Әбдіжәміл Нұрпейісов. Соңғы парыз

Бөлісу:

13.08.2018 15742

Бірінші бөлім

 

 

Ұзын қара кісі соңында шұбалаңдап жатқан ізіне қарап тұр: әлгінде келген жағына көз салғалы артына бұрылғанда, назары осы ізге түсті де, жанарын ала алмай арбалып қалғаны. Неге бүйтті? Оны өзі білген жоқ; бар білгені – соңына салған мына сілбу іздің қимылынан сөлекет бірдеңе сезе ме, қалай? Мына іш пыстырғандай сылбырлық реніш шақырғандай әлденеге ұқсай ма? Тоқта... Сонда неге ұқсауы мүмкін? Бәсе, осы сылбырлық емес пе еді он үш жыл бойы Бәкизаттың жүйкесін құртып біткен? Соның аяғы бұл, міне, айдалада, аңыраған ашық теңіз үстінде тұр. Кім еді осы, әкесі ме еді: "аяғы дүниенің ырың-жырың" деген? Ырың-жырың... Кім де болса, сенен бұрын да талайлар бармағын шайнағанда айтқан сөзді енді сен қайталап тұрсың; сыртыңа шығарып айтпасаң айтпаған шығарсың, бірақ институт бітіре сала бас қосқан жас жұбайлар тірлігінің ақыры күндердің күнінде басқаша емес, дәл осылай "ырың-жырың" боп аяқталарын іші құрғыр сезетін. Бірақ сен жақсы күнде көңіліңді жамандыққа бердің бе? Үйлену тойы өткесін бұны оқу бітіріп келген жас маман деп желкілдетті де әкетті. Қошемет те, қолпаш та көбейіп, табаны жерге тимей бара жатты. Бұл түс көргендей аң-таң; бұның өзіне салғанда бітірері шамалы; майданнан бір аяғын жұлдырып келген балықшы әкесі баяғыда қайтыс болды; пенсияға шыққан бес-он тиынын алып от басында, ошақ бұтын күзетіп отырған қарт анасынан басқа қол ұшын беретін ешкім жоқ; ағайын-туған сірә да жоқ; рас, әкесінің немере інісі – Сары Шая... Бірақ ол қырттың барынан жоғы...

 

Иә, бұның өзіне қалғандағы тірліктің әуселесі қандай боларын көрді де: ол бірақ үйленгенге дейін болған-ды. Институт бітіріп, тірлікте аңсаған кішкентай арманы – диплом қолға тигендегі қуанғанын көрсең; таң атқанша дырдуға басқан дипломды жігіттер ұйықтап жатқан кісілердің үстіне баса-көктеп кірмеді демесең, сол түні көшені басына көтеріп-ақ бақты. Ертеңіне мең-зең басын краннан сарылдаған мұздай суға бір шайып алды да, жолға жиналды; бес жыл көз майын тауысқан дипломды қойынға басып алып, "Аралым менің, Аралым" деп, туған жерге тартып отырды; ательеге тіккізіп жатқан киімдеріне қарайлап қалған Бәкизат кейін келетін болды. Бұл қалыңдығы келгенше елге барып, мамандығына сәйкес бір жұмысқа табан іліктіргесін той жабдығына әзірлене бермек боп ерте кеткен еді. Бәкизат құрбы қыздармен пойызға шығарып салды; ығы-жығы халық; дабырлаған дауыс; құтырған қыздар қарап тұрмай, пойыз дәл жүрер жерде: "Біз көзімізді жұмып тұрайық, сендер сүйісіңдер" деп жырқ-жырқ күліп, жатты да жабысты; сен қарсы емессің, ішің жақсы көріп тұр. Бірақ Бәкизатқа бата алмай, жалтақтап қарай бергенсің-ді. Бәкизат міз бағар емес; жаутаңдаған түріңді байқап: "Тәйірі, жәркелеш қыздардың мазағын қайтесің",– дегендей, көзін қысып қойды; бірақ желігіп алған қыздар жабысуды бұрынғыдан бетер үдетіп: "Сүйісіңдер", – деп, бұларды бір-біріне итеріп, ықтияр-еркіне қоймай бара жатты.

 

Бәкизат көңілсіз. Қажыңқы жүзіне күлкі әзер тепсінді. Қыздар қоймағасын екі саусағын шиедей қызыл ерніне апара бере шөп еткізді. Пойыз орнынан қозғалып, жылжып бара жатты. Сен асыққан жоқсың. Бұндайда көстеңдеген сирағына сенетін әдеті. Қатты жүріп кеткен пойызға жүгіріп жетіп, соңғы Гурьев вагонының басқышына бір-ақ ырғыды. Сонан қашан көзден таса болғанша қайта-қайта мойын созып, жалтақтап қарап бара жатқан бұған қыздармен бірге Бәкизат та қолын бұлғай түсті де, кенет аяқ астынан ойнақыланып, өп-өтірік кемсеңдеп, сұқ саусағының ұшымен көзінің алдын бір-бір іліп алғаны. Қыздар қыран-топан. Көк шолақ пойыз құниып алған. Разъез, стансалардан қиқулап өтіп, сылқытып тартып келеді. Бұндайда әсіресе заулап келе жатқан пойыздың соңындағы вагон рельстен әне-міне ұшып түсетіндей бұлғаң-бұлғаң.

 

Міне, түн ортасы ауды. Таң да таяу. Вагон іші пысынап тұр. Ас-суын қызыл іңірден ішіп алған жолаушылар қорылға басып жатыр. Сонан тек жазғы таң сыз беріп, терезе әйнегіне бозамық сәуле ене бастағанда жұрт қимылдап, біреулер есінеді. Біреулер ұйпа-тұйпа шашы дудыраған басын жастықтан көтеріп, бықсытып темекі шекті. Бұл әлі көз ілген жоқ. "О жасаған!– деді ерні дірілдеп,– пақыр пендеңді жарылқайын дегенде, жақсылығыңда шек жоқ-ау сенің. Бәкизатты айтам-ау... Бұл көріп жүрген бұрынғы Бәкизатқа ұқсай ма? Әзім тұрғанда бұны көзіне ілуші ме еді? Не болғанын қайдам... екеуі әне-міне үйленеді деп жүргенде.... Апырай, ә?.. Әзімге не болды десеңші?.. Уәдесінде тұрмай, аяқ астынан айнығаны... Сонысы қалай? Астанада оқитын Арал балалары түкке түсінбей, аң-таң. Бірінен бірі сұрайды. Ешкім ештеңе білмейді. Сүйтіп жүргенде, бір күні тағы да тосын оқиға дүңк етті, бұл жолы: "Жәдігер мен Бәкизат үйленгелі жатыр екен" деп жұрт шу етті. Жұрттың есі шықты. Тек жалғыз сен... Құрсын, сенде ес жоқ... Шынында да, мынау сенің өңің түгіл түсіңе кірмеп еді-ау! Өзің де не боп, не қойғанын біліп жатқан жоқсың-ды. Өзіңнің кім екеніңді, не істеп жүргеніңді білген жоқсың. Құйын көтерген қаңбақсың ба, құссың ба, әйтеуір аспандасың. Әйтеуір ұшып жүресің... Төменде тас көшеде топырлап, сүрініп-қабынып жататын абыр-сабыр әбігердің үстіне шығып алып, сонау аспан мен жер арасындағы кеңістікте, майда қоңыр желге бетті төсеп самғап жүргенің. Тек, сонан... бір кезде Бәкизатқа кездескенде ұйқыдан оянғандай, қала ішінің күнделікті құба дүмбіл тіршілігіне қайтып оралғандай болатынсың. Жан-жағың – қысқы қапырық ауадан кірлеп шыққан сұп-сұр үйлер. Сұр көше. Сұр асфальт. Сұрғылт жүздер. Ерсі-қарсы жосып жүрген сұрғылт шаң-шаң машиналар. Бақса, Бәкизат та солардан бөлектенгісі келмей, үстіне қайда бір көз тартпайтын сұрғылт бірдеңелерді киіп, туфлидің тұмсығымен жер шұқып, жабыңқы сұрғылт жүзі жүдеп тұрғаны. Сен, әрине... себебіне түсінетінсің де, құлағың ду қызарып, түк айта алмай, кетудің де есебін таба алмай, жіпсіз байланып қалатынсың. Талқыдай аяғыңдағы тозуға қараған кенеп ботинканың жер шұқылап кеткен ақ жем тұмсығынан көз алмай, дымың құрып тұратынсың-ды...

 

Енді, міне... Салдыр-күлдір шайқалақтап келе жатқан соңғы вагонның жоғарғы полкысында жатыр. Астанадан шыққалы қыбыр еткен жоқ; шығарып салып тұрған қалыңдығының ерке мінезі есіне түскенде, соқыр шам сығырайған вагонда қимылсыз көзі шоқтанып жана түседі.

 

– Әй, жігіт... Аралға келдік.

 

Атып тұрды. Апалақ-құпалақ киінді. Тізе бүге сала дереу жылжып бара жатқан пойыздан секіріп түскенде, жарықтық Арал өңірінің аспаны әр кездегідей қайнап тұр екен. Сонан қашан жаз ортасы ауғанша аңызақ аптап басылмады. Әсіресе түске қарай тас төбеге келген өрттей ыстық күн қайнап бергенде кішкентай қаланың топырақ борап жататын қиқы-жиқы көшесінде шаңға малынған жалғыз-жарым ағаштардың баурында да жан саялар көлеңке қалмай, күйген кесек пен ащы сор исі қолқа атып тұрғаны.

 

Сен жұмыс іздеп, бір апта салпақтадың. Қайда барса да бұған "ой, айналайын, жақсы келдің" деп құшақ ашып тұрған жан болмады. Ертеден кешке кеңсе кезген жігіт солбырайып кіріп келе жатқанда, жұрт бұған теке көзденіп ежірейе қарап, ал жөнін айта бастаса, құлақ аспай, алдындағы қағазды шұқылап кететінді шығарды. Сондайда кірген есігінен қайта шыға алмай, қипақтап желкесінің терін сүртіп тұрғаны. Қиқы-жиқы көшелерді кезе-кезе кенеп ботинканың тұмсығы ақ жем болды.

 

Сонан, бір күні... Күледі-ау. Сол күні Бәкизат келетін-ді. Бұл сол күні де күндегідей кеңсе жағалап жүріп, біреудің сілтеуімен кішкентай қаланың шет жағына орналасқан кішкентай мекемеден бір-ақ шықты. Кішкентай мекеменің дәл кірер ауыздағы кіп-кішкентай кабинетте күж қара кісі отыр екен. Жүрегі шайлығып қалған сорлы қорқасоқтап кіріп еді; жоқ, мына күж қара бұған басқалардай теке көзденіп ежірейе қарамады. Майлы қабақ астында жылтылдаған торай көз "ә" дегенде әлденеге тесірейе қалса да, бірақ іле-шала жанарына жылылық тепті. Күн түскен қапырық тар кабинетте ырсылдаған семіз денесін қайда қоярға білмей, қара терге түсіп отырғанда біреудің үстіне келгеніне қуанды ма, әлде, кім білсін, естияр кісі дегені бала боп шыққаны қызық көрінді ме, әйтеуір торай көздің қарашығына қуақы күлкі ұшқындады.

 

– Кip! Кір! – деді ол күн жеп, бояуы оңып кеткен ескі кепканы қос қолдап қысып алған мына бір қысылшақ бала табалдырықтан аттаса да, бірақ аяғын ілгері баспай қалшиып тұрып қалғасын. – Иә, балақай?!. Кел! Кел!

 

Бұл ұсынған дипломды күж қара газетпен бет алдын желпіп отырып қарады. Бірдеңелерді "да", "да...", "ымым..." деп ыңылдап оқып отырған сияқты еді, кенет:

 

– Атың қалай, балақай? – деді бұған.

 

"Жолым болар" деп ойлады. Лүпілдеп қатты соғып кеткен жүрек кенет алқымға тығылып, аты ауызға түсем дегенше қобдидай столдың аржағында отырған күж қара қойқаңдап қозғалақтап қалды:

– Атың... Атың қалай?

– Жәдігер.

– Жәді-гер?.. Тоқта! Тоқта, балақай. Ұмытпасам, жас кезімде оқыған бір қиссада Жәдігер деген... Иә, Жәдігер деген біреу болған сияқты еді? Ал бар-ау, дәу де болса соның өзі батыр болатын. Ал, сен... – деп күж қара таңданғаны, әлде таңырқағаны белгісіз, бұның бас-аяғына көз жүгірте түсті де, кенет қуанып кетті.– Балақай, сен де осал емессің, тұлғаң батырға келеді. Бой бар. Ал, анау... Өзіңде анау да біраз болар? Ха-ха-ха!..

Қарқылдаған күйі күж қара құйрығы астында сәл қимылдаса, зарлап қоя беретін жылауық орындықтың арқалығына шалқалап жығыла кетті. Сонан бір кезде күлкісін тыйып, шыланған көзін сүртті. Сен мына күж қараның іші пысып, зерігіп отырғанын білдің. Жә, мейлі! Қолынан келген жақсылықты осылай кісіні ары итеріп, бері жығып, қылжақтап отырып та істейтін қойқаңдаған көңілді біреулер болатын сияқты еді.

– Әй, сен осы Әміржанның баласысың ба?– деді күж қара қағазға қайта үңіліп.

– Иә, аға... Әміржанның баласымын.

– Тоқта! Сонда... Сен езіміздің кәдімгі балықшы...

– Иә, әкем балықшы болған.

– Балықшы дейсің, ә? Тоқта!.. Сонда сен теңіздің ана беті емес, мына бетіндегі Әміржанның баласы болдың-ау?

– Иә, далалық беті...

– Е-е, енді түсінікті. Сонда сен қу бала Жақайым Әміржан ақсақалдың баласы болдың-ау, ә?

– Иә, аға...

– Тоқта! Тоқта, балақай. Сонда сендер қай Жақайымға жатасыңдар? Қыр Жақайым ба, Сыр Жақайым ба?

– Біз Қыр Жақайымбыз ғой.

– Ой, өтіп бара жатқан өмір-ай! Ал мен көргенде, сен алдыңдағы асын жыламай ішпейтін жаман боқмұрын едің.

Жуан қара кеудесін селкілдете кеңк-кеңк күліп, басын шайқап-шайқап қойды. Сен ренжіген жоқсың. Қайта мына жуан қараның рулас болғанын ішіңнен жақсы нышанға жорып тұрсың. Және Қыр Жақайым болғанын айт. Жә, мұрнына күлсе күле берсін. Бала кезде осы күні атқа мініп жүрген қай қазақтың мұрны оңып тұрды дейсің.

– Кәне, сен балақай...

Еңсесін тіктеп алса, қобдидай столда қонжиып отырған жуан қараның торай көзі бұған қарап тесірейе қалған екен. Сен жаның зарығып күткен үмітті мына өзіңе туыс боп шыққан әрі кішіпейіл, әрі көңілді азаматтың аузынан дәл қазір есітетініңе құттай да күдіктенген жоқсың.

Апырай, бұндай абырой болар ма! Бәкизат келгенде бұ да бұл жақта мықты бір шаруаны бітіріп, той жабдығына кірісіп жатады. Бүгін әйтеуір төсектен тұрып жатқанда оң көзі тартып еді-ау; сүйтсе осыған көрінген екен ғой. Қуанғаннан жүрегі дүрсілдеп ала жөнелді. "Өзінің қарауына алар ма екен?" деп ойлады. Соны енді туысының өз аузынан есіткісі келді де, қобдидай столдың ар жағында өз-өзінен қоразданып, қомпалаңдап отырған жуан қараға қарап еді, жуан қара жырқ етті.

– Сен, балақай... Қыр Жақайым болсаң білуге тиіссің...

Жуан қараның нені тұспалдап тұрғаны қапелімде миыңа кіре қоймады.

– Иә, аға...

– Сен білуге тиіссің. Мәселен, айталық ел ішінде:

"Жақайым-ау Жақайым,

Татымайды бақайың.

Ащы көлден су ішіп,

Сыртылдайды тұқайың",– деген өлеңді білесің бе?

– Білем ғой...

– Білсең, бұған қалай қарайсың?..

– Ой, аға-ай... Ол баяғыда базынасы бітпейтін қатар құрбылардың бірін-бірі кемсітпек болғанда айтқан әзілі ғой...

– Жоқ!.. Жоқ, балақай, бұл әзіл емес, бұның ар жағында үлкен шындық жатыр. Қайсы десең, айналайын балақай, ащы су ішкен кісінің буын-буынына тұз жиналады. Әне, сонан келеді де, бақай сыртылдайды. Гена! Түсінесің бе, гена дегенді? Кәне, сен өзің олай-бұлай жүріп көрші? Жақайым екенің шын болса, Құдай біледі, сенің де жүргенде бақайың сырт-сырт... ха-ха-ха...

Жуан қара шошқа жон жауырынын шиқылдақ орындықтың арқасына жыға сап, шалқалап қарқ-қарқ күлді. Алдына өңгерген көпшіктей қарынның кіндіктен төмен тұсы күлгенде іркілдеп, бүлк-бүлк етті. Алқымы толған бұғақ та бүлк-бүлк. Ұрты салбыраған екі бет те бүлк-бүлк. Бітік көз тіпті жұмылып кеткен. Ха-ха-а... Пысынаған кішкентай кабинетті басына көтеріп бара жатқан қарқылын ол кенет кілт тыйып, әлдеқайдан ұшып кірген бармақтай қара шыбынға қалт етіп арбалды да қалды. Үй ішінде бір жоғары көтеріліп, бір төмен түсіп айнала ызылдап жүріп алған шыбынның ізін аңдып, қолында желпуіш қып отырған газетті шоқпарша көтеріп апты.

Сен осы сәтті пайдаланып, жуан қараның көзін ала бере дипломыңды іліп алдың да, сыртқа ата жөнелдің. Сыртқа шыққан бойда есікті жылдам жауып, арқаңмен басып тұра қалғансың-ды. Көкірегін күлкі мен жас қысып тұр. Құлағы шыңылдады; шеке тамыры солқылдатып әкетіп барады; шыңылдап миын шағып тұрған құлақ емес, әлгі Жуан Жақайым қуалап кеткен бармақтай қара шыбынның ызыңы сияқтанды. Есіктің аржағынан әлдене сарт етті. "Қатырдым! Қатырдым, бәлемді!". Сен алды-артыңа қарамай, жүгіре жөнелген едің-ау. Бір жерге бас сұқпай, тура стансаға тартқансың-ды. Сол күні Алматыдан Бәкизат келетін...

Оған, міне, он үш жыл. Жуан Жақайымды сонан қайтып көрген жоқ-ты. Жо-қ, бір рет көрді. Онда да көп жыл өткен соң астанада болған бір жиналыста сыртынан көргені бар. Бірақ тілдескен жоқ. Алайда оның аузынан есіткен сондағы сөз әлі құлағында. Әлі күнге біреу болмаса біреу бұған "боқмұрын қара" деп кемсітетіндей өз-өзінен қуыстанып тұрғаны. Ал, Бәкизаттың анасы... бұның қайын енесі күйеу баласының қазір де қырып жүрмегенін көзіне айтады...

Жә, құрсыншы, қайын енеде тұрған не бар. Ол қақсал да бұлардың о бастан-ақ бұлталақтап басталған берекесіз өмір жолында кездескен көп ит-ырқылжыңның бірі ғой. Бұл қазір соның бірін ойлағысы келмеді. Бірақ ойламайын десе де жапан түзде жалғыз тұрған кісіге қайдағы-жайдағы үйір. Әсіресе кәрі қақсал есіне жиі түсіп, ренішті көңілді ылайлап тұр; қайын енесі бұны бұрын да адам құрлы санамайтын. Тек, әйтеуір қызының қойны құр жатпасын деп, жоқтан тәуір, ер-қара көретін. Оны кәрі қақсал Құдайдан да, адамнан да жасырған емес. Бұған жыны келгенде: "сені адам қылған біз" деп бетіне айтады.

Обалына не керек, қалада да, далада да тамыр-танысы мол қайын жұрты бұны "ә" дегенде-ақ ағыны қатты судай ала жөнеліп еді; бірақ сорлатқанда бұл серікке жарамады; та лай рет бұны жоғарылатып, қалаға көшіріп алмақ болғанда, талапсыз ынжық неме көпір аузында аяғын баспай табандап тұрып алатын тартыншақ түйедей, жеме-жемге келгенде жетекке ермей сорлатты. Бұның өзіне қалғанда, болашақ тағдыры белгілі: Арал-Арал болғалы қазақтан тұңғыш шыққан дипломды балықшы деп бұны көрмеге қоятын түйедей, бойын сорайтып бір жиналыстан соң бір жиналысқа сүйрелеп жүрер ме еді? Болса да, бұны қайын енесі "дипломды балықшы" дейді. Соны айтқанда жаны ләззат алғандай, рахаттана түсетінін қайтерсің! Қолдан келмейтін қиын шаруаның басы көрінсе, жымың етіп дереу қызына бұны ымдап: "оны ана дипломды балықшыңа айт. Осы күні малшы, егінші, балықшы дегендердің Құдайы беріп тұрған жоқ па. Жоғарыға солардың сөзі өтімді дейді ғой", – деп сиқырын ойнатып сылқ-сылқ күлетін.

Күлсін! Енді тіпті құмардан шығар!

* * *

Ұзын қара кісі ізінен әлі көз алған жоқ; назарын тіктеп, ізіне қараған сайын өзін-өзі танымай қалып тұр. Иә, бұл бұрын бұндай емес еді; ізі де басқа еді; аяғын сүйретіп басатын жігіттің сылбыр ізі соңында шұбалаңдап жатушы еді; ал бүгін бұған бірдеңе көрінді; әсіресе әне бір тұста аяғын арпаң-тарпаң басқан адуын қимылда қандай да бір жанын өртеген алапат ыза бар ма? Бірақ ол ненің ызасы? Құдай біледі, сол кезде түрі де келісіп тұрмаған шығар-ау! Қырауытып бүйе аяқтанып алған қалың қас үрпі-түрпі. Ағы басым ала көз ұясынан шыға ежірейіп кеткен болар. Бет алабы өрт сендіргендей түтігіп, тісі шықырлап, шойын қара жұдырық жеңнен зәрлене шығып, түйіле қалмады дейсің бе?

Бұныңды Бәкизат көрмеді. Бәкизат көргенде ащы мысқыл шапқан әдемі бетін саған бұрмай, тек қара көздің қиығын қадай тастар еді; бетіндегі мысқыл қара көздің жанарына көшкенше сазара қарап тұрар еді де, сосын: "ай, сенің осы ит мінезің-ай!" деп, сонан артық түк айтпай, бұрылып жүре берер еді.

Иә, ит мінез! Қайта, дер кезде үйден кетіп қалып абырой болды. Әйтпегенде, кім білсін, алаңғасар неме ашу үстінде не істеп саларын.

Қанша күннен бері жанын жеген ыза мен күйікті бұл сыртына шығармай, ішінен тынып өз қасіретіне өзі уланып жүргенде... Қап, не қыласың, Сары Шаяның... Сол пәленің жер астынан шыққандай сап ете қалғанын қайтерсің. Былайғы уақытта да қара аспанды қапылтып жүретін неме, әсіресе осы жолы үйі өртеніп бара жатқандай үстіне емпелеңдеп кірсін. Басынан бөркін жұлып алмағанда әлде қайтер еді? Ант соққыр неме, келе сала: "Ойбай-ау, не қып тұрсың? Бұл тұрысың қай тұрыс? Аналар бізді көп бидай ішіндегі жалғыз арпадай тұншықтырып өлтіргелі жатыр ғой? Ойбай-ау, ер намысы қайда? Жарайды, сен ер намысын, еркек намысын аяққа бассаң бас, ал ру намысы бар емес пе? Ру намысы үшін баяғы ата-баба басты оққа байлап шықпаушы ма еді? Сен шықпасаң, мен өзім шығам. Осы жолы қан шығарам. Я, өлеміз. Я өлтіреміз. Қан шығарамыз!" – деп, дір-дір етіп, басынан бөркін жұлып алып еді; әр жер-әр жерде сілтіге жидіген мес қылшығындай бозғылт шаш арасында сіркедей-сіркедей тер шүпірлеп тұр екен. Онсыз да сіркесі су көтермей тұрғанда, мына жексұрынның бөрік асты буланып тұратын ақ шанаш басы жынына тимесі бар ма.

Жә, жә, жыныңа тиген сол ма еді? Басқа еді ғой. Иә, басқа еді. Сары сайтанның, сол арада: "еркек намысын аяққа басып тұрсың" – деп, әдейі арыңа тиіп, тұщы тәніңді ащы тілмен шаяндай шаққаны жаныңа қатты батқан-ды. Жүйкесі құрғыр онсыз да үзілетін жіптей ширығып тұрғанда, насырын шұқып "өлмесең тұрма" деп отқа итере бергесін, қанша шыдамды болса да, сол арада өзін ұстай алмай қалған-ды. Сондағы өз қылығын еске алса, бұл қазір де осынау аңыраған ашық теңізде ақ қар, көк мұзда тұрып та ұяттан өліп кете жаздайды... Ит мінез!.. Өтірік пе? Ит мінез емес пе бұның бүгінгі күні үйге, түзге сиғызбай шығынып теңіз үстіне шығып кеткені?

* * *

Кешегі қара суықта балықшылар ауылының бет алдындағы қолтық ұстасқан-ды. Сонан артына бірер күн салғасын сыпыра жағалау еңіреп қатып, көкше мұз көз ұшына асып кетті. Бүгін үйден азанда жын ұрғандай атып шыққан ұзын қара кісі жаңа қатқан жас мұздың кісі көтеретін жеріне дейін барған еді де, тоқтаған еді. Қазір, міне, түс ауды. Қысқы күн кешке тақады; ұзын қара кісі азанда кеп тоқтаған жерден әлі тапжылған жоқ; сол баяғы бір орында тұра-тұра табанынан ызғар өтті; тоңазыған дене оқтын-оқтын тітіркеп қалады; бұл бәрібір тырп еткен жоқ; келген ізбен кері қайтуға бетінен басады; ал не де болса бүгін ертеңгісін бет алып шыққан жаққа маңдай түзеп тарта берейін десе, оған... алды бір аттаса – қара су. Оның арғы жағы буланып жатыр. Ұлы теңіз ашулы. Әсіресе осы жолы өз-өзінен долданып, өкпектеп өкіреді. Қалған дүние жым-жырт.

Таң алдында жауған қардан кейін осынау буалдыр мұнар ішінде түсі суық түксиген дүние – мұз да, жер де – түгел аппақ. Айнала төңіректе көзге ілінер қарайған жоқ. Тек соңында шұбалаңдаған сілбу із әне бір тұста әлденеге ширығып, әрі-бері адыраңдаса да, ақырында о да сүлдері құрып, әлсіреп, аяғының астына жығылыпты. Ұзын қара кісі сәл қозғалса да табан астында жатқан сылбыр неме қазір-ақ сүлдерін көтере түрегеп, бұралқы иттей беті ауған жаққа лағып, сүмпең-сүмпең шоқыта жөнелетіндей.

Ұзын қара кісі мырс етті. Неге күлді? Ізге ме? Өзіне ме? Соның қайсысы болса да, Құдай біледі, бетіне шапқан тағы бір реніш жүрегін де өртеп кетті. Іші де ит талағандай алау-далау болар-ау? Кім білсін, Бәкизаттың жүйкесін құртып біткен мына сылбыр із бүгін бұның да шамына тиіп, өшін кімнен аларын білмей тұр ма? Кімнен? Адам шіркіннің кінәлі өзі болса да, кінәні басқадан іздейтіні не? Міне, бұ да басындағы бар пәлені өзінен, өзінің болып болған болмысынан көрмей, әлдебір ізден көретіні не? Айтса да, бүгін жерге сыймай, жаны ширыққанда бұны алды артына қаратпай, аңыраған ашық теңізге қуып әкелген із емес еді ғой? Қайта осы ізді осы араға сүйретіп әкелген бұның өзі емес пе еді? Иә, езі еді. Есі дұрыс кісі, сірә, ізді өзінен, өзін ізден айыра ма? Міне, түнде жауған үлпілдек ақ қар бетінде үйірінен адасқан саяқ аттай жапан түзге шығынып кеткен жалғыз кісінің соңында сүйретіліп жатқан ізге ой меңдеткен жанары қайта-қайта сүрініп тұр. Өмірден шаршаған адамның сүйретіп басқан сілбу ізі басқа емес, бұныкі... Және бұның өзін паш етіп тұр. Ізі – өзінен, өзі – ізінен аумайды. Соны біле тұра өзіне егіздің сыңарындай ұқсайтын ізден бұл неге ат тонын алып қашады? Жазған-ау, жер басқан пенденің соңындағы із бен қасындағы көлеңкесінен қашып құтыла алмасын шыныменен білмей түр ма? Басынан кешкен берекесіз тірлік пен тәңірі берген ит мінезді айдалаға алып шығып, табан астындағы тұңғиықтың түбіне батырып кете алмағасын, қара етіктің табанына салып мыжғылап тұра бермек пе? Ұнатпағанның бәрін бойыңнан аластап арылмақ болсаң, бұрын қайда қалдың? Бұрын сондай ой басыңа неге келмеді? Бұрын сен басқа едің-ау? Бұрын теңіз өңірінің сүргіні таусылмайтын сартылмен жүргенде ұзақты күн сарсылып ізіне қарамақ түгіл, әлде қалай мойын бұруға да уақыт таппайтын. Иә, күні кеше осы дүние басқа еді. Сен де басқа едің. Сонан бері ай орнында. Күн орнында. Ел аман, жұрт тыныш. Бірақ сен басқасың. Саған бірдеңе көрінді. Ендеше бұл өңірдің халқына да бір пәле көрінді. Әйтпесе... баяғы заман боп бүгінгідей ауыл алдындағы қолтық ұстасқанда, қазір ғой бұл елдің ер-азаматы көтеріле мұзға шығар еді.

Ондай кәделі күні, әдетте, сен елден бұрын тұрар едің-ау! Апыл-ғұпыл киіне сала ат қораға барар едің. Кеше кешкісін қаусыра салған есікті қайыра ашқанда, ар жағынан көк құрақ исі бұрқ ете қалар еді; ат қораның әрірек түбінде басын ақырға сүйеп тұрған торы төбел бірақ былқ етпес еді; басына жүген кигіз, қарысқан тістің арасына темір ауыздықты сылдырата күштеп сал; сосын ертте; сосын жер сызған қарнын жоғары көтеріп қос тартпаны қатар тартып жатсаң да, жануар былқ етпей мүлгіп тұра берер еді; сонан тек өңкиген ұзын қара кісі үзеңгіге аяғы тиер-тиместе лып етіп үстіне бір-ақ ырғығанда, қара білек мықты ат белі қайқая бір ыңыранар еді де, денесін тез жиып ала қояр еді. Осыған дейін мүлгіген көз кенет шоқ жайнап, жан-жағына жанары жайнаңдай қарар еді де, тізгінін созып, өзінің жаз бойы жайылған ауыл сыртындағы қара оты мол дағдылы өрісіне қарай безектеп аяқ баса жөнелер еді; сен бірақ оны бас еркіне жібермей, қарулы қолдың қатты бір қимылымен теңізге қарай бұрып алар едің. Өз дегені болмаған ат "ә" дегенде басы бұлталақтап олай бір, бұлай бір бұрылар еді; төрт аяқ құдды тұсауға күрмелгендей тыпырлап басар еді; сен де ат мінезін ұнатпай, қос тізгінді қолыңа дереу жиып алып, тырп еткізбей тұқыртып ұстар едің. Қос бүйірге темірдей қадалған тақым қабырғаларды қаусатып жіберердей қатты сығыммен қысып-қысып жібергенде, жануардың ертеден бергі құрысы тарқап, бауырын кере сыдыра жөнелер еді-ау!

Сықырлаған сары аяз. Күн шырадай тымық. Бірақ соқтыра жөнелген ат екпінінен бет алды қапелімде желденіп, көңіл шіркін ұшатын құстай қанаттанып жүре беретін. Жақында жауған қарды сары аяз сыға-сыға, қазір тіпті сығымдалып сіңірленіп қалған. Ала-беле борасын үрген тұста қар бел алып, құдды қанатын жайған керегедей бөріжалданып күдірейіп жатқан күртікті, бұл кезде тақымы астында төрт аяғы денесін ауырламай құп-қунақ басқан тор төбелдің тағалы тұяғы күтір-күтір ойып, қайсы бір омбылаған-омбылаған жерде тізесі дірілдеп тұрып қалмай, қайта өршеленіп, алдына қарай омыраулай ұмтылып, тағы бір белеңге алып шығар еді де, балықшылар ауылының бет алдындағы қара жардың құлауына қалай іліккенін білмей қалар еді-ау!

Шіркін, сол күндер-ай! Бұл қара жарға қалай ілікті, солай дереу ат басын тартар еді. Ер үстінде бойын тіктеп көтеріліп отырар еді. Сонда қыран ұшар биіктен етекке көз жібергенде осынау жарық дүниені алып жатқан теңізді алқап аспан астына симай далиып кетер еді ғой! Жағалаудан бастап ұстасқан мұз көз ұшына барып қалған. Соны көргенде сен де жымың етіп, кезің күлімдеп қоя беретінсің. Жүзің сәтте нұрланып, көкірегі құрғыр кеудеге симай, қазір-ақ құс боп ұшатындай, ат аяғы басып тұрған қара жер тап қазір табан астында бар ма, жоқ па, сезбеуші еді-ау! О, дүние! Опасыз сұм жалған! Асылы, айналайын, ата-баба мал соңында қоңын күн тесіп жүріп те көкірегі көп нәрсені сезген ғой. Солар еді ғой "өткен күнде белгі жоқ" деген. Белгі болса, ал, кәне, тірлік қазіргідей тұйыққа тіреліп, тарығып та торығып тұрғанда баяғы күндердің бірі болмаса, бірі көзге көрініп, тым құрыса, көңіл делбеуге жарамас па еді?

Асылы, пәтуасыз өмір жұмыр басты пенденің басынан өтпегей... Ал бастан дәурен өткесін-ақ пәни дүниенің айы да, күні де, жылы да түз қашағаны түлкіге айналып, бұлталаққа сап ізінен адастырып бағады. Міне, бұ да осы өңірдің теңізі мен даласында өзі шарлап тастаған сонша іздің бірі болмаса бірінен қолға ілігер тиянақ таба алмай, торығып тұр.

Кісі шіркін қажығанда тән ғана тоза ма десе, жады да ит жыртқан қара терідей ырым-жырым бола ма, қалай? Бұл жаңа ар жағынан соқтыртып кеп, қара жардың ұшар басына іліге бере ат басын тартып еді-ау... Сонан кейін... Бәсе, сонан кейін не боп еді? Иә, есіне түсті. Қара жардың құлауынан қиялап түскесін бұл торы төбелді жағалаудың селдір қамысының шет жағына тұсап қалдырар еді де, арғы жағына жаяу кетер еді; бірде баяулап жай жүріп, бірде аяғын шапшаңдап жедел басып келе жатып, күдік туған жерге кілт тоқтай қап, кілегей көк мұзды сіреу ұлтан қара етіктің тақасымен солқылдатып қатты-қатты тебер еді; сонан ары бір жүріп, бір тоқтап жаңа қатқан жас мұздың кісі көтерер жеріне дейін барар еді; ертең мұз үстіне шыққалы отырған балықшы ауылдың ер-азаматына қарақшы тігер еді; қолтығына қыса келген бір бау қамысты көк мұзға құдды белін буған баладай құнтитып қадап, жылда дәл осы кезде қайталап отыратын кәделі бір шаруаны тындырғасын көңілін пірлеп қайтатын. Бірақ, оның бәрі бұның басынан баяғыда өткен. Ал бүгін?.. Бәсе, бүгін ше?

Ұзын қара кісі еңсесін тіктеді. Бүгінгі күннің бұнан бұрынғы күндерден айырмасы қандай екенін білгісі келгендей, әуелі айнала төңірекке көз салды. Сосын соңындағы шұбалаң ізге назар аударды. Кезі қайта түскенде, жүрегі дір етіп шошып қалды. Мына із не дейді, әй? Мынау құдды жарым жолға жеткенде тақым астында титықтап зорыққан көліктей сүлдерін сүйретіп кеп, аяғындағы қара етікке басын сүйей жығылған ба, қалай? Жүрімі бітіп, жолы таусылып титықтап тоқтаған жері осы болғаны ма? Жәдігер: "Жоқ! Жоқ!"–деп, жаны ышқына айқайлап жібере жаздап, ерні дірілдеп, өзін әзер ұстап қалды.

Жә, кісіден көретін не бар. Бұның басына қара бұлт үйірілген бақытсыздыққа кінәлі біреу болса, ол басқа емес, бұның өзі еді ғой. Өзі кінәлі еді ғой! Бәкизат?.. Жоқ, онда кінә жоқ. Қайта ол бір пәленің боларын сезгендей, бұған: "демалысқа бірге барайық!" деді; "ерлі-зайыпты боп, тым құрыса биылғы демалысты бірге өткізейік. Астанаға баралық. Баяғыда бірге оқыған қыздар мен жігіттерге кездесейік", – деп, алдынан өтпеді ме? Астанаға жалғыз барса, Әзімге кездесетінін ол білді. Оны сен де білдің. Көрінген еркектен қарадай қызғанып, күйіп-пісіп жүріп, сол арада не қара басқанын қайдам. "Өзің бара бер, дем алып қайт. Мен кетсем балық ауланбай қалады. Онсыз да үкіметке тапсыратын жоспарлы балық бұл айда тағы да орындалмай, бастықтар жанымды алып жатыр"– деп... О, сорлы!

Сорлы-ау, біле білсең, Әзімнің қойнына өзің апарып салып берген жоқсың ба? Сүйте тұра, бишара әйелді кінәлап... кінәлап қана қоймай, көк ала торғайдай ғып сабап, өлтіре жаздағаныңа жол болсын. Он үш жыл бір түндік астында бірге тұрғанда тірі жан бетіне жел боп тимеген ерке әйел сенің сондағы сорақы, масқара қылығыңды кешпес еді ғой; тек, қайтсін, араларыңдағы екі жапырақ бала қолын байлап... үзілген жіпті жалғағандай, лажсыз көнсе көнген шығар, тек кешті дейсің бе... Ол өзі сүйекке басылған таңбадай өле-өлгенше бітеу жара боп қалатын өрескел оқиға еді. Есі бар кісі, тым құрыса, сонан кейін Бәкизатты ренжітпей, айтқанын істеп, айдауына жүрер еді.

Ал, бұл... Апырай!.. Апырай, бұрынғы кінәсінен арыла алмай, қара бет боп жүріп... Бишара әйел Сырдария сағасында қостанып балық аулап жатқан кісілерге барғанына қарсы боп: "Бармайсың! Жібермеймін! "деп қасарысып алғанда... неге көне қоймады? Сол арада айтқанын істеп, көне қойғанда... онда, кім біледі, бұл жағдай болар ма еді, болмас па еді? Сен де "бармасам болмайды" деп безектедің. Айтқанын істетіп үйренген әйел көне қоймағаныңа қитықты ма, әйтеуір, о да: "сен жазған көк теңіздің қашағанын қуып аулаймын деп, қатын-балаңды да ұмыттың. Теңіз асып осы тентірегенің де жетер. Енді ешқайда жібермеймін. Бармайсың!" деп еді; бұл қалай да жүру керек екенін айтқалы оқтала бергенде, есік алдына кеп тоқтаған колхоздың ескі машинасы жүру керек екенін еске салғандай, бақырып-бақырып қалды. Жолға шығарда жүз грамды қағып алатын шофер іле-шала тағы да бақыртты.

– Қазір!– дедің сен. Жыпырайған май-май кепканы көзіне басып киіп, бір езуінде темекі бықсытып, безеу беті тершитін де жүретін осы немеге жыны келіп тұр. Иттің өзі сияқты алқам-салқам машинасы да бақырауық түйедей бақ-бақ ете ме, қалай?

– Бәтіш айналайын...

– Бармайсың!

– Бәтіш... Ақылың бар еді ғой... Түсінші, бармауға болмайды.

– Түсінбеймін. Түсінгім де келмейді. Балық десе, балықшылар десе, қатын-баланы да ұмытып...

– Түһ, айналайын-ай... Саған не болған... Тыңдашы!

– Тыңдамаймын. Ешқандай сөзіңнің керегі жоқ.

– Осы жолы бармасам, олардың бетін ертең қалай көрем? Ол пақырлар ана жақта ала жаздай үй көрмей, Сырдарияның сары масасына таланып жатыр. Өзің айтшы, олардың жағдайын мен барып білмегенде, кім біледі? Қара сирақ балықшы кімге керек?

Бәкизат үндемеді. Қиылып айтқан әлгі сөздерің жетесіне жеткен сияқты еді; сен түсін бермей, сырт айналып тұрған тік мінез, тәкаппар әйелге қатарласа бере бауырыңа тартып құшақтамақ болып едің, Бәкизат қолыңды қағып тастады.

– Бармайсың!

– Бәтіш, айналайын... осы жолы тағы бір сынап көрші. Оллаһи, барам да қайтам.

Бәкизат ләм-мим деместен ширақ басып сыртқа беттеді. Сен ұмтылып, ере түстің. Бірақ қатты жапқан есік қос босағаны солқ еткізе сарт еткенде, селк етіп ілгері созған қолыңды жия алмай қалшиып тұрып қалғансың-ды...

 

 

* * *

 

 

Шофер үнсіз кеп, қасына отырып жатқан бұған көз қиығын май-май кепканың күн қағары астынан тастаған еді; әншейінде жолға шығар алдында жүз грамды тастап алатын ыржақай жігіт бастығымен құрбысындай қылжақтасушы еді; осы жолы бастығының іштен әлденеге түсі қашып, сасқалақтап шыққан түрін көрді де, жым болды. Шынашағына қалайы сақина салған қолын рөлге асып тастап, үнсіз әмір тосып отыр.

– Кеттік!

– Мәмент.

Құнжыңдап, екі алақанына кезек түкіріп алды. Газ басар алдында да құнжың-құнжың етіп әуелі аяғының астында, сосын алдында ілініп-салынып тұрған бірдеңелерге үңілді. Сонан соң ғана газ басты. Газды басқанда ертеден бері капот астында бірдеңесі шақылдап, бірдеңесі тақылдап дүрс-дүрс ұрып тұрған ескі мотор дегеніне көнбей қыр-р етті. Шофер күйіп-пісіп, "шешеңнің шестернасын е...." деп боқтап бірдеңені теуіп-теуіп қалғанда, аржағынан тағы бірдеңесі дыр-дыр етіп, тұла бойы селкілдеп ала жөнелген алқам-салқам машина ыңыранды да, төрт аяқтап тұрған жерден әрең-әрең жылжыды-ау, әйтеуір.

Әр кездегісі осы. Оған бұл сыр мінез. Оған осы ауылдың халқы да үйреніп, еті өліп кеткен. Ыза болғанда шофердің осылай қара темірді шешесінің шестернасынан бастап боқтайтыны, онан бірдеңелерді тепкілейтіні, онан капотты сарт-сұрт ашып жабатыны, тақа болмаса шақылдаған бірдеңелерді шөппен шұқылап түкіріктеп-түкіріктеп алатынына дейін бұл өңірдің кісілеріне таныс. Қырылдаса қырылдасын. Дырылдаса, дырылдасын. Қалай десе де, әйтеуір балықшы ауылдың ылаждап аяқ артып отырған жалғыз көлігі. Қалай десе де, әлгілерден кейін бірдеңе қып қозғаларын біледі. Қозғалғасын далада қалдырмай, баратын жерге бірдеңе ғып жеткізерін біледі.

Ал енді бар-ау... тосыннан көрген кісі бұны адам кәдесіне жарайды деп, сірә да дәме қылмайтын. Тұла бойындағы темір атаулылар тот басқан. Ағаш атаулылар әлдеқашан бояуы оңып, сыры кетіп, қиюы қашқан. Шегелер босап, бөлек-салақ бірдеңелер былқылдап-сылқылдап әзер-әзер ілініп тұрған атам заманғы ескі машина алдынан бұрағанда болмаса, от алмайтын. Бір сөнсе, от ала қоюы қиын болғасын шофер жігіт әдетте қонған, түстенген жерде болмаса, қалған уақытта анау-мынау тоқтағанда ескі мотордың отын өшірмей ентіктіріп қоятын-ды. Соған қарамай жүргенде желдей еседі. Жолға түсіп заулап жүріп кеткесін, ол қашан майы, суы таусылғанша тоқтап көрген емес-ті. Төрт доңғалағы аман болса, осы жолы да бас айналып баратын без жүз шақырым жолға ел жата апарарын білді.

Машинада айта қалғандай жүк жоқ; тек ауылдағы қатын-баланың ана жақта қостанып балық аулап жатқан ер-азаматтарға беріп жіберген азын-аулақ шай-су, жылы киім-кешектер бар.

Салдырлақ машина көзді ашып-жұмғанша балықшылар аулының жел жағында жотасы күдірейіп жатқан мыжырық ескі тау – Бел-Аранның кезеңінен асып түсті. Тұла бойы күж-күж қара тас басқан мыжырық тауды артқа тастағасын-ақ ұзақ жолдың алды ашылып сала берді. Бір жағы – көк теңіз. Екінші жағы – жаз басынан шөбі қурап, сары лай теңіздей сарғылтым тартып жатқан шетсіз-шексіз дала. Теңіз бен даланың арасынан әрқашан ирелеңдеп, үнемі ілгері қарай жетелеп отыратын айдау жолға бір түсіп алған алқам-салқам машина әлгі сары лай даланың шаңдағын бұрқылдатып салдырлап-күлдірлеп жостыртып келеді.

– Бала,– дедің сен былай шыққасын шоферге бұрылып,– балықшыларға бір қонамыз да, ертең ертелете қайтамыз.

Шофер мырс етіп, май-май кепканың күн қағарын көзіне түсіре басып қойды.

– Неге күлесің. Айтқаным айтқан. Бір қонамыз да, ертең ертелете жолға шығамыз. Қалайда ертең кешке үйде болуымыз керек.

– Басмотрым, бас-еке...

– Сөзді қой. Бас қамшыны! Зарлат!

– Мәмент, басеке.

Сүйдеді де тағы да екі алақанына кезек түкіріп, құнжыңдап рөлге жабысты. Қызық жігіт: жолға шығайын деп отырып та арақты дастарқан басындағы кісілердің бәрінен көп ішеді. Қырлы стаканға құймай, құмырсқа бел, қылмиған рюмкаға құйған арақ алдына келсе қабағы түсіп кетеді: "Мынау не? Онан да оймаққа құйып бермейсіңдер ме? Бұны көзге тамызбасақ, қалай ішеміз,"– деп жұртты ду күлдіреді. Сосын бөтелкеге ұмтылып арақты кесеге, немесе қырлы стаканға толтырып құйып, шімірікпестен тартып жібереді.

"Пай! Пай, сексеуілдің шоғын жұтқандай болдым-ау",– деп, жұртты тағы да ду күлдіреді де, маңдайынан бұрқ ете қалған терді сүртпестен рөлге отырады. Тұла бойы тегіс балбырап, қарсы алдынан соққан түнгі самалға омырауын төсеп жүргенді жақсы көреді.

Ондайда әлдебір асығыс, қауырт шаруа алқымнан алып, амалы құрып тұрған біреу болмаса, басқармадан басқа кісі бұның машинасына міне қоймайтын. Үйткені бұл ауылда салдырлақ машинаның маңдайындағы екі фардың екеуі бірдей істегенін ешкім көрген емес; теңіз өңірінің не бір көзге түртсе көрінбейтін тастай қараңғы түндерінде аң жортпаса, адам жүрмеген жапан түзде қақ маңдайындағы екі жарықтың бірі сөніп, бірі жанып шайтан отындай жылтылдап келе жатады. Өлеусіреген сәуле бірде оң, бірде сол жақта сығырыңдап, әлгінде ғана бас-көзіне қарамай салдыр-күлдірлеп келе жатқан машина кілт баяулап, соқыр кісіше жолын сипалап қалады.

Осы жігіттің қылығына ыза болғанда қуып жібергісі келеді. Жапырық кепканы көзіне түсіре басып киіп, тіл жағы байланғандай тұнжырап алатын жігіттің арақ ішсе аузына тыным жоқ: өздері қонақ болған үйдің әйелін әңгіме қылады. Ішкен-жегенін айтады. Тақа болмаса, моллалармен бірге пәленшекем-түгеншекемнің жаназасына кіріп, ақ арулап, ақирет сапарына шығарып салғандарын айтып, қасындағы кісіге жалтақтап отырғаны. Ал егер, тыңдауға зауқың болмаса, е, онда басың пәлеге қалды дей бер. Ол онда бір қолын рөлден босатып алады; сосын қасындағы кісіні бүйірден түртіп қалады. Не иығынан тартып, өзіне қаратып бұрып алады да, әңгіме соғады. Бұндайда "кезіңе қара" деген – шамы. Бұралаң жол бабын таптырмай, бұлталақтап келе жатқанымен ісі жоқ; екі көзін алдынан айырмай, жағаласып отырудың орнына, ол енді басын тұсындағы терезеден сыртқа шығарып, машинаның үстіндегілерге дауыстап тіл қатады.

Сен жол үстінде онымен сөйлеспейтінсің-ді. Осы жолы да оған сыртыңды беріп, тұсыңдағы әйнектің ар жағында сұлап жатқан кең дүниеге көз тігіп алғансың. Ауылдан шыққалы көкірегі құрғыр ит талағандай, алау-далау: ойламайын десе де, ойынан Бәкизат шықпады. Әсіресе жолға шығар алдындағы суық кескіні көз алдына тұрып алғанда бір-екі рет жарты жолдан қайтып кеткісі келді. Бәкизаттың жайы мәлім: көңілі қалса – қайтымы қиын. Көрерсің, ол енді кешірмейді.

Жазған басы, апырай... Ана жолы бұған бірдеңе көрінді. Өмірінде істемегенді істеп есінен тандыра сабағаны несі? Соның бәрі ішкеннің кесірі. Жоқ! Жоқ, ішкенге дейін де қызғаныштан көкірегі қарайып, бір жамандыққа ойы ауып жатқан үстіне аяғын ұшынан басып әйелі кірді. Жоқ, бұл кейін болған-ды. Оның алдында бір күн... Жо-қ, екі күн бұрын Бәкизат демалыстан оралған екен. Бәкизат келген күннің ертеңіне Амудариядан сен де оралғансың-ды. Несін айтасың, көңілдісің. Тұщы судың лай балығына қарық боп іші-сыртың майланып қайтқан сапарың. Бәкизатқа сапарлары сәтті болғанын айта бастап еді, бірақ ол тыңдамай, миығын тартып күлді де, тұрып кетті. Түрегеле бергенде үстіндегі осы жолы астанадан киіп келген алды ашық халаттан жас әйелдің күн тимеген аппақ тәні жарқ етіп, жанарын арбап алған-ды. Сен өз әйеліңе өзің қызығып, сонан қашан төсекке жеткенше тақат-сабырың қалмай, шыдамсызданып біткенсің-ді. Бірақ бұның сорына... Иә, бұның сорына Бәкизат жатарда төсегінен жерігендей ана жақта ұзақ жүріп алды. Бұл әрі-бері күтіп жатқанда көзі ілініп ұйықтап кеткенін сезбей қалған-ды. Бәкизат ертеңіне тағы да үй-ішінің шаруасын істеп, түн ортасы ауғанша төсегіне жуымай жүріп алғаны жынына тиді. Ерегіскесін, енді сен де ұйықтамай, күте-күте төзімің таусылып жатқанда, есік сықыр етіп аяғын ақырын басқан әйел ай сәулесі түскен бөлмеге іш көйлегі ағараңдап кіріп келе жатты.

Құрсын, ар жағын ойлағысы келмейді. Абыройсыздыққа көрінді ме, бұл өмірі істемегенін істеп, бір бөтелке арақты басына бір-ақ көтеріпті. Бұрын татып алмағасын ба, отырған жеріне ес-түсінен айырылып талып түсіпті. Сонан кейін не істеп, не қойғанын білмепті. Керек десе, өзінің осы дүниеде бар-жоғын да білмей, есінен таныпты да, ми айналғандай қап-қара тұңғиыққа шым батып жүре беріпті. Сонан тек таң алдында жарық дүниеге қайтып оралыпты. Оны өзі біледі. Есін жия сала әйел үстіндегі астанадан киіп келген алды ашық әдемі халатқа құсы түскенін де біледі. Халатты өңірінен қос қолдап ұстап тұрып, кіжініп қатты жұлқып дар-дар жыртқанын тіпті жақсы біледі. Бұл тек сонан кейін не боп, не қойғанын білген жоқ-ты. Сонан кейін Бәкизатты көк ала торғайдай қып өлтіре сабаған өзінің өрескіл қылығын... Жоқ, оны білмеді. Ертеңіне есін жияр-жимаста біреу: "Әй, қанішер, тұр! Тұр!"– деп жұлқылап жатыр екен. Сен мына бір шаңқылдаған дауыстың кім екенін білген жоқсың. Шекесі жарылып барады. Көзін аша алмады. Шаңқылдаған дауыс бұны жағынан шапалақпен тартып қалды:

– Қанішер... Көр! Көр, не істегеніңді!

Бұл көзін әрең ашты. Аяғына әзер тұр. Әлі түкке түсінген жоқ. Түнде не істегенін де білмеді. Астанадан киіп келген әдемі жібек халатқа сонша неге өшіккенін де біліп тұрған жоқ. Неге өшіккенін білмесе де, сен бірақ сол арада кәрі қақсалдың сыртында бишара боп бүрісіп тұрған Бәкизаттың аяғына жығылғың кеп ұмтыла бергенсің-ді.

Кәрі қақсал шар етті:

– Ойбай, қаш! Мынау өлтіреді.

Сен кілт тоқтадың. Кейін қарай жалт бұрылдың да, ләм деместен теңселе басып шығып кеткенсің-ді. Кәрі қақсал сенімен сыртқа шалғайласып ере шығып, шабалаңдаған қаншықтай бір ана, бір мына жағыңа шығып, ызалы бірдеңелерді шаңқылдап келе жатты. Сен жұмған аузыңды ашқан жоқсың. Сол күні теңіздің ар жағында қостанып балық аулап жатқан кісілеріне тартып кеткен-ді. Сонан араға талай күндер салып қайтып оралғанда, Бәкизат үйде жалғыз, ертеңгі сабаққа даярланып отыр екен. Бәкизат басын көтерді. Салқын қабақ астынан сұлық қарады. Көріп тұр: жүдепті; үсті-басы кір; сақал-мұрт өскен; ағы басым ала көздің жанары сынық. Стол шетін саусағының ұшымен ысқылап тұрып, жаңа өзін көргенде сазара қалған әйелдің сүлесоқ кескініне жасқаншақтай қарап еді.

– Иә, тағы сабағалы тұрсың ба?– деді ол.

– Кешір... Өтінем...

Бәкизат үндемеді. Сен біразға дейін бата алмай тұрдың да, өрттей ыстық алақаныңмен әйелдің қалам ұстаған қолын сыртынан ақырын қысып едің, әйел қолын тартып алды.

– Бәтіш... Кешір. Не көрінгенін білмеймін, халат... Халатыңды... жыртып...

– Халат? Ал, мынау не?

Бәкизат тік жаға көйлектің өңіріндегі түймелерді үзе-мүзе омырауын қатты жұлқып ашып жіберіп еді, ар жағынан әлде бір аюдай тырнақ әйелдің мойны мен аппақ төсін сау тамтық қалдырмай, қанын шығара осып тастаған екен. Мынаны көргенде зәрең ұшып кетті. Тіл-жағың байланғандай, түк айта алмай тұрып қалғансың-ды.

Бәкизат мырс етті де, сенің әр саусағы бақандай қолыңды ымдап:

– Бұның дәмін татқанбыз,– деді.

– Жоқ!.. Жоқ, айта көрме,– дедің сен дызалақтап,– Қанша ит... Иттігім болса да, саған... Жоқ!.. Жоқ, саған қол көтеруім мүмкін емес.

– Сонда кім?

– Білмеймін. Білмеймін. Құран ұрсын! Нансаң, халаттан басқа...

Шынында да осы күндері теңіздің арғы бетінде балықшы қоста жатып сол масқара түнді есіне түсіргісі кеп қанша ойласа да, халаттан басқа ештеңе есіне түспей қойған-ды. Құрсын, сондағы өзінің сорақы ісін ойласа, әлі күнге беті күйеді. Бәкизаттың айтқанына сенсе, бұл әйелді төсекке алып ұрғасын "енді балықшыны да байқап көр", – деп... О, масқара! Дудар бас дүр қара еркектің құдды жараған бурадай, аузынан ақ көбік бұрқырап, тісін шықыр-шықыр қайрап үйелмендей боп үстіне төніп келе жатқанын көргенде, онсыз да зәресі ұшқан тыр жалаңаш әйелдің бүкіл денесі бір уыс болып жиырылып, көзін тас қып жұмып ала қойғанын айтқанда, бұл соның ар жағын тыңдауға беті шыдамай, сыртқа ата жөнеліпті...

– Масқара! Масқара!..

Даусың қатты шығып кеткен-ді. Шофер естіп қалды ма деп ыңғайсызданып, көз қиығын қысыла-қысыла тастап еді. Құдай оңдап, шофер түкпен ісі жоқ, көзін алдына тігіп рөлге жабысып апты.

 

 

 

* * *

 

 

 

Бел-Аранның кезеңінен асып, ұзақ жолдың алды ашылғасын бұ да қашаннан бері жанын жеп, жүрегін тырнап жүрген мазасыз ойдан арылғандай болды. Тер-тер беті түтігіп алған шоферға назар салған жоқ. Тағы да тұсындағы әйнектен далаға көз тігіп, телміріп қарады да отырды. Төбеде мөлиген көк аспан. Бір қапталда жарты дүниені алып жатқан көк теңіз. Сол екеуі ту-ту көз ұшында жігі білінбей, бір-біріне сіңіп кетіпті. Аспан да көк. Жер де көк. Күлімдеген көктен көзі талған кезде бір уақыт теңізден назарын аударып, жанында рөлге жабысып алған шоферге бұрылды. Шоферде үн жоқ. Уақытты ұтқысы келгенде ұтырын тауып жолдан жалт бұрылады да, қай жылдан бері суы тартылып таңқылдап кеуіп қалған қайсы бір басаттың, қолтықтың тұзды сор борпылдап бетіне шығып жатқан аппақ ақ шаңдағын бұрқылдатып төтелеп салады. Баяғыда кеме жүзген қолтық, басаттардың бәрі қазір қара жер. Теңіздің бұл бетіндегі баяғы аралдар – Жалаңаш, Бұйырғынды мен сол анау көз ұшында бұлдырап қалып бара жатқан Көк-Арал – қазір қара жерге тұтасып кеткен. Баяғыда ата-бабалары қостанып жатып балық аулаған су ортасындағы сол аралдарды сен көбіне-көп шамамен ойша танып, көңілі құрғыр күні бойы құлазыды да отырды. Есіңе қай-қайдағылар түсіп, баяғыда осы елдің басынан өткен өмір бірінен соң бірі тіріліп жатыр. Өткен күннің қайта тіріліп жатқан елестері ызалы аш иттей, қасақана көкірегіңе жармасып, ащы тырнақпен аямай осып-осып алады. Кенет, елең етіп, еңсеңді тіктеп алдың: Әй-әй, мына шұңғыма шұқыр қайдан шықты? Бұл жерде дәл осындай қазан шұңқыр жоқ еді ғой? Тоқта... Бәтір-ау, мынау Шөміш-көл емес пе, әй? Тұзды сор бетіне шыққан мына қазаншұңқыр баяғыда балығы тайдай тулаған атақты – Шөміш-көл болды-ау! Ой, адыра қалған атамекен-ай!

Көзінің алды жыбырлап, жас дымдаған кірпік жыпылықтап кетті. Арғы жағынан лықсып келіп қалған ащы өксік алқымда тіреліп тұр. Ауыз ашса аржағынан ақтарылатындай қорықты да, дыбысын шығармай дір-дір етіп тістеніп отырып қалды. Көз қиығын білдірмей шоферге тастап еді. Құдай оңдап оның бұнымен ісі жоқ екен; екі көзі алда; сырқылдақ машина сарт-сұрт; салдыр-күлдір; бауырындағы төрт доңғалақ тұзы бетіне шыққан қазаншұңқырдың аппақ ақ шаңын бұрқылдатып зулап келе жатыр еді; кенет әлде бір шұңқырға бауырын сарт-сұрт соғып, сәл баяулай бергенде, соңында шұбалған аппақ сор сәтте лап беріп, алдына шауып ұйқы-тұйқы борап ала жөнелді. Кабина іші ұйтқыған ақ сорға толып кетті.

– Ну, сука... бля...

Бұлар Шөміш-көлді қысқа мойыннан кесіп өтті. Ал баяғыда, теңіз тартылмай тұрғанда... е, ол кезде Аралға атпен жүрген кісі Шөміш-көлдің басын айналғанда бір күн уақыт кететін. Көл маңы ол кездерде сыңсыған қамыс еді. Атты кісі ит тұмсығы батпай жарланып тұратын ну қамысты жалғыз аяқ жолмен жарып келе жатады. Жалғыз-жарым жолаушы кәдімгідей елегізіп, жолдың екі бетінде қап-қара боп түксиген қалың қамысқа жалтақтап қарап болатын. Сәл сыбдыр шықса да селк етіп, жылдам көз тігетін. Ілгерілеген сайын көлеңке қоюланып, білектей нар қамыстар биіктей-биіктей, бір кезде үстіндегі аспанды жауып алатын. Жел сәл білінсе де жер бетіндегі өсекші қатындар осы араға жиналғандай, жан-жағың сусылдай жөнелетін. Судыраған құрақ арасына жыбыр-жыбыр жан еніп, пыр-пырлап ұшып қонған әлде бір әнші құстарға толып кететін. Иә, бұл аралар бір кезде сондай болған.

Әдетте Бел-Аранның кезінен асып түскен жолаушы сонан қашан Арал қаласына жеткенше теңіз жағалауына иін тіресе қоныстанған Көл-Қора, Көк-Арал, Ақ-басты, Ақ-Еспе, Сары-Басат, Тас-Түбектегі балықшы ауылдардың біріне қонып, біріне түстенетін. Ол кездерде бір-біріне іргесін тақап отырған балықшы ауылдардың үрген итінің даусы естіліп жататын еді-ау! Сонан көктем шығып жер аяғы кеңігесін, кәделі айт-тойларда осы өңірдің халқы бір-біріне қайықпен су арқылы да, қара жермен бас жағалап келіп те, күндіз-түн ойын-сауық, күлкі, ән сап жатқандары. Енді, міне... Соның бәрі көрген түс пе, әлде сағым тарап алдамшы сиқырынан айрылған құла дала ма? Соның қайсысы болса да ауылдан шыққалы бұрынғы ел сыймайтын теңіз өңірі құдды кешкен ауылдың жұртындай құлазып тұр.

Бір кезде өздері қонған, түстенген үйлердің орнында қазір ошақтан от өшіп, опыр-топыр құлаған үйінділер жатыр. Қай жаққа қараса да, шырмауық өсіп, сораң басып жыныққан жұрт. Ара-арасында бота шайнаған аттың құйрығындай селтиіп шилер ақсияды.

Кабинаның есік-терезесі жабықты. Соның өзінде түс ауа шофер екеуінің қасы, кірпігі ақ айраңданып, көзі ашыды. Шөміш-көлді қысқа мойыннан кесіп өткен машина қарсы алдындағы ащы сораң өскен қайқаңға ыңыранып әрең көтерілді.

– Басеке,– деді шофер,– ана қызыл жарды көрдің бе? Есіңде ме, баяғыда осы жардың басында бір үй болатын.

Иә, көріп отыр. Құлаған үй орнында қам кесек үйіліп жатыр.

– Басеке, есіңде ме... бір жолы осы үйге қонған едік қой?– деді шофер әлденеге жырқылдап.

Онсыз да іші қан жылап отырғанда мына ыржақай жігіттің күлкісі ызаға тиді. Бірақ үндеген жоқсың.

– Қазір есіңе түседі. Онда теңіз жаңа қайта бастаған, – деді де, шофер басындағы кепканы шынашағына қалайы сақина салған қолының сыртымен желкесіне қарай ысырып қойды. "Шамасы, не алпыс бес, не алпыс алтыншы жылдың бірі болды ғой".

– Астымызда осы машина. Онда сыры жылтыраған, су жаңа. Мен де зарлатып айдаймын. Бір шаруамен аудан орталығына бара жаттық. Алдымыз кеш болғасын, жолда отырған осы үйге қонып едік...– деп шофер тағы да жырқ-жырқ күлді.

– Жә, жетер!

– Басеке, кешір. Қазір есіңе түседі. Келіншегі сұлу екен. Ал үй иесі кеш бойы көзін көтермей, кіндігінен төменгі жағын қызықтады да отырды.

Есіңе түссе де, сен бірақ түсіңді бермей үнсіз отырсың.

– Апырай, сонда мына қазандай баста колхоздың уайым-қайғысынан басқа ештеңе болмағаны ма, әй?!

Шофер деуін десе де, жол бойы сенің қабағың жадырамай, кірбиіп отырған көңілсіз кескініңе жалтақтап қарап алды.

– Не басыңды ауыртайын. Шам сөнген бойда, бір Аллаға сиынып аяғымды мысықша басып барсам, мә саған безгелдек... келіншек күйеуінің құшағында ұйықтап жатыр. Жүрексініп тұрдым да, сосын... шортснам дедім де, от жағынан қол салайын. Құдай біледі, есіңе енді түскен шығар?

– Айта бер!

– Келіншек шар ете қалды. "Кет! Кет, мына шіркін қайтеді, әй?" деп айқай салды. Ірге жақта жатқан күйеуі ұйқыдан ояна сала, бүйірін тыр-тыр қасып: "бұл қайсың, әй?" деп гүж етті.

Құрсын, сол түні ұйқы ұйқы болмай, таң атар-атпаста тұрып жүріп кеткен-ді. Шыны керек, осы жігіттің көп қылығы ұнамайды. Бір жолы қаладан қайтып келе жатқанда жол қысқарсын деп шоферлардың әдетте оны-пұны салатын ұры қуысын қарап еді, ыбырсыған қоқыр-соқыр арасынан екі кітап шықты. Бірі – орысша. Екіншісі – арапша. Орысша кітаптың мұқабасында үш тонналық жүк машинаның тасқа басқан суреті де, ал арапша кітап – құран екен. Алла тағаланың жұмыр басты пендесіне көктен тастаған қасиетті кітаптың әр жеріне мазут жұғып қарала дақ түскен күйсіз беттерді ілгерілеп ашып еді, ар жағы да келісіп тұрған жоқ екен. Қай бетте де ет жеген қолдың майы сіңіп, бас бармақ пен басқа да саусақтардың ізі баттиып-баттиып қапты.

– Әй, сен осы... комсомол емес пе едің?

– Болғам, басеке.

– Мынау не?

– Жит нәді, басеке. Жизна хреновато. Сосын, аздап молдалық қылам.

Ой, заңғар-ай, беті бүлк етпеді. Теңіз тартылғалы бұл өңірдің халқының ісі мен мінезі ұсақтап барады. Ел ішінде ырым-жырым көбейіп, садақа, жаназа десе, жұрт жұмысын тастай жүгіреді. Бұрынғы активтердің көбі қазір басында сәлде, қолында Құран; бала піштіргенде, өлік жерлегенде, үшкіріп-түшкіргенде әсіресе пітір-зекет тиетін тұстарда, бір кездерде "Құдай жоқ! Құдай жоқ" деп, халықты қырып жібере жаздаған қызыл көз белсенділер қазір молла жанында мүлгіп отырғандары. Осы жігіт те әне бірде алыс жолдан шаршап келгеніне қарамастан шаң-шаң машинасын үйге тұмсығын тіреп қоя салды да, жаназаға жүгірді. Көріп түр: жүгіріп бара жатып басын сүлгімен орап ала сала, сапта тізілген ақ сәлделі шалдардың арасына зып беріп кіріп еді; үсті-басынан аңқып қоя берген арақ пен мазут исі мұрындарына жақпады ма, пірәдар тақуа немелер кірпідей жиырыла қалды. Құдды араларына әзәзіл жын-шайтан кіріп кеткендей, шалғайымен қағып: "Өй, найсап! Өй, патшағар, кет! Аулақ, аулақ!" деп, бұны араларынан аластамақ болып еді, бірақ бұл көнбеді... Тек әркім бір түрткілеп шетке ығыса-ығыса, ақырында ақ сәлделі шалдар тізілген саптың аяқ жағынан бір-ақ шықты.

Көзін жұмып апты. Мүлгіп түр. Шын көңілімен Құдайға жалбарынып тұр ма, әлде анада аудан орталығында оқушы балаларға жол бермедің деп бес сом штраф салған мұртты милицияны боқтап тұр ма, белгісіз. Әйтеуір бұл қағынған ақ сәлделілер не істесе, соны істеп, құран ұстаған қолын кеудесіне қойып, көзін жұмып, ернін жыбырлатып күбір-күбір етеді. Осы тұрғанда өмір бойы темекі шегіп, арақ ішіп, аузы бұрқырап жүрген бейпілдігі қаперіне кіріп тұрған жоқ. Қазіргі түрі көз ашқалы ораза, намазды қаза жібермей, Құдай жолын тұтынған пірәдар біреудей. Көңілін аққа ұйытқан тақуа түс мұсылманша моп-момақан бола қапты. Жаназа соңында құран шыққандарға садақа таратқанда үлесінен құр қалып бара жатқандай ұмтылады. Сыбағасын жұрттан бұрын алады да, қай елдікі екені белгісіз, әйтеуір маршқа келетін бір сазды ыңылдап, колхоз орталығындағы дүкенге тартады. Садақадан тиген бес-он тиынға бір жарты алып, тылтиған тар шалбардың қалтасына сүңгітеді де, маршқа келетін әлгі әнді ыңылдап үйіне тартады.

Сүйтіп жүріп ісіне мығым. Алқам-салқам машинаның әзір лажға жарап жүргені осының арқасы. Және бір жақсысы айтқаныңды қалт етпейді. Бір жаққа жол түссе күн-түн әзір. Тіпті таң алдында басын көрпемен бүркеп алып, бырқырап ұйықтап жатқан жерінен оятсаң, ол "ааа" лап атып тұрады. Көзін уқалап жібереді. Басын сілкіп қалады. Тарақ жүзі тимей дудырап тұрған үрпі-түрпі шашқа бақандай бес саусақтың бесеуін бірдей сүңгітіп жіберіп, қасығаны, әлде осығаны белгісіз, тырнап-тырнап алады да, сыртқа ұмтылады. Асыққанда "бас" десең, о да алақанына түкіріп: "мәмент" деп құлшына түсетін әзір жауап. Бір жолы онан "мәмент" деген не деп сұрап еді, сүйтсе, оны өзі де білмейтін боп шықты. Басын қасып ойланып тұрып: "Қайдан білейін, өзің бас дегесін, бассам басайын дегенім ғой",– деп міңгірледі.

Аты – Қожбан. Бірақ оны білетін бұл өңірдің халқы – жасы, кәрісі –"шофер бала" дейді. Ақеден жігіт оған арланбайды. Жұрт өзін бала деп, ал өзі өмірбақи бала орнында жүргесін, бұ да осы ауылдағы өзінен үлкенді де, кішіні де "аға" дейтін. Үлкен жұмсаса да, кіші жұмсаса да қайт етпей, жаман машинасы салдырлап кетіп бара жатқаны.

– Басеке, Аралға келдік!– деді шофер алдындағы қара жалдың арғы жағынан ақ үйлердің төбесі көрінгенде.

Бұрынғы заман болғанда портта тұрған кемелердің ұзын-ұзын сырғауылдары қаладағы биік үйлердің бәрінен бой асырып, анадайдан аңдыздап-аңдыздап қоя берер еді. Теңіз қайтып, су қатынасы тоқтағалы бұрын сонау теңіздің арғы бетіндегі Қоңырат, Үргеніш, Мойнаққа қатынайтын ірі-ірі кемелер қазір дауылда жағаға шығып қалған дәу балықтай, жиекте теңкиіп жатқалы қашан.

– Ал, бала... Айналайын. Қалаға соқпаймыз. Сырт жолмен тура Сырдарияға тарт.

– Басеке, соқпаса болмайды, бензин бітіп қалды.

– Онда, соқсаң соқ, тек айналмайық. Алдымызда әлі де жүз шақырым бар.

Май құятын жер ығы-жығы екен. Құйрық тістесіп тізіліп қалған машиналар. Қаланікі, даланыкі, арқасына жүк тиеп алған өңшең МАЗ, КРАЗ, БЕЛАЗ жан-жақтан әлі де ағылып келіп жатты.

– Ойпыр-ай, енді қайттік, ә? Аяқ астынан проблема...

– Қазір қайда да проблема, басеке, білмеймін ғой, бұл өмір өмір емес автобаза, ішінде толып жүрген Краз, "Мазы-ы",– деді шопыр әндетіп.– Солай басеке, қит етсе, біздің елде мұнай телегей теңіз деуші едіңдер. Әне, о да Аралдың суы секілді тартыл...

Күңкілдеп тағы бірдеңе деді. Құлақ салып көріп еді, берен ауыз неме әлдекімді орысша-қазақша араластыра боқтап отыр екен.

– Айналайын... Асылы, сен бұнда тоқтама! Тәуекел ет те, тура Сырдарияға тарт!

– Басеке, ол болмайды. Бензин бітсе, машина үйтіп-бүйткенге көнбей, төрт аяқтап тұрып алады.

– Оның рас. Бірақ... Кезек күтсек, кем дегенде жарты күніміз кетеді ғой.

– Біз күтпейміз.

– Қалайша?

– Мә-мент.

Шынында да, осы "мәмент" дегенде қолдан келмейтін қиын нәрсенің өзі оңайлана кетуші еді. "Осы жолы қайтер екен?" – деп артын бағып отыр. Шофер алақанына түкіріп алды. Басындағы мыжырайған кепканың күнқағарын көзіне түсіре басып қойды. Сосын газды дар-дар басып жіберді де, жұрт есін жиям дегенше құйрық тістесіп тұрған машиналардың ара-арасымен сынаптай сырғып ілгерілеп барып қалды.

– Мынау кім, әй?

– А ну, проваливай!..

– Ох, ты нахал!

Алқам-салқам машина салдыр-күлдірлеп шланганың дәл түбінен бір-ақ шықты. Өзін тілдеп жатқан кісілерге назар аударған жоқ. Машинадан түсе сала кабинаға қайта еңкейіп, бір бума қақпыш балық алды. Мынаның "мәментінің" сырына енді түсінді. Басқа кезде ұрысар еді, осы жолы сен де түк білмегенсіп сырттап жүре бердің. Кендір жіпке көзінен тізген қақпыш балықты алғаннан кейінгінің аржағында не болатыны белгілі: көре қал, ол енді беті бүлк етпестен салып ұрып, бензин беретін дөкейдің дәл өзіне жетіп барады. Оның ұлты, жынысы кім болса, ол болсын, мейлі шүршіт болса да "са-лут" деп қолындағы қақпыш балықты сатыр еткізіп алдына тастай салады. Ал егер ол жұрттан қысылып ала қоймаса, басқа кісі ыңғайсызданса ыңғайсызданар, ал бұның беті шімірікпейді. "Айналайын, бұндай балықты қазір бүкіл Аралдан емге таппайсың. Сыраның бірден-бір серігі", – деп, бензин беретін жігіттің аржағындағы қуысқа лақтырып тастай салады.

Бір жолы Бәкизат курортқа жүретін болғанда пойызға билет сатпай қойған-ды. Қайда осындай кісі жаны қысылғанда қайын ененің қытыққа тиетін әдеті; сол жолы да қақсал бұған тиісіп: "Түкке икемің жоқ. Қолыңнан судан шабақ аулап жегеннен басқа түк келмейді. Осы үкіметтің әлгі жиналыс болса малшы, жалшы, балықшы дегендерді желектетіп жұрттың алдына алып шығатыны қайда? Сонысы құр сөз болмай, шын болса, сорлы-ау, белет сататын қызға балықшымын деп бармайсың ба? Депломды балықшымын де!" – деп, жұрт көзінше жанын жеп жатқанда, садағаң кетейін осы жігіт бұған көзін қысып "мәмент"– деп еді; сонда да алқам-салқам машинаның кабинасынан кендір жіпке көзінен тізген оншақты шабақты сатырлатып суырып алған-ды. Осыған дейін бұлардың алдынан тарс жауып алған тас қабырғадағы алақандай тесік ашылып, арғы жақтан жіптіктей сызылған биязы қыз "ағай, сізге қай вагонға керек?" деген еді-ау.

Ауылдағы садақа, жаназаларда басына сүлгі байлап, құран шығарып жүріп те, қалаға келе қалса бұндағылардың да тілін тауып ымы-жымы біріге қояды. Әсіресе, осындай кісі амал таппай дағдарып қалғанда, осы қағынған жол тауып жүзіктің көзінен өтетін бір пәлесі бар.

– Кеш жарық!

Ешкім үндемеді. Есітпей қалды ма деп сәлемін қайталап еді; бұл жолы да үй ішіндегі жандардың ешқайсысы селт етпеді; сосын бұл табалдырықтан аттауын аттаса да, сонан артыққа батылы жетпей, есік алдында тұрып қалды. Енді ғана байқады; босаға жақта соқыр шамның сәулесі түбінен аспай, бауырында дір-дір етеді; қос іші бу ма, түтін бе, сырттан кірген бетте ештеңені жөндеп көре алмады. Тек көзі кішкене үйренгесін байқады – қамыс қостың ортасында күлді-күйелеш ошаққа қонжиып мініп алған құлақты қара қазан түр екен. Үсті-басын кептірген кісілер қазанды қоршай отырыпты. Түтін мен будан ешқайсысын айыра алмаса да, мыналардың арасынан тісі-тісіне тимей, дір-дір етіп отқа түсіп бара жатқан біреуге көзі түсе берді.

– Мына жау алғырға не болған? Әй! Әй, сендер неге үрлемейсіңдер?

Шаңқ-шаңқ еткен дауысты таныды. Мынау, дәу де болса Көткеншек Көшен. Жұрт бұдан кәдімгідей қорқатын.

Бірнеше жігіт жата қалып қазан астында бықсып жатқан отты жан-жағынан жабыла үрледі. Мыналардың назар аудара қоймасын байқадың ба, қолыңа ұстай кірген жол дорбаны есік алдына тастап, түсін бермей тұнжырап отырған кісілердің арасына кірдің.

– Мына жау жегір жанатын емес қой. Құрғақ отын жоқ па? Үстіне құрғақ отын тастаңдар!

Елгезек біреу елп етіп сырт жағында жатқан отынға қол соза берген-ді. Бірақ қасындағы көршісі қолын қағып жіберді:

– Тек отыр. Әуелі от қызып жансын.

Балық талабы бұл жақта да нашар екенін ішің сезіп отыр. Суы ашыған теңіз де бір, жайылымы азған жер де бір. Теңіз тартылғалы көріп жүр: тұщы су таңдайына тимеген балықтар құдды жұт жылы жайылым іздеген малдай, жаны қыдырып қолды-аяққа тұрмай кетті. Мына пақырлар көк теңіздің қашағанын қуып аулаймын деп үй көрмей тентіреп кеткелі қашан. Көңілсіз кісілер керек десе, бұнан ала жаздай көрмеген қатын, баласын сұрауға да зауықсыз. Бәрінің көзі ортадағы қазанда. Бұл келгенде беті буланған қазан сәлден соң сарқылдап қайнап, қос ішін көңірсіген жас балық иісі алып кетті.

Ауылдан шыққалы нәр татпаған шофер аяқ астынан шыдамсызданып:

– Осы балық тас боп кетпесе, пісті,– деп қазанға мойнын соза беріп еді, қара шал қақ басқа ожаумен тақ еткізіп салып қалды:

– Отыр, әрі! О несі сұқақтап...

Шофер мойнын ішіне тығып, бұғып қалды. Ысқаяқ қара шал теңіз өңіріне белгілі кісі: аты – Көшен. Бірақ кері сиетін қырсық мінезіне бола "Көткеншек" атанып кеткен-ді. Көшеннің иығында елтірі қара тон. Басында елтірі қара бөрік. Бала қорқытатын бақсыдай бөрікті жүнін жалбыратып бір шекесіне осқырта киіпті. Қарсы алдында жанған отқа кірпік қақпай шаншыла қараған көздің жанары зәр төгіп жалындай түседі.

Бұнда келгелі онан көз қиығыңды айырмай отырғансың. О да саған назар салмай қыңыратқып отырған сияқты еді; сүйтсе, сыртын беріп отырып та бағып отырыпты. Үнсіздік ауырлап бара жатқасын, сен әңгіме қашырып:

– Бұл жаққа суық ерте түскен бе, қалай? Кәдімгідей күзгі қара суықтың ызғары сезіледі,– деп едің, көңілсіз кісілер қостамады. Беті буланған қазанды айнала қоршап қарауытып-қарауытып отыр.

– Апыр-ай, жер ала, бұлт шола деген. Бір теңіздің екі басы да екі түрлі бола береді екен-ау. Ана жақ бағана біз шыққанда май тоңғысыз жылы еді...

Қара шал осқырынып қалды:

– Ана жақ, мына жақ... Көрдің бе, келмей жатып ана жақ деп аузының суы құруын...

Аңдамай қырсық шалдың қытықты жеріне тигеніңді кейін білдің. Соған ыңғайсызданып, қысылып отырдың да, от көсегелі қолыңды ілгері соза бергенсің-ді. Қара шал бір танауынан мырс етіп осқырынып қалды:

– Әй! Әй, мынау бізге ол жақтың несін айтады, а? О жақтың қай жақсылығы қолымызға түсіп жатыр. О жаққа бара қалса, ойбай-ау, осы отырған бәріміздің алдымыздан қара сирақ балалар шапқылап шықпас па еді. Сонда алдынан шапқылап шыққан балаларын осы отырғандардың қай-қайсы да бауырына қысып, бетінен сүймес пе еді? Алты ай үй көрмей, көк теңізді кезіп тентіреп жүрген мына мен боп, сен боп, ана Сары Иван боп, осында отырған бәрің кір борбай жаман қатындарыңды Қыз Жібектей құшақтамас па едіңдер. О жақты мақтағаны несі, әй? О жақтың жақсы екенін, ойбай Құдай-ау, мен осында отырып та біліп отырған жоқпын ба? А? А, ол не дегені, әй?

Қос іші жым-жырт. Қырсық шалдың қыршаңқы сөзін қазан маңында отырған кісілердің бірде-бірі не қостамады, не қарсы болмады. Сен аң-таңсың. Бұл қалай? Тіл-жағынан айырылғандай, төмен қарап тымырайып алғандары несі? Тек қатты қайнаған қазан бүлк-бүлк. Тек қазан астындағы су отын пышыр-пышыр. Үй-ішінің үнсіздігі ауырлап, еңсені басып бара жатқасын басқалардан бұрын сен ыңғайсыздандың да, қазан астындағы отты қайтадан түрткілей бастағансың-ды.

Қара шал тағы шаңқ етті:

– Әй, жарқыным, оттың берекетін алмашы! От көсеу өзіміздің де қолымыздан келеді. Жаның ашыса, сен бізді басқа жағынан жарылқа!

Tөc сүйегі тақтайдай тырыли арық қара шал әлі де ұрынарға қара таппай өз-өзінен осқырынып қояды. Тұла бойындағы бар зәрді бетіне жиып апты. Шатынаған кез шынымен қаптағандай.

– Талай бастықты көріп едік. Олар да шіреніп келетін. Олар да жарылқап қарық қылмаса да, бірақ, обалына не керек, келгенде жағдайларың қалай деп сұраушы еді...

– Ақсақал... Не сұрайтыны бар, жағдайларыңды көріп отырмын...

– Ә! Ә, көріп отырсың ба? Е, құп! Құп! Оған да, шүкір. Шүкір. Оу, қайдан білейін... Көкте Құдай бізді көруден қалғасын, жердегі бастық балалар да көзін тарс жұмып алған екен деп едім. Е, көрген екенсің ғой. Көреді екенсің ғой. Шүкір! Шүкір!

Бұл жолы да сен түк дей алмадың. Дегенде не дейді? Бәкизатқа "барам да қайтам" деп ант-су ішті. Әйеліне берген уәдеден әлі де айныған жоқ. Бір қонады да, ертең ерте-ле-те... Апырай... Апырай, енді қайтті? Қайтпек керек? Қайтерін білмей, дымы құрып, демін ішіне жұтып отыр еді, ортада сарқ-сарқ қайнаған қазанның ар жағынан біреу ырғалып қойды.

– Шырағым, Жәдігер, келгенің жақсы болды.

Үй ішіндегі түтін мен будан қазанның ар жағында қарауытқан мына ірі денелі кісінің бетін көре алмаса да, ыңыранып асықпай сөйлеген сабырлы түріне қарап таныды. Көзі кек, шашы сары болғасын осы жұрт оны "Сары Иван" атап кеткен-ді. Бұған туыстық жағынан аға іспетті. Ретті жерінде ыңғайын тауып сөйлегендіктен осы жұрт оның сөзін ұйып тыңдайтын. Сары Иван әлгіден кейін сәл кідіріп, айтар сөзінің алды-артын ойлап алды да, ығыстырып ақырын сөйлеп кетті:

– Бұл жақта да балық талабы нашар. Обалы не, жігіттер жан аямай жұмыс істеп жүр. Күн-түн демей сабылғанда еңбегі жанбағасын, қайтсін, ызалы кісілер ырылдасып қалады. Қылдай кінәң болмаса да, жаны күйген жігіттердің тілі саған тиіп жатыр. Келгенің жақсы болды. Әйтпесе "біздің бар-жоғымызды басқарма да ұмытты" деп жігіттер ренжіп жүр еді.

– Әй! Әй, мынау не деп былжырап отыр? Жазықсыз?.. Қылдай кінәсіз? Ау, қыруар кісіні алты ай жаз айдалаға қамап тастап, өзі ана жақта салқын үй, салулы төсекте жатып алса... сенің өлі-тіріңнен, аш-жалаңашыңнан хабарсыз болса... Әй!.. Әй, ит... Сонда бұл қалай қылдай кінәсіз болады? Ой, көлгір! Ой, маймөңке! Күдікті жердің үстін баспайтын тобан аяқ түлкі... тегіңді ұрайын!

– Ой, сорлы-ай! Беттен алғанды батырлық көресің-ау. Пайғамбар жасына келдің. Жұртты беттен алғаннан басқа білерің бар ма? Содан адам арманына жетсе, сен жазған әлдеқашан айдарың алтын...

– Әй! Әй, ит! Сенің де сырың белгілі. Бастықтардың алдында көлгірсіп, көмейіңді буып сөйлегенде, сен де, сенің де төрт құбылаң түгенделгені белгілі. Ал мен... мен бастық болса қайтейін, жыныма тисе бетін тырнамақ тұрсын, он саусақты түгел салып осып-осып алам. Оу, баяғы патша, хан заманында да тілінен жазған тентектің басын кессе кескен шығар, бірақ тіліне тиым салмап еді ғой. Аузымды қышыта берсе... басқарма болмақ түгіл онан зорына... Зорының аржағындағы зорына да айтам. Ал сонда не істейді? Тілімді кесе ме? Әлде бір жылдан кейін пайғамбар жасына келетін жаман шалдың қыржанын кесе ме? Ендеше, мә!.. Мә, кес! Кесе ғой!

Көшен орнынан қалшылдап атып тұрды. Масқара қылғанда баласындай жас жігіттердің алдында бұтында қаудырлаған тері шалбардың ауына жармасар деп қорқып еді, Құдай оңдап аржағында отырған Сары Иван оны шалғайынан бір тартып, орнына жалп еткізді.

– Өлтірем! Өшір үніңді!

Үй ішінің ызғары енді сезіле бастады. Жұртпен бірге бұ да отқа түсердей ошаққа шабынса да, бет алды қызғанмен ту сырты түгел мұздай. Жан-жақтан жел ызғыған қамыс қостың ызғары ала-бөле арқасын қарып барады.

Әлгіден кейін үнсіз қалған Көткеншек Көшенге қарамауға тырысып, көзіңді алып қашып отырғансың-ды. Біреу сырт жақта жатқан бір арқадай жалпылдақ отын арасынан қауқиған көк ала бұтаны сирағынан сүйреп әкеп отқа тастап еді, қызуы кеміп бара жатқан от лапылдап жанып, қақпағы буланған қара қазанның арғы жағында отырған Сары Иванның бет-әлпетін жаңа көрді. Әншейінде үкідей сап-сары кісінің ошақтағы от сәулесінен бүкіл бет алабы: қасы, кірпігі, сақалы, мұрты қызғылт реңге ауысқан.

– Жәдігержан... Ал, кәне... ел-жұрт аман ба?

– Әне бірде жиырма бес үй көшті деп есіттік қой? Ол не?

– Рас. Олардан кейін де халық бір-жарлап көшіп, ел басы кеміп жатыр.

– Күн көріс қалмағасын көшпегенде қайтсін. Атамекен азық бола ма.

Сары Иван арқасына жамылған шапанын екі шалғайымен тақымын қымтап алды. Иман жүзді момын жанның момақан түрімен ығыстырып ақырын айтқан әңгімесі ертеден бері апшысы қуырылып отырған кісілердің арқа етегін кеңітіп сала берді. Сен де еңсеңді көтеріп, күйелеш көсеуді қолыңа қайта ұстадың. Сұғанақ көсеу әрі-бері сумаңдап, түрткілей бастағанда онсыз да жаны қалмай сатыр-сытыр жанып жатқан жалпылдақ отын дүрілдеп ала жөнелді. Қара қазанды қоршай отырған кісілер жалма-жан кейін серпіліп, шегініп отырды. Тек Көшен тырп етпеді.

Бұл жерде де өзінің қашанғы қиқарлығына басып, сіркіреген қызыл ұшқынға тақтайдай төсін төсей түскенде түн-жүн кеудесі үйітілген терідей пышыр-пышыр етті.

– Уа, қой! Жас балық қатты қайнаса жанығып кетеді, – деді де, Көткеншек Кешен саған бұрылып: – Ал бұнда қанша боласың?–деді.

– Мен бе?

– Иә, сен. Бұнда қанша боласың?

Аузыңа сөз түспей, шөк етіп отырып қалдың. Бауырыңа түскен басыңды көтермей отырып, көзіңнің астымен қазан маңындағыларға қарап едің, олар да "қалай жауап бepep екен?" дегендей бұны қабақ астынан бағып қалыпты. Мынау бір Көшен емес, мыналардың бәрінің сауалы сияқты. Өздері батып айта алмағасын, алдарына әдейі теке сақал, қырғыш төс, қырсық шалды салып отырған сияқтанды да, сен қиналғанда қол ұшын бере ме деген үмітпен Сары Иванға қарап едің, о да көзін төмен салып мүләйімси қапты. Күдікті жердің үстін баспайтын тобан аяқ түлкі десе дегендей. Ана қарашы: мыршай сарылығы да түлкіден аумайды. Жыны келгені сонша, мыналарға енді бұның өзі тиіскісі кеп кетті. Айтар сөз де алқымына кеп қалды. Қара қазанның тасасына тығылып, бұғып-бұғып қалған немелерге ерегіскенде "ертең күн шыға қайтам", – деп турасын бір-ақ айтқысы келді. Несі бар, айтады. Болса да, Бәкизатқа: "барам да қайтам" деп уәде берген өзі. Уәдесі – уәде. Соны алдымен ана шалға айтады. Кірпік қақпай қадалған шүңірек көздің сұғын сүңгідей қадаса қадай берсін. Бәрібір айтады. "Бір қонам да қайтам" дейді. Соны айтқалы аузын ашып оқтала түскенде... бұған не көрінгенін қайдам, өзі де, тілі де дәрменінен айырылып тоқтап қалады. Оған да міне, бір ай. Соның себебін әлі білмейді. Қазір үйірінен адасқан құландай ақ қар, көк мұзда жападан жалғыз тұрып та соны ойлап тұр. Неге бүйтті? От басының бұзылуына осы себеп болмады ма? Басына түскен бүгінгі қиындық пен қасірет сол арада өзінің ойындағы сезін айта алмаған жігерсіздігінен болмаса қайтсін? Сол арада сен теке сақал, қырғыш төс қара шал мен сарқ-сарқ қайнаған қара қазанның тасасына тығылып, бұғып-бұғып қалған балықшыларға қолды бір сілтеп, ауылға тартып тұрғанда, әлде қайтер еді? О да қолыңнан келмеді.

– Е-е, шырағым, шамаң белгілі болды. Әй, жігіттер, балықты түсіріңдер. Басқарма қайтатын көрінеді. Жолынан қалмасын. Қонып қайта ма, ас ішіп алып, қазір қайта ма, еркі білсін.

Сен ләм-мим деместен сыртқа атып шыққың келіп еді, төңірегіңнен түк есітпей, құлағыңды тас қып басып, көзіңді тас қып жұмып, бет ауған жаққа шығынып кеткің келіп еді-ау. Бірақ не пайда... оған да дәрменің жетпеді. Жігерін жүн қылған дәрменсіздік сол арада еңсесін көтертпей, омалып отырып қалған-ды.

Иә, сүйтіп, бұны ит мінез тағы да арандатты. Әйтпесе, бұның орнында басқа біреу болса, Сырдария сағасында қостанып жатқан кісілердің жағдайын білгесін бір қонар еді де, ертеңіне елең-алаңда ауылға тартып отырар еді ғой. Болса да Бәкизатқа: "айналмаймын, барам да қайтам. Осы жолы бір сынап көрші"– деп өзеуреген өзі-тұғын. Бұл егер айтқан сөзінде тұрып, уәделі уақытта жайраңдап кіріп барғанда, кім біледі, о да заты әйел емес пе, ренішін ұмытып, алдынан жадырап күліп шығар ма еді? Ал, бұл... әйеліне берген уәдесін ұмытып... Жо-қ, ұмытқан жоқ... Бәкизаттың ренішке бейім тұратын әдемі ерні томпайып, түсін бермей теріс қарап алған ренішті кескіні кез алдында тұрды. Қамыс қосқа қонып шыққан күннің ертеңіне бәрі дастархан басына жиналғанда да көз алдында сұлу әйелдің айтқанынан қайтпай, сұп-сұр боп безеріп алған кескіні тұрды. Бұл да: "Бәкизатқа берген уәдем бар. Қайтуым керек. Иә, қайтам! Қайтам", – деп өзін қайраумен отырған.

– Ал!.. Ал, сонымен енді жүресің бе? – деді Көткеншек Көшен.

Сен көзіңді көтермей, төмен қарап тұқырайып отырсың.

– Е, бәрекелде,– деді Көткеншек Көшен.– Жолың болсын! Ауыл-елге сәлем айт! Тірі де! Жаны сірі немелер әзір аман де! Өлетін ойларында жоқ, тор сүйретіп, теңіз кешіп жүр де!

Қамыс қос кенет жым-жырт бола қалды. Жаңа ғана дастархан басында дабырлап отырған кісілер сөзден тиылып, бәрі де бір сәтте дәл кешегідей демін жұтып, тына қалған-ды. Сен тіпті, дем алмаған сияқтысың. Тоқтап қалған тынысы емес, бұның өзі де дәл сол арада жер бетінде бар-жоғына зейлі жетіп тұрған жоқ-ты. Бар болса да бұны көлденеңнен киліккен қандай да бір күш бас еркінен айырып, билеп-төстеп баратты. Иә, сол арада бұның аузына үш ұйықтаса түсіне кірмеген сөзді салған да сол сияқты; сен дастархан басында дөңгелене отырған кісілерді күттіріп барып, күдер үзген бір кезде:

– Бұйырса... Соңыра елге бірге қайтармыз,– деп, өз еркінен тыс қайдағы бірдеңе қалай аузынан шығып кеткенін білмей қалған-ды.

Бар білгені... О, Жасаған! Жаңа ғана төмен қарап, тұнжырап отырған кісілер кенет шұғыл жадырап, басын көтеріп-көтеріп алды. Қырсық шалдың да қырыс-тырысы әлгінде ғана тарқап, шекеңнен шыққандай шақылдақ дауыстың зәрі сыныпты. Әдетте, ызалы кезде әріден, ін түбінен қадалатын ежірейген көз, осы күннен бастап бұған қарағанда кәдімгідей елжіреп, жанарына жылылық енетінді шығарды. Сөйтіп, күн артынан күн, апта артынан апта өтті. Сен келгендегі қара суық қатайып, бұл жақта дауыс нышаны біліне бастады. Жаз бойы сыңар тамшы тамбаған жаңбыр қарашаның қара суығы күшке міне бастаған бір тұста екі күн қатарынан құйып беріп еді, төбеден жаңбыр саулап, қамыс қоста қамсау қалмады. Балықшылар түнімен көз ілмей жел ызғыған қоста дірдектеп шығады. Таң қараңғыда ысылдап-пысылдап киінеді; түннен қалған мұздай балықты бір-екі қарпып асай сала қос ескек, бір таяуды қолтыққа қысып, қара суық басталғалы таңқылдап қатып қалған тоң жерді топырлап басып теңізге кетіп бара жатады; жағада кеудесін қара жерге асып жатқан қайықты бірнешеуі жабылып суға салады; әупірім теңіздің жағаға шапшып арс-арс ұрып жатқан әпербақан толқындарымен жағаласып жүріп, балық бір соқса осы араға соғар деген дәмелі жерге күнде-күнде тор жаяды; бүгін жайған торды ертеңіне елең-алаңда барып тарайды; кейінгі кезде ұдайы арқадан соғып тұрған қара дауыл мен ұлы теңіздің ағысы ауды арқан ғып есіп тастап тұрған-ды. Кешеден бері теңіз түбінен толқын көтерген томарлар ауға оралып, қара торды дал-дұл ғып жыртып тастап тұр. Жел-құз жиілегелі су астының ағысы күшейіп, бүгін «айған тор ертең томар оралып, тосап басып, сары лайға батып балықшылар жағаға сүйреп шығарып жатқандары. Ондай күндері суға малшынған пақырлар арқан боп есіліп қалған аудың шатысын жазып, шалаң мен тосаптан тазартып, қамыс қосқа сілесі құрып әзер келеді.

Осы күндері өздері қатты жүдеді. Сақал-мұрт ескен. Үсті-басы кір. Таңның атысы, күннің батысы көк теңізде, жел өтінде жүре-жүре бәрінің беті үсік шалғандай қара қошқыл... Ал тырнағы өскен күректей күс-күс қолдардың бақандай-бақандай саусақтары бартиып-бартиып ісіп кеткен.

* * *

Сол күні оқыс күлкі бұның ойын бөліп жіберген еді-ау. Баурына түсіп бара жатқан басын шұғыл көтеріп алып, қыран-топан күліп жатқан кісілерге қарап еді, "ә" дегенде түкке түсінбеді. Өздері әлденеге мәз. Үй ортасында қызыл ұшқын сіркіреп, лаулап жанған отты айнала қоршай отырыпты. Қазан астындағы оттың сәулесі қос ішін көңілдендіріп, жадырап тұр.

Бұл әлі де түкке түсінбей, көзін уқалап жіберіп, қамыс қостың ортасында буы бұрқырап бүлк-бүлк қайнап жатқан қазанға, сосын қазан маңындағы қыран-топан күліп жатқан кісілерге қарап аң-таң. Бұларға не болған? Неге... күледі? Несіне жетісіп күледі? Бұлар мәз болатындай... Иә, сондай-ақ не болды?

Өз кісілерін өзі танымай, таңдана қарап біраз отырды. Қараған сайын көңіліне күдік қашып, мыналар бұл білмейтін басқа біреулер сияқтанды. Басқа болғанда... Кім де болса, жолы болғыш, сыралы да салымды жандар. Кере қал, өздері көк теңізге жайған қара тор балыққа майлап, қара қайық кенерінен келіп, қағанағы қарық боп қайтқан кісілер. Мынау соның қуанышы. "Иә солай" дегендей, аналар тағы да қыран-топан. Ха-ха-ха-а... Ал, әне біреудің түрі таныс, шырамытатын сияқты. Арқасына тері тон жамылып, қақ төрде қазықтай қақшиып алған қайқы тес қара шал шақ-шақ. Бұған не жоқ? Несіне жетіседі? Күлерде иегінің астына қарай ұйысып біткен ұйпа-тұйпа сақалды әуелете көтеріп алады екен. Күлкісін кенет кілт тыйып: "Оны қой! Ол... ол қызыл кез пәле ғой!"– деп қолын сермеді де, сырт жағында жатқан бір арқадай отынға шалқалап құлай кетті. "Қызыл кез пәлесі" кім?..

Түсінсе не дейсің? Бұған салса, бұлар мәз болатындай, себеп те, сылтау да жоқ. Ала-бөле кешелі-бүгін дауыл титыққа әбден жеткен-ді. Кеше шалаң басқан ауды қас қарайғанша тазартып кеш қайтты. Соған қарамастан бүгін де таңмен таласа оянып еді; түннен қалған бірдеңені апыл-ғұпыл іше сала, топырлап сыртқа шыққанда, кешегі дауыл күшеймесе, басылмапты.

– Ища,– деді біреу тітіркеніп.

Қалған жұртта үн жоқ. Қарсы алдынан соққан суық жел шыдатпай, шекені жарып бара жатқасын бүгежектеп бірінің ығына бірі тығылып, теңізге әзер жетті. Кейіндеу қалғандар да теңізге жете бере ентелеп тоқтап жатыр. Бәрі де түнде жауған қардан кейін ақ айранданып жатқан сыпыра жағалауға, жаңа ұстасқан мұзға қарап қапты.

– Аудан айырылдық,– деді біреу.

– Тек! Тек әрі! Ой ит!.. Ой, жағыңа жылан жұмыртқалағыр!

– Ал қойдық. Бірақ мына мұз...

Шынында да, араға бір-екі күн түссе, мына кілегей мұздың көбесі қатайып, судағы аулардың арқалығы жас мұзға жабысып қатып қалары анық.

– Ау, осылай тұра береміз бе?

– Ал тұрма! Ал аспанға ұш!..

– Әй, шал, тек тұр!

– Ал тұрмадым... Ал сонда не істейсің?

– Жә, қойыңдар! Ұрысы құрсын. Онсыз да келісіп тұрғанымыз шамалы,– деді Сары Иван – Жәдігер, шырағым...

Жұрт назары бұған ауды. Бұл дәл бұндай жағдайда не істеудің ретін таппай, жағада иіріліп тұрған кісілердің арасынан сытылып ілгері шықты. Мұзға түсті. Жұқа мұзды есік пен төрге дейін абайлап, ақырын-ақырын басып барды да, тақасымен теуіп көрді. Ілгерілеп арырақ барайын деп еді; оған әлсіз мұз аз ғана салмақты да ауырлап, сықыр-сықыр майыса бастағасын, бұл ілгері бармай ізінше кері қайтты. Жағада тұрған кісілерге назар салған жоқ. Балықшылар әр қисынды бір айтып қауқылдап кетті:

– Апырай, енді қайттік?

– Қайткені сол, ауды қалайда бүгін суырып алу керек.

– Әй, мынау не оттап тұр? Көрмейсің бе, әне, жаға көк мұз. Қайық салғыза ма саған?

Шыны керек, саған осы қамшы болды. Көп ішінен қара аспанды қапылтып тұрған әлгі жігітке иек қағып:

– Тәуекел... Айда, қайықты суға салыңдар! – деген еді.

Жігіттер кеше кешкісін қара жерге тұмсығын асып кеткен қайықтардың бауырын жаңа қатқан жас мұзға гүтірлетіп кеуделеп итеріп апарды да, бауыры суға тие бергенде қарғып-қарғып мінген еді; Көксоқта толқынға кеудесі тиген бойда секектей бастаған қайықтың тұмсығын бір дегеннен тереңге туралап бұрып алып, қос ескекті малшылап есе жөнелген еді. Сонан олар күні бойы толқынмен жағаласып жүріп, өлдім-талдым дегенде суға жайған торларды суырып алған-ды. Үсті-басы малмандай су-су кісілер тісі-тісіне тимей қалш-қалш етіп, тоң жерді топырлап басып, қосқа жетті. Екі жігіт сырттан қолтығына қыса келген жалпылдақ отынды жуық арада тұтата алмай, әбігер болып жатқанда, сен су киіммен төрге озып, төсекке қисая кеткенсің-ді. Сонан бері соқыр шам сығырайған қамыс қостың бір басында әр нәрсені бір ойлап, өңің кірмей кірбиіп жатқансың-ды. Бұнда келгелі бір айдың жүзі болды. Қаракөк теңізде қара торды сүйретіп күн-түн сабылғанда не бітірді? Не тындырды? Кезі тағы да қара шалға түсті. Қыран-топан боп жатқан кісілердің арасында о да шиқылдап күлді де, кенет күлкісін кілт тыйып:

– Ол итті қой! Ол... ол адам емес қой,– деп, әлдебіреуден түңіліп қолын сермеп-сермеп қалды. Сен оның сонша кімнен түңілгенін білген жоқсың-ды. Көткеншек Көшен арқасына жамылған қара тонның шалғайын тақымына басып, ырғалып қойды:

– Оу, көрмейсің бе?.. Ойбай-ау, ол кәпірдің ана жабайы мысықтай бажбиған сап-сары көзі кім екенін айтып тұрған жоқ па? Ха-ха!

Е, енді түсінді. Мыналардың неге езуі жиылмай, мәз боп жатқан сыры енді белгілі болды.

– Көшеке...– деп Шофер езуінде бықсыған темекі тұқылын бір сорды да, лақтырып жіберді.– Көшеке... Осы жұрт әнебір тұста Сары Шаямен екеуіңді көткеншектесіп қалды деп жүр ғой? Сол не? Рас па?

– Е, көткеншектессе несі бар? Онымен кездессем, мен қысқа күнде қырық көткеншектеспеймін бе?

Бұл хикаяны білетін жігіттер әлден жымыңдай бастады.

– Сары Шая. Керісиген пәле ғой. Көткеншектескенде оңайлықпен алдырмайтын болар?

– Айтпа! Қырсығы аттың қара қапталынан. Оның қырсығының қасында сендер менің көткеншектігіме жылап көрісесіңдер. Әй, бала... қазаның қайнамай қалды, от салып қой.

– Иә, Көшеке, сонан?..– деді шофер сөз тартып.

– Ой, енеңді... Иә, иә-ләп қылқылдағанша қазанға қарамайсың ба? Әңгіме ас бола ма?

Қара шалдың алдында жұрт аяқтарының ұшымен басып кететін. Әлгіден кейін бірі сып беріп сырттан отын әкелді. Бірі жата қалып, сөніп бара жатқан отты үрледі. Енді бірі сырттан кірген отынның тез тұтайтын қауқиған қу бұтасын отқа тастады. Соның бәрін қалт жібермей бағып отырған Көшен көңілденіп:

– Баяғы соғыстан кейінгі кез. Халық қоңторғай. Онда сендердің көбің шешелеріңнің шалғайына оратылған кір тұмсық баласыңдар...– деді.

– Басқарма да ма?

– Е, басқарма болса ше? Немене, анасынан басқарма боп туады дейсің бе? О да бала болды. О да боқмұрын болды.

ІІІофер мырс етіп, басындағы май-май кепкамен бетін баса қалды. Қара шал оны байқаған жоқ.

– Қазіргідей мұз қатар алдындағы қара суық. Абыржы. Сол жылы абыржы ұзаққа созылып халықтың апшысы қуырылып тұрған. Сары Шая жылап басқармаға барыпты. Қатын-балам аш депті. Анада кіндігін өзің кесетін кішкентайым мен үйге барғанша аштан өлетін шығар деп, көксоққан көз жасын бір сығып алыпты да, басқарма балаға қарай ысырылып жақындай түсіпті. Айналайын, садағаң кетейін депті. Шиеттей балаларым аштан өлмесін десең, колхоз орталығынан қарызға бір қой бер. Тірі болсам, жер басып жүрсем, бір айдан асырмай қайтарам деп қиылыпты.

– Ал сонан... Сөзінде тұрып па?

Көткеншек Кешен иегін әуелете көтеріп, артына қарай шалқалай бере шақ-шақ күлді:

– Ол көксоққанның тамағынан өтпегей. Тамағынан өткесін қой түгіл, түйенің ізін таба алмай қаласың ғой.

– Ау, колхоз малы... Артында жоқтаушысы мықты, заң бар емес пе? – деді Сары Иван.

– Ол заңға жеткізбей құртады ғой. Сол кездегі колхоздың есепшісі... Сол өзі... қай бала еді? Иә... Әлгі соғыстан бір аяғын жұлғызып қайтатын... топырағы торқа болғыр, өзіміздің Қарағұл екен ғой. Сол марқұм бір айда қайтарам ЦСІІ алған қойды бір жылдан кейін де қайтармағасын Сары Шаяны конторға шақырмасы бар ма...

Бұның арғы жағы қалай боларын білетін кісілер әлден иығы селкілдеп күле бастады. Олар қызықтаған Сары Шаяның мына хикаясына сен ғана араласпай, босаға жақта соқыр шам сығырайған қамыс қостың бір бұрышында өңің кірмей кірбиіп жатырсың. Мынау сенің де талай есіткен әңгімең. Сен де талай ішегің түйіле күлгенсің-ді. Қазір де аналарға ілесіп езу тарта түстің де, кенет көңіліңнен күдік қашты. Өз көзіне өзі сенбегендей, мына мәре-сәре боп қарқылдап жатқан кісілерге қайта қарады. Қайта қарағанда да әлгі күдіктен ақи-тақи арыла алмады. Мыналарды өзінің кісісі деуге... бірақ олардан күлкі қалғалы қашан. Өзі білмейтін басқа, бөтен біреулермен шатастырып тұрған сияқты. Шынында да, мыналар бұның кісілеріне ұқсай ма?

Жарайды, басқасы басқа... Ал ана қайқы төс қара шалға не жорық? Әншейінде осы жұртқа бабын таптырмай, отырса опақ, тұрса сопақ, айналасымен ырылдасып болатыны қайда? Несіне жетісіп қағанағы қарқ бола қалды? Түсінсе не дейсің. Әлде, түсініксіз мыналар емес, сен өзің түкке түсінуден қалып барасың ба?

Күдігін анықтағысы кеп, мыналардың әңгімесіне құлақ тігіп еді. Сүйтсе... Е, Құдай, баяғы Сары Шая. Сары Шаяның қылығына осы ел я күледі, я күйінеді. Күлмей қайтсін, Қарақұл марқұм сонда Сары Шаяны конторға шақырып алып, алдында жатқан жуан папканы ашпай, алақанымен басып отырып:

– Ақсақал, бұрау екеш бұраудың да сұрауы бар. Колхоздан бір айда қайтарам деп, қарызға алған ана жылғы қойды...– дей берген екен.

– Әй, мынау не дейді? Не дейді, әй? – деп Сары Шаяның сап сары бажбық көзі ежірейіп шыға кепті.– Бұның қойы, қай қой? Қарызы қай қарыз? Ана жылғысы не? Әй, колхозды билеген екенсің... Бишікеш екенсің. Е, болсаң бол! Сенің бишікешпін, билігім жүріп тұр деп, көрер көзге істеген жалаңа көнгенше, ойбай-ай... Ойбай-ай, онан да мына ақсақ иттің қолында өлгеннің өзі артық емес пе?

Сары Шая жаңа ғана құйрық басып отыра берген орындықтан атып тұрып, Қарақұл марқұмға қарсы ақырыпты:

– Әй, бала! Сен... Сен өзің, айналайын, сырт-сырт шот қақтым деп... Еңбек адамын қаралап...

– Ақсақал, ойынды қой...

– Ойын ба, мынау... Мынау, кісі өлтіретін іс қой. Жала ғой. Көре-көзге кісі мойнына қиып салған қиянат... Өзің көп рудан болғасын, аз рудың адамын иттей талап, ойыңа не келсе соны істемексің, ә? Солай ма, ә.

Қарақұл марқұм қарсы алдында бір сөз айтса, екі сөзбен жауап беріп бажақтап отырған бажбық көз шикіл сарыға біразға дейін түк айта алмай, жағасын ұстағандай боп басын шайқапты дейді. Оны сөзден жеңе алмасын білгесін бағанадан бері алақанымен басып отырған жуан папканың бір бетін ашып жіберіпті де, түбі тігілген қағаздар арасынан тілдей біреуін сұқ қолымен түртіп қалып: "Міне! Мынау өз қолыңнан берген "тілхатың" деген екен. Сары Шаяның бетінде жаңа ғана тікірейіп-тікірейіп алған түгі жығылып, бір сәтте мүләйім момақан бола қапты. Алдына тосқан қағазға туралап қарай алмай, көзін алып қаша берген екен дейді. Дәл сол кезде Қарақұлды басқарма шақырмасы бар ма.

– Ақсақал, колхоздың қойын қайтар, ұят болады.

– Жарайды, Қарақұлжан. Қайтарайын. Қайтарайын.

– Қашан?

– Қарақұлжан, ойланайын...

– Қазір келем. Соған дейін ойланып қой, – деп, Қарақұл сырт жағында сүйеулі тұрған балдаққа қол созған. Қос балдақ қолтыққа тигенде етжеңді ауыр денесін ұршықтай үйіріп алатын жігіт ырғи басып, есіктен аттай беріпті. Қарақұлдың көзі тая бергенде Сары Шая да орнынан атып тұрыпты. Папкадағы қағаздардың арасынан әлгінде көргеннен бері көзінің қиығын айырмай бағып отырған тілдей тілхатты жұлып алыпты. Жұлып алуын алса да, бірақ "ә" дегенде оның көзін қалай құртудың есебін таппай дағдарып қапты. Сыртқа шыға қашса, сөзге қалады. Қойны-қонышына тықса, тұла бойын тінтіп тауып алады. Онсыз да соғыстан аяғын жұлдырып, қаны бұзылып келген жігіт балдақпен қақ басқа бір қоюдан жүзі таймайды. Бір қой үшін жаманаттасып масқара болғанша, қайдан шықса онан шықсын деп сиырдың тіліндей қағазды умаждап-умаждап аузына атып ұрыпты. Азу тіске басып сарғайып кеткен қағазы құрғыр кәрі сиырдың сіңіріндей тамағынан өтпей тұрып алыпты. Сол кезде басқармамен әлденеге келіспей айқайласып шыққан ақсақ бұғалтер де тақтай еденді тық-тық басып келіп қалса керек. Сары Шая әрі-бері шайнаған екен, бірақ, тамағынан өтпей тұрған қағазды жан-дәрмен талмап жұтып жіберген екен, бақырайған сап-сары бажбық көзден бір түйір жас ыршып кетіпті. Бірақ... есесіне, ехе-ехе-хеу... ақсақ есепші ана жақтан... терісіне симай, ашуға булығып келгенде, бұл жақта мына жайсаң бір жұмысты бітіріп, жымыңдап күліп отыр екен дейді...

Қамыс қоста алаулап жанған отты айнала қоршай отырған көңілді кісілер тағы да ду күлді: ха-ха-ха... қарқ-қарқ... шақ-шақ... Е, Алла, осыны басқа біреу істесе, мына жұрт оны көрмей кетер еді. Ал Сары Шая істеген қандай сұмпайы, жексұрын қылыққа бұлар неге мәз болады? Әне!.. Әнекей: Ха-ха-а... Шақ-шақ... Ал жер қозғалса қозғалмайтын Сары Иван... О да ырқ-ырқ күліп, көзін сүртіп жатыр. Бақса, мыналар басқа емес, бұның өзінің кісілері екен. Әне, анау Көшен. Анау Сары Иван. Май-май кепкамен көзін сүртіп жатқан күлді-күйелеш мына біреу мұның шопыры. Ой айналайындар-ай! Жыл он екі ай ел көрмей, тентіреп теңіз асып жүрсе де, сары масаға таланып, қызыл тобық боп күн-түн су кешсе де, еңбегі бір жанбай, салы судан шықса да, бірақ сонда да сағы сынбайтын, тауы шағылмайтын, айналайын қайыс қаралар-ай!

Сол күні бұл өзін қандай бақытты сезіп еді! Иә, бақытты еді! Көзіңнен мөлт еткен жасты көрсеткісі келмей, сырт айнала бере жеңімен сүртіп тастаған еді-ау!

* * *

Ертең ерте тұратын болғасын бұлар сол күні қызыл іңірде жатқан еді. Су үстінің мазасыз тірлігі титығына жетіп жүрген жігіттер басы жастыққа тиер-тиместе қорылдап, қамыс қосты басына көтеріп әкетті. Сыртта жел ызғиды. Іргеде ұлы теңіз өкіреді. Сылағы түскен қамыс қоста болса да қамсау жоқ. Ошақтағы от сөнген бойда жан-жақтан жел ызғып, үй іші уілдеді де кетті. Төсекті бір-біріне тақап салып тығылыса жатқан кісілер көрпе астына кіре сала қол-аяғын бауырына алып тым-тырыс бола қалды. Тек сен, жамылғың жұқа болды ма, тынышсызданып қасыңда қатар жатқан жігіттің көрпесіне кіріп едің. Бұл өзі бір өңірге аты шыққан палуан жігіт еді. Жылда-жылда Октябрь мерекесінде, жұртты жығып, бас бәйгені жеңіп алатын, кеудесі жүн-жүн, ірі қара жігіт көрпесіне кіріп келе жатқан кісінің денесін дереу сезіп, ыңыранып аударылып түсті. Жақында үйленген жас келіншегі есіне түсті ме, сілекейін тамсанып, ұйқылы көзімен жараған бурадай тісін қайрады да, күбідей санын дүрс еткізіп үстіне салып алды. Сосын қайтсін, бұл сыртқа атып шықты. Күндізгі қара суық қазір күшке мініп қылшылдап тұр екен. Салған жерден қойны-қонышына кіріп тұла бойы тітіркеп ала жөнелгесін, жалт беріп қамыс қостың ығына тұра қалған-ды. Ішке қайтып барғысы келмеді. Бұнымен қатар жатқан екінші көршісі Көткеншек Көшен еді; қырсық шалмен жатарда сөздері жараспай қырбайласып қалған-ды. Сондағы жазығы – ертең Сырдария сағасында қостанып жатқан қоралы кісінің бақ сынайтын күні. Алғашқы бір-екі күнде әуір-сәуір болатын көкше мұздың кәделі балығынан сыбағасын алып қалғысы келген кісілер алдын ала буынып-түйініп әзір отыратын. Бұ да ертең "ал" дегенде суырылып шығатындай, ау-құралды машинаға тиеп буынып-түйініп, әзір отырайық деп еді, қара шал қақшаң етіп төсектен басын көтеріп алды:

– Кіл қапылу. Кіл сүргін. Әй!.. Әй, жарқыным, тым құрыса түн тыныштығын берші.

– Ақсақал, істің реті...

– Іретіңнің ішін с...

– Көшеке, түсінсеңізші...

– Түсінбеймін. Тіпті түсінгім келмейді... Ал!.. Ал, сонда қайтесің?..

– Қайтейін. Тек ертең "ал" дегенде...

– Ылғи "ал!" Сол "алдан" алған бірдеңе бар ма? Кәне?.. Кәне көрсетші!

– Апырай, Көшеке-ай... Үмітсіз шайтан... Ертең сіз бен біздің бақ сынайтын...

– Әй!.. Әй, мынау не деп тұр, а? Қайдағы бақ? Бағы несі? Екі елі маңдайына тек бақытсыздық жазылып қойған мына сорлыларды сағым қуғандай, бақты қу деп... Жоқ! Жоқ, осы қарық қылғаның да жетер!

Бұған не жауап айтарын білмей, тілінен байланып тоқтап қалған-ды.

– Әй, Көшен, – деді Сары Иван,м– өзіміз істейтін шаруа ғой. Кәне, тұр!

– А-а? Тұр? Ал тұрмаймын. Ал жатам. Кәне, тұрғызшы. Тұрғызып көрші! – деді де, көрпемен басын бүркеп алды.

Мына қырсық шалдың қылығына сенің де жының келіп:

– Онда жат солай! Әй, жігіттер, тұрыңдар! Өзіміз істеп тастайық,– деп едің.

Көшен:

– Ал жатам. Міне, жатырмын, – деп көрпе астында күңкілдеп, басын қымтай түсті де, кенет ойына не түскенін қайдам, шаян шағып алғандай атып тұрды. Көрпе жиырылып аяғының басына түсті. Шадыр көз шақырайып кеткен.

– Әй! Әй, мені жатқызып-тұрғызатын Құдай сен бе? А?

– Ақсақал, жатам дедің, жат дедім. Сенің қай бабыңды табамыз.

– Ал, жатпаймын. Ал тұрам. Міне, тұрдым. Сонда сен маған не істейсің? Кесесің бе менікін?

Көткеншек шал қалш-қалш етеді. Шақылдаған ащы дауыс құлақты шағады: "Жат дегені несі, әй? Неге жатам?" – деп, жалғыз өзі шақылдап сөйлеп жүріп, сол күні жұмысты жұрттың бәрінен көп істеді. Жас жігіттерден қалыспай, жан-тәнін салып апырып-жапырып жүргесін бұлар да жұмған аузын ашпады. Үш жүз құлаш қара торды қамыс қостың ық жағында тұрған машинаға тиегесін күндегідей, ертең тағы да ерте тұратын жігіттер көрпе астына кіріп, үн-түнсіз жата қалған еді-ау.

* * *

Апыр-ай, күзгі түн қандай ұзақ! Ұйқыдан әбден күдер үзгесін Сырдарияға барып қайтқысы кеп қамыс қостың ығынан шықты. Жолсыз даланың ой-шұқырын сипалап келе жатып төңірекке көз салып еді; қызыл іңірде туған ай бұлар әлгінде қара торды машинаға тиеп бола бергенде сәулесін сарқып батып бара жатқан еді; бұрын түн болса бұл жақтың аспанында ине шанышқандай жер қалдырмай жыпырлап қоя беретін жұлдыздар шұғыл қатайған суыққа көрінген бе, сөніп-сөніп сирепті. Көз байлаған қараңғыға жалтақтап келе жатып дарияға жеткенін байқамай қап еді; жар кемерге мінбелеп тоқтады да, еңкейіп аяғының астына қарап еді; әуелі түк көрмеді; тек қараңғыға көзі үйренгесін сонау төменде әлдебір алып жылан жер бауырлап ирелеңдеп етіп бара жатқандай болды. "Ай жарықтық-ай!" деді ішінен. Әлде аяп, әлде қазіргі түріне көңілі толып тұрғанын өзі де білген жоқ.

Жылда ит кешіп өтіп жататын дария биыл, шүкір, жақсы. Жаз басында таудан кеп су құлады. Ағыл-тегіл тасқын су дарияның сағасына жете бергенде жан-жағына жайыла бастады. Арнадан қашқан су ала-бөле дарияның арғы жайпақ бетіне қарай жөңкіліп құлап, қай жылдан бері кеуіп қалған көл толған-ды. Тасқын сумен ілесіп келген көп балық көлге өтіп кеткен-ді.

Қамау судағы балық – қорадағы қой. Қолы бұрын жеткен қарқ болады. Қамау судың балығы талай жұрттың құлағына тиген-ді. Ел алды боп "Райым" колхозының балықшылары жетті. "Райымның" басқармасы жігерлі жас жігіт-тұғын. Домалақ беті быттиып, томпақ көзі зыттиып тұратын кішілеу қара торы жігіт аса пысық. Жиналыстарда жұрттан бұрын сөз алады. Жедел басып мінбеге ұмтылады. Қызыл галстукты тамағының астынан қылғындырып байлап алғанда әлгі бүйректей бет, әсіресе быттиып, дөп-дөңгелек үркек көз әсіресе зыттиып, залда отырған жұртқа жанары тоқтамай, әлдебір жаққа әуелей қарап, тілі тіліне тимей тақылдай жөнелетін. Жұртқа оның тақылдаған пысықтығы ұнайтын. Сосын осылай жиналыста жұлқынып тұрғаны ұнайды. Ол сөйлегенде ара ұясындай гуілдеп отырған зал жым-жырт боп тына қалады. Әне бір жолы қасында отырған райком инструкторы бұны бүйірінен түртіп қап: "Пысық. Тас қайнатады. Өсетін, келешегі мол жігіт",– деп трибунада тақылдап тұрған "Райымның" басқармасын иегімен нұсқаған-ды. Оның өсетінін бұ да біледі. Осы ауданда абырой әперетін бірдеңе болса осыны бетке ұстайды. Баяндамадан кейін бірінші сөз осыған тиеді. Жиналыс соңында жоғарыға жолдайтын құттықтау хатты да тақылдатып осыған оқытып қояды. Өссе өссін-ау. Тек асығып-аптықпай, ақырын айтып та жеткізетін нәрсені осы байғұстың әрқашан әпі-шәпі, азан-қазан ғып даңғазаға айналдырып жіберетіні ұнамайды. Құдды қолы қатты біреу күн көзінде ұзағырақ жатып қалған қу тақтайды дәл сондай тағы бір қу тақтайға таңқ-таңқ қаққандай. Сондайда таңқылдақ даусы құлақ тесе жаздайды. Бұрын бұған анадай жерден "ағалап" ұмтылатын жігіт осында келгелі сырғаяқтап жоламай қойды. Жә, жоламасаң – жолама. Шамаң белгілі. Арғы беттегі қамау судың балығы сені де қолды-аяққа тұрғызбай жүр.

Кілегей көкше мұзға қайта-қайта шығады. Беліне байлаған ұзын арқанның бір ұшын жағада тұрған кісілерге ұстатып қояды да, өзі аяғын кібіртіктеп басып есікпен юрдей жерге барады. Жаңа қатқан жас мұз сәл сықырласа да жалт беріп ізінше кері қайтады. Соны көрген Көткеншек Көшен: "Айтпады демеңдер, біз аяғына шұлғау оралған салақ қатындай болбырап-солбырап жүргенде, мына пәле арғы бетке өтіп алады" – деп еді. Осы сөз қамшы болды да, бұ да Сырдарияға баруды жиілетті. Ащы судай емес, тұщы су тез қатады. Кешеден бері күн шұғыл суығып, қызыл шұнақ аяз қылшылдап тұр. Түн асса, кім біледі, ертең тор-тұзақты арқалап, арғы бетке... Тосын дыбыс ойын бөліп кетті. Көз байлаған қараңғыда түсін аңғартпай түксиіп жатқан өзеннің әрегірек бір жері күтір етті; әдетте мұз қалыңдап, салмағымен шөккенде біреу дәл осылай қабырғасын қиратқандай күтірлеуші еді; сен қараңғыға көзің мен құлағыңды тігіп, тың-тыңдап тұрдың да, жаңағы дыбыс әлгіден кейін қайталамағасын мұзға түскенсің-ді. Ілгерілеп барып бетіне қар түспеген көкше мұзды тақаңмен теуіп едің. Е, бәрекелде! Еңіреп қатқан мұз емен ағаштай дүңк-дүңк етті.

Түнгі аяз тастай екен. Ала-бөле екі беттің ұшы тызылдап әкетіп бара жатқасын қолын қолғаптан шығарып, алақанымен әрі-бері уқалап ысып еді; бетінің ұшы кәдімгідей қызып, көзіне ұйқы тірелді. Таң атқанша мызғып алғысы кеп, қамыс қосқа қайтып келе жатқан-ды. Кенет селдір қамыс сыбдыр етті. Сен қалт тоқтап, қараңғыға көз тігем дегенше болмады, үстіне келіп қалған кісіден үріккен әлдебір аң бұғып жатқан жерден атып түсіп, селдір қамыс арасын сатырлатып жұлдыздай ағып баратты. Сен сонан қашан дыбыс ұзағанша тырп етпей, сілейіп тұрып қалғансың-ды. Бір жақ бүйірі біз сұғып алғандай шымылдап әкетіп барады. Сосын жүрегі құрғыр қашан қосқа жеткенше жанын шығара ауырып, кеудесін қос қолдап ұстап алды. Қалайда көңілге алаң кіріп, ұмытылуға қараған баяғыдағы бір ыстық сезім бір төңкеріліп аунап түскен-ді. Көрмейсің бе, ата жөнелген аңның сыбдыры есіне қай-қайдағыны салып... Қай-қайдағысы несі, ол... ол өзі бұның үйленген жылы еді ғой. Дариға, ол күндердің несін айтасың! Онда жер басқан жанның бақыттысы еді. Онда балықшылар ауылының бет алдында шалқып жататын телегей теңіздің сонау көкжиекке барып-барып тірелетін жерінен анау-мынау емес, отқа қақтаған сары алтындай сап-сары күн жалқылдап шығар еді-ау! Неге екенін қайдам, шықпай жатып шекеңді қыздырып ала жөнелетін бұл өңірдің өрттей ыстық күні сол кезде саған тек күліп шығып, күліп бататын сияқты еді! Ол кезде бұ да төсектен күнде-күнде күліп оянатын. Оянған бойда қарғып тұратын. Тұрған бойда қара жерге табанын тигізбей тұла бойын құп-қунақ қып көтеріп әкететін бір пәлесі бар еді-ау! Сонан болар-ау, бұл аяғы астындағы қара жердің бар-жоғын кейде сезсе де, кебіне сезбепті. О л кезде түнде де түсінде пырақ мініп, құс боп ұшып жүргені. Басқа жұртқа ұқсап жер баспай, кіл көкте ұшып жүргесін ол күндері бұл адам боп бетіне не ызғар, не зәр жимай, ашуланатын жерде де бет алды ыржалақтап күле беріпті. Сүйтіп, өз бақытына өзі мас боп жүріп қасындағы жарының көңіл күйін аңғармапты. Көзі ашық жүріп те құшағындағы жарының көңіл күйін аңғармағанда, бәтір-ау... Сонда, бақыт соқыр ма, әлде бақытты соқыр ма? Құс қонарында тұғыр таңдамаса, бақыт шіркін де жер басқан жұмыр басты пенденің бас-аяғына қарап жатпай, көңілі түссе, жаманға да қона салады дейді ғой. Сонда... Сол шіркін, түптің түбінде жақсы мен жаманды да теңестіріп, бақытты пендесін қаласа, бала ғып та, дана ғып та жіберетін құдіретіне сенетіні ме? Бақытты кезде сен дана болдың ба, жоқ па, ол арасын білмесең де, ал бала болғаның анық. Және соқыр болғаның да анық. Сонда бір басқа сыйған сәбилік пен сұңғыла даналықтың түпкі тегі түк көрмейтін соқыр болғаны ма? Солай болған ма, әй?!

Әйтпесе, бұл басына қонған бақыттан қаласа бала болып та, дана болып та жүрген сол кезде жарық дүние қабағына, сірә, кірбің жолатпай жарқылдап күліп тұрса, жарық күн шығып келе жатып та, батып бара жатып та күлсе, маңындағы жер басқан жанның бәрі өзі сияқты екі езуін жимай, қағанағы қарық боп жатқанда, есі дүрыс кісі, тым құрыса, қойнындағы жарының күн санап өз-өзінен азып-тозып бара жатқанын байқауға болатын еді ғой? Ал сен соны да... Жоқ, байқады. Байқап еді ғой. Қайсы бірде Бәкизаттың өз-өзінен азып-тозып жүдеп тұрғанын көргенде, бұның өзінің де жаны қосыла күйзелетіні қайда?

– Бәтіш... Бір жерің ауырып...

– А-а?

– Ауырып тұрған жоқсың ба?

Бәкизат бұған тандана қарады. Көруі көріп тұр, бірақ көріп тұрып та бұған көзі түспейтін сияқты. Тіпті қарсы алдында қолы қапталына симай, қипақтап-сипақтап тұрған кісіден көрі қасынан шыққан дыбысқа назар аудара ма, қалай?

Бір жолы бұл бір жақтан жол жүріп келсе, Бәкизат үйде жоқ екен. Анасы әлгінде теңіз жаққа кеткен деді. Бұл тізе бүкпестен ауылдың бет алдында шалқып жатқан теңізге жүгіріп барса, Бәкизат жағада жалғыз өзі... шолақ жең шыт көйлектің етегін жоғары көтеріп, тізесіне дейін су ішінде тұр екен. Бұған бұрылып қарады да, түк демей құр жымиды да қойды. Сен ауданға бара сала кідірмей кері қайтқаныңды айтқың келсе де, Бәкизаттан ыңғай болмағасын үндеген жоқсың.

Бұлар сонан қас қарайғанша жағада болды. Қайтарда Бәкизат ілгері озып, қол созым алда кетіп бара жатқан-ды. Жалғыз аяқ жолдың екі бетіндегі селдір, сұйық қамыс арасынан әлдебір аң ата жөнелді. Бәкизат шошып қап, шыңғырып жіберді. Ыршып түсіп, бұның құшағына кірді. Талдырмаш дене дір-дір етеді. Сен "Бәтіш, қорықпа. Бұл қоян ба, түлкі ме, сондай бір аң ғой",– деп жұбатсаң да, ол бірақ жуық арада өзіне өзі келе алмады. Сонан үйге жеткенше саған тығылып, жан-жағына жалтақтап қарап болған-ды.

Оған, міне, он үш жыл. Сонан бері бұлар екі балалы болды. Екі баланың екеуі де ана жатырында індетке шалынып кемтар боп туды. Әсіресе, он екіге қарап бара жатқан бұның дәл өзіндей денелі, ірі қара баланың тілі әлі дұрыстап шыққан жоқ; ақыл-есі кем. Ал, екінші баласы... Бәкизаттың аузынан түскендей аппақ әдемі қыз бала... бұл айналайын да сол қолы іштен үш саусағы кем туды. Бұған кім кінәлі? Құдай ма? Адам ба? Жоқ, әлде ант атқыр мына заман ба?

Ала-бөле бұның жеке басына түсіп отырған нәубет болса екен-ау. Әрілесе тек Арал өңіріне келген қасірет болса бір сәрі ғой. Онда неге көнбеген сорлы бас, Құдайдың салғаны осы шығар дер еді де, бұған да шыдам жеткенше көніп бағар еді. Ал мынау күллі қазақтың, қазақ халқының басына қара күн орнатқан, сұм заманның сұмдық зауалына айналып, етек алып барады. Әсіресе кеше Арал тартылып, ана жақта Семей, мына жақта Байқоңыр, ол аз дегендей Маңғыстаудың мидай жазық даласы мен Ақтөбенің қатпар-қатпар кәрі таулары, Орал мен Орданың шағыл құмдарына үсті-үстіне бомба жарып ұлан байтақ жер-су, ел-жұрт жаппай полигонға айналғалы бері бұл дүниеде қазақ татпаған у мен дерт қалды ма? Әне, жас ана құрсақ көтерсе үзірлі, кеміс бала туып, ұрпақ азып барады.

Қосқа келгесін де көпке дейін көз ілген жоқ. Қатты ұйықтаған кісілердің қорылы қамыс қосты басына көтеріп тұр екен. Ал Ұлы Октябрь мерекесінде ылғи бас бәйгені жеңіп алатын палуан жігіт сен төсекке жата бергенде қорылын кілт тыйды да, қасындағы кісіні құшыры түсе құшақтап аяғын үстіне салып алды. "Мына кәпір қайтеді, әй?" деп, сен оған шошына қарадың да, төсегіңді қара шалға қарай қозғап едің. Қырсық шалдың қырысы тарқамапты. Шырт ұйқыда жатып та тісін қышыр-қышыр қайрап, әлдекімге айбат шегіп, бақ-бақ етті. Сен қараңғы үйге құдды теке кіріп кеткендей, тіксініп қалдың. Бұнан бұрын да күнде-күнде кеш жатып, ерте тұрып, шала ұйқы боп жүргенсің-ді. Сол күні тағы да түн тыныштығынан айырылатын болғанына қиналып жатқанда, есіне Бәкизат түсті. Бәкизат басқаны кешсе де, бұның дәл осы жолғысын кешпейді. О бастан-ақ қиюы қашқан ағаштай, қисыны кеткен өмір еді, аяғы немен тынарын кім білсін? Бірақ соған кім кінәлі? Бұл ма? Бұның ит мінезі ме? Әлде, Тәңірінің қалауымен теңін тауып қосылмаған жағдайда, айт-айтпа, тірліктің ақыры осылай ырың-жырың бола ма? Кім білсін, солай болса солай шығар. Бірақ... сорыңа қарай, бұ да жетеңе кеш жетті. Егер Құдай дес беріп, жетесіне дер кезде жеткенде әлде қайтер еді? Онда, кім білсін, бүгінгі бұл халге душар болар ма еді, болмас па еді? Қайдам!.. Қайдам! Бірақ, ол кезде, сен жазған да басына қонған бақыттан басқа нені біліп едің. Көргенің де, білгенің де Бәкизат. Қайткенде соның көңілін табам деп отырса – отырып, тұрса – тұрып, көлеңкедей қалбалақтадың да жүрдің. Бірақ, әй, қойшы... әйел көңілін табатындай, сен қайбір жұрт құсап жылмаңдап жүзіктің көзінен өтіп тұрып едің? Әсіресе бабын таптырмайтын қала бикештері киінетін жерде епті жігіттер есебін тауып елп етіп сенен бұрын киімін әпере қоятын. Ал, сыртқа шығар жерде әлгі епті жігіттер тағы да сенің алдыңды орап, жүгіріп барып алдынан есік ашып, иіліп-бүгіліп жатқанда, сен бір шетте елеусіз қала беретін едің ғой. Ондайға епсіз болғасын үйленген жылы біразға дейін әйел құлқын таба білетін Әзімнен көрген, білгендеріңді істеп те ештеңе шығара алмағансың-ды. Әсіресе, бір жолы... Күледі-ау! Сол өзі, ұмытпаса, бұлар үйленген... Жоқ, келесі жыл ма еді, қалай? Әйтеуір күз-тұғын. Ол анық. Жерге қар түсе қоймаған қара суық екені де анық. Курорттан қайтқан Бәкизатты алдынан шығып күтіп алмақ боп жаман машинаны салдырлатып Аралға жеткен-ді.

Студент кезде талай көрген: Әзім қит етсе есебін тауып, Бәкизатқа гүл сыйлап жататын. Сонда жігіттің ілтифатына ырза болған қыз құшағы толған гүлді бауырына қысып, әрқайсысын бір иіскеп тұрар еді де, қара көздің қиығын кірпік астынан Әзімге күлімсірей тастар еді. Сол күні сен де Бәкизатты гүлмен күтіп алғың келді. Аралдың қашанда жел ызғып, топырақ борап жататын қиқы-жиқы көшесін кезудей кезген еді. Бірақ, не пайда... Күзгі қара суық түгіл, алты ай жазда да гүл тұрсын дені дұрыс шөп өспейтін адыра қалғыр жер емес пе... Не істерін білмей сасып тұрғанда есіне қалада тұратын таныс дәрігер түсті. Келген-кеткенде соққан сайын осы үйдің кіре берісінде кішкентай құмыра "гаршокте" жапырағы жалбыраған жасыл өсімдік тұратынын көретін. Көктемде екі-үш түйір бірдеңе қызарып, гүл жаратын сияқты еді; таныс дәрігердің әйелінен ат-түйедей қып сұрап алды. Соған өзі мәз. Міне, пойыз келді. Жапырлаған жұртпен бірге бұ да ілгері ұмтылды да, итініп-соғынып тоқтаған орта тұстағы вагонның қарсы алдына ентелеп тұра қалды. Қасында шофер. Құшағында горшок. Аралдың ұйтқып соққан ызғырық жел астында суық ұрған бес-алты көк жапырақ жалп-жалп етеді. Енді кідірсе, мына ызғырық жел тамырын үзіп ұшырып әкететіндей. Сен шынында да сонан қорықтың да, көк жапырақтар жалпылдаған горшокты балаша бауырыңа қысып, қырындап ықтай бергенсің-ді. Көзі түскен кісілер одырайып жалт қарайды. Қайсы біреулер жымиып езу тартады да, кідірмей өтіп кетеді. Оларды сен байқаған жоқсың. Вагоннан түсіп жатқан жолаушылардың арасынан күткен кісіңді көре алмай, мойныңды созып ентелей түскенсің-ді. Сүйткенше болмады... Е, міне!.. Әуелі өзінен ілгерірек оздырып ұстаған былғары сары шамадан... көзіне оттай басылды. Кірпігін қаққанша болмай, іле-шала аржақтан өзі де жарқ етіп шыға келді. Былайғы уақытта да жанары шоқтанып тұратын қара көз жайнаңдап, көңілденіп күліп шығып еді, не болғанын қайдам, саған көзі түсті де, түсі демде бұзылды. Сен оны көруін көрдің. Тек бұлайша түсі неге бұзылғанын білген жоқсың. Шыны керек, сол арада, тап сол сәтте оны ойлап жатуға сенде шама да болған жоқ. Вагоннан түсіп келе жатқан Бәкизатқа ұмтылып, қолынан шамаданды енді алам дегенде, құшағыңдағы горшокты түсіріп ала жаздағансың-ды. Қалбалақтап сасып қалғаның сонша, сен енді Бәкизаттың қолынан шамаданды аларыңды, әлде оған жапырақтары жалпылдаған горшоктегі гүлді ұсынарыңды білмей, абдырып сасып қалдың; соның ретін сен айтып жіберші дегендей жаутаңдап жаныңдағыларға қарап едің. Жұрты құрғыр сенен көзін алып қаша береді. Сосын сен әйеліңе жаутаңдап қарап:

– Мынау... Мы-нау саған...– деп едің.

– Бұл не?– деді Бәкизат.

– Гүл ғой.

– Гү-л?

– Иә, саған а-алып шыққан гү-ү...

– Есің дұрыс емес шығар...

Төбеге ұрғандай тұрып қапсың. Қолыңдағы горшокке көзі түскенде өзің де шошып кеттің. Тәйірі, қазақ ұстаған гүлде күтім қайдан болсын. Құрт жеген жапырақтар шұрқ-шұрқ тесік. Шаңы да сүртілмепті. Бұл пәледен бір сыласын тауып тезірек құтылғысы кеп, шоферді іздеп еді. Ол көк соққыр анадай жерге ұзап кетіпті. Бәкизаттың қасында мықшыңдап шамаданын көтеріп барады екен. Сен енді ағыл-тегіл халық арасынан таныс біреу кездесіп қалатындай зәрең ұшты.

Құдай оңдағанда Арал стансасының бет алдындағы алаңда бала бойындай бәкене тұғырға қондырған ұлы көсемнің бюсты тұратын. Қуанып кеттің. Жұрттың көзін ала бере жүгіріп бардың да, әлде бір кезде Аралдың қолы ұсынақты бір баласы ақ гипстен үйтіп-бүйтіп ұсқынын келтірген тақыр бас көсемнің бюстының дәл түбіне көк жапырақтары жалпылдаған кішкентай құмыра горшокты қоя салды. Сосын былай ұзай бере артына бұрылып қарап еді; көк жапырақтар жел астында жалп-жалп... Ал ұлы көсемнің тұла бойында құс саңғымаған сау-тамдық жоқ екен!

* * *

Басын жастықтан жұлып көтеріп алды. Әлденеден шошып оянып, ұйқылы көзі алақтап үй ішіне қарады. Жатқаны жаңа сияқты еді. Иә, Сырдарияға барып қайтқасын таң атқанша мызғып алғысы кеп төсегіне озған. Етігін шешіп, киімшең бойымен көрпе астына кірген. Кепке дейін башайының ұшы мұздап, жылымай қойған соң аяғын жып-жылдам бауырына тартып алған. Біразға дейін бойы жылымай бұйығып жатып, көзі ілініп кеткенді. Қанша өткені белгісіз, бір кезде түсінен шошып, көзін ашып алса... есік алдында сығырайған соқыр шамның майы таусылып, сөніп барады екен. Оянған бойда неден шошынғанын есіне алды. Кім екенін білмейді, кім де болса әйтеуір қостағы жігіттердің бірі сырттан аптығып жүгіріп кірді: "Ойбай, неғып отырсыңдар, Көк Өгіз қамаудағы суды сарқып ішіп кетті ғой". Сүйдеді де, қолымен жер тіреп отыра бере еңіреп жылап жібергені. Оянғанда осының бәрі есінде сайрап тұрса да, тек жаңағы неме есіктен еңіреп кіргенде бұл басын көтеріп отыр ма еді, әлде жатыр ма еді? Қасында кім бар, кім жоғы белгісіз, бар білетіні әлгі жігіттің аузынан шыққан жаман хабарды есіткенде тұла бойы түршігіп кетті. Зәре иманы ұшқан жігіттер сүріне-қабына сыртқа ұмтылды. Солармен бірге бұ да тажал өгізді көрейін деп отырған орнынан ұмтылатын сияқты; ұмтылуы ұмтылса да, бірақ, не болғанын қайдам, кеудесін көтеріп құр қопаңдағаны болмаса, қол-аяғы қорғасын ұйығандай қозғалтпады. Үй ішінде реңін анық аңғара алмай қойған әлдекімге әлдене деп тіл қатқысы келетін сияқты; оған бірақ дыбысы шықпады. Дыбысы шықпағанға әуелі түсінбей, таңғалып еді; іле-шала қорқып, көзі алақ-жұлақ етті. Кім білсін, ертеңгі бар үмітін қамау судың балығына артып отырған қыруар халықтың ырысын ішіп кеткен тажал Көк Өгізден қорықты ма, әлде тілі байланып, қол аяғынан айырылғанынан қорықты ма, ол арасын білген жоқ. Бар білгені: есі шығып, қалшылдап ұшып барады екен.

Бұл дәл сол кезде оянған-ды. Қос үрей көңіл жуық арада сабасына түсер емес. Басынан кешкен жаңағы сұмдық өңі емес, түсі екенін білсе де, абыржыған ала құйын көңіл аптығын баса алмай, қол-аяғына енген діріл әл-дәрменін әкетіп барады. Қараптан-қарап алқынып, қара терге түсіпті. Бұл бұнан бұрын да жаман түстен талай жүрегі шайлығып, заразат боп жүрген-ді. Неге екенін қайдам, әсіресе кейінгі кезде әлгі тажал өгіз түсіне жиі кіреді. Анада көрген бір түсінде бала кезде ауылдағы кәриялардан есітетін сол алып Көк Өгіз Арал теңізін түбіне дейін сарқып ішіп, аспан мен жер арасына сыймай, ауыл сыртындағы қырға қарай ыңыранып кетіп бара жатты. Тірлікке талшық қып отырған маңдайдағы жалғыз теңізден айырылған халық сонда да түсінде улап-шулап аза бойы қаза боп еді. У-шу, азан-қазан боп жатқан халық арасында, бұл дауыс салып өкіріп оянған-ды. Соны дәтке қуат қып, "тәйірі, түс қой",– деп мынаған да мән бергісі келмеп еді; бірақ қас қылғандай, сырттан дауыс сап кірген әлгі біреу қайта-қайта ойына түсе берді. Көз алдына елестетуге тырысады. Қанша ойласа да, сол неме бет-аузын түк басқан біреу сияқтанады. Ұсқыны соған келетін кісіні жігіттердің арасынан іздеп, ұйқылы көзімен үй ішіндегілерді тінткілеп бақты. Кезі әлденеге шоферге түсе берді. Бірақ әлгінің езуінде бықсыған темекі жоқ сияқты еді; ал мынау мықынына тұрмай төмен түсіп кете беретін шалбарын мықшыңдап қайта-қайта жоғары көтеріп әлек. Әне, өзінің әдеттегі машығымен жапырық кепканың күн қағарын төмен басып, көзіне түсірді де, сыртқа ұмтылды. Есіктен шыға бере әлденеге кілт іркілді де, құнжыңдап бұтында тылтиған шалбардың қалтасын қарап кетті. Сен онан көзіңді алған жоқсың. "Апырай, ә"– дедің ішіңнен; әлде де болса әлгінде бет-әлпін ажырата алмай қалатын жігіт осы емес пе екен деп ойлады. Ұсқыны... ұқсауы ұқсайды. Шофер басын есіктен сыртқа шығара түсті де, іштегілерге бұрылып:

– Мәссаған, безгелдек...– деді.

Жұрттан бұрын сыртқа қалай атып шыққаныңды да байқаған жоқсың. Шынында да, таң атып, дала кәдімгідей құланиектеніп қапты.

– Кеш қалдық...– деді біреу.

– Көре қал, бізден басқа жұрт арғы бетке алдақашан өтіп алды,– деді тағы біреу.

– Қазір ғой, пысықай басқарма қамау судың балығына тиісіп жатыр...

– Бол!.. Машинаны жүргіз,– дедің сен.

– Мәмент.

Бірден от алған мотор тарылға басып кетті. Жігіттер апыл-ғұпыл киініп, сыртқа жүгіріп шығып жатыр. Сен оларға қарамауға тырысып, басыңды баурыңа тығып алдың. Ойламайын десең де, осының бәрі жаңағы жаман түстің жалғасы сияқтанады.

– Ау, басқарма қайда? Түнімен ұйқы бермей, дүрліктіріп бітіп еді ғой?

Онсыз да зығыры қайнап тұрғанда бұ да кісінің жүйкесіне тиіп бағады. Тиіссін, тиіссін, тіпті жүйкесін неге жүндей түтпейді.

– Кеттік! Машинаға отырыңдар!

– Асығатын не бар. Болса да қамау судың қызығынан құр қалдық,– деді Көшен. Сен сөз таластырып жатқан жоқсың. Кабинаға қарғып міндің де, әмір күтіп отырған шоферге иек қақтың:

– Кеттік!

– Мәмент!..

Сырқылдақ машина салдырлап-күлдірлеп келеді. Шоферде үн жоқ. Сен де жұмған аузыңды ашқан жоқсың. Көңілге алмайын десе де жаңағы түсі құрғыр ойынан шықпады. Үлкен іске талаптанып отырғанда мынау бұларға Тәңірінің сездірген тағы бір тосын жамандықтың нышаны болмаса не қылсын? Есіне қайын енесі түсіп, мырс етті. Кейде сол қақсал көріпкел сәуегей ме деп қалады. Сол емес пе, қит етсе, бұған: "Тіріде талабы ілгері баспаған сорлы. Екі елі маңдайына жазған тиесі сыбағадан қағылып құр қалатын қырсығы бар",– деп табалайтын. Сол бекер ме? Қамау судың балығын күреп алатын жерде қара басып ұйықтап қалғанын көрмейсің бе?.. Апырай, түнімен көз ілмей шығып, таң алдындағы бір тұтам тәтті ұйқының алып ұрғанын қайтерсің.

"Райымның" тышырақайы есіне түсті. Ол қазір қамау судың балығына белшесінен батып жатқан болар? Жолы болғыш сыралғы неме мынадан кейін есіріп шыға келер-ау. Томпақ көзі зыттиып, бүйректей беті быттиып, тақылдақ даусы қазір тіпті түбі түскен шелектей таңқылдап, қамау судың балығына қарық боп жатқан көңілді кісілердің арасында қаңқылдап жүрген шығар.

Ашық машинада үнсіз келе жатқан кісілер кенет шу ете түсті:

– Ау, әй!.. Мыналар бұнда жүр ғой?!

– Арғы бетке өтпеген бе? Әлгі тас қайнатар қайда?

– Әне, о да осында...

– Шамасы, мұз әлсіз болды-ау?.. Әйтпесе, ол өтер еді ғой?

Салдырлақ машина Сырдария жағасында иін тірескен ығы-жығы кісілерге қатарласа бере тоқтады. "Райымның" тор-тұзақ тиеп алған көк қасқа машинасы да анадай жерде өткел бермей тұрған өзенге тұмсық тірей тоқтапты.

– Жәдігер аға, кеш келдіңіз ғой?

Жігерлі жас дауыс құлағының түбінен таңқ-таңқ етті. Қапталдаса берген жігітке бұл көз салмай тек бас изеді де, ілгері өтіп кетті. Қысқы күн дарияның арғы бетіндегі алыс көкжиектен төбесі жаңа-жаңа қылтиып келеді екен. Дүниені ар жақ-бер жақ қып екіге қақ бөліп тұрған дария қазір тұла бойын шынымен қаптап тастағандай шыңылтыр. Алыстан жеткен әлсіз сәуле шыны мұздың әр жер-әр жерінде жылдам тұтап, жылдам сөніп жылт-жылт етеді. Сен жайлап басып мұзға түскенде жағада әр нәрсенің басын бір шалып қауқылдасып тұрған кісілер жым бола қалды. Бәрінің назары бірден саған ауды. "Бұл не істер екен, көрейік" дегендей бәрі аңтарылып қапты. Сен көп назарынан қысылған бойыңды сөлекет қозғап, ілгерілеп бардың да, тоқтадың. Неге бүйтті? Оны өзі де білген жоқ. Осыдан былай қарай, бұл не істесе де, бұның ендігі ісінің бәрін бұның өзінен басқа өзге біреудің билеп-төстеуімен істеп жатқан сияқты. Сен сияқты о да осы арада не ілгері жүрудің, не кейін кетудің есебін таппай, екі ойлы боп дағдарып тұрғанда, жаңағы жігерлі дауыс сенің ту сыртыңнан таңқ-таңқ етті:

– Мұз әлсіз. Кісі көтеруін көтереді, бірақ машинамен өтуге... Жәдігер аға, шынын айтқанда, біз жүрексініп тұрмыз.

– Солай де?

– Иә, солай. Су – тілсіз жау. Бұл бар болғырдың астында тіреуіші жоқ қой.

– Тіреуіш жоқ дейсің, ә?

– Әрине, тіреуіш жоқ. Ал сіз... Сіз қайтпексіз?

– Біз бе? Біз... Әй, бала, сүйменді әкел!

– Мәмент!

Шофер сенің қолыңа ұңғысына кендір жіп байлаған темір сүйменді ұстата берді. Сенің ойыңды жаңа түсінген пысықай жігіт әлденеге тызалақтап кетті.

– Жәдігер аға, бекер әуре болмаңыз... Мұзды біз жаңа байқап көрдік.

– Біз де көрейік.

– Сумен ойнауға болмайды. Су – тілсіз жау.

Пысықай жігіттің сөзіне құлақ асқан жоқсың. Дарияның ортасына дейін бардың да, қолыңдағы темір сүйменнің жебесін ілгері қараттың да, бар пәрменіңмен жіберіп қалып едің, уысыңнан сып берген сүймен көк мұзға кірш етті. Бірақ аржағына тесіп өтпей, қадалған жерде дірілдеп тұрып қалды. Сүйменнің тұмсығы қадалған жерден сызат су шықты.

– Айттым ғой. Әлсіз дедім ғой. Көзің енді жеткен болар? Ертеңдері болмаса, жүгі бар машинаны көтере алмайды.

Мұздың әлсіз екенін сен де көріп тұрсың. Астында тіреуіш жоғын да білесің. Терең судың тілсіз жау екені де рас. Сонан келе... бұны бүгіндікке әлде бақыт, әлде сорына бастап тұрған бұның өзінен де басқа, көлденең бөгде біреуге жалтақтап қарай ма? Осы тұрғанда бұны билеп-төстеп тұрған бұның өзінен басқа әлгі көлденең бөгде біреумен бір пәтуаға келе алмай, екі жақ боп іштей тартыса ма? Бұның өзі де екі жақтың қай жағын ұстарын білмей, көзін сүйменнің мұзға қадалған ұшынан айырмай толқи ма, қалай? Балықшылар жаңа қатқан жас мұздың ауыр салмақтан майысса да, бірақ жуық арада сына қоймайтын жан созғыштығына сүйсінгенде бұны жігіт мұз деп дәріптеп жатушы еді. Бұл шіркіннің қанша жас, қанша жігіт болғанда соңыра жанынан түңілген әлде біреу тәуекелге бел буғанда бұның не кәдеге жарарын кім білсін. Ал қазір сүймен ұшынан су шыққанын ұнатпай жүрегі шайлығып тұрған-ды.

– Жәдігер аға, сау болыңыз! Біз кеттік,– деді таңқылдақ.

– Сау бол!

– Қамау судағы балықтың қызығын, бұйырса, ертең көреміз. Ал сізге айтар ақылым, бүгін әуре болмаңыз, қайтыңыз! Қосқа барып, ертеңге дейін дем алыңыз!

Қудай қылса қайтесің, "Райымның" тас қайнатар пысықай немесі де тілімді ала қоймады деп бұған тырсияды. Оның кеткеніне қуанды. Сен әлі де болса, сенің езіңнен басқа әлгі көлденең бөгде біреумен бір пәтуаға келе алмай, екі ойлы қалпың жағада тосып тұрған кісілерге келдің.

– Ал, Жәдігержан...– деді Сары Иван.– Мұзды көрдің ғой?

– Көрдім...

– Ал, не шештің?

Сен анталап аузына қараған кісілерден көзіңді алып қашып сырттай бердің.

– Ау не істейміз?

Сен аяқ астында жатқан әлдебір тасқа көзің түсті де, ұзын қоныш етіктің тұмсығымен арлы-берлі қаққылап, тебе бастағансың-ды.

– Әй! Әй! Қамау судың балығы тап мына үндеместің аузында тұрса да, мен кеттім.

Бұрын осы шалдың тілінен әзірейілдей қорқушы еді; осы жолы иманы селт етпеді; бұл жолы қайта бұның өзінің де арғы жағынан әлдебір дүлей бірдеңе тұла бойындағы тікенектерін тікірейтіп, зәрін жиып, зорайып келе жатқан сияқтанды.

– Айтса да... Кәне, не істейміз?– деді шыдамын тауысқан біреу.

– Иә, құрдан-құр тұра бергеннен не шығады. Онан да қосқа барып жан баққан дұрыс.

– Мұз әлсіз болғасын біз түгіл, ана тас қайнатардың өзі де тәуекел ете алмай тұр ғой.

– Ой, ол пәле ғой. Кәпірдің іші сезіп тұр ғой. Су – тілсіз жау.

Кісі шіркінде өзін көлденеңнен көретін көз болсашы. Сірә, бұның түсі қатты бұзылып кеткен болуы керек. Әйтеуір, бұған кезі түскен бойда шофер тілін тістегендей мойнын иығына тығып ала қойды. Ол түгіл бұның бір ісіне ырза болмай, осқырына беретін Көткеншек Көшеннің өзі кенет жуасып:

– Бастықсың. Билік те, хандық та өзіңде. Қалай шешсең де еркің, – деді қара тонның ұзын жеңін қиқарлана сілтеп.

Қалай шешерін бұл әлі білген жоқ; ол жөнінде ойлап та тұрған жоқ-ты. Бұл тек аржағында өз-өзінен өсіп, өніп келе жатқан әлгі бір тұла бойы түк-түк дүлейді бұнан артық тежеуге дәрмені жетпесін білді де:

– Тәуекел, жігіттер!– деп еді, Сары Иван өз құлағына өзі сенбегендей, қайырып сұрады:

– Жәдігержан, не дедің?

– Тәуекел, аға...

– Шырағым-ау, сонда бұны қалай түсінуге болады?

– Қалайы сол, арғы бетке етеміз.

– Шырағым, сумен ойнауға болмайды ғой. Өзің дұрыстап ойландың ба?

– Ойладым, тәуекел!

– Апыр-ай, шырағым-ай...

Бұл енді ешкімге құлақ аспады. Шеткері тұрған төрт-бес жігітке иек қағып, "соңыма еріңдер" деген ишара жасады, бұл жылдары үндемес басқарманың көңіліндегіні көбіне көзінен танып, қас-қабағынан аңғарып, ишара-ымынан ұғып үйренген жігіттер сол жолы да онан "не істейміз?" деп сұраған жоқ-ты. Басқарманың ойын іштей ұғып үйренген кісілер әсіресе сол жолы бұл не істесе, олар да үн-түнсіз соны қайталады; бұл тор тиеген машинаға қарғып мініп еді, олар да дереу борт тақтайға жан-жағынан жармасып үстіне шықты; сосын бұған қарап бәрі де жеңін түріп сыбанып алды; сосын күректей қолдың кек мүйіз алақанына түкіріп-түкіріп алды. Бұл алда, олар артта. Басқарманың соңынан екі елі қалмай еріп жүріп, түнде өздері машинаға тиеген үш жүз құлаш қара тордың жанына ұзын-ұзынынан қатарластырып тастай салған екі бөренені жерге түсірді. Бұның ар жақ ойын тағы да айтқызбай ұққан айналайындар әлгі ұзын екі бөрененің бірі ана, бірі мына басына тұра қалды. Осы жолы да басқарманың ар жақ ойын айтқызбай ұққан жігіттер екі басынан көтерген бөренені үн-түнсіз іштерінен ұғысып қара тор тиеген машинаның бауырының астындағы кісі беліндей күпшек темірге бірін алдынан, бірін артынан кесе көлденең орналастырды. Сосын екі басынан жуан кендір арқанмен қатты тартып байлап тастады. Соңыра жазатайым мұз жарылса да, машина тұрқынан екі жағына құлаштан астам озып шыққан мына бөренелер суға батыра қоймай, сатырлаған сеңдерді қармалап ұстай қалатын амал-тұғын. Қалған кісілер араласқан жоқ. Құптады ма, жоқ па, аржақ ойы ішінде, үнсіз бір-біріне кезінің астымен қарап тұрған-ды. Олар ес жиям дегенше сен шоферге иек қақтың:

– Кеттік!

– Аға-еке-ау... Мұз... мұз әлсіз ғой.

– Оны кім айтты?

– Осы жұрт... Сүйдеп... Сосын жаңа "Райымның"...

– Оны қайтесің, өлсек бірге өлеміз. Айда, отыр!

Бұрын бұндайда "мәмент" деп жұлқынып шыға келетін жігіт осы жолы бұнан көзін алып қашып, шегіншектей берді.

– Кілтті әкел!

– Аға-еке-ау...

– Әкел-л!

Шофер әзірейілдей үстіне төніп қалған ірі қара кісіден ығысып, артына шегіне берді. Көлденеңнен көмек күткендей жалтақтап жанында тұрған Көткеншек Көшенге қарап еді, әншейінде ашу-ызасы әзір тұратын қиқар шал сол жолы тұтанбай:

– Бізге ендігі жетпегені суға кету еді,– деді де, қойды.

– Кілтті әкел!

Даусы қатты шықты. Шоферге қатулана созған қарулы қолдың бақандай саусақтары енді сәл кідірсе алқымнан ала кететіндей, иек астына барып қалған еді; шофер басын иығына тығып апты. Кілт ұстаған қолын қалтасынан шығармай, артына қарай шегіне берді. Оның өз ықтиярымен бере қоймасын байқады да, бұл кілтті оның қолынан жұлып алды. Сонан соң... Құрысын, сонан кейін ұйқы-тұйқы болды да кетті! Қимылы шалт. Шұғыл. Кілт қолына тие салысымен ырғып машинаға мінді. Мотор дүр етті. Машина тұрған орнынан қозғалғысы келмегендей, бір жұлқынды да, итініп қайта тоқтады. Бірақ іле-шала ақырын қозғалды, ілбіп мұзға түсті.

Осыған дейін жігіттер көз ілеспей жатқан қимылдан естерін жия алмай аңтарыла қарап тұрған-ды. Тек ілбіп ақырын қозғалған машинаның бауырындағы төрт доңғалақ мұзға түскенде, оларға да тіл бітті.

– Мына сорлы қайтеді, әй? Ажалынан бұрын өлер. Әй! Әй, тоқта!

– Тоқта!

– Қайт! Мұз әлсіз.

– Су – тілсіз жау.

– Мынаған не болған, әй?.. Есі дұрыс па? Қайт!

Жүгірген кісілер топырлап мұзға түсті. Тағалы етіктердің топырлап, дүрсітіп басқан дыбысына дабырлаған дауыстар қосылды. Сол ала-жабыр у-шудың арасынан әсіресе қу тақтайды дәл сондай тағы да бір қу тақтайға қатты-қатты қаққандай, таңқылдаған бір дауыс жер түбінен жан ұшырып келеді.

– Мынау есуас екен ғой. Суға кетеді! Өледі! Тоқта! Әй!.. Әй, сендерге не болды, тоқтатыңдар ана есуасты!

* * *

Жағалаудың күресін мұзына түскесін-ақ жаман машинаның жүрісі бұзылып қиқалақтай бастады. Жаңағы таңқылдаған жігерлі жас дауыс кенет пышақпен кескендей тиыла қап еді; сен онан оп-оңай тез құтылғаныңа қуанғаныңша болмай, жігерлі дауыс бұл жолы дәл құлағының түбінен таңқ-таңқ етті:

– Қайт! Қайт!

Құлағын тесіп бара жатқасын тұсындағы есіктің әйнегін тарс жауып алды. Пысықай неме айтқанын тыңдата алмағанына ызалы. Машинамен қапталдасып жүгіріп келе жатып, қаңылтыр капотты жұдырықтап, қаңғырлатып ұра бастады. Ара-арасында бұған екі жұдырығын бірдей түйіп бірдеңе дейді. Сен не дегенін есіткен жоқсың. Бірақ, не деуші еді. Көп болса бұған: "Қайт! Сорлы, өлесің"– дейтін шығар. Оны дәл қазір жанын шығара дызалақ қақтырған бұның ажалынан бұрын өлетіні емес, өзінің көзінен бір-бір ұша бастаған арғы беттің балығы екенін ішің сезді де, күліп жібере жаздағансың-ды. Күлер де еді. Пысықай жігіт ытқып машинаның алдына шықты да, қолын көтеріп қарсы қарап тұра қалды. Мына түрі: "Жібермеймін. Өтсең, тек өлігімнің үстінен өтесің",– деп шынында да, салдырлап-күлдірлеп келіп қалған машинаның алдынан өлмей қозғалмайтындай талтайып тұрып алды. Сен сасып қалдың. Бірақ іле-шала тез ес жиып:

– Ой, әкеңнің...– деп айқайлап боқтап жібердің – Өлгің келсе, сені... сен итті доңғалақтың астына салып мылжаңды шығарайын-ай!

Көзіне қан толып кетті. Аяғы астындағы газды ызалана басты. Газ басқанда машина дәл бір сүзеген бұқадай гүжілдеп ағыза жөнелген еді-ау!

Оған да қазір бір жетінің о жақ-бұ жағы. Сонан бері де басынан талай оқиға өтті. Бұл бүгін ұясы бұзылған құстай, үйге симай айдалаға шығынып кетті. Енді, міне, түс ауды. Балықшылар аулының бет алдында ақ қар, көк мұзда ертеден бері екі аяғынан сарсылып тұрып сол оқиғаны ойлағанда жолын кеселеп тұрып алған тас қайнатар пысық жігітті сол арада шыныменен машинаға бастырғалы табаны астындағы газға қалай дәті жетіп бар пәрменімен кіжініп басқанына қайран. Бұл не, ожарлық па? Өжеттік пе? Соның қайсысы болса да, мынау бұның бойында жоқ оқыс қылық еді. Кім білсін, күйік көтергенде көзіне қан толып кетсе кеткен шығар. Сол арада ала көздің ақиып кеткені анық. Доңғалақтың астына түсер деп еді, жаны тәтті неме жеме-жемге келгенде жалт берді.

– Мынау ішіп алған ғой... Мас қой...

Бұны есіттің. Бірақ сонан кейін оның не дегенін есіткен жоқсың. Тек жаны тәтті неменің салдыр-күлдірлеп келіп қалған машина енді басады-ау дегенде жалт беріп еді; аяғы тайып, шалқалап құлап бара жатқанын көрді. Бұған енді Көшен қатарласты. Қара тонның екі етегі далақтап кеткен. Кабинаның бұл отырған жағына қапталдаса бергенде сүрініп жығылды. Сол бойда ұшып тұра сала қайта қуып жетті. Қатарласа бере бұған бірдеңе деп айқайлады да, өкпесі қысылып бара жатқасын кейіндеп қала берді. Қара шалмен шалғайласа жеткен жігіттер де бұған қолын бұлғап, бірінен-бірі дауыс асыра айқайлап жатыр:

– Суға кетесің! Қайт!

– Тоқ-та!

– Тоқ-та-а!

Осы кезде үсті басы алау-далау біреу есік тұсындағы басқышқа қарғып мініп, жақтауға жабыса берді. Бұның шофер бала екенін байқаған жоқсың. Тек қолыңдағы рөлге жабыса бергенде жының ұстап кетті де, кеудеден түйіп жібергенсің-ді. Сен оны да білесің. Жақтаудан қолы жазылып кеткен шофер аяғы ерең-сереңдеп құлап бара жатты. Осыған дейін машинадан қалыспай қапталдасып жүгіріп келе жатқан кісілер төбеге ұрғандай тоқтай қалды. Машина жүрісі мандымай қисалақтап келе жатқан-ды. Алдыңғы доңғалағы айнадай жап-жалтыр мұзға іліккенде суға салған қайықтай бауыры сызып жүре берді. Әлгінде әр доңғалақты бір қағып жүрісін мандытпай діңкелеп болған күресін мұз артта қалды. Рөл қолға күш түсірмей, ойнап шыға келді. Сосын бұ да көңілі орнына түсіп, сыртқа көз салып еді, бетіне қылау тұрмай мөлдіреп жатқан мұздың аржағы бір түрлі жүрек шайлықтырып қарауытып қоя бергені. Дарияның осы тұсы терең еді. Бұл көзін тоқтатпай, бұрып әкетті. Осыдан кейін ол жаққа қарамаса да, газ басқан аяғына діріл енген сияқты. Сүймен ұшынан су шығатын жерге әлі жеткен жоқ; машина ілбіп келеді.

Көңіліне алмайын десе де, күдік пен қорқыныш қаумалап тұрып алды. Машина ауырлап бара ма, әлде мұз әлсіреп бара ма, ол арасын білген жоқ. Тек машинаның баурындағы төрт доңғалақтың асты шатыр ете қалатындай, шытырлап зәре ала бастады. Бұның ақыры немен тынарын білмесе де, екіталай жағдай бола қалса қамсыз болғысы келмеді де, өзі отырған жақтың есігін ашып қойды. Сосын ашық есіктен бір аяғын сыртқа шығарып, орындықтың шетіне таман ысырылып отырып еді; оны өзі біледі. Сырдарияның түбін аңғартпай түксиіп жатқан терең жеріне жаңа алдыңғы доңғалақ іліне бергенде шыны мұз құдды шатыр ете қалатындай шытырлап кабина іші үрейге толып кеткен еді ғой. О да есінде. Сен оны да білесің. Сен тек сол арада аузың жыбырлап, әлдебір құдіретке жалбарынып келе жатқаныңды білген жоқсың-ды. Татар дәм осы арада таусыла ма, жоқ па, оны да білген жоқсың. Алланың аманатын тапсыратын жазмыштағы жер осы болса, е, онда амал қанша. Онда мойнын аққа ұсынып, ілгері жылжығаннан басқа амал бар ма? Оны машина да сезе ме, қалай, бауырын жаза алмай, бүгежек-бүгежек етеді. Қабажақтай мұз қаттырақ сықырласа да тұла бойындағы ілініп-салынып тұрған ағаш, темір салдырлап қалшылдай бастайды; машина да, бұл да сықырлаған мұздың кенет шатыр етіп қақ айырылғанын күтетіндей. Жаңа ішінен күбірлеп отырған-ды, енді рөл ұстаған қолы дірілдеп, даусы да қатты шығып "Аллалай" бастады. "Иә, Алла!.." деді; "Иллаһи Ил Алла..." деді. "Шиеттей қатын-баланың көз жасы мен жілігі шағылған жаңағы пақырлар... Олар да адам ғой... Аясаң еді; бишаралардың сағын сындыра бермей, рахымың түсіп... Иә, Алла! Ата-баба, аруақ... Жар бол! Қолда! Қолдай гөр!" деді. Деуін десең де, сен бірақ дәл сол сәтте аузыңа не түсіп, не қойып жатқанын білген жоқсың-ды. Әйтеуір, шыбын жан шырқырап көзіңе көрінді. Сосын жаны қысылған жұрттың бәрі сияқты сен де дүниеде өзің білетін жалыну, жалбарынуды тілің жеткенше бір құдіретке бағыштап едің-ау! Жердің, көктің, судың, күллі айдай әлемнің қожасына, жаратушы Тәңірге тағы да жалбарынып "Қолда! Қолдай көр!.." дей түсті де, кілт тоқтады. Әй?.. Әй, мына жазғанға не болды, әй? Тұрып қалғаннан cay ма? Әлгінде ғана ыңыранып келе жатқан мотор неге әп-сәтте дыбысы шықпай қалды? Құлағын тігіп еді. Шынында, миын шағып болған мына бір сықыр-сықыр, шытыр-шытырмен лүпілдеп соққан бұның өз жүрегінің дүрсілінен басқа дыбыс естілмеді. Сосын машина тоқтап қалған екен деп газды қаттырақ басып қалғанда, мотор дар-р етті. Жо-қ, жұмыс істеп тұр ғой. Қайтсін, бұл пақыр да өмір үшін жанталасып, қыбыр-қыбыр қозғалып келеді екен.

Дарияның ортасынан асқан сияқты. Сүймен ұшынан су шығатын жерді, шамасы, бұл байқамай өтіп кеткен болды. Тер құйылған көзі удай ашып барады, сүртейін деп еді, қолы қарысып қалған ба, рөлге жабысқан саусақтар жайылмады. Тұла бойындағы онан басқа мүшелердің бәрі сіресе-сіресе сіңірге айналғандай. Тап қазір бір мүшесін қозғамақ түгіл, демін қаттырақ алса да, онсыз да мына төрт доңғалақ астында сына жаздап сықыр-сықыр, шытыр-шытыр майысқан әлсіз мұзға артығырақ салмақ түсетіндей. Артық салмақ түскен де болар-ау. Жаңа ғана бүгежектеп изер еткен мұздың әлдебір жері омыртқасы үзілгендей күтір етті. Сен дір етіп, сасқанда жаңа тілі жеткенше жалбарынып отырған Тәңірі аузыңа түспей қалды. Рөлден тас қып ұстап алған екі қолы бірдей уысын қыса-қыса қарысқан. Газға созған аяқтың сіңірі тартылып қалған. Әлгінде қара иірімге назары түскенде, үрейлене ашылған көз сонан кейін кірпік қақпай сықырлаған мұзбен жағаласып кеткен-ді. Сол, сол екен тұла бойындағы тамырлар түгел құрысып, сіңірлер түгел сіресіп, жүйкелер де ширыға-ширыға ақырында шиыршық атып түр. Құлағының іші де біреу ар жағында шыны сындырып жатқандай, сықыр-сықыр, шытыр-шытыр...

Жаңағы күтір еткен мұз зәре алып қана қоймай, кідірмей тағы қайталарын білді. Жә, қорқары жоқ... Қайталаса қайталасын. Неге күл талқаны шықпайды. Бұл сорлының татар дәмі дарияның арғы бетіне өтуге жетпей, қаласа мына табан астында сықыр-сықыр майысқан тілдей мұздың бір жерінде таусылса тіпті құба-құп. Бұнда ала алмай жүрген өші бардай, өмір бақи өкшелеп, соңына түсіп алған тас бауыр тағдырдың бұған әлде де қылары болса қылып қалсын. Аспанды үстіне құлатса да мейлі! Тек сол болса тезірек болса екен! Тез болғанда да тап қазір болса екен! Бәлем, бұл сүйтіп сазайын тартса екен! Көті көрініп қалған дүние шіркіннің бұл қимайтын несі қалды? Қара құрдым бұны қазір машинамен қоса жұтар-ау. Сонда пәни жалған шыбыш ешкі құйрығындай бір сермеуге де жарамай, шолтаң етіп ете шықпай қайтер дейсің? Бұл өкінбейді. Өйткені өзі кінәлі. Өзінің ит мінезі кінәлі. Ит мінездің арқасында бұл жазған өмір бойы басына дүниедегі қиындықтың ылғи азабы мен ауырын тілеп алды. Бұл жаңа да сөйтті. Бұнан ана тас қайнатар әлдеқайда кешелі боп шықты. Есіл-дерті арғы беттегі қамау судың балығы бола тұрса да, көрмейсің бе, жеме-жемге келгенде, қақпан үстін баспайтын кәркесте түлкідей қатерлі жерге аяқ баспай қойды. Апыр-ай! Апырай, өзге өзге-ау, тіпті қиқар шал... Ол екеш ол да шыр-шыр болды ғой. Шофер жағаласып рөлге жармасты. Сүйтсе олар бұның ажалынан бұрын өлерін білген болды. Ажалынан бұрын өлерін тек бұның өзі білмепті. Білмеді ме? Білсе де, бұны Бәкизат айта беретін сол ит мінез... Жо-қ, мінезден көретін ештеңе жоқ; бұны арандатқан өзінің тас маңдай тағдыры. Ендеше түсіне Көк Өгіз тегін кірген жоқ. Бір өңірдің халқы беті-жүзіне қарап отырған қамау судың балығын құрдым Көк Өгіз көл-мөлімен қоса жұтып қойғаны қайдан тегін болсын. Бәсе, көз ашқалы қыр соңына түсіп алған қырсықтың аяғы ақырында осындай бір кесапатқа әкеп соқтырмай тынбаса керек-ті. Е, міне!.. Соқтырды! Соқты! Көктен жай түскендей шатыр етті. Машина тебеген аттай, артқы доңғалағын көтеріп мөңкіп-мөңкіп кетті. Мөңкіген машинамен бірге бұ да ілгері қарай етбеттеп бара жатты. Бір амал істемесе қазір-ақ маңдайымен мұзды сүзе құлайтындай. Онан сайын зәресі қалмай, жандәрмен қолынан шығып бара жатқан рөлге жармасып еді, бірақ қапелімде рөл уысына ілікпей, бауырында бұлқынып-бұлқынып қалды. Артқы доңғалағы өтер-өтпесте шатыр еткен мұз іле-шала күтірлеп ала жөнелді. Артқа қарай шойқаң етіп отыра берген машинаны су астынан сопаң етіп атылып шыққан соламандай бірдеңе артқы екі доңғалақтың арасына дүңк етіп қатты соқты; оның сең екенін сен білген жоқсың. Жаныңды бір ажалдан алып қалған осы сең екенін білсең де сен кейін ес-түсіңді жиғасын білгенсің.

Машина жаңағыдан кейін бойын тіпті билей алмай, екі жағына кезек теңселіп, салдырлап-күлдірлеп ала жөнелді; сен шайқалақтап құлап бара жаттың. Қос қолдап ұстай алған бауырыңдағы рөл өзіңмен бірге аунады. Сен рөлдің астына түсіп, рөл сенің үстіңе шығып бара жатты. Соның ар жағы... Құрсын, соның аржағын бұл кейін қанша ойласа да, бас жоқ-аяқ жоқ, үзік-жұлық бірдеңе есіне түсті. Онда да күтірлеген мұз; шайқалақтаған машина; шайқалақтаған машинаның кабинасынан ұшып түсе жаздап, бөксесі былғаң етіп ана есікті бір, мына есікті бір соқты. Жанталас үстінде жанарын билей алмай қалған көз алақ-жұлақ; не боп, не қойып жатқанын білген жоқ; бар білгені – аспан үстіне құлап бара жатқан сияқтанды. Ол өзі аспан ба, әлде басқа ма, оны жөндеп айыра алмады. Не де болса, көзі шалып қалған тас төбедегі сауыс-сауыс бірдеңенің шалғайы бұның құлап бара жатқан жағына қарай бір бұлғаң етті. Сонан кейін бұл тіпті бойын билей алмай шайқалақтаған машинамен бірге шайқалып, іле-шала екінші жағына қарай жығыла бергенде жаңағы сауыс-сауыс нәрсе көз алдынан тағы бір бұлаң берді. Бірақ оның неге бүйтіп бір олай, бір бұлай бұлғаңдап жатқанын ойлауға шамасы келмеп еді; машина әлі де бір ана, бір мына жағына аунап сарт-сұрт, салдыр-күлдір. Кузовта да әлде бірдеңе әлде бірдеңені тепкілеп тарс-тарс, дүрс-дүрс. Жүрек шапшып алқымға тығылды. Рөлден бір ұстап, бір айырылып қап жатқан қол қай жағын қармаласа да, қатты бірдеңенің қырына тие берді. Төрт доңғалақ көк тайғақ мұзға қайта тиіп дік-дік тұрар-тұрмаста машинаның бауыры астынан су шалпылдады. Ілгері қарай лап берген су қапелімде машинаның алдына шығып баратты. Аяғы газдан да, тормоздан да шығып кеткен-ді. Екі аяқтың екеуінде де табан астындағы тілдей темірді демеп жіберер дәрмен қалмаған. Екі қары салдырап көтертпеді.

Бір жақсысы... әйтеуір, мотор сөнген жоқ; машина да тоқтаған жоқ, жүріп келеді; соған дәтке қуат қылды да, бауырындағы рөлге басын салып жата кеткен еді-ау! Осыған дейін түп-түгел ширыққан жүйке мен тұла бойдағы сірескен, құрысқан, тартылғандардың бәр-бәрі құдды тарқатылған жіптей күрт босап еді; тек темір затында бола бермейтін жансебіл өлермендік мына жаман машинаға қайдан біткенін қайдам. Жаңағы жанталастан кейін төрт доңғалақ түгел су кешіп, әлі де сырғанап келеді. Арғы бет жақын қалған сияқты. Сол жақтан селдір қамыс, секейген бұталар көрінді. Заулап келе жатқан машина емес, машинаға қарсы сирағы сидаңдап зырлап келе жатқан арғы беттегі қамыстар мен бұталардың өздері сияқты. Әйтеуір қара жер орнында екен. Аспан да орнында. Дүние жаралғалы қара жерге жоғарыдан қарап мөлиетін де тұратын бұл байғұс та өзінің қара орнында қалқиып тұр. Тек қыс пен күз аралығы болғасын ба, жауары да, жаумасы да неғайбыл. Суық сұр бұлт жабағы жүнденіп, аспанның сұрқын қашырып, салбырап-салбырап тұрған еді-ау. Ол ғой желтоқсанның он жетісі еді... Сонан бері... он сегіз, он тоғыз, жиырма, жиырма бір, жиырма екі... бүгін жиырма үші. Бүгін де, міне, дәл сондағыдай, жабағы бұлт салбыраған сауыс-сауыс аспан. Сол күні бұның көз жасы Құдайға жетті ме, әлде ата-баба аруағы қолдады ма, әйтеуір қатыгез тағдырмен тайталасқан тағы бір жағаласта мына жансебіл жаман машина екеуі жанын жалдап жүріп, өлдім-талдым дегенде арғы беттегі қамау судағы балыққа қолы жеткен еді-ау. Есіне тас қайнатар түсті де, күліп жіберді.

Жасаураған көздің жанарын билеп жоғары қарап еді... О, Жасаған!.. Жаппар Ие-ау, мына сұрғылт аспан салақ қатынның шалғайындай сауыс-сауыс сиқына қарамай жымия ма, қалай? Өз екпінімен сырғанап келе жатқан машинаның алдынан кенет атысқан-шабысқан бірдеңе андыздап шыға келді. Сен ес жиям дегенше болмай, машина гүрс етіп тұмсығымен соқты...

Осы оқиға кейін есіне талай түскен-ді. Түсіне де кірді. Түсінде де жер астынан шыққандай қарсы алдынан ақсиған-сақсиған бірдеңелер шыға келеді. Түсінде де дәл өңіндегідей, әлгі ақсиған-саңқиғандарға машина тұмсығымен соғады. Содан кейін түсінде де әрқашан қара терге түсіп ұрынып қалатын да, кеудесі қысылып, ыңырсып оянатын. Көзін удай ашытып бара жатқан ащы терді көрпенің шалғайымен сүртер еді де, ұйқылы-ояу жатып осы оқиғаның сонан арғы жағы қалай болғанын еске алатын. Еске алған сайын сүймен ұшынан су шығатын жерден аман өткеніне таң қалатын. Жаңа қатқан жас мұз... Бұл айналайын, шынында да, жігіт десе жігіт екен ғой деп сүйсінетін. Сәптіреген сана не боп, не қойғанын есіне жөндеп түсіре алмай, бірді бірге шатастыра беретін. Кеудесін рөлге салып сұлық жатқан-ды; сонан бір кезде әлдеқайдан алыстан шыққан бір ызың әлсіреп жеткен еді-ау. Бұл әуелі мән бермеді. Тек әлгі дыбыс құлағында қайта тірілгесін, зейін қойып тыңдап еді; бұл жолы ызыңға әл бітіп, бірте-бірте бері жақындап келе жатқан сияқтанды. Құлағын тігіп қайта тыңдағанда әлгі дыбыс анығырақ есітіліп, мынау көп кісінің топырлап басқан аяғының дүрсілі сияқтанған-ды. Иә, қателеспепті. Көп кісі дабырлап келуі келсе де күресін мұзға тұмсығын соға тоқтаған машинаның артқы доңғалағына деңгейлесе бергенде кілт тиыла қалды. Тыныштық ұзаған сайын бұның да көңілі құлазып, жалғыздығын жаны күйзеле сезген-ді. Көңілі босап, көзіне мөлтілдеп жас кеп қалды... Арт жақтан әлдебіреулер аяғын ақырын, еппен басып келе жатқан сияқтанды. Міне, қасына кеп мойнын созып кабинаға үңілді. Әлдебір қол бұны иығынан ақырын қозғады. Балаша аялап жүрген әлгі қол рөлден бұның басын көтеріп еді; тынысы кеңіп сала берді. Уһ-һ!..

– Әй!.. Тірі! Келіңдер!

– А, Құдай!.. Жасаған! Ие, азаматым аман екен ғой. Аман... Аман екен...

Тәйірі, қуанған кісіде пәтуа болған ба. Жаңа ғана бірінің тасасына бірі тығылып, бата алмай тұрған кісілер кенет дабырлап, үйме-жүйме боп үстіне түсті де кетті.

Біреулер басын сүйеді. Біреулер терін сүртті. Біреулер саусақтары қарысып қалған қолын рөлден жазса, енді біреу аузына су тосып абыр-жабыр. Бұл әлі де шала ұйқы кісідей сүлесоқ хәлден серпіле алмай жатыр. Басын көтергісі келеді. Үйме-жүйме боп жатқан кісілерге қарағысы келеді. Қарайтын да сияқты. Қараған сайын кісілердің жел қаққан жылтыр қара бетінде қырық құбылған шексіз қуанышты көреді. Ақсиған тістерін көреді. Арсалаңдаған, ыржалақтаған жүздерін көреді. Дабырлаған дауыстар естіледі. Дәл осындай ес-түсі қалмай қуанған халықты бұл бұрын да көрген-ді. Иә, көрген. Онда бұл әлі бала еді; мектепке барып жүр ме, әлде барайын деп жүр ме еді? Айтқандай, соғыс сол жылы біткен еді-ау. Әскерден қайтқан кісілердің алды елге келе бастаған еді. Кім келсе де, жұрт алдынан жүгіріп шығатын. Егіл-тегіл боп жылап жүріп, азаматы аман оралғандар онда да дәл мыналардай ыржалақтап күлген еді-ау! Сонда да көп арасынан сөзі сыйлы біреу дауыс көтеріп дабырлап бара жатқан жұртқа басу айтқан еді-ау! Сыйлы кісінің сөзінен кейін лажы құрыған жұрт тынышталған еді-ау! Тынышталған жұрт кейін шегіне-шегіне ақырындап үйлеріне тараса да, соғыстан әкесі оралмаған балалар мен байы оралмаған қатындар – бәрібір кетпей, босағаға сүйеніп тұрып жаулықтың шетімен аузын басып солқылдап жылай берген-ді.

– Айналайын-ай! Садағаң кетейін, азаматым-ай! – деп жұрттың бәрінен кейін жеткен біреу аңырап қоя берді. Таныс дауыс сияқты және кәрі кісінің даусы. Бірақ кім екенін білмеді де, есікті ашып, бір аяғын сыртқа шығара беріп еді; біреу аяғын қос қолдап құшақтай алды:

– Азаматым! Қара қасқа атты Қамбарым!

– Көше-ке... қойыңыз...

– Қоям ғой, қоям ғой, қалқам.

– Көшеке, тұр! Тұрыңыз!

– Тұрам ғой, садағаң кетейін. Біз сияқты кеңірдегі қураған жаман шал сенің садағаң кетсе болмас па. Апыр-ай, мен бейбақ қатерлі жерде сені қалай алдыма салдым? Қыршын жасты көре көзге ажалға қалай қидым екен? Соған дәтім қалай жетті? – деп, Көткеншек Көшен көңілін тоқтата алмай, тері тон астынан иығы селкілдеп кете беріп еді-ау?

* * *

Тұмсығы жапырылған ескі машина жапан түзде құйындатып келеді. Күні бойы алдына түсіп, ирелеңдеп ілгері жетелеп келе жатқан дала жолы кейде алдағысы келгендей жусан арасына бұғып жасырына қап, іле-шала "мен мұндамын ғой" дегендей әлдебір қоңыр төбенің баурайынан ақсия қалады. Сол кезде бұ да көңілденіп:

– Бала, бас! – деп шофердың жанын ала түседі.

– Басар едім-ау, оған бірақ...

– Бірағың қай бірақ?

– Жолы құрғыр...

– Жолға қарама...

– Басеке-ау, жаман машинаны қиратып алсақ қайтеміз?

– Дәнеңе қылмайды, өзім списать етем.

Шофер бастығын бірінші рет көргендей таңданып басын шайқады. Бұлар қай жылдан бері бірге істеп келе жатқан-ды. Бұдан бұрын да бұлар үй көрмей апта жүріп, ай жүріп ауылға қайтқанда басқарманың дәл бұлай дегбірі қалмай дігерлеп болған кезін көрген емес-ті. Осы жолы... Иә, бұл осы жолы жұрттың бәрін таң қалдырған еді: жеме-жемге келгенде тас қайнатардың өзін тасқа отырғызып кетті. Сырдарияның арғы бетіне аман-есен өткесін қамау судың балығын бір күн, бір түн сүзген кісілер ертеңіне қалжыраған-ды. Үсті-басы су-су аш кісілер аяғына әзер тұрған сияқты еді. Ас-су ішіп әлденіп алғылары кеп, кел жағасында қаңырап бос қалған қамыс қосқа топырлап кірді. Кіруін кірсе де, табалдырықтан аттай бере аңтарылып тұрып қалды. Есік жоқ, терезе жоқ, жел ызғып түр екен, шофер әуелете ысқырып жіберді.

– Бұның табылғанына шүкір,– деді Сары Иван.

– Иә, жоқтан жақсы ғой. Ал, кәне, тұрмаңдар! Есік, терезеге одеял ұстаңдар. Ортаға маздатып от жағыңдар!

Мына сөзді шоферге қарап айтқан сияқты. Осы ауылдағы иегіне қылтанақ шыққанның бәрі "алып кел", "барып келге" бұны жұмсайтын әдеті. Бұрын бұндайда "мәмент" деп жүгіре жөнелуші еді, осы жолы бұ да кереңденіп ала қойды. Қамау судың балығы бұлардың қашаннан бері зарығып күткен қызығы еді ғой; жұрт өлген-тірілгеніне қарамай қызығына түсіп кетті. Жастардан қалғысы келмей қатты қимылдаған қара шал өз денесін өзі билей алмай, шофер баланың иығына асылып жатып алды. Шофер езуінде бықсыған темекі тұқылын аяғының астына түкіріп тастады да, бойын билей алмай былқ-сылқ тұрған шалды белінен ұстап, бауырына тартып алды.

– Кел, ақсақал!.. Қамау судың құрметіне билеп жіберейік.

Қара шал ештеңе сезіп тұрған жоқ-ты. Тек мына көк соққырдың жөніне тыныш қарап тұрмай, бұлайша неге аяқ астынан қойтаңдап кеткеніне таңданғанша болмады, шофер жігіттерге көзін қысып:

– Ал, кәне... Ас-са! Ас-са!– деп қынаулы бір қимылмен құшағындағы шалды ұршықтай үйіріп ортаға түсе берді.

– Әй!.. Әй, мына ит-шошқа қайтеді? Қайтеді, әй?..

О, Жасаған! Жаңа ғана көздері шүңірейіп, жағы солып құр сүлдері тұрған ебіл-себіл кісілердің күнге күйген жүдеу жүзіне кенет күлкі тепсініп, жанары шоқтанып қоя бергені.

Тау халқының би білгеннің де, білмегеннің де делебесін қоздырып, әуейілендіріп жіберетін сазды сол арада тұрғандардың бәрі көтермелеп күректей қолдар көк мүйіз алақанды жандыра сарт-сұрт соғып ала жөнелді. Мына аңғал-саңғал қостың есік, терезесіне одеялды кім ұстап, отынды кім әкеліп, отты кім жағатыны ешқайсының ойына кіріп шыққан жоқ. Қос ішін жаңғырықтырып қол соғып жатқан жігіттер жалма-жан араларын алқа қотандап ашып, ортаны кеңейтіп, кейін ысырыла берді. Шофер бала қаpa шалды белінен тас қып қысып алған. Әй-шәйге қаратпай, әлі де үйіріп жүр.

– Әй!.. Әй, мына қағынғыр қайтеді?.. әкесіндей кісіні...

Қара шал қанша бұлқынса да, шофер босатпай тәлтіректетіп үйіріп жүр. Жігіттер көңіл көтеретін ермек қылғанға мәз. Ас-са! Ас-саға кек мүйіз алақанның жаңғырығы қосылып, жел ызғып тұрған аңғал-саңғал қос іші қапелімде дуылдады да кетті. Делебесі қозған біреулер қасында тұрған біреулерді итермелеп ортаға түсті.

– Кет! Кет! Ой, найсап! Ойыны осылғыр! Әкесіндей кісіні тәлкек қып,– деп қара шал әлі де азар-безер.

Бидің аяғы әнге айналды. Жел ызғыған қамыс қоста бірінің иығына бірі қол салып, ән ырғағына қарай екі жағына кезек теңселіп қосылып айтты. Жігіттер басқарманы орталарына алып тұрған-ды. Әншейінде, осындайда көп ішінде ауыз ашпай, көзін төмен салып, ыржиып күліп тұратын тұйық жігіт аяқ астынан әнге қалай қосылып кеткенін байқамай қалған-ды.

"...Анаңнан сені тапқан айналайын..." дей берді де, кенет есіне қайын енесі түсіп, шоқ тістеп алғандай қалт тоқтады. Бет өңі де шұғыл бұзылып, сұп-сұр боп сазарып ала қойды. Көңілді кісілер бұның бұлайша неге аяқ астынан түсі бұзылып, әнге қосылмай үн-түнсіз сазарып тұрып қалғанын аңғармады.

Даусы келген-келмегеніне қарамай, өздері жақсы көретін әннің; әсіресе осы жолына бар жанын салып жатқан-ды. Шофер ортаға шығып, бір тізерлеп отыра қалды. Балықшылар өздерімен бірге алып жүретін кішілеу жиде домбыраны баурына қысып алған. Шыққан-шықпағанына қарамай, қос ішекті үсті-үстіне сабалап, әр әнге бір қосылып, шеке тамыры білеудей боп барылдап жатыр. Домбыраны көргенде, сен бір түрлі ұйқыдан оянғандай еңсеңді көтеріп ала қойғансың-ды. Бұрын неғып байқамағаныңа таңың бар. Жаңағы кішкентай жиде домбыраның қақпағы жарылыпты. Зауқы түскен кім көрінген балық жеп отырып та майлы қолымен ұстап сарала-сатпақ.

Әкесі марқұм көзі тіріде осындай жиде домбыраның талайын істеген-ді. Ол кезде осы өңірдегі елдің төрінде бір-бір жиде домбыра ілулі тұратын. Жұрт әлі күнге ел ішіне тарап кеткен Әміржанның домбырасын сұрамай танитын. Жидеден басқа ағаш болғанда алдақашан қаусап қалар еді; теңіз кезген балықшылар өздерімен бірге ойға, қырға сүйреп жатса да, жидеден шапқан домбыра шыдап бағыпты. Тек ішегі ылғал тепкен бе, әлде қолы білмейтін кім көрінген сабалап сілесін құртқан ба, бір кезде сұңқылдап тұратын шыққыр домбыра шофердің қолына түскенде құдды тұмау тиген кісідей мыңқ-мыңқ етті:

– Бері әкел!

Шофер "шын ба?" дегендей басқармаға сенімсіздене қарады. Әкесі сияқты, бұ да жұрт көзінше қолына домбыра ұстамаушы еді, сен "шын" екенін растап, қолыңды созып:

– Бер!– дегесін, шофер сөзге келмей ұстата салды. Сен әуелі тиегін дұрыстадың; сосын пернелерін басып көрдің; саға жақтағы бір-екі пернені қозғап, құлағын келтіріп, күйін тапқасын да бауырыңа түскен басыңды көтермей, бартиып ісінген бес саусақтың бесеуін бірдей тигізіп, қос ішекті қарш еткізе бір қаққансың-ды. Жарықтық, әкесі де үстетін; әлгіндей емес, келесіде қос ішектің үні кәдімгідей ширап қалған еді; қос іші жым-жырт; таңданғанын жасырмай, тұс-тұстан аңтарыла қарап қалған кісілерден қысылды ма, көзін көтерген жоқ. Сылқылдап саз шығарған ішекті сабалай жөнелмей, бақандай саусақтың бауыр жағымен сипап отырғандай. Сонан ба, қос ішектің үні барған сайын көңілшектеніп барады. Бір дегеннен тартушы мен тыңдаушының көкірегіне жармасқан бебеу үн әрі-берідесін тұла бойындағы тамыр-тамырын солқылдатып суыра бастады.

Бұндайда, әдетте, қолына домбыра ұстаған кісі алқалы топтың ортасына түскенде аруақтанып шыға келуші еді; бір орында құйрық басып отыра алмай, көзі ойнақшып қозғалақтап болатын. Бұл болса басы бауырына кіріп барады. Әншейінде, қандай ірі кісімен қатарласқанда иығы асып шыға келетін нар тұлға да бұл жолы бүктеліп қапты. Бауырындағы домбыраның қос ішегіне қосылып жылап отыр ма? Әйтеуір, баяғыдағы біреудің көй-көйіне көкірегі қарс айрылып барады. Енді тек еңіреп жіберетін жерге келгенде басын көтерді. Бірақ көзі анталап отырған кісілердің ешқайсысына түспей, әуелеп аспанға қарай берді. Сосын балықшылар да бұның көзінің қимылына ілесіп қамыс қостың төбесіне назар аударып еді; бұл кенет қос ішекті ескек, таяу болмаса, онан өзгені олқысынатын күректей мүйіз қолдың алақанымен тас қып басты да, қыбыр етпей отырып қалды.

– Айналайын-ай, сен де бұндай ма едің?– деді жұрттан бұрын есін жиған Кешен.

– Е, сен соны жаңа білдің бе? Қыршаңқы қазымыр неме, сен кісіден мін іздеп шақылдағаның болмаса, қасындағылардың қай қасиетін көріп едің.

– Тәйт! Тәйт әрі! Қарғасам да, сілесем де өз балаларым. Е, сондай-ақ мен қай қазаққа қазымыр боппын.

– Е, бәрекелді! Таласа бауырындағы күшіктерін талайтын қара төбетпін де.

Көткеншек Көшен өзін тақымдап қоймай бара жатқан мына кісіден сырт айналып, кереңдене қойды.

– Апыр-ай, өнерлі итке дауа жоқ-ау! Қуанышым үстінде қарық қып тастадың-ау! Айналайын, Жәдігержан, өркенің өссін!– деді Көткеншек Көшен.

Қос іші көңілденіп сала берді. Жұрт дабырлап қошемет-қолпаш тұс-тұстан жауа бастағанда, бұл ертеден бергі өз қылығынан өзі қысылғандай домбыраны іргеге сүйей салды. Лып етіп түрегелді. Қақ жарылып жол берген кісілердің арасымен жылдам басып сыртқа шығып бара жатып:

– Жүр,– деп шоферге иек қаққан еді; сыртқа шыққан бойда,– Кеттік!–деп әмір еткен-ді. Тұмсығы жапырылған машина жуық арада от алмады. Басқарманың жүргелі жатқанынан бейхабар кісілер оңаша қалғасын қамыс қосты бастарына көтеріп қауқылдасып кетті:

– Әй, мынау өнерлі боп шықты!

– Ойбай, әлемет... Тек бұл айналайын да әкесі сияқты Құдай берген өнерді көп алдына шығып көрсете бермейді ғой.

Ескі мотор дүр етті. Қызып алғанша әдеттегідей қалшылдап-селкілдеп кісінің зықын алып еді; бірақ айдау жолға түсіп, ауылға бет түзегесін тұмсығы жапырылған алқам-салқам жаман машина жүрісін түзеп, шөбі күйген сұрқай далада құйындатып ала жөнелген еді-ау.

– Бас, бала!– деген еді-ау бұл.

– Мәмент, басеке!– деген еді ғой шофер бала құнжыңдап... Радиаторда су сарқ-сарқ қайнап, капот астынан ыстық бу қаттырақ бұрқырап, ескі мотор ышқынып, әсіресе әлгінің "мәментінен" кейін дарылдап ала жөнелген еді.

– Басеке, жеңгейге асығып келесіз ғой? Түсінем, хехе-хее...– деп еді-ау!

Екінші бөлім

Бел-Аранның ығында отырған балықшылар поселкасының орта тұсындағы еңселі биік үйге қатарласа бергенде сен машинадан қарғып түсіп едің ғой. Әлдене дегелі кабинадан мойнын созған шоферге қайырылған да жоқсың-ды. Есікті асығыс ашып, кіріп барғанда, қызы мен әйелі киініп жатыр екен. Сен табалдырықтан аттап кіре сала:

– Ей!.. Ей, барасың қайда, қайда мені тастап?– деп ойламаған жерден ойнақыланып, қайдағы бір өлең жолы тіліңе орала кетті.

– Өзің көңілдісің ғой?

– Иә, көңілдімін... Көңілдімін, Бәтіш...

Бәкизат ыржалақтаған түріңді ұнатпай назарын тіктей түсті де, көзін тайдырып әкетті; ләм деген жоқ; қызын жетелеп есікке қарай беттей бергенде, сен дереу жолын кеселеп тұра қалдың:

– Бәтіш... айналайын, тоқташы. Қайда бара жатырсыңдар?

– Бала – оқуға, мен – жұмысқа...

– Жібермеймін.

– Есің дұрыс емес шығар.

– Иә, есім дұрыс емес. Оо-о!

Онсыз да қалай құтыларын білмей, шарасы құрып тұрған келіншек пен кішкентай қызға, сол арада, шынында да, сен әлдебір ақыл-есі ауысқан деліқұл, есерсоқ кісідей көзіңді алартып, аузы-басың да қисаңдап, бас салып құшақтамақ болғансың-ды. Тұла бойың шырыш, балық сасып түр. Үстіңдегі киімнен де бұларға мүлде беймағлұм басқа ел, жер, судың, шөптің ию-қию исі аңқып кетті.

Кішкентай қыз тыжырынып, бетін бұрды.

– Баланы жібер. Оқуынан қалып барады.

Әншейінде де ренішке бейім тұратын етшең ернін жымқырып апты. Жазған басың сен оны кеш байқадың. Ана жақта өткен ауыр күндердің бейнеті мен азабы артта қалып, енді, міне, үйге кеп қатын балаға қауышқан осы бір сәтте аржағынан асып-төгіліп жатқан ағыл-тегіл қуаныштың, күлкінің дәл қазір қайсысы орынды, қайсысы орынсыз шығып жатқанын да ойлаған жоқ-ты. Әлі де болса ыржалақтап күліп Бәкизатты құшақтамақ боп, бауырына тартып еді-ау. Бәкизат бойына жолатпай, кеудеңнен тіреп тұра қалды.

– Сыр бойы сауықшыл дейтін, қайта-қайта баруың жаман еді. Солардан бірдеңе жұққан болды ғой.

– Иә, жұқты. Несін айтасың, сауық-сайранды салып қайттық. Сырдариялықтардың да ойын-сауықтан басқа баққаны жоқ екен.

Қапелімде қол-аяғың қалжырап, тұрған жеріңе отыра кеткің келді.

– Папа...

Портфелін бауырына қысып алған қыз кеткісі кеп, жаутаң-жаутаң қарап тұр екен.

– Айналайын, қызым-ау... сендерге не болды? Бәрің менен қашып...

– Папа, оқудан қалып барам.

– Оқуыңнан айналайын. Кішкентай балапаным менің. Тоқта, сен осы ертеңгісін оқымаушы ма едің?

– Ол былтыр ғой...

– Иә, айтса да... Сен екінші класқа көшкен екенсің ғой.

– Папаң балықтан басқа не біледі дейсің. Қызым, бар... оқуыңнан қаласың.

Кішкентай қыз қыңқылдап, екі иығының басын кезек қиқаңдата бастады. Жиі тарақпен жылтырата тараған мөлдей қара шаштың бір шекесінде үлпілдеген бантик. Омырауында үлпілдеген фартук. Бантик те аппақ. Фартук те аппақ. Бауырына қысқан портфель болмаса, дәл осындай үсті-басы үлпілдеген кіп-кішкентай әдемі қуыршақты бір жерде көрген сияқты. Тек қайдан көргенін есіне түсіре алмай ойланып қап еді; кенет портфель ұстаған қызының қолына көзі түсті де, жүрегі біз сұққандай шым ете қалды. Іштен үш саусағы кем туған сол қолының орыны отқа күйгендей қызарып, терісі бүрісіп қалған екен. "Айналайын, балам-ай! Балапаным-ай..." Бір сөз айтса аржағы аңырап қоя беретіндей көзіне мөлтілдеп жас келіп қалды. Жалма-жан қызының алдынан есік ашып, мектебіне ұзатып салды.

– Бар-бар! Бара ғой, балам!

Кішкентай қыз бұта түбінен пыр еткен балапан құстай құлдырай жөнелді. Бір үйдің бұрышынан айнала бере артына бұрылды. "Айналайын, балам... балапаным". Көзінің алды жыбырлап, тамағы бүлкілдеп қалды. Сол арада, бұл өз қылығынан өзі қысылып, абыржып әпі-шәпісі шығып, ішке қайтып келсе, Бәкизат сыртқа шыққалы есікке беттеп келеді екен. Қолыңды екі жағыңа жайып, жолын кеселеп тұра қалдың.

– Саған, сірә дауа болмас,– деді Бәкизат басын шайқап.

– Пәтуа, дауа бізді қайтсін. Теңіз асып тентіреп жүрген кісінің қайта диуана боп кетпегеніне шүкір.

Бәкизат сенің аяқ астынан назарың түсіп, налып қалған кескініңе қарап тұрды да:

– Сол жақта қыстап қалар деп едім, Құдай оңдап, әйтеуір, келдің,– деді.

– Кісілерді тастап кете алмадым.

– Бізді тастағанда жақсысың.

– Апыр-ай... үйге келгенде сен де кірпідей жиырылып...

– Бізге оңай боп жүр дейсің бе?

– Білем... сендерге де қиын. Соны ойлағанда... Әй, құрысыншы... Осы жолы сендерді өзім де өлердей сағындым.

– Әй, қайдам.

– Маған сенбесең қасымдағы кісілерден сұра. Ал енді, Бәтіш... айтары жоқ, сапарымыз сәтті болды.

– Жақсы бопты. Саған балық болса, қатын-баланың керегі қанша.

– Апырай, Бәтіш-ай... Балықшы бишаралардың тірлігін басқа білмесе де, сен білуге тиіссің ғой.

– Ал, білдім. Сонда мен оларға не істеуім керек? Менің қолымда...

Бәкизат сөзін кілт үзіп, қабырғадағы сағатқа қарады да, әлденеге асыға бастады.

– Басқа айтарың бар ма?

– Бір жаққа асығып тұрсың ғой?

– А!

– Бәтіш... Айналайын, өтінем... Бүгін қасымда бол, ешқайда кетпе! Жарай ма?

– Жарайды... Жарайды,– деп Бәкизат арқаңнан қақты да, қабырғадағы сағатқа қарады,– Ауылға келдің ғой. Енді ешқайда кетпейтін шығарсың. Әңгімең қызық екен. Қалғанын кейін... Жарай ма, кейін айтарсың.

Сен "жарайды" деп те, "жарамайды" деп те айтқан жоқсың. Әлденеге жанары тайсақтап, сенен алып қашып жүрген келіншектен көзіңді алған жоқсың. Жұмысқа барам дегені жай сөз екенін жүрегің сезіп тұр.

– Шай қойып іш. Тамақ... Тамақ холодильникте...

– Тамағы құрысын...

– Иә, аш емес шығарсың...

"Несін айтасың, тоқтықтан кекірігі азып тұр".

Бәкизаттың бұнан алып қашып тұрған көзі ар жағындағы айнаға түсті. Айт-тойға баратындай үсті-басын сәндеп киініп апты. Бәрі де анада демалыста болғанда астанадағы ателиеге тіккізген инеден жаңа шыққандай әдемі, сәнді киімдер. Асығып тұрғасын ба, әлде құйындай ұйытқыған әлдебір құпия сезім көкірегін алып-ұшырып бара жатқасын ба, әйтеуір әне бір қыз кезіндегідей екі беті алаулап, етшең қызыл ерні албырап құлпырып кетіпті. Жанары жалтылдаған шаралы қара көз айнаға бір, өзіне бір қарап, бас-аяғын шолып етті. "Қайда асығып тұр? Әлде, анадағы ренішін ұмыта алмай, бұған істеп тұрған кесірлік пе? Солай ма? Сонда, шамасы бұның Сырдарияға барғанын кешірмеген болды-ау? Ендеше, сен неге кекірейесің? Бұрын бұндайда ылғи басыңды иіп, кешірім сұраушы едің. Тағы да иіл. Басқа кезде кінәң болды ма, жоқ па, ал осы жолы кінәлісің. Осы жолы бірінші рет Бәкизаттың дегенімен жүрмедің. Айтқанын істетіп үйренген келіншек саған "Сырдарияға бармайсың"– деп үзілді-кесілді айтпады ма? Тым құрыса, сен жазған сол арада ерке келіншектің шиыршық атқан ашуын жылы сөзбен сылап-сипап жұмсартуды да білмепсің-ау. Жо-жоқ, білді. Білді ғой.

Тек тілдесуден тайсалды. Егер, сол арада тілдескенде Бәкизат ренішті үдетіп, талайдан бері құлағын сарсылтып келе жатқан қыңқылын қайта бастап: "Бұл жерде қимайтын не қалды? Су ашыды. Балық құрыды",– дер еді; "жеті жыл көктен сыңар жаңбыр тамбай, теңіз өңірінің қылтанағы күйіп кетті" дер еді; "теңіз қайтқалы жер астының суы тартылып, бұрын күрпіп тұратын құдықтар түбі көрініп жатыр" дер еді; "ел алды қоныс іздеп көше бастағалы қашан. Әзір көшпегендер де қолайлы орын қамдап, ертең-бүрсікүні қозғаламыз деп отыр" дер еді; "суы тартылған теңізге сен-ақ бауырың бітіп, талақша жабысып алдың. Көре қал, ертең осы теңіз қаңсыған астаудай кеуіп қалғанда көшкен елдің жұртында жалғыз үй төбеміз шошайып отырармыз; сонда туған жерден не опа тапқаныңды көрермін" дер еді-ау. Сен соны білдің. Сондықтан, шараң құрып бір күрсіндің де, теңіздің арғы бетінде қостанып жатқан балықшыларға тартып тұрғансың-ды. "Айналайын, барам да қайтам" деп едің-ау. Тым құрыса уәдесінде тұрып, айтқан уақытта оралғанда бір сәрі ғой.

– Бәтіш... Кешір.

Бәкизат тағы да сағатқа қарады. Шыдамын тауысып шытынап қалды. "Қайда асығып тұр екен?" Өзінен сұрауға батылы жетпеді. Кінәсі болмаса да, кінәлі сезінетін әдетің, именшектеп басып қасына бардың.

Именшектеп қарадың. Имене-имене қолыңды иығына салып едің; Бәкизат иығын басқан зілдей ауыр салмақ астында шыдам тауып, шытынбай тұр. Сосын ішің жылып кетті. Қорғалақ қол әлгіден кейін батылданып, әлі де болса өңін суық ұстап, сыртын беріп тұрған Бәкизатты бауырына тартып еді; бұл жолы да қарсылық болмады. Қайта ұзақ жолдан арып-ашып келген азаматтың бұнан былайғы не дегенінің бәріне қабақ шытпай көнетін сыңай танытты. Сосын сен де бұрыңғыдай өліп-өшкен жоқсың. Онсыз да бар ісі оңына басып, орайына келіп жатыр. Үй ішіне қауышты. Қызын көрді. Енді, міне...

Қыс демей, жаз демей теңіз кезіп тентіреп жүретін қаңғыбас күйеуін күте-күте екі көзі төрт болған жары құшағына кірді де, тып-тыныш бола қап еді; үлпілдеп киінген мына келіншектің үсті-басынан сенің дем алған тынысыңа жаңа ғана қауыз жарған жас гүлдің жұп-жұмсақ жұпар исі келді. Сонан ба, әлде денеңе жанасқан әйел тәні шоқтай тиді ме, ыстық қан кенет аттай ту лап алабұртып кеткен алпамсадай ірі еркек енді әй-шәйге қарамай, бауырына тартып құшағына құшырлана қысып еді; Бәкизат сұлық қалпын бұзған жоқ; қан-сөлсіз жүзін жоғары көтеріп, бұған бетін тосқан сияқтанды. Бетін тосқан Бәкизатқа бұ да дереу иіліп, еңкейе бергенде, ар жағында тұрған айнаға көзі түсті де, тіксініп қалды. Ерлі-зайыпты арасындағы парызды өтеу үшін әлде қалай бетін тосқан әйелдің құр сүлдеріне жоғарыдан дүр қара біреудің жүн-жүн беті жақындап төніп қалған екен. Бәкизат бойын дереу жиып ала қойды.

Қайратты еркектің қарулы құшағынан есебін тауып сытылып шыққанына қуанғандай, дем арасында тақтай еденді тық-тық басып, есікке барып қалған екен...

Абажадай үлкен үй кенет қаңырап бос қалғандай. Дүниесі құрғыр бір сәтте бар қызықтан айрылып, тірлік шіркін болса-болмаса да мәнін жоғалтты да, бұл ілгері озбай, аяқ киім жатқан ауызғы бөлмеге сүлдері құрып отыра кеткен еді-ау! Ащы тырнақ көкірегін осып алды. Қан қақсап бара жатқан басын қос шекеден қатты қысып, өзі де ұлыған иттей ыңырсып отырған-ды. Әрине, анасы үйде жоқ; үйде болса "жалғыз баланың" дауысын есіткен бойда жүгіріп келер еді ғой. Мал қорада жүр ме екен? Көзінің түбі суырып, шекесі сынып барады. Төрге озғысы келмеді. Есіл дерті теңіздің арғы бетіндегі балықшы қос. Мынау өз үйі болмай, егер балықшы қосы болса ғой... бұл онда астына төсеніш, үстіне жамылғы іздеп жатпай, аяғы жеткен жерге қисая кетер еді-ау! Бұл байғұс қадірі қалмай бара жатқан осынау қос уыс тірлікте қай бір өзінің жанын күтіп, бап талғап еді!

Осы жолы да кім көрінгеннің қасына бір түнеп жүргенде, бұл, сірә, өзіне бап тілеп, басының асты – биік, жамылғысының асты – жұмсақ, жамылғысы – жылы болғанын ойлады ма? Осы қазір де өмірінің жарым-жартысы балықшы қоста өткен сорлы сол дағды бойынша отырған жеріне үстіндегі сырмақ күртенің бір шалғайын төсеп қисая кеткісі келіп еді; бірақ, мына тілмен жалағандай сырлы еденге көзі түсті де, ол ойдан да тез айныды. Миығына мысқыл күлкі шапты. О бейшара!.. Бейшара!.. Мұның дәмесін қара. Бейшара-ау, тілмен жалағандай мына тап-таза үй, жаңағы үріп ауызға салғандай кішкентай қыз... әдейі айт-тойға баратындай желкілдеп киінген әлгі әдемі келіншек... бұның, бұл бейшараның ебіл-себіл түрі мен берекесіз тірлігіне қандай қатысы бар? Үш қайнаса сорпасы қосыла ма?.. Ха-ха-ха...

– Әй, балам...

Ту сырты түгел шымыр етті. Қасына кеп тоқтаған томашадай қара кемпірді бас салып құшақтай алды. Кемпір де ботасына исінген кәрі інгендей еміреніп кетті.

– Шаршағансың ғой. Қашан келдің?

– Жаңа...

– Қора жақта болып едім. Ботасынан айырғалы қараша інген суалуға қарады. Желінін тартсам, уысым ақ орнына үрпіге толып кетеді. Бауырында қанша тұрғанда бір шайлық сүтті шаққа алам. Бәрің келдіңдер ме?

– Жоқ, өзім...

– Олар әлі сонда қалды ма?

– Үш-төрт күн шамасында келіп қалар.

– Ба-ба-а... Баба...

Сен жүгіріп келген баланы жерден көтеріп алғансың-ды. Әке құшақтағасын қол-аяғын тыпырлатып бұрынғыдан бетер асыр салып кетті. Ара-арасында мойнынан тас қып қысып алып, сілекей шұбырған ернімен сүйіп қояды. Сорлы бала қуанса да, ренжісе де осылай өзін тежей алмай қалатын, сірәдағысы.

– Апыр-ай, апа... мына балаң бұрынғыдан да нашарлап кеткен бе?

– Жоқты соқпа, баламның өзгерген түгі жоқ. Баяғы бір күйі.

– Ай, балапаным-ай... айналайын, балам-ай...

Әке құшағында қол-аяғы тыпырлап жырқ-жырқ күліп жатқан баланы бауырыңа тас қып қысып тұрсың. От басының осы бір қасіреті кішкене жанасса да, сең соққыға жығылғандай жаның жапырылып қалатын-ды. Міне, тағы да дем арасында діңкесі құрып, қасірет басқан еңсе қара жерге тартып бара жатты.

– Әкең жолдан шаршап келді. Дем алсын. Бері жүр, балам,– деп, кемпір ана бауырынан кемтар боп туған немересін қолынан жетелеп әкетті.

* * *

Анасы шай әзірлегенше бұл моншаға барып келді емес пе. Бас-аяғын апыл-ғұпыл шайып, парға бір кіріп шыққасын зіл тартып тұрған дене демде жеп-жеңіл боп сала берген-ді. Бұл тек моншадан ренішті көңіліне төтеннен тағы бір уайым жамап қайтты. Былай қарағанда өзі түкке тұрмайды. Алғаш есіткенде "е, келсе келсін" деді. "Келмей жүрген жері ме" деді. Осыдан кейін көңілі кәдімгідей тынышталып, моншада есіткен оқшау хабар ойынан біржола ұмыт болған сияқты еді; үйге келе жатқанда тағы да сол есіне түсті. Бұл жолы көңіліне кәдімгідей күдік қашып: "апыр-ай, ә?" деп, әр кездегідей бүгін де жел азынап, топырақ борап жатқан көшенің ортасында селтиіп тұрып қалғанын кейін байқады. Байқаған бойда біреу-міреу көріп қалмады ма деген оймен төңірегіне көзінің астымен білдірмей қарап еді, Құдай оңдағанда көшеде өзінен басқа тірі жан жоқ екен. Тек көшенің арғы бетінде опан-топаны шығып қираған бір топ үйге көзі түсті де, көңілі құрғыр тағы да ит талағандай алау-далау болған еді-ау. Соғыстан кейін есін жиып, еңсе көтере бастаған ел құрылысты шұғыл қолға алып, бірінен бірі асырмақ боп бәсекелесіп салған шипірлі ақ үйлер көбейіп еді; колхоз клуб, мектеп салып еді; теңіз шаршысына келіп тұрған сол заманда баладай әлпештеген үйлер қазір, міне... Көзі тағы да көшенің арғы бетінде опыр-топыр қирап жатқан үйлерін түсті. Санын жатқа біледі: аттай жиырма бес үй. Бір шалдың бауырынан тараған ұрпақ өсе-өне келе жиырма бес үй болған. Балықшы поселкасы осы араға алғаш орын тепкенде ағайынды жігіттер араларына көлденең кісі кіргізбей, өздері ыңғайласып бір-біріне ірге тақай үй салған-ды. Енді қазір есік-терезелері үңірейіп, опан-топаны шыққан жиырма бес үй балықшылар поселкасының бір жағын бүтіндей үңірейтіп тастаған екен.

Жиырма бес үй көшкенде бұл ауыл дәл бір өлік шыққандай күңіренген. Сол күні бір үйдің ошағында от қанбаған. Бір жан теңізге шықпаған. Балалар мектепке бармаған. Сол күні таң атар-атпаста кеудесін сүйреткен кәрі-жас көтеріле көшеге шыққан еді; қатындар ыдыс-аяғы араласып отырған көршісі көшіп жатқанда қайтерін білмей қалбалақтап қалған-ды.

Әсіресе бастас абысын-ажын бірін-бірі қимай, қит етсе жаулық шетіне жармасып көзін сығып жатты. Қалып бара жатқан мұңдық кетіп бара жатқан мұңдыққа қарай бір ысырылып жақындай түсіп, әңгімесін әуелі "қыз-ау" деп, не "келіншек-ау" деп бастап, осыған дейін әне-мінемен айта алмай келген әйел сорлының қашанда көкірегі дертіп, сыздап тұратын сыр мен мұңның шетіне шыға алмай, абыр-жабыр арасында ақ жаулықтар әне жер, мына жерде бас түйістіріп жатқаны. Сонан қашан басындағы жаулықтың екі шеті суланғанша тырп етпейді. Тек ана жақта ырсылдап жүк көтеріп жүрген әлдебір еркек ақырғанда ғана "ойбай, көтек" деп, соңғы баланың толғағында жел ұстаған белі қиқаң етіп, кирелеңдеп тұрып жатқаны.

Ал балалар мәз; абыр-сабыр арасында санын шапаттап шауып жүр; олар үшін бұнан асқан қызық жоқ; кеше ғана қаннен-қаперсіз жүрген кісілердің бүгін жау тигендей, аяқ астынан бүлініп апыр-топыр көшіп жатқаны балалар үшін айт-тойдан бір де кем емес. Бұл ауылдың балалары кеше аяғы бірге шығып, тұсауын бір күнде кескен құрбыларын іздесе кейін іздейді. Ал, қазір кететін балалар да, қалатын балалар да мәз.

Осы ауылда ана жатырынан індетке шалдығып, кемтар боп туған балалар көбейіп бара жатқан-ды. Ештеңеге түсінбесе де, мына әбігердің арасында олар да аяққа оралып жүр. Қолы, аяғы кеміс балалар балдағы сартылдап, шоқаң-шоқаң етеді. Соларды көріп көкірегі құрғыр қарыс айырылып тұрғанда, көзі кенет он жасар балаға түскен еді-ау. Ойға, қырға шапқылап жүріп көптен көрмеген еді; бала әп-әдемі боп өсіп қапты; ат жақты боп-боз бетінде бір түйір қан жоқ екен; осы ауылда бұның бала боп не күлгенін, не ойнағанын ешкім көрген емес; өткен жылы шешесі қылтамақтан қайтыс болған көрші үйдің кішкентай қызын қайда барса да қасынан тастамай жетелеп жүреді.

Не екенін қайдам, бұл сорлыға осы ауылдағы есуас, деліқұлы балалар өш; бір жолы бәрі жабылып жығып салып тепкілеп, ұрып, сабап мәз боп жатқанда Бәкизат үстінен шығып арашалап апты, үйге әкеліп төсекке жатқызыпты да, өзі ас даярлауға ауызғы бөлмеге шығып кеткен екен; сәлден соң қайтып келсе, бала басын көтеріпті. Иегін алақанына сүйеп, белі бүгіліп мүлгіп қалған. Осы қазір ештеңені көріп те, сезіп те отырған жоқ. Керек десе, ішке кіре сала не істерін білмей, қолын көкірегіне қысып тұрып қалған оқытушы апайдың да бар-жоғын сезбейтін сияқты. Бүкіл бар дүниеде тек өзі, сосын өзінен басқа ешкім білмейтін әлдебір қасіретке жаны уланып, сабаудай кірпік астынан ағыл-тегіл жас моншақтап бетін жуып отыр екен; Бәкизат баланы бауырына қысып, құшақтай апты; тек, жұбатпапты; "неге жыладың?"– деп те сұрамапты; неге жылайтынын бала басқа тұрсын ата-анасына да тіс жарып айтпайды екен. Осы баланың ешкім ұрыспай, ұрмай-соқпай, анда-санда осылай өз-өзінен мұңданып, бір жапырақ жаны адам білмейтін әлдебір қасіретке уланып, ішінен егіліп ағыл-тегіл жылайтынын бүкіл ауыл білетін-ді. Сол кезде балықшы ауылдың жандары өздерін осы бала алдында кінәлі сезінгендей кәрі-жасы түгел ішінен тынып отырған-отырған жерде шөкелеп бүк түсіп қалатын. Жаудыраған жанарынан сорғалаған жас бетін жуып, моншақтап ағады-ағады да, сонан бір кезде ешкім жұбатпай, өз-өзінен тиылатын. Бала жасын тиғасын ертеден бері үн-түнсіз тас қып бауырына қысып отырған Бәкизатқа "Апай, мен соңыра мектеп бітіргесін дәрігерлік оқуға түсем, жаңағы балаларды емдеймін" депті...

Жиырма бес үй кешіп, бүкіл ауыл азан-қазан боп жатқанда Байқоңырда ракета ұшқан ба, ауа райы аяқ астынан бұзылған-ды. Жел көтерілген-ді. Топырақ борап, арты бірнеше күнге созылған қара дауылға айналған еді-ау; көшетіндерден гөрі қара орында қалып бара жатқандардың қабырғасы қаттырақ қайысатын сияқты. Түс ауып, күн кештете бергенде жиырма бес үйдің жүгін тиеген жиырма бес машина жүруге бет алып, бірінің соңынан бірі тізіліп тұра қалып еді, қалып бара жатқандар көшіп бара жатқандарды бас салып, қолына іліккенін құшақтап көрісіп жатыр:

– Көреміз бе енді, жоқ па, ойбай...

– Қараң қалғыр мына қара жұртқа бізді тастап қайда кетіп барасыңдар, ойбай!..

Оқыс шыққан мына бір ащы дауыстан жас балалардың зәресі ұшып кетті. Әй-шәй жоқ, бірін-бірі бас салып, аңырап қоя берген дап-дардай кісілердің бұнысы әдепкіде әлде ойын, әлде шын екенін біле алмай, әркімге бір қарады. Бірінен босаған құшақ екіншіге жармасады. Ығы-жығы ішінен қолына іліккенін бас салып құшақтай алады. Адам ұгып болмайтын абыр-сабырдың, айқайдың, ойбайдың бір жерінен әкесін, бір жерінен шешесін көреді. Олар да өздеріндей біреудің мойынын құшақтап алған. Олар да аңырап бетін алып-салып жатыр. Ұрмай-соқпай екеу-екеуден құшақтасып, жұлқынып жатқан мына азан-қазанның арасынан еңкілдеген анасын, солқ-солқ еткен әкесін, сыңсыған апасын көргенде өздерінің жылағысы келмесе де әлденеге иегі кемсеңдеп, көзі жаутаңдап әркімге бір қарап тұрады да, кенет бақырып қоя береді. Бұрын-сонды бұндайды көрмеген иттер үрудің де, үрмеудің де есебін таппай, әркімге бір тығылып аяқ астында қыңсылап, сосын былайырақ шетке шығып алып аянышты үнін аспанға шаншып ұли бастады. Ауыл у-шу. Азан-қазан. Теңіз тартылғалы бұл жақтың халқы жыл құрғамай кешіп жатқанды. Бірақ соның бәрін де бір үй, екі үйден, мықтағанда төрт-бес үй көшкесін дәл бұндай бола қоймайтын. Ал мыналар тұтас отырған ауылдың бір жағын ойсыратып ошарыла көшкенде, халық күңіреніп кетті. Бұл басу айтып көріп еді, бірақ ешкім құлақ аспады. Сосын бұл:

– Неғып тұрсыңдар? Жүріңдер! Тез! Тез!– деп шопырларға ақырды.

Жиырма бес мотор дүр етті. Әуелі үстіне аппақ қудай шал мінген машина қозғалды. Қалғандары соңынан тырнадай тізіліп шыққанда жиылған жұрт та жапырыла қозғалып шаужайласып жүгіріп келе жатты. Ауыл сыртындағы қоңыр жалға көтерілгесін әлгі үстіне аппақ қудай шал мінген машина кілт тоқтады. Қалғандары да бірінен соң бірі тоқтап жатыр. Кетіп бара жатқандар мен қалып бара жатқандардың құшағы қайта айқасып, енді қоңыр жалдың үсті күңірене бастағанда... кенет бұның оң құлағының тұсынан бір ащы айқай шыққан еді-ау. Шекесін жарып жібере жаздаған сондағы әйел даусы әлі құлағында. Сол есіне түссе, бұның кез алдына бетінен нұры таймаған ақ сары әйел тұра қалады. Қолынан талай дәм татқан-ды. Арғы атасы Сыр бойының аруақ қонған кәрі жырауларының бірі деп есітетін. Бірақ бұрын соң текті жерден шыққанын білдірмей, күйбең шаруамен күн өткізіп келген осы ауылдағы көп ақ жаулықтың бірі еді. Аруақты атасын бүгін танытты. Оң иығынан оқыс шыққан мына дауыс жұртты бірден баурап алды. Ажарлы ақ сары әйел жүк тиеген машина үстінде бетін құбылаға бере жүгініп апты.

Қоңыр жал үстіндегі ала жабырдан дауыс оздырып айғайға басқанда, жұрт сілтідей тынды. Көппен бірге бұ да құлақ салған-ды. "Ә" дегенде "бұл не?"– деп қалды. Туған жерден тірідей айырылған баяғыдағы біреудің зары ма? Әлде көзден бір-бір ұшқалы тұрған мына адыра қалғыр ата-мекеннен айырылар сәтте ақ сары әйелдің көкірегінен ақтарылып кеткен өз қасіреті ме? Соның қайсысы болса да, үстіндегі қара мақпал бешпеттің сыртынан бұған қызыл түрме белбеуді алдыңғы жағынан ұстап, екі бүйірін таянып апты. Әне бір азаматын оң жаққа салған бейбақтай бетін құбылаға бұрған. Шарасы жасқа толған көзін қыр басында иіріліп тұрған бір жанға салмай, соқтырып ала жөнелген-ді; мүдірген жоқ-ты; тек бір зар мен бір зардың арасында ілгері-кейін итініп қойған-ды; итінген сайын бірінен-бірі асып түсіп жатқан көкіректегі гөй-гөй көмейден лақ-лақ ақтарылып, "аһ, қайтейін" деп алып, келесі аңырағанда "береке, құт дарыған балықшы елге келін боп түскенін термелеп ала жөнелді. Ата-ене босағасын ақ тілекпен аттаған бұл бейбақ осы елдің үлкенін сыйлап, кішіге құрмет көрсетпеп пе еді? Жар қызығын көріп, перзент қызығына қуанбап па еді? Бәрін айт та бірін айт: өз ұясын өзі бұзғаны несі, ойбай?"

Кеуде кеңіп, көмей ашыла түсті. Адуын әйелдің айқайы қыруар халық сілтідей тынып қалған қоңыр жалдың басынан сонау тас төбедегі сабалақ сұр бұлт салбыраған түнеріңкі аспанға шаншылып шыққан еді-ау! Ақ сары әйел дауыс салғанда ішінен тынған үлкен-кіші дымы құрып, тек иықтарының басы селк-селк етіп қап тұрған еді. Ақ сары әйелдің көмейінен түйдек-түйдек шығып жатқан сөздердің жоқтау екені де, зар екені де белгісіз. Әйтеуір, жанға тиіп, жүрекке шауып, аспан асты булығып тұншығып барады. Мүлгіп қалған жиын ішінде тек әлгі ақ сары әйелдің тілі тақылдап, басы қақшақтай түседі. Тағы бір тұста "аһ, қайтейін" деп алып, жас жуған жүзін осынау ақ пен қызыл арасындағы бейуақ кешке бұрып: "телегей теңіз, сірә, тартылып, шалшық болар деп ойлап па ем, ойбай. Заңғар биік тау, сірә мүжіліп, жапырайған төбе болар деп пе ем, ойбай?" деп, желдіртіп бара жатыр еді, әлдеқайдан ашулы дауыс шақ-шақ етті:

– Әй, келін... Қой енді! Қой, жарқыным! Қой!

Бұл жан-жағына қарап еді, бірақ мына қоңыр жал басында иін тірескен ығы-жығы халық арасынан Көткеншек Көшен көзіне түспеді. Әйел жаулық шетімен аузын басты да, тұрған жеріне шөгіп отыра кетті.

– Ақ сапар!

– Қане, қозғалыңдар!

– Қош! Қош!

– Көріскенше күн жақсы!

Жиырма бес үйді арқасына тиеп алған жиырма бес машина орнынан ақырын қозғалды. Аппақ қудай шал алдыңғы машинада таяғына сүйеніп отыр. Бірінің соңынан бірі шұбалған машиналар ақ пен қызыл арасында шөбі күйген сүр даланың шаңдағын шұбалтып, күнбатысқа маңдай түзеп зымырап барады. Көп ұзамай бір қырдан асып кетті. Қарасы көзден үзілгенше қоңыр жалдың басында иығы салбырап тұрып қалған үнсіз жиын тырп еткен жоқ; тек жаулық шетімен аузын басқан әйелдер дауыс шығармай, тұншыға жылап егіледі...

Сонан бері екі айдың жүзі ауыпты. Сонан бері бұлар Сырдарияда жүргенде Бел-Аран бауырындағы балықшылар ауылынан тағы да екі үй бір, үш үй бір көшті. Бұл бір жақта ұзақ жүріп қап, ауылға қайтып оралған сайын үй саны кеміп шығады. Бүгін ертеңгісін де конторда отырған үстіне үш қария келді. Ішінде – Адай шал. Олар да көшеміз деп міңгірледі. Бір Адай шалдың өзінде бауырынан ерген торт бала. Төртеуі төрт үй. Әрине, ертең бөлтірігін ерткен бөрідей о да көшеді. Олардан кейін де талай үйлер ұясын су алған құстай, әне-міне кешеміз деп қанатын қомдап отыр. Күн көріс қалған жоқ. Көшпегенде қайтеді? Құдай о бастан-ақ көзгелдектегі судай, құрылықтың қақ ортасында бас-аяғы тұйық теңіз еді. Ене бауырын тартқылап емген екі емшектей – екі дария аузынан қағылғалы кәрі теңіздің ендігі тағдыры тұйыққа тірелді. Жиырма жылда суы он метр төмен түскен кәрі теңіздің қазір шықпаған жаны. Әсіресе, биыл санаулы күні қалған үмітсіз науқастай. Ақтық дем алқымға таялған үмітсіз науқасқа жиналған бақсы, балгер, құшнаштай бал ашқан сәуегейлер көбейді. Жақында бір көріпкел сәуегей он бес жылдан кейін телегей теңізден сыңар тамшы қалмайды деп көкіп еді; кеше тағы бір сәуегей кітап ашқан ақ етек ишандай, бес жылдан кейін теңіз екіге бөлінеді деді. Оған да шүкір. Із-түзсіз құрып кетпей, кәрі теңіздің орнында көзгелдектей екі шалшық қалса да жұбаныш қой.

Жиырма бес үй көшкен күні сен ауылдың сыртындағы қара жалда жанарың жасқа толып, ұзақ тұрған едің-ау! Бұрын Бәкизат "көшейік" деп қанша айтса да құлағына ілмеуші еді. Сол жолы алғаш рет әйеліңнің қашаннан бері құлақ сарсылтқан қыңқылы кеудеңе жетім күшіктей қыңсылап кірді де, шықпай жатып алды. Сонан кейін осы ауылдан бір үй көшсе де әлгі жетім күшік кеудесінде қыңсылап қоя береді. Бәкизат тұрсын, қарт ана да басқа жаққа қоныс аудару керегін құлақ қағыс қыла бастады. Бұнысы, әрине, балалар басқа жақтан өріс іздеп талпынып жатса, аяққа оралып бөксе басар болмайын дегені ғой. Ертең Адай шал да көшеді. Осы даланың бөлтірігін ерткен кәрі көкжалдай бауырынан өрген төрт баласын бастап, кең дүниенің бір қиясына бет түзеп шыққанда, о да әке мен бала арасының жік түспес бүтіндігін ойлайды-ау? Жә, сол бүтіндікті сен ойладың ба? Сенің ойыңа келді ме сол?

* * *

Моншаға бара жатқанда сенің ойыңда дәнеңе жоқ еді-ау! Иә, қаннен-қаперсіз киімін шешті. Мұп-мұздай тас еденді жалаң аяғымен жасқана басып, түп жақта тұла бойы терге малшынып тұрған есікті ашып еді; бірақ сырттан кірген бетте көк ала будың қай жағына қадам басарын білмей аңырып тұрып қалып еді; біреу бұны леген ұстаған қолынан тартты. Әдепкіде мынау моншаға әкесіне еріп келген бала ма деп қалып еді; назарын тіктеп қайта Қарағанда... сыңар құлақ кісіні бірден таныды.

– Есітіп жатырмыз. Балықты қырып салыпсыңдар. Дегендей... Қайырлы болсын!

Бірдеңе деп міңгірледің; бірақ не дегеніңді өзің де білген жоқсың. Моншаға барған сайын жалаңаш кісілердің арасында көрінгеннен қысылып бүгежектеп болатынсың; қазір де бір айдан бері көрмеген ауылдастар қай жағымнан шығып қалады деп, ұятты жерін алақанымен басып тұрған-ды.

Сары Шая:

– Сыралғыны кейін сұрармыз. Ал, Жәдігержан, айналайын... көлденең кісі қатыстырмай, ағалы-інілі боп өзара оңаша сөйлесетін тығыз шаруа болып қалды. Кәне, бері... бері шығып кетші! – дегенде, сен:

– Қой... Қой, ақсақал...– деп ыршып түстің. Жалт беріп жөнеле бергеніңде, о да құтқармай:

– Қалқам, тоқта!– деп жолыңды кес-кестеп тұра қалды.

– Есің дұрыс па?.. Сөйлесетін басқа жер таппағандай...

– Пішту! Қалқам-ау, сөйлесуге қайта осындай жер ыңғайлы ғой.

– Ақсақал... шаруаң болса, моншадан кейін үйге келіп айт.

– Сөз болғаныңа. Айдай аппақ жеңешем тұрғанда ол үйге мен былай да бармаймын ба? Ал, қалқам, мынау кейінге қалдырмайтын тығыз шаруа.

– Е, немене... Дүние өртеніп бара ма?

– Иә, қалқам, дүние өртенгелі тұр. Кәне, өзің бері... Бері жүрші.

Сары Шая шап беріп білегіңнен ұстады. Сен жұрттан қысылып өліп барасың. Көк ала бу арасынан жуынып жатқан кісілер көріне бастады. Біреулер бұған бас изеді. Таяу жерде тұла бойына сабын езіп, ақ көбікке оранып алған еңгезердей біреу бұларға елең етіп, одырайып қарады да, үсті-басын қайта ысқылап кетті.

– Ақсақал... жібер!

– Қалқам, болмайды. Шаруа бар.

– Не шаруа? Айтшы, сол құрғырды.

– Қазір білесің. Бері... бері жүр!

Қаның қайнап тұр. Бүйтіп қор болғанша қолыңдағы легенмен мына сұмырайдың төбе жағы буланған ақ құйқа басына бір қойғың кеп тұрса да, жұрт алдында шарылдап пәле қылар деп қорықтың...

Сары Шая білдірмей жымиып қойды. Ол енді әй-шәйге қаратпай дедектетіп жетелей жөнелді.

Сары Шая бұған туыс. Өз басы суқаны сүймесе де, бірақ бұған "қалқам", "қарағым-шырағым" деп, ал анасына "ақ жеңешем" деп іші-бауырыңа кіре келгенде, бұл түгіл, анасы да осы пәлеге қалай "төрге шық" деп рай беріп қалғанын білмейтін. Сонан ол төріңе шығып, дәміңді татқасын үй ішінің қамқорын соғып, үлкен-кішіні айналып-толғанып асты-үстіне түсе бастағанда, оған асымен бірге ықыласын да беретін-ді. Енді, міне... жуынып жатқан тыр жалаңаш кісілердің арасынан табанын жерге тигізбей дедектетіп жетелеп әкеле жатқан ағасын атарға оғы жоқ. Бұл албастының ши қалпағы жел шақырғандай етегі делиіп, кісіге ұқсап жүретіні киім кигенде екен. Бір құлағын анада Көткеншек Көшен қыршып алғалы өзінде тіпті ұсқын қалмапты. Бір басқа – бір құлақ. Мойны қылдай.

Денесі шілдей. Бір қолында леген. Екінші қолымен бұның білегінен тас қып ұстап алған.

– Бері... бері жүр!

Ақыры бұны ыстық бу бұрқырап жатқан қара көлеңке жерге апарды. Әуелі жан-жағына қарап алды:

– Ал, Жәдігержан, қамсыз қалма. "Аналардың" астанадағы азаматы келе жатыр. Жаман хабар есіткесін жата алмадым. Алдын ала ескертіп қояйын, қамсыз қалмасын деп сені іздесем... моншаға кетті дейді.

Сары Шая бұған "естіп тұрсың ба?" дегендей қолынан тартып-тартып қойды. Бұл басынан кешкен мына масқара өңім болмай, түсім болғай деп тұр. Және қара тырнағына дейін күйіп тұрғасын ба, ағасының "аналар" дегеннен басқа сезін есіткен жоқ. Бірақ әңгімені "аналардан" бастағасын сөзін "біздермен" бітірерін біледі. "Аналары" – Тілеу-Қабақ. Осы өңірдегі халықтың негізгі ұлтаны боп саналатын іргелі үлкен ру, ал "біздері" бас-аяғы бес-алты үй кірме – Жақайым.

– Қалқам,– деді Сары Шая өзінен қол созым биік жігітке мойынын созып. Даусын көтерейін десе, төңірегіндегі кісілер есітіп қояды деп қорыққасын қаңылтыр шылапшынды түбін жоғары қаратып төңкере салды да, үстіне қарғып шықты. Бұл балықшылар жиналысында да өститін. Жұрт қатарлы сөз алып мінбеге көтерілгенде, әрқашан бойы жетпей, ақ қылшық төбесі тақтай кенерінен қылтылдап қалғанда, табан астына қоятын бірдеңе іздейтін. Сондайда осы ауылдың қос уыс жиналыс болса да жұрттан бұрын президиумға барып жарбиып отырып алатын еңбек озатының құйрығының астындағы орындықты жұлып алатын-ды.

– Ау, саған айтып тұрмын ғой? "Аналардың" астанадағы азаматы келе жатыр ғой...

– Е, келсін. Бұрын да келіп жүрген жоқ па?

– Қалқам, бұл жолғы келісінің жөні бөлек.

Жүрегің дір етті. Осыған дейін қаперіңе кірмеген бір суық сезім жүрегіне шауып шошып қалды. Жалаңаш кісілерден қысылып жерге кіре жаздап тұрғанын да ұмытып кетіп:

– Жөні бөлегі қалай?– дедің.

– Ойбай-ау, ел ұлтаны олар емес пе? Қай заманда да көп көптігін істеген. Осы жолы бұлар бізді көп бидай ішіндегі жалғыз арпадай тұншықтырып, дегеніне жетпек. Жо-жоқ, қалқам, күлме...

– Бізге сонда не істейді?

– Бәрекелді, сөз болғаныңа. Ойбай-ау, бұлар сенің колхозға басқарма болғаныңды көре алмай жүр ғой.

– Қой әрі! Жалпы жиналыста өздері ғой сайлаған.

– Онда абайламай, ет қызумен сайлап алып, естері енді кіріп жатыр ғой.

– Жә-ә...

– Қалқам-ау, сенің "жәң" қай "жә?" Ертең төңкеріп тастап, орныңа... ана быдық ағасын қояды. Арқа тірейтін астанада анадай азаматы тұрғанда бұндағы қос уыс халы қты басқара алмас деп пе едің?

– Қой әрі, неше, сірә, халық ойыншық болып кетсе де.

– Қоятыны жоқ. Қазіргі халық, айналайын інім, майы, суы құюлы машина сияқты. Ондай халықты басқару үшін ақылдың керегі жоқ. Тетігін тапса, көрінген тырқылдатып әкетіп жатқан жоқ па?

Қара тырнағына дейін күйіп тұрса да, сол арада қалай күліп жібергенін байқамай қалған-ды. Ол жаңа Әзімнің осында тұратын быдық ағасын айтқанда, құдды кісіге шабатын бурадай орақ тұмсық ірі қара жігіт көз алдына тұра қап еді. Колхоз түгіл қарауындағы он шақты кісі: "бізді мына пәледен құтқара көр. Өлетін болдық",– деп үстінен арыз айтып келе бергесін, бір жолы онымен оңаша сөйлескені бар-ды. Сонда ол бұған астындағы орындығымен көтеріліп кеп бетіне бетін тақап отырған еді де, сосын түкірігін шашырата тұтығып: "ме-мен деген... жұмысым жақсы деген. Те-тек сөз үйір деген",– демесі бар ма. Онсыз да күйзелген халықты ендігі жерге сол быдық басқарса... Бірақ, кім біледі, қойса бұ да "мен деген", "сен деген" деп те істеп кететін шығар... Осы елі құрғырды кім басқармады. Кейінгі жылдары өзі де талай бастықтың алдында болып жүр. Оларға тартылған теңіз, күйзелген халық жөнінде жыларман боп зарын шағып жатқанда, ой, заңғар-ай, иманы селт етсейші. Үстіне кіргеннен-ақ сазара қалады; сез ләмін байқағасын түсін суытып ала қояды да: "Айттың ғой, кө-рерміз. Ойласармыз. Ақылдасармыз" деп өздері машықтанып алған бес-алты ауыз буынсыз, былқылдақ сөзбен шығарып салатын. Шынында да, алдына келген кісіге әлгіндей бес-алты ауыз сөз төңірегінде сөйлесуге шамасы келсе, обалы не керек, айналайын халық бастыққа онша салмақ салгызбай, Сары Шая айтса айтқандай, "майы, суы құюлы машинадай әркім-ақ тырқылдатып әкетіп" жүрген жоқ па?

Осы кезде бақыр ұстаған біреу жүгіріп барып лапылдап жатқан пештің көмейіне шаж еткізіп су шашып жіберді.

Тағы шашты. Сары Шая бұған тағы бірдеңе айтқалы мойнын созып келе жатқан-ды. Пеш көмейінен көтерілген көк ала бу бұның мына жағынан құлағына аузын тақап қалған Сары Шаяны көміп жіберді. Өзі көрінбесе де, есесіне енді бу арасынан біреу қылғындырып жатқандай қырылдақ дауыс естілді. Қырылдақ дауыс құдды бұзылған радиодай қытырлап құлағын тырнап барады. Бұл құлағын алып қашқан сайын анау да бұған қайта-қайта төніп, бу арасынан балп-балп аузы, безеңдеген тілі жынына тие бергесін, ертеден бері жібермей тас қып ұстап алған қолын қатты жұлқып босатып алды. Сонан кейін Сары Шаяны легенмен жасқап жуытпады. Апыл-ғұпыл жуынды. Асығыс киінді. Әлгі пәле бір жерден шығып қала ма деп сасқалақтап жүріп терін басуға да мұрсаты болмапты. Сыртқа шыққан бойда топырақ суырған ызғарлы суық желден тітіркеніп ықтасынға тұра қалды. Түймесін салғалы ауына апара берген қолы кенет ауада қалт тоқтап: "Не шаруамен келе жатыр екен?"– деп ойлады. Ойламайын десе де, Бәкизаттың анада астанада дем алып қайтқаны есіне түсе берді. Осы бір тікендей қадалған ой үйге келе жатқанда да аяқ басысын ауырлата түсті. Үйге кірер жерде есіне тағы да сол түсіп, "апыр-ай, ә?" деп, есіктің тұтқасына соза берген қолын кейін тартып алды. Кір киімдерді салған қалайы легенді қасына қойып, тақтай басқыштың бір шетіне таман ысырылып отырды. Әлденеге мырс етіп, басын шайқады. Сары Шая ойлағандай ол, әрине, бұларды "көп бидай ішіндегі жалғыз арпадай тұншықтырып", аз ағайынға азар беруге келе жатқан жоқ шығар. Бұны "тағынан" тоңқалаң асыру да ойында жоқ болар. Үлкен ұлық орында отырған жігіт ауылдағы бұларға қол ластап қайтсін. Сонда... Иә, сонда оны Құдайдың мына қақаған қара суығында жылы орнынан қозғап, қыс ішінде қиянда жатқан бұларға әкеле жатқан... сондай-ақ ол не шаруа? Бұл жақта оған тіреліп тұрған не бар? Ағайын-тумалары аман. Аға-жеңгесінің шаруасы шаршысына кеп тұр. Рас, азамат шырқап кетсе де, шығандағы ауылын ұмытқан жоқ. Туған жерге жыл сайын бір соғады. Бірақ ол... бұрын елге қырда қызғалдақ гүлдеп, көк жусан құлпырып түлеп тұрғанда, ылғи ерте көктемде келуші еді ғой. Астананың ығына үйренген жігіт пәлендей алып-жұлып бара жатқан шаруа болмаса, қиянда жатқан елден не алады? Сонда... Бәсе, сонда оны не түлен түртті? Оны жұрттан бұрын Сары Шая қайдан білді? Апыра-ай, ә? Жә, келсін. Жолы болғыш жігіттің қайығы желге өрлеп тұрғанда, қай ісі қалай дерің бар ма?

Бұл ішке кіруге асықпады. Көңіліне алмайын десе де моншада есіткен әлгі хабар ойынан кетер емес. Іші құрғыр оның тегін келе жатпағанын сезді. Анада Бәкизат астанада болғанда... Тоқта, сонда екеуінің арасында уәделескен бірдеңе болды ма екен? Әсіресе осы күдік көкірегіне тікендей қадалып тұрып алды. Үй алдында терін басып отырып, тағы да мырс етіп басын шайқады. Сары Шая қайдан білді? Кімнен есітті? Иісшіл иттей тіміскілеп жүріп қыбыр-жыбырды, жұрттан бұрын сол біледі. Көрдің бе, жаны қысылғанда жаңа қаңылтыр легенге қарғып шыққанын. Жиналыста да солай. Ел алды боп келеді. Ел алды боп жарыс сөзге жазылады. Бір сөйлегенге қанағат қылмай, қосымша сөз сұрап, сұқ қолы шошаңдап отырғаны.

Қалай десе де, жиналыс жалықтырған жұрт Сары Шая сөйлегенде бір көтеріліп қалады. Сары Шая үлкен бастықтарға тиіспесе де, меском, профкомға тісі балғадай. Әсіресе, өткен жиналыста мескомның мойнына мініп алды. "Жұрттан жинаған взностың үстінен жеді",– деді. "Балықшыларға келген ботевка жең ұшынан жалғасып тамыр-танысына кетіп жатыр",– деп соқты. "Әттең, әне бір заман болғанда ит жеккенге айдатар едім" – дей берді де, "ит жеккен демекші" деп аяқ астынан өз сөзін өзі айрандай ірітіп, әңгімені ит жөніне бұрып жіберді:

– Ойбай-ау, теңізім тартылып, халқым қиналып, бала-шағаға ас тауып бере алмай отырғанда, бұл халық бір үйге бір ит аз дегендей қазір екеу, үшеуден асырайтынды шығарды. Кісі қабатын зиянкес иттер көбейді. Қабаған ит ұстаған балықшылар ендігі жерде жат пиғылды зиянкес деп саналсын. Кәне, кім осыған қол көтереді,– дегенде, жаңа ғана қалғып отырған кісілер көздерін ашып алып, ду күлген-ді.

Қалай десе де, Сары Шая айтыпты, Сары Шая үйтіпті-бүйтіпті деген неше түрлі қиян-пұрыс қылық осы өңірдің халқының аузында. Осы жұрт онан азар да безер боп ат-тонын алып қашып жатады. Қолынан келсе қайсы біреу оны қара жерге тығып жібергісі кеп қаны қайнап тұрса, екінші біреу оған зәру. Өйткені бұл ауылда басқа былай тұрсын, балаларға аспан астының ілім-білімін үйретіп жатқан әлгі өшетілдердің қолынан келмейтін арызға, актіге, малға, жанға куәлік жазарда қолы жүйрік. Ең әрісі қай статья, қай кодекс қандай қылмысқа жататынын сол біледі. Баяғыда "алтын заң" шыққанда осы Сары Шая СССР Конституциясын жұрттан бұрын жаттап алып, саяси оқу жүргізем деп жалақтап шыққанда, қашанда теңіз қашағанын қуып аулайтын кәсіпқор балықшылар қолға түспей сорлататын. Сол жылдары Сары Шая Құдайдан күннің бұзылғанын тілейтін. Өйткені, балықшылар дауылда теңізге шықпай, жағада тор-тұзақты тосаптан тазартып жатады. Мұрны тосап исін жаратпайтын. Сары Шая балықшылардың жел жағына шығып отырады. Ық жақта бұл не айтса соған айран-асыр қап аузын ашып тыңдайтын кәсіпқой немелерге "сталиндік алтын заңды" әлқисса ғып жатқа айтып беретін зеректігі жұрттың есінде. Сонда оны тыңдаған кісілер жағасын ұстап: "Ойбай бұның басы алғыр ғой. Тек сорлатқанда Құдай өзіне пәтуа бермеген",– десетін. Иә, көп кісіге оның пәтуасыздығы бағын байлап жүргендей. Әйтпегенде, осы ауылда қызыл тілге келгенде тірі жанға дес бермей, сұқып тұратын сол. Тауып айтатын сол. Білікті сол. Білімді де сол. Тек бір жан оның қайда оқығанын білмейді. Қанша оқығаны да белгісіз. Бір жолы кісі басы құралған гу-гу жиында Сары Шая сұңқылдап отырған-ды. Баяғыда, осындай алқалы жиында ата-бабалар бірінен бірі аруақ асырмақ болғанда атын жарыстырып, итін таластырып, батырын төбелестіріпті. Өз бойынан мұнан басқа артықшылық таппай қызылөңештеніп алған атаң қазақ қыза-қыза келе арғы тегінде сүйегі әлдеқашан қурап қалған шалдарын салыстырып та түк шығара алмағасын, қала көрген қазіргі жігіттер білім таластыратынды шығарды. Сары Шая сұңқылдайтын әлгі жиында балықшы ауылдың ши борбай жастары білім таластырып, бірі – КазГУді, бірі СаГУді бітірдім деп қызыл шеке боп жатқанда, Сары Шая тұрыпты да "ал мен ҚЖМ-ды бітірдім" деп қиқ етіп күліпті. Сонда жастар жағы онысы – қол созым жердегі Құланды Жетіжылдық Мектебі екенін біліп жырқ-жырқ күлсе, ал шалдар жағы тағы да жағасын ұстап:

– ҚЖМ дей ме, әй? Апыр-ай, ә? Ал мынау біз есітпеген оқу ғой?

– Иә, мынанікі мықтырақ оқу болды. Әйтеуір, осы жазған арыз да, акті де жоғарыға өтімді еді-ау! – десіпті.

Шынында да, басқа шаруаға қырсыз Сары Шая қағазға жүйрік. Істі болған кісілерге кассациялық шағым дейсің бе, қолхат, тілхат дейсің бе, бұзатын іс, кайта қарайтын іс, ақтайтын, қаралайтын қағаз, соның қайсысы болса да, құдды үнді шайын ішкендей танауының ұшы шып-шып тершіп, рахаттанып кірісетін. Оның ықыласпен кіріскенін көргенде арбалған торғайдай есі шығып отырған арыз иесі: "Е, Құдай бере көр!"– деп бір көтеріліп қалатын. "Бұның бәрі тарих",– деп Сары Шая қолынан шыққан қағаздың көшірмесін әспеттеп, темір сандықтың түбіне тығып тастайды екен. Және жоғарыға жазған қағазды аяқсыз қалдырмай, жауап алғанша үсті-үстіне жаза бергесін, ақыры бір күні ақ істі қарайтып, қара істі ағартып шығарады екен. Ана жылы осы ауылға басқарма боп сырттан келген жігітпен Сары Шая шиедей боп айтысып, ақыры оны орнынан алғызғанда, құдды жау қашырған батырдай күпсінген-ді:

– Ойбай-ау, текелік қылам дейді. Бұл елдің өзінің телісі мен тентегі тұрғанда оны қалай басыма шығарып бақылдатам. Қызыл шеке боп айтысқан бір жиналыстан кейін өзіне осылай қатарласып кеп иығымды иығына сүйкей бердім де: "Үстіңнен ана жаққа қағаз айдатайын ба? Комиссия шығартайын ба?"– деп едім. Бастықтың жаны тәтті болмасын ба, жаңа ғана жалына қол апартпай тұрған неме сол арада көрер көзге жуасып, алдыма түсіп құрдай жорғалай жөнелмесі бар ма? Сөйтіп, айналайын, бұл ағаң басқарманы да бас білдіріп алған...

Сен сонда Сары Шаяның сөзіне ден қоймай, салғырт тыңдап едің-ау. Қазір ойлап қараса, оның мына сөзінің ар жағында "сені де бас білдірем" деп бұған қыр көрсеткен күш жатыр екен. Бұны бас білдіруге құдіреті жетер-жетпес, ал бірақ жаңа моншада жынына қанша тигенде оған түк істей алмаған өзінің сол арадағы дәрменсіздігіне ызасы келген-ді...

– Апа... қызың оқудан келмеген бе?

– Қайдам, о да кешігіп жатыр ғой.

– Бұл кезде оқу бітпеуші ме еді?

– Келетін уақыты болған, кім білсін, сенің әлгі қартайса да қайыған іңгендей ыңырсуын қоймаған қайын енең үйіне әкетпесе...

Иә, сөйткен болды. Пақыр баланы сол қақсал бауырынан шығармай өбектеп кетті. Көз ашқалы көріп келе жатқаны соның тізгіні мен жетегі. Қаршадайынан қыз екенін құлағына құйып тастағаны сонша,құп-құртақандай болып ап үйден аяғын қия басса үлпілдеп киініп алады. Сондайда бұл өз қызын өзі танымай тосырқап қалатын.

– Әй, балам...

Ана даусы алыстан естілді. Сен суып кеткен шайыңды аузыңа апара бергенсің-ді. Кеседен басыңды көтеріп, дауыс шыққан жаққа қарап едің; көзің әуелі самаурынға түсті; бұрқ-бұрқ қайнаған ескі жез самауырдың ығында иегін тізесіне қойып, бір шөкім боп отырған томашадай кемпірді сосын көрдің.

– Еркек қостың жағдайы белгілі еді ғой. Шайың суып кетті. Кәне, кесеңді бер!

Байқап отырсың: аузы берік ана аржағын ашып айтпаса да, жалғыз баланың үйде ғана емес, түздегі өмірі де мәз емесін көкірегі сезеді. Желтоқсанның кешегі қара суығында сылағы түскен қамыс қоста талай түн дірдектеп тоңып шыққанын да сезетін шығар-ау? Әсіресе, сол бір түн... Иә, сол түні таң алдында ауа райы шұғыл бұзылып, көктен қара нөсер құйып берген-ді. Қалжырап қатты ұйқтаған кісілер алғашқыда түк сезген жоқ-ты. Сен тек қос самайдан сырғанап аққан мұп-мұздай жылымшы бірдеңе тәніңді қарып бара жатқасын шошып оянғасың-ды. Тула бойың дір етіп, тітіркеп қалдың да, үстіңе жамылған су-су көрпеге иегіңді тығып ала қойдың. Қамыс қостың төбесі тулақ сабағандай сатырлап тур екен. Қатты жел қара дауылға айналыпты. Әлгіде тулақ сабаған долы қатындай дүсірлеген қара нөсер, енді қазір ызалы аш иттер қосқа жабылып, іргеліктің қамысын тұс-тұстан тырналап талап жатқандай. Әдепкіде төбеден бір-бірлеп үзілген тамшылар бара-бара жеделдетіп, жел ызғыған қостың әне жері де, тырс-тырс, мына жері де тырс-тырс...

Ұйқыдан берекет кетті. Жаурап ыңырсыған кісілер әр жерде қозғала бастады. Тамшыдан зықың кеткесін, қол созым жерде жатқан біреудің көрпесіне кіргенсің-ді. О да жаурап жатыр екен, жабысып құшақтай алды. Бір тамшы булардың дәл көкірегі тұсынан тырс-тырс тама бергесін астына шелек қойып едің-ау. Құрсын, қаңылтыр шелектің түбі қаңғырлап ала жөнелмесі бар ма... Қасында тоқты қошқардай мекіреніп жатқан бала жігітпен екеуара жамылған су-су көрпе не оған, не саған жетпей, бір жақ бүйірі мұздап ашылып қала берген-ді.

Ұйқы арсыз ғой. Сүйтіп жатып көзі ілініп кеткен екен. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір кезде дірілдеп оянса, кеудесін басқан әлдебір ауыр салмақтан көкірегі қысылып барады екен. Әуелі бұның не екенін білмеді. Сосын абайлап қарап еді, сүйтсе су толған шелек бағанағыдай қаңғырламай, енді қазір әлгінде ғана іргені тырналаған көп ит құдды суға бас қойып шылп-шылп жалап жатқандай... Сен мөймілдеп толған шелекті сыртқа апарып төккенсің-ді. Сүйек сүйегіңнен еткен сол түнгі суықты сен қазір де сезгендей денең тітіркеп қалды.

– Әлгіде жаман ағаң іздеп жүр еді, тапты ма?

– Иә, моншаға келді.

– Алып-жұлып бара жатқан ол не шаруа екен?

– Белгілі ғой... Қара аспанды қапылтып...

– Е, пәтшағар! Шырағым, сол пәледен аулақ жүрші. Кесеңді бер. Шаруаңды айтпадың ғой. О жақта шаруаларың қалай болды?

– Апа, балықты жақсы ұстадық. Мынау балаңның табысы,– деп бел ортасынан жіппен байлаған бір бума ақшаны алдына тастай салдың.

– Бұны қайтем. Келінге бер.

– Өзің жұмсарсың.

– Жоқ, айналайын. Былтыр берген ақшаң да солайымен қарап тұр. Сан білмегесін, осы жаужегір көбейсе, басым айнала бастайды.

Осы үйдің әне бір бақытты кезіндегідей, сен сақылдап рахаттана күліп едің-ау. Бірақ ұл бол, қыз бол жеңілтек, ыржақай кісілерді жақтырмайтын қатал ана самауыр тасасынан түсін суытып қарағанда, күлкіні кілт тия қойдың.

– Мен өлгесін не болсаң – ол бол, ал менің көзім тіріде, неше, сірә, қатын Құдай болса да, бұдан былай төбеңе шығарғаныңды көрмейін.

– Апа-ау, марқұм әкем өле-өлгенше өзіңді төбесіне шығарғанда үндемеуші едің ғой?

Анасы есітпеді ме, ар жағына бұрылып, күйбеңдеп бірдеңе іздеп кетті. Сонан бойын қайта тіктегенде кәрі ана кенет күліп:

– Жаман неменің сөзден тосқан жерін қарашы. Е, сондай-ақ сенімен әкең тең бе еді? Ал, сенің ана шүйке басыңмен мен тең бе едім,– деді. Ашусыз, зілсіз айтты. Сәл отырғасын сөзін сонан ары жалғап:– Бір кезде бауырымнан шыққан бала болсаң да, бұл күнде, шырағым, біз бала боп, сендер дана болған кез ғой. Құдай алмағасын сендермен бірге әзір таң атырып, күн батырып, қара жерді қатар басып жүргенім болмаса, кәрі анаңда ендігі ұрпақтың көшіне ілесер не қауқар қалды дейсің. Көзім тіріде, өзіңе айтсам деген бір сөзім бар еді, балам,– деді.

– Иә, апа...

– Кесеңді бер...

Бұрын да ана мен бала арасында оңашада оны-пұны күңкілдесіп қалатын ортақ әңгімелер болатын. Бірақ бұл жолғы әңгімесінің түрі бөлек сияқты.

– Сендердің заманыңда біз түсінбейтін мінез көбейіп барады, балам. Басқаны қайтейін, бауырларыңнан бізден құлқы мен мінезі бөлек ұрпақ өсіп келеді. Олармен сөйлесетін тіліміз де басқа,– деді анасы.

"Мен жоқта балалардың тілі тиді ме екен?",– деп ойлап, ана сезінің аржағын шыдамсыздана тосқансың-ды.

– Біздің заманымызда кісінің қолымен істейтінді сендер көктемірге істетіп қойдыңдар. Аспандағы құстарың – темір. Жердегі көліктерің – темір. Тұтынған дүние-мүліктеріңе дейін темір. Аспан астымен тілдестіріп отырған, үйде де, түзде де сырласың мен мұңдасың сол әлгі таңның атысы, күннің батысы дамыл көрмей сарнайтын да тұратын заржақ темір. Сиынарың мен сүйенерің темір болғанда, темірге табынып, тірлігің темірге тәуелді боп отырғанда елжірек сезім сендерді қайтсін. Көк темір құрсанған мына қаһарлы заманда азамат қатты болмай, су тиген жабағыдай ылжырап тұрса... е, сонда сенің кебіңді кимей қайтеді дейсің.

Қарт ана бетін ары бұрып, көзін жұмып селк-селк күлді. Бұл не? Мысқыл ма? Анасы неге беті қатты заманның темірдей қатайып бара жатқанын айтты? Әлде... бұл сыртта жүргенде от басында біреу-міреу...

– Апа, шыныңды айтшы, өзіңді біреу ренжіткен жоқ па?

– Ой, ақымақ балам-ай. Маған кім тіл тигізуші еді. Сенің қатының ба, қайын енең бе?

– Қайдан білейін...

– Білмесең, жөніңе тыныш отыр. Көзім тіріде кісіден зәбір көрем деп жүргем жоқ. Зәбір көрсем де балаға шағынбаймын. Сені туып едім деп жатырын сәдеттейтін ана мен емес. Қартайған шағымда от көсейтін көсеудей қысқа қолымды ұзарт деп те жалынбаймын. Саған айтпағым басқа.

– Иә, апа...

– От басының тірлігі деп, бала-шағаға қарайлап омала берме. Сонан соң туған жерім, кіндік қаным тамған топырағым еді деп, бұл адыраның анасын бір, мынасын бір қимай жүріп, ақырында бейіт күзеткен бәдіктей көшкен елдің жұртында қалып қойма!

– Апа-ау, өзің едің ғой, күні кеше ауыз ашсаң ата қоныс деп...

– Иә, айттым. Ата қоныстан кетсек, сүйегім көмусіз қалатындай көргенім рас. Қайтейін, туған жері құрғырды қимаушы едім. Кешегі бізден бұрын өткен шалдардың әр төбе басында қарақшыдай қалқиған зиратына көзің түссе де көкірегі құрғырға тіл бітіп, осы елдің өткен-кеткені ойыңа орала кетеді. Біз соған да мәз болатынбыз. Қай нәрсенің де қадірі мен қасиеті басында бағы тұрғанда екен. Қазір осы жердің мен қимайтын ештеңесі қалмапты.

Сен аң-таңсың. Өз құлағыңмен есіткен мына әңгімеге әлі де болса сенер-сенбесіңді білмей, аңтарылып отырсың.

– Шырағым, баяғының шалдары да бірдеңе білген ғой,– деп кәрі ана бұған жүзін қайта тіктеді.– Солар еді ғой "у ішсең – руыңмен" деген. Елің көшсе – сен де көш. Ендігі қалған тірлігіңде не көрсең де, кешегі жақсы кезде теңізді бірге кешкен кісілермен бөле-жара көр. Жат жер деп жүрексінетін не бар. О да осы қазақтың өздеріңдей маңдайдағы бір-бір қарақтары өсіп-өнген, Баба түкті Шашты Әзізден бата дарыған киелі қара жер емес пе? Көрерсің, ертең топырағына бір-екі аунап тұршы. Сонан кейін, е, тәйірі, біз сияқты күні өткен біреу болмаса, өздеріңдей келешегі алдағы азаматтың тұрған жері де туған жерден кем боп па еді? Көк темірге канат бітіріп қойған мына заманда көшу, тәйірі, сол баяғының жаман қатындарының үй аударып тіккенінен несі қиын дейсің. Тек ендігі жерде қайда бет түзесең де, кәрі анаңды көшіңнен қалдырмай, ала жүрсең болғаны.

Мынау, сірә, жалғыз бала теңіздің арғы бетінде жүргенде, түнде кірпік ілмей тебіреніп жатқанда тапқан ақылы ғой. Күнде-күнде келін жұмысқа, немере оқуға кетіп, оңаша үйде жалғыз қалғанда терезеден түскен сары шуақта ұршық созып отырып та, түйе қорада қараша інгеннің бауырында жабысып тұрып та талай-талай тебіренген болар-ау. Сонда адам көкірегінде жуық арада өліп болмайтын осы бір туған жердің топырағына бауыр басып, жабысып қалған жаны сірі сезімнің тамырын, көз жасын кеудесіне тамшылатып отырып бір-бірлеп үзбеді дейсің бе? Енді, міне, кәрі ана, бұған сол қиналғанын да сездірмей, басындағы қақыра жаулықты қақшаңдата береді.

– Кешегі сендердің бала кездеріңде бұл теңізді біз де кезбедік пе. Сонда теңіздің арғы бетінде қостанып жатқан балықшылар шөлдеп бара жатса, әлі есімде, екі кісі жағаға біріне-бірі қарама-қарсы отыра қап, қолмен әрі-бері қазғанда, ар жағынан ішуге жарайтын кермек су шығушы еді. Ал сол жерлерден қазір таңдай жібітер тамшы таппайсың.

– Теңіз тартылғалы жер астының суы алыстап кетті ғой.

– Теңізді айтасың, бұл елдің баяғыда мал жайылған қыр жақтың да тұзы бетіне шығып кетіпті. Анада адайдағы қыз шақырып, қырдағы түйе ауылға барғанда көрдім. Тамыры ащыға тиген шөп екеш шөп те қап-қара боп күйіп кетеді екен. Бұ да құдіреті күшті Құдайдың бізге жіберген зауалы да.

– Жоқ, апа, бұл адамның ісі.

– Тәйт, әрі! Жер бетіне жақсылық жіберсе де, жамандық жіберсе де – бәрі бір Алланың қалауымен болған.

– Жә, солай-ақ болсын. Бірақ осы заманның бір білгір ғұламасы теңіз суы мен жер астындағы су сабақтас деген қисын айтады.

– Оны ғұлама болмай-ақ қатын басымызбен біз де білеміз. Басына сәлде салмағаны болмаса, сол шіркіндерің баяғының құран ашқан молласынан айырмасы шамалы. Сендердің ғұламаларың да қит етсе кітап ашады.

Бүгінгі ана сені тіпті қайран қалдырды. Өзінің баяғыда жиынды жерде бір жанды бетіне қаратпай өрлеп сөйлейтін отты шағын қайта тапқандай. Басындағы қақыра жаулықты қайқайтып көтеріп алған. Бағанағы бүкиген бел жазылып, баласының алдында омыраулап, өктем сөйлеп отыр. Ондайда даусы да дәл баяғы жас кездегідей сампылдап шығады:

– Сол немелер білгір болса бұндағы халықтың жаз болса ауыз су таппай, қатын-балалары шелегі даңғырлап дала кезіп кететінін неге көрмейді? Осы ауылдың ортан қолдай жігіттері... Әне, әнекей, жұмыс таба алмай, сенделіп жүр! Кеше адайдағы апаң келіп кетті.

– Олар әлі қырда отыр ма?

– Сөзімді бөлме. Үш үй елсіздегі бір ескі қораны жөндеп алыпты. Әзір соның ығын лаждап отырған көрінеді. Олар да жаны сірі. Шыдай береді. Адайдағы апаң айтады: өзімізге бәрібір-ау, балаларға жұмыс табылмағаны жаныма батады дейді. Рас қой, жұмыссыз үйге кісі сия ма? Аяғың жетіп жоғарыға барып жүресің, осы ауылдың басындағы қиындықты неге айтпайсың?

– Ой, Құдай-ай! Апа сен де...

Күйіп кетіп шоқпардай жұдырықпен оз тізесін өзі қойып қалды. Тыңдайтын құлақ болса, бұл айтпаған сөз бар ма? Бір жолы Қозы Қарын: "балық... балық" деп жынына тие бергесін, бұ да шыдамаған-ды. Былайғы кезде үндемей құтылатын жуас жігітке сол арада жігер бітіп: "Балықты бюрода айтамыз. Активте айтамыз. Қос уыс жиналыстың бәрін де айтатынымыз балық. Ал, халық сорлы қашан аузымызға түседі"...– дей бергенде, жиналыс басқарып отырған Қозы Қарын столды қойып қалды. Алдында жатқан күл салғыш шоршып түсті. Кілмік көзге қаһар бітіп: "Жолдас, абайлап сөйле! Әлгі сөзің үшін жауап бересің" деп еді, бұ да тайсалмай: "Е, берсем берем", деді; "кердің бе, тілі шыға бастаған. Омай-ау, сонда халықтың жалғыз жан ашыры сен болып, біз тек балықтан басқа түк білмейтін керең болғанымыз-ау",– деген-ді...

– Ай, апа-ай... біз де айтып жатырмыз-ау. Бірақ... Әй, құрысыншы!

– Айтудың да айтуы бар. Бастықтың алдына барғанда сен, сірә, марту басқан қатындай үнің шықпай қалатын шығар?

– Қайт дейсің, апа, нашар бала тапқан өзіңе ренжімесең, маған ұрысқаннан не шығады.

Ана бұған алара қарады:

– Сен мұндар енді өзіңнің жамандығыңды анаңның жатырынан көрейін дедің бе? Тоғыз ай, тоғыз күн көтергенде жатырындағы баланың қандай екенін қай ана біледі дейсің. Сен және мен туғанда екі шекең тоқпақтай сәби едің, ер жеткесін ащы көлден шабақ аулап жеп жүрген ана, жаман Жақайым жігіттеріне тартып кетеріңді қайдан білейін,– деді кәрі ана күліп. Әзілі ме, шыны ма, соның қайсысы болса да күліп отырып көңілдегісін айтты.

– Қайт дейсің, апа. Жақсы болса да, жаман болса да балаң аянып жүрген жоқ.

– Сөзінің сиқын. Қатын – ерге, ер – жерге қараған заман. Алдында ел басшысы тұрғанда халық байғұс қиналса да жас баладай көзі жаутаңдап, сенің аузыңа қарайды. Қайткені сол – қиналған халқыңа ақыл тап, жөн сілте!

Қарт ана саңқылдаған даусын кенет кілт үзіп, сыртқа құлақ тікті. Сүйткенше аттылы біреу тоң жерді дүңк-дүңк бастырып кеп үй алдына тоқтады. Дүрс етіп аттан түсті. Сыртқы есік шалқалай ашылды. Осыған дейін өз үйіндей еркінсіп келе жатқан еңгезердей біреу есік аша берді де, аяғының астына қарап кілт тоқтады. Қара елтірі тымақ, қара елтірі тон киген еңгезердей ірі кісі әлденеге аяқ астынан жүрексінгендей табалдырықтан аттауын аттаса да, сонан ары аяғын баспай, төбесімен үй тіреп тұрып қалды.

– Жезде, жоғары шық!– дедің сен.

Еңгезердей кісі ілгері басудың орнына кейін шегіншектей береді. Наразы дауыста бірдеңе деп күңкілдеді. Дәл қазіргі түрі айнадай жалтыраған сырлы еденді бір басса ана бөрене аяқ сереңдеп құлап түсетіндей, ал бір құласа үйелеген түйедей сол орыннан енді қайта тұра алмайтындай тізесі дір-дір.

– Ау, жездеке, есік алдында тұрып қалдың ғой. Былай, төрге шық!

Қонақ шал қос қолымен босағадан ұстады:

– Ой, енеңді ұрайын,– деді күлкісін әзер тежеп тұрған саған алара қарап.– Төрге шық, төрге шық дейді. Төрге қалай шығам, қайқайып басатын қазақтың қара жері болса екен, айдың күні аманда үйдің табанын тақтайлап, мынау көк тайғақ мұздай жалтыратып қойғаның.

Сен күліп кеп оны қолтығынан алдың. Қонақ шал сонан кейін ғана бойын билегендей боп:

– Апыр-ай, бұл үйге ендігі жерге табанымызды тағалап келмесек болмас,– деді. Қанша келсе де, әдеті осы: төрге біреудің қолынан ұстап, бөрене аяғын бір-бірлеп басып әрең шығады. Бұл келгенде балықшы ауылдың балалары мәз. Шара табақтай жалпақ беті мен бүкіл тамағының асты сақалға толған осы бір таудай шалдың сырлы еденді басарда құдды мұзға түскен түйедей, аяғын әрең-әрең қозғап, бүгежектеп қалатынын көргенде әсіресе мәз боп ішек-сілесі қататын.

– Басқа ермек болмағасын шешең екеуің ертелі-кеш тақтай жалайсыңдар да отырасыңдар-ау, сірә!

Сен күліп төрге төсек салдың. Төсекке киімшең бойымен шыққан қонақ әуелі тері тонын шешті. Сосын басынан тымағын алды. Аяғынан кең етігін қолқ-қолқ шығарып, есіктен төрге дейін тілмен жалағандай жалтырап жатқан еденнің қай жеріне тастарын білмей көтеріп ұстап түр еді, сен қол создың:

– Маған беріңіз.

Қонақ шал етікті ұстата салды. Сонан соң демін бір алғандай жан-жағына қарады да, самауыр жанында қақыра жаулығы қайқайып отырған бастасына көз тастады.

– Қалайсың? Қуаттысың ба?

– Шүкір. Біздің ендігі тірлігіміз белгілі ғой: отырса да – тәуба, тұрса да – тәуба.

– Қабағыңда кірбің бар ма, қалай?– деді қонақ шал бастасына қайта қарағанда көзінің үстіне қолын көлегейлеп.– Келін, бала ренжітпей ме, әйтеуір?

– Осыларды қойшы. Бұлардың қолынан кісі ренжіту де келмейді. Көптен көрінбей кеттің. Үй ішің аман ба? Қызымыз қалай?

– Қыздарың қартайды ғой. Тісі жас, түсі тәуір бір сіңлісін іздеп жүрмін.

– Тұтақ! Еркек шіркіннің кеудесін көтере алмай жүріп те қартаймайтын көңілі-ай!

Әлгінде көрші үйден жүгіріп келген кішкентай екі бала босағаға жабысып алған. Өздері тығылып тұрған тасадан басын бір шығарып, бір тартып алып жылтың-жылтың етеді. Тор алдында теңкиіп жатқан нар тұлғалы шал күлсе де, сөйлесе де жолы болып жымыңдаса қалады. Осы шалдың тамағы астындағы қаба сақалға оқта-текте бес саусақтың бесеуін бірдей сұғып жіберіп қышыр-қышыр қасығаны тіпті қызық. Ондайда біріне-бірі: "Ана қара! Ана қара!" деп жырқ-жырқ күледі.

Қонақ шал оларға көз қиығын тастап жымиып қояды; бұл өзі осы өңірге сонау колхоздасу тұсында келген кірме. Жасында тақымы терден кеппеген ұры бопты дейді. Анау-мынау кісінің аяғы жетпейтін қиян қашықта жатқан Қара-қалпақ, түркпен еліне қасына кісі ертпей, жалғыз жортыпты деседі.

Бір жолы Каспий мен Арал арасындағы елсіз түзде жалғыз келе жатқанда, ойда жоқ жерден өкпе тұстағы қоңыр жалдың астынан салт атты біреу сумаң етіп шыға кепті дейді. Астындағы ат елең ете қалған жаққа бұл бұрылмай, қабақ астында тұнжыраған суық көздің қиығын тастаса... сіңірлі мықты ат үстінде үйелмендей боп біреу отыр екен дейді. Сүр шекпеннің салақтаған ұзын жеңінен жуан дойырдың шеті көрініпті. Ерден ердің сірә да қаупі бар. Бұл да бойын дереу жиып ап, жең ішіндегі дойыр қамшыны уысына қысып ұстапты. Ат үстінде үйелмендей боп отырған әлгі бейтаныс бұжыр қара кісінің өңменінен өтіп бара жатқан жылан көзіне бұ да тайсалмай тура қарапты деседі. Дүниеде ерлік пен ірілікті ғана құрметтейтін қанжығалы екі ұры сол арада ат үстінде аз тілдессе де, бір-біріне рай беріп тарасқан екен деседі.

Сонан күндердің бір күнінде Адай жігіттің басына зобалаң туып, еліне сыймай қашып шығыпты. Барар жер, басар тау таппай тірлік тығырыққа тірелгенде, Адай жігіттің есіне баяғыда құба жонда кездесетін жылан көз бұжыр қара түсіпті-ау! Қоштасарда оның: "Мені іздесең – Арал теңізінің батыс жағынан табасың", дегені есінде қапты. Сол жылан көзді әрі-бері ойлап, ақырында аты да есіне түсіпті. Кәлен...Иә, атым Кәлен деп еді-ау. Кәлен... Кәлен... Сонан бұл күн жүріп, түн жүріп Кәленді табады. Әлімнің бір қызына үйленіп, үстіне үй көтереді. Кішкентай қараша келіншектің етегінен қара сирақ балалар бірінен соң бірі дүниеге келеді. Сонан кешегі колхоздастыру кезінде Кәлен екеуі ел алды боп колхозға кіреді. Ел алды боп бір-бір қайық ау алады. Сүйтіп, қыс демей, жаз демей көк теңіздің қашағанын қуып аулап бергенде, о, дариға-ай... бұл екеуінің алдына бүкіл Аралдың арғы, бергі бетінде жан түспей-ақ кеткен еді-ау!

Енді, міне, Кәлен дүние салды. Бұл қартайды. Бұның дәл өзіндей қол-аяғы серейген төрт ұл түгел ер жетті. Күйеуге шыққан қыздарын айтпағанда, Адай шалдың қара шаңырағы астынан өсіп-өнген төрт ұл қазір төрт үй. Оқуға қыры болмағасын бастауыш мектепті бітірер-бітірместе кәpi әкенің қолынан қос ескекті ала сала бәрі де балықшылық кәсіпке түсіп еді; бұлардың сорына теңіз тартылды. Балықтан басқа кәсіп бұл өңірде, сірә да, жоқ. Кәсіп іздеп қоныс аударам, көшем дегендердің сен бәрін жіберіп жатырсың. Тек Адай шал мен баяғыда осы колхозды өз қолымен құрысқан тағы екі шалды кейінге ірке бергенсің-ді. Соларға бола ауданға қайта-қайта шапқылап жүріп, түйе фермасын ұйымдастырды. Сонан бері қыс шығар-шықпаста түйеші шалдардың үйін қырға көшіріседі. Қолы қалт етсе артынан іздеп барады. Қара азық жеткізеді. Шай-суын үзбей апарып тұрады. Жиі қатынап жағдайын жасап тұрғасын, басқарма дегенде олардың да шығарда жаны басқа. Әсіресе, Адай шал дән риза. Салдырлақ машинаның шаңы бұрқ етсе болды, кемпіріне дауыстап:

– Әй, қайдасың? Бауырың келе жатыр, қазан көтер! Бол, бол!– деп, өзі де жүк арасынан көрпе-жастық алып, әпі-шәпі боп жатқаны. Әншейінде әзіл-қалжыңға орашолақ аңқау шал бұнымен дастарқан басында тақымдаса отырғанда сөзшең-ақ. Кісі аузына түспейтін қайдағы бір қыршаңқы сөздерді тауып айтып:

– Әлімнен қыз алған Адай жалғыз мен бе екем? Бізден бұрын сенің апаң, менің атам екі ел арасына ілгеріден із салып тастаған ғой,– деп кеңк-кеңк күліп отырғаны.

Былтыр түйеші шалдар қара суық ызғырған қара жонда ықтырмада ұзақ отырып қалған-ды. Бұл ауданнан оралып келген бойда түйешілерді көшіріп әкелуге барса, кемпір-шалдар қарашаның қар ызғары анық сезіле бастаған суыққа ұшырап, ығы кетіп жаурап отыр екен. Бұл кешіккеніне кешірім сұрай бастағанда, сонда да осы Адай шал әзіл-қалжыңмен жуып-шайып:

– Жәдігержан, кешіккен жоқсың. Дер кезде дегендей келдің. Жаман жездең бұл арадан жылда апаңның сауыры бір-екі мұздамай, сірә да көшкен емес,– деген-ді. Бұл да осы қарияның қасында отырса әншейінде көңілін лайлаған көп уайым, көп қайғыны ұмытып арқа еті кеңіп сала беретін.

– Жезде, сөйле!– деп, сен қазір де қонағыңа көзіңнің қиығын көлденеңнен тастап, әңгімеге жетелеп едің, бірақ Адай шал бүгін бір түрлі бұйығы. Көңілсіз. Жаңа бұны көргенде әлдеқалай жадырай қалған қабағы төрге жайғасқасын қайта тұнжырады. Сосын-ақ әңгімеге қанша жетелесе де, ол бірақ аяғын баспады. Терге жайған көрпе үстінде бір жастықты қолтығына басып дөңкиіп жатыр. Жалбыраған қабақ астындағы көз жұмылып-жұмылып кетеді. Осы өңірдің халқын қинаған жағдай оның да жүрегін сыздатып жатпады дейсің бе? Ол, бәлкім, көші-қон жөні шығар? "Түйе фермасын ашып беріп жаман жездеңе жағдай жасадың. Оныңа рахмет. Ал, бірақ... жаман жиендерің от басында омалып отыр ғой. Оларды қайтеміз?" деп, бумы мен ақылдасуға келді ме? Келген шаруасын қашан айтар екен деп, оған сен де жалтақтап қарап қоясың. Бірақ Адай шал үнсіз. Сонан ол алдына дастарқан жайғанда ғана басын көтерді.

– Басқа тамақтың ыңғайы болмады. Осыған ырза боласың.

– Ә, жарайды. Астың бәрі ас.

– Сыбағаңды кейін жерсің. Ал мынау келін әзірлеп кеткен екен. Балалардың асы ғой. Өздері банта дей ме, панта дей ме, тілім де келмейді.

– Апыр-ай, ә?– деп Адай шал да таң қалып, әр жер-әр жерінде айғыр жалындай ұзын қыл жалбыраған үкі-түкі қасын желп еткізе жоғары көтеріп алды. Сосын дастарқан шетін қайырып, алдына келген үйме табаққа қарай итініп жақындай түсті.

– Банта дедің бе, әй? Өзі орыстың асы ғой?

– Енді кімдікі деп едің. Осы күні солармен асың да, аягың да араласып кетпеді ме.

– Иә, бәсе!.. Қазақта бұндай ас жоқ қой,– деп Адай шал әлі де болса мына бір суға түскен сұр тышқандай, өзі білмейтін түсі басқа тағамға қолын созбай, біраз тосырқай қарап отырды. Қарны ашып келсе де, бұрын соң татпаған тағамға тәбеті шаппағасын бірден қол созбай одырайып отырды да: – Өзін қамырға ораған ба?– деп бастасына бұрылды.

– Иә, қамырға ораған. Ауыз жарымайтын шұқымай бірдеңе.

– Апыр-ай, ә?– деді Адай шал басын шайқап.– Қамырды жаратпаушы едім.

– Жездеке, іші – ет. Бұл пельмен деген сыйлы ас.

– Білмен дей ме, әй? Білмен?.. Білме-н?.. Апырай, ә?– деп, Адай шал саған "шын айтасың ба?" дегендей әлі де болса сенімсіздене көз тастады.

– Иә, пельмен. Іші – ет. Өте дәмді ас.

Адай шал ықылассыз отырса да, табаққа қол созды. Бақандай саусақтар алдындағы үйеме табақ пельменнің әуелі бүйірі буланып жатқан қомақтылауын ұстады. Ыссы пельменді алақанына салып олай бір, бұлай бір аударыстырды. Қай жағынан қараса да көз алдынан суға түскен сұр тышқан кетпей қойғаны. Тәбетін шаптырмай қойған жиіркенішті сезімнен құтылғысы келді ме, қонақ шал алақанында жатқан пельменнің сыртындағы қамырын жарып, ішіндегі мылжа-мылжасын шығара малталап тастаған етті иіскеді. Иісінде де күдікті бірдеңе бар сияқтанып: "апырай, ұшынып қалмасам қайтсін",– деп ойлады. Бұған енді не істесем екен дегендей екі ойлы боп отырды да:

– Маған бір тас аяқ берші,– деді.

– Жездеке, алдыңдағы мына тарелке сенікі.

– Оны біліп отырмын. Маған осындай тас аяқтың тағы біреуі керек.

Бұл түрегеп барып шкафтан үлкендеу бір тәрелке алды да, қонақтың алдына қойып "енді қайтер екен" дегендей көзінің астымен бағып отыр. Қонақ шал құдды күреске түсетін кісідей, әуелі жеңін шынтағына дейін сыбанып алды. Дастарқан басындағылардың бәрі өзінің қыбыр еткен қимылын бағып отырғанын байқаса да, үй ішіндегі бір жанға көңіл бөлген жоқ; үйеме табақ пельменнен тәрелкесіне мол ғып толтырып салып алды. Сонан соң тәрелкені өзіне таман тартып алды да, алдындағы буы бұрқыраған пельменді ерінбей-жалықпай бір-бірлеп сыртындағы қамырын жарып, етін бір тарелкеге, қамырын бір тәрелкеге бөліп салды. Ет салған тәрелке төбесімен бірдей боп үйілді. Бұрын бұндай өнімсіз шұқыншақ нәрсе істеп көрмегесін бе, ішпей-жемей қара терге түсті. Әлі де болса астауынан жеріген малдай ылжыраған етті әуелі танауының алдына әкеп о жағынан бір, бұ жағынан бір иіскеді. Сонан кейін ғана бұның тағам екеніне көзі жеткендей болғасын күректей қолымен көсіп алып асай бастады. Қозының құйрық майын талмап жұтқандай, қылқытып жатыр. Мол-молдан асаған мылжа ет шайнауға келмей, талмаса болғаны, өңешінен ары қарай өтіп бара жатып тамағына дүрс-дүрс соғады.

Бұл үнсіз. Күлкіні күшпен тежеп, басын бауырына тығып алған. Қонақтың өңеші дүрсілдей бастағанда бағанадан бері күшпен тежеп отырған күлкі ішіне сыймай бүйірін бүлкілдете бастады. Адай шал байқамаған сияқты. Адай шал әдетте ас ішкенде маңындағы қыбыр-жыбырға көңіл бөлмейтін. Ыдыс босағасын тәрелке түбіндегі тұздықты басына көтеріп бір ұрттады да, қасында түк көрмегендей тымырайып отырған бұның алдына тарс еткізіп тастай салды.

– Ой, енеңді ұрайын. Қазақ жаманы орыс бола алмайды. Әлгі маған қамырға орап берген көк жасығың не, өзі?

– Еттен істеген, осы заманғы астың бір түрі.

– Тек әрі! Асты қорлап... Етті шешеңе шайнатып жейтін өнерді қайдан тапқансың? Кәне, бұдан басқа берерің бар ма?

– Енді шай береміз.

– Оныңа рақмет. Тіске тиетін басқа ештеңең жоқ болса, үйге барып апаңның шайын ішем. Ал сау бол.

– Ay, жезде... Шаруа бар ма еді?

– Бары бар. Бірақ жолдан келіп отыр екенсің. Шаруамды кейін конторыңа барып айтармын. Мені есікке жеткізіп салшы,– деді Адай шал аяқ астында жалтырап жатқан сырлы еденді көргенде тағы да тізесі дірілдеп.

Бұл аяғын баса алмай тұрған қонақ шалды қолтығынан алды. Сыртқа шығарып, атқа мінгізіп сап қайтып келгесін газет қарады. Бірақ бір айдан бері жиналған буда-буда газеттің аяғына шыға алмады. Етектей беттерді сытырлатып арі-бері аударғасын ұйқысы келді. Не ұғып, не түйіп жатқанын өзі де білген жоқ. Бар білгені: берекеті кеткен оттың басы сияқты осы дүниең де тыныштығынан айрылған. Ел тізгінін ұстаған пысықай немелер халық басына қайдағы-жайдағы итырқылжыңды үйіп-төгіп, берекеті кетіп тұр екен.

Күн орнынан шығып, ай орнынан туып, қара жер де өзінің жаралғаннан бергі жалғыз кіндігінен зырқырап айналып, бұл әлем батысы – батыс, шығысы – шығыс, бәз баяғы күйінен бұлжымай тұрса да, халық сорлының қатер тоспай, ұйқысынан тыныш оянған күні болмапты. Бұл айда да бұнан бұрнағы айлар сияқты төрт тараптың төрт жағында да бір ел бір елге қодыраңдап күш көрсетіпті. Бір ел бір елді алдапты. Жарты дүниеге әмірін жүргізіп отырған бір ұлы елдің басшысы күні кеше ғана бас бостандығын алған Африкадағы бір елдің басшысымен бауыры бітіп бара жатқандай, ауыз жаласып жүрген сияқты еді; енді қараса, әлгі кіп-кішкентай кеше сержанттан көтерілген шілтікей бастығы үлкен елден қару-жарақты үйіп-төгіп алыпты да, көк тиын төлемей мұзға отырғызып кетіпті. Ал, мына бір мұсылман елі бұлар теңіздің арғы бетінде балық аулап жүргенде ереуілге шығыпты. Ереуілдеген халық бұлар қамау судың балығына қарық боп жатқанда алтын тақта отырған патшасының аяғын аспаннан келтіріпті. Сүйтіп, нелер ықылым заманнан бері шах билеген елді ендігі жерде дін басы молда билейтін боп мәз боп жатыр екен.

Жә, мәз болсын пақырлар. Тек, басқа жақтың молдасы қалай болатынын қайдам, а л осы ауылда молда араласқан бір іс оңына баспаушы еді. От басынан берекет кеткенде, тым құрыса аспан асты тыныш болса екен-ау. Кісіге о да жұбаныш болар ма еді.

Диванда қисайып жатқан-ды. Бір кезде айдай әлемнің ойдағы-қырдағы өсегін төрт бетке сыйғызып тұрған қолындағы газет кенет ауырлап бара жатты. Көлдей газет бетіндегі жазулар да бұлыңғыр дүниенің дәл өзіндей бұлдырап, алыстап барып-барып, ақырында қолынан сусып түсіп кетті. Бұл оны сезбеді. Қолы қапталына сылқ түсіп кеткенде ғана көзін ашып алды.

Әлдене сыбдыр етті. Сырттан біреу кірді ме? Өзі де әлденеге абыржи ма? Аптыққан жүрегін әзер басып, қолынан түсіп кеткен газетті жерден көтерді. Шала жабылған есіктің арғы жағына құлақ тікті. Бірақ сырттан кірген кісінің аяқ басқаны сияқтанған әлгі дыбыс бұл қанша тыңдаса да қайталамады. Есік сыртында аяғын бері баспай қойған біреу бар сияқты. Бәкизат па? Кешіккеніне қысылып тұр ма? Аяғын ақырын-ақырын басып есікке барды. Мойнын созып қарап еді, ешкім көзіне түспеді. Абажадай үй аңғал-саңғал. Өзінен басқа тірі жан... Шынында да тірі жан жоқ па? Қызы әлгінде оқудан келген сияқты еді ғой? Ұлы да, анасы да үйдетұғын. Еркіне жібергенде ұлы бұған әлдеқашан арсалаңдап жүгіріп кеп, әңкі-тәңкісін шығарар еді. "Әкең жолдан шаршап келді" деп, оны тізгіндеп ұстап отырған анасы.

Ал қызы... Жүрегін ұстай алды. Бұрын бұндайы жоқты. Осы бар болғыр кейінгі кезде сәл ренжісе де біз сұғып алғандай тыз етіп шаныша қалады. Жүрегін алақанымен басып отырып, кішкентай қызын еске алды. Сорлы баланы аяйды. Әсіресе, нағашы әжесінің қасында кетіп бара жатқанын көргенде күлерін де, жыларын да білмейді. Бауырын жарып шыққан бала, о, тоба, бұнан гөрі кәрі қақсалдың аузынан түсе қалғандай. Үстіндегі үлпілдеген киімі солай. Көшеде өзін ұстасы солай. Апыр-ай, қаршадай қыз кәрі қақсалдың басқа жұрт байқай қоймайтын болмашы бірдеңесін қағып алып, аудармай қайталап, ол аяғын ызылып басса, байғұс бала аяғын одан бетер сызылтып жатқаны. Ол қақсал сақина толы саусағын саласын шығара жайып тастап жұрт алдында жайқаңдап қол тастаса, е, Жасаған... әлгі қаршадай қыз катар келе жатып дәл солай қайталайды. Ең арысы баяғы жас кезінде жұртқа үлбіреген аппақ тамағын көрсеткісі кеп тұратын кәрі қақсал әлі де болса сүйекке сіңген сол дағды бойынша иегін ілгері созса, байғұс бала да оған қатарласа бере көз қиығын білдірмей бір тастайды да, өзінің кіп-кішкентай иегін дереу жоғары көтеріп ала қояды...

Бір жолы ренішін Бәкизатқа айтып еді, Бәкизат жатты да ашуланды.

– Менің шешем, әйтеуір, сенің көзіңе пәле боп көрінеді. Ол сорлы отырса – опақ, тұрса – сопақ.

– Сенің шешеңде нем бар. Мен тек... баланың тәрбиесі...

– Е, немене... осы жасқа келгенше менің шешем қыз тәрбиелемей, қуыршақ тәрбиелеп пе?

Иә, иә, есіне енді түсті. Кәдімгі қаладағы дүкендерде қос әйнектің арасында тұратын қуыршақ бар емес пе? Қозы Қарын басқарған бір жиналыста бұл қатты сыналып, ақ тер, көк тер боп шыққан екен-ау. Аралдың ақ шандақ ұйтқып тұратын тар көшесімен келе жатқанда көз қиығы кенет көлдей әйнектің ар жағында тұрған қуыршақ қызға түскен еді ғой. Өз қызына егіздің сыңарындай ұқсап кеткені сонша бұл қалт тоқтап, қуыршақтан көзін алмай қадалды да қалды. Аумайды-ау, аумайды! Әсіресе, ана жылтырата тараған шашы мен кірпік қақпай үркектеп қарайтын көзі қандай аумайды. Ал ана топ-томпақ ерні қандай аумайды. Құдды шырыны сыртына шыққан қызыл шиенің бір-бір түйірін кәрі қақсал әдейі үзіп алып асты-үстіне бір-бірден бұлтитып шанши қойғандай. Ғұмыр бойы қуыршақ тәрбиелеп дағдыланған кәрі қақсалдың кәнігі сиқыр қолы сорлы нәрестені анасынан тумай жатып үсті-басын үфит-суфиттеп сипалап жүріп, сонан не керек өзінің қыздары сияқты бишара баланы да әп-сәтте қуыршаққа айналдырады да шығарады. Сол сиқыр қол сонан кейін де тұла бойына тағы бірдеңелерді түйреп, шаншып, қыстырып, байлап безендірген үстіне безендіре түскенде, сен солардың арасынан өз қызыңды таба алмай қалатынсың.

– Ой, айналайын, менің аузым бармай тұрғанды өзің айттың ғой. Иә, қызың қуыршақ... нағыз қуыршақ!

– Қызымның түгі жоқ. Қайта мамамның арқасында тәрбиелі десең тәрбиелі, көргенді десең көргенді. Біле білсең, мені де, менің апаларымды да тәрбиелеп өсірген сол кемпір. Сонда... Сеніңше, мен де, менің апаларым да қуыршақ болдық па?

– Үйдеген кім?

– Айтпасаң да аржағы белгілі. Бізді не десең де еркің. Сен қалай десең де, менің шешем... Балықшы ауылдың салпы етек, шұбалаң жаулық жаман кемпірлерінен өлімтігі де артық.

– Е, солай де! Сүйтіп әлгі сары ала етек жаман кемпірлердің ішінде біздің шешеміз кетті де.

– Кетсе қайтеді. Сенің шешең... Көзіңді алартпа. Үйтіп кімді қорқытасың.

Сен аузыңа сөз түспей, тығылып қалғансың-ды. Іле-шала есік сықыр етті. Бәкизат та, сен де жалт қарадыңдар. Ақырын ашылған есіктің ар жағынан әуелі әйел сумкасы керінді. Тек әйелдің өзі көрінген жоқ; тек күміспен көмкерген аузы сырт етіп ашылып, сырт етіп жабылатын крокодил терісінен істеген осы бір елде жоқ сумканы салақтаған ұзын бауынан сақина толы саусақтың ұшымен ғана ұстап, өзінен ілгері оздырып кіріп келе жатты. Сен күліп жібере жаздағансың-ды.

Кәрі қақсал ілгері озбай есік алдында тұра қалды. Үй ішіндегілердің түріне қарады. Сосын бір бұрышта тұнжырап отырған саған қарады. Саған қарағанда темір инедей тікірейе-тікірейе қалған кірпік астынан қадалған суық жанарға мысқыл шапты:

– Сендерге не болды? Еңбек Озаты неге түтігіп түр?

Сен соның ертеңіне салдырлақ машинаға отырып, Сырдарияға тартып кеттің емес пе? Сонан теңіздің арғы бетінде жатқан балықшылардың қасында бір ай болып үсті-басы кірлеп, сақал, мұрт өсіп әбден жүдемеді ме. Алдында айқұшақ қауып күтіп отырған қатын-бала бардай екі өкпесін қолына алып құстай ұшып келмеді ме. Иә, келдің. Қарық болдың...

Бетіне ащы мысқыл шауып мырс етті. Енді, міне, ит талаған терідей ырың-жырың өмірдің ақыры осылай болды да тынды. Әкесі ме еді, кім еді, әлденеге налығанда о да әрқашан осылай мырс етіп: "Ақыры дүниенің ырым-жырым" деп ыңырсушы еді-ау? Иә, бұл пәниде түбі баянды не болған. Болдым, толдым деген төрт құбыласы түгел кісілердің басындағы бақ пен астындағы тақтың да түбі белгілі еді ғой. Ай мен күн астындағы не нәрсенің бәрінің, әрілесе, тіпті әлгі тақ пен бақтың да ақыры болған. Тірлік бар жердегі құбылыстың бәрінде де ақыр бар. Кейбіреулер осы күні дүниенің ақырын да көріп тұрған сәуегейше сөйлеп жүр ғой! Ендеше өзіміз шексіз көретін көктегі күннің ар жағындағы сонау ұшы-қиырсыз ғарыштың да барып-барып таусылар шегі, ақыры болмасына кім кепіл? Адам ақылы жетпейтін не бір алыптар мен қашықтықтардың бәрінің де ақыры болса, осы біз өміріміздің соңындағы ақырғы атаулыдан неге зәреміз қалмай қорқамыз? Ақырғы сағат. Ақырғы дем. Ақырғы қадам. Ақырғы дәм... Соның бәрі сайып келгенде дүниеге келген әрбір адамның қуана-қуана бастаған алғашқы қадамы, алғашқы сағаты, аблығып алған алғашқы демі емес пе? Ендеше бұл жалғандағы басы бар нәрсенің бәрінде де ақыр болу ықтимал ғой. Иә, кешегі жер дүниені алып жатқан телегей теңіздің де бүгінгі ұрпақ ақырын көріп түр ғой. Кешегі соғыстан кейінгі аз ғана уақытта аспан астындағы айдай әлемнің бір жерінде теңіз тартылса, сонан бері қанша көл, қанша өзен сарқылса, жер азса, ауа бұзылса осы ауылдың әлгі кір сақал шалдары айта беретін ақыр заманның да онша қашық қалмағаны рас болмаса не қылсын?

Міне, көріп тұр: бүгін ертеңгісін үйден шыққанда, соңына салған шұбалаң іздің де ақырғы қадамы аяқ астында жатыр. Зорығып жығылған ат сияқты. Ақырғы атаулыда келешек жоқ, тек кешегісі ғана болатынын бұл қазір ойлап тұр.

Бұрын бұл көк теңіздің қашағанын қуам деп таңның атысы, күннің батысы қызыл танау боп жүріп оң мен солына қарауға мұршасы болмапты. Бүгін бастан өткеннің бәрі ертең ұмыт бопты. Бұл жазған күйкі тіршіліктің қамымен жанын жалдап жүргенде бастан кешкен өмірдің қуанышы да, реніші де қалта түбіндегі жыртықтан түсіп қалған қара бақырдай қай жерде, қашан, қалай жоғалғаны жадында қалмапты. Енді, міне... балықшылар аулының бет алдындағы аңыраған бет ашықта үйіріне сыймаған кәрі құландай жапа-жалғыз тұрған кісіге қайдағы-жайдағы үйір. Баяғыда бастан кешкендердің бәрі бүгін қайта тіріліп жатыр. Тіріле сала ана бауырына жармасқан ашқарақ күшіктей өріп кеткен ой бұны талап жатыр, талап жатыр. Бұл да қабақ шытқан жоқ. Бұл қайта: "Талаңдар. Түгін қалдырмай түтіп жеңдер",– деп әлгі өріп кеткен ашқарақ ойлар тұла бойындағы тамырларды жанын шығара солқылдатып сора түскенін қалап тұрғандай.

* * *

Көше жақтан ат тұяғының дүбірі шықты. Иттер бара сала шаужайдан ала кететіндей, шабалаңдап үре түсті де, жым болды. Сен елең етіп сыртқа құлағыңды тіге қалдың да, терезеге ұмтылдың. Ентелеп мойын созып, сыртқа көз тіктің. Қанша сығаласа да әйнектің аржағынан қараңғы түн кептеліп көзіне тіреле берді. Көшенің арғы бетіндегі үйде әбігер бар ма қалай? Қараңдаған біреулер аяғы жерге тимей әрлі-берлі жосып жүр. Үлкен үйдің көшеге қараған торт терезесі түгел самаладай. Қалбалақтаған әне біреу жүгіріп барып, қақпаны ашты. Екінші біреу атты жетелеп қораға кіргізді.

Сары Шаяның айтқаны рас болды. Сол қайдан біледі? Жермен тілдесетін бірдеңесі бар ма? Көрші үйде болып жатқан мына әбігер, мына қауырт қимыл, жаны қалмай қалбалақтаған мына кісілер, әдетте астаналық азамат келгенде ғана болатын. Иә, мына үйдің жандары дәл осылай есі шығатын. Бірақ... Тоқта... Астаналық азамат елге бұрын осылай келуші ме еді? Бұрын ол келгенде жарығы саулаған машиналар гүжілдеп кеп үлкен үйге тұмсық тірей тоқтап жатушы еді ғой? Қасына ерген қара-құра мол болатын. Сосын күні бұрын құлақтанған халық ол келгенде алдынан жүгіріп шығатыны қайда? Бұл жолы неге ұрланған кісідей алдын кештете үн-түнсіз келді? Бұндағы тума-туыстары да оның жұпыны келісінен жүндері жығылып қорынғандай, бір түрлі бүгежек пе, қалай? Әне, атты қораға тез кіргізіп, қақпаны теп-тез жауып ала қойды.

Жоқ, бұл тегін емес. Бұнда бұлар білмейтін бір гәп бар. Сонда? Тоқта, ол не гәп? Не-е?..

Түкке түсінген жоқсың. Тек әлгі ой аяқ басысыңды ауырлатып, үй ішінде әрлі-берлі кезіп жүргенсің-ді. Кенет көзің қабырғаға ілген суретке түсті де, кілт тоқтағансыңды. Мынау Бәкизаттың Қыздар институтын бітірер алдында түскен суреті: қала сырты; қала сырты болғанда да мынау және қаланың тау жақ беті; қыс; қар; қарға малынған әлде бір жатаған ағаштардың бұтақтары майысып-майысып тұр; сондай бір ағаштың астына басын бұғып еңкейіп кірген Бәкизат бір иығымен терекке сүйеніп тұр; қарашығы ұшқындаған тостағандай қара көз маңынан әлде біреуді іздегендей кейінгі жағына қарап жанары жалт ете бергенде... иә, иә, дәл сол сәтте біреу сырт жағынан білдірмей кеп қыз сүйеніп тұрған теректі қатты шайқап сілкіп-сілкіп қапты. Бұтақ басында жабағыдай ұйысқан көпсік қар үстіне сау-сау төгіліп кеткен; Бәкизат қапияда үстіне сау еткен кардан қымсынудың орнына, қайта соған рахаттанып, аппақ тістерін түгел көрсетіп шаттана күліп жатыр!

Алғаш көргенде сен бұған мән бермегенсің. Мән бермегені былай тұрсын, керек десе, қыздың сырт жағынан кеп теректі сілкіп қалған кім деген ой басыңа да келмепті. Суретке оның өзі түспесе де, ілгері созған қолының сағат байлаған білегі анық түсіпті. Сағатты да, қолды да танып түр. Қайталап қараған сайын көңіл түбінде айтуға аузы бармай тұрған бір күдігін растаған сияқты. Суретті қабырғадан жұлып алғысы кеп оқтала түсті де, өзін әзер ұстап қалды. Жұмыссыз-әлімсіз осы кезге дейін кешіккен әйелдің қайда жүруі мүмкін екенін жүрегі құрғыр сезуі сезсе де, сен бірақ оны ойламақ түгіл, ойыңа алуға да дәтің жетпеген еді-ау! Әлгінде оқудан келген қызынан сұрағысы кеп еді; кішкентай қыз ыңғай бермеді.

"Сары Шая қайда екен? Ол ғой, бәрін біледі", –деп ойлағанша болмай, ауыл шетінен бір ит шәу етіп еді. Іле-шала қалған ит қосылып, әлдекімді тірілей талап жейтіндей осылай қарай арсылдап келе жатты. Кенет есік шапшаң ашылып, біреу ар жағынан "Кет! Кет, әй" деп аяғына жармасқан иттерді шалғайымен жасқап, алау-далау боп кіріп келді...

– Кісі жейді. Анада меском жиналысында айттым. Құртайық дедім ғой. Бірақ... Әй, сендерді қойшы. Сендер менің қай сөзімді тыңдап едіңдер.

Есіктен зарлай кірген Сары Шая босағаға сылқ отыра кетті. Осы байғұстың бойында ит сүймейтін бірдеңесі бар.

– Қабаған ит ұстағандарды қылмысқа тарту керек дедім... Күлетіні жоқ, РСФСР-дың бір мың тоғыз жүз...

– Оны қайтесіз. Ал, енді... келгенің жақсы болды. Күтіп отыр едім.

Сары Шая саған таңдана қарады. Әншейінде, айтқанын күйіс қайырған түйедей шала-пұла тыңдайтын мына неменің алдында кенет бағы арта қалған себебін түсінді де, жымың етті. "Ә, күтіп отырсың ба? Сен күшік, ағаңның қадірін енді білейін дедің бе?"

– Ал енді... айтқаның рас болды. Көршілер қиқуды салып жатыр.

"Тұра тұр. Қиқудың әкесі әлі алда"

– Шәке... бері жүр! Төрге шық.

"Тоқта, бала, мені әлі төбеңе шығарарсың".

– Ау, Шәке, не қып тұрсың? Бері... бері жүр!

– Ақ жеңешем, қайдасың?– деп, Сары Шая қырсық қылғанда, бері баспай, ары жүрді.

– Мына сұмырай, суға кетіп бара жатқандай... баланы оятарсың.

– Ақ жеңеше... Жеңешеке, маған бірдеңе дедің бе?

– Ой, сиқыр.

– А-а?

Сары Шая қабағын ашпай отырған қара кемпірдің бір тізесін ала жайғасты да, қойнынан кіп-кішкентай жалтырақ қорапша шығарды.

– Мынасы не тағы? Ары кет!

Сары Шая кейінгі жылдары: "Құлағымның мүкісі бар. Есітпейді",– деп жүрді де, әне бір жолы қалаға барғанда осы темірді әкелген-ді. Құлағына аппарат кигелі өнерді үдетті. Әсіресе кісі басы құралғанда құдайы береді. Сыңар құлағының шұқыршағына жіп іліп, қойнынан шығарған кішкентай аппаратты кім сөйлесе, соның аузына тосып отырғаны. Кімге тосса, соның сөзі самбырлап қоя беретіні қызық. Сондайда балаша қуанып, сөйлеген кісіні қаласа қостап, құлшына түсіп, ал, егер, қаламаса қарсы боп, өзеурей түседі. Қызды-қыздымен дедектеп жанына жетіп барады. Бауырына кіре түседі. Сұңқылдап сөйлеп кетеді. Өзі сөйлегенде әлгі аппаратты қаласа қалтасына тыға салады. Қаламаса сөйлесіп тұрған кісімен екеуінің арасында ұстап тұрғаны. Ондайда алақанында жатқан темірдің бар-жоғын ұмытып кетеді. Тек әлдебір жағымсыз сөз жанына батып бара жатса, құлағының шұқыршағындағы жіптің шетін жұлып алады.

– Ел жатып қалғанда түн қатып, түсің қашып, басыңа не күн туып жүр.

– Шаруа бар, ақ жеңеше. Шар-у-а!..

– Тұтақ! Әкім емес, түк емес, бұт пен сан арасында саған тірелген ол не қылған шаруа?

Аппарат сырт етті. Құлағын шаяндай шағып алған кемпір сөзі сөне қалды. Бажбық көзді де тарс жұмып алғанда осынау тас қараңғы дүниеден ол енді түк көрмей, түк есітпей тас құлақ керең бола қалды.

– Балаң мені әкім қойып, мен, немене, ол берген әкімдікті үлгере алмаппын ба?

– Әкімдік сенің не теңің.

– Е, әкім болсам теңелем де.

– Құдай кем жаратқанды әкім қып теңестіреді дегенді сендер ғой шығарып жүрген.

– Ақ жеңеше, үйде отырғасын білмейсің. Қалаға баршы, әкімдікке қолы жеткен әлдебіреулер тұп-тура үйірге түсетін айғырдай азынап, әңкі-тәңкінді шығарып жіберсін. Онан да сен мына күшігіңе біз сияқты қасындағы қарашаларыңа қол ұшын бер, қатарыңа ал деп неге айтпайсың?

– Тұтақ! Сені қасына ерткенде, кім ғып ертеді?

– Үлкенін қайтем, маған дүкеншілікті берсін. Дөңгелетіп жіберем.

– Қалай дөңгелететініңді анада көргенбіз,– деді кәрі ана күліп.

Айтса да сол жолы Сары Шаяның өмір бақи шыр жұқпаған үйі бұл үш ай дүкенші болғанда ішпегенін ішіп, кимегенін киіп күрпіп шыға келді. Сары Шая да сол үш айда қайда барса да, қонатын жерде үйі тазасын, асы дәмдісін, әйелі шырайлысын таңдап әлек шығарсын. Дүкенші келе жатыр деген хабар дүңк етсе, ел іші: "Ойбай, қатын, құс төсек, құс жастығыңды шығар. Бұл соққан қазір жер төсекке жатпайтын бопты",– деп әбігерге түсетін. Дүкенші үйінің байлығын көре алмаған балықшы ауылдың қатындары күндіз қызғаныштан іші күйсе, түнде сол үйдің қалы кілем, болскей кереуеті түсіне кіріп жүргенде... Сонан құрсын, Сары Шаядан не пәтуа шығатын еді, бір күні Сары Шаяның мойнына ақша мініпті деп жұрт шу етсін. Сотталатын болғасын үйдегі іліп алар лыпаны сатып, жылтырақтың бәрі жұрт қолында кетсін. Бір пәледен аллалап әзер құтылған Сары Шая іле-шала қайта күйленіп, от басы тағы да сары ала жиһазға толсын. Жұрт Сары Шаяның байлығын айтып, ауыздарының суы құри бастағанда, баяғы баяғы ма, бұл жолы мойнына коп ақша мінсін. Сотталатын болғасын анадағыдай, бұл жолы тағы да дүние-мүлкін салып, үй іші қайтадан үйітіліп шыға келсін. Осыдан кейін Сары Шая күйленіп келе жатыр десе болды: "Сорлы сотталып кетпесе жарар еді",– деп балықшы ауылдың зәресі кетіп отыратын-ды.

Кәрі ана күлкісін әзер басып:

– Қой, жарқыным! Артынан көтен төлеу төлетіп жататын дүкеншілігіңді қоя ғой,– деп қолын сілкіді.

– Онда балаң мескомдықты алып берсін.

– Ол несі тағы? Оның да жейтін бірдеңесі бар ма?

Сары Шая құлағындағы аппаратты сырт еткізіп сөндіре қойды.

– Қой, әрі, неше, сірә, қызмет жерде жатса да,– деді қара кемпір.

– Ау, неге қоям? Сағым екеш сағым да бауырына іліккен бұтаны жер-көкке сыйғызбай қалқитып көтермеуші ме еді. Сенің мына күшігің басқарма боп тұрып та жаман ағасын жарылқап, халықтың төбесіне бір шығаруға жарамады.

– Ой, сорлы! Сондағы дедігің халықтың төбесінде тайрақтау екен ғой?

– Е, несі бар. Тайрақтаймын. Халық төбесінде тайрақтап жүргендердің менен несі артық? Коп болса, бағы артық шығар. Сүйейтін кісісі артық шығар, ал ақылы артық дей алмассың. Қалайда, бұл заманда жамандардың бағы жанып тұр ғой. Әне, көрмейсің бе... сенің жаманың да бір елдің телісі мен тентегіне текелік қып жүр,– деді Сары Шая шиқ-шиқ күліп. Қара кемпірдің сөздері, жанына батты ма, орнынан тұрарда белінің құяңы ұстағандай кирелеңдеп әзер көтерілді. Күйбең-күйбең төрге озды. Көңілсіз. Қабағы түсіп кеткен.

– Айтқанымның бәрі аумай-төкпей келді де қойды. Астанадан ұлық інісі кеп, әне, жаман быдықтың бағы асып шыға келді.

– Оны білдік. Оның осы келісі... соның жөні қалай?

– Бағана моншада айтпадым ба? Ағасына жылы орын керек.

– Жоқ, ол емес... басқа... Сен оны білесің. Білуге тиіссің!

Сары Шая "білмеймін" деген жоқ; қайта білгенін бұлдағандай бәлсініп көзін тас қып жұмып алды. Қазіргі түрі иегіндегі бірді-екілі бозамық қылдың орнында бар-жоғын байқағысы келгендей, әр қайсысын бір шымшылап жатыр. Сен оның көзін ашқанын шыдамсыздана күтіп отырсың. Тақатың тақа таусылған бір тұста саусақтарыңды бір-бірлеп сытырлата бастап едің, соны байқап қалған Сары Шая тас қып жұмып алған көзінің әуелі біреуін ашты.

– Су кешкен оңай ма. Буыныңды суық алған ғой. Жаз шыққасын тұзға түс.

Сен жынданып кете жаздадың. Түсіңнің қатты бұзылғанын көргесін ғана Сары Шая басын көтерді. Қолтығына басқан жастықты қоса көтеріп, оң жағына қарай жамбастай берді де, шынтағына шеге кіргендей шоршып түсіп, қайтадан сол жағына аударылып жатты. Осыған дейін бір ашып, бір жұмып әлек қылған сап-сары көз жанарын түгел көрсетті. Сосын сені өзінен төменірек орынға шақырып:

– Бала, бері кел,– деп астындағы төсеніш көрпенің шетін көрсетті. Былайғы кезде бір айтқанын істете алмайтын інісі еді, енді бүгін Патша Құдайдың өзі қол-аяғын жіпсіз байлап, алдына әкеп жығып бергеніне ішінен тәубе қып насаттана түсті. Насаттанған сайын сәдеттене түсті. Осы Сары Шая кісі басы құралған әне бір жиында: "Өмірімде екі кісіні басқарып көрмесем де, осы ауылды басқарған балалардың қапталынан қалған жерім жоқ. О да Құдайдың маған берген бағы",– деген-ді. Құдай қылса қайтесің, енді бұ да Сары Шаяға қапталымен бірге пейілін де беріп телміріп аузына қарап отыр.

– Мына жігіт залым боп шықты.– деді Сары Шая.– Көрдің бе, оның бұрынғыдай қасына кісі-қара ерітпей, жалғыз келгенін? Және жұрт көзіне түскісі келмей, түн жамылып келді-ау!

Сен осының сыбыр-жыбырын жаратпаушы едің, қайсыбір лажсыз тыңдағанда да, миына түк кірмей, тек қытырлақ даусы құлақ тырнап, құтылғанша асығатын-ды. Осы жолы мынаның аузынан шыққан сөзге ықылас қойып отырғанын өзі сезбеді.

– Шынында да... осы келісі маған да бір түрлі көрініп тұр. Түсінбеймін.

– Түсінбейтін түгі жоқ. Көптігіне сеніп отыр. Бұл араға әкім-қараны араластырғысы келмегені сол. Көре қал, ертең колхозшылардың жиналысын шақыртады. Бұндағы өздеріне қараған көп туысына қол көтертеді. Бұл залым сүйтіп біздің аузымызға көп қолымен құм құймақшы. Ал, кәне... бұларға қарсы өзің не істеп жатырсың?

– Не істегені... қалай?

– Әй, қу бала. Білем, сен де қарап жатқан жоқсың. Олардың ішіне жансызыңды салып қойып, үй іргесінен тамырын басып жатсың,– деді Сары Шая шықылықтап.

– Жан-сыз? Ол не қылған жансыз?

– Хе-хе-е! Қу бала, айтпасаң айтпай-ақ қой. Бұндайда, әрине, сырды сыртқа шашпаған дұрыс.

– Сыр? Ол не қылған сыр?

– Ә, қу бала. Жә, қайтесің. Сен, қалқам, онан да...

– Жоқ, тоқташы...

– Тоқтамаймын. Ойбай-ау, басымдағы бағымнан айрылғалы отырғанда мен неге тоқтаймын. Құдайдың өзі айтқан жоқ па еді. "Ей, пендем, Құдай болғанмен менде де басы артық ештеңе жоқ, тек біріңнен біріңе алмастырып берем де отырам" дегені қайда?

Бұған сөзін өткізе алмағанда осылай бірде Құдай атын жамылып, бірде кодекске жармасатын әдеті.

– Тоқта дейді ғой. Е, неге тоқтаймын. Әне, айналаңа қара. Текешік қылғысы келген қазіргі қазақ баласы бір күн де болса бастық болғысы кеп әукесін салып жүрген жоқ па.

– Сонда бұл орын қай қазаққа жетеді?

– Ойбай-ау, жетпегесін таласат та.

– Талас аяғы – төбелес...

– Төбелес болса қайтеді?.. Төбелесеміз. Қызыл ала қан боламыз.

– Қой ақсақал...

– Неге қоям? Басымдағы бақты тірі отырып төбелессіз қалай берем. Отырған орныңды осал деме. Билігің жүріп тұрғанда, айналайын інім, сен бүкіл бір ауылдың патшасы екеніңді білесің бе? Жо-қ, сен басыңды шайқама. Қасыңдағы ағайынға шерепетіңді тигізбесең тигізбе. Тек басқармалық орында басың қарайып жүрсе болғаны.

О, қырт!.. Қырт! Осы қыртты сонша неге іздеді? Қашан келгенше жаны қалмай, ширыққанына жол болсын? Ана жылы оқыған бір кітапта өсер елде өнерлі азаматтар шықса, ал өшер елде әкімдер мен осындай алаяқтар көбейеді деген еді-ау! Көрмейсің бе, бұрын бар-жоғы байқалмайтын мына қырт қазір қайда барса да қалбалақтап алдынан шығады. Кеңсеге барса, есіктен сығалап сол тұрады. Үйге келсе, соңынан қыт-қыттап сол жетеді. Жиналыста да жұрттан бұрын сол сөз сұрап, көп ішінде қолы шошаңдап отырғаны. Халық не біліп айтатынын қайдам, осының Судыр-Ахметке шеше жағынан жақындығы бар екен деседі. Арғы аталарында нағашылы-жиенді ілік шатысы болса болар, ал өз басы... осы сұмырай түлкімен туыс десе де сенеді.

– Саған Құдайдың қарасуының кемі жоқ. Иә, қалқам, өзіңе қараған исі Жақайымның кәрі-жасы – сен жат десең жатады, тұр десең тұрады. Тіпті сен өл деші...

Деуін десе де Сары Шая "осы арам артық кеткен жоқ па" дегендей ақ қылшық шекесін қасып, ойланып қалды.

– Ал мен өл десем өлесің бе?

– Астафирилла... Иллаһи Ил Алла...

– Неге шошыдың? Өзің емес пе, жаңа...

– Иә, өзім ғой. Қайтейін айтқаным айтқан. Патша үшін кім басын байламаған. Жаңа осында келердің алдында бізге қараған ағайын, тума, құда-жекжаттың бәрінің үйін жағалап шықтым. Бәріне де: "Қимылдайтын кез келді. Ал дегенде әзір отырыңдар",– деп, мен де халқыңның бас-аяғын қамдап... бір шаруаңды бітіріп кеп отырмын, шырағым.

– Әй!.. Әй, сен не деп бықсытып тұрсың? Есің дұрыс па?

– Дұрыс болғанда қандай. Тек, қалқам, басташы. Шаңырағын ортасына түсіріп берейін.

– Сонда кімге қарсы бастауым керек?

– Кім болсын – аналар да. Құдайын ұмытып тұрған сол атаңның көрі емес пе? Біз, айналайын, кірмеміз. Жер олардікі. Ел олардікі. Ендігі жерде быдық ағасын басқарма қойып, үстемдікті өздері жүргізбекші.

О, бейшара! Бейшара! Өмір бойы аядай жерде іргесі ажырамай келген азғантай халықты он екі жілікке бөлгенде не мұратына жетпек екен?

– Аңғал інім, енді ұқтың ба? Санаңа бірдеңе жетті ме?

Санаңа не жетіп, не жетпегенін қайдам, қарсы алдында сөйлеген сайын өңешін созып, өжектей түскен осы бір албастыны қақ тұмсықтан қойғың кеп кеткені анық еді!

* * *

Сол түні бұл шеккен азапты Құдай адам басына бермегей. Сары Шая кетіп, жалғыз қалғасын бұл тіпті жерге сыймады. Анасы мен кішкентай қызы үшеуі ұрысқан кісіше үнсіз отырып ішкен астан кейін әрқайсысы өз бөлмесіне кетіп, есігін жауып алған-ды. Абажадай үлкен үй жым-жырт. Уақыт тіпті өтпей қойды. Көз қыры қайта-қайта қабырғадағы сағатқа түседі. Қашан қараса да, қысқа тілі бір орыннан тапжылмай, бір цифрды жастанып жатып алды да қойды. Тірі жан қыбыр етпей, тылсымдай тына қалған үйде жалғыз осы сағат қана тық-тық... тық-тық... Онсыз да не істерін білмей, шыдамы құрып тұрғанда, сағат екеш сағат та бұны қылжақтай ма, таңдайын қаққан тентек баладай тықылдап, жынына тиіп болды.

Үй ішінде көңіл бөлетін басқа ештеңе болмағасын бағанағы бір құшақ газеттің қалған жағын қарап еді; бұнан да ой бөлетін ештеңе таппады. Сосын киімшең бойымен диванға қисая түсті де, әлденеге елеңдеп басын көтеріп алды. Әлдебіреудің ақырын басқан аяғының дыбысы естілген сияқтанып еді; құлағын тігіп тыңдаса аблыға соққан оз жүрегінің дүрсілі екен.

Аяғын ақырын басып анасы жатқан бөлмеге барып еді. Тарс жауып алған есіктің ар жағынан дыбыс нышаны сезілмеді. Әрине, ояу. Бишара, келін түсіргенде қандай қуанып еді; "өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай болды" деп еді-ау! Келінін әлі де жек көрмейді; бұл үйдегі бүліктің басы – қайын жұрттан; әсіресе, бет-аузы қан жалаған қаншықтай, күнде – қыз атанып жүрген кәрі қақсалдан. От басының тыныштығын ойлаған ана тіс жарып түк айтпаса да, ар жағында аузы буулы талай арман жатыр: әсіресе келінінің екі баладан кейін құрсақ көтермей, қысыр бойын күтіп отырып қалған бедеулігі жанына батпайды дейсің бе? Айналадағы үйлерден қара домалақ балалар тауық балапанындай шүпірлеп сыртқа шығып жатқанда әсіресе қиналатын шығар-ау. "Апырай"– деп ойлайтын шығар-ау сонда. Құшағында күйеуі жатқанда кеудесінде жаны бар әйел жыл сайын жатырын бір жібітіп, құрт-ірімшіктің мәусіміндей үйді үпір-шүпірлетіп қоймас па. Жарық дүниеге келетін нәрестенің өмірін байлаудан асқан ауыр күнә бар ма? Соңыра о дүниеге барғанда жарық көре алмай, ана жатырында жүрімі құрып кеткен әлгі балалар шуылдап алдынан шыққанда не дейді? Жендет ананы шашынан сүйреп апарып дозақ отына тастайтынына кәміл сенгені сонша, бесін намаздан кейін жайнамазын жимай, мінажат дұға үстінде ұйып отырып, құдіреті күшті Құдайдан келінінің пенделік білместігін кешіре гөр деп ұзақ-ұзақ жалбарынатын.

Тумысыңнан арақ пен темекіге зауқың жоқ еді ғой. Сол арада сен шофер баланың бір езуінде бықситын да жүретін ащы махоркаға аңсарың ауып тұрғанын сезгенсің-ді. Кеңсірігің қаңсып бара жатқасын, әдетте қолын апарса уысы толып кететін қоңқақ мұрнын алақанымен уқалап-уқалап жіберді.

Апыр-ай, күзгі түн қандай ұзақ! Қабырғадағы сағатқа қарап еді; кішкентай тілі бағанадағыдан гөрі ілгері жылжыпты. Көзінен ұйқы қашып, сенделіп үй кезіп жүрген мына кісіге таңғалған сағат әлі сол баяғыша таңдайын қағып тық-тық... тық-тық... Әр-берідесін қабырғадағы орнын тастап бұның құлағына көшіп алды. Қоңырауы да құлағының дәл ішінде ұрып жатқандай, миын шаға бастап еді; шиыршық атқан жүйке енді сәл кідірсе де шарт үзілетіндей сезіп, өз үйіне өзі симай сыртқа атып шыға беріп еді; кенет аяқ астына төсеген ескі алашаға көзі түсті де, әлденеге қалшиып тұра қалды. Неге бүйткенін өзі де білген жоқ-ты. Тек еңкейіп қайта қарағанда барып мынау анасы пақырдың шалы бар кезде тірнектеп жиған азғантай дүниеден қалған ескі көз екені есіне түсті. Сыздап тұрған жүрек біз сұғып алғандай шым етті.

...Жасырақ кезде анасы жасыл шұғадан өрнек бастырған текемет болатын. Оны төргі үйге сыйлы қонақ келгенде төсеп, қалған уақытта жинап қоюшы еді; солардың бәрі осы оттың басындағы жандармен бірге тозып, кәрі қақсал кірген-шыққан сайын аяғымен теуіп, шеттетіп ысыра-ысыра ақырында сыртқа шығып қалды. Көрмеде қызықтауға қойғандай, бірінен бірі өткен мына бір импорт кілем, импорт стенка, мақпал жабындыға малынған импорт диван арасында осы күні бұ да өзін өгей баладай сезініп, отырса-тұрса да қысылып болатын. Шынында да, Адай шал тайып жығыла жаздаған мына жалтыраған тақтай еден, мына көз жауын алып жылтылдаған дүние-мүлік үсті-басы балық сасыған бұған мүлде жат, мүлде лайықсыз екенін сезіп тұр.

Өзінің өмірде ғана емес, осы үйде де жалғыздығын қатты сезді. Аңғал-саңғал үйде көңілі құрғыр құсаланып, аңдаусызда бір жерін сәл түртіп қалса да аңырағалы тұрған-ды. Абзалы, аш бол, тоқ бол адам жаны қашанда жетім ғой. Төңірегің толып, кейде осылай қараптан-қарап жалғызсырайтын жетім кезің болады-ау! Әсіресе, сонда қиын.

* * *

Үйге симағасын сыртқа шығып еді; күндізгі қара суық қатая түскен бе, қалай? Желең шыққан бойы тітіркеп кетті. Сен бірақ ішке қайтып кірген жоқсың. Әлденеге Сары Шаяның қылығы қаныңды қайнатып тұр. Бірақ жалғыз сол сұмырай ма? Шынына баққанда оны түн ішінде мұздыаяқ қып безектетіп әкеткен құлқын қай қазақты қай заманда қатынның қойнынан суырып алмап еді? Қай кез, қай заманда түн тыныштығынан айрылған қазақтың басындағы уайым мен қайғы осы елдің тұтас тірлігін ойлауға жетіп еді? Қара жерге қолдан егіп көк шығармаған көшпелі елдің атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келген ежелгі көкейкесті арманы – атқа міну. Бір биліктің басында отыру. Ел көзінде елтең-селтең жүру. Өзі атқа мінбесе де, өзегінен шыққан біреу жаман тұғыр үстінде жарбиып отырса – жары арманына жеткені. Баяғыда Құдай қалаған бір бабасы сойыл ұстаса, қалған қара тобыр топырлап соңына ерген. Сондағы бітіргені не? Күші тасып бара жатса, көршілес отырған аз ағайынның үстіне қиқу ойнатқаны ма? Соған шамасы келген бабасын кейінгі ұрпақ батыр деді. Аруақ тұтты. Жорыққа аттанған жігіттер әлдеқашан сүйегі қурап қалған қабырдың басына түнеп бата тіледі. Құрсақ көтермеген келіншек соңыра ізін қуар үрім-бұтақ сұрады. Ата-баба аруағының шарапаты дәл сол ділгер боп тұрған ұрпақтың көсегесін көгертті ме, жоқ па, бірақ аруағыңнан айналып кетейін, жарықтық ата-баба өзінен кейінгілерге мінезін аудырмай беріп кеткені ақиқат.

Көңіл құлазып тұр. Сүйек-сүйегінен өтіп бара жатқан суықты жаңа сезді. Көп үй шамын сөндіріп жатып қапты. Мектеп терезелерінен де жылт еткен жарық көрінбеді. Тек көшенің ары бетіндегі үлкен үй асып-төгіліп жатқан қуаныштан түндігі желпілдеп тұр. Түннің бір уақыты болғанына қарамастан мыналардың қуанышы аяқсыр емес. Сәлем беруші ағайын әлі де ағыл-тегіл. Қора толы кісі. Әлдебіреу әлдебіреуге айқайлап:

– Мен деген... Айттым деген. Асыңды болдыр деген. Ал, сен құрыған деген... Маңдайыңа ыссы май тамсын деген...– деп күйіп-пісіп жатыр. Сары Шая айтқан быдық – осы.

Қар жауар алдындағы қара суық сүйектен өтіп барады. Бұл үйге қарай бұрыла берді де, кенет көшенің арғы бетіндегі үлкен үйге көзі түсті де қалшиып тұра қалды. Ақ жібек перде тұтқан самаладай терезеге біреу жақындады. Кірпігін қағып қап, қайта қарап еді; шашын тоқпақтай ғып желкесіне түйген әйел терезе алдына таман жақындап келе берді. Сұлу мүсінін сырттағылар да қызықтасын дегендей, шам жарығы шұғыласын аямай-ақ төгіп тұрған ақ жібек пердеге көлеңкесін түсіре қырындай тоқтап еді; дәл сол сәтте келіншектің оңашаланып шыққанын аңдып тұрғандай бір сұңғыла еркек сап етті. Келіншек қатарласа берген еркекке еркелей мойын бұрды. Бұл көзін уқалап жіберіп қайта қарады. Қолы қалтырап кетті. Бұл не, түс пе, ең бе? Әлде, мынау да бұның осы күндері басынан кешіп жүрген түсініксіз өмірдің жалғасы ма? Көкірек тола күдік қайдағы бір елеске жан бітіріп, жүрегін тырнап жатыр ма? О да мүмкін ғой?

Қар жауар алдындағы қара суық тұла бойын түгел жайлап алды. Тісі тісіне тимей қалшылдап барады. Маңдайынан шыққан мұп-мұздай терді үйге кіре бергенде байқап, есік алдына сәл бөгелді. Терін сүртер жерде қалтырап кеткен қолын билей алмай, саусақтарының ұшы секіре бастады. "Ауырып тұрған жоқпын ба?" деп ойлады. Құп-қу боп түсі қашып кеткен бұған таңдана қарап тұрған қарт ананы байқамаған-ды.

– Мынау үй у-шу боп кетті ғой, Әзім келген бе?

– Білмеймін. Келсе келген шығар.

– Екеуің бір жылы туып едіңдер...

– Апа, қайтесің. Онан да жатпайсың ба?

Ана назарын тіктеп еді. Қадала қараған кәрі жанар құдды қалтаға түскен суық қолдай, жан дүниесін куыс-қуысын қалдырмай тінткілеп барады. Бұл бойын жинап ала қойды.

Анасы шығып кеткесін де біразға дейін өзіне-өзі келе алмады. Кәрі ана бірдеңе білетін сияқты. Әлгі сумақай бұның көзін ала бере сыбырлап кетпесе не қылсын? Есіктен кірмей жатып "ақ жеңешелеп" аңырап қоя бергенде-ақ, сол кәпірдің ішіне сыймай бара жатқан бір пәле барын білген-ді. Анасына да бірдеңенің шетін шығармады ма? Ашып айтпаса да, дүдамал бірдеңе тілінің ұшынан жасқаншақтап қайтып еді ғой? Арам неме "жансыз" деп бұның қытығына тию үшін әдейі кекеткен мысқылы ма? Бұның діңкесін құртқан дүдамалдың бәрін ол сұмырай біліп келген болды-ау, шамасы? Ендеше ол білгенді Бәкизат та біледі. Айт-тойға баратындай үлбіреп киінген себебі сенің миыңа жаңа жетті. Мына жағдай көп нәрсенің сырын ашып, ана жолы астанада демалыста болып қайтқалы жоқты сылтауратып, быдықтың үйіне барғыштап кеткен себебіне енді түсінді. Ал, кәрі қақсалдың болса-болмаса да... быдықпен ыдыс-аяғы аралас. Көшеде кездессе бірін-бірі жаңа көргендей ауыздары жабыса қалатын...

Жаңа жел өтінде ұзағырақ тұрып қалған екен; суық алған денеден шым-шым тер шығып, маңдайы, алақаны былжырап кетті. "Ауырып қалмасам, не қылсын?" деп ойлады; тұла бойы дірілдеп, сүйек-сүйегі сынып барады. Бұл өзі бұрын да төсек тартып жатып қалғанша ауырғанын мойындамай, сүлдерін сүйретіп жүре беретін-ді. Және бұның ауырғанын өзінен бұрын басқалар білетін. Бәкизат та қит етсе бұның бойынан күдік шақыратын бірдеңелерді байқағыш; бұған: "неге сол жағыңа қарай бересің?" деп жүрді де, бір жолы "сен осы сырқат емессің бе?"– дегені бар. Бұл онша мән бермей, "сау сияқтымын" дей салған-ды.

Соның артынан екеуі қырдағы түйелі ауылға кетіп бара жатты. Ел-жұртқа моллалығын мойындатқан шофер сол күні біреудің жаназасын шығаратын болып, рөлге бұл өзі отырған-ды. Ақ шаңдақ бұрқыраған жер реңі жылдағыдан да көрі биыл жұтаң көрініп, түйелі ауылға жеткенше жалтақтап сол жағына қарап болған-ды.

Бәкизат:

– Әй, Жәдігер,– деді бұны ақырын түртіп,– неге сол жағыңа қарай бересің? Әлде сол жағыңнан елес беретін бірдеңе тұра ма?

– Жоқ, жай...

– Жоқ, сен сірә, сырқат шығарсың? Атын ұмытып отырмын, сондай бір психический ауру болады дейді. Асылы, дәрігерге көрін.

Бұл Бәкизаттың сөзіне құлақ аспай, күлген де қойған...

Әйелінің күдігі енді бұның өзіне де рас сияқтанып, сырқат болсам сырқат шығармын деп ойлады.

Тоқ-та... Бұл жаңа терезе алдындағы елесті қай жағымен көрді? Оң көзі ме, сол көзі болар? Иә, сол көзі. Ендеше, жаңағы көргені де, бұл ойлағандай өңі де, түсі де емес. Бәкизат айтса айтқандай салқынын салған бір пәле болып жүрмесін.

Басы шағып бара жатқасын маңдайын ұстап еді. Алақанына былжыраған жылымшы бірдеңе тиді. Алақаны ма, әлде маңдайы ма, күйіп тұр. "Ауырып тұрған шығармын" деген ойға көңілі ауды. Аудан орталығына бара қалса, анада курорттан қайтқан Бәкизатты күтетінде құмыра горшокке өсірген гүлді сұрап алатын өзінің таныс дәрігеріне көрінетін боп іштей байлау жасаған еді-ау!

* * *

Бұл осы жігітпен екеуі түйдей құрдас еді; екеуі бір жылда туды; онжылдықты бірге бітірді; институтқа бірге талаптанды; бірақ екеуі де алғашқы экзаменнен құлап ауылға қайтып келді. Сол жылы екеуі әскерге бірге алынды; мерзімін өтеген соң, әскерден екеуі де бір жылда оралды; сонан... иә, сонан былайғы өмірдің талай шырғалаңын бастан бірге кешкен-ді.

Тек кейін бақыт қуған бала жігіттердің өмір жолы екіге айырылып, институт бітіргесін ол – астанада қалып, бұл – "Аралым, менің Аралым" деп ауылға тартып отырды. Ол шырқап өсті. Оның өсетініне бұл күмәнданған емес. Баяғы бала кезде балықшы ауылдың күнге күйген қара сирақтарының ішінде ұзын бойлы ақ сары бала жұрт көзіне бұрын түсетін. Зейінді, алғырлығына сенгесін басқа балалардай сарылып отырмай, сабақты жүрдім-бардым оқитын. Есесіне екі бетінен оты шығып тұратын әдемі ақ сары бала кеп арасын киіп-жарып ән салатын жерде тартынбай – ән салды, домбыра тартатын жерде тартынбай – домбыра тартты. Балықшы ауылда үрдіс болмаған биге де бұйығы балалар бірінің тасасына бірі тығылып баспай қойғанда, ол қара көзі жайнап бірінші боп шыққан-ды.

Сондайда жазатайым кейде даусы жетпей, кейде қолы келмей қалғанда көлденең тұрған қыздар қараптан-қарап қысылып бетін шымшып жатқанда, бұл жасу орнына қайта қара көзі шоқтай жайнап: "дәнеңе қылмайды. Келесіде көкесін танытам",– деп едіреңдеп тұратын; десе дегендей, келесіде әнді де, күйді де, биді де дұрыстап алатын. Он жыл бірге оқығанда осы досының бала боп, сірә, тауы шағылып, ажары қайтып мұқалғанын көрген емес. Тарих пәнінен беретін ағайдан бүкіл бала зәресі қалмай қорқатын. Соғыста оқ тиген оң көзін шынылап алғаннан кейін сабақ сұрағанда шатынап тұратын. Петр патшаны өткенде өзі де Петр патшаға ұқсап, тертедей аяғына қара санын қаптыра ұзын қоныш етік киіп алатын. Ал Наполеон жорықтарын өткенде табан астынан тағы бір күйге түсетін; Франция императоры әдейі Арал балаларын қорқыту үшін тіріліп кеп, онсыз да тарихшы ағайдың шатынаған шыны көзінен зәрелері ұшып, өзді-өзінің партасында жым боп отырған қара сирақтардың қарсы алдында қос қолын кеудесіне айқастырып тастап, қабақ астынан сыздана қарап, қаталданып алатын тарихшы ағайдан екі алып қалғанда да бұл заңғар басқа балалардай ұнжырғасы түсіп, танауын тартқылап көрген жоқ-ты. Ертең шаруалар көтерілісін өткенде бәрібір бес аламын деп басы қақшақтап тұратын.

Институтқа түсерде бұл осы тұрған Алматыға тәуекелі әзер жеткенде, ол Москваға жалғыз тартты. Бұл бірінші сабақтан құлап, анасы берген азғантай ақшасын қала көрген қу мүйіздердің сырасына сауғызып қайтып келсе, ол жарқылдап ауылда жүр. Ана қалтасы да, мына қалтасы да будақ-будақ ақша. Сол жылы ата-аналар оқуға түсе алмай қайтқан балаларға ренжігенде: "Өзіңдей Әзімге қарашы. Оқуға түспесе де, ақшаны күреп қайтты",– деп ұрысатын.

Ол кездерде Әзім бұнан сыр бүкпейтін. Ішек-сілесі қата күліп отырып ақшаны қалай тапқанын айтып бергенді: сөйтсе, бұ да бірінші сабақтан құлапты. Әкесі берген азғантай ақшаны оны-пұныға жұмсап қойыпты; енді елге қайтайын десе, қалтасында бір тиын қалмапты; "ә" дегенде сасуын сасса да, бірақ зерделі алғыр бала ақыл тауып сүйікті көсемге хат жолдағысы кепті; бірақ ауылда оқыған бала Виссарионға неше "с" жазу керек екенін білмепті, қасындағы балалардан сұрауға арланыпты. Киоскаға барып газет сатып алып, өзін қинаған "с" әрпінің сыласын тауыпты. Көсемге жазған хатқа іле-шала келген жауапта Қазақстанның Москвадағы Тұрақты өкілдігіне баруға кеңес беріпті. Онда барса, алдынан ыңырсып сөйлейтін арық қара шығыпты да, сұраған ақшасын ұстата сапты. Тегін ақшаға қуаныпты. Тек былай шыққасын жаңағы қалақ қараның қабақ шытпай бере салғанына қарап, аз сұрағанына өкініпті. Сол өкініш ойынан кетпей қынжылып келсе... Өзімен бір бөлмеде жататын секпіл бет, сары бала жылап отыр. Бұл "не болды" деп сұраса, ту Қиыр Шығыстың қиян шетінен келген неме емес пе, жаңа киоска алдында қызыл ала журналдың сыртында қылыш асынған қолбасшы қызықтап қарап тұрғанда... "Ақшам... қалтамдағы ақшамды..." деп аржағын айта алмай еңіреп қоя беріпті. Жүрегі зу ете қалған Әзім ақша салған қалтасын ұстай алған еді...

Жаңа бұ да сол киоскаға соққан-ды. Бұ да ауылдағы қатындардың күлдәрі көйлегіндей алабажақ журналды көрген. Журнал сыртында сары ала қылыш асынған қолбасының қошқар тұмсығы мен әр шалғысына уыс толғандай мұртына есі шыға қызығып қараған еді;

Сол күннің ертеңіне ол төсегінен тұра сала кешегі қалақ бет қараға қайта барып: "аға, кеше... Сізден шыққасын киоскадан газет алайын деп тұрсам..."– деп ақшасын ұрлатып алған секпіл бет баладан аудармай кемсеңдей бастаған екен, қалақ қара: "қазақы бала, бала емес",– деп басын шайқапты да, бұл жолы да бір уыс ақшаны ұстата сапты. "Сүйтіп, айналайын, астанадағыларыңды да екі жеп биге шықтым",– деп, Әзім сусылдақ шашын бір сілкіп қап, сақ-сақ күлген-ді.

Қанша десе де, баланың аты бала. Ол кезде бұлар ненің парқын білген. Кейін ойлап қараса, құрдасы сол кезде де ағайын ағарып алдыма түспесін, қарайып артымда жүрсін депті. Сонда соңына ерген шуылдақ тобырдың аузында да, көзінде де бір өзі жеке тұрарын білген. Халық назарынан шықпай елтең-селтең жүру оның ежелгі арманы еді. Арманына жетті. Аты астана газеттерінен түспейді. Жиналыста сол сөйлейді. Жиында соның аты үлкендердің аузымен аталып, қазақ даласының бас-аяғына дабырайып тарап жатыр.

Халықтың не біліп айтатынын қайдам, рас болса, осы жігіттің басына сөз айналып тұр деседі. Бұлар Амударияда тұщы суға құлаған балықты қырып ұстап жатқанда, орталықта шығатын ғылыми журналда Әзімді сынапты деп жүр. Аралдың әр жерде ауызға ілігіп жүрген азғантай азаматы ажарлы жүргеніне кім қарсы. Тек оның "Арал теңізінің халық шаруашылығына зияннан басқа пайдасы жоқ" деп, жиналыс болса тепсініп шыға келетініне түсінбейді. "Амудария мен Сырдарияны басқа жаққа бұрып әкету керек. Сонда осы өңірдің өрттей ыстық күні мен аңызақ аптап желі қос жендеттей екі жақтан тиісіп бергенде, Арал теңізінің жиырма жылда түбі көрінеді. Сосын теңіз астынан босаған пәленбай құнарлы жерге түгенбай мақта егеміз, күріш егеміз, ақшаңқан үйлер, сәулетті сарайлар саламыз, скверлер, алаңдар, су атқылаған фонтандар мен жасыл ағаш саясында ғашықтар үздігеді. Ит жетелеген әйелдер серуендейді. Баяғы ата-баба тұрсын, қазіргі ұрпақтың түсіне кірмеген ұжмақ өмір соңыра осы теңіздің түбінен босаған жерде гүл атады. Бүгінгі ұрпақ сол ұжмақты ақиқат көреді, көргенді айтасың, сол ұжмақта тірлік кешеді, соған кепілмін" деп өзеурейтін көрінеді.

Е, құдай, күші тасып бара жатса, қазақ даласы кімге жетпей жатыр. Осынау тусыраған тұл дала ғасырлар бойы жарын тосқан қалыңдықтай, иесін күтіп жатқан жоқ па? Соны игере алмай жатып, бұл Құдайдың оны тартылған теңіздің түбінен босаған жерге көз сатқызып қойғанын қайтерсің. Біле білгенге бұл кәрі теңіз судан шабақ аулап жеген казак баласы үшін көзі тіріде ана бауырынан тартқылап емер екі емшектің бірі емес пе еді?

Жолы түсіп әне бірде астанаға бара қалғанда Арал проблемасы жөнінде болып жатқан үлкен айтыстың үстінен шықты. Аузы-мұрнынан шыққан үлкен залдың арт жағына кеп отыра кетті. Көзі бірден Әзімге түсті. Нар қасқа жігіт приздомда маңқайып отыр екен. Оның оң қолын ала бұл білмейтін дүр қара біреу жайғасыпты. Жыға танымаса да, бірақ көрген бойда мына жуан қара көзіне оттай басылды. Әзімнен көзін алып қайта қарағанда шырамытты. Баяғыда оқу бітіріп келгенде өзін қабылдап отырып, шыбын қуалап кететін Жуан Жақайымға ұқсайтын сияқты. Сол туысы бірдеңеден кандидаттық қорғап, астанаға ауысып кетіпті деп еститін. Рас болса, рас шығар. Әйтеуір, сонан бергі он үш жылда Аралға қанша барғанда көзіне Жуан Жақайым түскен емес. Бұл анада Жуан Жақайым ғылым кандидаты болды дегенге сенер-сенбесін білмеп еді; енді сондағы жуан қараның астанаға келгесін аруағы көтеріліп, Әзімнің оң жағын ала отыратындай қауқардың қайдан біткеніне сенер сенбесін білмей ақылы дал боп отырғанда, Әзімнің кіріспе сөзін есіте алмай қалып еді; қасында тесірейген түйме көз біреу отыр екен, жұрттың бетінен жоғалтқан бірдеңесін іздегендей, анаған бір, мынаған бір қарап отырған түйме көзден сен Әзімнің жанындағы жуан қара кім деп сұрап едің, ол "Жәкең ғой" деді; деуін десе де, ол бұған "Жәкеңді білмейтін сен өзің кімсің" дегендей тесірейген көзін тебен инедей қадап тұрып алды. Сен шынында да, Әзіммен иықтасып отыруға жараған білдей азаматты білмегеніңе ішіңнен ыңғайсызданып отырдың да, сәлден соң екінші жағындағы ақ сары окымыстыға бұрылдың. Үстіндегі қыжым-қыжым костюм сияқты қыжым-қыжым көйлектің де өңірін ағытып тастаған ақ сары оқымысты орындықтың арқасына шалқалап жатып алыпты. Сенің мойын бұрғаныңды байқаса да, былқ етпеді. "Жуан қара кім?" деген сенің сұрағыңа да жөндеп жауап бермей, бір танауынан мырс етті. Сонан кейін жуан қараны мошқағаны, әлде мақтағаны белгісіз, аузын аспандата шүйіріп, "ол анау-у ғой",– дегені. Сен онан "анау қай анау" деп сұрай алмадың. Екі көршісінен есіткен екі ұдай долбардың екеуіне де түсінбеді. Арал проблемасы жөніндегі пікір бұл жақта да екіге бөлініп, бет ашысып алған екен. Түскі астың уақыты өтіп кетсе де, иін тірескен ығы-жығы халық тырп еткен жоқ; тек керілдескен қызыл шеке ұзаған бір кезде кеңсірігі қаңсып бара жатқан біреулер көп арасынан сытылып шығып, есік алдында тұрып темекісін шегіп болар-болмаста аяғын ұшынан басып өз орнына қайтып жатты.

Түстен кейін ұзын бойлы аққұба жас жігіт сөз алып еді; бірақ қарсы жақ жер тепкілеп, ысқырып сөйлетпеді. Ыза болған жігіт ойының бас-аяғын жинақтай алмай, қайта-қайта тұтығып қала берді. Жас жігітке жаның ашып, аяп отырып, сен оның сөзін жөндеп ұға да алмағансың-ды.

Тек ызалы жігіт әбден ашынған бір тұста қатты ақырып, көп шуылдақтың аузына құм құйды да, сөзін жалғап кетті: Қазақстан мен Орта Азия – халқының маңдайына біткен жалғыз теңіз әне тартылып жатыр деді. Жарым жартылап тартылған теңіз түбінен жыл сайын мың-мың тонналап ұшып жатқан түз қазірдің өзінде Қызылорда облысы мен бүкіл Қара-қалпақ елін тұншықтырып, ауасы мен суын улап, шөбі екеш шөбін көктемей жатып күйдіріп, ал халық сорлы, бұрын-соң адам баласы есітпеген ем қонбайтын бейдауа індетке ұшырап, келешек ұрпақтың тағдырын тұйыққа тіреп қойғаны анау деді. Бүгін ішіп-жегеніне мәз болып, елінің ертеңін ойламайтын осынау дардаңдаған есалаң адамдарға бұл Арал әлі де өзінің ақырғы үкімін айтпай, артына сақтап отыр деді. Соңыра Арал әбден тартылар-ау, тартылған теңіз түбіне төрт жарым миллиард тонна тұз тау боп шөгер-ау. Сонда осынау алды-арты ашық ұлан байтақ далада сахара шөлдің өрттей ыстық аптабы күн-күн, түн-түн аңырап соғып бергенде, келешекте Орта Азия мен Қазақстанда кім аман қаларын бір Құдай болмаса, басқа ешкім білмейді. Сендер мені сөйлетпей жер тепкілеп, ысқырып жатсыңдар. Әрине, құлаққа жақпайтын сөзді тыңдап керегі қанша. Бірақ, естеріңде болсын, келешекте адам баласының жер бетінде болу-болмауы – табиғаттың болу-болмауына тікелей байланысты",– деп аққұба жігіт сөзін бітіргенде, сен екі езуің екі құлағыңда, орныңнан атып тұрып едің-ау. Басқалардан бұрын қызына қол соғып едің ғой. Ол аз дегендей, шартылдап жөнелген алақанға "айналайын тусаң ту!" деп дауыс қосып қалып еді; сүйтсе, қасындағы түйме көз тіпті есінен шығып кетіпті. Оның тебен инедей тесірейе қалған көзін кеш байқады; "ә" дегенде қысылып қалса да, бірақ іле-шала бұ да бойын билеп алды. "Мына енеңді ұрайын неге тесірейеді, әй?"– деп, оны ішінен мықтап бір боқтаған еді де, тесірейген түйме көзге бұл өзінің алақандай ала көзін мірдің оғындай қадап жалт қарап еді; шамасы, қарсы сөз айтса, үстіне төніп қалған мына ірі қара кісі бас салатындай түрі тым суық екен, түйме көздің жанары жасып, ықтап бара жатып; "Подумаешь, көзін алартады еще",– деп міңгірледі.

Аққұба жігіт мінбеден түсіп, арт жақтағы өз орнына барып отырды. Сен: "Айналайын інім, алдыңнан ақ күн тусын",– дедің ішіңнен. Тіл-көзден аман болсаң, осы қазақтың маңдайындағы дыңдай азаматы болғалы түр екенсің. Ана жақта суы тартылған теңіз бен шаруасы күйзелген халықтың сөзін сөйлейтін жер бетінде сендей де жан бар екен ғой. Оған да шүкір!"

Ақ құба жігіттен кейін сен кәдімгідей көңілденіп, жан-жағыңа сергек көз тастап едің-ау. Назарың Әзіммен иық тіресе отырған жуан қараға түскенде "апырай, ә?" деп ақылың дал боп ойланып қалдың. Жаңа бұны "анау" деді. Анау болғанда сонда бұл қай анау?! Асылы, бұл Жуан Жақайым болмас. Жуан Жақайым анада қапырық кабинетте азғантай отырғанның өзінде қол-аяғына не бола алмай, шыбын қуалап кетпеді ме? Ал, мынау... Ой, заңғар-ай, ертеден қара кешке қызыл шеке боп жатқан айтыста қу тақтайда құйрығы ойылғанша отырғанда, қыбыр етпеді. Тек қарсы жақтан біреу сөз алып Әзімді сынаса құты қашып кетеді екен. Бастықтан гөрі сын оған қаттырақ батып, өзін қоярға жер таппай қалады.

Ал, Әзім... Залым ғой, өзін жақсы ұстады.

Үлкен орында жүріп әбден ысылып алған. Жұрт алдында қимыл, қозғалысының бәрі өлшеулі. Сөзі санаулы. Бас изесіне дейін басқа жұрттан бөлек. Қарсыластар жағы сөйлесе де, жақтастар жағы сөйлесе де бет өңінен бір нәрсе аңғарып болмайды. Ренішін де, ырзалығын да ішінде сақтап, қоңыр көздің жанарын залдағы кісілердің үстінен асыра, әлдебір жаққа, алысқа тастап, құрықтай мойны құрағытып қыбыр етпей отыр. Ол тек шекесі қызып алған кісілер ешкімді тыңдамай, шектен шығып дуылдап бара жатқан кезде ғана шылдыратып қоңырау қағады. Қалған уақытта өзінің әлгі бір сыртқа сыр шашпайтын сабырлы, маңғаз қалпына ауысып, көзін тура алдына тігеді екен де, қыбырсыз қатып алады екен. Сол күнгі қызыл шеке айтыста сенің тағы бір аңғарғаның: тіл-жағына сүйенген шешендердің Әзімге қай сөзі жағып, қай сөзі жақпағанын сен көбіне-көп оның жанындағы ана жуан қараның ыңғайына қарап аңғарғансың-ды. Әзімдей емес, жуан қараның қуанышы мен реніші атанақтап сыртына шауып тұрады екен. Шешендердің аузынан Әзімге жағатын сөз шықса, басқадан бұрын ала-бөле жуан қараның жолы болып алақайлаған баладай, алақанын аямай соқса, ал қарсыластар сөйлегенде қабағы түсіп, қалың беті қабарып, желіндеп ала қояды. Ондайда жұрт жанын сала дуылдатып қол соғып жатса да, жуан қараның ботқа беті бүлк етпей алақанын алақанына әзер-әзер тигізіп ишаратын ғана істейді. Сен енді жуан қараның ыңғайына қарап отырып, бұндағы кісілердің қайсысы Әзімге жақтас, қайсысы қарсылас екенін қателеспей айыра бастағансың-ды.

Сен де өзіңше жаман-жұман бастықсың. Ауылда саған да жағынатын жалпылдақтар жетеді. Бірақ, несін айтасың, айналайын, үлкен жер үлкен турайды ғой. Мыналардың қай мінезі де түйелі адамдай көш жерден көзге түсіп тұрады екен. Аққұба жігіттен кейін сен жиналыстың аяғына қарамай ертерек кетіп қалғансың-ды. Есік алдында қырма сақал біреу темекі шегіп тұр екен. Іштегі қызу қанды кісілерден гөрі мынаның жүзі жылы көрінгесін, қатарласа бере онан Әзімнің қасындағы жуан қараны сұрап еді; "институт директорының ғылыми жағын басқаратын орынбасары ғой",– деді; "аты қалай?"– деп сұрап еді; Жәкең ғой,– деді. Мынаның берген жауабынан миына бәрібір ештеңе кірмегесін: "Өзі қай жақтың кісісі?"– деп сұрап еді; "Әз ағаңның жерлесі. Аралдан",– деді. Бұл күліп жіберді. Бетіне таңдана қараған иман жүзді кісіге бұл ләм деместен сыртқа ата жөнелген еді; көшеге шыға сала жынды адамша ішек-сілесі қата күліп келеді, күліп келеді, күліп келеді. Оңнан да, солдан да кездескен кісілер: "есі дұрыс па?" деп тосырқап таңдана қарап тұрды да, түкке түсінбей өтіп кетеді. Олардың ешқайсысы сенің қаперіңе кірген жоқ, көшені басына көтере күлді-күлді де, аяқ астынан кілт тиылды. "Апыр-ай,– деді ішінен,– ғылымы құрғырдың да құны арзандап кеткен екен ғой".

Елге қайтып келе жатып та жуан қара есіне түскен сайын Әзімге қалай жол тапты екен деп ойлады. Жерлестігін бұлдамаса, баяғыда көргенде шыбын қуалап кететін Жуан Жақайымда ғылым басқара қоятындай қабілет шамалы сияқты еді ғой. Әлде жүн тыққан қаптай жуан дененің бір қалтарысында бұл білмейтін асылдың сынығы жатыр ма?

* * *

Таң таяу еді; түн күзеткен бұл әлі көз шырымын алған жоқ; тықылдап миын шаға бергесін қабырғадағы сағатты тоқтатып тастаған-ды. Көшенің қарсы бетіндегі дырду да бұл кезде басылған; үй де, түз де жым-жырт. Бәкизаттың келмесіне көзі әбден жетті; оны енді күткен жоқсың; ойлаған да жоқсың; жоқ, ойламауға тырыстың; ертеден бері ішіңді өртеген реніш пен ыза қазір қызғанышқа айналып, көкірек түбінде қорғасындай ауыр салмақпен шөгіп алған-ды.

Бір орында тағат тауып отыра алмай, абажадай үлкен үйді ерсі-қарсы кезіп жүрді де, кенет әлдебір ой көкірегін шарпып қалшиып тұрып қалды. Осы жігіт келген сайын бұл неге берекеті кетіп, ішінен азып, абыржып болады? Бәсе, сонысы не? Бәкизатты қызғана ма? Әлде... Әлде осы жігіттің басындағы бағын көре алмай ма? Әй, қайдам... Астана аспанында жарқыраған жарық жұлдызға табынбаса табынбаған шығар, тек оның басындағы бағын көре алмаған жері жоқ еді ғой. Қазір тұрсын, бұл тіпті баяғы бала кезде де өзінен Әзімнің артық екенін мойындамап па еді?

Әзімнің ақылы артық еді; енді бағы артты; ол кезде бұл екеуі арасынан қыл өтпейтін дос еді; ақыл тоқтатпаған алаңғасар немелер бұл дүниеде асыр салған ойыннан да басқа қызғаныш деген қызыл ит болатынын қайдан білсін. Қызыл итті де, онан да басқа талай иттікті бұлар білсе соңыра талай жылды артқа салғасын білер. Ал, ол кезде құрдасы барған жерін пысымен басып, ұршықтай үйіре бастағанда, бұл ылғи көз түспейтін елеусіз шетте қала беретін. Бұл, сірә, ол кезде оның алдына түскісі келді ме? Ондай ой, сірә, басына келді ме? Ұзын бойлы, ақсары жігіт екі иығын жұлып жеп тұрғанда екеуінің таңдауына түскен не бір асыл мен жақсыға ішінен ынтығып тұрса да, бұл, сірә, таласпақ түгіл дәмететін бе еді? Бәкизатқа да дәмеленді ме? Ақ сары әдемі жігіт бір шекесіне қарай жығыла беретін сусылдақ шашын оқтын-оқтын артына сілкіп қап, қара көзі ұшқындап тұрғанда Бәкизат түгіл, бұл, сірә, осы өңірдегі беті жылтыраған бір қыздан дәме қылатын ба еді?

Әскерге бірге алынып, елге бір мезгілде оралған екі дос сол жылы институтқа да бірге түсетін боп уәделескен. Институтқа түсер алдындағы уақытты бірге өткізіп жүрген-ді. Бір күні... Сол өзі түс кезі ме еді? Жоқ, екеуі түс ауа бергенде теңізге барған екен-ау. Жағада тірі жан жоқ екен. Екі дос бұтында тыртиған бір-бір трусиден басқа киімді сыпырып тастап, жиекте күнге қыздырынып отырғанда да Әзімнің алдына шығу бұның ойында жоқ еді ғой! Иә, ойында жоқ еді. Сол кезде де Әзім адам басына келмеген төтен бірдеңе тауып алатын да, бұны ықтияр еркіне қаратпай, лақтырып соңына ертіп әкетіп бара жататын. Сол кездің өзіңде адамды әй-шайға қаратпай, лақтырып үйіріп тұратын бір пәлесі бар-тұғын. Мүмкін, ол сол баяғысынан әлі де өзгермеген шығар? Өзгерген өзің боларсың?

* * *

Ой, дариға-ай!.. Өткен күнде белгі жоқ. Қазір ол күндер көрген түстей көзден бір-бір ұшты да кетті. Шіркін, ол кездегі өмірдің несін айтасың! Онда жарықтық кәрі теңіздің бағы басында. Күрпіген қос дарияны қатар емген телегей теңіз қыста да, жазда да кенерінен асып, ісініп, ыңыранып жатқаны.

Шіркін-ай, ол кезде бұл өңірдің кісілері қандай еді! Күнге күйіп, жел қаққан, өңшең сіңір қара кісілер оқта-текте соғып тұратын лай балыққа аулары майланғанда өлгенін білмей рухтанып кететін еді-ау! Қанаты сатырлап ақ шағалалар да көк теңізде қиғылық ұрып жатқаны. Ақ пен қызыл арасында беттақтаймен бірдей боп балыққа толған қара қайықтар біріне-бірі құйрықтасып келіп жататын!

Сонан бері... Иә, сонан бері, міне, жиырма жыл. Жиырма жылда ел өзгерді. Жер өзгерді. Ауа бұзылды. Осы елдің ішетін суы уға айналды. Теңіз тартылды. Теңізге құятын екі ұлы өзеннен қайсы жылдары сыңар тамшы да тамбай қояды. Суы шағын Сырдария түгіл, ағыны қатты Амударияны айтсаңшы. Баяғы Македонский заманында Жойқын атанған, өзі де жойқын десе жойқын дарияның толқыны ақ езуленіп, екі жағасына бұрқырап ұрып жататын қатты ағысына қайық салса шапқан аттай ала қашатын ағыл-тегіл суын кеше жарық дүниенің жарым-жартысын билеп тұрған құдіретті ұлы елдің басшылары кері ағызып, Қарақұмға – қара құрдымға бұрып әкетті. Бас аяғы жиырма жылда теңіз жары ортасынан төмен түсіп, суы ашыды. Азған теңіздің азғантай балығы кең далада құрық көрмей тағыланып кеткен түз қашағанындай. Қашаған балықты қуып аулаған бұл елдің ер-азаматы ебіл-себіл. Қыс демей, жаз демей теңіз кезіп тентіреп жүргені әне!

Бұл өңір жиырма жылдан кейін осылай болып жатыр. Ал ертең ше? Ертең тағы да жиырма, елу жыл өткесін теңіз әбден тартылар-ау. Аққұба жігіт анада айтса айтқандай, тартылған теңіздің түбіне түз айналып, Арал өңірінің аңызақ аптабы күн-күн, түн-түн азынап соғып бергенде не болады? Арал тұзы қазір Қарақалпақ пен Қызылорданы тұншықтырып жатыр. Сол тұз ертең... Ертеңгі күні Қарақалпаққа көршілес жатқан елді тұншықтырмасына кім кепіл?

Жасаған Ие-ау, сонда осы елдің әлгі кір сақал жаман шалдарының "Ақырзаман боларда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз артылар" деген сандырағы рас болғаны ма? Солар айта беретін сол ақырзаманның басы осы болмаса не қылсын? Апыр-ай, бұрынғы қазақ соны не біліп айтты? Құр сандырақ емес, аржағында қандайда бір ақиқат шындыққа көзі кәміл жеткен сенім жатпаса қайтсін? Бәлкім, өзінен кейін дүниеге келетін соңырағы ұрпақтың құлқы мен пиғылын болжаған ата-бабаның көреген біреуі түптің түбінде бұл дүниені апатқа ұшыратар катер қайдан келетінін көкірегі сезді ме? Ендеше, осы ауылдың кір сақал жаман шалдары жер бетіндегі тірлікті ұстап тұрған құдірет – ауа мен су екенін де білген болды-ау?! Өзінен кейінгі ұрпаққа осы екеуін көздің қарашығындай сақта деген ескертпесі ме? Солай ма? Ал, соны сақтай алдық па? Ауаны да, суды да құртпады ма?

Ірі қара кісі еңсесін тіктеді. Өзінен қол созымдай жерге келіп қонған жұдырықтай сұр торғайға назар аударған жоқ. Соңында жатқан шұбалаң ізден көзін ала бере, кеудесін кере күрсінді. "Аруағыңнан айналайын, қайран ата-баба,– деді ішінен,– мал соңында қоңын күн тесіп жүріп көп нәрсені көкірегің сезіпті-ау. Келер ұрпақтың құлқы мен ындыны күндердің күнінде дүниені апатқа ұшыратпай тынбасын да білген болдың-ау, сірә?"

* * *

Бүгін күні бойы алды-артында ығы жоқ ақ қар, көк мұзда екі аяғынан сарсылып тұрған ұзын қара кісі қасына кеп қонған кішкентай сұр торғайды әлі байқаған жоқ; торғай түнде жауған қардан кейін де қабағын ашпай тұнжырап тұрған түсі суық дүниеде жалғызсырап, бұны қара көріп келген-ді. Тарының түйіріндей көзін бұған қайта-қайта тастады да, бауырын қарға басып тып-тыныш бола қалды.

Ұзын қара кісі артына бұрылып, бүгін ертеңгісін осында келерде атын тұсап қалдырған жағаға назар салып еді; бұлтты аспан астында мұнартқан осынау бұлыңғыр дүниеден жалғыз Бел-Аран бойын асырып тұр екен. Бел-Аранға көзі түскенде көңіліне кенет баяғыдағы бір елес оралып жүрегі құрғыр қатты шаншып кеткені: ол Әзім екеуінің әскерден оралған кез-тұғын. Екі дос күнде-күнде Бел-Аранммң сол анау теңізге қарап жарланып тұрған тұмсығының дәл астына баратын да, суға түсетін. Сол күні де екеуі аппақ ақ қайраңда аяғын суға созып қатар отырған еді-ау. Қазір түгіл ол кезде де Аралдың жынды желінде мәлім жоқ-ты. Әсіресе сол күні жынды жел бабын таптырмай, қырық құбылып тұрған. Бірде пышақ кескендей сап боп тыйыла қалса, іле-шала қайта көтеріледі. Жел көтерілсе, теңізде көк толқынды көкке атып әупіре бастайды. Есірік желге толқындар еліріп, бірін-бірі қуалап, ойнақтап кеп қыл жиекте егіз қозыдай қатар отырған екі достың алдында бас игендей жалп-жалп жығылады. Қайсы бір өлермені жер бауырлап созылып кеп бұлардың жалаң аяғын дәл табаны астынан сүйіп ап қайта шегінеді.

Құрбы жігіттер суға бірден түсе қоймай ананы бір, мынаны бір әңгімелеп отырып, өздері бұрын-соңды көрмеген бейтаныс қыздың қастарына келіп қалғанын кеш байқаған еді; онда да қыздың өзін көрген жоқ; жағалаудың аппақ ақ қиыршық құмы іш толқынымен алысып келе жатқан әлдебіреудің аяқ алысынан хабар беріп сықыр-сықыр етті. Соған екеуі бірдей елең етіп жалт қарады да, көзін ала алмай қатты да қалды. "О тоба!.. Тоба!" Бұнан гөрі Әзім есін бұрынырақ жиды. Бірақ оның да түсі құп-қу. "Тоба!" "Тоба!" Тілін кәлимаға келтіргендей, тағы да бірдеңелерді күбірледі. Сонан басқа сөзге оның да шамасы келмей, тіл-жағы байланып қыбырсыз қатып қапты. Тіл қатуға шамасы келмегесін қасында отырған бұның қолын сыртынан тас қып ұстап, үнсіз қыса берген еді-ау!

Қыз бұлардың халін байқады ма, жоқ па, белгісіз; байқаса да жоп-жорта түк білмегенсіген сыпайылық па, бұларға деңгейлесе бере миығынан бір күлді де, көз салмастан өте берді.

– О, тоба! То-ба!

– Аа?

– Ештеңе емес. Ал енді, ға-жап!

– Аа?

– Ға-жап!.. Ой, ғажап!..

– Иә, ғажап! Өзі су перісі емес пе?

– Су перісі дедің бе, әй? Шынында да өзі көктен түсті ме, жерден шықты ма?

– Білмедім...

– Біздің ауылда бұндай қыз жоқ еді ғой? Мүмкін, сен...

– Жо-қ... Мен қайдан...

– Иә, сен қайдан білейін деп едің. Асылы, бауырым, бұл қызды білмей-ақ қой.

– Жарайды...

Бір бүйірден қадалған сұғанақ көздердің сұғы өтті ме, бейтаныс қыз жаңа бұлардың жанынан өте бергенде әнтек қысылып, аяғын абыржи алғанда сусылдақ топырақ борап кеткен-ді. Аяқ астынан ұшқан бір түйір топырақ ық жақта аузы ашылып отырған бұның көзіне түсті.

– Өзіңе де сол керек. Сонша сұқтанып нең бар еді? – деді Әзім күліп.

Бейтаныс қыз ұзамай, анадай жерге барды да, бұларға сырт айнала бере шешіне бастады. Құрбы жігіттердің қырағы көзі байқап отыр: мынау кім де болса қала тәрбиесін көрген. Бұнда келгеніне біраз болған сияқты. Аралдың өрттей ыстық күні мен аптап желі аялаған жас дене құдды балқыған мыс буына тотыққандай. Қос самайлығы бұйраланған қалың шаш иығының басына түсіп кішкене қозғалса да желк-желк етеді.

– Әй, жүр... Танысайық!

– Не-е?

– Жүр, танысайық!

– Қа-лай?

– Қалайы сол, барамыз да танысамыз...

– Жо-жоқ, өзің бар.

– Өзің бар дейсің бе, әй?

Бүйдеп өзіне, әлде бұған айтқаны белгісіз; қалайда әйтеуір оның да осы қазір өзін қинаған екі ұдай ойдың қайсысына тоқтарын білмей, іштей толқып тұрғаны байқалады.

Қыз бұларға назар аудармады; ақыл-есі ауысқан кісідей аңтарылып қалған екі ашық ауыз бұл дүниеде бар ма, жоқ па, оған бәрібір сияқты; шашын артына қарай бір сілкіп тастап, теңізге бет ала берген-ді. Әдейі осы сәтті тосқандай, қыр жақтан колхоз клубының маңдайшасындағы сырыққа ілген радио қытырлады; іле-шала бір жас дауыс сызылтып ән шырқады; мынау ән болса да заты биге келетін бұралған әсем саз екен. Әзім орнынан атып тұрды. Оның неге бүйткенін білмесең де, сол арада сенің әлденеге жүрегің дүрсілдеп қоя берген еді-ау!

– Ал, бала... Құдайға сиына бер. Мен кеттім.

Сен Құдайға сиындың ба, жоқ па, қазір есіңде жоқ; есіңде қалғаны: теңізге беттеген қыз суға башайының ұшы тиер-тиместе кілт тоқтады да, маңдайы аумай тұп-тура өзіне қарай келе жатқан жігітке бұрылып қарады. Мына жігіттің он екі мүшесі әлдебір шебер қол ерінбей-жалықпай бас-басына бір-бірлеп қашап істегендей мінсіз екен. Қыз бас-аяғына асықпай көз жүгіртті де, бағанағы мысқыл күлкіні бетіне қайта шаптырып, теңіз суына қымсынбай кіре берді. Өмір бақи есірік желмен ерегісіп келе жатқан теңіз осы кезде күш шақырғандай қайта ыңыранып, қара көк толқын ереуілдеп иық көтере бастаған-ды. Аспан ала бұлт. Сонау алыста бірде қосылып, бірде аралары ыдырай сала ыққа қарай жөңкіліп бара жатқан аудаң-аудаң ақ бұлттар бауырындағы көлеңкесін өзінен аудырмай төмендегі теңізге түсіріп, теңбіл-теңбіл көлеңке жал-жал толқындармен тербеліп шайқалып кетеді. Сен аспанды да, аспандағы бұлтты да көрген жоқсың. Алакөз алақтап біресе қызға қарады. Біресе досына қарады. Қайсысына қараса да алақ-жұлақ көзде бір үрей, бір үміт кезек алмасып, жанары ешкімге тоқтамады. Әлі де болса сенбей тұр. Әлі де болса, мынау досының бұның алдында кейде өстіп ерсініп едіреңдеп-едіреңдеп барып басылатын әдеттегі қыры сияқтанып еді. Жоқ!.. Жоқ, әй!.. Мынаған, сірә, дауа болмас!

Сен де орныңнан атып тұрдың. Қатты толқығанда бір орында құйрық басып отыра алмай, тұрып кететін әдеті. Досын жаңа көргендей, оған қызыға қарап тұрды да, басын шайқады.

Қыз қайырылған жоқ; түбіне дейін көрініп жатқан мөп-мөлдір суға кеуделеп сүңгитіндей қолын ілгері созды; дәл осы кезде төбеден ауып бара жатқан ақ шарбы бұлттың тасасынан күн шықты; шақырайған өткір сәуле көзін қарыды ма, қыз басын бауырына тартты; алақанымен су іліп алып, денесін шылады; бұнысы суға бойын үйреткені ме деп қалып еді; сүйтсе, жоқ... бұл кесір қыздың соңында су кешіп келе жатқан жігіттің назарын аударғысы кеп әдейі істеген әдемі қылығы екен; Әзім жете бергенде қыз құлаш ұрып жүзе жөнелді.

Шіркін, сол күнгі теңіз жағасы-ай! Аспан да көк; теңіз де көк; екі арадағы ніл шайғандай көгілдір ауа тіпті көзге ілінбей күлің-күлің етеді; құлаш ұрған қыз қолы көгілдір ауада шұғыл, шалт сермеген құс қанатындай лып-лып; құлаш сермеген сайын кеудеден жоғары жағы судан суырылып шығып-шығып кетеді;

Қыз әлі артына бұрылған жоқ; теңіз өкіріп жатыр; қарсы алдынан кеуде қаққан толқынға да қарамай қиқарланып алған өжет қыздың су ішіндегі әрбір қимылы, әсіресе құлаш ұрып бара жатып оқтын-оқтын күн сәулесіне кеудесін жарқ еткізе шалқасына аунап түскеніне дейін ана жақта шырқап жатқан ән сазына бойы балқып бара жатқандай.

Артынан Әзім де жетті.

– Ой, жі-гіт!.. Ой, жаса!..

Осы бір ырзалық сөз аузынан қалай шығып кеткенін байқаған жоқ. Қызбен қатарласа сала құлаш ұра жөнелген досыңа қызыға қарағансың; бірақ қызғанған жоқ-ты. Ал енді, қыз... айтары жоқ, ғажап! Жігіттің де кемі жоқ! Бағана бір көргеннен-ақ екеуін Құдай әдейі бір-біріне армап жаратқан екен деп қалған-ды. Енді қазір сыртынан көз салып тұрып казинесі кең Құдайдың бұл екеуін бір-біріне есебін тауып қалай кездестіргеніне таңданып тұрған едің-ау! Қыздың қасында кетіп бара жатқан Әзім емес, бұның өзі сияқты мәз. Қызды қиялдады. Бұл жалғанда өмір бақи жүрегі дауаламайтын батылдыққа бел буған жолдасының жаңа ерлігіне сүйсінді. Тек, аржағында титтей қызғаныш жоқ. Аржағында, тек... Әттең мен де Әзімдей болсам деген арман бар! Әзімдей әдемі болса; алғыр болса; жүрегінің түгі бар батыр болса ғой! Сонда бұ да Әзім сияқты балықшы ауылдың балаларын ұршықтай үйіріп жүрер еді! Балаларды бастап теңізге барар еді. Суда шағаладай шулап жүрген балаларға өзі бас болып жағаға жүгіріп шығып ыстық құмға бауырын басып жата-жата қалғанда... Жоқ, ол суға әлі де түсе қоймаған болса... Әлгіндегі Әзім екеуі сияқты бұлар да жағада әр нәрсені бір әңгімелеп отырғанда... Иә, дәл сол кезде бұрын-соң көрмеген бір бейтаныс қыз... Иә!.. иә, көктен түскені, әлде жерден шыққаны белгісіз бір сондай ғажап сұлу қыз бұлардың қасынан өте бергенде, жел ұшырған бір түйір топырақ бұның көзіне түссе... Қыз соны көріп қалып, кілт тоқтай қалып "не болды?" десе... Бұл түк те болмағандай "дәнеңе емес" десе; бұл сүйдесе де, бірақ қыз кетпей, қасында тұрып алса... Сосын бұның құм түскен көзіне еңкейе бергенде қыздың ыстық демі бетіне тиіп, бұл ду ете қалса... Жоқ!.. Жоқ, Әзім қызармаушы еді ғой. Және ешкімнен қысылмайтын. Ендеше, бұ да қысылмауы керек. Қайта, қызға: "Жүр, суға түсейік!" деп сүйрелей жөнелсе... Сосын бұлар да ана екеуі құсап өкірген теңізде, өжектеген толқынның қарсы алдынан кеуде қаққан қарсылығын да бұйым көрмей, қатарласып құлаш ұрып жүзіп бара жатса... Бұлар тіпті теңіздің арғы бетіне шығып, жағада күнге қыздырынып жатып алса... Сонан, тек ел жата... Жоқ, бұл тым кеш... Күн ұясына қонғанда екеуі қайтып келсе, о, масқара! Ауыл у-шу. Бұларды іздеуге шыққан кісілер қайықты суға салып, ескекке жаңа отыра берген абыр-жабырда...

Бұл кілт тоқтады. Елеңдеп құлағын ілгері тікті. Көк теңіздің әлдебір жерінде қиғылық ұрып шаңқылдап жатқан шағалалар құдды бұларды іздеуге шыққан әлгі кісілердің бір-біріне дауыстап, шаң-шұңдаған әбігері сияқтанды. Анықтап айналаға көз салып еді; теңіз өңірінің әлгі бір көңіл ашар ескек желі бағанағыдан гөрі сәл көтерілген бе, әйтеуір, сыпыра жағалауды жиектеп ескен көк құрақ судырлап сөйлеп тұр екен.

Бала құрақ болғасын өздері албырт, елгезек. Теңіз беттен ескен болмашы лепке де үпір-шүпір боп бәрі бірдей қуана бас шұлғып, құнжыңдап жатыр. Ескек желден кішкене пәрмен болса, көре қал, мыналар су шайған жұлығын қыл жиектің қайраңынан дереу суырып алып, қазір-ақ жас балаша желмен бірге жарысып құлдырай жөнелетіндей. Сонан кейін де ойынға тоймайтын өздерінің ойнақылығына басып, құлдырап шапқылап бара жатып жел астында бір-біріне бас иіп сыбдыр-сыбдыр, судыр-судыр сыбырласа ма, қалай? Құлағын тігіп еді, сусылдақ немелер бұған күле ме қалай? "Мынау бұнда не қып тұр дей ме? Өзінің есі дұрыс па? Ана Әзімге ұқсап құрбысымен неге ойнап күлмейді?" деп мына судырлақтар аузы-аузына жұқпай сумаңдай ма, қалай?

Сол арада ғана санаңа бірдеңе жеткен еді; құр қиялға әуейіленген өз қылығыңнан өзің ұялғандай, бетіңдегі берекесіз күлкіні дереу жиып алып, жан-жағыңа қарап едің-ау. Сүйтсе, әлгінде өздері шешінген жерге қайтып кепті; Әзім киініп апты; ал, қыз бір шаршы қызыл орамал қолында желбіреп, анадай жерде ауылға бет түзеп кетіп барады екен.

– Ой, сен қайда жүрсің?– деді Әзім.

– Мен... Мен бе?... Осы арада... Өзің ше?

– Өзім қатырып танысып алдым.

– Қойшы?..

– Қоятыны жоқ. Әкесі бухгалтер екен. Бұрын қалада істепті. Сені мен біз әскерде жүргенде, осында жұмысқа ауысқан көрінеді. Қыз биыл он жылдықты бітіріпті. Алматыға оқуға бірге баратын болып келістік.

Құрдасыңның батылдығына әрі таң қалып, әрі ырза болғаның сонша, сол арада аспанға қарап әуелете бір ысқырып жібергенсің-ді.

– Әй, сен неге мәз болдың?

– Мен бе? Жәй...

– Жүр, қуып жетейік. Таныстырайын.

– Жо-жоқ... кейін...

– Аты Бәкизат екен.

Қыз атын ұмытып қалатындай, ішіңнен қайталағанда тіліңнің ұшы құдды шоққа тигендей өртеніп кете жаздаған еді ғой. Сүйткен Бәкизат...

Апырай, тағдыры құрғыр да қызық-ау!..

* * *

Сол жылы бұлар астанаға бірге барды. Абырой болғанда, үшеуі де оқуға түсті. Үшеуі үш институтқа түссе де, бірақ бір-бірімен жиі кездесіп жүрді. Әсіресе, Әзім мен Бәкизат күнде кездеседі. Жастар кешіне, киноға, театрға барады. Анда-санда бұны да қасына алып, үшеуі жұбын жазбай бірге қыдыратын. Оқуға түскен жылы бұған да Бәкизатпен жиі-жиі кездесіп тұратын бір сылтау табылды: қалалық комсомол комитеті шақырып жатыр дегесін бұл жүгіріп барса, бір топ бейтаныс студент арасында Бәкизат та отыр екен. Бұны көргенде қуанып кетті. Атып тұрып, жұрт көзінше бұны құшақтай алды...

Бұларды қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қабылдады. Бастық деген аты болмаса, бұда бұлардың аз-ақ алдындағы бала жігіт екен. Сонысынан өзі қысылатын сияқты. Қабылдау кезінде өзін ересек көрсетуге тырысып-ақ бақты, сөйлеп тұрып өз өзінен қайта-қайта қодиланып, иығын қомдап-қомдап қояды. Соны байқап қалған Бәкизат төмен қарап күле жаздап, өзін әрең ұстап отырды.

Өзін қала жастарының көсемі сезінетін пысық жігіт сөйлемес бұрын әуелі графиннен стаканға су құйып ішті. Сосын қылғындырып байлаған галстук мойнын қысып бара жатқасын тамағының дәл астындағы бір түймені ағытып қойды, әңгімені сосын бастады. Сондағы айтқаны: бақытты совет жастары... бақытты совет жастарына көрсетіліп жатқан қамқорлық... партия сенімі... Сол ұлы сенімді кірлетпей, абыроймен ақтау... коммунизмді жиырма жылдан кейін кәміл көретін қазіргі ұрпақты тәрбиелеу баршамыздың борышымыз,– деді де, өзін қала жастарының көсемі сезінетін жігіт осы арада кенет қынжыла қабақ шытты. Сосын түсін суытып: "қайсы инстутте сабаққа айлап, апталап келмейтін қыздар бар көрінеді",– деді. Ата-ана ырқына көнбей, бетімен кетіп жүрген қыздардың бұзық жолға түсе бастағаны жөнінде милициядан астыртын қағаз түсті деді. Совет жастары деген абыройлы атаққа кір келтіріп, бетімен кетіп жүрген бұзық қыздарға үгіт-насихат жүргізіп, коммунистік рухта тәрбиелеу баршамыздың мойынымыздағы парыз деді. Бәкизат пен бұған бетімен кеткен бес бұзық қызды тәрбиелеу жүктелген еді; бұл қылжақбас Әзімге жақсы болды: ол Бәкизатты "тәрбиеші апай" деп, бұны "тәрбиеші ағай" деп жыл бойы бұл екеуіне күн көрсетпей, мазақтап болған-ды.

Бұлар күндіз сабақта. Лекция. Зачет. Емтихан. Түсте топырлап буфетке барады. Құдайы қалаған күні қалтасын қағып бір бутерброд, бір стақан шай алады: сосын кітап пен конспектіден көз айырмай, екі ұрты бұлтылдап отырып жүрек жалғаса жалғап, ал Құдайы қаламаған күні қайыс белбеуді қаттырақ тартып байлап алады да, күні бойы зачет, экзамен тапсырып жанталасып жүреді. Сонан кейін күн батып, қас қарайғасын қолы босап, әлгі ата-ана ырқына көнбей, бетімен кетіп жүрген бейбақтарды тәрбиелеуге шығатын.

Бәкизат бұны бірінші күні-ақ таң қалдырды. Оқуға қаншалық ыждаһаты барын кім білсін, ал қоғамдық жұмыс десе құлшынып шыға келетін пәлесі бар екен. Бұл болса, қаланың бетімен кеткен қыздары түгіл, балықшы ауылдың бірдеңе десең беті ду ете қалатын бұйығы қыздарына да батылы жетіп сөз айта алмайтын. Сосын қоғамдық жұмыстан ат-тонын ала қашатын. Әсіресе, әне бір пионер, комсомол отырысын, ән-би кружогын, спорт кружогын жек көретін. Оларға қатысқанша бұл ауылда да бір есебін тауып мектептің отынын жарып беруге, класты жууға, ауланы сыпырып тастауға әзір тұратын-ды. Осы жолы да Бәкизаттың ызасына тиіп болды. Басқасын қойғанда Бәкизаттың пәлен уақытта кездесеміз деп уәделескен жерге ылғи кешігіп келеді. Күте-күте екі көзі төрт болған қыз шыдамай, өзі іздеп тауып алады да, түк демейді, тек сағатты көрсетіп, басын шайқайды. Сосын сенің лекцияң бар ма, сабақ тапсырасың ба, жоқ па, біріне қарамайды. Тіпті, құлақ аспайды. Солбырайған құлықсыз түріңе көзін тастаса тастайды, тастамаса қолыңнан шап беріп ұстайды да, "ал кеттік!" деп әй-шәйға қаратпай сүйрелеп ала жөнелуші еді.

Несін айтасың, ол күндер бұның ит-ыржыңмен өткен берекесіз тірлігіндегі ең бір қимас кез еді ғой! Үсті-басына мұқият қарайтын аппақ әдемі қыздың өзі түгіл, оның аяқ басысын алыстан танушы еді! Қара сүрік туфлидің қазықтай тақасын тақтай еденге қалай басып, қыдыңдап келе жатқан шымыр, ширақ аяқ алысын топырлаған көп тұяқтың арасынан жазбай танитын. Орталық көшелерге жетпейтін жарық қала шетінде қайдан болсын. Бұлардың сорына ата-ана ырқына көнбей, бетімен кеткен әлгі қағынғырлардың бәрі шетте тұратын боп шықты. Қала шетіндегі жапырайған аласа үйлер қараңғы түсісімен қақпасын тас қып жауып алады екен. Тастай қараңғы көшеде аяқ жолын таба алмай, сүрініп-жығыла бергесін, Бәкизат бұны қолынан тас қып ұстап алды. Көшеде жан жоқ. Әлде қалай кездескен бірен-саран кісіден сұрап, ештеңе шығара алмаған қыз соқыр сәуле сығараңдаған терезелерді қағады; тот басқан топса сықырлап, есік ашылады:

– Кімсіңдер?

– Комсомол комитетіненбіз. Сіздің үйдің нөмірі қандай?

– Маңдайшада жазылған...

– Көрінбейді.

– Сендерге кім керек?

Құдай дес бергенде, іздеген қыздың дәл үстінен түсіпті. Бұлар келгенде қыз кір жуып жатыр екен. Шынтағына дейін сыбанып алған сабын-сабын қолын судан алып, еңсесін тіктеп еді; алды ашық халаттың омырауынан әжептәуір бұлтиып қалған қарны көзге түсті.

– Кешіріңіз,– деді Бәкизат қызға бір, қолындағы тілдей қағазға бір қарап,– Комсомол комитеті берген тізімде... Міне қараңыз... Сен... жоқ, сіз...

– Жарайды, түсінікті...

– Көрдіңіз ғой? Міне, бірінші боп сіз тұрсыз. Саналы Совет жастарына... әсіресе қыздарға тәртіпсіз... тәрбиесіз... қалай десем екен?..

Сен ренжіп қала ма деп, зәрең қалмай тұрған сын-ды жоқ, мына қыз бұндайдың талайын керіп, еті өліп кеткен бе қалай? Су-су қолының сыртымен көзіне түскен шашты кейін қайырып жатып:

– Бетімен кеткен десең де, тәрбиесіз десең де бәрібір. Іздеген қыздарың мен болам,– деді.

– Сіз... Сіз ата-ананы тыңдамай, үйден кетіп қала беретін көрінесіз ғой. Сонда... Айтыңызшы, қайда жүресіз?

– Бетімен кеткен қыз қайда жүруші еді. Оны сен білмей-ақ қой.

– Ал, милиция?..

– Үйге қонбай кеткесін, шешем милицияға айтыпты.

– Қазір қалай... Үйге қонасыз ба?

– Әрине... Күйеуім бар ғой.

– Демек... түзелген болдыңыз ғой?

– Түзелдік қой,– деп қыз бұлтиған қарнын сыртынан қағып-қағып қойды. Шыны ма, әлде өзін ығыр қылған сөзден мезі болғасын бұларды әншейін алдарқатып шығарып салғаны ма? Сен екі ұдай ойда кеттің.

Бәкизат тізім басында тұрған қыздың тұсына "түзеліпті" деп белгі қойды. Күзгі қара суықта қала шетіндегі тастай қараңғы көшелерде әр үйдің есігін қағып, қағынғыр қыздарды іздеп жүруге сенің тіпті құлқың жоқ. Қайтайық деп қанша қыңқылдасаң да, Бәкизат құлақ аспай қойды. Тас қып ұстап алған қолыңды да босатпады. Бетімен кеткен бейбақтарды коммунистік рухта тәрбиелемек боп қала шетіндегі қиқы-жиқы қараңғы көшелерде салпылдап жүріп алған еді. Бұған салса, қағынғыр қыздардың бәрінің тұсына "түзеліпті" деп белгі қояр еді де, тізімді комсомол комитетіне апарып берер еді. Сол күні де Бәкизат әдеттегідей жол бастап, әлде бірдеңелерді айтып, аузы тыным таппай сөйлеп келе жатқан-ды. Соқыр терезеден сығыр сәуле жылтыраған үйге жақындай бергенде қыздың дәл аяғы астынан мысық баж етіп ата жөнелді. Бәкизат шошып қап шыңғырып жіберді. Жалт беріп, қос қолын ілгері соза ұмтылған сенің құшағыңа құлай кеткен-ді. Сен қанша жұбатсаң да, Бәкизат жуық арада өзіне-өзі келе алмай, талдырмаш нәп-нәзік денесі дір-дір етіп бауырыңа жабыса түсіп еді-ау. Осыдан кейін Бәкизат сені қасынан бір аттам жібермей, қос қолдап жабысып ұстап алды.

– Қыздар өздері де түзеліп қалыпты ғой. Осы шаруаны енді қояйық,– деп сен күлген едің де, сол күні Бәкизатты жатақханасына жеткізіп салғансың-ды.

Сонан бері қанша заман. Оқу бітірді. Үйленді. Он үш жыл бірге өмір кешті. Енді, міне, жас ортасына келгенде дәм-тұз жараспай, Тәңірінің басқа түскен бұл тауқыметін де көтеріп алғалы тәуекел етіп тұр. Бір кезде өлердей жақсы көрген сол әйелді осы қазір өз қолымен өлтіруге пейіл боп қаның қарайып тұрып та, баяғыда құшағында дір-дір еткен сол талдырмаш жас дене есіне түссе, әлі де жаны үзіле жаздайды. Бұл не? Жігерсіздік пе? Намыссыздық па? Әлде, кім білсін, жуық арада өліп болмайтын әлгі бір жаны сірі сезімнің әлі де болса үзілмей жатқан әлдебір тамыры ма?

 

(Жалғасы бар)

Бөлісу:

Көп оқылғандар