Құлтөлеу Мұқаш. Жанкүйер
Бөлісу:
Танымал қаламгер Құлтөлеу Мұқаштың қазақ ақын-жазушылары бойындағы әуестік (хобби) туралы тамаша цикль эсселерін оқырман жылы қабылдаған еді. Порталда жарияланып та жүрген. Сол үрдісті жалғастыру мақсатында "Жанкүйер" атты эссені ұсынып отырмыз. "Қайратым", - деп мен жүрмін, қайрат қылмай сен жүрсің. Ұтып қайтар деп жүрмін, Ұтылып кеп сен жүрсің", - деп жырлаған Әбділда Тәжібаевтан бастап, қазақ қаламгерлерінің біразы "Қайраттың" шынайы жанкүйері болған екен. Әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиев те футбол жанкүйері болыпты. Тіпті сүйікті командасына арнап "Қайрат" кантатасын" жазыпты. Тұмағаң да осал жанкүйер болмаған екен...
ЖАНКҮЙЕР
Тұмағаңның – Ақын Тұманбай Молдағалиевтың спорт тақырыбына арнап... Әсіресе, ол намысын жыртып, әлемдік жарыстарда жарқырай көрінген жерлестеріміздің жеңістеріне жүрегі жарыла қуанып, шабыттана жазған жырлары бірқатар.
Ал, осы ағамыздың сол спортқа деген тікелей қатысы қандай? Кезінде өзі шұғылданған ба?
Біз Тұмекеңнен соны сұрадық.
– Жас кезде мен де көптеген құрдастарым секілді спорттың әр түріне құмар едім. Біз де мектеп ауласынада, ауыл сыртындағы алаңдарда талай алаөкпе болып жүгіріп, доп қуалап көрдік қой. Дегенмен, мен өзі, қақпаға гол салмаған жігіт шығармын. Көбінесе қорғаныс жағында жүрген болуым керек. (Тұмағаң бұл тұста жадырай күлді. – Қ.М.). Сондықтан, үлкен шебер ойыншы болу арманы сол арман күйінде қалған екен.
Волейболды бір кісідей ойнаппын. Есейе келе оның жаттығуларына да барып байқадым. Бірақ оған да көп тер төгіп, зор күш жұмсаудың қажеттігі аңғарылды. Жанталасып, құлау керек... жығылу керек... Ышқынып секіруге тура келеді... дегендей.
Солай бола тұра, спорттан көз жазған емеспін. Аудандағы мектепаралық спартакиадаларда өзім ойнамағаныммен, өзгелердің өнерін қызықтып, жан ауыртып, жарыстарды аяғына дейін қадағалап көруші едім.
Алматыға алғаш рет сонау 1949 жылы келіп олимпиадаға қатысқаным бар. Оқушымын. Онда мен Жамбыл атамның «Ленин» деген өлеңін жатқа айттым.
Сонда қазіргі «Динамо» стадионында «Динамо» және «Спартак» командалары футбол ойнады. Қайсысының жеңгені есімде жоқ, бірақ әсері мол болды.
ҚазМУ-ге оқуға түскеннен бастап «Динамоның» (кейінгі «Қайраттың») ойындарын арзан билеттермен кіріп, түрегеліп тұрып көріп жүрдік. Кейін стипендия қолға тигенде кәдімгідей орынды таңдап ел қатарлы отырып көретін болдым.
1951 жылы Алматының «Динамосы» мен Ленинградтың «Динамосы» ойнағаны есімде. Оның ұмытылмайтын бір себебі – ойынға қызын ертіп жазушы-ұстаз Мұхтар Әуезов келген еді.
Сол ойында біздің команданың 4:2 есебімен жеңілгенін де ұмытқам жоқ.
Жалпы, өзім «Қайраттың» Алматыда өткен ойындарының бәрін көріп, оның өсу жолына куә болдым десем болады. Квочкин, Сегізбаев, Мальцев, Степанов, Скулькин, Стулов, Каминский, Федотов... секілді ойыншылардың бәрінің де ойын мәнерлеріне үңіліп, шеберліктерін талай қызықтадық қой.
Кезінде «Қайраттың» бір ойыны туралы «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алашқа») мақала да жазғаным бар.
Осы күнге дейін футболдан қалмауға тырысамын. Жақсы ойындарды көрсем деген тілекпен жүремін. Сол сияқты дүниежүзілік чемпионаттардан да көрмей қалған ойындарым жоқ шығар. Әуестіктен, спортқа деген құштарлықтан болар. Мәскеуге, Ленинградқа, Киевке барсам да, қалт еткенде, өтіп жатқан футбол ойындарына бұрылмай кетпеуші едім.
Мен атақты спорт журналистері, жазушылар – марқұм Сейдахмет Бердіқұловтың, Несіп Жүнісбаев ініміздің шығармаларын аса қызыға оқыған... оқып жүретін кісімін. Бұларға өлең де арнадым.
Әрине, өзімді көптеген жанкүйерлерден бөле-жарғым келмейді. «Шіркін, қазақтың да футбол құрама командасы дүркіретіп әлемдік деңгейден бір көрінсе!» дейтін мендей жанкүйерлер қаптап жүр ғой...
Композитор Нұрғиса Тілендиев ағамыз мықты жанкүйер еді. Мен ойындарға көбінесе әнші, ақын ағамыз Айтжан Байқожаевпен жиі баратын едім. Ағалардың да қатары сиреп барады. Қазір барсам бұрынғылар байқала қоймайды, тек «Қайратқа» ертеден жанкүйер болып келе жатқан кластасым Ауғанбай Иманбаев сияқты бауырларды көремін...
Тегінде, футболға ойынды жақсы түсінетін, шын жанкүйер адамдармен бірге бару рахат емес пе. Ал, стадионға арақ ішу үшін немесе әшейін «уақыт өткізуге» бола баратындарға мен мүлдем риза емеспін.
Біле білсеңіз, футбол дегеніңіз жай ойын ғана емес, үлкен спектакль, биік өнер!
2001 жыл.
Бөлісу: