Олжас туралы 10 дерек

Бөлісу:

18.05.2018 11144

1.

Қазақстанның Еңбек Ері, қазақтың атақты ақыны Олжас Сүлейменов Жаяу Мұсаның тікелей ұрпағы. Жетінші атасы – кезінде Абылай хан әскерінің оң қанатын басқарған Олжабай батыр. Ол жоңғар басқыншылығы кезінде жауға қарсы азаттық күресіне белсене араласып, көзсіз ерлігімен ел жадында мәңгі қалған қолбасшы екені тарихтан аян. Олжастың өз әкесі Омар – қазақ­тың тұңғыш кавалерия полкінде офицер болған. Алайда 1937 жылы Ташкенттегі Түркістан әскери округінің штабында негізсіз айып тағылып, итжеккенге айдалып кеткен. Краснодар аймағындағы Норильск лагерінде атақты түркітанушы Лев Гумилевпен бірге отырып, кейіннен ату жазасына кесілген.

2.

Жесір қалған анасы Фатима Насыржанқызы кейіннен белгілі журналист Әбдуәли Қарағұловқа тұрмысқа шығып, Олжасты өсіріп-жеткізген. Олжастың біз білетін қоғам қайраткері, азулы ақын болып қалыптасуына осы өгей әкесінің ықпалы көп болды. Ә. Қарағұлов бала Олжасты сауаттылыққа, жауапкершілікті болуға, еңбекқор болуға тәрбиелеп, ілім-білім жинауына зор үлес қосқан. Тіпті Олжастың шығармашылыққа келуіне де өгей әкесі демеу болған. Бұл туралы О. Сүлейменов бір сұхбатында былай деп айтқан екен: «4 сыныпта оқып жүргенде Лев Толстойдың 12 томдығын жатпай-тұрмай толық оқып шық­тым. Сонда анам мені аяп, «Көзіңді құртасың ғой» – деп жіг-жапар болғанда, әкем: «Кітаптан көз құрымайды, керісінше, ашылады» деп данышпандық танытқан еді».

3.

Олжас Сүлейменовтің 40 жылдан астам уақыт бойы жазып жүрген «1001 сөз» атты зерттеу кітабы әлі шыққан жоқ. Дегенмен ол кітап жуық арада шығады деген ақпараттар 2012 жылдары тараған болатын. Алайда, қаламгер өзінің басты кітабын әлі де толықтыра түскісі келетінін сұхбаттарында айтып жүр. 2013 жылы аталған әмбебап этимологиялық сөздікке кіріспе ретінде «Код слова» атты еңбегі жарық көрген. Онда ғалым Еуразия кеңістігіндегі халықтардың бір-бірімен тығыз байланысын сөздердің ортақ түбірлері арқылы жан-жақты дәлелдеуге тырысқан. Бұл кітапшада көне тайпалардың тасқа қашап жазып кеткен таңбаларының сыры ашылып, болашақта оқырманға жол тартатын үлкен еңбекті түйсінуге алғышарттар жасалған.

4.

Дінмұхаммед Қонаев пен Олжас Сүлейменов арасындағы сыйластық, ағаның ініге деген қамқорлығы, інінің ұлы тұлғаға деген шексіз ізеті ел аузында аңыз болып айтылған. Атышулы «АЗиЯ» кітабы 100 мың данамен басылып шыққан соң, Мәскеудегі шовинист ғалымсымақтар мен профессорлан 10 сағат бойы осы еңбекті талқылап, ақыры ақынды «халық жауы» деп танып, тіпті ату жазасына кесу керек дегенді де айтқан. Сол кезде Қонаев кітаптың бір данасын қолтығына қысып алып, Брежневке апарып көрсетіп, кітапта ешқандай ұлтшылдықтың жоқ екенін дәлелдеп шыққан. Кейіннен 1986 жылы Қонаевты орнынан алып, Колбинді қойған кезде, оның кандидаттығына бір адам ғана қарсы дауыс берген. Ол – Олжас Сүлейменов еді.

5.

О. Сүлейменовтің негізгі мамандығы - геолог. Ол 1954 жылы ҚазМУ-дің геологиялық барлау институтына оқуға түсіп, оны 1958 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады. Осы аралықта әдеби ортада біршама танылып қалған жас ақын Мәскеудің А.М. Горький атындағы Әдебиет институтына поэтикалық аударма бөліміне оқуға түседі. Алайда ол жерде қазақтарды «калбит, мамбет, жабайы» деп кемсіткен орыс студенттерімен төбелесіп, оқуынан қуылып қалады. 1961 жылы Ю. Гагариннің ғарышқа ұшуынан шабыттанған ақын «Адамға табын, Жер, енді!» деген поэмасын жазып, айналасы бірнеше айдың ішінде атағы әлемге тарап кетеді.

6.

О. Сүлейменов 1977-1995 жылдар аралығында Қазақстан шахматшылары қауымдастығының төрағасы болып қызмет атқарған. Қолы бос кезінде шахмет пен волейбол ойнау ақынның негізгі хоббилерінің бірі болатын. Қазірдің өзінде қол тисе арасында ойнап тұрамыз дейді қаламгер журналистерге берген сұхбатында. Тіпті оның волейболдан өз командасы, Олжас Сүлейменов атындағы турнир және сол турнирге тігілген өз атындағы жүлдесі де бар. Кезінде «Невада-Семей» қозғалысын құрып, бүкіол әлемдегі ядролық қаруға қарсы үн қатқан кезде, қайраткерді әйгілі шахматшы Анатолий Карповтың өзі қолдап, Әлемдік шахмат қорынан 400 мың рубль бөлгізген екен.

7.

Олжас «Қазақфильм» киностудиясы сценарийлік-редакциялық алқасының бас редакторы қызметін атқарып жүрген кезінде отандық кино өнеріне де өлшеусіз үлес қосқан азамат. Атап айтар болсақ, Шәкен Айманов түсірген «Атамекен» филь­мінің сценарийін О. Сүлейменов жазған. Ал Шахимардан Құсайынов жазған «Балкон» фильмінің сценарийі Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы мен өмірінің негізінде дүниеге келген екен. Кезінде көрермен көзайымы болған «Көксерек», «Қараш-Қараш», «Қыз Жібек», «Ата­ман­ның ажалы» сияқты фильмдердің бәріне «Қазақфильмнің» бас реакторы ретінде Олжас Сүлейменовтің тікелей қатысы болған. Ал «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегеннің ақбоз атының ер-тұрманы осы Олжас Сүлейменовтікі екені бұрыннан айтыпы келе жатқан ақиқат. Ал 2008 жылы Сламбек Тәуекел түсірген «Махамбет» фильмінің сценарийі де Олжас Сүлейменовтікі.

8.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1961 жылы Мәскеудегі оқуынан қылып келіп, одан кейін атағы аспандап кеткен ақынға А.М. Горький атындағы Әдебиет институтының ректорынан «Бізге оқуға қайтадан келіңіз» деген телеграмма келген екен. Ал оған ақын «Қайтайын, бірақ оқытушы ретінде» деп жауап жазып жіберіпті.

9.

Желтоқсан көтерілісінен кейін О. Сүлейменов қуғын-сүргінге түскен жастарға барынша көмектесуге тырысқан. Қылышынан қан тамып тұрған сол кезде барлық есіктерді тоздырып жүріп, қаншама жастарды әділетсіз жазадан қорғап қалған. Тіпті 1986 жылдың соңына таман шыққан «Каждый день – утро» кітабының қаламақысынан бір тиын да алмай, 8 бірдей желтоқсаншыға Алматыдан 8 пәтер алып бергендігі ақынның азаматтығын асқақтата түседі.

10.

Алаштың арда азаматтары Ш. Құдайбердіұлы, М. Жұмабаев, А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытұлын ақтау кезіндегі Олжастың сіңірген еңбегін атап өтпей кетуге болмас. Ол 1988 жылы 24 сәуірде Орталық комитетке хат жазып, сол кезде Алаш арыстарын зерттеп жүрген Тұрсын Жұртбайды Жоғарғы соттың бастығымен жолықтырып, артынан комиссия құрып, Алаш арыстарын ақтауға тікелей мұрындық болған.

Әзірлеген Әбу-Асқар Мекешұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар