Ромео-Джульетта туралы ойымыз

Бөлісу:

29.05.2018 7739

Жазушылар мен ақындардың жалпы шығармашыл жандардың өмірі қызық. Әсіресе қалам ұстағандардың. Күй талғамайтын қаламгерлер саусақпен санаулы ғана болар. Өйткені, көбінің жаны тыныштықты сүйеді, ырду-дырду тіршіліктен тек сюжет іздейді, оны қағазға түсіру үшін түн әлемінің үнсіздік мезетін тосады. Менде, жуықта көрген «Ромео және Джульетта» трагедиясын түсінгенімше қағазға түсірсем деп тәуекел етіп отырмын. Авторы Уильям Шекспирдің кім екеніне тоқталудың өзі әбестік. Себебі, бұл мақаланы кімде-кім қажет деп тауып оқыса, Шекспир өмірінен хабардар деген сөз. Ал, біреулер құлықсыздық танытса оларға сөз шығындаудың қажеті не.

Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры сахнасынан құмарым қанғанша көрген жалғыз спектаклім – осы – «Ромео Джульетта» десем артық болмас. Оның себебі, қойылым ұзақтығы екі сағаттай болды. Шын мәнінде кәсіби қойылым мен қуатты драматургия үшін бұл ұзақ уақыт емес. Шекспир философиясы, кейіпкерлердің тартысты тағдырлары, оқиғаның аумалы-төкпелі иірімдері, режиссердің өзіндік көз қарасы, артистердің ойланып, толғануы т.б талаптар 1 сағат 15-20 минутқа қайдан сыйсын. Бірақ, аталмыш қағидаттарды жоғарыдағы жылт етпе уақытқа сыйдыра білген кейбір авторлардың шеберлігі Шекспирден де шедевр болып отыр ғой. «Қойылым қысқа болып қалды, автордың сөздері балталанып, артистер «пауза» ұстауға да уақыт таппай тіркес қуып өте шықты, режиссер суреткер емес ұйымдастырушы ғана болып қалды...» - десек, «Көкшетаудың көрермендері екі сағатқа шыдай алмайды» - деп, шыр-пыр болатын сылтауды талай естідік. Көрерменді көлденең тартып, студенттердің дипломдық жұмысы сияқты қысқа-қысқа үзінді ойнау кәсіби театр статусына сай келе ме? Көрерменді тәрбиелейтін кім? Меніңше, қойылым ұзақтығы екі сағаттан да көп болғаны абзал. Бұл біріншіден, режиссердің кең уақытты игеруіне әрі жеке «Менін» көрсетуіне жол ашады. Екіншіден, артистер сөз қуып зуылдамай, әрекетке көшеді. Сахнаны сезінеді, өмір сүреді, әйтпегенде тиіп-қашып, үзіп-жұлып жүргенде көпшілік сахнадағы артистерді қойып негізгі рөлде жүргендердің өзі ащы тері алынбаған арғымақтай ыстық-суық болады да қалады. Үшіншіден, авторға түсетін ауыртпалық тіптен ауырлайды. Ұзын арқан кең тұсау емес, әрекетке құрылған тіркесті жазуға машықтанады. Екі сағаттық әрекет пен қарекет қатарласа жүретін жүйелі сөз құрастырып жалықпастай етіп жазу үлкен жауапкершілік пен бірегей суреткерлітің еншісі. Төртіншіден: көрермен көкірегінде театр тәрбиесі мен сахна мәдениеті қалыптасады.

Жас режиссер Дина Жұмабаева «Ромео және Джульетта» трагедиясын қалай сахналады? Біздіңше, Дина материалды жақсы меңгерген. Жақсы меңгергені соншалық, спектакль кілтін сырттан, ғарыштан емес пьеса ішінен тапқан. Ол, Лоренцо пірәдар айтатын: -«Бұл өсімдіктің бұтағы – гүл, тамыры – у» - деген, сөзін негізге алып, нанымды түрде алма ағашын сипаттағандай символдық шешім тапқан.

Спектакльдің кілті неге «у»? Себебі режиссердің көздеген түспкі мақсаты, айтқысы келген ойы «Махаббат деген у секілді. Мөлшерімен ғана дәмін татпасаң, санаңды улап, соңы уланып өлуге әкеледі» - деген тұжырымға саяды. Сондай-ақ актерлерден сырт пошым, келбетпен ғана емес адам бойындағы психологиялық иірімдерді көрсетуін талап еткенін байқаймыз. Мысалы: Сот сахнасында өздерін кінәлі санаған кейіпкерлердің құлап-тұрып, санын қатты-қатты соққылап, шектен тыс діріл қағып, жын соққан бақсыдай күй кешуі осы айтқан адам бойындағы психологиялық шабуылды, әрі соған сай түр бермесе де іштей өздерін мүжіп жеген дәрменсіз кейіпті анық аңғартады. Меркуцио (Ерназар Махамбеталиев) мен Ромео (Асланбек Шайсұлтанов) бір-біріне ренішін білдіре алмай тістерін қайрап тұрған сәтінде де Бенволионың (Мирас Елубай) «инь-янь» мағынасында боялған допты аса жылдамдықпен жерге ұрғылап тұруы ішкі ыза-ашу болса, кейін пышақ ретінде осы допты қолдануы өте оңтайлы шешімнің бірі. Капулеттидің үйінде өткен балда барлық кейіпкерлермен қоса сот төрағасы Эскал, Верона князіне де (Наурызхан Тинхан) бетперде кигізіп қойғаны, яғни соттың да маскы киетіндігін сүйкеп болсын көрсете білуін режиссер Динаның өткір мінезі дегеніміз жөн.

Дегенмен, режиссер пьесаны жақсы игергенімен, актерлердің мінез, болмыстарының игерілмей қалған тұстары өте көп. Оған себеп режиссер Д.Жұмабайдың ақ өлеңмен жазылып Ә.Кекілбай аударған сауатты әдеби нұсқасын кескілеп, қимыл-әрекетке құрамын деген ойдың тасасында артистердің мінезсіз, мақсатсыз, тұлғасыз қалғандығы тіл тістетеді, бармақ шайнатады. Бара-бара театр жауһарлы сөздердің, қауқарлы ойлардың емес мылқау пантомимоның орыны болатындай көрінеді. Жақсы, қош. Неге мінездер ашылмады? Бір қаланың ең бай, дәулетті екі әулетінің иелері Монтекки (Дархан Касенов – Ромеоның әкесі) мен Капулетти (Медет Хамзин – Джульеттаның әкесі) бойынан біз ешқандай ақсүйектік, мәдениет, дәулет, парасатты байқай алмадық. Режиссердің нұсқауымен, біреудің қыстауымен жүрген адамдай, үдере қозғалып көшіп, жарыса сөйлеп жүргендері өкінішті. Тек, Капулетти бейнесіндегі Медет Хамзиннің қызы Джульеттаға:

- Париске ұзатамын, енді еркелікті қойып қалыңдық болуға қам жаса... - деп, айтар тұсында ерке қызының бас киімін өзі кіип алуы, сол сәттен бастап Джульеттаның басынан ұшқан қыз ғұмырын сездірген сәтті шешім болды.

Бастапқыда айтқанымыздай режиссер пьессаны жақсы игергенінің бір дәлелі автор көрсеткен кейбір кейіпкерлерді қысқартып, ықшамды адаммен ғана жұмыс жасаған. Осы ретте не айтар сөзі, не үлкен міндеті, не оқиғаға өзгеріс еңгізер жаңалығы жоқ Леди Капулеттидің (Мақпал Сүлейменованың) қандай мақсатпен жүргенін ұғына алмадық. Бізді қойшы, актриса Мақпал да не үшін жүргенін түсінбеген сыңайлы. Тибальт (Еркебұлан Тулеуов) пен Парис (Нәдір Сұңғатолда) және Бенволио (Мирас Елубай) ойындарында да сұлық жүріс пен ерсілі-қарсы артық жүгірістер өте көп. Айналып келгенде кейіпкерлердің не түпкі ойын, қандай болмыста екендігін айқындар сөз бен сөйлемнің сандық түбінде қалғаны себеп болып отыр.

Джульеттаның күтушісінің бейнесін кескіндеу театрдың тәжірибелі артистерінің бірі Маржан Букешова бұйырыпты. Бірақ осы күтушілік бейнеде режиссердің берген бағыты ма, әлде кейіпкер мінезін жіті меңгермегені ме, көзге оғаш көрінерлік олқылықтар жоқ емес. Бірден-бір бай, ақсүйек әулеттің күтушісі кім? Ол, тек күтуші ғана емес, сол үйдің баласына әдеп үйретер тәлімгер, қалай тамақ ішуді, қай қолымен қасық ұстауды, керек десеңіз, би билеу мен мәдениетті сөйлеуді қалыптастыратын адам. Аталмыш мәдениеттілік күтушінің бойында болмаса ақсүйек әулеттің босағасында бір минут та тұрмақ емес. Бірақ, біз Маржан Букешова ойынынан салиқалық емес, дарақылық пен аңғал-саңғал, алып-ұшпа мінездер байқадық.

Кейіпкерлердің киімдерінің етегіне қазақы ою жабыстырып, спектакль арасында қазақы эстрадалық муызка қолданғанға бола, біз бұл кейіпкерлерді қазақ деп қабылдай аламыз ба? Бүгінгі таңдағы жасөспірім жасқа жаңа толған 13-14 жастағы ұл-қыздардың жақын қатынаста болуын, яғни тәрбиесінен тәлімі кеткен қазіргі қазақ қоғамын көрсетпек ниеттегі режиссердің ойы орта жолдан неге ығысып қалды? Біріншіден, бұлардың қазақ екендігін танытатын – ол тек киімі мен музыкасы емес. Ол – тілі. Қазақы сөйлеу иірімдері. В.Г.Белинскийдің: «Орыс тілін үйренгің келсе, онда Кіші театрға бар», - деген сөзін, тек орыс тіліне қатысты деп қабылдамауымыз керек. Екіншіден, қазақтың қазақтығын көрсететін – ол дүниетанымы мен сенімі. Демек, режиссер бәрін қазаққа тән қылуға тырысқан екен Лоренцо пірәдарды да (Қайрат Мырзаболатов) имам қылып киіндіріп қоюы керек еді. Себебі, қазақ халқының сенімі христиан дінінен гөрі ислам жолына жақындығы мәлім. Бірақ қалай алып қарасаңыз да жастайынан жақын қарым-қатынасқа түсіп, басқа дін ұстанып, күтуші жалдап ұрпақ өсіру – біздің қазақ ұғымына әлі жат сыңайлы. Режиссердің әлі болсын осы ойлары ақталмай, жай бір тұспал ретінде, көпке топырақ шашқан жалған пікір ретінде ғана қалып қойғандай.

Сахнаның безендірілуін қамтамасыз еткен қоюшы суретші – Ақбала Тургинбаеваның еңбегі жып-жинақы артистердің ойынына еш кедергісі жоқ, режиссер ойымен ортақтасып жасалғаны көрініп тұр. Тіпті режиссер Ромеоның шіркеуде Лоренцо пірәдармен, ал Джульеттаның үйінде күтушісімен бір-бірлері жайлы сөз қозғайтын диалогтарын паралельді кадр ретінде нанымды жеткізген. Дегенмен, біресе үй іші, біресе шіркеу, біресе көше болып кететін кеңістікті артистер ойынымен жеткізе білсе, әбден жарасымды болар еді. Өйткені біз артистер ойынынан шірекуге кірген кездегі ізет, инабат сынды қасиеттерді байқамадық. Қасиетті үйге емес, көрішісінің үйінде жүргендей екпінді жүрістері жіпсіз кеңістіктің жүйесін бұзып тұр.

Режиссер басымдықты екі ғашыққа берген. Джульетта (Қарлығаш Абдрахманова) мен Ромео (Асланбек Шайсұлтанов) арасындағы сезім мен махаббатқа сіз сендіңіз бе?!. Неге бұлардың жасы 13-14-те? Себебі, адамның махаббатты биік санап, онсыз өмірді құр далабаса сезініп, керек десеңіз өлуге де ойланбай баратын жасы 13-14-тегі алғашқы ғашық болған кезі. Ал, елестетіңіз, ойлаңыз, байлам жасаңыз. Он төрттегі бозбала қандай болады? Асыланбектің ойынында әлі болсын ұшқалақтық, албырттық жетіспей жатқандай. Мен жирмадан асқан жігітті көрдім. Ақылы артта, ашуы мен әрекеті алдыда жүретін балалық болмысты байқай алмадым. Өмірінде бірінші рет адам өлтірген, бірінші рет қан көрген бала Ромеоны көре алмадым. Пышаққа түскен – кісі ме, мал ма? Еш айырмасы жоқ. Бенволио (Мирас Елубай) «Қаш!» - деп, айтатындай тітіркену, қорықу, уайымдау, шешім қабылдау т.б қасиеттерді көрсете білсе жөн болар еді.

Джульетта ойынында, керісінше балалықтың, қызғалдақ қыз ғұмырдың лебі есіп тұр. Өз жасын, мінезін дұрыс тапқан. Бірақ Ромеоның қолынан ағасы өліп, соған қарамай пәтер ішінде екеуінің сезімге мас болып билейтін, аймаласатын сахналық биінде Джульетта да Ромео да мақсатсыз, тек би билеу ниетінде ғана жүргендей. Арнайы Астанадан келген хореограф – Шырын Мұстафинаның қойған қимыл-қозғалысын ұмытып қалмасақ болды деп ойлайтындай. Жылуы сөнген үйде бүрісіп, тізесін құшақтап отырып кейін жылыну үшін ғана жақындаса түскен жастарды көрдім. Жоқ, керісінше Ромеоның бойынан өзін кінәлі санау, сосын билеп жүріп бет-әлпет, емеурінмен кешірім сұрау, ал Джульеттаның бойынан сәл ренжу, кейін кешіру, сосын барып сезімге жол беріп кешірісу сынды қасиеттерді көргіміз келген еді. Жалпы Қарлығаш Абдрахманованың ойынынан біз бірсарындылық пен бірден нәтижеге асығатынын байқадық.. Мәселен, соңынада у ішерде бірден - «Маған да қалдырмапсың ғой» деп, у емес су ішкелі жатқандай жайбырақат қарайтыны – сөзімізге дәлел. Денесі суық, өлген адамды көріп қорқу, қобалжу, шешім қабылдамас бұрын ойлану, жынданып кетуге шақ қалардай шарасыз күй кешу сияқты бірнеше планды көрсететін тұста көсіп-көсіп көрсетіп тастаса қандай керемет.

Театр – жанды өнер. Әр қойылған сайын түрлене түспек, жандана түспек. Артистер қауымы аталмыш пікірлерді дұрыс түсінсе, сынды қабылдай білсе екен дейміз. Театрға жанашыр адам ретінде театр ұжымына өзім айтсам да болар еді, көркемдік кеңеске қатыса алмайтын болған соң БАҚ арқылы азды-көпті ойымызды жазып отырмыз. Меркуционың (Ерназар Махамбеталиев) өлер алдында өмір мен өлім жайлы айтатын Шекспир жазған ақ өлеңі бар еді. Бірақ оны айтпастан Ерназар - «Жасап кетті» деп, заманауи жастардың тілімен жерге сұлық құлайды. Ойласам күлкім де, жылағым да келеді... Дәл, сол сияқты Дина Жұмабай бұл спектакльді бір айдың ішінде жасады да кетті...

Нұрислам Әбділ

театртанушы,

Ақан сері атындағы мәдениет

колледжінің оқытушысы

Бөлісу:

Көп оқылғандар