Анар Кабдуллина. Жазушы Сәуле Досжанованың Көрдемшенің қасіреті хикаяты хақында
Бөлісу:
Жазушы Сәуле Досжанованың «Көрдемшенің қасіреті» кітабы алғаш рет ағылшын тілінде жарық көрмекші. Бұл кітаптың басқаға ұқсамайтын ерекшелігі һәм маңызы неде?
Ұлттық қасиетті жаңғыртқан туынды
Сәуле Досжанованың оқырман қауымға өзіндік әсер қалдырған бірнеше кітабы бар, алайда, 2017 жылдың соңында өткен «Рух» байқауына арнайы жазылып, қазылар тарапынан елеусіз қалған «Көрдемшенің қасіреті» көлемді хикаятының көтерген жүгінің аса ауыр салмағы сол кезде-ақ білінді.
Етіміз үйренген қазіргі өмір сүру салтының нық бекіген шекарасын солқылдатып, қалыптасқан нәрселердің үйреншікті бедерін жойып, санадағы ақиқаттың ақиқат екеніне күмән туғызып, соның ішінде, еш күдік туғызбайды деген қарым-қатынас салтына да басқаша қарауымызға себеп болған Сәуле Досжанова өзінің «Көрдемшенің қасіреті» хикаятында салт-дәстүр я ұлттық сана шындығын культ дәрежесіне көтеру арқылы бір ғасыр бойы трансформацияға ұшыраған бүгінгі қазақ дүниетанымынына төңкеріс жасайды.
«Көрдемшенің қасіреті» хикаяты – нақты идеяны көздеген шығарма һәм ол идея – аса қарапайым да өзекті. Мұнда пайым мен түйсіктен гөрі, сезімнің көрінісі басымдау. «Жазылмаған дала заңдары» ұлт салауатын сақтап қалу үшін ауадай қажет екенін басты идея ретінде алға тартқан жазушы жаза басқан кейіпкерінің әрекетін жазғырмайды, қайта, ақтап алу үшін барын салады.
Хикаятты оқып отырып, көңілге сан сұрақ ұялайтыны рас.
Ең алдымен, жаңамен қабыспаған ескілікті тәрбиені сан тағдырды сарсаңға салғаны үшін «кінәлі» деп тапқан дұрыс па, бұрыс па?
Күн сайын өзгеріп жатқан дүниенің ағысы тыйыммен, тәртіппен өсірген ұрпағыңды жағаға жаңқадай шығарып тастамас үшін оның ырғағымен үйлесім табуды көздеу керек дейік, дәл осы проблеманың түйінін шешуде отбасының рөлі қандай болмақ һәм бастапқы проблеманы әр қазақ отбасы терең түсіне ме?
Жүз жыл бойы діл мен болмыстан алшақтау процесі үзіліссіз жүрген қазақ қоғамын ұлттық әлемге қайыра бет бұрғызуды көздеген бұл шығармасында Досжанова қаламының әйелге ғана тән нәзіктігі, асқан кірпияздығы байқалады. Алайда, бұл бір қарағанда ғана. Шынтуайтына келгенде, сюжеттің тартысты, қиын өрмегінің бірде-бір тал жібегін үзіп алмай, әдемі өріп шыққан жазушы шеберлігінен оның нәзік әйел болса да, ішкі өзегінің темірдей мықты қажырлылығын тап басып тануға болады.
«Көрдемшенің қасіреті» қазақ тілінде әлі жеке кітап болып жарық көрген жоқ, бірақ, біраз уақыт бұрын «Әдебиет порталы» сайтында жарияланған бұл хикаяттың аз мерзім ішінде көп оқылған шығармалардың қатарынан табылғандығын айта кету керек.
Әлқисса, тілдер тартысы мен ділдер текетіресінде сілкінуді білмейтін, момындық қалпынан бір жаңылмай келе жатқан ұлттық санамызда ұмыт қала бастаған «көрдемше» сөзі оқырман ойына түрткі бола білсе, нұр үстіне нұр.
Бұл ауыр сөздің түп-төркіні қайдан шыққан?
Не мағынаны білдіреді?
Қазіргі уақытта көп қолданыста жоқ «көрдемше» сөзін жарыққа қайта алып шығу арқылы Сәуле Досжанова қан араластырмауға қатты мән берген, жеті атадан қосылмаған ата-баба дәстүрін ұмытып үлгерген қазіргі қоғамымызда некесіз бала табудың ендігі еш қысылып-қымтырылмай жүзеге аса беретін, үйреншікті нәрсеге айналғандығына оқырман назарын аудартуға тырысады. Болашақ ұрпақ салауатына тигізетін кесірін меңзейді.
«Көрдемше» сөзін бұл жерде «некесіз туған бала, жолдан тапқан бала» мағынасында түсінсеңіз болады.
Бұл хикаятта отбасы құндылығы дәріптеледі
Мен бұл хикаятты қазақ отбасының идеалды үлгісі қандай болатынын баяндап берген шығарма дер едім. Мұнда қарым-қатынас мәдениетінің, терең сыйластық пен отбасы бақуаттылығы үшін аса үлкен орын алатын бақ-дәулеттің әдемі көрінісі бар. Мөлдір қыз бен Нұржан атты некесіз туған жас жігіттің махаббаты сыналар алаң да – салт-дәстүр, отбасы құндылықтарына байланысты күрмеуі қиын сұрақтар, басы ашық дау мен ұзаққа созылып, шығарма аяқталғанда да соңғы нүктесі қойылмаған тартысқа толы екі отбасының өз іші, ошақ басы.
Хикаяттағы проблема – «көрдемше бала» Нұржанның анасы Мәрзияның «отызды орталағанша оң жақта отырып қалуынан» туындайды.
Сонымен, Мәрзия неліктен «отырып» қалды?
Бір қарасаң, бес ұлдың артынан ерген жалғыз қыз. Бір отбасының аялаған гүлі. Жастайынан жеңгелері ат тергеп, «Кішкентай» деп еркелеткен. Аға-жеңгелерімен ара-қатынасы аса жылы, терең сыйластық сезіледі. Отбасындағы «ана – бала, ене – келін» қарым-қатынасы да кісі қызығарлық.
Мәрзия институтты «өте жақсы» тәмамдап, ауылға мұғалім болып келеді.
Мұнда да көп жылдар бойы оның үйреншікті бағыты «үй-мектеп-үй» болды.
Мәрзияны анасы Айтбала кішкентайынан: «Қыз деген жырбаңдап күле бермеуі керек! Қыз деген үйден орынсыз шықпауы керек! Қыз деген әркімге еріп, орынсыз ойын-сауық құрмауы керек! Сабағыңа бар, үйге кел, басқада шаруаң болмасын!», - деп қақсап өсірген. Мәрзияның отыздан асқанша сол шектеулерден шыға алмауы да сондықтан.
Бірде білім жетілдіру курсына барған ол батыстың бір келбетті де өнерлі ер-азаматымен көңіл жарастырып, ойнап-күледі. Жеңгелерінің кейінгі жылдары көп айта беретін «өзі үшін бала туып алу» турасындағы ақыл-кеңесі Мәрзиядай кәрі қыздың ендігі көңілінде әбден орнығып, бір мақсатына айналып та үлгерген еді.
Мәрзия мақсатына жетті. Кейін сол күйі ізім-ғайып, хабарсыз кеткен Нұрғалидан аяғы ауыр болып, сөз қылар ел-жұрттың пыш-пышына да көніп, бар қиындықтан өтіп, «көрдемшесін» дүниеге әкеп алады.
Мәрзияның бұл тағдырына кім кінәлі?
Ол да студенттік жастық шақты басынан өткерді. Қыз болып, кештерге барды. Пейіл танытқан жігіт болатын болса, «кетәрі» дейтін соншалықты ақымақ қыз да емес еді.
Мәрзияның кәрі қызға айналуының барлық нәзік тұстарын тәтпіштеп, ашып беруге тырысқан жазушы шеберлігінен кейіпкерімен бірге өмір сүргендей болған қалыпты танығандай боласың. «Әйел жанын әйел ғана түсінеді» деген сөздің астарын терең түсінесің.
«Көк етікті кездеспей, көн етіктіні менсінбей, жылдар зымырап жатты ғой» деген тұтастай мәтіннің бір кішкентай сынығынан-ақ көп нәрсені пайымдауға болары және анық.
Хикаятта отбасы құндылығы, соның ішінде, ұлттық санаға тән ұят, тыйым сияқты категориялар көрініс береді. «Қызға қырық үйден тыю» солардың бірі болса керек. Сүттей ұйыған отбасы тәрбиесін көрді деген Мәрзияның жеке трагедиясының себептері көп, алайда, олардың жұмбағының шешуін мәртебелі оқырманның өзіне қалдыруды жөн көрдік.
Бұл хикаяттағы әке тәрбиесінің орны ерекше
Мөлдірдің қолын сұрай келген «көрдемше» Нұржанның жеті атасының дерегін тергеп, көп сұрақтың астына алған қыз әкесі жігіттің тексіздігін білген сәттен-ақ қыз беруден айнып қалады.
Ол «Қызына сөз салған жігітпен танысу деген салтта жоқ әдет болса да, заман басқа болды ғой, жарайды, танысайын деп келісімін берген» Жеткен Бақұлы деген зиялы ақсақал болатын. Ақыры, «дала төлқұжатына тіркелмеген екенсің», - деген әкенің қатал үкімінен кейін, ұяты арқасына қамшыдай тиіп, титтей жазығы болмаса да, ар отына жаны шыжғырылып, аяқ киімін киер-киместен далаға атып шықты емес пе?!
Отағасын қыз анасы «Сіз» деп сыйлайды, алдынан кесіп өтпейді, қарсы сөйлемейді.
Бұдан тәрбие алған бала-шағасы, келін-кепшігі де әке алдында именіп тұрады, бетіне қарсы келіп, сөз айтудан ада.
«Апаң неге сенің сөзіңді сөйлемейді?», - деп қамыққан жігітке қыз: «Бізді «Әке сөзі – оқ!», «Әкенің айтқаны отбасында – Заң!» деп тәрбиелеген. Тіпті үйлі-баранды болып кеткен ағаларым да әкеммен келіспей тіршілік етпейді. Жеңгелерім де әкем отырған жерде жөнсіз сөзге араласпайды», - дейді.
Тағы бір момент:
Баласының бақыты үшін қыз әкесіне жағдайын айтпақ болып, жылап келген Мәрзияға қыз шешесі: «Жо-жоқ! Бізде тәртіп басқа. Еркекке қарап не болса соны айта бермейміз. Мен алдымен ұлдарыммен ақылдасамын, солар әкелеріне айтады», - дейді.
Жігіт пен қыздың һәм екі шешенің диалогы арқылы жазушы қазақ отбасындағы әкенің орны ерекше болатындығын айрықша ашып көрсетеді.
Бұл – махаббаттың жеңіске жететіндігіне сендіретін хикаят
«Көрдемше» Нұржан бойы сырықтай, қалың қабақты, аса сымбатты жігіт. Мектепті де, медицина академиясын да «қызылға» бітіріп, жас та болса, хирургия саласында ә дегеннен өз қабілетін көрсетіп, абырой жинай білген жас маман.
Бір қарағанда, жас кезіндегі Мәрзия мен Мөлдір екеуінің әлеуметтік жағдайынан ұқсастық та көруге болады.
Мөлдір көргенді жердің қызы, асқар таудай әкесі, арқа сүйер ағалары бар. Ол да болашақ дәрігер. Нұржан екеуі бір оқу орнында оқиды.
Кездейсоқ көшеде бір ауыз тіл қатысып қалған қыз бен жігіт бірін-бірі ұнатып қалып, аяғы үлкен махаббатқа ұласады.
Экспозициядағы қыз әкесі алдында сұрапыл сұрақтардың тасқынына төтеп бере алмай, үйден атып шыққан жігітті дәл осы жерде тағы бір көз алдымызға келтірейік. «Намысын қоздырған, жүрегін жандырған үйден тезірек кеткісі келген» жігіт сүйіктісінің сол кездегі халін бағамдады ма екен?
«Мөлдір қыз болса, бәрін естіген құлағымен қоса, ақ жүзі де қызарып, ұяттан өртеніп ас үй мен қонақ бөлменің ортасындағы есіктің артында тығылған күйі қалды» деген сурет «есіктің сықырлауығынан сығалап», Әбдірахман учителге қарап тұрған Майлиннің Шұға сұлуын елестетеді.
Мөлдір де «Шұға десе, Шұға-ау»!
Нұржанмен араларындағы бір диалогта екі жас «сәлем салу» салты туралы сөйлеседі. Қазақтың әйелі отағасым, жарым аман болсын деп, соның тілеуін тілеп сәлем салатындығын әңгіме қылады.
- Саған үлкендер ауруханада кездесіп қалса, халатпен тұрып та сәлем саласың ба? - деп күлген жігітіне көргенді жердің қызы Мөлдір:
- Сала берем, қай жерде кездессе – сол жерде салам, - деп жауап береді.
Үйленуге қатал әке ризашылығын ала алмай, бірін-бірі қия алмай, бірнеше жылын уайыммен өткерген қос ғашықтың бір-біріне берген серті «жазылмаған дала заңынан» әлдеқайда берік көрінгені білінді.
Қазақы тәрбиені бойына сіңіріп өскен Мөлдір сұлу сүйгенінің қасында болмаққа бел буып, отбасының ең соңғы тартысты басқосуынан кейін, Астанаға жол тартады.
Жазушы оқиға шешімін позитивті нотада тәмамдайды. Онда асқақ арман да, маздап жанған үміт те жоқ емес.
Әлемді тербететін мейірбан әйел жүрегі үшін орындалмайтын арман жоқ. Сәуле Досжановадай жазушының көркемдік таным кеңістігінен даналық пен парасаттың осындай нәзік үйлесімін тап басып тануға болады.
Анар Кабдуллина, сыншы
Бөлісу: