңсәрі», немесе «Нұрлы жол», «Бақытты ғұмыр», «Қызғылықты жылдар», немесе «Ғажайып ғасыр» ішіне майдай жағады; ол анық – талғамы төмен екен, танымы қораш екен, алайда, ілдәлдаға жарап, баспадан өткен кез келген кітаптың азғана болса да тағылымы бар: өтірік айтпа дейді, ұрлық жасама, ата-анаңды сыйла, бала-шағаңа дұрыс тәрбие бер дейді; рас, кейде адастыратыны бар, жат идея, жалған шындықтарды насихаттау да ұшыраспақ, бірақ зиянынан игілігі көбірек, оның үстіне, өзіндік таным, талғамы, ой өрісі төменшік межедегі қаншама жанға алданыш. Ең бастысы – әдеби талап жалпыға ортақ болуға тиіс. Сен көркемдік жағынан әлсіз бір кітапты ұстадың, ал осы кезде дәп осындай ондаған кітап басқа жерлерде жарыққа жетіп жатыр. Менің баспада отырған кейінгі кезеңімдегі «нашар кітаптың да өз оқушысы бар» дейтін теориям – амалсыздық қана емес, әділет жолы болатын. Кейінде, бас-аяғы жинақы «Жұлдызда», жеке-дара өкім кезінде, әрине, басқаша принцип ұстандық.
Бұл реткі кілтипан Ілекеңнің Амантай досына қатысты әңгімелерінен бастау алды ғой. Амантайдан басқа да хикаялар көп еді. Мәндісі бар, мәнсізі бар. Қайсы бірі есте қалсын, қайсы бірін айтып тауысарсың.
Ілекең өмірде, төңіректе болып жатқан әрқилы жағдаят, тіпті, халықаралық деңгейдегі үлкенді-кішілі оқиға атаулыға сабырмен, сын көзімен қарайтын. Совет әскері бастаған Варшава соғыс одағы Чехословакияға басып кірген күні, таңертең, микрорайонда тұрам, шопыр ауырып, келмей қалған, ештеңеден хабарым жоқ, ертелетіп, автобус аялдамасына барған едім. Әдетінше, көпшілік көлігі кешеуілдеп, біраз жұрт ошарылып қалыпты. Бәрінің алдында, бір жақ қарына қызыл мата байлаған контролер шал, қолын сілтей, еліре сөйлеп тұр. «Где нет русского сапога, там всегда беспорядок, – дейді. – Надо окончательно подавить, гадов предателей!..» – «Орыстың етігі баспаған жердің бәрін тәртіпсіздік жайлайды. Бұл сұржылан сатқындарды біржола жаныштау керек!..» – Бет-аузы быжыр-тыжыр, иығы салбыраған, киімі жөндем, қайыршыға тақау мықыр шал, бірақ ұлы орыс халқының өктем ұлы. Қалған жұрт та, жамырай қостамағанымен, мақұлдап, «Лишь бы не было войны!..» – «Тек соғыс болмаса екен!..» – десіп, үрпиісіп тұр. Әлдебір төтенше сұмдық болғанын, осыдан бірталай бұрын еркіндік таныта бастаған Польшаға, немесе тақауда ғана оккупациялық совет әскерін елден шығарған Чехословакияға басып кіргенімізді аңдадым. Көңілім лайланып, селкілдеген, тығыз автобус ішінде жұмысыма әрең жеттім. Келе сала радионы қосып, қайта-қайта беріліп жатқан ызбарлы, сергек хабардан не болғанын анықтадым. «Прага көктемі» – Чехословакия... Сол сәтінде өзінің кезекті бір кітабының жөнімен, жасы үлкен, бірақ теңдес, дос-жар қатынастағы жазушы Ә.Т. келіп еді. «Допрыгались!» – деді ызалы кекпен. Секіріп болды, селкілдеп болды. Яғни чехтар мен словактар. Дәп осы досымнан мұндайды күтпеп едім. Бірақ аузың буулы, не айтасың. Көңіл қалғаннан басқа. Бұдан да аңдап жүру керек екен дегеннен басқа. Бәлкім, танымы осы екен деп ақтауға болар. Советтік саясатқа құл барлық жұртпен араздаса алмайсың ғой. Кейін бұрнағыдан алыстап, біршама салқын тартқан едім. Сол көңілсіз қалпымда Ілекеңе кірдім. Қабармаса да, қатаң отыр екен. Жұмыс бабындағы бірер ауыз сөзден соң маған тіке қарап: «Естідің ғой...» – деді. «Естідім. Жаныштап, бәлкім, баяғы Венгриядағыдай қырғын салып жатыр. Обал болды...» «Қалай жаныштаса да мұнымен бітпейді, – деді Ілекең маған бажайлай қарап. – Польша анау. Алдағы заманда неміс бүлінсе не болмақ. Шығыс Еуропаны ұстап тұру күннен күнге қиындай түседі...»
Екінші бір жағдай. Амур, Даманск аралында қырғын соғыс болды. Содан соң біздің өзіміздің қазақ жері – Жалаңаш-көлде. Қытай мен Совет аралығы әбден ушықты. Америка шетте қалып, ең қатерлі, ең үлкен жау – Қытай болғандай. Сонда бір күні Ілекеңнің айтқаны бар. «Бұл орыс әлі талай рет ұлы қытай халқының алдына қол қусырып барады. Ақыр түбінде орысты қытай алып жейді», – деп.
Тағы бір, болмашы жағдаят. 1969 жыл, наурыз-көкек, Швецияда ғой деймін, әлемдік хоккей чемпионаты өтіп жатыр. Мен жас жазушылардың Бүкілодақтық кеңесіне қатысқан едім. Жиыннан соң Ленин атындағы кітапханаға барып, бірер апта отырдым. Міне, осы кезде баспаның шаруасы, әлде басқадай жағдай, Ілекең келе қалды. «Москва» мейманханасына түсіпті. Кешке қарай барып едім, дәлізде, ол да Ілекеңе сәлем бере келген Амантай Сатаевпен ұшырастым. Ілекең абажадай люкс номерден орын алған екен. Ең бастысы – үлкен теледидары бар. Басты болатыны – бүгін совет пен чехословак хоккей командаларының кездесуі. Ілекеңнің қандай да спортқа әуестігі жоқ, бізбен бірге отырып тамашалады. Ал Амантай екеуіміз масатқа кенелген едік. Қуанышымызды баса алмадық. Күлкіміз одан да әрмен. Чехословак командасы, телеэкран алдында, тап бір әлемнің тағдыры осы ойынмен шешілетіндей, елбіреп, желігіп отырған қаншама миллион орыс-совет жанкүйерлерін пұшайман қылып, пұшайманыңыз не, жер қылып, қара жамылтып, пәлен дүркін Әлем және Еуропа чемпионы болып келе жатқан керемет команданы тас-талқан, қиратып жеңді. Бұл спорттық ойын – орыс үшін үлкен трагедияға айналған, ал чехословак жанкүйерлері мен командасының қуанышында шек жоқ. Біз Амантай Сатаев екеуіміз осылармен қатар мәз болып отырмыз. Сонда Ілекең айтты: «Бәрібір, советтер бұларды чемпиондыққа жібермейді», – деді. «Қандай амал, қалайша?» – дейміз. «Сатып алады. Чех командасынан кісі таппаса, финдер мен шведтерге жасырын бәйге тағайындайды. Төрешілердің тілін алады. Совет командасының өзін қыспаққа салады, міндет жүктейді, келесі ойындарына қосымша сияпат тағайындайды». Ақыры солай болды. Финалға шығар шешуші матчта, әлде күш-қуаты советпен ойында зардап шекпесе де, әжептәуір кеміген, немесе, оның үстіне Ілекең айтқан төтенше жағдайлар іске қосылды, Чехословак командасы қасарысқан, тепе-тең тайталаста бұрын өздері талай жеңген швед командасынан бір ғана шайбы есебімен ұтылды, нәтижесінде советтер тағы да Еуропа және Әлем чемпионы болып шықты. Сол жолы Ілекең және айтып еді: «Мұның арты чехословактар үшін жақсы болмайды, осы ойынның есесіне ендігі қысымын күшейте түседі», – деп еді. Дәп басып айтыпты. Чехтар мен словактар кешегі басқыншылықтың қарымтасын қайтарғандай, бүкіл ұлт болып көшеге шығып, астана қалалар және барлық шаһар, кенттерде түні бойы ұрандап, шеру салғаны, тағы бірнеше күн тойлағаны, нәтижесінде, ыза буған өктем совет чехословакия үкіметін сыпыра отставкаға жібергені мәлім. Сол чехословактар және Амантай Сатаев екеуіміздің салтанат сағатымызда Ілекең тағы да айтып еді: «Бүкіл жер жүзін уысында ұстап отырған, үлкен ел. Бір рет ұтылғанда не тұр. Бұл – соғыс емес, ойын ғой. Соншама жанын салып, орыс халқының, совет мемлекетінің тағдыры осы хоккейге қарап тұрғандай бүлінетін не бар. Үлкеннің үлкендігі деген болмаушы ма еді... – деп барып, – Ұсақтан ұтқан қашанда іріден ұтылады», – деп тоқтаған.
Ақыры қызыл Орыс тек Чехословакия ғана емес, бүткіл Шығыс Еуропадан айрылды. Сыртқы жұртпен қатар, ішкі, біртұтас империясынан.
Бөлісу: