Бақытгүл Сәрмекова әңгімелері

Бөлісу:

17.04.2018 14928

Бақытгүл Сармекова - өзіндік қолтаңбасымен танылып келе жатқан жас буын қаламгерлердің бірі. Жазған шағын көлемді әңгімелері ғаламтордағы танымал қазақ сайттарында жиі жарияланып жүр. Әрі оқырмандардың ілтипатына ие болуда. Сондықтан да біз "Төр" әдеби клубының 18 мамырда өтетін отырысына автордың "Итгершілік" және "Қарагер тай" әңгімелері әдебиет сыншылары мен оқырмандардың талқысына ұсынылмақ. Алдыңғы отырыстарға қатысушылар бірді-екілі дүниемен автордың аяқ алысы байқалмайды деген ұсыныстарын ескере отырып, өзге әңгімелерін де қоса жариялап отырмыз. ps: Келесі отырыс та әңгіме жанрына арналғандықтан, жас жазушы Нұрлан Қабдай әңгімелерінің көркемдік ерекшелігіне де осы кеште назар аударылады деп жоспарлануда. Нұрлан Қабдайдың талданатын әңгімелері де таяу күндері портал бетінде жарық көретін болады.

"Итгершілік"

Құлағына қонған шыбынды мазасыздана сілкіп қойып көлеңкеде жатқан. «Бұл арсыз шыбындардың Маржанның жуылмай қалған қазанынан бастап қонбаған жерлері жоқ, менің құлағыма келіп қонбаса қанаты талып бара ма екен?». Әбден зығырданы қайнап, тістемек болған, тісі сақ-сақ етіп ауа қармады да қалды. Біреудің көлеңкесі түсті. Бір аяғының қысқалығына қарап, ақсақ Елтай екенін білді де, орынынан тұрды. Түн ішінде ауласының ішінде бүгежектеп терезені сығалап тұрған әлдекімді көрген кезде ұры ма деп сескеніп, бар күшін азу тісіне жинаған күйі тап берген. Елтайдың шолақ аяғынан қапқан екен. Таныс адамды қауып алғанына өзі де өкінді, иесі Маржан да маңдайынан сипай қоймады. Екі күн жуынды құйылмаған итаяқ күннің көзіне кеуіп қалды. Сол күнгі айыбын жуып-шаймақ болып, құйрығын бұлғаңдата еркелеп, Елтайдың шаң басқан балағын жалады. Аздап жымиып, күлімсірегісі де келген. «Адамдар бақытты, ә? Күлкісі келсе күле алады...».

- Ақтөс, Ақтөс! Өзі ақылды, жақын адамдарын түн ішінде танымай қалатыны болмаса, жақсы ит қой, - деп басынан сипаған Елтайды тіптен жақсы көріп кетті. Кешірімді, ақкөңіл жанды арсыздықпен тістеп алғанына қапаланғанын көзінің ағын молайтып, екі құлағын жымпитып қарап білдіргісі келді. Таба нанның екі тілімін алдына тастай салғанда тіпті абдырап қалды Ақтөс. Алғыс айтпақ болып, бір табанын көтере Елтайдың алақанына тосқан, бір уыс батпақпен былғап тастады. Ебедейсіздігі үшін жазасын күтіп, Елтайдың керзі етігіне жағының астын тосып еді. Күткен соққының орынына Елтай құлағының түбін еркелете қасыды. Мейірімге шөлдеп жүр еді, іші біртүрлі жылып, көзі жасаурағандай болды. Өзінің иесі Талап дүниеден өткелі маңдайы бір сипалмаған сорлы басы мейірімге шөлдеп жүр еді. Орта жолда бұны сараң Маржанға қаратып кеткені үшін иесіне де өкпесі бар. «Жүрегі нашар екен», «Түбіне сол қу арақ жетті ғой», «Ақкөңіл еді» деп жаназаға жиналған халықтан бұл да жұбаныш күтіп есік алдында елеусіз жатып алды. Мәйіт көтерген қауымның соңына тұра жүгірген алты жасар ұлға қосылып жанұшыра жүгіріп еді. Құбыладағы бейітке қарай бағыт алған машинаның шаңына көміліп, шырқырап жылаған баланы ересектер үйге қарай көтеріп әкетті. Иесінің алдындағы соңғы парызын осылай өтемек болып, өкпесі өшкеніне қарамастан, алты шақырым алыстағы бейітке машина соңынан ажырамастан жетті. Бәрін көзімен көрді, өлім дегенді ұқпаса да, әйтеуір енді иесін көрмейтінін білді.

Қабірші қауым тараса да, бейіт басындағы жас топырақты иіскелеп ұзақ жүрді. Талапқа тән арақтың ащы термен аралас иісін сезгісі келген, көктемгі көк шөптің тамырынан үзіле қопарылған топырақтан өзгеше иіс келді. Жас қабірдің иісі, ажалға мойынұсына қоймаған өмірдің соңғы иісі осы болса керек...

Алдына тасталған екі тілім нанды азу тісімен екі асап жеп алды да, ұзын тілімен мұрынынан жалап, Елтайға еркелей қарады. «Ит тойған жерінде» дейді ғой, екі тілім нанға тоя қоймаса да, Елтайдың бойындағы мейірім мен кешірімшілдікті сезді, ит те болса. Жанымда аздап кідіріп, әңгіме айтса деген қалауы да жоқ емес. Марқұм иесі арақ ішіп келген күнгі үйіндегі ылаңнан кейін Ақтөсін келіп құшақтап, мұңын айтып ұзақ отыратын. «Итпен ит болып отырысын қара сорлының» деген Маржанның зілді дауысына иесі «Ит те болса, Ақтөс артық сендерден», - дегенін естіп аздап қомпаңдап қалатын. Елтай жанында көп кідірмеді. Бір жамбасын бұлтыңдатып, ақсақтап үйіне қарай кете барды.

Үйдің алдында босқа тамақ күтіп жата бергенше, ертең Елтайдың қойын қайтарысып, аздап қолғабыс етпекші ниетімен көлеңкеге келіп, шыбынға ермек болып тағы жата бергені сол еді, іші солқ етті. Ет бауыры күйіп, аузына қанның дәмі келді. Тамағы құрғап, тілі аузына сыймай аласұрды келіп. Не болғанын шамалап та үлгермеді. «Кендебайдың күшіктей беретін қаншық итіндей етіп мені атып тастаған шығар», - деп ойлады. Айналасына қарап, жағдайды анықтайтын шамасы жоқ, өліп барады. Ауа жетпейді, су ішсе жазылып кететіндей қыңсылап келіп, үйдің есігін тырналады. Иесі арақтан тұншығып өліп бара жатқанда кезде де міз бақпаған Маржан бұның аузына су тамыза қоюы екіталай. Жанұшырып Елтай достың үйін бетке алып жүгіре жөнелді. Аяғынан әл кетіп, сүйретіліп, әрең жетті. «Елтай көрсе өлтіре қоймас, құтқарып алар мына кесапаттан». Терезенің жабындысын ашып қараған Елтайдың сұлбасын көріп, есікке жүгірді кері. Сырт етіп ашылар есіктегі ілмектің дауысын күтіп жатты. Тұратын, жүретін әлі бітіп бара жатыр. Дәрменсіздігіне жылағысы келді. «Адамдар бақытты ғой, жылағысы келсе, көзінің жасын көл етіп жылай алады». Арақтан босаған жәшікке салып күшік кезінде иесі алып келген үйге. «Жеті жүз теңгенің импортный арағына ауыстырып алдым бұл күшікті», - деп бағасын көтеріп Ақтөсін мақтан ететін. Араққа бәстесетін ауылдың жігіттері жиналып тамашалайтын ит төбелесте иесін жерге қаратпауға тырысып, бар жанын салатын. Құлағын жалбыратып тістетті, қолтығының астын да жыртып алды азулы иттерге. Бөрібасар атты итпен қызыл ала қан болып ақырына дейін төбелесіп, жеңіліп қалған күні иесі Талап та бір шыны араққа шығындалып алған. Қабырғасының астына түскен жарақаты іріңдеп, шыбындап жүргенде де иесінің алдында өзін кінәлі сезініп, мыңқ етпеген Ақтөс қой бұл.

Есік ашылды ма екен деп бір басын көтеріп қарап еді, көзінің алды тұманданып, бүкіл өкпесі аузынан ақтарылып түскендей лоқсыды. Жылағысы келіп еді, ыңырана ұлыды. «Адамдар бақытты ғой, жылағысы келсе көзінің жасын төгіп-төгіп жылай алады...» Содан кейін ештеме сезбеді де.

Түнделетіп иттің өлексесін аяғынан сүйреп күл төгілген қоқыс басына қарай ақсақтап Елтай кетіп бара жатты. Күндіз нанға қосқан улы дәрісінің қалғанын шұңқырға тастады да, үш-төрт күрек топырақпен бетін жаба салды. Ақтөсті көміп келгеннен кейін, терін басып салқын суға жуынып алды да, үтіктелген шыт көйлегін киіп, Маржанның шамы өшпеген терезесін бетке алды. Жібек халаттың өңіріне сыймай, ілгегін ашса төгілгелі тұратын Маржанның екі омырауына уысын толтырып алып, мең-зең күй кештіретін рахатын ойлап, асыға басып еді, қысқа аяғы икемге келмей ынтығып қалды. Есік алдындағы Ақтөстің итаяғына сүрініп құлай жаздады. Талаптан қалған естелік Ақтөстен құтылғанда, күнге қаңсыған жұқа темір итаяқ не болыпты. Шолақ аяғын шолтаң етіп көтеріп, бір тепті. Содан соң есікке жетіп «Ақ Маржан, Маржантай мен келдім», - деп үздіге сыбырлағаны сол еді, тоспасына май тамбаған кәрі сүйегі ыңыранып ескі есік айқара ашылды.

Қарагер тай

Бір құлағының кем еститініне ыңғайсызданып, әңгімеден құр қалып қоймау үшін ауызы жыбырлағанның бәріне бас изеп, күле беретініне қарап танымайтын біреулер ақыл-есінде ақау бар деп ойлап қалуы мүмкін. Өзіне қадалған сұқ көздерден одан сайын ыңғайсызданып өз жасына сай келмейтін ақ басқан шашын алақанымен ұйпалап, әбігерленіп қалатыны бар. Әсіресе, әйел тұқымы жанына жақындап кетсе Тұрардың көзі жыпылықтап, жүгіріп қан қыздармай-ақ өнебойын тер басып, бір қызарып, бір бозарып, темекінің ысына сарғайған тістерін көрсетіп, ебедейсіз жымыңдай беретін қылығын біліп алған қуақы жеңгелері жанынан өтіп бара жатып бүйірінен түртіп, қаймақ толы бүйендей іркілдеген омырауларымен жанай өтеді. Бұндай кезде Тұрардың түрін адам аяғандай.

Сол Тұрарды қу әйелдердің тырнағынан құтқарып алмақ болған атам алыстан балдыз болып келетін Жарбагүлмен таныстырмақ болды. Әжеме қыстан қалған сүр етті қазанға салдырып, өзі Жарбагүлді алып келу үшін үш аяқты мотоциклін мініп алды да, аудан орталығына кетті. Темекісінің күлі бір қарыс болғанша түсірмей қалың ойға кеткен Тұрарбектің жан толқынысын іштей сезіп-ақ жүрміз.

Шоқалақ жолға соғылған сайын қалақтай басын қалтылдатып, мотоциклдің люлькасына салып Жарбагүлді алып келді. Төңкерілген шелектей алып бас сүйегіне жұп-жұқа өрілген шашы, еркек пішіндес қара қожыр әлпетіне сым сырғасы, томардай жуан аяқтарына шілтерлі үлбіреген етегі сәйкес келмейтін жаратылысы ерекшелеу нағашы апамыздың бар екенін білмеппіз.

Дастархан жиналғанша Тұрардың езуі де жиылмады. Көзі жыпылықтап, айтылған әңгіменің бәріне бас шұлғи береді. Есік алдында топырлап жүрген бізге де қызық керек, Тұрардың кірпік қаққанын қалт жіберместен аңдып жүрміз. Атам мал шаруалаймын деп, әжем құрт сығамын деп, жеңгелер кино қараймыз деп сыпырылып үйден шығып кете барды. Жай кеткен жоқ, есік алдында жүрген өңшең біз сияқты бала-шағаны жетектей кетті. Кеш түсе Жарбагүл үйіне қайтатын болды. Бір аяғымен теуіп мотоциклді оталдырып алған атам Жарбагүлдің шыбықтай жіп-жіңішке бұрымын алпамсадай арқасында солқылдатып жолға түсіп кете барды.

«Тойға дайындаламыз!» деді Тұрар езуін жимаған күйі тістерінің ортасына шылымын қыстырып жатып.

Ертеңіне біздің үйдің шарбағындағы талға тай әкеліп байланды. Жалғанда тапқан жалғыз қуанышы Жарбагүл үшін Тұрардың атама берген сыйлығы бұл. Өмір бойы сиыр өсіріп келген атам үшін тайлы болу айтарлықтай қуаныш еді. Тайдың кекілін тарап, қызыл жіп байлап, ер-тұрман жасатып, ауданнан қап-қабымен сұлы алдыртып аяқ астынан әбігерленді де қалды. Өзі құралпы шалдармен кәукілдескенде сиыр бағудан көз ашпаған атам жылқы баптау туралы әңгіме айтатын болды. Үйір-үйір жылқы бағып отырғандай «Жылқыға су берілді ме?» «Тұсауы дұрыс па екен?» «Сұлы салынған қапты тышқан тесіп кетпесін» деп сөз арасында айтып қалу дағдыға айнала бастады. «Күзге таман ер салып, мінуге жарап қалады» деп күн санауға көшті. Құлағын қайшылап, кекілі желбіреп, кісіге танауын көтеріп оқырана қарап тұратын тай да алаңдауға тұратын дене бітімі сұлу мал болатын. «Қарагер» деп атап алдық.

Жарбагүл бір-екі рет келіп кеткеннен кейін той дайындығы басталды. Әжем бұрқыратып жүн сабады, жеңгелер базар аралап көрпе тыстауға мата іздеді. Тұрар жақ есік, терезе сырлап үй жаңартуға көшті.

Жаздың жаңбырлы күні ауыл шетінде мал қайырып келе жатқан Тұрар жігіт абайсызда электр бағаналарынан үзіліп қалған сымның шетін басып кетіп, денесі қап-қара болып күйіп, бақилыққа кете барды. Денесін қарауға барған үлкендер «Марқұм екі езуі екі құлағында ыржиған күйінде жүріп кеткен екен» десті. Жарбагүлді ойлап күлімдеп келе жатқаны, не тоқ соққанда жанталасып тістегенгені белгісіз.

Отызға келгенде сыңсу айту бақыты бұйырмады Жарбагүлге. Еркек пішіндес ебедейсіз жаратылған бетіне мөп-мөлдір тамшылар жол тастап жыламсырап бата етуге келіп кетті.

Қазаның қарбаласы басылған соң қолында арқан жібі бар Тұрардың ағасы Сайлау кіріп келді үйге.

«Тайды алып кетуге келдім, Қабеке!» – деді. Бұл сөзге іштей көп дайындалса керек, дауысы саңқылдап, нық сенімді шықты.

«Қай тайды?» Үйір-үйір жылқы ұстап отырған кісіше аңтарыла қарады атам. Төбесіндегі қонжиған қоңыр қалпағы да басымен бірге шалқайып, Сайлауға кегжие қалды.

«Тай біздікі, Тұрардың сізге беремін дегенін өз басым естіген жоқпын» – деп Сайлау шырт түкірді. Ақ көпіршіктеніп жерге тамған түкірікке бір, Сайлауға бір қарап абдырап қалған атам: «Қарагерді бермеймін» деп шорт кесті.

«Сотта кездесеміз!» Сайлаудың соңғы сөзі осы болды.

Жалына қызыл жіп қосылып өріліп, дене бітімі таралып, ажары кіріп, қол-аяғы ұзарып қалған Қарагерді сипап ұзақ күрсінетінді шығарды атам.

Соттан шақырту келісімен-ақ мотоциклін бір теуіп оталдырып, қалпағының күн қағары желге қарай қайқиып ауданға шапты.

Ортада тай берілгені жөнінде ешқандай қолхат жоқ, тай иесі Тұрар марқұм ыржиып күлімсіреген күйі жұмақта жүрген шығар. Амалы құрыған атам «Тайды асырауға мынанша шығын кетті, мынанша жем, сұлы кетті, менің еңбегім, күш-қуатым кетті. Маған келгенде жабағы болатын, қазір жал-құйрығы таралған тай болды. Шығын өтелсін» – деді. «Тай Сайлауға, кеткен шығын есептеліп Қабекеңе», – деп сот балғасымен үстелді бір қойды.

Үйге келген соң тайдан айрылып қалған пәс көңілін жұбатқысы келгендей «Соттың өзі Қабекеңе шығынды өндіріп беріңдер» – деді», - деп дауысын әуелете созып дастархан басында бір желпініп алды.

Бір қолында соттың үкімі жазылған бір жапырақ қағазы, бір қолында арқан жібі бар Сайлау алшаң басып тағы да жетіп келді. Атамның қоңыр қалпағы көтерілмеді. Төмен қарай шұқшиған күйінде жағын ашпады.

Жал-құйрығы самал желмен сусылдап, тұяқтары ақ тақырды тықылдатып Қарагер Сайлаудың жетегінде кете барды.

Ат жетектеген әлгі алысқа ұзаған соң ғана басын көтеріп «Келер жылы жорға сайысқа апарса бәйге алар еді» – деді.

Аз уақыттан соң бір қолында соттың үкімі жазылған бір жапырақ қағазы бар, бір қолында жетектеген Қарагер тайы бар Сайлау тағы да келді. Атам аңтарылып, қалпағы қаңтарылып қарап қалған. Тайға өңгеріліп тиелген төрт қап жемді шаңын бұрқ еткізіп, есік алдына тастай салды.

- Мәтериел шығын мынау, қалғаны мында, – деп төсқалтасынан желімі мұқият жапсырылған конвертты атама ұстата салды да Қарагерді бос жетектеп кері кетті.

Басындағы қоңыр қалпағы қалбалақтап барып орнынан оқыс көтерілген атамды дәл қазір Сайлаудың артынан жетіп барып, қамшымен арқасынан бір осып, Қарагерді мініп алып, айдалаға шаба жөнеледі деп болжағанбыз. Қателестік, қазан басындағы түтіннен жаулығы ағараңдап күйбеңдеп жүрген кемпірін итеріп жіберіп, қып-қызыл шоқтанып жанып жатқан қи үстіне қолындағы конвертті тастай салды. Жемнің қасына келіп аз-кем ойланды да «Сиыр қораға апарыңдар» деді де үйге кіріп кетті.

Ақындардан жеріну

- Арқалы ақын… Ақыраған ақын… Сонааау Атыраудан келген арда ақынымыз Итбай! - деп сампылдап тұрған асаба жігіттің сөзін аяқтатпастан қолындағы микрофонын жұлып алған күйі Ақын шықты ортаға арқаланып. Айналасын шөп басқан айдын көлге ұқсайды екен басы… Шаш атаулыдан ада болған төбе мейрамхана шамдарына шағылысады. Жұдырықты түйіп алып, жерді теуіп тұрып ұзын сонар дастан оқыды. Тойға жиналған қауым жалыға бастады. Шетте отырған Елтай қалғып кетіп, кері оянып еді, Итбай әлі сөйлеп тұр. Әйелдер жағы өзара әңгімеге көшкен. Музыкант жігіт құлаққабын киіп алып, өз рахатын өзі сезініп отыр. Арақты сүйетін ақжүрек бажалар өздері кішігірім орта құрып алған. Шетте жалғыз мөлиіп Орынгүл ғана тыңдап отыр ақынды. «Өлең түсінбейтін бейшаралар!», - деп сөкті іштей өзгелерді. Бірақ өзі де нақты нені түсінгенін білмейді. Ақын ақыраған сайын бойын діріл билеп, көзі жасаурап, қолының, сирақтарының балапан түктері үрпиіп барып басылады (қолтығын қысып отыр).

Өзінің ойынша Орынгүл өлең үшін жаралған. Бала кезінен апасынан бастап, көрші-көлем, ұстаз, ағайын туысқан, ең ақырғысы тауық қорада жаңа туылған жұмыртқаға да өлең шығарған. Жұмыртқаға арнап шығарған өлеңі «Өмір» деп аталады:

Ей, тас жұмыртқа, сенде де өмір бар.

Өмірді қазірден бастап көріп ал.

Қазір-ақ таспен жарып тастасам біттің ғой,

Мына өмірді көрместен блинчик болып кеттің ғой…, -

деп басталатын өлеңі өзінің ойынша шедевр.

Көзін ақыннан алмады. Ортаға шығып бұл да бір-екі өлеңін оқығысы келді де, алайда ішіп отырған ағасынан ығысты.

Сонымен не керек, қандай жолмен тіл табысқаны белгісіз, ақынмен танысып та үлгерді. Тері шыпшып сыртына шыққан шыт көйлегінің қалтасынан Итбай визиткасын алып, Орынгүлге ұстатты. Визиткасы дымқылданып қалған екен, Орынгүл бетіне басты.

Қаланың асфальтіне табаны тиісімен Итбай ақынды іздеді. Он бір ойланып, тоқсан тоғыз рет толғанып отырып хабарласты ақыры. Итбай жетіп келді. Кредитке алған қара «14» машинасына Орынгүлді отырғызып алып, селкілдетіп Жайықтың жағасына алып келді.

- Өлең оқы, ақын қыз! - деді.

Орынгүл телефонынан «Көңіл толқыны» әуенін жіберді де, аса бір қайғылы кейіппен «Өмір» атты өлеңін оқыды.

Итбай ойланып отырып:

- Өлең жаман емес. Бастысы сенде жүрек бар. Өлеңнің не екенін білесің. Қара борбай халық оны да түсінбейді. Біз адамдардың ең жоғары сатысымыз! - дегенде Орынгүл елжіреп, көзіне жас келді. Жылауға батпады, көзіне жағылған сүрмесі ағып кетіп, албасты түрімнен Итбай шошып кетер деді.

- Мына ағаң тегін адам емес. Сенде батылдық бар, жүрек бар, ең бастысы ақынсың! Мен сені әлемге әйгілі етем. Газетке берем, бүкіл ел мойындайтын ақын боласың! - дегенде Орынгүл ақыры шыдай алмады, көздің жасына ерік берді. Итбай телефонын шұқылап отырып:

- Мына ғалым ағаңды танисың ба? Іііі… Мына жазушыны ше? Теледидардан көретін мына ақынды ше? - деп бүкіл аты мәшһүр тұлғалардың телефон нөмірі сақталған тізімнен көрсетіп шықты.

- Іііі… танысаң сол. Мен бәрімен хабарласып тұрамын. Жолыңды ашамын. Менің бір ауыз сөзім. Бізде жүрек бар. Сүйе аламыз. Ғашық бола аламыз… Ал, өзге қараборбай халық… Иә, қойшы соларды…

Орынгүлдің көз алдынан өзінің теледидардан сұхбат беріп отырған сәті жылт етіп елестеп кетті. Атақты болғанда былай деп сұхбат берем деп бұрыннан іштей дайындалушы еді. «Ақындық жолға түсірген, осы жолға баулыған ардақты адамдарыңыз бар ма?», - деген сұраққа бастауыш сыныптағы мұғалімін айтамын деп ойлаушы еді. Ол ойынан айнып қалды. Дәл алдында асқар таудай болып Итбай отыр емес пе?

- Ертең газетке өлеңіңді береміз! Сағат үште дайын бол! - деп қоштаса бере: - аузыңнан сүйейінші, - деді. Ерін деген жоқ, аузыңнан деді! Ақындардың өжеттілігі осы шығар деп ойлады Орынгүл. Кеудесінен кері итеретін дәрмен жоқ, Ақынға бәрі жарасатындай көрінді. Ең бастысы оларда жүрек бар, сезім бар. Көзін жұмды. Бетіне тақала бере Итбайдың басындағы бас киімінің күнқағары бұның маңдайын тіреп қалып, ығысып кетті де, айнадай жылтыр таз басынан жиналып қалған қайызғақ тектес қаспақтар бетіне шыбын қонғандай әсер қалдырып, жауып жатты. Ақынға бәрі жарасады.

Ертеңгі сағат үште кездесті. Итбайдың артынан ілескен иттей болып зәулім ғимаратқа келді. Ішке кіріп кетіп біреулермен сөйлесіп болғасын мұны шақырды:

- Бұлақтың көзін ашайық! Таланттардың самғауына жәрдемдесейік, - деп газет редакторына аса тебіренсіпен сөзін жеткізді Итбай. Редактор адам көңілін қалдырмайтын ақкөңіл жан екен, өлеңді оқып алып, аздап жымиды да:

- Келтіреміз ғой жайлап, - деп басын шұлғып келіскендей болды.

Ғимараттан шыға салысымен Итбайда бұрын байқалмаған маңғаздық, көкірек пайда болды:

- Ағаң тегін емес дедім бе, дедім. Өлеңіңді өткіземін дедім бе, дедім. Енді сен де менің айтқанымды орындасаң, ертең теледидардағы бағдарламаға шақырту жіберткіземін. Асыл тастың су түбінде жатпайтынын дәлелдейміз, -деді.

Аспан өртеніп жерге түсердей аптап ыстықта өртенердей болып тұрған қара машинаға мінген екеу көпқабатты үйдің алдына тоқтады. Міңгірлеп отырып Итбай сезімін білдірді. Орынгүлдің түріне емес ең алдымен талантына бас игенін, ұнатып қалғанын, қазір бейшара күйге түскенін жеткізді. Сөздерінің арасына Мұқағалидың өлеңдері де Итбайға телініп, шарасыз күйде кетіп жатты.

Екеуі үйге кірді. Темекінің иісі әбден сіңген үйдің төсегі көптен жуылмаса керек, гүлді түрі көзге белгісіз түске боялыпты. Түгі жыпырайған кір-кір кілемнің үстінде 42 өлшемді кроссовканың ізі жатыр. Асығыс біреу кіріп кетсе керек, шамасы.

Жан-жағын барлап үлгермей жатып Итбайдың құшағында кете барды. Бір кезде көзін ашса аса ауыр салмақтағы Итбайдың астында ақ бөлкедей иленіп жатыр екен. Аюдай ақыраған Итбайда ес жоқ. Екі көзі тарс жұмық, өн бойын тер басқан. Бір кезде ғана барып сылқ етіп аунап түсті. Мұрынына қолаңсаның ашқылтым иісі келіп, есін жиғызды, Орынгүлдің. Төбеге қарап еді, бір жағы сынған люстраның сымдары шығып, үзілейін деп тұр екен. «Осыны ілмесе де ренжімес едік», - деп ойлады іштей.

Газетке басылған өлеңін көріп, іштей күліп алды. «Өмір» деген тақырыбы ғана бар, бірақ мүлде өзге өлең, бірақ авторы Орынгүл деп жазылған. Ақкөңіл редактор бұлардың көңілін жықпай, өлеңді өңдеген екен. «Ақыны да, өлеңі де құрысын!», - деді. Ақын деген сөзді естісе көз алдына сынық люстра елестеп, мұрынына қолаңсаның иісі келетін болды.

Түйебай

– Былай ғой…? - деді ұртындағы етті екі азуына кезек-кезек алмастыра отырып шайнаңдаған күйі. Шанышқыны ұстап, тәрекелкедегі қиярды аса өшпенділікпен қадап алды да, аузына асығыс лақтырып жібере қырш еткізіп бір тістеп, асқазанға қарай жөнелтіп жіберді.

– Былай ғой… Көптен бері айта алмай жүрмін өзіңе… Жаныңнан әлгі жырпылдаған қатындар да шықпайды, оңашада қалай кезіктірем деп жүр едім.

– Қатын емес, жап-жас қыздар ғой әлі жиырмаға толмаған.

– Қатын болмаса да болады да ертең-ақ… Ыыхыхыхых…

Селкілдей күлді. Аскөктің бір күлте жапырағы екі күрек тістің ортасынан орын тауыпты.

Айбике теріс айналды. Жүрегінің айнығанын басайын деп салқын су ішті. Стаканның жиегіне тиіп қалған далаптың ізіне Түйебай жұтынып қараған күйі сөзін қайта жалғады:

– Әлгі сенің жаныңдағы қатындарды айтам да… Сенен әдемі емес ешқайсысы.

«Жағымпаздануын-ай шіркіннің!»

– Тамағың суып қалатын болды ғой, жемесең әкелші бері. Сендер адал тамақтың қадірін де білмейсіңдер осы. Қатындар сол ғой.

Тауықтың борбайын қашып кетердей бес саусағымен бүре ұстап алған күйі аузына апарды:

– Көптен бері айта алмай жүрмін өзіңе. Ұнатамын сені. Алдында сыйлығымды алған шығарсың?

Айбике еріксіз жымиды. Бір жұп түйе жүнінен тоқылған шұлық қырық екінші өлшемді аяқ киім киетін адамға арналып тоқылғаны көрініп тұр. Шамасы апасы Түйебайдың өзіне тоқып берсе керек.

– Алдым.

– Киіп ал. Аяғыңнан сыз өтеді.

Етсіз қалған тауықтық борбай сүйегін шаруаң бітті, енді не керегің бар дегендей салдырлатып тәрелкеге лақтырып жіберді:

– Үйленеміз! – деді сосын әй-шәй жоқ.

«Мәссаған, мынауың пысық қой!»

Айбике не айтарын білмей үнсіз қалып қойды. Үнсіздік келісім белгісі деп ұққандай Түйебайдың жүзі жадырап сала берді.

- Іштей маған ерекше қарайтыныңды сезіп жүрмін. Қыз бала ғой (қыз деген нәзік сөзді Түйебайдың аузынан бірінші рет естуі), сезімін жеткізуге бата алмай жүрген шығар деп өзім бастап отырған жайым бар.

Салмақты адамның кейпіне еніп, ойланып қалды. Тісін тазалап отырған шұқығышын мұрынына апарды да, тыжырынды. Тіс шұқығышын шертіп жіберді сосын. Көрші үстелдерге қарай бет алып тіс шұқығыш ұшып бара жатты.

Түйебай телефонын алып біраз әуреленді. Баданадай бармақтары екі-үш батырманы қатарынан басып кетіп, әлдекімнің нөмірін тере алмай ұзақ отырды.

- Иә, болды. Жарты сағаттан кейін, - телефонмен қысқа-нұсқа қайырып шаруасын да шешті.

Беті желге әбден тотығып, әжімдерінің ортасына ғана күн тимей ақ сызықтар орын алыпты. Әңгімесін тағы жалғады:

- Бала кезден бірге өстік. Ағаң жоқ болса да, бар тентектен өзім қорғадым сені.

Айбике айтарға сөз таба алмады, айтып отырған шаруасының тіптен үйлеспейтінін, күйеуге тиетін, соның ішінде Түйебайдың өзіне тиетін ойы мүлдем жоқ екенін қалай жеткізерін білмей әбден састы. «Жарты сағат шыдайын, осыдан кеткесін сені желкемнің шұңқыры көрсін, Түйебай!».

«Апаң сәлем айтып жатыр, апаң ет беріп жіберіп еді, апаң қызымның жағдайы қалай деп сұрап жатыр», - деп жатақхананы жағалап жүрген Түйебаймен оңаша кешкі ас ішуге қалғанда, мынадай ғаламдық маңызы бар әңгіме естимін деп ойлап па бұл Айбике?

- Түйебай аға, ұзақ отырдық қой. Мен қайтайын.

- Қызымды қараңғыда жалғыз жіберіп қойдың деп апаң ұрсып жүрер. Жатақханаңа зу еткізіп жеткізіп тастайын. Жиен машинасымен күтіп тұр сыртта.

Тез құтылудың қамын ойлап Айбике басын изеді. «Енді сені желкемнің шұңқыры көрсін, Түйебай!», - деді сыбырлап. Түйебай жалғанды жалпағынан басып, талтаңдап сыртқа шығып бара жатыр. «Есеп айырыспайсыз ба, аға?», - деп дызақтаған даяшы қыздың қолына бес мыңдықты ұстатып жатып:

- Артығы керек емес. Сендер де бір тойыныңдар менің тойымда, - деп ырқылдай күлді. «Тойымда» деген сөзді ерекше әндете айтты. Машинаға отыра салысымен:

-Ал, жиенбай, бас жатақханаға! - деді де тағы да себепсіз күлді.

Жаңбыр сіркірей бастаған жалтыр асфальтті қақ жарып, машина зулай жөнелді. Айналма көшемен бірден қаланың сыртына қарай бұрылды. Өз ауылынан қатынайтын көк автобустың жолына түскенде Айбике бажылдады, еңіреді, өкірді. Түйебайдың қарулы қолы оның нәп-нәзік иығын қаусыра құшақтап, тыпырлатпады.

- Тентек болма, болды, - деп ырқылдай күлді тағы. Алдағы қарсы келе жатқан машинаның жарығы шағылысқан Түйебайдың жүзіне көзі түсті. Әлі аскөк жапырағы қыстырулы тұрған тістерін көрсетіп ырсылдай күліп келе жатыр екен.

Бөлісу:

Көп оқылғандар