Айболат Ермұхамбетов. Махаббат мекені (драма-трагедия)
Бөлісу:
Драматург Айболат Ермұхмабетовтың "Махаббат мекені" атты трагедиялық драмасы автордың айтуынша, болған оқиға ізімен жазылған.
КЕЙІПКЕРЛЕР:
Еркегүл.
Ерболат.
Еркегүлдің анасы.
Ерболаттың анасы.
Қажы ата.
Қуат.
Байбала.
Бесікбай.
Әсет.
Нұрболат.
Тағы бір неше әйелдер мен ерлер.
Авторы: Ермұхамбетов Айболат Ақбайұлы
Бірінші сахна
/Ерболат пен Еркегүлдің алғашқы кездесуі/.
Көктем. Саябақ. Талдар. Орындықтар. Сахнаның сол жағынан лейтенант полиция формасын киген Ерболат келе жатыр, сахнаның оң жағынан Еркегүл шығады. Олар бір-біріне қарай жүреді. Еркегүл сол аяғына сүрінеді. Ол Ерболаттың құшағына құлайды. Олар бір-біріне біраз қарап қалады.
Еркегүл: - Неге қарап тұрсыз?
Ерболат: - Жай.
Еркегүл: - Жай? Жіберіңіз, аяғымды ауыртып алдым.
Ерболат: - Кешіріңіз, көмектесейін.
Ерболат ақсаңдап қалған Еркегүлді саябақтың ортасында тұрған орындыққа отырғызады.
Ерболат: - Мына саябақ тамаша екен.
Еркегүл: - Тамаша? Біреу аяғын ауыртып алса, ол, сіз саябақ тамашалап кеттіңіз ғой.
Ерболат: - Кешіріңіз.
Еркегүл: - Енді үйге қалай жетем? Аяғым-ай.
Ерболат: - Қатты ауырып тұр ма?
Еркегүл: - Ия.
Ерболат: - Мен сізге көмектесейін. Шығарып салайын.
Еркегүл: - Жақсы.
Ерболат ақсаңдап бара жатқан Еркегүлді сахнадан алып кетеді.
Екінші сахна
«Саябақ». Жаз уақыты. Орындықтар, талдар. Еркегүл мен Ерболат саябақтың ортасында тұрған орындыққа жайғасып, әңгімелесіп отыр. Ерболат полиция аға лейтенантының формасында.
Еркегүл: - Біз алғаш рет солай кездесіп едік қой. Мен ол күнді ешқашан ұмытпаспын.
Ерболат: - 14 сәуір, дәл осы орындықтың алды ғой. Екеуіміздің түйісіп қалғанымыз бекер емес.
Еркегүл: - Сол сәтте не ойлап келе жаттың?
Ерболат: - Бұл қызды қайдан көрдім деп ойланып кеткен едім.
Еркегүл: - Кәнеки, еске алып, тағы да кездесіп көрейік.
Олар тұрып, алғашқы кездескендерін еске түсіріп, қайталауға тырысады.
Еркегүл: - Мен осылай келе жаттым.
Ерболат: - Ал, мен сенен көзімді алмай былай жүрдім.
Еркегүл: - Сонымен, сен не ойлап келе жаттың?
Ерболат: - Бұл қызды қайдан көрдім деп ойланып келе жаттым.
Еркегүл: /Күліп/ - Мен болсам, мына аңқау жол бере ме әлде бермей ме деп ойланып кетіп, осылай сүріндім.
Ерболат: - Ал, мен сені осылай құшақтап алдым.
Еркегүл: - Енді есіңе түсті ме, қайдан мені көргенің?
Ерболат: - Қиялымда, арманымда елестеткен екенмін сені. Сен қолыма құлағанда, мен бағымды ұстадым деп ойладым. Ол сәтті мен ешқашан ұмытпаспын. Тұншыққанда – самал желдей, шөлдегенде – бұлақ суындай, адасқанда – айдың сәулесіндей болып көріндің маған. Қалай ұмытамын ол кездесуді.
Еркегүл: - Ой, сен ақын екенсің ғой. Ал менің аяғым қатты ауырған жоқ, мен тек өтірік, "ой аурады, аурады" деп сені алдадым. Өйткені сені жібергім келген жоқ.
Ерболат: - Сол кездесуден кейін, менің өмірім бір сәтте өзгерді.
Еркегүл: - Қалайша?
Ерболат: - Мысалы, сенімен бір күн жүздеспесем, ұйықтай алмаймын. Көзіңді көрмесем, жаным тыныш таппайды. Уайымдап жүремін.
Еркегүл: - Неменеге уайымдайсың, ойшылым менің?
Ерболат: - Білмеймін, біртүрлі қорқамын сен үшін.
Еркегүл: - Сонда маған сенбегенің бе?
Ерболат: - Жоқ, сенем ғой, бірақ бір пәлеге ұрынып қаласың ба деп тыным таппаймын. Мүмкін жұмыста әртүрлі сұмдық оқиғаларды көргесін бе екен? Білмеймін.
Еркегүл: - Сол уақыттан бері бір жыл өтті ғой, сонда қалай, бір жыл ұйықтамай жүрсің бе?
Ерболат: - Неге, ұйықтаймын, тіпті, қатты ұйықтаймын, әсіресе сенің көзіңді көргенде, сенің көзіңе қарағанда, жаным тынышталады.
Ерболат Еркегүлді сүйгісі келеді, Еркегүл оған сүйдірмейді.
Ерболат: - Еркегүл.
Еркегүл: - Ерболат, ер болып сабыр қыл. Қой-қой деймін. Сен теледидардан батыстың киноларын көріп алып... қой деймін, біздің Жаңа Арқа өңірінде ондай әдет жоқ. Тек үйленгеннен кейін.
Ерболат: - Жұма күні ата-анамның сырға салуға баратынын айттың ба?
Еркегүл: - Әрине, олар жандарын салып дайындалып жатыр. Ал, мен болсам саған еркелеп отырмын.
Ерболат: - Сүйдірмесең маңдайыңды бер, бір иіскейін, баяғыда бабаларымыз сүйіспеген, тек маңдайынан иіскеген дейді ғой.
Еркегүл: - Рас па?
Ерболат: - Рас.
Ерболат Еркегүлдің маңдайынан иіскейді.
Ерболат: - Қазақтар «Мен сені сүйем» дейтін сөздердің орнына «М-м-м-м-м», -дейді екен. М-м-м-м-м, тағы да иіскейінші.
Еркегүл Ерболатты құшақтап алып: - Жаным сол, жылдам үйленсек екен.
Ерболат: - Ал, үйленгенше осы орындық біздікі. Осы саябақ біздің махаббат мекеніміз.
Еркегүл: - Неге? Үйленгеннен кейін де, жыл сайын 14 сәуір күні осында келіп тұратын боламыз.
Ерболат: - Міндетті түрде. Ал қазір жүрейік, қиялшылым менің, кеш болып қалды, күн батпай тұрғанда сені үйіңе шығарып салайын.
Олар колтықтасып сахнадан шығып кетеді.
3 көрініс
Сахнада жеке үйдің іші. Ерболат жағынан бір топ адам келіп Еркегүлдің әке-шешесінің алдынан өтіп, Еркегүлге сырға салады. Сырға салу рәсімін көрсету қажет.
«Үйдің» ішінде Еркегүл, оның әке-шешесі, домбыра ұстаған асаба, тағы-да бес-алты ер мен әйел.
- Құдалар келе жатыр.
- Шашу дайын ба?
- Бәрі дайын.
- Құдаларды қажы атасы бастап келе жатыр.
«Есіктен» Ерболат жағынан адамдар кіреді.
Қажы атасы: - Биссимилахи Рахмани Рахим, Ассаламуғалейкум! Оң аяқтарыңызбен кіріңіздер.
- Уағалейкумассалам!
Еркегүлдің анасы: - Қош келдіңіз!
- Төрлетіңіздер.
Домбыра ойнап асаба қарсы алуда. Құдаларға шашу шашылады.
- Рахмет!
- Ал, сайраңыз!
- Сізде сүйкімді қыз болса, бізде айбарлы ұл бар.
Ерболаттың анасы: - Айналайындар, біздің Ерболат пен Еркегүлдің қарым-қатынасын өздерің білесіңдер. Өз басым, сіздермен туыс болатынымызға өте қуаныштымын. Еркегүл көз алдымызда өсті.
Еркегүлдің анасы: - Бәрі де жақсы, қарсы емеспіз. Бір-бірімізді баяғыдан танимыз, яғни бөгде адамдар емеспіз. Осы төңіректе біздің де сіздің де жан ұяларымызды танымайтын адам жоқ шығар. Әулеттеріміз өрістей берсін.
Ерболаттың анасы: - Әумин! Ал, осы сырғаны өз қолыммен Еркегүлдің құлағына тағайын.
Ол Еркегүлге сырғаны салады.
Еркегүлдің анасы: - Ал, құдағи, сырғаны салдыңыз, енді қыз сіздікі. Бірақ, оқуын қайтеміз? Оқу бітіруіне бір-ақ жыл қалды.
Кажы атасы: - Қызды күткізуге болмайды. Қыздың жолын кеспеңіз, құдағи.
Ерболаттың анасы: - Ештеңе емес, бір-ақ жыл ғой, күте тұрамыз. Тойды сосын жасаймыз.
Еркегүлдің анасы: - Дұрыс болды, оқуын бітіріп алсын. Біздің қыз тәртіпті, үйдің кенжесі болғасын еркелетіп өсіріп едік, қимайды екенсің. Үйде жүре тұрсын.
Ерболаттың анасы: - Қыздың мінез-құлқы түзу. Білеміз. Салмақты. Сондықтан бәріне сенімдіміз.
Қажы ата: - Бірақ естеріңізде болсын, мұсылман тәрбиесі бойынша қызды көшеге жалғыз жіберуге болмайды.
Еркегүлдің анасы: - Жақсы, қажы ата.
Қажы ата: - Ал, батамды берейін. Биссимилахи Рахмани Рахим! Алла осы ісімізді оңды қылсын. Өрістеріңіз жемісті болсын. Жастар талапты болсын. Алла, мың бір пәле, жүз бір қатерден сақтап, мақсаттарына жеткізсін. Армандары орындалсын. Әумин!
4 көрініс
Сахнада «Саябақ». Жаз уақыты. Оң жақтағы орындықта, шамамен 20-25 жастағы үш жігіт /Байбала, Әсет, Бесікбай-Бесик/ сыра ішіп отыр.
Әсет: - Байбала, сонымен үйленем де?
Байбала: - Иә, үйлену керек. Әке-шешем миды жеп қойды.
Әсет: - Енді не істеп жүрсің? Қасыңа пысық Бесікбайды еріткенің содан екен ғой.
Бесікбай: - Бесікбай деп айтпашы дедім ғой, Бесик дей бер.
Әсет: - Не болды саған, өз атынан өзің ұялғаның ба?
Бесик: - Ыңғайсыз естіледі, қазақтар атты қоя береді ғой. Оданда Бесик деп айта бер. Құлаққа жағымды.
Әсет: - Жарайды, американдықтар Шон, Клин, Блин болса, сен жай Бесик бол.
Бесик: - Болар енді, оданда шаруаға көшейік.
Әсет: - Қандай шаруа?
Байбала: - Үйлену мәселесі. Қыз бар ма?
Әсет: - Не болды, ауылда қыз құрып қалды ма?
Байбала: - Бес-ақ үй қалды, құрып барады ғой, онда қайдағы қыз. Бәрі де осында, аудан орталығына көшіп кетті ғой.
Бесик: - Сендер көшкелі қанша болды?
Әсет: - Бес жыл.
Бесик: - Өзгеріп кеткенсің, мына бешпентің "крутой" екен.
Әсет: - Кейде ауылды сағынамын.
Байбала: - Ауылда жылқы мен ми даладан басқа ештеңе қалған жоқ қой.
Әсет: - Сол, ми дала мен жылқыны сағынып жүрмін.
Бесик: - Үйленетін қыз тапсақ, әлі "Тақыр" ауылымызға барып Байбаланың тойын бірге тойлармыз. Таныстырсаңшы біреуімен.
Әсет: - Таныстыратын не бар? Мына колледжде қыздар жетеді. Етің тірі болса танысасың.
Байбала: - Ол жағын қатырамыз ғой.
Әсет: - Бірақ олар ит өлген жердегі "Тақыр" ауылына бара ма? /Күледі/. Қай қыздың ауылға барып бие, сиыр сауып, жүн түткісі келеді дейсің.
Байбала: - «Джипке» мінгесін қайда барады дейсің
Бесик: - Иә, Байбаланың «Джипіне» мінгесін, арғы жағы белгілі ғой.
Әсет: - Ал, «Джипіңе» мінгісі келмесе ше?
Байбала: - Алдап-соғып, керек болса басына қапшық кигізіп, алып қашам.
Әсет: - Қойшы, рас алып қашқың келіп жүр ме? Қыз саған далада жайылып жүрген мал емес қой.
Бесик: - Онда тұрған не бар? Баяғыда атпен алып қашса, қазір «Джиппен» алып қашады ғой, ха-ха-ха.
Байбала: - Құшағыма бір кірген соң қайда барады дейсің?
Бесик: - Иә.
Әсет: - Ой, өз аяғымен бармаған соң, мұның дұрыс емес.
Байбала: - Сен, жаңа ғана өзің айттың ғой, біздің "ит өлген жердегі" ауылға қай қыз барады деп. Амал қанша, барғызамыз, еркек емеспіз бе? Дұрыс па, Бесик?
Бесик: - Дұрыс, жарайсың, Байбала.
«Саябаққа» Еркегүл келіп, ортадағы орындыққа отырады.
Бесик: - Әне, біреуі өзі келді.
Әсет: - Бар, тамырын басып көр.
Байбала: - Барам несі бар, өзі сүйкімді екен.
Бесик: - Іске сәт.
Байбала орындықта отырған Еркегүлге жақындайды.
Байбала: - Қарындас, сәлеметсіз бе!
Еркегүл: - Сәлеметсіз!
Байбала: - Кешіріңіз, қарындас, сіз осы колледжде оқисыз ба?
Еркегүл: - Иә, не үшін сұрадыңыз?
Байбала: - Қандай мамандықтар бар мұнда?
Еркегүл: - Барып білмедіңіз бе?
Байбала: - Барам ғой, бірақ сіздей сұлу жалғызсырап отырғанда өтіп кете алмадым, бағымды сынап көрейін деп жақындағаным еді.
Еркегүл: - Жалғыз емеспін, қазір жұмыстан шығып жігітім келеді. Ал, сіз қандай мамандықты оқығыңыз келеді?
Байбала: - Енді, мен ауылда тұрамын.
Еркегүл: - Көрініп тұр.
Байбала: - Не көрініп тұр?
Еркегүл: - Ауылдың жігіті екеніңіз көрініп тұр.
Байбала: - Қалай байқадың?
Еркегүл күледі.
Еркегүл: - Осы колледжде қандай мамандықтарды оқытатынын бәрі, әсіресе жастар біледі, ал сіз білмейсіз.
***
Бесик пен Әсет оларды байқап отыр.
Бесик: - Жігіт, тіл табысты-ау деймін.
Әсет: - Әй, жоқ. Қолынан келмейді.
Бесик: - Көресің, түбі сындырады. Бәстесейік.
Әсет: - Жақсы. Не тігесің?
Бесик: - Енді бұл, үлкен іс қой, сенің бешпентіңді тігейік.
Әсет: - Ал, егер сындыра алмаса ше, сен не бересің?
Бесик: - Бір тоқты менен, жарай ма?
Әсет: - Жақсы, келістім. Бесик, ал сен қашан үйленесін?
Бесик: - Ол, Байбаланың тағдырына байланысты, бірінші Байекені үйлендірейік. Мен әр қашан оның қасында боламын ғой.
***
Байбала Еркегүлдің қасына отырады.
Еркегүл: - Қазір менің жігітім келеді, өтінемін, отырмаңызшы қасыма.
Байбала: - Жігітің қызғаншақ па, соншама?
Еркегүл: - Иә, қызғаншақ. Оның үстіне ол полиция аға лейтенанты.
Байбала: - Ой, қорқытпашы.
Еркегүл орнынан тұрады. Оның қолтығына қыстырылған дәптерлері шашылып қалады.
Еркегүл: - Ту-у-у! Абайлаңызшы.
Байбала: - Кешірші, қарындас. Атың кім?
Еркегүл: - Оны не қыласыз? Қазір жігітім келеді дедім ғой. Өтінемін, кетіңізші мына жерден.
Байбала: - Менің атым Байбала.
Еркегүл: - Байбала? Қызық екен.
Байбала: - Әкем бай болған соң Байбала деп қойған ғой, мыңдаған жылқысы бар.
Байбала қолың созады.
Байбала: - Ал, сенің атың қалай? Қолыңды беріп атыңды айтсаң болды, саған кедергі болмай кетемін мына жерден.
Еркегүл: - Жарайды, менің атым Еркегүл.
Еркегүл колын береді.
Байбала: - Еркегүл, аздап қыдырайықшы, менде "Джип" көлігі бар, қалаған жеріңе апарып тастаймың.
Еркегүл: - Қолымды жіберіңізші.
Байбала: - Онда мейрамханаға барайық.
Еркегүл: - Ту-у-у! Қолымды жіберіңізші деймін, өтінемін.
Сахнаға Ерболат келіп Байбаланы итеріп жібереді.
Ерболат: - Не керек саған?
Байбала: - Әй, жігітім абайла, не болды соншама.
Ерболат: - Құры, мына жерден.
Еркегүл: - Қойыңдар.
Байбала: - Сен кім едің мені құртатын мына жерден. "Мент" болсаң не, саған ойыңа келгенді жасау керек пе, не?
Ерболат: - Әй, сен не айтпақсың?!
Байбала: - Сен не айтпақсын. Ал не істейсің маған. Құрымаймын мына жерден.
Байланысып тұрғандарға Әсет пен Бесик жақындайды.
Әсет: - Не болып қалды?
Байбала: - Ой, мына "мент" маған құры дейді мына жерден.
Ерболат: - Абайлап сөйле.
Байбала: - Абайлап сөйлететін кімсің сен?!
Бесик: - Полиция формасын киген соң, әкіреңдеу керек пе не?
Байбала: - Қазір мен бөлімшеге хабарласып, сенің сазайыңды тарттырайын.
Бесик: - Қанша ешкі шақырасың? Бір, екі, үш, төрт әлде бес ешкі шақырасың ба? Сендер туралы былай дейді: «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар». Оданда, жігітсің бе, шық жекпе –жек.
Еркегүл: - Қойыңызшы енді. Кеттік, Ерболат.
Байбала: - Жекпе жекке шыға алмайсың ба, бір жеріңді қыс та, өзің құры мына жерден.
Бесик: - Әй, "теке", жігіт болсаң, еркекше сөйлесейік.
Байбала: - Құры деймін мына жерден, тұмсығың бұзылмай тұрғанда.
Еркегүл: - Жүрші, не істейсің солармен байланысып.
Еркегүл Ерболатты қолынан тартып алып кетеді.
Ерболат: - Біз әлі кездесеміз.
Байбала: - Еркегүл, ренжіме.
Бесик: - Жарайсың, атын біліп алыпсын ғой.
Байбала: - Мына "мент" жыныма тиіп кетті ғой.
Әсет: - Оған кол көтермегеніміз дұрыс болды. Соттатып жіберер еді.
Бесик: - "Мент" болса да қорқып қалды.
Байбала: - Иә. Бірақ, өзі ғой бастаған.
Бесик: - Қыз не болды?
Байбала: - Қатты ұнап қалды. "Мент" оның жігіті екен. Қап, мына "менті-ай", ашуым басылар емес. Ауызын ырбыйтып жіберу керек еді. Сен "бес ешкі" туралы
Бесик - Ол текемен төбелесіп жүресің бе. Одан да қызын қағып кетпейсің бе, сонда оның ауызын ұрасың.
Байбала: - Дұрыс айтасың. Қызды байқап көру керек.
Бесик: - Байқайтын несі бар, бұл колледжге баратын жол біреу-ақ, онда тек осы саябақ арқылы барады, яғни, ол мына жермен жүреді деген сөз.
Байбала: - Бір реті келер, байқап көрейік.
Әсет: - Жігіттер, қойыңдар, мүмкін олар үйленейін деп жүрген шығар.
Бесик: - Сен "текеге" болысып тұрғаннан саумысың?
Әсет: - Жоқ, бірақ, ол да адам ғой.
Бесик: - Бір әке баласына былай деген екен: «Балам адам бол, адам бол, адам бола алмасаң милиция бол» деп. Ол адам емес, ол "мент", "теке".
Әсет: - Саған дауа жоқ.
Бесик: - Осындай мұрынбоқтардың форма киіп шіреніп жүргеніне жыным келеді. Неге осындай қорқақтар ең әдемі қыздарды алу керек. Ішім күйеді.
Байбала: - Иә. Неге біз осындай "менттерге" ең сұлу қыздарды беріп қоюымыз керек?
Бесик: - Әсеке, қорықпа, "Тақырға" барып, әлі Байбаланың тойын бірге тойлаймыз. Оның үстіне, туған жерді сағындым деп жүрсің ғой. Барып, бала кезде ойнаған жеріңнің топырағына аунап келесің.
Байбала: - Мұндай "менттердің" бастықтары әкеме талай келіп, жазды күні қымыз ішіп, күзді күні таңдап жүріп соғым алып кетеді. Қорықпа. Барасың ба бізбен бірге ауылға?
Әсет: - Барамын. Бірақ, өз көлігіммен барамын, сосын, мені 300 шақырым жерден кім әкеледі мұнда.
Байбала: - Өзің біл. Сәті түссе, ауылға барып тойлармыз әлі, "менттің" ішін күйдіріп.
Әсет: - Кеттік мына жерден. Ол қаруластарың ертіп келіп бізді ұстап алар.
Бесик: - Әй, қорықпа, сен не бүлдіріп едің?!
5 көрініс
Ерболат пен Еркегүл үйдің алдында тұр.
Ерболат: - Сенің атыңды қайдан біледі ол?
Еркегүл:- Таныссаң, кетемін деді.
Ерболат: - Бөлімшеге хабарласайын ба?
Еркегүл: - Керегі жоқ.
Ерболат: - Сенің оған жаның ашып тұр ғой?
Еркегүл: - Жоқ. Не қыласың соларды.
Ерболат: - Саған не деп тиісті?
Еркегүл: - Жай, оқу туралы сұрады.
Ерболат: - Сен оны танисың ба?
Еркегүл: - Жоқ.
Ерболат: - Рас па?
Еркегүл: - Сен не, маған сенбейсің бе?
Ерболат: - Кешірші, сенем, сенемін ғой.
Ерболат Еркегүлді құшақтайды.
Еркегүл: - Әке-шешеме ренжідім. Оқу бітіргенше күтіңіз дегеніне, әлі бір жыл бар ғой.
Ерболат: - Енді, ата-анаңа қарсы шықпайсың ғой.
Ерболат Еркегүлді сүйгісі келеді.
Еркегүл: - Жоқ, енді бір жыл күтесің, шыда. Өзің ғой алып қаш дегенде, салт-дәстүрді сақтау керек дегенін.
Ерболат: - Қызды алып қашу жабайылардың тірлігі.
Еркегүл: - Несі бар, алып қашқандар арасында жақсы тұрып жатқан жанұялар көп қой.
Ерболат: - Жоқ, біздің әулетте ондай әдетті қолдамайды. Салт-дәстүрді сақтау керек. Не болды, шыдамай жүрсің бе?
Еркегүл: - Шыдаймын ғой, бірақ бір жыл созылып өтіп болмайды ғой.
Ерболат: - Бұл төңіректе біздің әулеттерді танымайтын адам жоқ шығар. Ата-анамыз да бір-бірін баяғыдан біледі, алып қашу ұят жағдай.
Еркегүл: - Түсінемін ғой, жаным. Сол бір жыл созылмай, жылдам өтсе екен.
6 көрініс
Кеш. Саябақ. Ортадағы орындықта Байбала, Бесик және Әсет отыр.
Әсет: - Жігіттер, мен сендердің тірліктеріңе таң қалып тұрмын.
Бесик: - Таң қалатын несі бар. Мұндай тірлік кез-келген ер жігіттің қолынан келе бермейді.
Байбала: - Әсет, сен қатысқың келмесе, көліктің ішіне барып отыршы. Біз Бесик екеуміз-ақ бәрін қатырамыз.
Әсет: - Жоқ, мен қатыспаймын.
Әсет орынынан тұрып сахнадан шығып кетеді.
Байбала: - Қорқып жүр өзі.
Бесик: - Иә. Егер де көлікке өз еркімен отырмаса, мына суды шүберекке құйып иіскетем, сонда ол не істеп жүргенін білмей де қалады.
Байбала: - Жарайды. Қалай ойлайсың, ол кешегідей осы жермен жүре ме екен?
Бесик: - Аңдып жүгенімізге үш күн болды ғой, күнде осы жермен жүреді. Сабағы казір бітеді.
Байбала: - Ана "мент" келіп қалмаса болғаны.
Бесик: - Әне, келе жатыр.
Байбала: - Кім, "мент" пе?
Бесик: - Жоқ, қыз.
Ерекгүл «саябаққа» кіреді. Алдынан Байбала мен Бесик шығады.
Еркегүл: - Сізге не керек?
Байбала: - Еркегүл, мен сенен кешірім сұрайын деп едім. Сен маған ренжіп қалдың ғой. Өтінем, кешірші.
Еркегүл: - Жақсы, кешірдім.
Байбала: - Қарсы болмасаң үйіңе апарып тастайын.
Еркегүл: - Жоқ, қажеті жоқ, өзім жетемін.
Байбала: - Еркегүл, өтінемін.
Еркегүл: - Жоқ, қазір мұнда жігітім келеді. Тағы да мені сізбен бірге көрсе, ол сізді де мені де кешірмейді.
Байбала: - Басымды қатырдың ғой, "ментпен" мені қорқытып.
Бесик: - Байеке, ұзын сөздің қысқасы...
Байбала: - Иә.
Бесик Еркегүлдің ауызын шүберекпен жабады. Еркегүл есінен танып қалады. Байбала оны көтеріп алып кетеді.
Автокөліктің жүріп кеткені естіледі.
Саябаққа Ерболат келеді. Ол орындыққа отырады да сағатына қарайды. Ұялы телефонмен хабарласады, бірақ Еркегүлдің телефоны өшірулі.
7 көрініс
Еркегүлдің анасы телефон арқылы Ерболаттың анасымен сөйлесіп тұр.
Еркегүлдің анасы: - Құдағи, амансыз ба!
Ерболаттың анасы: - О, құдағи, аманбыз. Өздеріңіз қалайсыздар?
Еркеқыздың анасы: - Шүкір. Біздің Еркегүл сіздің үйде ме, құдағи?
Ерболаттың анасы: - Жоқ. А, олар киноға кеткен болар. Ерболат киноға барамыз деген еді.
Еркегүлдің анасы: - А-а. Бәсе телефоны өшірулі. Онда дұрыс болған екен. Қажы атаның "Құдағи, қызды жалғыз көшеге жібермеңіз" деп айтқан сөздері есіме осы күні жиі түсетін болды. Білтүрлі уайымдайтын да болдым.
Ерболаттын анасы: - А-а, ештеңе емес құдағи. Уайымдамаңыз, Ерболатымның полиция екенін ұмытпаңыз, ешкім оған тиіспейді. Еркегүл пысық, өз-өзіне сенімді ғой.
Еркегүл: - Солай ғой, бірақ не дегенімен қыз бала ғой. Жарайды, киноға кетсе дұрыс болған екен. Жақсы. Қайырлы түн, құдағи.
Ерболаттын анасы: - Қайырлы түн.
8 көрініс
Түн. Саябақ. Фонар жанып тұр. Ерболат орындықтан тұрады, сағатына қарайды да, телефон соғады. Телефон өшірулі. Ерболат сахнадан шығып кетеді.
9 көрініс
Еркегүлдің басына орамал жабып, оның алдына ақтық жайып, екі қолтығынан ұстаған әйелдер оны күштеп сүйреп сахнадан өтеді. Қасында тағы бір әйел өлең салып жүр, басқасы шашу шашуда.
Еркегүл жылап: - Бармаймын, жіберіндер.
Оның сөзіне ешкім мәң бермейді. Байбала мен Әсет оларға қарап тұр. Бесик Еркегүлді «үйге» кіргізіп жатқанын ұялы телефонға түсіріп жүр.
***
Байбаланың үйі. Үйдің алдында: Байбала, Бесик, Әсет және Байбаланың анасы, тағы да екі әйел.
Байбаланың анасы: - Балам, ол маған сырға салып койды дейді ғой.
Байбала: - Онда тұрған не бар. Мен оны ұрып әкелген жоқпын ғой. Өзі келді.
Байбаланың анасы: - Жылап-жылап, есінен шатасқан секілді ғой.
Бірінші әйел: - Ештеңе етпейді, бізде жылағанбыз, шүкір, тұрып жатырмыз. Бес бала асырап отырмыз.
Екінші әйел: - Босағадан аттаған екен, қайтар жол жоқ.
Байбаланың анасы: - Соңы бір бүлікке соқпаса болғаны.
Байбала: - Соқпайды, қорықпаңыз, өзім жауап берем. Үйіне хабаршылар кетті ме?
Байбаланың анасы: - Иә, нағашың, жеңешең тағы да үш адам қоса кетті.
Бірінші әйел: - Жүріңіз, қасына барып тағы да жұбатып көрейік.
Әйелдер "үйге" кіріп кетеді.
***
Бесик: - Үш күн өтті ғой, бармайсың ба қойнына?
Байбала: - Жақындатпайды қасына. Қарындасымды құшақтап алып жібермейді, соның қасында ұйықтайды.
Бесик: - Қарындасыңды үйдең алып шығып оны оңаша қалдырудың бір амалын табармыз.
10 көрініс
Еркегүлдің үйінің алдында Байбаланың хабаршылары тұр.
Еркегүлдің анасы: - Кіргізбеймін үйге. Ол қызға сырға салып қойған.
Бабаланың нағашысы: - Естігенбіз.
Еркегүлдің анасы: - Естісеңіз, қалай дәтіңіз барды? Жоқ! Босағадан аттатпаймын.
Байбаланың нағашысы: - Енді біз қайтеміз? Ол біздің босағадан аттады ғой. Баладан анықтап сұрадық, зорлап әкелмедім деді.
Еркегүлдің анасы: - Бізді жұрт алдында қарабет қылып, салт-дәстүрді бұзды. Егерде өз аяғымен сіздің шаңыраққа кірсе, онда ол сіздікі, бірақ сізді мен қабыл алмаймын.
Еркегүлдің анасының қасындағы әйел: - Сабыр ет, жеңеше.
Хабарлаушылардың біреуі: - Бәрімізде жас болдық деген сияқты, бір қателік болған шығар енді, кешіре көріңіз.
Еркегүлдің анасы: - Жоқ, кешіре алмаймын. Мен енді жұрттың көзіңе қалай қараймын, қалай соны ойламаған.
Хабарлаушылардың біреуі: - Түсінеміз, ер баладан гөрі қыз бала тәрбиелеудің жауапкершілігі зор. Өзіміз де қыз бала асырап отырмыз. Жастықпен, шалалық қылып, қателескен болар.
Байбаланың нағашысы: - Біз сонау үш жүз шақырым жерден келіп тұрғанда шаңырағыңызға кіргізбегеніңіз қалай?
Еркегүлдің анасы: - Жоқ, ол қыз бізді жұрт алдында төмен қаратты. Батамды бере алмаймын.
11 көрініс
Саябақ. /Ерболат пен Еркегүлдің алғашқы кездесуі/.
Көктем. Талдар. Орындықтар. Сахнаның сол жағынан лейтенант полиция формасын киген Ерболат келе жатыр, сахнаның оң жағынан Еркегүл шығады. Олар бір-біріне қарап келе жатыр. Еркегүл сүрінеді. Ол Ерболаттың құшағына құлайды. Олар бір-біріне біраз қарап қалады.
Еркегүл: - Не қарап тұрсыз?
Ерболат: - Жай.
Еркегүл: - Жай? Жіберіңіз аяғымды ауыртып алдым.
Ерболат: - Кешіріңіз, көмектесейін.
Ерболат ақсаңдап қалған Еркегүлді орындыққа отырғызады.
Ерболат: - Мына саябақ тамаша екен.
Еркегүл: - Тамаша? Біреу аяғын ауыртып алса, сіз саябақ тамашалап отырсыз ғой.
Ерболат: - Кешіріңіз.
Еркегүл: - Енді үйге қалай жетем? Аяғым-ай.
Ерболат: - Қатты ауырып тұр ма?
Еркегүл: - Ия.
Ерболат: - Мен сізге көмектесейінші. Шығарып салайын.
Еркегүл: - Жақсы.
Ерболат ақсандап бара жатқан Еркегүлді сахнадан алып кетеді.
12 көрініс
Түн. Фонарлар жанып тұр. Ерболат саябақтағы орындықта темекі тартып отыр.
Саябақпен майор формасын киген Қуат өтіп бара жатып, Ерболатты көріп, тоқтайды.
Қуат: - Ерболат?
Ерболат орнынан атып тұрады.
Ерболат: - Ассалаумағалейкум, майор мырза.
Қуат: - Мына жерде түңделетіп не істеп отырысың?
Ерболат: - Жай. Сіз Астанадан қашан келдіңіз?
Қуат: - Жаңа ғана поездан түстім. Не жаңалық бар бөлімшеде?
Ерболат: - Ештеңе.
Қуат: - Түрің бұзылып кетіпті. Ауырып отырсың ба?
Ерболат: - Жоқ.
Қуат оның қасына отырады.
Қуат: - Отыр.
Ерболат отырады.
Қуат: - Сен ештеңе жасырма. Маған бәрін айта аласын. Мен өзімнің қарамағындағы офицерлер туралы бәрін білуге қақым бар. Не болды, қабағың түсіп кеткен ғой.
Ерболат: - Дәл осы жерде алғаш рет сүйгенімді кездестірген едім. Соны есіме алып отырмын.
Қуат: - Сен үйленеді деп жігіттер айтып жүр ғой. Мырзағалидың қызына сырға да салып қойды дейді. Түсінбедім?
Ерболат: - Бәрі біледі екен. Сол қызды ғой ойлап отырғаным.
Қуат: - Ал, оған не болып қалды?
Ерболат: - Басқа жігітке күйеуге қашып кетті.
Қуат: - Қойшы! Тәртіпті қыз сияқты еді ғой. Қашан?
Ерболат: - Бір апта бұрын.
Қуат: - Кімге?
Ерболат: - Білмеймін, «Тақыр» ауылында тұратын бір жылқышының баласына дейді.
Қуат: - Қалай? Ол ауылда тек бес-алты үй ғана қалды ғой. Жылқышыны да танимын. Сені, полиция офицерін, жуық арада капитан болатын жігітті тастап, ми даладағы жылқышының ұлына?! Түк түсінбедім.
Ерболат: - Өзім де түсінбедім. Хабаршылар келген, бірақ оларды анасы қабылдамаған.
Қуат: - Хабаршылар? Алып қашып кеткен бе?
Ерболат: - Иә. Бірақ, өз аяғымен барған.
Қуат: - Мүмкін зорлап алып кеткен болар?
Ерболат: - Білмеймін. Бірақ табалдырықты өзі аттап кірді дейді ғой. Бір жыл күту ұзақ, одан да алып қашып кетсейші дейтін. Бір жылға шыдамы жетпегені, ол біздің арамызда махаббат болмағанын білдіреді ғой.
Қуат: - Ол жігітпен қайдан танысып жүр екен?
Ерболат: - Дәл осы жерде біреулермен кездесіп тұрғанында үстіне келіп қалғам, сол жігіттер болар. Атын да біледі екен. Мен олармен байланысып қалдым, бөлімшеге хабарласайын десем, қыз маған керек емес деп жалыңды. Ақымақ басым, ол жігіттерді қорғап тұрғанын сезбеген екен.
Қуат: - Осы қыздарды түсінбеймін. Қазақ бекер айтпаған болар: «Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатыныңа сенбе» деп. Өйткені, атыңнын қашан сүрінетінін білмейсің, қатының, көзіңе шөп салмаса да, қай уақытта ұрыс шығаратынын білмейсің.
Ерболат: - Қуат аға, мені басқа жаққа ауыстырып жіберіңізші, мен мұнда жұмыс істей алар емеспін. Намысым тапталды. Өкіңіш, ұят жеп барады.
Қуат: - Түсінемін. Жарайды, мен Астанадағы әріптестеріммен байлаңысып көрейін.
13 көрініс
Байбаланың үйінің алды. Иттердің үргені, сиыр мөңірегені, жылқы кісінегені естіледі.
Әсет: - Екі жеті өтті, жігіттер мен жүремін. Ауылда біраз болдым, балық ауладым, жылқыға міндім, енді кету керек. Анама бір жетіден кейін келемін деп едім, күтіп қалған шығар.
Байбала: - Өзің біл, Әсеке.
Әсет: - Таңертең жол жүрем. Айтпақшы, Бесик, сен маған тоқты қарыз сияқты едің.
Бесик: - Әсет, сабыр етші. Байеке, жігіт емессің бе, екі апта өтті ғой, ал сен әлі қасына жатқан да жоқсың.
Байбала: - Сен-ақ намысыма тиіп болдың ғой.
Бесик: - Енді осылай жүре бересің бе? Тіпті көршілерден ұят болды. "Шешінген судан тайынбас" деген бар.
Байбала: - Қарындасымды үйге кіргізбе. Басқа адамдарды да жолатпа. Жастар демалып жатыр де.
Бесик: - Айтпасан да түсінікті ғой.
Байбала үйге кіріп кетеді. Біраздан соң Еркегүлдің айқайлаған дауысы шығады.
Еркегүлдің дауысы: - Жоқ, жоқ. Керек емес. Өтінемін. Мен сені сүймеймін. Жоқ, жоқ.
***
Босағаның алдында Бесик пен Әсет.
Бесик: - Дауысы жер жарып барады ғой.
Әсет: - Қинады-ау.
Бесик: - Немене, бешбетінен айырылғың келмей тұр ма? Жігіттің екі сөйлегені - өлгені.
Әсет: - А-а, сенің баққанын осы екен ғой. Мә саған бешпет. Сен жеңдің.
Бесик: - Өзің ғой тоқтыны есіңе алған.
Әсет бешпетін шешіп Бесикке береді.
Бесик: - О, дәл екен өзіме.
Біраздан соң үйден көйлегінің ілгектерін тағып Байбала шығады.
Бесик: - Қалай?
Байбала: - Болатын іс болды енді.
Бесик: - Ой, жігіт.
Байбала: - Сендер не, киімдеріңді ауыстырып алғансыңдар ма?
Әсет: - Бесик баяғыда бешбетіме құда түсіп қойған.
Байбала темекі тартып, керіліп тұрады.
Байбала: - Енді қайда барар дейсің?!
Бесик: - Белгілі ғой ендігі жағдайы, сиыр сауып, жүн түту соның қолында, деген бар ғой. /Күледі/
Үйдің ішінен жылап, шашы жайылып Еркегүл шығады.
Еркегүл: - Сен не істедің.
Еркегүл Байбаланы итереді. Еркегүлді Бесик ұстайды.
Еркегүл: - Сен қалай ойлайсың, мені зорлағасын сенімен тұрады дейсің бе? Оңбаған. Мен саған бәрібір әйел болмаймын. Өйткені мен сені сүймеймін. Жексұрын.
Бесик: - Қой енді. Сабыр ет.
Еркегүл: - Сұмырай.
Байбала: - Жетер. Енді сен кімге керексің? Соны ойла.
Байбала Еркегүлді итеріп құлатады.
Еркегүл: - Мені жіберіңізші, өтінемін.
Байбала: - Кешір, мені де түсінші...
Еркегүл: - Менің жігітім бар дедім ғой.
Байбала: - Жігітің болса келмей ме сені іздеп, екі апта өтті ғой.
Еркегүл: - Бер телефонымды хабарласамын оған.
Байбала: - Ол полиция ғой, таппай ма өзі.
Еркегүл: - Бәрібір сенімен тұрмаймын. Жек көрем сені.
Байбала: - Әй, қырсық, бар баратын жеріңе. Көрейін, қайда барарыңды.
Еркегүл: - Жаяу болса да кетем.
Байбала: - Қасқырға жем боласың.
Әсет: - Мен алып кетемін.
Бесик: - Немене?
Әсет: - Мен алып барамын.
Бесик: - Мүмкін сен оған әлі үйленерсің?
Әсет: - Жап аузыңды.
Бесик: - Не? Қазір сенің аузынды бұзамын.
Байбала: - Қойыңдар, жігіттер. Енді бір-бірімізбен төбелесу қалып еді.
Еркегүл: - Өтінемін, апарып тастаңызшы.
Байбала: - Егер де тұрғың келмесе, жолың ашық.
Бесик: - Әй, сен не жындысың ба? Сосын ол бізді соттатып жібереді ғой.
Былай жүрші өзің.
***
Бесик Байбаланы шетке шығарады.
Бесик: - Сен не, оны шынымен жібергің келіп тұр ма?
Байбала: - Тұрмаймын десе не істеймін? Мысық пен иттей болып.
Бесик: - Ақымақ болма. Саған енді қалайда оған үйлену керек. Үйленбесең, бітті, сотталасың.
Еркегүл оларға жақындайды.
Еркегүл: - Қорықпаңдар, сотталмайсыңдар.
Бесик: - Яғни, сен мұнда не болғанын ешкімге айтпасың ғой.
Еркегүл: - Жоқ, айтпаймын.
Бесик: - Алып қашқанымыз рас, бірақ сен қарсы болғасын біз сені босаттық, солай ма?
Еркегүл: - Иә.
Бесик: - Дәлірек, сені зорлағанын ешкімге айтпайсың ғой?
Еркегүл: - Ешкімге айтпаймын, тек мені жіберіңізші, өтінемін.
Байбала: - Ойлан, нағашымның айтуынша, сені енді онда күтіп отырған ешкім жоқ. Әке-шешең саған қарсы. Жігітің сені іздеп келген жоқ. Сен онда кімге керексің?
Еркегүл: - Мейлі, бірақ мен сенімен тұра алмаймын, неге түсінбейсің, өйткені мен сені сүймеймін.
Байбала: - Қақылдап қалдың ғой, сүймеймін, сүймеймін деп. Шаңырақ құрып жатқандардың бәрі бір-бірін сүйіп қосылды деймісің. Бала-шағалы болған соң бәрі жақсы болып кетеді. Үйіңе де барып тұрасың.
Еркегүл: - Жо-оқ. Мен сенімен тұра алмаймын. Мен сені жек көремін.
Байбала: - Жетті. Намысыма тиіп болдың. Бар онда, әлі өкінетін боласың. Апарып таста мына қырсықты.
Әсет: - Жүріңіз.
Бесик: - Есіңде болсын, тіс жарсаң, құрисың.
Еркегүл: - Кімге, не бетіммен айтамын.
Бесик: - Біреуге айтатын болсаң сені осы өз қолыммен өлтіремін. Ұқтың ба?
Еркегүл: - Иә. Ұқтым.
Байбала: - Мә, телефоның. Есіңде болсын, егер де қайтатын ойың болса мен қарсы емеспін.
Еркегүл: - Жоқ.
Әсет пен Еркегүл сахнадан шығып кетеді.
Автокөлік оталып жүріп кеткені естіледі.
Бесик: - Байеке, не болса да қатырдың, кетер қызды керіп қалдың. /күледі/
14 көрініс
Саябақ. /Ерболат пен Еркегүлдің алғашқы кездесуі/.
Көктем. Талдар. Орындықтар. Сахнаның сол жағынан лейтенант полиция формасын киген Ерболат келе жатыр, сахнаның оң жағынан Еркегүл шағады. Олар бір-біріне қарап келе жатыр. Еркегүл сүрінеді. Ол Ерболаттың құшағына құлайды. Олар бір-біріне біраз қарап қалады.
Еркегүл: - Неге қарап тұрсыз?
Ерболат: - Жай.
Еркегүл: - Жай? Жіберіңіз аяғымды ауыртып алдым.
Ерболат: - Кешіріңіз, көмектесейін.
Ерболат ақсаңдап қалған Еркегүлді орындыққа отырғызады.
Ерболат: - Мына саябақ тамаша екен.
Еркегүл: - Тамаша? Біреу аяғын ауыртып алса, сіз саябақ тамашалап отырсыз ғой.
Ерболат: - Кешіріңіз.
Еркегүл: - Енді қалай жетем? Аяғым-ай.
Ерболат: - Қатты ауырып тұр ма?
Еркегүл: - Ия.
Ерболат: - Мен сізге көмектесейінші. Шығарып салайын.
Еркегүл: - Жақсы.
Ерболат ақсаңдап бара жатқан Еркегүлді сахнадан алып кетеді.
15 көрініс
Қыс. Саябақ. Орындықта Еркегүл отыр. Ол екіқабат.
Саябақпен Ерболаттың анасы өтіп бара жатып, Еркегүлді көріп, тоқтайды.
Ерболаттың анасы: - Мына қара суықта, ішің шертиіп не істеп отырсың мына жерде?
Еркегүл: - Жай, отырған.
Ерболаттың анасы: - Жай отырмын деп қояды. Көргенсіз. Әкел ана салған сырғамды.
Ерболаттың анасы Еркегүлден сырғаны шешіп алып, лақтырып тастайды.
Ерболаттың анасы: - Ата-анаңмен біздің арамызды ашып, қарым-қатынасымызды бұзып, Ерболатымды шығындандырып, не көрінді саған?
Еркегүл: - Апа, мен кінәлі емеспін.
Ерболаттың анасы: - Не? Кінәлі емеспін дейді. Онда неге ішін шертиіп отырсың. Сені ол үйге біреу сүйреп кіргізді ме, әлде сені зорлады ма?
Еркегүл: - Жоқ. Ештеңе айта алмаймын.
Ерболаттың анасы: - Онда неге кінәлі емеспін дейсің? Көрмегенім сен болсын.
Ерболаттың анасы алақанын теріс айналдырып теріс бата қайырады.
Ерболаттың анасы: - Бердім саған теріс батамды.
Еркегүл ішін ұстап құлайды. Жылайды.
Ерболаттың анасы: - Ойбай, босанудан амансың ба?
Еркегүл: - Бұл баланың кінәсі жоқ қой, неге теріс бата бердіңіз. Сіз де анасыз ғой.
Ерболаттың анасы: - Ойбай, Алла, не болды?
Еркегүл ыңырсып жерде жатыр.
Еркегүл: - Апа, өтінем, Ерболатты шақырыңызшы, оған айтатын бір ауыз сөзім бар.
Ерболаттың анасы: - Сен қазір оны ойлама. Мен дәрігерлерді шақырайын.
Еркегүл: - Апа, өтінемін, шақырыңызшы Ерболатты.
Еркегүл есінен танып қалады.
Ерболаттың анасы: - Жақсы, ойбай, мынау есінен танып қалды ғой. Алло! Мында екіқабат келіншек есінен танып қалды. Саябақ ішінде. Қайдан білейін не істеп отырғанын. Жылдам келіңдер. Күтем.
16 көрініс
Ерболаттың анасы телефон арқылы Ерболатпен сөйлесіп отыр.
Анасы: - Балам, ана бейбақ Еркегүлді көрдім.
Ерболат: - Қалай? Оны қайдан көрдіңіз?
Анасы: - Саябақтың ішінде орындықта отыр екен, кездесіп қалдым.
Ерболат: - Колледжге өтетін саябақта ма?
Анасы: - Иә.
Ерболат: - Жасыл орындықта ма?
Анасы: - Иә, оны қайдан біліп қойдың?
Ерболат: - Жай, білем.
Анасы: - Ол өлім аузында жатыр. Ессіз, дәрігерлер оның халы нашар дейді.
Ерболат: - Немене? Түсінбедім.
Анасы: - Иә, ол қиналып жатып маған сені шақыршы деп өтініш жасаған еді, саған айтатын бір ауыз сөзім бар дейді.
Ерболат: - Не айтам дейді?
Анасы: - Қайдан білейін не сыры барын. Кел жылдамдатып, өліп кетер. Алладан қорыққасын ғана соңғы өтінішін орындап отырмын.
Ерболат: - Жақсы, жақсы. Барам.
Анасы: - Абай бол жолда.
Ерболаттың анасы телефон арқылы сөйлесіп болып: - Астафиур Аллаһ! Теріс бата беру қандай ауыр, қандай қорқынышты. Алла, кешіре гөр мені.
17 көрініс
Аурухана. Ерболат ақ халатты жамылып, ауырып жатқан Еркегүлдің қасында отыр. Олардың қасында медбике тұр.
Еркегүл: - Мен сенің алдыңда тазамын, мен кінәлі емеспін. Мен саған тек соны ғана айтайын деп едім.
Ерболат үндемей отыр.
Еркегүл: - Мені күштеп алып қашып кетті, ол үйге қалай кіргенімді білмеймін, есімде жоқ. Мені, мені зорлады.
Ерболат: - Зорлады?
Еркегүл: - Мен ақталмаймын, бірақ бұл өмірден кетіп қалсам, сен білу керексің деп шештім. Неге үндемейсің? Мен сені сағындым. Бірақ ештеңеден үміттенбеймін, тек сені қатты көргім келді. Аяғы ауыр келіншектер неше түрлі тамақтарды жеуге құмар болса мен сені көруге зар болдым.
Үнсіздік.
Еркегүл: - Баланы алдыртып тастаймын деп ойладым, бірақ құдайдан қорықтым. Баланың кінәсі жоқ қой. Айтшы, сен маған сенесің бе?
Ерболат жауап бермейді
Медбике: - Сізге көп сөйлеуге болмайды.
Еркегүл: - Айтшы.
Ерболат үндемейді.
Еркегүл: - Сенбейді екенсің. Онда айтшы, сен мені сүйдің бе?
Ерболат сөйлемейді.
Еркегүл: - Сүймегенсің, сүйсең мені іздеп келетін едің ғой. Мен сені қатты күттім, полиция ғой, мені іздеп тауып алады деп ойладым. Білесің бе, сен есіме түскенде мен біздің алғашқы кездескен жерге барып, бәрін есіме аламын. Қандай ғажап уақыттар еді.
Медбике: - Болды, сіз бара беріңіз.
Ерболат орнынан тұрады.
Еркегүл: - Иә, енді бәрі бітті. Қандай өкінішті.
Ерболат кетіп барады.
Еркегүлге қосулы тұрған дәрігерлік аппараттан шиқылдаған дауыс шығады.
Медбике: - Тағы да есінен танып қалды.
Ерболат жылдам Еркегүлдің қасына келіп: - Еркегүл, Еркегүл, естисің бе? Мен сенемін, сенемін саған. Мен әлі күнге дейін сені сүйемін, ұмыта алмадым, менде сені сағынғанда сол саябаққа барып, бәрін есіме аламын. Естисің бе? Еркегүл.
Медбике: - Былай тұрыңызшы, бағанадан бері сөйлемей. Ол сізді естіп жатқан жоқ. Шығыңыз кедергі келтірмей. Ішіндегі бала өліп кетуі мүмкін.
18 көрініс
Қыс. Саябақ. Ерболат орындықта отыр. Полиция формасын киген Қуат өтіп бара жатып, оны көріп, тоқтайды.
Қуат: - Базарбаев? Ерболат, сен осы жерде ылғи отырасың ғой.
Ерболат: - Ассаламуғалейкум, аға!
Қуат: - Уағалейкумассалам! Қалайсың? Тағы да қабағың түсіп кетіпті гой. Не болды? Әлде, Астанадағы жұмысың келіспей жатыр ма?
Ерболат: -Жоқ, жұмыста бәрі дұрыс.
Қуат: - Енді не болды?
Ерболат: - Сізді кездестіргенім қандай жақсы болды. Есіңізде ме, мен қандай себеппен жұмыс орынын ауыстырғаным?
Қуат: - Әрине.
Ерболат: - Иә. Аға, мен үлкен қателік жасадым.
Қуат: - Неге? Астанадағы жұмыс ұнамады ма?
Ерболат: - Жоқ, мен жұмыс туралы айтып отырған жоқпын. Ана қыз туралы.
Қуат: - Иә, айта бер.
Ерболат: - Ол қызды күштеп алып қашып кеткен және зорлаған.
Қуат: - Зорлаған?
Ерболат: - Иә. Оны іздеп баруым керек еді, бірақ мен ештеңені анықтамай, намыстанып Астанаға ауысып кеттім. Мен қатты өкінемін. Ол адамды мен қалайда жазалауға тиістімін.
Қуат: - Зорлағанын дәлелдесең, бітті.
Ерболат: - Қуат аға, мен оны қалайда дәлелдеймін. Көмектесесіз бе?
Қуат: - Әрине.
19 көрініс
Ерболат пен анасы.
Ерболат: - Мен Еркегүл басын көтергенше осында болам.
Анасы: - Немене?
Ерболат: - Ол аз болса, мен оған үйленемін.
Анасы: - Не дейді мынау, есің дұрыс па?
Ерболат: - Дұрыс.
Анасы: - Балам, бізді жерге қаратқан адамды мен ешқашан босағамнан аттатпаймын.
Ерболат: - Апа, ол кінәлі емес.
Анасы: - Балам, не айтып тұрсың?
Ерболат: - Иә, апа.
Анасы: - Қайдан ғана саған хабарластым. Ол сенің басыңды қатыратынын жүрегім сезіп еді-ау. Әттеген-ай. Қап, оның дәмесі зор екен.
Ерболат: - Ол, ештеңеде дәметіп отырған жоқ. Өзім солай шештім.
Анасы: - Жоқ, балам. Айтушы болма. Мен оған теріс батамды бердім. Ендігі жерде маған оның қарасын көрсетпе.
Ерболат: - Теріс бата? Не үшін, апа?
Анасы: - Балам, намысың қайда? Неге ойламайсың өзіңді. Жұрт не дейді. Өзіңді ойламасаң да бізді жерге қаратпасаңшы. Төңіректің бәрі біледі, оған құда түсіп сырға салып қойғанымызды, ал ол болса күйеуге қашып кетіп, жүкті болып оралды. Енді сен оны баласымен алғың келіп отыр, не бетіңмен оған үйленем дейсің. Ол жоғалып кеткенде бүкіл жерге оның суретін іліп қойып, бүкіл ауданды дүрілдеткен жоқсың ба өзің. Сондықтан бұл оқиға туралы бәрі біледі. Көшедегі қатындардың өсегі тоқтайтын емес. Жоқ, балам, ол туралы айтушы болма.
Ерболат: - Апа, мен оны сүйемін.
Анасы: - Немене, сүйетін басқа қыз құрып қалды ма? Өмірің соған ғана байланып қалған екен. Уақыт өткесін бәрін ұмытарсың. Жоқ, балам, не айтсаң да мен оны шаңырағыма кіргізе алмаймын.
Ерболат екі қолын басына қойып әрі-бері жүреді.
Анасы: - Қойма қолыңды төбеңе, туыстардан безіп кетесің.
Ерболат: - Безсем, безермін. Оған үйленбесем мен үйге келмеймін.
Ерболат шығып кетеді.
Анасы: - Ұяңнан қашып, қайда барасың, балам-ау.
20 көрініс
Полиция бөлімшесі. Ерболат, Қуат, Әсет. Темір тордың ішінде Байбала мен Бесик отыр. Қасында екі солдат тұр. Ерболат темір торға жақындайды.
Ерболат: - Сендер, хайуандар, жазаларыңды тартасыңдар. Сен, қалай айтып едің «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарар» деп пе едің? Сол ешкілер сендер болдыңдар ғой.
Бесик: - Әй, мені қамауға алдым деп қуанып отыр екенсің. Бірақ осымен оқиға бітті деп ойлама.
Ерболат: - Немене, сен мені қорқытпақсың ба?
Бесик: - Жек көрем.
Байбала: - Сол саябақта қорықпай менімен жекпе-жекке шыққанда, мүмкін бәрі дұрыс болар ма еді. Мүмкін дос та болып кетер ме едік, кім білген.
Ерболат: - Мен хайуандармен дос бола алмаймын. Мен әлі сендердің көздеріңді құртамын.
Қуат: - Ерболат, неғыласың күнәға батып, бұндай статьямен отырғандарды жаратпайды ғой, білесің өзің, сенсіз де оны құртып жіберер әлі.
Байбала: - Басеке, сіз әкеме келгеніңізді талай көргенмін, қымыз ішіп соғым алып кететінсіз. Енді әкемнің көзіне қалай қарайсыз?
Қуат: - Әй, інішек, мен емес әкең менің көзіме қалай қарайды десейші, ақымақ. Немене, әкең жылқыларын айдап әкеліп сені құтқарады деп, үміттеніп отырсың ба?
Әсет: - Айттым ғой сендерге, заң солар жақта. Сондықтан олар өмірдің қожайындары деп.
Бесик: - Ауызыңды жап, тоқылдақ.
Қуат: - Бұл өмірде заң бәріміздің қожайынымыз болуға тиісті. Егер де үкімет шығарған заңға бағынбасақ, салт-дәстүрді сақтамай, оны бұзсақ, онда біздер жабайы халық болып, хайуандар қатарына қосыламыз ғой.
Ерболат: - Дәл сендер секілді.
Бесик: - Әлі сенің қаныңды ішемін.
Ерболат: - Алдымен шығып алсаңшы бұл жерден. Сен сегіз жылға, ал сен алты жылға бас бостандықтарыңнан айрыласыңдар.
Қуат: - Алып кетіңдер мыналарды.
Байбала мен Бесикті кісен салып алып кетеді.
21 көрініс
Саябақ. /Ерболат пен Еркегүлдің алғашқы кездесуі/.
Көктем. Талдар. Орындықтар. Сахнаның сол жағынан полиция лейтенанты формасын киген Ерболат келе жатыр, сахнаның оң жағынан Еркегүл шағады. Олар бір-біріне қарап келе жатыр. Еркегүл сүрінеді. Ол Ерболаттың құшағына құлайды. Олар бір-біріне біраз қарап қалады.
Еркегүл: - Неге қарап тұрсыз?
Ерболат: - Жай.
Еркегүл: - Жай? Жіберіңіз аяғымды ауыртып алдым.
Ерболат: - Кешіріңіз, көмектесейін.
Ерболат ақсаңдап қалған Еркегүлді орындыққа отырғызады.
Ерболат: - Мына саябақ тамаша екен.
Еркегүл: - Тамаша? Біреу аяғын ауыртып алса, ол сіз саябақ тамашалап отырсыз ғой.
Ерболат: - Кешіріңіз.
Еркегүл: - Енді үйге қалай жетем? Аяғым-ай.
Ерболат: - Қатты ауырып тұр ма?
Еркегүл: - Ия.
Ерболат: - Мен сізге көмектесейінші. Шығарып салайын.
Еркегүл: - Жақсы.
Ерболат ақсаңдап бара жатқан Еркегүлді сахнадан алып кетеді.
***
Саябақ. Көктем. Жеті жылдан кейін. Ерболат, Еркегүл және бала.
Сахнаның сол жағынан майор полиция формасын киген Ерболат көрінеді. Оң жағынан, жеті жасар баласын жетектеп Еркегүл шығады. Олар бір-бірін көріп, жәйлап жүреді. Бір-біріне жақындайды.
Еркегүл: - Ерболат? Сәлем.
Ерболат: - Сәлем. Қалайсың?
Еркегүл: - Шүкір. Сені көрмегеніме жеті жылдай болып қалды ғой.
Ерболат: - Балаң өсіп қалыпты. Аты қім?
Еркегүл: - Саған ұқсатып Нұрболат деп қойдым.
Ерболат: - Көзі сенікінен айнымай қалған. Оның көзінен сен қарап тұрған секілдісің.
Еркегүл: - Енді, менің балам ғой. Сен қашан келдің?
Ерболат: - Бүгін. Бүгін 14 сәуір ғой.
Еркегүл: - Есіңде екен ғой. Отырайық.
Олар орындыққа отырады.
Еркегүл: - Мен 14 сәуірде жыл сайын осында келемін. Бірақ сені көрмедім.
Ерболат: - Мен бәрін ұмытуға тырыстым, бірақ ...
Еркегүл: - Не бірақ?
Ерболат: - Алғашқы махаббат ұмытылмайды екен.
Олар біраз үнсіз отырады.
Еркегүл: - Қалайсың? Сенің қанша балаң бар?
Ерболат: - Мен үйленген жоқпын.
Еркегүл: - Қойшы. Неге?
Ерболат: - Өзін ше?
Еркегүл: - Жақсымын. Баламды тәрбиелеумен, тіршілігім өтіп жатыр.
Тағы да үнсіздік.
Еркегүл: - Шіркін, қандай ғажап уақыт еді.
Ерболат сөйлемейді.
Еркегүл: - Балам, бара ғой ойнай тұр.
Нұрболат жүгіріп кетеді.
Еркегүл: - Жұмысың қалай?
Ерболат: - Жақсы.
Еркегүл: - Үлкен бастық болғансың ғой деймін.
Ерболат: - Иә. Басқарма бастығының орынбасарымын.
Еркегүл: - Астана қалай, гүлденіп тұрған шығар?
Ерболат: - Иә. Бірақ мені Атырауға ауыстырып жатыр.
Еркегүл: - Неге?
Ерболат: - Бастық етіп сонда жіберіп жатыр.
Еркегүл: - М-м-м. Жақсы екен.
Ерболат: - Жаман емес.
Еркегүл: - Еліңмен қоштасуға келген екенсің ғой.
Ерболат: - Иә. Жеті жыл болып қалды, елге келмегелі. Жастық шақты еске алып....
Еркегүл: - Иә, жастық шақты еске алып осы саябаққа, біздің махаббат мекенемізге келдім де.
Ерболат үндемейді.
Ерболат: - Жастық шақ, жарықтық, енді оралмас. Одан енді не қалды, тек естелік.
Ерболат: - Мына саябақ өзгермеген екен.
Еркегүл: - Иә, орындықта өз орнында тұр, бәрі баяғыдай, тек біз қатты өзгердік.
Олар біраз үнсіз отырады.
Еркегүл: - Қырсық махаббат. Мені алып қашып кеткен соң, маған соған көну керек еді. Мүмкін бәрі жақсы болып кетер ме еді. Енді жүрісіміз мынау, жалғыз баламен қалдым. Оның әкесі абақтыда жазасын тартуда, сен болсаң, жүрісің мынау, әлі үйленбегенсің.
Тағы да үңсіз.
Еркегүл: - Сені осында кездестірем деп ойламаған едім.
Ерболат сөйлемейді.
Еркегүл: - Үндемейтін болып кеткенсің ғой. Жарайды. Жақсы, мен балама барайын.
Олар орындарынан тұрады.
Еркегүл: - Осы жерде сені кездестіргеніме өте қуаныштымын. Жақсы. Мен саған жұмысыңа жеміс тілеймін. Жүре бермей үйлен енді. Қош бол.
Ерболат: - Қош бол.
Олар бір-бірінен алыстап кетіп барады. Ерболат тоқтайды. Біраз тұрады.
Еркегүл, баласы жүгіріп кеткен жаққа кетіп барады. Ерболат оған жалт қарайды.
Ерболат: - Еркегүл!
Еркегүл тоқтайды, бірақ артына қарамай тұрады.
Ерболат: - Еркегүл!
Ерболат жүгіріп барып, оның иығынан ұстайды.
Ерболат: - Еркегүл. Мен сені сүйемін.
Еркегүл бұрылады. Оның көзі жасқа толы.
Ерболат: - Мен сені ұмыта алмадым. Мен қатты қателестім. Кешірші мені.
Еркегүл: - Кешір? Не үшін? Мен сені ешқашан кінәламағанмын. Мен сені түсінемін.
Ерболат: - Кеттік бірге.
Еркегүл: - Қайда?
Ерболат: - Атырауға. Ешкім онда бізді білмейді ғой, өзімізбен-өзіміз өмір сүретін боламыз.
Еркегүл: - Қалай? Қаншама жылдар өтті. Не айтып тұрсың өзің.
Ерболат: - Бізді өсектейтін ешкім жоқ қой Атырауда. Бізді онда ешкім танымайды.
Еркегүл: - Ерболат, не айтып тұрсың деймін. Бәрі өтті, бәрі де енді естелік болып қалды.
Ерболат: - Жоқ, әлі де кеш емес. Өйткені біз әлгі күнге дейін бір-бірімізді сүйеміз ғой.
Еркегүл: - Әке-шешең не айтады?
Ерболат: - Олардың ендігі жерде шаруасы болмайды. Өз жолымызды өзіміз табамыз.
Еркегүл: - Сені сүйетінім рас, бірақ не айтарымды білмей тұрмын.
Ерболат тізерлеп Еркегүлдің аяғына жығылады.
/Соңғы көріністің бірінші варианты/
Ерболат: - Өтінемін, сенсіз өмір сүре алмайтыныма әбден көзім жетті. Сенсіз маған бәрі мағынасыз.
Еркегүлдің баласы жүгіріп келеді.
Ерболат: - Сенің әкең кім екенін білесің бе?
Бала: - Жоқ, мамам ол алысқа кетті дейді.
Ерболат: - Дұрыс, сенің әкең менмін. Мен сендерді алып кетуге келдім.
Еркегүл: - Ерболат!
Ерболат: - Еркегүл.
Бала: - Рас па, мама?
Еркегүл: - Рас.
Бала: - Папа.
Бала Ерболатты құшақтап мойнына асылады.
***
Ерболат пен Еркегүл баланы колынан ұстап сахнадан шығып кетеді.
ШЫМЫЛДЫҚ
/Соңғы көріністің екінші варианты/
Ерболат: - Өтінемін, сенсіз өмір сүре алмайтыныма әбден көзім жетті. Сенсіз маған бәрі мағынасыз.
Еркегүл: - Ерболат, тұр.
Ерболат тұрады. Ағаштардың арасынан сығалап қараған Бесик көрінеді.
Еркегүл: - Ал, баламды не қыласын?
Ерболат: - Бірге алып кетеміз, ол сенің қаның ғой. Көзі қандай сенікінен айнымай қалған. Мен барып балаңды, жоқ баламызды, Нұрболатымызды ертіп келейін.
Еркегүл орындыққа отырады. Оның жанына Бесик келеді. Еркегүл шошып атып тұрады.
Бесик: - Немене, күтпедің бе? Білесін бе, Байбала ешқашан түрмеден шықпайды. Өйткені оны, оны жабылып .... Сен үшін қандай азаматтың өмірі өшті. Сен болсаң оны қамаған «текемен» жүрсің. Мен саған айттым ғой, мен сені өлтіремін деп.
Бесик пышақ көрсетеді.
Еркегүл: - Жо-о-оқ.
Бесик пышақты Еркегүлдің кеудесіне қадайды. Еркегүл жерге құлайды. Бесик алды-артына жалтақтап қарап, жүгіріп кетіп қалады.
Ерболат пен Нұрболат оралады. Ерболат құлап жатқан Еркегүлді көріп, жүгіріп келеді. Ол Еркегүлді қөтереді.
Ерболат: - Еркегүл, Еркегүл, не болды?
Нұрболат: - Мама, маматай.
Ерболат /Қанды көріп/: - Кім, кім? Не үшін?
Еркегүл: - Бесик.
Ерболат: - Бесик? Мен қазір дәрігерлерді шақырамын. Алло, Алло саябақтың ішінде адам жарақаттанды, иә. Пышақтан болар. Білмеймін. Жылдам келіңізші, өтінемін.
Еркегүл: - Ерболат, бәрі бітті. Балам, балапаным.
Ерболат: - Қазір, қазір дәрігерлік көмек келеді.
Еркегүл: - Ерболат, балама көз қырыңды сала жүргейсің...
Ерболат: - Бәрі жақсы болады, Еркегүл.
Еркегүл: - Мен бақыттымын, мен сүйікті адамдардың қолынан, біздің махаббат мекенінде жүріп барам.
Ерболат: - Жоқ, олай айтпа.
Еркегүл: - Бірақ, қандай өкінішті.
Еркегүлдің қолы салбырап қалады.
Ерболат: - Жо-о-қ. Еркегүл. Мүмкін емес. Еркегүл!
Нұрболат: - Маматай, тұршы.
***
Ерболат Нұрболатты қолына көтеріп алады.
Ерболат: /Нұрболатқа қарап/ - Тек сенің көзің, сенің көзің менімен қалған. Тек көзіңнің қарасы ғана қалды.
Ол Нұрболатты құшақтайды.
ШЫМЫЛДЫҚ
Бөлісу: