Көркем әдебиеттегі Барлыбек бейнесі
Бөлісу:
рецензия
13 маусым – саяси қайраткер, заңгер, публицист Барлыбек Сырттанұлының “Қазақ Елінің уставы” Конституциялық еңбегі жазылған күн
Көркем әдебиет – өмір шежіресі, тарих айнасы. Әр ұлттың тарихы өзінің көркем әдебиетінен көрініс табады. Әлем жазушыларының тарихи тақырыптағы шығармалары арқылы біз сол елдің тарихымен, батырымен және қаһарманымен танысып, дүниетанымымызды кеңейтеміз. Өзіміздің ұлттық әдебиетімізде де сан ғасырлық баба тарихы көрініс тауып, өмір шежіресін, қазақ деген ұлттың тарихи жылнамасын бейнеледі. Бір ғана анық мысал – жазушы І.Есенберлиннің атақты «Көшпенділер» трилогиясы арқылы ғана Қазақ хандығы, оның негізін қалаған, айбынын асқақтатқан хандар мен сұлтандарды, батырлар мен билерді оқырман қауым танып білді. Осы сықылды мысалдарды ұлттық әдебиетімізден молынан келтіруге болады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген, тұтас қазақ қоғамына ренессанс дәуірін туғызып, ұлтты оятқан пассионар тұлғаларымыз – Алаш зиялылары туралы Тәуелсіздік алғаннан бері ғылыми-зерттеу жұмыстарымен қатар көркем әдеби шығармалар да жазыла бастады.
Ал 2017 жылдан бастап Барлыбек Сырттанұлының да тұлғасы көркем әдеби шығармаларға арқау болды. Мәселен, белгілі балалар жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шәкен Күмісбайұлының «Қанмен жазылған заң» әңгімесі, орта буын ақын Гүлбақыт Қасеннің «Алаштың Барлыбегі» поэмасы жазылды. Осы ретте сол шығармалар туралы бірер сөз айта кетуді жөн деп көрдік.
Гүлбақыт Қасеннің «Алаштың Барлыбегі» поэмасы
ХХ ғасырда өмір сүрген Алаш зиялысы Барлыбек Сырттанұлының қазақ қоғамын дамытуға, ұлттық сана-сезімді оятуға қосқан еңбектері халық жадында мәңгі сақталатын тағылымды мұра. Сол себепті қайраткер болмысы мен өнегелі қызметін көпшілікке таныту парызымыз. Бұл ретте қайраткер бейнесін ашатын әдеби шығармалардың көптеп жазылуының маңызы зор.
Г.Қасеннің «Алаштың Барлыбегі» поэмасында қайраткер тұлға Барлыбек Сырттанұлының өнегелі өмір жолы таныстырылып қана қоймай, ұлт мүддесі үшін атқарған ұлы істері мадақталады («Алаштың Барлыбегі» //Жетісу, 2017. №138 (18414), 16 желтоқсан). Поэма бес бөлімнен тұрады. Әр бөлімде Б.Сырттанұлының бейнесі жаңаша қырынан танылып, оқырманның санасына ой салады. Шығарманың айшықты да көркем тілі оқырманға эстетикалық әсер береді.
Поэманың бірінші бөлімінде автор қазаққа тән тектілікті, өрлік пен ерлікті, Алаш армандаған азаттықты жырлай отырып, оқырманға рух беріп, туған елге, жерге деген ұлтжандылық сезімін оятуды мақсат еткен. Мәселен, мына жолдарды мысалға келтірсек болады:
Бұлағай, бұлаң
жылдардың бұзған өткелін,
Арыстарымды
жасырған тарих, өткен күн...
Алаштың өлмес
Аманатындай – Тектілер,
Тағдыры – тасқын.
Ақжауынындай көктемнің.
Бабалар жолы –
Жетелеп асыл мұратқа,
Жеткізген Олар.
Көре алмай өткен бірақ та.
Айналып тұрар
ұршықтай дидар дүние,
Шындықтың ұшы
байланып бір-бір сұраққа...
Бұл бөлім кіріспе қызметін атқарып, оқырманды ұлт тарихында лайықты орын алатын қайраткердің ғибратты ғұмырымен танысуға дайындайды. Себебі автор мұнда әуелі Алаш мұрасының бағасы мен құндылығына жалпы шолу жасайды, «оны жасаушылар кімдер болды?» деген оқырманның көкейінде туындайтын заңды сұрақтың жауабын табу үшін шығарманы әрі қарай оқуға деген қызығушылығын арттырады.
Қазақтың заңғар
Зиялыларын, мұрасын,
Сақтаған жүз жыл.
Сақтаған елім бір ғасыр.
Лапылдап жанған...
Көгінде сөнбес Күн болған,
Алаштың үні,
Алаштың жыры – сырласым.
Бұл жолдардағы күн сөзі оқырманға Алаш ұранды ақындардың өлеңдерін еске түсіріп, жыр жолдарының қуатын одан сайын күшейтіп тұрғаны анық байқалады. Әсіресе, автордың Сұлтанмахмұт ақынның: «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деген жыр жолдарындағы тіркестерді ұтымды қолданып, жырға икемдеуі көгімізде сөнбес күн болған қайраткерлердің мақсатын айқын танытқандай әсер береді.
Ақын поэманың екінші бөлімінде жыр жолдарына Барлыбек Сырттанұлының туған жері, шыққан тегі, өскен ортасын арқау етеді. Поэмада Жетісу, Қарашоқы сияқты жер-су аттары кездеседі. Бұл Барлыбектің туған жері Жетісу өңірі екенін аңғартады:
Жетісуым!
Ұлылардың мекені –
Баршаға аян жер киесі екені.
Барлыбектей ұл тудырған топырақ,
Бүгінгі ұрпақ саған тағзым етеді.
Қасиетті мекен Жетісудың әсем табиғатын жырлаған жолдарда бедерлі тіліміздің айшықты қолданыстарын шебер пайдаланған. Автор Қарашоқыны суреттегенде бірнеше рет қолданған: «Қарашоқы, Қарашоқы аспаны! Жазылғандай сенде өмірдің дастаны...» атты жолдар бұл жердің тарихилығын көрсетеді.
Шынайы өмірде болған тұлғанын бейнесін оқырманға сенімді түрде ашу мақсатында автор Барлыбекке қатысты тарихи деректерді, естеліктерді эпиграф ретінде ұтымды пайдаланғаны көрінеді. Мәселен, екінші бөлімде зерттеуші Сәкен Өзбекұлының еңбегінен, Барлыбектің әкесі Сырттанның жыр алыбы Жамбылмен кездесуі, ақынның оған арнап «Сырттанға» деп өлең арнағаны туралы деректерді келтіреді. Бұл оқырманның Барлыбектей тұлғаны дәлелді түрде тануына ықпал етеді.
Поэманың үшінші бөлімі екінші бөлімнің заңды жалғасы болып келеді. Бұнда зейінді де зерделі жасөспірім Барлыбектің оқуға аттануы, білім алуы туралы сөз болады. Автор арманшыл жастың туған елге қандай үлес қосамын деген биік мақсатын аңғартады:
«Тоз-тоз боп, кетпесе екен халқым азып»...
Күрсінер шара таппай жан құлазып.
Саяси бостандыққа қол жеткізер –
Мақсатты құжат жазды Алтын қазық.
Автор алғашқы екі бөлімде оқырманға эстетикалық тұрғыдан әсер беруді көздесе, үшінші бөлімде ұстанымы танымдық мақсатқа ауысады. Бұл жолдарды оқу арқылы оқырман терең ойға батады, санасында серпіліс пайда болады. Міне, осы бөлімде Барлыбектің қайраткерлік бейнесі ашыла бастайды. Бұнда оның ұлт үшін жасаған істері тілге тиек болады. Барлыбектің негізгі елеулі еңбегі – «Қазақ елінің уставы». Алғашқы Ата Заңды жазған қайраткер ретіндегі болмысы шеберлікпен суреттеледі. Осы тұста ақын Б.Сырттанұлы еңбегінің құндылығын көркем тілмен жеткізе біледі:
Бодандық – жан мұздатып, құйындайды,
Жер кетсе, жағдай – мүшкіл, қиындайды...
Ата Заң бұйырмаса еншісіне –
Елге де Тәуелсіздік бұйырмайды!
Қазақтың өшпес арман, мұраты мың,
Намысы бір ауылдың, бір аттының.
Әуелі тілдің жайын талап етті –
Қазақы болмысты ұстап тұратұғын.
Поэманың төртінші бөлімінде автор Б.Сырттанұлының образын тың қырынан танытады. Оқырман енді ағартушы Барлыбекті таниды. Бұл бөлімнің мазмұның түсіну үшін оқырман берілген эпилогке назар аударуы тиіс. Эпилог ретінде жазушы-зерттеуші Тәңірберген Қалилахановтың зерттеуінен үзінді мен комсомол Мәрзия Илдарованың естелігі алынған. Барлыбек Сырттанұлы елдің көзін ашу үшін жан-жақтан кітаптар алдыртқан екен. Бұл кітаптар Жетісудағы Қайнар мешітінде сақталып, көптеген азаматтардың білім алуына жәрдемдескен болса керек. Оның ішінде Ілияс Жансүгіров те бұл кітаптардан білім нәрімен сусындады деген дерек естеліктерде кездеседі. Міне, осы деректердің негізінде автор сұлу сөздің құдіретін пайдаланып Барлыбектің образын жаңаша қырынан суреттейді.
Кітаптары Барлыбектің жинаған –
Болашаққа қаншама азық сыйлаған.
Тасып жатыр, тасып жатыр ырысы,
Ұлы жолда оңға басар бір ісі.
Жер түбінен дорбасымен арқалап,
Ілім жию – үлкен мақсат, бар талап.
Жүректерге құйды жиған-тергенін,
Қайтарғандай Жаратқанның бергенін...
Поэманың ақырғы бесінші бөлімінде автор ұлт қайраткерінің ұрпағы, Барлыбектің немересі Мүгілсім апаның сөзін эпилог ретінде таңдаған. Бұл сөздер қайраткер тұлғаның қасіретті тағдырын оқырманға баян етеді. Ол басқа да Алаш қайраткерлері сияқты қысымға ұшырап, қуғын көреді. Осы деректерге сүйеніп, автор ұлт зиялысы Барлыбектің өмірінің соңғы кезеңін көркем сөзбен суреттеген. Тарих қашанда ел жадында жаңғырып тұрады. Барлыбек сынды тұлғалардың есімі халық жүрегінде орын алатыны белгілі:
Көз ашпаған жазғырудан, айыптан,
Далам бүгін дертті күннен айыққан.
Бүкіл Қапал, Қарашоқы сыр төгер,
Қара тасқа тіл бітсе егер ғайыптан...
Күй төгілер жеті өзенім құласа,
Жыр төгілер Тамшыбұлақ жыласа,
Әр тамшысы тарих шерін толқытар,
Судың тілін Сүлеймен боп сұраса...
Туған елде, туған жерде ізгі арман,
Барлыбектің жастығынан із қалған...
Шәкен Күмісбайұлының «Қанмен жазылған заң» әңгімесі
Көрнекті балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлы барлыбектану саласына әлденеше рет қалам тартқан зерттеуші десек те болады. 1996 жылы профессор С.Өзбекұлының «Барлыбек Сыртанов» монографиясы жарияланған, оқырман қауымға сүйіншілей отырып, кітап туралы арнайы мақала жазған-ды. Кейін осы Барлыбек Сырттанұлының тұлғасын танытуға, қоғамдық-саяси қызметін насихаттауға арналған танымдық мақалалар, зерттеулер жазды. Ал, «Қанмен жазылған заң» әңгімесі – қарасөз жанрындағы Барлыбек Сырттанұлы туралы алғашқы туындының басы болып отыр («Қанмен жазылған заң» //Жетісу, 2017. №130(18406), 25 қараша). Ш.Күмісбайұлының әңгімесінде Барлыбек Сырттанұлының ғибратты ғұмыры мен ұлт мүддесі үшін атқарған қызметі шеберлікпен суреттеледі. Автор әңгімені тарихи шындыққа сүйеніп жазған. Жазушының тарихи деректер, естеліктерді негізге алуы шығарманың шынайылығын нығайта түскен.
Әңгіменің негізгі кейіпкері – Барлыбек Сырттанұлы. Шығармада Барлыбек образын ашу үшін тарихи тұлғарды да кіріктірген. Бұл Барлыбектің болмысын танытуға, адами қасиеттерін оқырманға дәлелді жеткізуге қызмет еткен. Олар: Жақып Ақпаев, Абдолла Теміров, Көлбай Төгісов, Мұхамеджан Тынышбаев, Бақытжан Қаратаев, Сейітбаттал, Есенқұл Мамановтар сынды аумалы-төкпелі замандағы қазақ зиялылары. Осы аталған тұлғалардың қай-қайсысы болмасын, Барлыбекті өсірген, қалыптастырған топтың өкілі болып табылады.
Әңгіме желісі Барлыбектің балалық шағын суреттеуден басталады. Бұл тұста Барлыбектің әкесі Сырттанның образын айрықша атаған жөн. Батыр тұлғалы, өр мінезді Сырттан халықтың арасында ерекше беделге ие болған. Бірде Жетісу жеріне генерал-губернатор келгенде Сырттан батылдық танытып, шенеунікке қызмет көрсетеді. Бұған риза болған генерал- губернатор Сырттанға ақша ұсынады. Бірақ Сырттан ақшадан бас тартып, генерал-губернатордан балаларын мектепке қабылдануына көмек көрсетуін сұрайды. Осылайша дана әкенің арқасында Барлыбек ағасы Тұрлыбек екеуі мектеп табалдырығын аттайды.
Автор Сырттан образы арқылы қазақ қоғамындағы батырлық пен батылдық, даналық пен парасаттылық бір бойынан табылған ерлердің үлгісін суреттеген.
Барлыбек –оқыған көзі ашық қазақ зиялысының образы. Оның араласатын ортасы қайраткерлер мен оқыған азаматтар болды. Бұл кезеңдерде Алаш жұртының тағдыры осы тұлғалардың қолында болатын. Сол себептен игі жақсылар бас қосып қалса, ел қамына қатысты мәселерді талқылайтын. Сондай бір жиналыс әңгіме желісінде де көрініс тапқан: «Алдыға ас келіп, қымыз құйылғанда Барлыбек Верныйдың жай-жағдайын айта келіп, сан алуан мектептің тірлігін сөз етіп: «Қарағаш» мектебі Жетісудағы тұңғыш оқу орны. Осы мектепті бітіргендер сонау Петербургтен бірақ шығады әлі,- деп қуанышын жасыра алмады». Бұл үзіндіден Барлыбектің ағартушылық қызмет еткен тұс екенін көре аламыз. Оқу бітіргенен кейін халық қамын ойлаған Алашшыл азамат жастардың оқуға түсу, сауат ашу, ғылым-білімге бет бұруына көмек беру жұмыстарымен айналысқан. Тарихи деректерде бұл еңбегі жазылған. Ал көркем шығармада былайша көрініс тапқан: « – Ақ түйенің қарны әлі-ақ жарылады. Бөкей ордасындағы Айғаным, Торғайдағы Ыбырай енді, міне, Қарағаш мектептері қараңғыдан жол көрсетер шапағатты шырақ емес пе? Қазақ жұрты қуанып жатыр. Үш кластық медресе, сегізжылдық мектепке айналып отыр. Мен де қарап жатқан жоқпын. Ерлер гимназиясына сайдың тасындай қазақтың Базарбай Мәмбетов, Ысқақ Дүйсенбаев, Садық Аманжолов, Нүсіпбек Жақыпбаев, Қанат Боранбаев, Ораз Жандосов, есімін ұмыттым Бәрібаевтар сынды қазақтың қара домалақтарын кіргіздім».
Барлыбектің құнды еңбегі, тұңғыш Ата Заң – «Қазақ елінің уставы». Бұл шығармада қанмен жазылған заң деп образды түрде берілген. Автор Барлыбектің осы еңбегін шығарманың тақырыбына арқау еткен. Шығарманың идеясы – тарихтан тағылым алу, ұлт ардақтыларының еңбегіне баға беру.
Әңгіменің соңғы бөлімінде Барлыбек Сырттанұлының қасіретті тағдыры суреттеледі. Ауруға ұшыраған қайраткер сырқатына қарамай, ұлт мүддесіне қызмет етуді жалғастыра береді. Шығармада автор Барлыбектің қайраткерлік образын таныту мақсатында оның негізгі еңбегі «Қазақ елінің уставын» тілге тиек етеді. Өмірінің соңғы жылдары жазылған заң оның өмірлік мақсатын толық танытады. Сол себептен автор осы еңбекті негізгі нысан етіп таңдаған.
Шығармадағы Барлыбек пен Бақытжан Қаратаевтың диалогы олардың адал достығын, ұлт тағдырына алаңдаған ұлтжандылығын аңғартады: «Он тоғызыншы бап: «Жердің кені, суы, көлі һәм таулары қазақ елінің игілігінде». Барлыбек сәл тоқтап еді, Бақытжанның: «Бауырым, ары қарай оқы», - деген дауысы естілді.
Сол сәт Барлыбекті оқыс жөтел ауыз жаптыртпай, қолорамалымен тұмшалап аузын басып, есікке қарай ата жөнелді.
Ақ параққа жалма-жан үңілген Бақытжан мен Абдолланың қағазға шашыраған қан түйіршіктеріне көзі түсіп абдырап қалды. Бұл 1911 жылдың 13-ші маусымы еді».
PS: Саяси қайраткер Б.Сырттанұлының тұлғасына арналған көркем әдеби шығармалар арқылы азаматтың өнегесі мен тағылымын сезініп, оның қоғамдық-саяси қызметін білсе, жазушылардың да еңбегінің еленгені. Осы екі шығарма да оқырманының жүрегіне патриоттылық пен Отансүйгіштік қасиеттің дәнегін ұялататынына күмәніміз жоқ.
Жарқын ӘЛІ
Бөлісу: