Ғабит Мүсірепов. Чудо

Бөлісу:

14.01.2019 9974

Әйгілі Ғабит Мүсіреповтің Күләш Байсейітова туралы жазбасын назарларыңызға ұсынамыз.

"Әдебиет порталы"

Айман, Қыз Жібек, Қадиша, Шұға, Ақжүніс, Баттерфляй, Маро, Ажар, Сара...

Күләш (Күләштің толық аты – Гүлбаһрам, Гүләш деп орысша жазғанда біртүрлі естілетіндіктен, Күләш болып жазылып жетті – Ғ.М.) марқұмның қазақ операсының сахнасына алтын шегелермен шегелеп кеткен бейнелері осылар. Сахналық аз өмірінің ішінде осынша көп, осынша дәл жасалған көркем бейнелер дүниелік театрлар тарихында сирек кездеседі.

Бұл рөлдерді біздің сахнада Күләштан бұрын ешкім ойнаған жоқ, бұл бейнелерді жасаған жоқ. Бізде мектеп көрген, өзіндік мектебі бар дерлік режиссер де, дирижер де болған емес. Күләштің өзі де музыкалық мектептің есігін ашқан жан емес-ті. Асқан талантты актриса көркемөнерде толып жатқан «таныс-бейтаныстардың» бейнелерін жасау сияқты биік қырқаларға жалғыз асты. Сүйеніш-таяныштары болды, әрине. Бірақ шын мағынасындағы жетекшісі болған жоқ. Талант жолы осылай болмақ, ол жолды тыңнан салмақ.

Белгілі жай – қазақ операларындағы қыз тағдырлары либретто бойынша біріне-бірі ұқсастау келеді. Ақжүністен басқасының бәрі де –арманына жете алмаған, қара күштердің құрбандығы болған аянышты жандар (Қыз Жібек, Қадиша, Шұға, Ажар, Сара). Бұл опералардың музыкалық арқаулары да – қазақ әндері, қазақ күйлері. Бұл әндерде де мазмұн ұқсастығы аз емес. Ал енді Күләш жасаған алыс-жақын дәуірлердегі қазақ қыздарының бейнелерінде ұқсастық аз да, даралығы басым. Әлеуметтік, таптық таңбалары көмескі емес, айқын. Әрбір ұқсас тағдырдың өрістеу жолы өзінше басқа. Күләш ондайдың бірде-бірін елеусіз қалдырмайтын, сондайлардың көңілге қона қалар мінездемесін жасап алатын. Яғни асқан талантты, оның үстіне таза талантты актриса бейне жасауда жан-жақты ойлайтын, көп ізденетін, таппай тынбайтын. Күләш жасаған бейнелердің даралығы, нанымдылығы сонша – әрбір жаңа спектакльден кейін Күләш көпке дейін Айман, Қыз Жібек, Баттерфляй, Ақжүніс, Қадиша, Ажар, Сара аталып жүруші еді.

Өзіміздің ән-күй негізінде жасалған опералармен бірге классикалық опералардың да (Татьяна, Баттерфляй) Күләштің бейне жасаудағы шеберлігіне таңғалушы едік. Ұлы Абайдың орыс позициясын қазақ жүрегіне қондыра аударғаны сияқты Күләш та қазаққа жат бейнелерді жатсыратпай сүйкімді де нанымды етіп шығаратын. Қойылмаған дауыспен, ашық дауыспен-ақ классикалық музыкаларды ала беретін. Әсіресе Баттерфляйдің іші толы сыр, атақты ариясын орындап бергенде зал жарылып кетер ме деп едік. Орыс-қазақты түгел таңғалдырды. Алақандар дуылдап кетті. Айтып жеткізу қиын. Күләш өзі әннен, таза өнерден ғана жаралған бір жан еді.

Күләштің дауысы күшті дауыстарға қосылмауы керек. Бірақ сол азғанасы да құлаққа түгел сүйкімді болушы еді. Сол азғанасы түгел күмістен жаралғандай ерекше бір сыңғыры, ерекше бір қоңырауы болатын.

Күләш шыға келгенде сахнаны жалғыз толтырып кетуші еді. Спектакльдің басқа кейіпкерлері ысырылып кеткендей, көзің Күләшқа ғана қадалып қалатын. Әрбір бейнеге ерекше бір мінездеме тауып, сонысын еппен ғана көзіңе тоса шыға келгенде, сен оған сеніп қалатын едің. Басқалардың барын салғанда жеткізе алмасына Күләш сезілер-сезілместен артық күш жұмсамайтын. Сол сезілер-сезілмесі (деталь, штрих) сенің ой-сезіміңе дәл тиіп, ұялап қалатын. Сен оны қайдан тапқаныңа таңданып, талант алдында бас иетінсің.

«Ер Тарғынның» орта кезінде Тарғынды кезекті құрбандығының бірі етіп болған соң, Ақжүністің тоят тауып жататын бір кезі болушы еді. Сол тұста Мұхтардың былай дегені бар:

- Қарашы, қарашы! Добалдай Тарғынды жығып алып тояттап жатқан Пантера сияқты!

Бұл Күләш жасаған Ақжүніс бейнесіне дәл табылған теңеу еді.

Күләштің әйелге тән адамгершілігінде өзге әйелде кездесе бермейтін жылылық, жағымдылық, іші-бауырыңа өтіп кететін сүйкімділік болушы еді. Қоғамның қай сатысында тұрған адам болсын оған бәрі бір, бәріне де ақжарқын, ашық жүзді жан болатын. Сахнада жасаған бейнелері қандай сүйкімді, қандай нанымды болса, өз өмірінде де сондай, паңдықты, атаққа мастануды, дүниеқорлықты білмейтін.

1936 жылы Мәскеуде өткен бірінші онкүндікте «Қыз Жібек» спектаклінен кейін Күләшті А.В.Нежданова, И.М.Москвин, К.С.Станиславский сияқты ұлы әртістер сахнаға шығып құшақтап, сүйіп құттықтады. Сол жолы «Күләш – Қазақстанның бұлбұлы», «Күләштің дауысына теңдесер дауыс бірен-саран-ақ болар» дегенді сол ұлы әртістердің ауыздарынан естідік. Күләш сол жылы 24 жасында «КСРО Халық әртісі» деген атақ алып қайтты.

Содан кейін де Күләш паңдық, атақ желігі дегендерді сезінді ме екен?!

Жоқ, сезінген жоқ. Әуестенер кез, әуейеленер кез Күләшқа соқпай өтті деуге болатын еді.

Бірінші онкүндіктен едәуір жыл кейін мен Күләшпен Мәскеуде кездестім.

Мәскеуде бүкілодақтық көлемде жас әншілердің конкурсы өткізіліп жатыр екен. Конкурсқа бізден Ермек пен Епонешникова түскен (Ермек бірінші бәйге алып қайтты). Күләш жюри мүшесі, мен өз жұмыстарыммен барғанмын. Күләш мені сол конкурсқа алып барды. Жюриде бірнеше КСРО Халық әртістері, атақты әншілер бар екен. Күләш кіріп келгенде, А.В.Нежданова орнынан атып тұрып, Күләшті құшақтай алып жоғары алып кетті:

- Ты – наше чудо! Чудо! – деді атақты әнші. Басқалары Күләшті құшақтауға кезек күткендей, көз нұрларын төге қарасып қалды.

«Чудо!» деген сөзді қазақ тіліне дәл аудару қиын-ақ. Ол – табиғаттың заңынан тыс пайда болған бір керемет...

Енді ойлап қарасам, атақты әнші Күләшқа ең дұрыс, ең дәл келер баға берген екен. Музыкалық мектептің есігін ашпаған, дауысы қырналмаған, сыланбаған әнші өзіміздің әндермен қатар, классикалық музыканы қалай оп-оңай меңгеріп кетті? Театр мектебін көрмеген, үлкен режиссураға кездеспеген адам бейне жасаудың ең нәзік жолдарын өз бетімен қалай тауып келетін еді?

Маған мұның бәрінің жауабы біреу-ақ сияқты сезіледі: соның бәрі Күләштің өзімен бірге туған, Күләштің өзі ән еді, өнер еді. Қайнатары жоқ, қоспасы жоқ, таза талант. Қысқасы – «Чудо!»

Бөлісу:

Көп оқылғандар