Әбіш Кекілбаев. Кемел
Бөлісу:
Сынаптай сусыған сумақай уақыт-ай! Одан бері де елу жыл өтіпті. Университетке қабылдана сала, пойызға тиеліп, тыңға аттандық. Бір ай бойы науадан саулаған қызыл бидайдың удай ащы шаңына қақалып, тау-тау астық сапырдық. Мойынымыз ырғайдай, өзіміз торғайдай болып, арып-ашып Алматыға оралдық. Біз жоқта опера театрында Мұхтар Әуезовтің алпысқа толған тойы өтіпті. Көре алмадық. Қатты опындық. Бір күні акт залының алдындағы көшқұлаш жарнаманы көрдік. Сол кісімен кездесу болады екен. Тайлы-таяғымыз қалмай бардық. Есіктің қыр көзінен орын тиді. Оған қуанбасақ, ренжіген жоқпыз. Қасымыздан өткенде жақын жерден бір көріп қаламыз ғой деп, өкшемізді көтеріп, мойнымызды созып, мәз болып тұрмыз. Дуадақтай-дуадақтай жақсы мен жайсаң қаздаңдай басып, жан-жағынан қоршап алыпты. Тек екі шекелігінен дудырай көтерілген көкшулан шаш пен айтақырлана түскен жалтыр маңдайды көзіміз шалды.
Сахна төріндегі қызыл мауытымен қаптаған мінберде жасыл костюмді, жолақ галстукті етжеңді адам биязы дауысын бипаздай созып, бір сағаттай сөйледі. Ауылдан жаңа келген аңғал кезіміз ғой. Не айтып жатқанына құлақ асудың орнына, кереқарыс маңдайы мен келісті келбетінен көз айырмай, аузымызды ашыппыз да қалыппыз. Тек әлде бір уақытта оның шымылдық сыртына қарай кетіп бара жатқанын көрдік. Зал толы жұрттың бірқатары қапталдағы есікке беттеп, бірқатары сахнаға қарай лап қойды. Біздер де соларға ілестік. Алабұртқан бір жігіт алқынып-жұлқынып мінберге жетті. Ернеуінде тұрған графинге қол созды. Қасындағы қырлы стаканды шүпілдете толтырды. “Піссіміллә! Мұхаң жарықтықтың сарқыты ғой!” деп, шалқайып тұрып, сіміріп салды. Көргенін істемесе, көпшілік бола ма?! Әлгі графин қолдан қолға көшті. Зәмзәмнің суындай, таласа-тармаса дәм татысып жатыр. Бізге жетпей қалды.
Бұл – біздің Мұхтар Әуезовті өз көзімізбен бірінші рет көруіміз еді. Ол сол жылғы жаңа жыл кешіне де келді. Ректордың қолтығындағы қасқа маңдай абызға қанша кеңірдек созсақ та, жақындай алмадық. Сөйтіп, университетке түскендегі: “Алақай, енді Әуезовті күнде көріп, күнде тыңдап жүреміз ғой” деген дәмеміз шамалыда орындала қоймады. Бұрын халық ауыз әдебиетінен, КСРО халықтары әдебиетінен, Абайтанудан дәріс берген екен. Енді соңғы екеуімен шектелген көрінеді. Оған жеткенімізше әлі талай салпақтайтын түріміз бар. Жоғары курстардағы лекцияларының қашан болатынын аңдыдық. Ол лекция оқитын аудитория әп дегеннен аузы-мұрнынан шыға толып қалады екен. Өз студенттерімізді былай қойғанда, басқа институттардан келіп жатқандар қаншама?! Тіпті, ақ бас профессорлардың өздері шәкірттерімен таласып-тармасып, тар партада қысылып-қымтырылып отырғандары.
Сорлатқанда, уақыт кестесіндегі Мұхаңның сабағы көрсетілген күні бола салмайды. Біразға дейін қуғын-сүргінде жүріп, көзтүрткіні көп көрген сабаз сол бір жылдары қайтадан келеге қосылып, бүкілодақтық, халықаралық жиындарға жиі шақырыла бастады. Біресе Токиода, біресе Делиде, біресе Нью-Йоркте, қала берді Тәшкен мен Мәскеуде жүріп, Алматыға қайтып оралғанша талай сабағы қаза болады екен. Ол кездегі деканымыз орыс әдебиетінен сабақ беретін қазақшаға шорқақ, ойына не келсе, соны сол қалпында қойып қалатын доғал мінез адам еді. Бір күні коридорда әріптестері мен шәкірттерінің қоршауында арқа-жарқа амандасып жатқан Мұхаңның қасына жетіп барып, ігір де жоқ, мігір де жоқ: “Профессор Әуезов, ылғи лекцияңызға уақытылы келмейсіз. Сіз осы қайда жүресіз?” – деп дүңк ете түседі. Қапелімде абдырап қалған классик: “Пәлі, мына патшағар не дейді ай?” – дей беріп, кілт тоқтапты. Тым-тырыс бола қалған қасындағылар әлгі жаңғалақ немені іштей табалап: “Қап, бәлем ит терісін басына қаптаса екен!” – деп, тағатсыздана тосып тұрғандарын іші сезіп қалып, жаны ашымас тобырдың желеуінде кетпейін деп, қолын бір сілтеп, аудиторияға қарай аяңдапты.
Лектор Мұхаң бірден көсіліп кете қоймайды екен. Әуелі кедір-бұдыр дала жолына киліккен жүрдек мәшинедей берекесі қашады екен. Жүрексіне шығатын биязы дауысы одан сайын жіңішкеріп, алқымына әлдене тығылғандай, қайта-қайта мүдіріп, көпке дейін сабасына түсе қоймайды. Сезімі мен ойы бірін-бірі кес-кестеп, жарыса бас көтеріп, біраз жағаласып алып барып, жарастық табатын аса сезімтал адам болса керек. Сөз бастардағы әлгіндей алабұртпа кезеңнен өтіп алған соң, жылмиып жатқан айтақырға шыққандай, ағызып ала жөнеледі.
Сосын құлағыңды тік те құныға тыңдай бер! Сабаздың ойы сарқырамадай ақтарылып, телегей-теңіз болып тербеледі екен. Ондайда өзін-өзі ұмытып, зеңгір көктегі самұрықтай самғайды-ай келіп! Бірақ, қырағы құлағы бұралқы сөзді, жіті көзі көлденең қылықты қағыс жібермейді. Бірде біздің алдымызда судан шыққан сүйріктей әсем жігіт пен әдемі қыз отырды. Шіркіндер жаңа танысып, енді-енді табысып жүрсе керек. Бірінің көзі бірінде. Қаралай ішіп-жеп, ындындары құрып барады. Қайта-қайта иықтары тиісіп, бастары түйісіп қала береді. Соны байқап қалды ма, кенет ту сонау Гомер тұсындағы қадым замандарда жүрген Мұхаңның әлгілерге қырғидай шүйіліп, қадала кеткені: “Тәйт әрі! Көрерге көз керек әсем жігіт, әдемі қыз! Бірақ әдепті ұмытқан. Айтып тұрғанымызды іштен біліп тусаңдар, мұнда келіп нелерің бар еді? Үйлеріңде қалғып-мүлгіп отырмадыңдар ма?! Пәтшу, шіркін! Сендерден бұрын ешкім жасалаң, масалаң, шала ұйқы болып көріп пе екен, сірә!”. Қазымыр лектор сеңдей сөгіліп, селдей төгілді. Айтып жатыр, айтып жатыр. Қыз бен жігіт отырған жерлерінде қазықтай қағылып, қып-қызыл болып, бүрісе түсті. Профессор әлдебір уақыттарда барып, мытып ұстаған шеңгелі жазылып, олжасын босатқан шегір көз бүркіттей назарын басқа жаққа аударып, әуелдегі әңгімесіне қайта оралды.
Бірде ол Абайтанудан семинар өткізді. Әркімді орнынан көтеріп, әрқилы сұрақтар қойды. Көңілінен шыққан жауаптың тұсында дені жайылып, ырғала қозғалып, шықпаған кезде шоққа түсіп кеткен шыжықтай шыж-пыж болады. Бірақ зіркілдеп дауыс көтермейді. Ауызынан шыққан әр сөзі енді ұмытылмастай болып, мық шегедей қадалып, есте қалады. Жайшылықта таңдайы тақылдап, ауыздыға дес берместей бір жайнақ көз аруымыз Абайдың махаббат лирикасын сұрағанда, зікірінен жаңылған бақсыдай міңгірлеп қалғаны. Шекесі бұдырайып, желкесі күжірейіп, алқымы алабұртып, шабыттана шалқып отырған ғұлама қуыршақтай құлпырып тұрған әдемі шәкіртінің жауабын әрі тосты, бері тосты. Әлдебір уақытта шыдамы таусылды ма: “Пәлі, уыздай үлбіреген жап-жас немесіңдер. Екпінді еріннің ұшына түсіріп, “махаб-бәт” деп, тәп-тәтті қылып айтудың орнына тоқсандағы тоңған кемпірдей ауыздарың жуыспай, “ма-ха-бат, махабат” деп олпы-солпы қалай айтасыңдар, шіркіндер?!” – деп, ұртын бұлтитып, ернін томпитып, бұлданған сәбидей бұлқан-талқан болғаны. Ондайда ұстазымыздың шамалыда райынан қайта қоймайтынын жақсы білетін сақа жігіттеріміздің біреуі: “Ағай, сіз Абайды өз көзіңізбен көрдіңіз бе?” – деп, көлденең сауал қыстырды.
Мұхаңның жүзі жылып қоя берді. Қалтасынан көлдей шәйі орамал суырып, ұлан-ғайыр маңдайын бір сипап өтті. “Көргенім бар... Төрттемін ғой деймін. Бөрліде отыратынбыз. Анам мені алып, Жидебайға барды. Сыйласатын шаңырақтардың бір-біріне сыбаға апаратыны бар. Біз де сөйттік. Бөтен ауылды жатырқадым білем, үйге қайтқым келді. Анама қайта-қайта қыңқылдай бердім. Төр жағымыздағы құндыз сақалы омырауына төгілген, көзі нұрлы, тақиялы кісі маған бұрылып: “Ауылыңа барасың ғой, балам, анаңның мазасын ала берме!” – дегені. Дауысы жұмсақ. Шырайы жылы. Бірақ, мен анамның бауырына бұрынғыдан бетер тығыла түстім. Кейін сол есіме оралғанда, өзімнен өзім ұялып, қатты өкініп жүрдім. Сөйтсем, әлгі кісі Абай екен”, – деп, ұстазымыздың дауысы жұмсарып, сабағымыз мамыражай қалыпқа түсті.
Мұхаңның мінезін жақсы білетін адамдар әдетте сондай кезді күтеді екен. Біздің де құлағымызға құдай сыбырлады ма, сабағынан сондай көңілденіп шыққан бір күні үн-түнсіз соңына ердік. Кафедраға келгенде, лаборант келіншек алдынан шығып, есік ашты. Мұхаң шүйіркелесе кетті. “Қалай, құрбыларыңыз қуанатындай тарту таба алдыңыздар ма?”. “Таптық Мұха… Бір қорап күміс қасық сатып алдық.” “Міне, дұрыс, жақсы тарту.” Төрдегі орындыққа отыра беріп, Мұхаңның көзі маған түсті: “Немене, інішек, менде шаруаң бар ма еді?” Бір кітап базарында байқағанбыз. Мұхаң студенттерге автограф бергенде “ініме”, “қарындасыма” деп жазады екен де, ал жасы одан әлдеқайда кіші Әбділдә ақын “балама”, “қызыма” деп жазуды ұнатады екен. Сол есіме түсіп, іштей бір жымиып, бұйымтайымды айттым. Университеттің әдеби бірлестігі “Поэзия күнін” өткізбек еді. Осы заманғы лирикаға арнамақпыз. Әуелі пікір алысып, танымал және талапкер жас ақындарға өлең оқытпақпыз. Соған классик ағамыздың қатысқанын жақсы көреміз.
Жазушы асықпай, егжей-тегжейлі әбден сұрап алды. “Мен Сырбай мен Жұбаннан кейінгі жастарды оқи қойған жоқпын ғой”, – деді. Сосын: “Қолыңдағы қағазың не?” – деп сұрады. Мен: “Сізге қоймақ сұрақтарымыз бар еді. “Поэзия күніне” университет газетінің арнайы санын шығармақпыз. Соған сіздің жауаптарыңызды жарияламақпыз”, – дедім. “Кәні?” “Қолмен жазып ек, сіз келіссеңіз, мәшіңкеге бастырып береміз”. “Анық жазылыпты ғой. Ұзақ жауапқа уақытым жоқ. Қысқашасын кәзір-ақ әр сауалдың тұсына түртіп берейін”. Қойын қалтасынан добалдай қымбат қалам суырды. Құмырсқаның ізіндей құжынаған ұсақ әріптерді тізбектей жөнелді. “Мә, енді мәшінкеге бастыруға болады”. Қуанғаннан тілім байланып қалды. “Үйім жақын. Осы арадан алыс емес. Шығарып сал. Жас ақындар жәйлі жолда айтарсың”, – деді. Бұрынғы Абай, қазіргі Төлебаев көшесімен жүріп келеміз. “Өлеңдерін ұнататын жас ақындарың көп пе?” Мен білетіндерімді айта бастадым. Үйіне жете бергенде: “Бұлардың кітабын тауып беруге қанша уақыт керек?” – деп сұрады. “Екі-үш күн жетеді”. “Мерекелеріңіз қашан өтпек?” “Мүмкіндігі болса, жаңа жыл мейрамына дейін өткізсек деп едік”. Мұхаң аз ойланып тұрды да: “Декабрьдің жиырмасына дейін қолым тимейді. Әрі қарай тиіп қалар. Тапқан кітаптарыңды көп ұзатпай үйге әкеліп таста. Әлі бір жарым ай уақыт бар екен. Танысып көрейін”, – деді.
Қуанғаннан аяғым жерге тимей, ұшып кете жаздадым. Ертесіне бір бума кітапты қолтықтап, Мұхаңның үйінің қоңырауын бастым. Ар жағынан ақ жаулықты ақсұр апай көрінді. Жөнімді айттым. Ішке кіргізді. Көрген бойда, суреттерін газеттерден көріп жүретін үстінде бүркіттің мүсіні бар таныс үстел мен таныс кабинет көзіме оттай басылды. Аяғымды шешіп, қолтығымдағы кітапты апарып қойдым. Соған жалғас екінші буылтықта шағын диванның үстінде қалақ бас қазақы домбыра тұр екен. “Әттең, Мұхаңның өзі болғанда ғой, тағы да бір-екі ауыз тіл қатысып қалатын едім-ау!”, – деп қинала-қинала кері қайттым.
Содан жыр мейрамын өткізудің соңына мықтап түстік. Бірлестікке әріптестерім мені бастық сайлаған. Оқытушылардан Зейнолла Қабдолов жетекшілік ететін. Хабарымды айтып ем, ағайымның көзі атыздай болды. “Тек, не дейді?! Кәдімгі Мұхаңа ма? Өзің барып айттың ба? Көнді ме? Декабрьдің жиырмасы деді ме?” Зекеңнің аузынан ылғи сұраулы сөйлемдер шыққанымен, жүрегі жарыла қуанып отырғаны көрініп тұрды. Ректор Дарханбаев ағайға өзі кіріп шықты. “Ыбырайым Сейіловке менің көзімше телефон соқты. Ол қағаздарын әкелсін деді. Барып шық”, — деді Зекең. Проректор Сейілов ағай, обалы не керек, көп кідіртпей қабылдап, қағазыма біраз шұқшиып отырды. Сосын трубканы алып, бір-екі кісіге қоңырау шалды: “Темір Байбосынович тапсырма берді. Мұхтар Омарханұлы жастармен кездеспек. Ұйымдастыратын жігіттер қазір барады. Көмектесіңдер”.
Одан әрі қарай бөгесін көбейді. “Бұл – күні кешеге дейін Жоғарғы Кеңестің сессиясы өтіп келген зал ғой. Бала-бажыр қылып жібермейсіңдер ме?” “Мұхтар Әуезовтің өзі қатысады. Басқа үлкен ақын-жазушылар да келеді. Бала-бажыр болмайды.” “Бір айналып соқ!” Оншақты күннен кейін рұқсат етілді. Тағы бір басшыға барып ек, шақыру билетінің эскизін шырқ айналдыра қарап: “Көксерек… Көксерек… Көк жұлын бөрі сияқты екен-ау өзі?! Суретін тықпалап қайтесіңдер?! “Шақыру” десеңдер де жарайды ғой” – деді. Ол кезде тоталитаризмнің тоңы жібіп жарымаған. Қоғам Әуезовті түгел мойындай бастағанымен, жақсы көріп үлгермегендігі әлгі сөздерден-ақ сезіліп тұрды.
Сонымен, күткен күніміз де келді. Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Мағауин үшеуіміз бір-екі жолдасымызды ертіп, құлқын сәріден университетке келдік. Біз асыққанымызбен, акт залы тарс жабық. Кафедра, деканат кілтте. Бір қызығы, Мұхаң біздің ізімізді ала бере, елден бұрын келді. Ол кісіні кіре берістегі киім ілгішке шешіндіруді ұят көріп, киімін қоятын кеңсе таба алмадық. Ұялғаннан бір бос аудиторияға апардық. Сол арада Қадыр мен Мұқтарға: “Қонақтың көңілін аулай тұрыңдар” – деп киім қоятын бөлме іздеп кеттім. “Ойбай, Мұхаңнан кейін барған ұят болады”, – деп асыққан ақын-жазушы ағаларымыз біздермен емен-жарқын әңгімелесіп отырған ұлы жазушының үстінен шықты. Жиын дер кезінде басталды. Маған сол кездегі жас поэзия туралы баяндама жасауға тура келді. Ол кезде көп талас тудырып жүрген “Өлеңге ой керек пе, сезім керек пе?” дейтін қысыр дауды тілге тиек етіп, кеңес поэзиясының идеологиялық риторика мен дидактикадан кетіп, шынайы лиризм мен гуманистік мейірбандыққа көшуі керектігі жайында ой толғадық.
Мұхаңды көрсе тақымдаса кетіп, ауыл үйдің өсек-аяңын көйіте жөнелетін әдебиет ақсақалдарының біреуі мәжіліс төрінде отырған қонағымыз құлағына қайта-қайта аузын апарып, сауысқандай сұңқылдап қоя бергені. Ұлы жазушы: “Жә, жастарды тыңдайық!” – деп тыйып тастады.
Жас ақындардың сөйлеген сөздеріне де, оқыған өлеңдеріне де ынты-шынтымен құлақ тосты. Өзі де бүгінгі әдебиет пен бүгінгі суреткер қандай болмағы туралы шешіліп сөз сөйледі. Кемеңгер ұстаз әлем әдебиетіндегі, кеңес әдебиетіндегі кемел суреткерлермен бірге енді танылып келе жатқан жас қаламгерлер туралы да ауыз толтырып айтты. Қазір тарландарымызға айналған талай таланттың аттары алғаш рет дуалы ауызға сонда ілікті. Тіпті сол кезде: “Бұл композитор ма, әлде әншейін көп әләуләйімнің бірі ме?” – деп, Шәмші Қалдаяқов жайында күңкілдесіп жүрген қысыр дауға ақтық нүкте қойылды. Ойды-қырды түгел шолатын ғұлама жастар шығармашылығындағы жақсы нышанның бәріне жүрегі жарыла қуана тұра, қалған дүниеде не болып, не қойып жатқанына елең етпейтін, “су ішінде кеме жоқ, менен басқа неме жоқ” деп, өз деміне өзі пісетін “толыспаған Толстойлар мен шала Шекспирлер” туралы да сөз қозғады. Бұл енді-енді көз ашқан жастардың емес, былтыр да тайлақ, биыл да тайлақ болып, есеймей қоятын еріншек егделердің аттарына айтылған сын еді. Маңдайымызды аштырмайтын мақтанқұмарлық пен көсеге көгертпейтін кеудемсоқтық жайындағы реніш еді. Сондағы Мұхаңның сөзінің стенограммасын “Лениншіл жас” біздің қолымыздан алып, “Жыл құсындай жаңалық сеземіз” деген атпен жариялап еді. Мұхаңның біздің сұрақтарымызға берген жауаптарын да басып еді. Бұл – біздің топырақтағы алғашқы әдеби анкета еді. Жаһан мойындаған жарықтықтың жаңа ұрпаққа жолығып, жадырап қуанғаны еді.
“Жә, жастарды тыңдайық!” – деп еді сонда Мұхтар Әуезов. Өмірінің соңғы жылдары мен соңғы айларында өзі де тапжылтпай ұстанып, өзгелерді де осыған үгіттеген еді. Ол кезде жылма-жыл әдеби қорытынды шығарылатын. Қаскелеңде педагогикалық тәжірибеде жүрген жерімізден әлгі жиналысқа біз де жеткенбіз. Жазушылар одағының аядай мәжіліс залы. Ине шаншар жер жоқ. Төрде – Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден. Алыптар тобы. Түгел самсап отыр. Залда – қазір тарихқа айналып кеткен тарландар: Ғали, Мұхаметжан, Әбділдә, Әлжаппар, Қалижан, Шахмет, Хамит, Әбу. Есіктен сығалайтын еркетайлар – суатқа келген кердері нардай кердең де кербез Әбдіжәміл. Бірінен бірі өткен сәнқой да сылқым Тахауи, Сафуан, Тәкен, Зейнолла, Қуандық, Бердібек, Серік, Айқын, Баламер, Қалжан. Бірінің иығына бірі асылып, бірінің құлағына бірі сыбырлап, сықылықтап күліседі. Ауызын ашса болды, шек-сілеңді қатырып, қылыштай қиып түсетін қыршаңқы Қалтай мен сайқымазақ Садықбек. Табалдырықтан аттай бере, жұрттың бетіне үңіліп, қалтасынан блокнот суырып, қарындаш алып, танауларын таңқитып, құлақтарын қалқитып, еріндерін салпитып, суреттерін салып, қолдарына ұстататын Қалмұқан Исабаев. Ең түкпірде – бұтаққа қонған сарауыз балапандардай самсап отырған – алпысыншы жылдардан әдебиетті төңіректей бастаған біздің буын. Баяндамашылар да ығай мен сығай. Мәселен, прозадан – Темірғали Нұртазин, поэзиядан – Бейсенбай Кенжебаев. Оларға тап-тап беріп, таласа кететін Қажым Жұмалиев пен Есмағамбет Ысмайылов. Құлақтарын тігіп, тікірейіп отыр. Мақталып жатқандар есте қалмапты. Датталып жатқандар әлі есімізде – Ғафу Қайырбековтің “Таулар сөйлейді” поэмасы, Зейін Шашкиннің “Темірқазық” хикаяты, Тахауи Ахтановтың “Махаббат мұңы”.
Не түлен түртіп жүргенін білмеймін, студент басыммен сөз сұрап, төралқаға қағаз жөнелттім. Кенет атым аталды. Алдында ғана “Литературная газетада” Мұхаңның “Осы заманғы роман және оның кейіпкері” деген көлемді мақаласы басылған. Соған арқа сүйеп, қазақтың ғылыми-шаруашылық және шығармашыл интеллигенциясының өмірінен жазылған әлгі үш туындыға араша түстім. Үшеуіне де: “Адам мен адам арасы – мәңгі шығар сапарың, адам мен адам арасы – мәңгі зерттер ғылымың” , – деп Ғафу ақын айтқандай, жауыр болған тап пен тап арасындағы тартыс емес, адам мен адам арасындағы шырғалаңдар өзек болғанын жақсы бетбұрыс, жаңа леп ретінде бағаладым. Әлемдік әдебиеттің әзелден бергі өзегі – эгоизм мен әділет арасындағы қайшылық екенін айта келіп: “Күншілдіктің шабалаңдаған күшігінің әупілі алыстан шықса – құлағыңды, жақыннан шықса – балағыңды тістейді, бірақ бәрібір жүрегіңді жаралайды”, – деп қалыппын. Біреу-міреудің шамына тиіп кеттім бе деп сескеніп едім, алайда, қауым жақсы қабылдады. Қауқылдаса құттықтап жатқандар да аз емес. Обалдары не керек, баяндама жасаған екі ұстазым да өздері кеп, арқамнан қақты. Төбем көкке бір елі жетпей қалды. Ертеңіне таңертең естігенім бәрінен де асып түсті. Ол күні космосқа Гагарин ұшты. Біз Ашғабаттағы студенттердің ғылыми конференциясына жүргелі жаттық. Қасымдағы курстас досым пойыздың алдында ұстаз тұтатын бір ағасына кіріп шығатын болды. Мені де “жүр де жүр” деп ерте кетті. Ол – үлкен ғалым еді. Тілінің де, құлағының да мүкісі бар-ды. Мені көре сала: “Мына бала кім?”- деп шаңқ ете түсті. Досым құлағына айқайлап, аты-жөнімді айтты. Ақсақал арсалаңдап, мойыныма асылды. Құлағымның тұсынан: “Әй, Кекілбаев, саған қара шал қатты риза болыпты. Түнде бір жерде дастархандас болып ек. Сенің кешегі жиналыста күшік жайлы айтқаныңды қайта-қайта еске алып отырды”, – деп сампылдады. Мұндай жаңалыққа, әрине, қуанасың. Бірақ, құлағы сырқат кісі ғой, дұрыс естімеген, не дұрыс ұқпаған шығар деп күмәндандым. Бірақ, Ашғабаттан қайтып келген соң құлақтары мен тілдерінде мүкіс жоқ басқа бір үлкендер әлгі кісінің айтқанын растады.
Оған, әрине, төбем көкке жетті. Алайда, Мұхаңмен содан кейін кездесуді құдай біздің маңдайымызға жазбапты. Қаскелеңдегі тәжірибеміз бітіп, математик достарыма барып, жатақханада қонып қалып едім. Әлдебір қырылдаған дауыстан ерте оянып кеттім. Сөйтсем, радио торабы енді іске кіріскелі жатыр екен. Бір уақытта Әнуарбек Байжанбаевтың сай-сүйегіңді сырқыратып сарнап қоя бергені. Мұхтар Әуезов Мәскеуде Кунцево ауруханасында дүние салыпты. Бөлмедегілер атып-атып тұрысты. Жарқыраған жазғы таң. Маужыраған жасыл желек. Еркелей ескен таңғы самал. Сыртта — жұмақ. Іште – тамұқ. У ішіп қойған шыбындай әлдеқайда ілбіп келеміз. Төлебаев көшесі ығы-жығы. Марқұмның денесі сол күні әкелінетін көрінеді. Ертеңіне опера театрының маңы құж-құж қайнаған адамнан көрінбей қалды. Түске таман табыт театрдан шығып, зеңбіректің төсегіне жайғасты. Бүкіл Алматы көз алдары күлтілдей ісіп, Райымбек әулиенің қасындағы қалалық зиратқа қарай аяңдады. Топ алдында еңгезердей болып, бозғылт көйлек киіп, бешпетін қарына ілген Қонаев кетіп бара жатты. Басқалардың сөздері есте қалмапты. Ғабиттің сөзі әлі құлағымызда. “Ат тұяғын тай басар деген өнерге жүрмейді”, – деді тарлан талант. “Өмір күнде мереке емес, ренжіткен жеріміз болса, кешір”, – деді дегдар замандас. Иә, Әуезов пен әдеби қауымның арасы алпыс жасында қазақ жазушылары жаппай қол қойып тарту еткен тал жібек орамалдай емес еді. Бірақ, сол күні де, содан кейін де Мұхтар Әуезовтің аруағының алдында Мүсіреповтен басқа ешкім әлгіндей сөз айтқан емес. Ғабит басқалардан айыбы көп болғандықтан емес, ақылы көбірек болғандықтан кешірім сұраған шығар. Әйтпесе, алдында бірнеше жыл бұрын әмбе әдеби қауым Әуезовтен баз кешіп жатқанда, құлаққа тұшымды, көңілге қонымды жылы сөз айтқан жалғыз сол еді.
Талайдан түрткі көрген Әуезовтің тілім-тілім жүрегіне “жыл құсы келгендей жылы леп сезіндірген” біздің буын әдебиет табалдырығынан аттамай жатып, қалғандар сияқты құлақтарын қайшылап, сезіктене қарамай, ағынан жарылып, сырын ақтарып, ақ пейілден бата берген рухани әкелерін әп дегеннен төбелеріне көтеріп ауыздарынан тастамады. Соған шамданған бір қаламгер өңшең жастар бас қосқан бір жиында: “Ауыздарыңды ашсаңдар, соны айтып қақылдайсыңдар. Қажет болса одан пұт жасап алып, күні-түні табыныңдар да отырыңдар!” – деп есікті тарс жауып кетіп қалғаны бар. Тірі кезіндегі анда-санда бір соғатын азғантай жеңісіне талағы тарс айрылғандар көзі жоғалғанда енді ешқайда көшпестей болып, біржолата қонақтап алған баянды даңқына қайдан шыдай алсын?! Бірақ, ол шамданып жүрген де туған әдебиетімізге қызметі көп сіңген тарланымыз еді. Үлкен талант еді. Талантсыздың таланттыға қыстыққанына таңғалудың өзі артық. Ол күндемегенде не бітіре алады?! Ал таланттылардың таланттыларға тарылғаны қазақ сөзін қара жұртқа отырғызып кете жаздап жүрген тақсырет. Оған дес бермеудің жалғыз жолы – талантты тап басып танып, ұлыны уақытылы ұлықтай білу.
Олай еткеннен бел омыртқамыздың бүгіліп, мойын омыртқамыздың үзіліп кететін ештеңесі жоқ. Өйткені, ондайлар баршамызды мезі қылатындай көп емес. Тіпті жоқтың қасы. Сондай даусыз екеудің бірі – Әуезов те, екіншісі – ол табынып өткен Абай. Төрт жасында осыны жете ұғына алмағанын Мұхтар Әуезов өмір бақи ұяла еске алатын. Сол кінәсін жуу үшін бүкіл өмірін Абайды тануға арнағандай. Абайды танимын деп жүріп, бүкіл халықтың сырына қанықты. Абай жолы – халық жолы дейтіні де сондықтан. Өйткені, ол бір адам туралы жеріне жеткізе жазамын деп жүріп, бүкіл бір ұлттың қыр-сырын түгел ашатын теңдесі жоқ шығарма тудырды. Шын мәнінде, қазақ әдебиетінде осындай алапат мақсат жолында жасалған алғашқы тәуекел бірден діттеген жерден шықты. Бұл қай әдебиеттің тарихында да жиі кездесе бермейтін аса сирек сәттілік. Тек ұлыларға ғана бұйыратын бақыт.
Бұған көз жеткізу үшін тек төл әдебиетпен шектелмей, күллі әлемдік тәжірибеге зер салуға тура келеді. Сонымен қазақ әдебиетіне нағыз прозаны орнықтырған, нағыз романды әкелген Мұхтар Әуезов екендігін ешкім бекер дей алмас. Шынайы драманы да алғаш сол әкелді. Рас, оған дейін де қазақ әдебиеті болды. Оның шідер үзген шексіз талантты өкілдері де аз емес-ті. Олардың өлмес мұралары да мол-тын. Алайда, ешқайсы да Әуезовтің істегенін істей алған жоқ. Оларды істеу үшін Әуезов болып туу және Әуезовше өмір сүру керек еді.
Адам баласы жер бетінде талайдан бар. Олар әу бастан жеке-жеке жүріп өмір сүре алған жоқ. Алайда, олардың әлеуметтесуі бар-бар уақытта дәл қазіргідей емес еді. Соған байланысты дүние танымы да басқаша болды. Соның бәрі санаға әсер етті. Саналық әрекеттің бір түрі болып табылатын көркем шығармашылықтан да өз көрінісін тапты. Адамдар әу баста өздерін табиғаттан бөле-жара қарамаған. Қай істе де табиғатты қайталауға, табиғатша қимылдап, табиғатша әрекеттенуге тырысты. Бірақ табиғаттағыны түгел қайталап шығу еш мүмкін емес еді. Соны сезіну сананы ұлғайтпаса, азайтқан жоқ. Бұл көркемдік танымға да ықпал етті. Алғашқы адамның қиялына жай пенде ілікпеді. Оның көңіліне ұнайтын әрекет иелерінің бәрі ол үшін құдай болып көрінді. Оған кедергі келтіріп, қарсы шығатындар дию, жын, пері, албасты болып елестеді. Бұл – мифтік танымнан өрбіген мифтік хикаяттар еді. Олар да өзгерістерге ұшырады. Бұрынғы періштелер әуелі құдыреттерге, сосын қолынан келмейтіні жоқ демиургтерге, одан әрі мәдени қаһармандарға, тіпті кейін жеңбейтіні жоқ ержүрек батырларға айналды. Ұнамсыздары ішмерез ібілістерден ұсақ жын-перілерге, бертін келе жай жылпостар мен сұмпайыларға ауысты. Әзелгі бабаларымыз – мәдени қаһармандар мен жын-перілер туралы мифтер мен аңыздар әуелі мифологиялық ертегілерге, одан классикалық ертегілерге, одан ежелгі эпостарға, сосын классикалық эпостарға көшті.
Бұл кезде адам санасының тарихи төркіні айқындала түсті. Нақты тарих пен нақты оқиға эпос өзегін құрайтынды шығарды. Мәселен, Таяу Шығыс эпосының кейіпкері Гильгамештің аты жыл санауымызға дейінгі ХVІІ ғасырдағы бірінші Уруг әулетінің генеологиялық тізімінде ұшырасады. Эллиндер “Одиссеяны” ойдан шығарылған, ал “Илиаданы” болған оқиға санаған. Археология Гомердің Троясын жыл санауымыздан бұрынғы 1250 жылы опат болған VІІ А Троя деп жориды. “Рамаяна” Ғайсадан бұрынғы І мың жылдықта арийлердің Оңтүстік Үндістанды жаулап алуын суреттейді деп есептеледі. “Роланд туралы жырда” 778 жылғы 15 тамыздағы Пиренейдің Ронсовал шатқалында болған шайқас суреттелген деседі. Армянның “Сасуннан шыққан Дәуіт” атты атақты эпосына, тарихшы Фома Арцрунидің айтуынша, 851 жылғы Хута-Сасундағы Овнан бастаған көтеріліс желі болыпты. Орыстың “Добрыня и Маринка” дейтін “былинасында” орыстың қилы заманындағы поляк басқыншылығының басты тұлғаларының бірі болған Марина Мнишек ханшайым сөз болады екен. “Алеша и Тугарин” “былинасында” қыпшақ шежіресіндегі Тоғар хан мен сол тұстағы Батуға Мамай сынды белгілі тарихи тұлғалар айтылады екен. Қалмақтың “Жәңгіріндегі” басты кейіпкерлерінің бірі Қонгар-Хошут тайпасының VІ ғасырдағы басшысы секілді. М.Әуезов пен А.Н.Бернштам “Манас” жырын қырғыздардың 840 жылғы Бесбалыққа жорығымен байланыстырса, ХVІ ғасырда жарық көрген парсылардың тарихи жинағында Манас Тоқтамыс ханның бас батырларының бірі деп көрсетілген. В.Н.Жирмунский Қоңырбай (“Хонгор”), Алауке, Есен ханды батыс ойраттарының тарихи көсемдері деп біледі. Ноғай, татар, қазақ, башқұрдың “Едіге” дастаны нақты тарихи қайраткерді жырласа, қазақтың “Қобыланды” батыры, ноғайдың Қапыланды батыры 1455-1456 жылдары қазақтың Ақжол (Дайырқожа), 1520 жылы қалмақтың Алшағыр биін өлтірген, Әбілхайыр Шәйбанидың бас сардарларының бірі болған қыпшақ батыры делінеді. Тек осы мысалдардың өздері-ақ мифтің де, эпостың да, нақты тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға енжар қарамағандығын, бірақ оларды бейнелеуде тарихи шындықтан гөрі мифтік және эпостық поэтика заңдылықтарына көбірек бағынғандығын көрсетеді. Алайда, эпикалық баяндау біртіндеп тарихи шындыққа жақындай түскені тағы аян. Оған қаһармандық эпостың кейіпкері поэзиядан прозаға көшіп, батырлық героикалық хикаяттарына ауысқаны дәлел бола алады. Бұның ең даусыз көрінісі ХІІ-ХІV ғасырларда исланд сагалары қағаз бетіне түсті.
Ол сол кездегі теңізші тайпалардың өзара тартыстарын баяндады. Генеологиялық шежірелер мен деректерге көп жүгінді. Болған оқиғаны боямасыз жеткізуге тырысты. Гиперболалар мен асыра дәріпшілдік азая түсті. Өйткені, суреттеудің айтылмыш тәсілдері жұрттың жаппай сауатсыз кезінде болған оқиғаларға тезірек назар аударып, ұзақ уақыт естерінде сақтауына керек болды. Бұл үшін қарасөзден гөрі өлең ыңғайлы көрінді. Өйткені, ұйқастырылып айтылып, әсірелеп суреттелген мәтін адам жадына оңай қонып, көпке дейін ұмытылмайтын. Ал қоғамдық сананың есеюі, әсіресе, жазудың пайда болуы тарихи оқиғалардың келесі ұрпақтарға да қаз-қалпында жетуіне қолайлы мүмкіндік туғызды. Енді шындықты боямасыз дәл жеткізу мұратқа айналды. Ол әдеби шығармалардан өмір көріністерін бұрмаламай, мейлінше нақты, мейлінше дәл баяндау мен кейіптеуді талап етті. Бұл үрдіс, әсіресе, оған дейін эпосты салт етпеген қытай мен жапон әдебиеттерінде аса жедел дамыды. Оның үстіне, бұл елдерде жазу ертеден бар еді. Болып жатқан оқиғаларды дер кезінде қағаз бетіне түсіріп қоятын. Ондай жазбаларда тайпалардың өзара дау-дамайы мен ішкі тартыстары көбірек зерделенетін. Бұл көтермелей, көпсіте сөйлейтін өлең сөзден гөрі жіліктей-жіктей қазымырлана баяндайтын қара сөзге көбірек қол еді. Өйткені, өзара дау-дамай өзге жұрттармен, басқыншы дұшпандармен шайқасқандай абырой әперер ерлік саналмайтын. Артық әспеттеуді қажет етпейтін. Мәселен, қытайлардың У, Вэй, Шу атты ежелгі патшалықтарының арасындағы қырқылжыңдарды бейнелейтін “Үш патшалық”, жапондардың императорлыққа таласқан Миномото және Тайра әулеттерінің өзара қырқыстарын баяндайтын “Тайра әулеті жайындағы хикаясы” (“Хэйка моноготари”) – әлгі сыйпаттағы туындылар еді. Түптеп келгенде, бұл ескілікті ежіктей баяндайтын алғашқы романдар еді.
Тарихи шындықты өмірлік нақтылықтан алыстатпай, нанымды және әсерлі жеткізу жайындағы жаңа ізденістер атымен соны роман деп аталатын жанрды дүниеге әкелді. Ол бүкіл баяндауды жеке адамның тағдырына, оның мінез-құлқының қалыптасып, өзі жүрген әлеуметтік ортада кеңінен мәшһүрленуі төңірегіне шоғырландыратын. Мұндай туындылар үйреншікті латын тілінен гөрі, жазуға енді баулына бастаған роман тілінде жарияланып жатқан жазбаларда көбірек көрінді. Сондықтан да, ондай эпикалық үрдіс роман деп аталды. Алайда, бұған қарап, роман жанрын әуелде роман тілділер ойлап тапқан екен деген қорытынды шықпаса керек. Оған жоғарыдағы қытайлар мен жапондар әдебиеттерінен алынған мысалдар жеткілікті дәлел бола алады. Олар роман тіліндегі қара сөзбен жазылған шығармалардан көп бұрын жарық көрген-ді. Ғылымда антикалық деп аталатын қайым заманғы еуропалық әдебиетте де жазбаша роман жеткілікті еді. Кейбір мамандар “Илиададан” “Одиссеяға”, сондай-ақ “Махабхаратадан” “Рамаянаға” көшу роман жанрының қалыптасуына қарай жасалған ең алғашқы адымдар еді деп есептейді. Өйткені, “Одиссея” мен “Рамаяна” “Илиада” мен “Махабхаратадай” емес, хан базардағы шұбырысқан көп адамдардай иін тіресіп жүрген көп кейіпкерлердің емес, суырылып көзге түскен дара-дара кейіпкерлердің бастан кешкендерін баяндады.
Бұл оқиға желісін хроникаға, бейнелілікті ақпа-төкпе қиялға емес, қарапайым шындыққа, кейіпкер тілін асқан-тасқан риторикадан гөрі адамдардың әдеттегі сөйлеу тіліне қарай жуықтатты. Осы бағыт анық сезілетін Боккаччоның “Декамероны”, Лонгтың “Дафинис пен Хлаясы”, Петронийдің “Сатириконы”, Апулейдің “Алтын есегі” (“Метаморфозасы”) антикалық романның енді орын босатпайтындай болып, ошарыла орнығуына айта қаларлық әсер етті. Оларда жеке адам шешуші тұлғаға, қарапайым тұрмыстық кептер көзсіз ерлік хикаяларындай тартымды оқиға желісіне айналды. Антикалық романның осы сипаттары ортағасырлық романдарда айрықша талап етілетін ең басты шарттар болып табылды. Бұл ретте, ең алдымен, рыцарлық роман етек жайды. Оған да антикалық романдағыдай ерлік тақырыбы, қаһармандық сюжет өзек болды. Бірақ, ол бұрынғыдай асырмалап әспеттеу, көтермелеп кейіптеу жолымен емес, адам бойына шақ, көңілге қонымды, шындыққа үйлесімді сипаттамалар арқылы жүзеге асты. Кейіпкердің ішкі жан-дүниесіне, қуаныш-ренішіне, күйініш-күзелістеріне көбірек мән берілді.
Мұндай ортағасырлық роман кейбір әдебиеттерде авантюралық, рыцарлық романдар кейпінде, екінші бір әдебиеттерде, мәселен, француздарда, ғашықтық оқиғаларын көбірек қаузайтын куртузиандық романдар кейпінде өрістеді. Бұл туындыларда әуелі мифтік қасиеттерден гөрі фольклорлық қасиеттер үстемірек түсті. Кейін одан да арылып, біржолата реалистік сипатқа көшті. Бұл ағым тек батыста ғана емес, шығыста да өркен жайды. Арабтардың “Сират Антарында” бір тайпаның өмірінен алынған архаикалық сюжет космополиттік авантюралық рыцарлық сарында мазмұндалды. Орта ғасырлық түрік, парсы сөз өнерінде байырғы дастандық сюжет кейінгі романдарға тән ежіктемелі зерделеу мен нақтыламалы кейіптеу арнасында өрбиді. Иран мен Әзірбайжанның өлеңмен жазылған хикаялары прозалық шығармадағыдай бастан-аяқ бір адамның басындағы хал-ахуалды тәптіштей сөз етеді. Низами жырлаған “Ләйлі-Мәжнүн” мен “Хұсрау-Шырынды-ақ” алыңызшы.
Оқиғалық желінің романданып, бір адамның ғана басына құрылуы, көркемдік мәтіннің әсіре боямадан қашып, қарабайыр тіршілікке орайласып прозалануы жанрлық-стилдік әралуандықты күшейтті. Ол әр қилы эстетикалық реформа арқылы жүзеге асты. Эпосқа тән көп кейіпкерлілік пен көп тақырыптылық әлсіреп, бір адамның басында болған бір ғана оқиғаны қаузайтын новеллистика кең етек жайды. Ол таңғалмасыңа қоймайтын таңсық оқиғаларды ғана сөз етті. Кейін ол сипат та сапалық өзгеріске ұшырады. Аса сирек кездесетін тосын оқиғалар ғана емес, тіршіліктің аяқ аттаған сайын көзге ұрып отыратын үйреншікті коллизиялары да шығарма желісін түзе алды. Бұрынғы әдебиет көп менсіне қоймаған қарабайыр гәптер мен қарапайым адамдар қаламға жиі ілігетін болды. Елден алабөтен ерліктер мен күйдіріп-жандырған ғашықтық қана емес, эротика мен қылмыс, айла-шарғы мен әншейін бақай есеп те тартысты ширықтыра түсетін драматургиялық тұздықтарға айналды. Еуропалық новеллистиканы былай қойғанда, үндінің “Пачатантрасы”, арабтың “Мың бір түні”, парсының “Камар аз-заманы” мен “Тоты-намасы” түріктің “Бұ адамы”, тұранның “Қожа Нәсірі” мен “Алдаркөсесі” бұған жеткілікті дәлел бола алады.
Сөйтіп, эпос жіліктеліп, новеллаларға (хикаяттарға) ыдыраса, ол ежіктей зерделеу мен қазымырлана кейіптеудің, көзбен көріп, қолмен ұстағандай иланбасыңа қоймайтындай қылып нақтылай суреттеудің есебінен қайтадан ұлғайып, көлемді романдарға ауысты. Ол дәстүрлі әсірелей, әспеттей суреттеудің орнына әжуалай баяндауға, кекете кескіндеуге, табалай талдауға, сайқымазақ сараптауға бейім тұрды. Ф.Рабленің “Гаргантюа мен Пантагрюэл”, М.Сервантестің “Дон-Кихот” романдары, міне, осылай дүниеге келген-ді. Оспақтай отырып, ойсыратарлықтай трагикомедиялық баяндар туғызу жылпостық романды үрдіске енгізіп, оны бірте-бірте тұрмыстық-әлеуметтік романға ұластырды. Бірақ, бұдан романның шығуы эпиканы дүниедегінің бәрін құбыжықтандырып көрсететін қисық айнаға айналдырып жіберген екен деген қорытынды тумаса керек. Керісінше, ежелгі мифтік және фольклорлық эстетикадан туындаған эпос бірте-бірте әсірелеу мен әспетшілдіктен арылып, қарапайым жан иелерінің басындағы қарабайыр тіршілікті қаз-қалпында бейнелеуге жетілді. Соның нәтижесінде кәдуілгі адам табиғатының әр қилы тағдырларға орай әр қилы сипатта көрінуінен рыцарлық, жылпостық, куртузиандық, тұрмыстық романдар пайда болды. Солай жіліктелген сан сипатты роман психологиялық талдау мен жанрлық синтез арқылы жалпы адамзатқа ортақ сипаттарды бір адам тағдырына жинақтап, жан-жақты ашатын салихалы әлеуметтік-психологиялық романға бет бұрды. Ежелгі эпостың осы заманғы сан қырлы сарапшыл романға айналуының мұндай эволюциясы – тарихи поэтика деп аталады.
№422-424 (25821) 16 ЖЕЛТОҚСАН СӘРСЕНБІ 2009 ЖЫЛ2007-09-28:
Бұл терминді алғаш рет қолданысқа енгізген академик А.Веселовскийдің пайымдауынша, батырлық эпос қаһарманы халық өмірі мен жеке адам тағдырын әу бастан бөліне-жарылмас бір тұтастықта бейнелесе, кейін қалыптасқан роман кейіпкері ондай біртұтастықты өзін-өзі жете танып, өз тағдырының түпкі мағынасына қапысыз қанығу арқылы түйсінетін болды. Сондықтан осы заманғы романдардың өзегін әлгіндей жарастық емес, көбіне көп, керісінше, адамдардың нақты тағдыры мен оның түп табиғаты жасақтайтын етене мүдде-мақсаттарының арасындағы сәйкессіздіктер құрайды. Сөйтіп, роман да эпос, бірақ, жеке адам тағдырының эпосы болып табылады. Бұл, негізінен, адам мен қоғам арасындағы қатынастардың өздеріне тән сипатта табиғи өрістеуінен өрбиді. Соған байланысты роман ашық немесе тұйық деп сипатталады. Тұйық роман көбіне көп бір адамның тағдырына, тіпті, оның басындағы бір оқиғаның төңірегіне құрылса, ашық романдағы қаһарман тағдырының мәні өмір сүріп отырған ортасымен сан қилы қарым-қатынасының жан-жақты сарапталуымен ашылады. Тікелей бір адам тағдырын зерделей отырып, сол тұстағы қоғамның өмірін терең талдады. Мәселен, О.Бальзак әрқилы орталық кейіпкерлердің тағдырларына жеке-жеке роман арнап, олардың әрқайсысын жеке-жеке сұрыптай отырып, бүкіл адамзат қоғамының жиынтық сараптамасын жасайтын “Адамзат комедиясын” туғызды. Ф.Достоевский романдары да осындай бағытта өрбиді. Бірақ, оларды “Адамзат комедиясынан” гөрі “Адамзат трагедиясы” деп атаған дұрысырақ болар еді. Өйткені, Достоевский адамзат басындағы бақытсыздықтарды ашықтан ашық трагедиялық сарында айшықтаса, Бальзак трагикомедиялық, тіпті, тап-таза фарстық тұрғыда шешімдеді. Ал Лев Толстой суреттеу мен кейіптеуді объективтендіру мен субъективтендіруді жарыстыра пайдаланып, Бальзак пен Достоевскийлердің әр романда әр қырынан үңілген алуан сипатты адамзатты кеңқарымды бір романда әрқилы кейіпкердің әр қилы дүние түйсінуі тұрғысынан әр қырынан жіті зерделенген, мейлінше мол ауқымды сараптамасын қапысыз сомдап бере алды.
Ол адамзат болмысын тұтастай қарастырып, жіліктеп жіктейтін эпопеялық роман (“Соғыс және бейбітшілік”) жазуда да, адамзат басындағы ең өзекті мәселелердің әрқайсысын жеке-жеке сарқа толғаған даралама романдар (“Анна Каренина”, “Арылу”) жазуда да, мұхит түбінен інжу, жер қыртысынан алмас іздегендей тұңғиық тереңге бойлайтын сүңгуір сипатты хикаяттар жазуда да әлемдік прозаның ең шырқау биігіне самғап көтеріле алды. Бұл – бүгінгі көркем ойдың зенитіне айналған ең зеңгір координаттар еді.
Әлемдік эпиканың осындай аса күрделі эволюциялық жолынан өту үшін ұлттық әдебиеттердің бәрі-бәрі бірдей қарқындылық, бірдей жемістілік таныта алған жоқ. Жоғарыда көрсетілгендей, ежелден жазу-сызуы бар елдердің өздері бұл жолда алды екі мың жылдан, арты бір мың жылдан асатын аса ұзақ сапар шекті. Шындап келгенде, халықтық эпостың авторлық романға айналуы кітап басу ісімен тығыз байланысты болды. Гутенберг кітап басудың техникалық тәсілдерін ойлап тапқаннан бергі 667 жыл әлем халықтарының эпикалық көркем шығарма тудыруды түбірімен қайта жүйелеген шешуші кезеңі болды. Бұл техникалық жаңалыққа алдымен қол жеткізген әдебиеттердің өздері мұндай эстетикалық тұрғыдағы түбегейлі қайта қарулануда әрқайсысы әр қилы нәтижеге жетті. Өз тұсындағы барша әлеуметтік көңіл-күйді бір кейіпкердің басына тоғыстырып, “ашық” және “экстенсивті” романды алғаш тудырған, “Дон-Кихотты” жазған Мигель Сервантесті берген испандар еді. Ол кезде феодалдық томаға-тұйықтықтың құшағындағы басқаларды былай қойғанда, басыбайлы кіріптарлықты алдымен күйретіп, бұрынғы шаруалар өз ноқтасын өз қолдарына алып, егістіктері мен фермаларын тастап, мануфактураларға қарай жаппай шұбырған ағылшындардың өздері көпке дейін батырлық дастандары мен төбе шашыңды тік тұрғызатын төтен зұлымдықтарға толы трагедиялардың әсерінде жүрді. Алайда кейін адамдардың мінез-құлқы мен әлеуметтік болмысын реалистік тұрғыда типтендіруді бірінші болып қолға алған ағылшын Филдинг пен Т.Смоллет, адам тағдырын тарихи оқиғалармен астастыра суреттеуді бастаған ағылшын Вальтер Скотт болды.
Адамдардың жан дүниесі мен қоғамдық эволюцияны өзектестіре зерделеуде үңгіме психологизм мен қазбалама әлеуметтік талдауды үйлестірудің не тамаша үлгісін француз Стендаль, Г.Флобер, Г.Моппасан, О.Бальзактар көрсетті. VІІ ғасырдан бастап авантюралық романды, ХVІІІ ғасырдан бастап тұйық романды жете меңгерген неміс әдебиеті роман жанрында оза қимылдаған француздар мен ағылшындарға тек ХХ ғасыр басынан, С.Цвейг, Э.Ремарк, Л.Фейхтвангер, Генрих және Томас Манндар шыққан соң ғана барып, азулы бәсекелес бола алды. Прозаны Эллададан елден бұрын үйренген итальяндар тек ХХ ғасырда ғана европалық романда өздеріне лайық орындарға ие бола бастады. Әлемдік прозада ХХ ғасырдың басынан оза шауып бәйге алған үздік құбылыс – солтүстік америкалық, екінші жартысынан бастап – латынамерикалық роман дәуірледі. ХІХ ғасырда осындай теңдесі жоқ қарқындауды орыс прозасы көрсетіп еді. ХVІІІ ғасырда М.Чулков, А.Измаилов, В.Нарожныйлардың шәкірттік жаттығуларынан тұратын олпы-солпы орыс прозасы ХІХ ғасырда Н.Гоголь, И.Тургенов, Ф.Достоевский, Л.Толстой, А.Чехов, И.Буниндерді бірінен соң бірін жарқыратып шығарып, көз жеткізбес биіктік пен қашықтыққа көз ілеспес жылдамдықпен шығандай озды. Бұл – көркем өнердегі, оның ішінде әдебиеттегі шарықтай өсуді ұзақ уақыт емес, бірден биікке сермеп, терең бойлап, кеңінен қамти алатын құдіретті таланттар жүзеге асыратынын даусыз дәлелдеп берді.
Міне, осындай әлемдік тәжірибемен салыстырғанда, қазақ эпикасының эволюциялық даму қарқыны қандай? Бұны стратиграфиялық тұрғыдан жіті зерделемей тұрып: “Мұхтар Әуезов осыншама ұлықтайтындай соншама не бітіріп еді?” – дейтін көпке дейін әдеби ортаны күбірткедей үңгіп келген әзәзіл сауалға тыңғылықты жауап бере алмаймыз. Төл әдебиетіміз өз топырағында өзге де түрік-моңғол әдебиеттеріндей мифтік, фольклорлық тамырлардан бастау алып, ауызша шығарылып, ауызша таратылу жолымен дамып келгендігі белгілі. Сондықтан да, арғыдағы Сыпыра жырау, Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбет, Жиембет, бергідегі Бұқар, Тәттіқара, Шортанбай, Дулат, Сүйінбай, Махамбет, Мұрат, Балқы Базарлардай өрен жүйріктердің көп болғандығына қарамастан, эпикалық дастан, жыр-толғау арнасынан аса алмады. Эволюциялық ілгерілеудің өзі етене дәстүрлер мен байырғы түрлердің ішкі мүмкіндіктері ауқымында жүзеге асты. Ол жағдай Шәді төре, Әбубәкір, Науша, Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Шәңгерей Бөкей, Ғұмар Қараш, Тұрмағамбет, Майлықожа сынды жазба, немесе жартылай жазба әдебиет өкілдерінің болғандығына қарамастан, айта қаларлықтай өзгере қоймады.
Өйткені, ұлттық дамудағы түбегейлі өзгеріс бұған дейін сырт қалып келген әлемдік дамудың озық бағыттарына бел шешіп тәуекел етпей тұрып, ойдағыдай жүзеге аспайтын еді. Тіпті ондай нар тәуекел табылған күннің өзінде, оны жетер жеріне жеткізбей тынбайтын тегеурінді талант керек еді. Ол тумай тұрып қалаған мақсатымызға бәрібір жете алмаушы едік. Қашан Абай туғанша біз де сол күнді бастан кештік. Әлеуметтік озық көзқарастар мен сол жолдағы жекелеген ізденістер үйреншікті фольклорлық үлгілерден көпке дейін алысқа ұзап кете алмады. Қазақ поэзиясы сол кездегі заман мен адамның барша рухани сұраныстарын толықтай өтеп қана тынбай, айта қаларлықтай ілгері бастыра алатын кәсіби жазба поэзияға, заманауи шынайы лирика мен реалистік поэмаға дендеп бара қоймады. Олай болуы үшін тек өз ұлтының ғана емес, өз тұсындағы бүкіл адамзаттың озық ойы мен озық эстетикасының шырқау биігіне бір-ақ самғап көтеріле алған сұңғыла білім, сұрапыл талантқа ие Абайдай алапат тұлға керек еді. Абай біздің көркем сөзімізді адамзат ақыл-ойының шырқау шыңына, көркем ойдың нағыз ғарыштық биігіне бірден көтеріп беріп еді.
Алайда, ұлттық әдебиет оза дамыған жалғыз жанрдың, оның үстіне, ұзақ уақыт ауызша айтуға баулынған ежелгі эпикалық поэзияның, ауқымында нағыз осы заманғы зерделеу құбылысына айнала алмас еді. Ол үшін адамзат көркем ойы мен әлеуметтік санасының ең бір ұтымды әдістерімен қаруландырып, тың жатқан тұңғиық қабаттарына бойлататын жаңа жанрларды, әсіресе, әлемдік әдеби дамуға шешуші ықпал еткен осы заманғы прозаның суреткерлік арсеналын кемел меңгеру керек еді. Абайдай жүрек жұтқан ерлік пен қадалған жерінен қан алмай тынбайтын қазымыр ойшылдық, шідер үзген данышпандық керек еді. Мұхтар Әуезов дәл сондай бүкіл қазақ жұрты ғасырлап толғатқан, кең-байтақ қазақ сахарасы ғасырлап сағына күткен саңлақ тұлға болып шықты. Ал Әуезовке дейінгі қазақ әдебиетіндегі прозаиктік тәжірибе Абайға дейінгі ақындық дәстүрлермен тіпті салыстыруға да келмейтіндей тым әлжуаз еді. Фольклорлық проза үлгілерінен “Алдар Көседен”, авторлық проза үлгісінен Абайдың “Ғақлиясынан” басқа іліп алар ештеңе жоқ еді. Рас, Спандияр Көбеевтің “Қалың малы”, Міржақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамалы”, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлуы”, Ыбырай Алтынсариннің, Ғұмар Қарашевтың, Бейімбет Майлиннің шағын эпикадағы талпыныстары, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтің тырнақалды туындылары бар еді. Бірақ, олардың тақырыптың елеуліліктері мен әлеуметтік пафостарына қарамастан, көркемдік, суреткерлік деңгейі әлі жаттығу деңгейіндегі дүниеліктер еді. Рас, олардан қай жағынан да көш бойы ілгерілеп кеткен Жүсіпбек Аймауытов шығармаларының қазақ прозасының қалыптасуында үлкен тарихи маңызға ие екендіктері даусыз. Алайда, оларды Аймауытовтай мол суреткерлік тегеурінге ие қаламгердің шығармашылық мүмкіндіктерін толығымен аша алған қапысыз туындылар еді дей алмаймыз. Оның үстіне Мұхтар Әуезовтің таңданбасыңа қоймайтындай тамаша стартына бірден бір түрткі болған ықпал көзі жалғыз сол еді деу де ақиқатқа сәйкеспес еді. п
Ол кездегі қазақ прозасының осыншалық балаңдағына қарамастан, Әуезовтің прозадағы алғашқы аяқ алыстарының соншалықты мығым, соншалықты нық болғандығына қайран қалмасқа болмайды. Бар болғаны шет аймақ қаланың бес сыныптық мектебі мен қысқа мерзімді мұғалімдік семинариясын бітірген, бір жыл медресе оқыған дала боздағы мұның бәріне көз майын сарыққан оқудың, ең үздік үлгілерді ерінбей-жалықпай тіміскілеген тыңғылықты штудияның арқасында емес, табиғаттың “кетсе, саған кетсін” деп аямай, асырып-төгілтіп бере салған мейлінше мол талантының арқасында жетіп еді. Тағдыр мен тарихтың тумай жатып көрсетіп баққан құқайлары мен аса қатал сынақтарының салдары еді бұл. Бүкіл ұлттық болмысымыздың қыры мен сырынан ештеңені қағыс қалдырмай, түгел көрсетіп бере алған тағылымға толы өскен ортасының сезімтал көкірекке дер кезінде егіп үлгерген жемістері еді. Өмір бойы тыншу көрмей өткен нәзік жүрегі мен елгезек ақыл-ойының сергелдең ізденістерінің нақты нәтижелері еді.
Ол зерттеу өрісі мен көтерер тақырыптарын, айтар ойының ауқымын алысқа білім іздеп кетпей тұрып-ақ, ауылда жүріп-ақ әбден саралап алғандай. Оның оқуға бармай тұрғандағы аяқ алысы мен қалам тартысын, таңдаған суреткерлік-азаматтық ұстанымын шыған қиырдағы албырт жас талапкерден емес, Париж, Лондон, Петербург сынды әлемдік астаналардан ғана табылатын талғампаз әдеби салондардағы тарлан суреткерлерден ғана дәметуге болатындай. Асқан қырағылық және мүлт кетпес мергендіктен ақ қағазға мөлдіреп түскен қыр шындығының кескіндемелері, онда қаузалған тақырып пен көтерілген мәселелердің әлеуметтік салиқалылығы, күнде-күнде көз қажытқан қамырықты ахуалдардың қалтқысыз нанымдылығы – еуропалық новеллистиканың әлденеше ғасырлап әрең жеткен биіктері еді. “Қорғансыздың күні” мен “Қаралы сұлу”, “Ескілік көлеңкесі” мен “Күйіп жану”, “Жетім” мен “Кім кінәлі” сынды көре-көре көңілді де көнтерілендіріліп жіберген тым қазақуар қырсықтар мен әлеуметтік кеселдерге бұрын-соңды қазаққа тән бола қоймаған атымен соны көзқараспен, шымырлаған сезімталдық пен шыңғырған азаматтық шамырығу тұрғысынан зерделенген зергерлік туындылар еді. Ленинград университетінде оқуда жүріп, жазғы демалыста елден естіп барып жазылған “Қараш-қараш” оқиғасының өзі неге тұрады?! Бір кісінің басындағы бір ғана оқиғаны қамтитын шап-шағын эпикалық кеңістік ұланғайыр қазақ даласының қай пұшпағының да зығырданын қайнатқан қасіреттің төбесінен дөп басады. Әлеуметтік пайымдауларының дәлдігі, психологиялық талдауларының үйірімділігі мен иірімділігі, композициялық бітімнің жұмырлығы жағынан бұл қай бағаңа да татитын қапысыз шеберлердің ғана қолынан шығатын үздік туынды. Дәл осындай таңғалғаннан таңдайыңды талмап жұтып қоярдай тамаша шедеврлер санатына адам түгілі жан-жануардың өзіне жер бастырып жүргізбейтін әлеуметтік қараулық пен қаталдықты жеріне жеткізе әшкерелеген “Көксеректі” жатқызуға болады.
Қысқасы, Мұхтар Әуезов әйгілі Петербург университетіне әдебиетте ұстанар бағытын, жүрер жолын білмегендіктен емес, көкірегін кернеп бара жатқан азаматтық уыт пен суреткерлік талантты кеңінен паш етер шығармашылық өріс іздеп барды. Өзі жаныңдай жақсы көретін қыр тұрмысы мен қыр адамдарының екі аяқтарын бір етікке тығатын, тығырықтан тездетіп шығаратын жол іздеп барды. Жаңалық желеуімен ескіліктен бетер жалмап-жұтып бара жатқан жаппай әлеуметтік есіруден өз жүрегін бебеулеткен етене қауымды қалай арашалап қалудың амалдарын іздеп барды. Сауға сұрап барған жоқ, дару іздеп барды. Әлемдік әдеби дамудың теориясы мен тарихы оның беймаза әлеуметтік өмірден бір сәт те аулақ тұруға болмайды деген өз қағидасын, төл тұжырымын одан әрмен бекіте түседі. Жастайынан “Алашорда” үкіметіне, оның жастар қанатының жұмысына белсене араласады. 1919 жылғы Алашорда мен Кеңес үкіметінің арасында болған келісім бойынша, қазақ зиялылары кеңестік құрылысқа атсалысады. Әуезов те әуелі Семей губревкомында, облревкомында әрқилы қызметтер атқарып, облыстың атқару комитетінің төрағалылығына, Қазақ АССР аткомының төралқа мүшелігіне, саяси хатшылығына сайланады. Алайда, билікке қапысыз қолы жеткен соң кеңес өкіметі қазақ зиялыларынан қашқақтауға көшеді. Оларды алашордашыл, ұлтшыл деп айыптап, саясат сахнасынан аулақтата бастайды. Әуезов те, 1922 жылы Орынбордағы қызметін тастап, Ташкентке оқуға кетуге мәжбүр болады. Енді ол әдеби шығармашылыққа дендеп кіріседі. Жоғарыда аталған көптеген прозалық, “Еңлік-Кебек”, “Қарагөз” сынды драмалық туынды әлгіндей әлеуметтік күрестің әсерінен туады.
Алайда жаңа идеология біржолата бет қаратпайтын саяси монополизмге ұмтылады. Адам бостандығы, сөз бостандығы, пікір жарысы жайына қалады. 1923 жылы Әуезов партиядан шығарылады. Сол жылы Ленинград университетіне оқуға ауысады. 1924-1925 жылдары Семейдің мұғалімдік техникумында оқытушы болады. Бірақ саяси қудалау оны із жасыруға мәжбүрлейді. 1925 жылы Ленинградқа қайтып барады. Оқи жүріп, Қазақстандағы оқулықтар жазу, әдеби мұраларды жинау істеріне араласады. “Қараш-қараш оқиғасы”, “Қилы заман”, “Хан Кене”, “Көксерек” сол жылдары дүниеге келеді. Қызметте жүріп, қоғамдық санаға сіңіре алмаған мақсат-мұраттарын әдебиет арқылы насихаттауға тырысады. Алайда, идеологиялық қысымның темір құрсауы саяси тәжірибе түгілі әдеби қиялды азатшылдық идеясынан аулақтатуды көздеп, қатайған үстіне қатая түседі. Алаш көсемдері тегістей ұсталып, жер аударылады. 1930 жылы 16 қыркүйекте Әуезов те қамалады. Бес түрлі айып тағылып, екі жылға жуық тергеледі. 1932 жылғы сәуір айында үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылады. 1932 жылы 10 маусымда республикалық баспасөзде “Ашық хат” жазып, “Қарагөз”, “Қилы заман”, “Хан Кене”, “Еңлік-Кебек” сынды туындыларынан бас тартады. 1940 жылға дейін оқытушылық, аудармашылық, кітап насихаттау сынды майлық-сулық жұмыстармен күн көреді.
Одан арғы он тоғыз жылын Абай өмірінен төрт томдық роман жазуға арнайды. Оның алғашқы екі кітабы үшін 1949 жылы Кеңестер Одағының Мемлекеттік сыйлығын алады. Үшінші кітабы қайтадан сынға ұшырап, патриархалдық өткенді дәріптеу деп бағаланады. Бұл айып тек бір кітапқа ғана емес, бүкіл әдеби-ғылыми шығармашылығына тағылады. Арнайы идеологиялық құрылымдар Әуезов табыстарына көре алмастықпен қарайтын іштері тар әдеби-ғылыми шығармашыл күштердің қолымен от көсейді. 1953 жылы тағы да қамалу қаупі туады. Мәскеуге кетіп, бас сауғалайды. И.В.Сталин өліп, жеке адамға табынушылықтың мансұқталуы Әуезов басына төнген қатер бұлтын сейілтеді. 1959 жылы оған Лениндік сыйлық берілді.
Сол “Абай жолына” Лениндік сыйлық берілгеннен бермен қарай әлемдік әдеби сын Әуезовті ХХ ғасыр әдебиетінің ең ірі тұлғаларының қатарында бағалай бастады. Луи Арагон, Алфред Курелла, т.б. халықаралық танымалдыққа ие ойшылдар оны жалпы планеталық әдеби үдерістегі үлкен құбылыс ретінде бағалады. Бұл бізді шексіз қуантады. Қаралы күндерде Николай Погодин, Николай Тихонов, Корнелий Зелинский, Евгения Книпович, Зоя Кедрина сынды әдебиет білгірлері оны социалистік реализм әдебиетінің ту ұстарлары санатына қосты. Әуезов – екінші Абай, шығыстың Шолоховы дейтін бағалар айналымға енді. Бұған да апшудың реті жоқ. Мұндай баға екінің біріне, оның ішінде жазбаша даму үрдісіне толықтай көшкеніне елу-алпыс жыл енді өткен тұмса әдебиеттерге бұйыра бермейтін қошемет. Алайда, ниет дұрыс болғанмен, ұлттық әдебиетіміздің даму жолынан жеткілікті хабардар болмағандықтан, Әуезовтің қазақ мәдениеті үшін, оның ішінде әдебиеті үшін теңдесі жоқ тарихи маңызын айқындауда дәл басудан гөрі сырт жобалау, маңайлай долбарлау басымырақ. Біз егер әлгіндегі өмірбаяндық деректі манағыдан бергі сөз етіп келе жатқан әлемдік эпиканың бастан кешкен эстетикалық эволюциясы арнасында қарастырар болсақ, көп нәрсеге көзіміз жете түсер еді.
Әуезов қайтыс боларынан аз-ақ бұрын “Литературная газета” бетінде “Осы заманғы роман және оның басты кейіпкері” атты мақала жазды. Онда іргелі суреткер кеңестік өнер мен эстетиканы ұзақ жыл билеп келген тұрпайы социологияға атын айтпай шабуыл жасады. Әсіресе, тапшылдық пен тартыссыздық, боямашылдық пен партиялылық кеңестік романды біржолата билеп-төстегендіктің салдарынан меңдеп алған көзапара қарабайырлық пен рухани қанатсыздықты қатты сынға алды. Қарапайым еңбек адамы мен құлақкесті майдангерлерді дәріптеген болып, психологиялық талдауы жағынан тайыз, әлеуметтік талдауы жағынан азусыз болып кеткен беллетристикалық арзымсыздықты әжуа етті. Бұл әдеттен арылу үшін осы заманғы прозаның кіндік кейіпкері интеллектуалды қаһарман болу керек деген концепт ұсынды. Алайда, ол кездегі ұлттық әдеби сын да, одақтық әдеби сын да ұлы жазушының бұл пікірін жан-жақты талқылап, одан әрі ой сабақтап, дамытып әкете алмады. Шын мәнінде, бұл арқылы қазақ классигі өз тұсындағы кеңестік беллетристикаға көңілі толмайтынын білдірумен қоса, өз көңілінде жүрген шығармашылық жоспарларды ортаға салды. Ең бастысы, өзі жазған шығармаларды бағамдауға қай тұрғыдан келгеннің дұрыс екенін аңғартты. Расында да, оның ақсақал кезінде қайталап айтып отырғаны – өзінің қыршын боздақ кезінен тапжылтпай ұстанып келе жатқан ішкі түйіні, азаматтық-суреткерлік кредосы еді.
Шынтуайтында, ол саясатқа әдебиеттен келген жоқ, әдебиетке саясаттан барып еді. Өйткені, көшпенді дүниедегі әлеуметтік ықпал негізінен сардарлық пен абыздық арқылы жүзеге асты. Әскери жағдайда сардарлыққа, бейбіт жағдайда абыздыққа салмақ көбірек түсетін. Әуезов туғанда қыр тұрмысын бодандық меңдеп, бір кезде билеп-төстеген батырлық институты ауыл арасындағы барымтадан басқа барар жер, басар тауы қалмай, өрісі тарылып, түбегейлі жойылып бітуге айналып еді. Отаршылдық жағдайында ел алдындағы азғантай бедел жаугершілік заманында азуы алты қарыс сардарлықпен тайталасқан абыздар мен жаңа күшейіп келе жатқан дәулеттілер арасында бөліске түсетін еді. Соңғысы күшейіп, алдыңғысы әлсірей бастап еді. Бір кезде Төле би: “Батыр деген барақ ит, кез келген долы қатын туады; би деген – ақылдың кенені, ілуде біреу туады”, – деп кіжінсе, ендігі билер: “Ауызы қисық болса да, бай баласы сөйлесін”, – деп күйінер еді. Әуезов осы көрер көзге дәурені өтіп бара жатқан абыз қауымның ақырғы жұрнағы еді. Сондықтан ол тумай жатып абыздық тағдырды таңдады. 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазрет медресесінде оқып, 1910 жылы бес кластық орыс-қазақ мектебіне түседі. Сонда жүріп, “Дауыл” атты тырнақалды туындысын жазады. 1915 жылы мұғалімдер семинариясына түсіп, “Еңлік-Кебек” пьесасын жазады. Бозбала Мұхтар Мұхаммед пайғамбарымыздың ізбасары болған халиф әулетінен тарап, Тұранды дінге мойын ұсынтуға келген түп бабасынан бермен қарай ата кәсіп болған абыздықтың заманға орай ағартушылыққа ауысуын жақтайды. Діндар тұқымынан тараса да, зайырлы дамуды таңдайды. Сөйтіп, ол ұстаздықты өзінің тағдыр-талайы санады. Әдебиетті сол ұстаздықтың бір өрісі деп білді. Дүниеден өткенінше осы ұғымынан ауытқыған емес.
Оның тумай жатып, қолына қалам алуы атаққұмарлықтан тумаған еді. Ол кезде ақындықпен, жыраулықпен ат шығарып, мал табу үрдістен қалған. Оқығандық та мұратқа жеткізбейтін. Балқожа бидің ұрпағы басымен бірінші білімпаз Ыбырай Алтынсарин мектеп тақтасының қасында күйбеңдеп өтті. Жошыдан тарап, тақ мінген Шыңғыс төренің ұлы Шоқан сайлауға түсіп, патшаны көрген оқымысты басымен малы көп майтымақтан мансабын асыра алмады. Қарадан шығып хан болған Құнанбайдың Абайы қанша жерден Аристотелмен іштес хакім болса да, болыстыққа таласып, аталастарынан таяққа жығылып, босқа қалды. Мұның бәрі өз ноқтасын өзі ұстай алмаған халықтың тек биліктен ғана емес, елдіктен де айырылатынын көзге ұрып көрсетіп берді. Ұлттық мемлекеттілікке енді бет түзеп келе жатқанда, отаршылдық құрығына түсіп, хандықтан айырылып, одан қоңсы губерниялардың қоржынына түсіп, бес-алтыға жарылып, ол дәуреннен де айырыла жаздаған қазақтың бағына басбұзар империя тарады. Отаршылдықтың салдарынан жер тұтастығынан да, ұлт тұтастығынан да жұрдай айырылып, ұйымшылдық ұйытқысы да іріп-шіріп кеткен қазақтың ендігі күні қандай болмақ? Сол тоз-тоз күйі қала ма? Жоқ, етек жауып, ес түгендеп, еңсе тіктеп, ел бола ала ма?
Бұл әлі дүдамал еді. Қазақ жерінің жыртыстың шүберегіндей шартарапқа жұлым-жұлым болып шашылып кеткенін былай қойғанда, елі де ырың-жырың болып, ұйытқысы таусылған күбідегі шалаптай сылдырап қалып еді. Бұл жағдай өз ұпайы түгел дәулеттілер жағының миына да кіріп шықпайтын. Әуелден бар әлеуметтік езгіге, отаршылдық езгі қосылып, есеңгіреп қалған бұқараның көз шоласы әлгілерден де тар еді. Әуелі тәңірге, сосын құдайға, сосын Аллаға, сосын ақ патшаға табынып, бет-беттеріне бастарын сағаттап, бостан босқа далақтап жүрген жалғыз байлар емес еді. Жаңа тәрге: “Кедейдің заманы туып, өз аузым қызылға жетсе, қызын ұрайын, бай құрысын!”, – деп құржыңдайтын, Б.Майлиннің тілімен айтқанда, мырқымбайшылдық, саяси терминологияға салсақ, пауперистік тапшылдық, кешегі ежірейген әкімгерлікті өз қолына түсіріп, есе қайтарғысы келген едіреңбай реваншизм, саяси өштестік, “айтақ” десе, алақайлай шабатын солақайлық, шала сауатты шолақ белсенділік пен әлеуметтік шалағайлық қасқыр тартқан өлекседен өрбіген ақсары бас құрттай құжынап қоя берді.
Сондай сұмдықты көріп, жаман түстен шошып оянғандай, сезімі сергек, ойы тұнық, сенімі сетінемеген талантты жас сауат ашып, санатқа кірген бойда әлеумет ісіне араласты. Ақылы мен күш-қайратын алдымен қырды жайлаған қырсықтан, қазақты аздырып бара жатқан азаптан арылтуға жұмсағысы келді. Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп жазған “Қазақтың өзгеше мінездері” деген мақаласы ұлттық мақтаныштан емес, ұлтқа жаны ашыған ар-намыстан туған еді. Дәл осы сезім оны “Алашорда” мен “Жас азаматқа” бастады. Қолына қалам алғызып, “Абай” журналын аштырды. Оған жариялатқан мақалаларының тақырыбына зер салыңызшы: “Абай өнері һәм қызметі”, “Ғылым”, “Будда”, “Қазақ ішіндегі партия неден?”, “Мәдениетке қай кәсіп жуық”, “Философия жайынан”, “Абайдан соңғы ақындар”, “Ғылым тілі”, “Қазақ әйелі”, “Қазақ қашан жетіледі”, “Мәдениет һәм ұлт”, “Өліп таусылу қаупі”, “Оқу ісі”, т.т. Бұдан біз сол кездегі тіптен балаң Әуезовтің өзі халық тұрмысы мен ұлт тағдырын күн тәртібіне бірінші қойып, оны жалаң этникалық нарциссизм тұрғысынан емес, арғы-бергіні алыстан ойлайтын зайырлы ұлтжандылық арқылы шешу керектігін айна-қатесіз танығандығын байқаймыз.
Бірақ, туының түсін өзгерткеннен басқа түгін өзгертпеген аққаптал отаршылдық жаңа идеологияны Әуезовтер ойлағандай ұлттық жаңғыртуға емес, оны біржолата жаныштауға пайдаланғысы келді. Әлгіндей арғы-бергіні ойлайтын азғантай естиярларды өз жақтарына шығарудан күдер үзіп, екі ғасыр отаршылдық тепкі астына алып, тезге түсірген, ес кіргізуден гөрі есалаңдандырып жіберген бұқаралық сана тізгінін қолдан шығармауға күш салды. Көпшілік санасына “ұлт” деген ұғымды жолатпай, “тап” деген ұғымды тықпалап бақты. Бірақ, бір ескеретін жағдай – алаш идеологтарының ұлтшылдығы жатжерлік езгіден өрбіген діни-нәсілдік жікшілдіктен гөрі әлеуметтік теңдік пен адам құқын бірінші орынға қоятын зайырлы ұлтжандылық еді. Ол қандай әлеуметтік теңсіздікке де қарсы еді. Таптық езгіні де, ұлттық езгіні де бірдей жек көретін. Бірақ, өткен ғасыр басындағы қазақ жағдайында әуелі ұлт теңдік алмай тұрып, тап теңдік ала алмайтын. Қазан төңкерісінен кейін де тонын талай аударып киген әбжіл социализм тапшылдықты шет аймақтың кедей-кепшіктеріне бауырлары езіліп бара жатқандықтан емес, бұрын ру-руға бөлініп, отаршылдық тұсында, оның үстіне, жер-жерге бөлініп, азғантай оқығандары патшаның жергілікті малайлары болуға таласып, қырық пышақ болып қырқысып отырған қазақты енді бай мен кедейге жіліктеп, ұлтты қойып, ұлыстар мен аймақтардың, тіпті әр ауылдың өзін әрі тарт та, бері тартқа салғызып, өз қолдарымен өз тамырларына балта шапқызу еді. Оған түсініп қалып, қарсы дауыс көтерген азғантай зиялыларды алғашқы кезде: “Сіздер көтеріп жүрген мәселені біз де ойластырып отырмыз”, – деп өз жақтарына шығарып, бірақ райларынан бәрібір қайтпастарын білгесін, атқұйрығын үзісіп, мәселенің мәнісіне жете түсініп болмаған сауатсыз бұқарамен одақтасқансып, тап күресін ушықтырып, ұлтсыздануды күшейте түсті. Енді ояна бастаған ұлттық сананы қайта қалғытып, қай әрекетке де мәніне жете түсінбей араласып, өліп-тірілетін әлеуметтік әумесерлікті, рухани мәңгүрттікті қайта меңдетті. Бұрын бір тәңір, бір Алла, ақ патшаға табынып, өз мойнына ешқандай жауапкершілік алмай, жақсылықты жоғарыдан, жамандықты жан-жағынан күтетін пенделік сананы жаппай бұқаралық санаға айналдырды. “Алла” мен “ақ патшаның” орнына “тапшылдық идеология” мен соны насихаттайтын күн көсемдер мен коммунистік партияны ұлықтады. Соларға табынды. Олар не десе де, бәріне “жәрекімалла” десті.
Ел қамын жеген естиярлардың аспаны алақандай, жері тебінгідей бола түсті. Ақыры күштеп жойғызылды. Тек Әуезов қана аман қалды. Соны достан көп дұшпаны тілге тиек етіп, өле-өлгенінше күңкілдесумен болды. Иә, бұл дерекке байланысты талай гәп айтылады. Академик Зейнолла Қабдоловтың жазуынша, ол бұл әрекетке Ахмет Байтұрсыновтың ақылымен барған. Уыздай жас шәкірттерін ұлағатты ұстаздары қыршын кетеді-ау деп уайымдауы әбден мүмкін. Оның үстіне, болашағы алдағы, аса талантты тұлғаны өз жағына шығаруға тырысу да жаңа үкімет тарапынан күтпестей нәрсе емес. Қысқасы, Әуезов басында өткен бұл коллизияда ешқандай кездейсоқтық жоқ. Ұлт жолындағы ашық күрестің мүмкіндігі әбден таусылғасын, Әуезовтің саясатта өткізе алмаған ойларын шығармашылықпен жұрт санасына сіңіруді ойлап, әлгіндей мәмілеге баруы да ғажап емес еді. Не де болса, суреткер Әуезов бастапқы бағытынан айныған жоқ. 1934 жылы сахналаған “Хан Кене” жаңбырдай жауған қызыл жебенің астында қалды. Ұзақ жыл терін төккен “Абай жолын” жазуға күні кеше қызыл иезуиттердің сотына ұрындырған ұлтжанды әлеуметшіл бағытынан еш айнымаған қалпында отырды. Бір кезде дала өмірінен жазылған тамаша әңгімелері мен ғажайып хикаяттары байырғы қазақ тұрмысына өз халқына жаны ашитын оқыған азаматтың көзімен үңілуден туған еді. Абай тақырыбына Абайдың көзімен, Абай тағдырының шет-шепірің бастан кешірген Әуезовтің көзімен үңілуге дәт етті. Ұлы жазушы кейіпкер зерделілігін басты шартқа айналдырғанда, оның дипломының бар-жоғын емес, өзі бастан кешіп отырған ащы-тұщы тағдырдың арғы-бергісін қаншалықты таразылап, қаншалықты бағамдай алатынын, сарапшылық құлқын айтып отыр. Бұл реттен келгенде, оның “Қорғансыздың күніндегі” Ғазизасынан бастап, барлық шығармаларының бәріндегі кіндік кейіпкерлер өз тағдыры мен өз әрекетін сарапқа салудан танбайтын зерттеуші зерде иелері. Тіпті, жануар тағдырын арқауы еткен “Көксеректің” өзі адами тіршіліктің өзек күйдірер мәселелерін алға тартып, оқырман жүйкесін шыңғырта бұраған домбыра ішегіндей шамырқантып, аса жоғары интеллектуалдық кернеуде тебірентеді. “Еңлік-Кебегі” үйреншікті ғашықтық әлқиссасы емес, соны бағамдаған екі би мен екі көзқарастың арасындағы зерде сайысы. “Бәйбіше-тоқал” мен “Қаракөздегі” әйел тағдыры көзіңнен жас, жүрегіңнен қан тамызатын өзек өртер ойлар қақтығысы. Тіпті “Қарақыпшақ Қобыландысының” өзі қан шылқыған қырғын соғыс емес, тақымыңа қыл бұрау салғандай, жаныңды тырнағыңның ұшына келтірер ақылдың азабы. Бізде “Айман-Шолпанды” қайдағы бір водевильдік деңгейге дейін құлдыратып, обалына қалып жүр. Әуезовтің көрсетіп отырған Көтібары азулары алты қарыс екі аяқты жыртқыш сойқандармен сайысқан сайыпқыранның бала-бажырға тап болып, бағы қайтып отырған дала Дон-Кихоты еді. Маймылдың бөксесін көргендей, қолыңды шошайтқызатын ыржақай күлкі емес, жүрегіңді зілге, көмейіңді күлге тұншықтырып, ақылыңды айран, ойыңды ойран етер күйзеліс күлкісі. Опасыз дүниенің опық жегізуі еді.
Осындай қым-қуыт өмір өткелегін өз жүрегінен өткізіп, қиянат пен зұлымдық уына таңдайын уылтқан тарланбоз Әуезовке бұйырмай, басқаға тап болғанда дара намыс пен данышпен ойдың тұтқыны болып өткен Абайдың бұқаралық насихаттың көрігінде балқып, балғасына қақталып, кез келгеннің кеңірдегіне жармасқан кеудемсоқ, тапсынған тапшылдық тақтағы болып шыға келуі әбден мүмкін еді. Әуезов сомдаған Абай бейнесі ондай арзанқол алып-сатарлықтан атымен аулақ еді. Саңлақ суреткер бүкіл бір ұлттың көпғасырлық тарихи дәуренінің бүкіл мән-мағынасын, қым-қиғаш қайшылықтарын бір бойларына сыйғызған, сан-сапат сипатқа ие сансыз тағдырларды өз төңірегіне тоғыстырып, көзі көріп, әлімсақтан бастап ақыр заманға дейін адамзат басын айналдырып бағатын қияметтерді әлсіретпей қаз-қалпында жеткізе алатын кемел тағдырды аса сәтті тапқан еді. Ол – Абай тағдыры еді. Ол тағдыр – ақыл-ойды алға ұстаған адал азаматтың жүрегіндегі ар талқысы еді. Саңлақ суреткердің ең соңғы мақаласында әдебиет келешегін сақтап қалудың бірден бір кепілі деп дәлелдеген зерттеуші зердеге ие, тағылымды тағдырға ие рухани өрелі кейіпкердің нағыз өзі еді.
Бұл роман әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Бәрінде де жерден жеті қоян тапқандай жүректері жарыла қуанды. Өйткені, бұл роман әлемдік оқырман қауымға атымен бейтаныс жаңа дүние ашып берді. Ол – бұған дейін ертегінің құбыжықтарындай кемсіте суреттеліп келген көшпенділер дүниесі еді. Әуезов сол жаңсақ көзқарасты түбірімен өзгертті. Көшпенді дүние – адамзатқа атымен жат, атымен жау антимир емес, екі аяқты нәсілге әзелден етене әлем екендігін дәлелдеді. Мұндағылар да қалған дүниедегідей екі аяқты, жұмыр басты адамдар, олар да Гомер жырлағандай ересен ерліктер жасап, Шекспир суреттегендей шытырман тартыстарға түсіп, Петрарка жырлағандай ләззат пен азап айқұшақ қауышқан сергелдең сезімдерге беріледі, Данте кейіптегендей өткелектерден өтіп, Гете дағдарғандай тығырықтарға тіреледі. Бұған дейін Әуезовтен басқа ешкім қалам сілтеп көрмеген жаңа әлем, ғажайып әлемді көргенде, идеялық жартыкештіктен, саяси әумесерліктен, рухани есалаңдықтан атымен ада көзі ашық қауым, әрине, таңғалады. Әрине тамсанады.
Соның бәрі кеңестік саясаттың жүрегіне оқ болып қадалып, шоқ болып қариды. Бұл – олар күткен шығарма болмай шықты, Маңдайына біткен жалғыз ақынның түбіне қалай жеткендерін надандық пен жыртқыштықтан өздері де білмей қалатын көрсоқыр жабайы қауымның орнына өз билігі өзінде болмай, өзгеге кіріптар болғандықтан не асыл қасиеттері мен рухани құндылықтарын босқа рәсуа етіп, опық жеп отырған бақталайсыз қауым туралы энциклопедиялық ауқымда жан-жақты сыр шерткен ғажайып эпопея болып шықты. Әуезов 1932 жылы күштеп ант-су ішкізгендегі дәметкендеріндей иісі жұмсақ суреткер болмай шықты. Саясатта әлеуметке ашық айтқызбай қойған жүрек түбіндегі сырларын көркем бейнелер арқылы көл-көсір төгіп салған, жігері мұқап, тәуекелден тайсалмаған кәнігі саясатшы, қайсар күрескер болып шықты.
Оның алапат таланты мен рухани өресін бірінші болып мойындаған өз қауымымыз емес, өзгелер болып шыққандығы өкінішті. Баяғы таптық күресте бет жыртысқандардың: “Шын ниет, шын бейнесін жасырып, бір енін ішінде сақтап жүрген жолбике деп айтып ек қой. Енді көздерің жеткен шығар!” – деп айыздары қанды. Ылғи соларға сеніп қалған екі ойлы көп: “Бұл өңіміз бе, түсіміз бе? Бүгін осылай деп жатыр, ертең де солай болар ма екен?” – деп аңыс аңдады. Қайткен күнде де, қоғам тез есейіп кете алмады. Әдебиет пен ғылыми ортадағы елуінші жылдардағы дүрбелең отызыншы жылдарғы сергелдеңді қайталады. Алайда, қиянаттың қылышы қанша ұзын болғанымен, ғұмыры бәрібір қысқа еді. Елу бесінші жылдардан бастап, ресми билік Әуезовке жүзін жылытты. Қазақ қаламгерлерінің тайлы-таяғы қалмай, қол қойған жібек орамал жазушыға 1957 жылы күзде сыйланды. “Өмір деген күнде той емес, қате кетсек, кешір”, – деген сөз тірі кезінде емес, топыраққа кетерінде, 1961 жылы айтылды.
Енді Әуезовтің бағасын білу Әуезовке емес, бізге керек. Ол үшін Әуезовтің суреткерлік ізденістерін әлемдік әдебиеттің даму эволюциясымен салғастыра қарастыруға тура келеді. Сөйтсек, әлемдік эпиканың мыңдаған жылдарға созылған эволюциялық сүрлеуін елгезек суреткер бар болғаны қырық жылға созылған шығармашылық жолының алғашқы екі онжылдығында-ақ еңсеріп үлгеріпті. Одан кейінгі он бес жылын Лев Толстойдың “Соғыс мен бейбітшілігінен” кейін оза дамыған әдебиеттерде өзгеше бәсекеге айналған күллі ұлттық болмысты, белгілі бір тарихи кезеңді бір адамның тағдырына сыйғызып, ондаған, тіпті жүздеген кейіпкерлер қатыстыра отырып сомдаған кең қарымды, әлеуметтік, психологиялық, философиялық талдауларды қойқосақ өрбіткен, концепциясы айқын, драматизмі қыл арқандай ширатыла ширыққан, композициялық бітімі біртұтас монументтік роман тудыру үстінде Т.Голсуорси, Томас және Генрих Манн, Иво Андрич, Андрей Унит сынды майталман шеберлермен жарыса еңбек етті. Соңғы үш-төрт жылда жиырмасыншы ғасырдағы қазақ өмірінен жаңа эпопеяға кірісуге әзірленді.
Тұтастай шолғанда, ертегінің алыптарына болмаса, екі аяқты нәсілдің өкілдеріне алдыра қоймас алапат. Нәтижелілігі жағынан, әлемдік әдебиетте саусақпен санайтындай ғана аз саңлақтар жеткен рекорд. Өзге әдебиеттерде ондаған шығармашылық ғұмыр өзектесе, сабақтаса жүріп қол жеткізген эстетикалық прогресті қазақ топырағында бір ғана Мұхтар Әуезовтің кемел таланты жүзеге асырып берді. Қазіргі қазақ прозасын қалыптастырып, орнықтырып, дамудың даңғыл арнасына түсіріп, шырқау биігіне көтеріп берудің бар салмағы Мұхтар Әуезовтің бір мойнына түсті. Өз топырағымызда оған ұстаз болған жоқ. Басқаларын былай қойғанда, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің өздері ол үшін шәкірт еді. Драматургияда да, сында да, көркем аудармада да солай-ды. Ойшылдықта ғана оның ұстазы бар еді. Ол – Абай еді. Әдебиеттануда ғана оған із тастаушы бар еді. Ол – Ахмет Байтұрсынов еді. Жүрегінен жыр төгіліп тұрғанымен, поэзияда бағын сынаған емес. Басқа салалардың бәрінде де ешкім Әуезовпен тең келе алмайды. Әрі талай жанрға алғаш жол тартқан пионер де сол. Әрі сол жолды әлемдік ұлы арнаға жеткізіп берген кемеңгер де сол. Осы заманғы әдеби дамуымызды сара жолға салып, ауытқытпай келе жатқан құбылнамамыз да сол. Адастырмай келе жатқан бағдаршамымыз да сол.
Біз кездегі: “Осыншама өліп-өшіп ұлықтайтындай, осыншама не бітіріп еді?” – дейтін кергіме керауыз сұраққа жауап іздесек, айтарымыз мынау: туған әдебиеттері үшін Сервантес, Шекспир, Бальзак, Диккенс, Теккерей, Толстой, Достоевский, Тагор мен Кавабата не бітірсе, Әуезов те қазақ әдебиетінде дәл соны бітірді. Өз ұлтын адамзатқа тегіс танымал, рухани туысқан етсе, ұлттық әдеби дамуымызды әлемдік биікке алып шығып, қазақ сөзі мен қазақ пікірін жалпы адамзаттық мәшурада алғаш рет паш етті. Бұл үшін басымызды оған жерге жеткенше қалай имейміз?!
Адам ретінде ол бар болғаны 64 жыл өмір сүрді. Алапат талантына жалпақ әлемді мойындатып үлгерсе де, өз қауымын түгел мойындатып үлгере алмады. Жазушы ретінде жүз он жыл өмір сүріп отыр. Суреткерлік бітіміне сынық сүйем ақау түскен жоқ. Қазіргі қазақ қауымы Әуезовті аузына алалық түспей, түгел мойындайтын алғашқы ұрпақ. Бұған қалай тәубе демейміз?!
Бар болыңыздаршы... бар болайықшы, бауырлар!
Туған елімізді, жерімізді, тілімізді өліп-өшіп сүйіп өтуде Абай жолынан, Әуезов жолынан айнымайықшы, ағайын!
Бөлісу: