Бақытбек Қадырұлы. Ұмыттық па? Кімді ұмыттық?

Бөлісу:

28.09.2018 4119

...Әлем мәңгі екені анық болса, адамның өлмейтіні де анық. Рас, оның аты ұмытылды, бірақ ол дем алған ауа бұрынғыша жер бетіндегі тіршілікке нәр беріп тұрады, оның аузынан шыққан сөз енді басқалардың аузына көшеді, ақылы дүниеге әкелген ойлар енді басқалардың сыбағасына айналады. Оның бойын билеген құмарлық біздің дүниеге келіуімізге себепкер болады, оның қайғысы мен қуанышы біздің бойымызда да бар, ал ол шошынған, қайтсе де қашып құтылуаға тырысқан, бірақ бәрібір аранына түскен ажал – бізді де күтіп тұр!

Бұл сонау ХІХ ғасырдан бастап әлемге әйгілі болған, атақты ағылшын жазушысы Генри Райдер Хаггардтың «Сүлеймен патшаның кеніші» атты шытырман романындағы Аллан Каутермэннің алапат соғыс алдындағы үрейлі һәм тәуекелшіл жантолғанысы. Көрдей суық, көлдей тұнық сөз. Бұл роман кейіпкерінің ғана емес, өмірдің де ақиқаты емес пе екен? Кешегі қиуада көз жазған алыптарымызды ұлықтап жүрміз бе? Ұмыттық па? Кімді ұмыттық?

***

Бернияз Күлеев – 1920 жылдары Қазанда АССР Халық ағарту комиссариатында кітап бастырушы өкілі ретінде, алғашқылардың бірі болып Хәкім Абайдың кітабын қайыра кем-кетігін толықтырып шығаруға зор үлесін қосқан, әуелі баспагер.

Абай мұраларымен етене таныса келіп, ақын өлеңдерінің өрнектерін өзіне өнеге тұтады. Ақын Бернияздың өлеңіндегі Абай реализмның, ырғағының, сыртқы пішінінің де көптеген ұқсастықтарын байқау қиын емес.

Аудармашы Бернияз Күлеев, А.Пушкиннің «Қараңғы жазғы бір түні», «Ажал», «Сүю», «Мұң», «Бар ойым бастан кешті көзім көріп», Н.Г.Цыгановтың «Тұтқын», И.С.Никитиннің «Ай сәулесі қысқы кеште», «Жатыр ұйықтап барша халық» және М.Ю.Лермонтов тағы басқа орыс ақындарының өлеңдерін қазақша шебер аударған. Түпнұсқадағы қиын иірімдер, психолгиялық нәзік сырларға қазақ тілінде сәтті балама таба отырып, ұлттық бейнелі ойлау жүйесін құбылтып, классикалық шығарманың стильдік-көркемдік кестесіне лайық бояудан жаңылмай, соны тіркестер, жаңа сурет жарату шеберлігімен биік поэзия үлгісін байыта түсті.

Бернияз «Қазақ мұңы», «Ұшқын» газеттерінде жазушы болып, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде ізі қалды. «Ұшқын»-ға арнап:

...Алтын Алтай, Еділ, Жайық, Сарыарқа

– Сауыт киіп, садақ тартқан ер бар ма;

Ару азып, ер үркек боп, жер тозып,

Жауға жаға жырттырмаған ел бар ма.

Алты алаштың қызыл туын қолыңа ал,

Ертеде еркін өткен күнін ойыңа ал.

Елді жерден, ерді еріктен айырған,

Дұшпаныңды табан тіреп жолыңа ал..., - дейді.

Мағжан қазаққа қаншалықты аяулы болса, Мағжан қазақ поэзиясына қаншалықты үлес қосса, Бернияз Күлеев одан бір кем емес еді. Тек шырақшысы болмады. Әмбе Бернияз Күлеев поэзиясы – қазақ жазба поэзиясындағы алғашқы жаңаша, еркін поэзия (ақ өлең) жазған ақындардың бірі. Мұндай еркен поэзияны қазақ оқырманы тәуелсіздіктен кейін ғана қабылдай бастады. Сол себептіде Берниязды ұмытыңқырап кетткеніміз жасырын емес.

Бернияз Күлеев өмірінің көп бөлігі Қазан қаласында өтеді. Сол Қазанда қапияда қаза тапты. Бұл 1923 жылдың қысы – қақаған 29-қаңтар күні қазақ жас Берниязынан айырылды.

Көздеген мақсаты бір, арман-тілегі бір досы алаштың алып ақыны Мағжан Жұмбаев қазанама жазып қалдырады. «Ұшқын» бетінде жарыққа шыққан жас Бернияз әдебиетіміздің сол табиғи жолымен шықты. Бірақ екпін тым күшті еді. Біраз өлеңдері басылған соң-ақ, оқушы оған жалт беріп қарап қалған еді. Екпін сор еді...», - деп өкінші білдіреді замандасы ақын Мағжан Жұмабаев.

Тағы бір өкініштісі, ақынның бір де бір суреті сақталмаған.

***

«Көкесіндей біз естіген жұмақтың

Жер-дүниемді нағыз жұмақ етер ем»

Бернияз Күлиеев «Не етер ем?» деген өлеңінде, мен Тәңір болсам жер-дүниені жұмақ етер ем дейді. Нешеме пайғамбарлардың аңқасын кептірген арман, – адамзатқа, жер бетіне әділдік пен ізгілік іздеген үлкен жүректің зары айтқызған екі ауыз сөз еді. Ендігі сөз ақының өзінде!

Өзім тәңірі

Жасағанның сегіз ұшпағына

Қызықпаймын ашып қойса да.

Қорықпаймын отты тозағынан,

Жүрегіме жалын құйса да.

Жүрген жерім, елім, айдын суым,

Асқар тауым, белес-белдерім.

Жел жетпесім – пырақ, өмір жұмбақ,

Тойдан қызық азап көргенім.

Хор келсе – сұлу сүйген жарым,

Кер маралдай басып керіліп.

Қырмызы ерін, ай жүз, бота көзім,

Маған қымбат хорың, періңнен.

Қызу қаным, шыбын жаным барында,

Ұжмақ, дозақ менің өзімде.

Кеулім кеусер, мейілім лаухұл махбұз?

Тәңірі таразысы сезімде.

Ерте күннен алып отпен ойнап,

Өмір уы бойға таралған.

Ер жүрегім оттан, демім жалын,

Жаным, тәнім от боп жаралған.

От өмірде маған құран сөзі –

Ет жүректің еткен әмірі.

Өлгеннен соң мейлі, тірі күнде,

Өз өміріме өзім тәңірі.

Зарлық

Көңілім ояу, жүрек ыстық, көзім қан,

Кеудем өлі, шалажансар шыбын жан!

Ойлаған ой, көздеген жер алыста,

Болар ма екен жететұғын күн оған?

Жаннан көрдім жалған нақақ жаланы,

«Жігерсіз» деп құр мазамды алады.

Жылы жүзін, жұмсақ сөзін көрсетпей,

Тағдыр, шіркін, қарамай-ақ барады.

Жастығымда жоқ нәрсеге алдандым,

Кім біліпті бүйтерін бұл жалғанның?

Ержеткен соң ой алдымда елестеп,

Көңілім жетсе,

қолым жетпей сандалдым.

Шомыламын селдей аққан жасыма,

Күндер келіп көтере алмас басыма.

Бүгін өлсем еш арманым болдмас ед,

Балалық күн қайта келсе қасыма.

Гүләндамға

Жаным, жаным,
Гүләндамым,
Келші жақын, қарайын!
От жүректе,
Қалсын көпке,
Суретіңді салайын.
Қиғаш қасты,
Қолаң шашты,
Қия алмайтын мен ақын.
Жүрек ізгі,
Жібек сөзді,
Жанымнан да жар жақын.
Нұрлы ажарың,
Қызу қаның,
Қалай сәйкес жаралған.
Терең теңіз,
Дес қара көз,
Бар ма көрген жараннан.
Құлқың гүл, сыр,
Көңілің сиқыр,
Өлген жан да тірілер.
Күлме - күлме,
Күлсең тіріде,
Жүрек жүзге тілінер.
Қара көзің,
Етіп төзім,
Қарағанды қандырар.
Бірде атып,
Бірте тартып,
Жанды есінен тандырар.
Ақ төсіңді,
Қар етіңді,
Жаным жатқа көрсетпе.
Бақ алманың,
Дәмін, мәнін,
Білу қайда есекке.
Надан жұртта,
Жауыз жоқ па,
Сүйек жарған сөз тиер.
Келші жаным,
Дуалайын,
Тұмарлайын көз тиер.
Жаным, жаным,
Гүләндамым,
Періштем бол, кел бері!
Жүрегімнің,
Басып шерін,
Қарашығым сүй мені.
Келші бері,
Сүйші мені,
Суырылсын көмейім.
От құшақта,
Сүй, құшақта,
Есім ауып өлейін.

Жас жүрегіме

Жас жүрегім, жанба текке,
Бола берме арманда.
Өрлессең де жерден көкке,
Жай табу жоқ жалғанда.
Арманың көп, біту қайда,
Айта берсең күні - түн.
Тек мен білем, аһ, не пайда,
Менен басқа тыңдар кім.
Жалбарасың, зарланасың,
Есіл өмірің солады.
Жас майысқан ерке көңлің,
Лаулап отқа толады.
От жұтасын, ойланасың,
Тіпті көңілің тынбайды,
Сонда - дағы тағдыр басым,
Құрттай аяу қылмайды.
Жанба текке , солма босқа,
Жас жүрегім, қой енді.
Қайғы - зардың бәрін таста,
Қалғанына той енді...
Тұр қайыспай, оған қарсы,
Көкілегіңді аш, керіл!
Айт шыныңды, қарсы бар,
Бір көрмесе бір көрер.
Қайырымы жоқ, қатты тағдыр,
Сонда сені көрмесе,
Ширатылған шын сөзіңе,
Шын екен деп сенбесе:
«Жауыз, жалған, алдамшы, опқыр,
Кім кірмеген кермеңе.
Мен де соның бірі боппын,
Қош!..» де, қолды серме де.

***

Өлім – құрдым, өмір – өзен, жоғалат,

Өсер өзен тұрмас жасын сорғалап.

Тағдыр желі еркіне қоймай айдаса

Сорлы қу бас қайда кетпес домалап.

Өмір – өзен, күні-түні ағады,

Үстеп оны тұрмыс уы тамады.

Өмір у ғой, ішпеген жан арманда,

Ішкен адам қандай ләззәт табады.

Тағдыр желі домалатқан мен қу бас,

Жоғалған соң жайым бар ма қаңғымас.

Кім көмеді, өлсе жаным алыста,

Көреді кім жалғыз жүріп төксем жас...

Бөлісу:

Көп оқылғандар