Алаш аманатына адалмыз ба немесе арызқойлық туралы
Бөлісу:
Арызқойлардың лаңынан құтылмаған хәкім Абай да «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да» деген өлеңінде:
Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да,
Оған да үкі, тұмар тағылса да.
Қыжыртпай мені сырттан жүре алмайды,
Кім желігіп, қай шеттен қағынса да.
Күшік ит бөрі ала ма жабылса да,
Тәңір сақтар табандап, тап ұрса да.
Арсыз адам арсаңдап, арсылдайды,
Әр жерде-ақ керегеге таңылса да.
Құтырды көпті қойып азғанасы,
Арызшы орыс – олардың олжаласы.
Бірде оны жарылқап, бірде мұны,
Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы», -
деп көкірегі қарс айрыла зарламап па еді?!
Сондай-ақ Абайдың «Қалаға шапса дем алмай, Өтірік арыз көп берсе» («Сабырсыз, арсыз, еріншек» өлеңінен) дегенін сәл ғана өзгертіп «Мәскеуге шапса дем алмай, Өтірік арыз көп берсе» деп көрейікші... Анығында осылай болды ғой.
Аты өшкір сол арызқойлық талай арыстарымыздың түбіне жеткенін ойлағанда һәм оның үстіне атадан балаға қалған мирастай еш артымыздан қалмай келе жатқан бұл індеттің ұрығы әлі күнге дейін Шудың қара сорасындай қанша өртесе де, керісінше, жоғалмай, қаулап өсе беретіне налисың.
Ал рухани көшбасшымыз Ахмет Байтұрсынұлының «Көк есектерге» өлеңінде:
«Қиын емес абақтыға жапқаны,
Қинамайды дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз аулымның иттері үріп, қапқаны», -
деген шумағында қаншама шындық жатыр.
«Өз аулымыздың» мұндай үргіш қапқыш иттері, қарап тұрсаңыз, қай кезде де аз болмаған екен-ау! Бұл итмінез бізге қайдан жұқты, қанымызға қайдан сіңді? Сексеуілді сексеуілмен ұрып сындыру саясаты сонау Ресей патшалығы тұсында-ақ жоспарлы түрде мықтап қолға алынғаны белгілі. Содан соң бұл сайқал саясатты Совет өкіметі өзіне қабылдап алды да, тамаша іске асыра білді.
Сол Совет өкіметі құрылғанына көп бола қоймаған алғашқы жылдары-ақ яғни 1922 жылы 22-шілдеде не бары 22 жастағы Смағұл Сәдуақасұлы Әбдірахман Бәйділдинге былай деп жазыпты:
«Қазақ қазақты кімнің алдында жамандайды? Әрине, бөтеннің алдында жамандайды! Мұнда келіп ұққан бір нәрсем: қазақ Мәскеуге келіп, ішкі кикілжің жөнінде хабар бермеуі керек. Әсіресе, бірін бірі жамандамасын, сөз тасымасын!
Егер билік үшін ары мен жанын сатса, беті аулақ! Біз олардың ізінен де, ісінен де безінеміз».
Ал Әлихан Бөкейханның 1925 жылы жазылған «Бауырым Ахмет!» атты хатындағы:
«Мәскеу коммунистері «қазақтар – ұлтшылдар» деп жалпыға жар салып, айқайлап жүр. Мен олардан:
- Айтып жүргендерің не? – деп сұрасам, олар:
- Өздерің өздеріңе шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған өз қазақтарың, - деп айтады» (Ә.Бөкейхан «Шығармалары», ХІ том, Астана, «Сарыарқа», 2016 жыл, 416-бет), - деген сөздерді оқып отырып, түңіліп кеткендейсің.
Және сондай-ақ Міржақыптың осындай арыз айдаушылар туралы: «Мұндай шағымдар толып жатыр, бірінен бірі «әдемі», бәрі – өзіміздің Құдай қарғаған «бауырлардың» ісі» (М.Дулатұлы «Алты томдық шығармалар жинағы», 2-том. Алматы, «Мектеп», 2013, 324-бет), - деген жанайқайын әлі ұмытқан жоқпыз...
Неткен сұңғылалық десеңізші! Алаштықтар құдды бір 70-80-ші жылдарға, болашаққа диагноз жасап айтқандай әсерде болады екенсің...
Тарихтан сабақ алу деген бар емес пе, арызқойлық дерті туралы Абай айтып отыр, Ахмет, Әлихан, Смағұлдар ескертіп отыр, бірақ сол сабақ түю деген нәрсе дәл Совет заманында іске аса қойғаны шамалы, керісінше, сол кездегі талантты деген қазақ қаламгерлері арыз дегенді бірінің сыртынан бірі қарша боратып отырды емес пе. Соның бәріне жазушы Б.Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» атты толғау-романын парақтағаныңызда анық көз жеткізесіз. Бір кем дүние...
Бауыржан Берікұлы
Бөлісу: