Неооқырман іздеген неоавтор
Бөлісу:
(Сағадат Ордашеваның “Авторын іздеген кейіпкер” әңгімесі хаһында)
Әдебиет порталының сәтті жобасы «сыни жасырынбақ» бұрын еленсе де қалтарыста қалып келген әм бұрын еленбей ешкім түстеп танымайтын талай жас прозашының бағын ашады. Талай қаламгердің беймәлім тұлғаты сыншылық екінші тынысын ашып, әдебиеттанудағы қадірін арттырады. «Сыннан кейінгі сыни ой» жосығымен шағын әңгіме бойындағы әйгілі қаламгерлердің танымал персонаждарынан адамның ақылы алжасып, автордың оны қай жазушының қай шығармасынан алғанын білуге жанын салатын автордың оқырманмен ойынына құрылған Арман Әлменбет ағасы «Кейіпкерлер съезі» деп орынды аңғарған жас талап қаламгер Сағадат Ордашеваның “Авторын іздеген кейіпкер” миниәңгімесі хаһында өз минипікірімізді айтқанды құп көрдік.
Қазір порталда шығып жатқан есімдер мен олар ұстанған түрлі әдеби бағыттар мен әдістерді аңғарған шағымызда «Біз шынында да қазақ әдебиетінің даму процесін жайында түк білмейді екенбіз ғой?» деген ойға қалдық.
Біз бұның алдында қазақ прозасындағы «Дәйекшелік ойлау типіне» жататын бірегей туынды Серік Сағынтайдың “БАС” моноспектакліне қатысты жастар прозасындағы біраз дүниелердің басын ашуға талпыныс жасаған едік. Содан кейін біздің тарапымыздан Қанат Әбілқайырдың “Соқыр үміт” миниәңгімесіндегі постмодерндік аңыстағы «өз-өзге» концептісі талай ғылыми ой түйіндеуге негіз болды. Енді осы мәселені жастар прозасының мәтініндегі “Сана ағынындық” нарративтілікке қатысты әдебиеттанушылық жосықта басқа қырынан қарастыруға талпыныс жасамақпыз.
“Мазмұндық тіл – анаңның тілі, формалық метатіл – әкеңнің тілі” ұйғарылымы Дерридадан бастау алады да, тропты «бөгде үйге» айналдырады. Осы орайда аталған ойшыл бізге метафоралық деконструкцияның сұлбалық кодтарын танып білудегі «танылмаушылық пен ұсынылмаушылықтың эстетикасын» алдымызға тартады. Кезінде «Өз авторлары танытпаған, өз туындыларында ұсынбаған» дүниелерді қамтыған метафоралық деконструкцияның сұлбалық кодтарын пайдаланудың қазақ прозасындағы (бұрын әзер ажыратылатын: жасырын тұйықтығы емес) айқара ашықтығы – Сағадаттан бастау алайын деп отыр. Оның өзінде – аяқталмаған миниәңгімеде. Бұрын тек Батыс әдебиетіне тән деп келгенді, енді міне, жаңа тұрпатты қазақ прозасының өздік ерекшелігі ретінде жастардан ұшыратып отырмыз. Аға буын мен орта буын бұндай әдісті игеруді білмей отырған жоқ. Олардың әдеби платформалары мен авторлық ұстанымдары бөлек. Ұлт әдебиетіндегі бұрынғы постсоцреализмнің орнын басқан: сюрреализм мен гиперреализмді қош көреді. Жастар аға буын мен орта буын онша хош көрмейтін барса да, сырғақтап қана, шығармалары бойынан елеусіз орын беретін осы постмодерндік әуейіліктің әдеби әдісіне қазақи ер салып, шығармашылық бас білгізіп, атша ертеп міне білді.
Деррида метафоралық деконструкцияның сұлбалық кодтарының басты элементіне ырғақты жатқызады, осы деконструкциялық ырғақ постмодернистік өнердің барлық түріне тән болып келеді. Осылайша әдебиетке қатысты қайталаулар, дәйексөздер, ұқсатымдар арқылы жады мен қарым-қатынасқа түсудің басын қосатын шеңберлік, нарцистік конструкцияларды бөліп көрсетеді.
Дерриданың ойларын басшылыққа ала отырып, қазіргі қазақ әңгімелерінің көбіндегі «шығармашылық жағдаят» пен «тілдік жағдаяттың» арасалмағын безбендей келе айтарымыз қаламгерлер өз ұстаханасында энциклопедиялық алаш мәдениетінің жадысын шығармашылықтың көрігінде қыздырып қайыра соғады.
Әдебиетті өзі бейнелейтін ұлттың «интеллектуалды айнадағы» заманалық келбеті (нарцистігі) деп танып, өткен мен бүгіннің дәстүр жалғастығын жалғай білуге ден қойған прозаиктер қатары күннен-күнге толығып, өсіп келеді. Олар тек таптауырынды «соцреализмдік ескі жолды» емес, орта және іні буын енді-енді түсе бастаған «постмодерндік қасқа жолды» бірден таңдап отыр. Бұл қолына қалам ұстаған қазақ баласы аяғын аңдап баспаса, шығармашылық мойынын үзіп, құлагер талантының қапияда ажал құшатын тажал жолына да айналады.
Заманалық нарратология өз бойына сюжеттік-хикаяттау дискурсы (сюжетноповествовательный дискурс) феноменін қарастырудың кең ауқымдылығын сыйдырған гуманитарлық білім саласы болып табылады. Нарратологияның шығу тарихы туралы еңбектерге ден қояр болсақ, Х. Миллер (Miller H. Narrative, in Critical Terms for Literary Study / ed. by F. Lentruccia and T. McLaughin. Chicago: Chicago UP, 1990.) хикаяттау туралы жаңашыл көзқарастың туындауының алғышарттарын жасаған бірнеше ілкі көздің: орыс пошымшыларының теориялары; М.М. Бахтиннің «сұхбаттастық теориясы»; Р.П. Блэкмэрдің «жаңа сын» теориясы; Чикаго мектебінің өкілдері Р.С. Грейн, У. Буттардың неоаристотелшілдік теориялары; Р. Ингарден, П. Рикер, Ж. Пулелердің психоаналитикалық, герменевтикалық және феноменологиялық теориялары; К. Леви-Стросс, Р. Барт, Цв. Тодоров, А. Греймас, Ж. Женетт, Х. Уайттардың структуралистік, семиотикалық теориялары; Ф. Джеймисонның марксистік әм әлеуметтанушылық теориялары; В. Изер, Х.Р. Яусстардың оқырман қабылдауы теориялары; Ж. Деррида, П. де Ман бастарында тұрған постструктуралистік және деконструктивистік теориялар болғандығын сөз етеді.
ТМД кеңістігінде Д.С. Урусиков нарратологияның өз алдына дербес гуманитарлық білім саласына айналуы өнердің аралас-құраластық табиғаты туралы түсініктің поэтика саласына таралуы, ақпарат пен кибернетика теорияларының туындауы мен дауына байланысты деп санайды (Урусиков Д.С. Грамматология. Т. 1. Нарратология. Липецк: Липецк-плюс, 2009. С. 56.).
Иә, бұның бәрінің бастау көзінде бір кездері Р. Якобсон ұсынған коммуникация – адресант – адресат актісінің кестесі тұрды. Цв. Тодоров арқа сүйеген Э. Бенвенистің тарих пен дискурс оппозициясы, П. Лаббоктың «Проза өнері» кітабында жүйеге түсірілген «көзқарас» концепциясы мен Ж. Женеттің фокализация теориялары әңгімелеу тероиясының қалыптасуына өз үлестерін қосты.
Теориялық жақтан бетімен кеткен атымыздың басын қайырып, қазіргі қазақ прозасында орын алып отырған әңгімелеудегі (нарратологиядағы) өзгешелікті жастардың тасқындата енгізіп жатуы қуантады. Осы көштің басында қарындасымыз жас талап қаламгер Сағадат Ордашева “Авторын іздеген кейіпкер” миниәңгімесімен тұр.
Қанат Әбілқайыр өзінің “Соқыр үміт” миниәңгімесінде постмодерндік аңыстағы «өз-өзге» концептісін алға тарта, Сағадат Ордашева өзінің “Авторын іздеген кейіпкер” миниәңгімесінде «өзгенің-өзденуі» авторлық ұстанымын монологтық және полилогтық сөз саптаммен кәдеге жаратады. Әр автордың өз шығармашылық ұстаханасы бар. Әлем мойындаған әдеби кейіпкерлерді «өзгенің-өзденуі» авторлық ұстанымын арқылы алаштың рухани-мәдени әлеміне енгізуде автор көп нәрседен ұтып тұр. Бірінші рет қазақ әдебиетінде «оқырманмен ойын» постмодерндік принципіне құрылған туынды бой көрсетіп отыр. Бұрындары бұл әдеби әдіс ұлттық прозада композиция бойындағы штрихтап ой мен сөз кестелеуден әрі аса алмай жүргентін. Енді осы постмодерндік көркемдік принцип айқын танылатын шығарма өмірге келгені бек қуантады.
Біз сөз еткелі отырған “Нарратив” әдеби мәтіннің хикаяттаушы құрылымы.
Наррация (лат. Narratio, ең басында «баяндауды» таңбалаған классикалық риториканың термині) — нарратологияда бұл термин кең мәнінде хикаяттау процесін білдіреді.
Жерар Женеттше, наррация хикаяттаушы актіні, жағдатты немесе жарыса бағынған әңгімелеуді туындатып, «тарихты баян ететін» нарративтік дискурс бағыныштылығын өмірге әкеледі.
Вольфу Шмидше, наррация (нем. Erzahlung) жасанды тәртіппен (ordo artificialis) оқиғалар тізбегін ұйымдастырушы композицияның нәтижесі болып табылады.
Осы композициялық амал-тәсілдерге мыналар жатады:
А) бір мезетте жүзеге асырылатын оқиғалар тарихының жүйелігі;
Ә) оқиғалар бөліктерінің ауыс-түйістігі.
Міне, осы ауыс-түйіс қазақ модернде және постсоцреализмінде «кірістірме новелла» түрінде ұшырасса, енді өзге авторлардан алынған кейіпкерлердің «авторлық сюжетке» енуі түрінде көрініс тауып отыр. Сағадат наррациясы жасанды тәртіппен өзге авторлардың персонаждары қатыстырылатын оқиғалар тізбегін ұйымдастырушы авторлық композициясының нәтижесі болып табылады.
Автордың «өң мен түс» астасқан бейреалды әлемде өткен жеке бастық қазақ және әлем әдебиеті кейіпкерлерімен болған жағдаятты «Дәйекшелік ойлау» типімен беруінің өзі кеңестік әдеби эстетиканың қазақ прозасында келмеске кеткендігін таныттады.
«Санамда жазылған сан шимайға бытысып, талықсып ұйқыға батып барамын. Миымда саудырлап шұбақ-шұбақ сөйлемдер іркес-тіркесін тауып салаласып, сабақтасып барады. Көзімді жауып жатқаным болмаса, санам тірі. Қараңғы бөлмеден көз тігер сәулені іздеп, соңғы рет жалтардым. Бірақ қала көшелері әлдеқашан көлегейленіп, күңгірт тартыпты. Айнала жым-жырттықта дем бүркігенде салқын леп қарманып шалқайдым. Қолдарым икемді іздеді. Қаламға икемін келтірді де, ауаға сыза бастады. Әдемі бейнелер жұптаса бастады. Жазылмаса ең жақсы, ең үздік туындыма айналар бейсауат бейнелерім кеудеме басын қойды. Сағым дегім келсе де, олар сағым емес, әне олар, әне, сырғып өтіп барады...»
Біз әлем әдебиеті таныған әдеби тұлғалардың автор санасындағы «пікірталастық клубының» әдеби сахналануына куә боламыз. Автор әркімнің аузына сөз салып, бір-бірімен дау-дамайға түсіріп қояды. Өзгенің кейіпкерін өздену стилдік амалын сәтімен қолдана біліп, шымыр да, бітімі келіскен аяқталмаған туындыны өмірге әкелген. Бұл біздің әдебиетімізде сиректеу кездесіп жүрген жаңа тұрпаттағы аяқталмаған әңгімелер шоғырына жатады.
Бұл арада деконструкцияның эстетикасы не жағымсыз-жойқынды мәнсіздікке ұрынады, не болмаса тек қана парасатты мәнділіктің тереңіне бойламай, сыртқы нышан-белгілерімен ғана шектелетін көркем авангардтың апологетикасы[грек, аро- logetikos - қорғаушы] болып табылады. Әл-әзір қалыптаса қоймаған мәдени феноменге бет бұру тек қана санаткерлік жаңашылдықты ғана емес, өздік иронияны да керек. Деррида бізге канонданған мәтіндерге импровизацияланған, ойындық аңыстағы философиялық-эстетикалық "аудару" мен "түсіндірмелер" жасауға жол сілтейді.
Осы жол сілтеу осы соқпақты таңдап алғандар үшін еркін комбинаторикалық, таңбаны қайыра қодтандыру арқылы интеллектуалдық және эстетикалық ләззат пен «мәтін тоятын» сыйлайды. Сағадат осы сүрлеуге түсіп отыр. Бұл сүлеу оны енді адастырмайды. «Авторын іздеген кейіпкерінен» аспаса кем түспейтін «ОҚЫРМАНЫН ІЗДЕГЕН АВТОРДЫҢ» туындыларын өмірге әкеледі.
Дерриданы ұғыну бізге бұрынғы тар ауқымды канонданған үрдістерден іргені аулақ салып, ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы алаш көркем мәдениетін жаңаша зерделеудің антидогматикалық, антиіргестық, антитоталитарлық философиясының тізгінін қолға ұстатады. Біз бұрынғы коммунистер сіңірген қызыл түсініктерді демистификациялап, ата-бабамыздың архибіліміне ораламыз. Осы оралу жолында біздің бағымызға Сағадаттай прозашылардың туындылары өз үлесін қосады.
Автор әлем және қазақ әдебиетіндегі әдеби кейіпкерлерді «Құдайды ізде!?» деген жалпыадамзаттық сауалға жауап беру үшін «Дәйекшелік ойлау» типімен интеллектуалды диспутқа араластырып суреттейді.
«Тымырсық ауадан салқын леп қарпып аунақшыдым. Олар Құдайды тапты ма, жоқ Құдайдың өзі оларды тапты ма, білмеймін. Бірақ олардың Құдайды іздеп жолға шыққандары анық. Ал мен, санамда шұбырғандарды шұбалтып отырып, көзімді жұмдым.»
Сана ағыны тағантас болған интеллектуалды қазақ прозасы жаңа белеске көтерілу үстінде екендігін қарындасымыз жас талап қаламгер Сағадат Ордашеваның “Авторын іздеген кейіпкер” миниәңгімесі паш етіп тұр. Автордың ерек сюжет өрілімі мен тосын кейіпкерлерді шығарма тініне енгізуі бұл туындының болашақ ірі туындының эскиздік нұсқасы екендігін білдіреді. Енді осы кейіпкерлер жаңа романға арқау болған кезде қазақ әдебиеті бұдан ұта ма, ұтыла ма деген ойға қалдық.
Сөзсіз ұтады. Өйткені, Сағадат ешкімді қайталаймайтын тосын ситуацияға құрылған туындыны өмірге әкеле алатын талантты тұлға. Сонымен, тек қана алғашқы «алаш» постмодерндік неороманының «егесі кім?» деген мәселенің басы ашық қалып отыр. Біз Сағадатқа осы әдеби бақыттың бұйыруын тілейміз.
Әбіл-Серік Әбілқасымұлы
Бөлісу: