Поэзиядағы полиция портреті
Бөлісу:
«Милиция неге керек?
Ел ішінде жүгенсіздік шыға қалса,
солардан елді қорғау үшін керек».
М.Дулатұлы
Біз полицияның қадірін түсінетін, бағалап отыратын қоғам қалыптастыра алдық па? Олардың имиджін көтеру үшін қандай да бір қадамдар жасай алдық па? Әрине, ең бірінші бұл мәселе бойынша президент полицияның беделін арттыру мақсатында 1998 жылы 20 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Жарлығына қосымша ретінде 2007 жылы «23 маусым – полиция күні» деп жариялап, бөле-жара ерекшелеп, кәсіптік және өзге де мерекелердің тізбесіне кіргізген болатын. Сол уақыттан бері аталмыш күн полиция қызметкерлері мен ардагерлерінің еңбектерін елеп-ескеріп, оларға деген шынайы ризашылық пен алғыс сезімдерін білдіру күні болып тойланып келеді. Бірақ азаматтарымыз үнемі ризашылық танытып отыра ма, әлде, кейде жағдай керісінше ме? Әрине, полицияның қоғамдағы орны өте жоғары. Әсіресе, бүгінгі таңда... Адамдар 21-ғасырды қатігез ғасырға балап жатыр. Соншалықты өркендеген, қарыштаған заманда адам да «семіздікті» көтере алмай қалып жататыны өтірік емес... Ал сондай қатігез жандардың оғаш «ойындарымен» күресетін кім? Сіз мұндай жағдайда ең бірінші кімге жүгінесіз? Әлбетте, полицияға. Сондықтан да күнделікті құқық қорғау қызметтерін атқару барысындағы жан аямайтын ержүректілік, батырлық, антқа адалдық, спортпен шұғылдану, үнемі физикалық формада жүру, қызметтік борышқа беріктік, жылдамдық – осының бәрі полиция қызметкерлерінің бойынан табылуға тиіс қасиеттер. Бұл қасиеттер бар жерде полиция да халқына шын мәніндегі құрметті тұлғаға айналады. Мәселен, дамыған мемлекеттерде полиция қызметі өте жоғары мамандық қатарына жатады. Атап айтқанда прагалық тұрғындардың түсінігінде ғана емес, полициялардың түсінігінде өздерін солай шынайы халқының қамқоршысымыз деп есептейді, сондықтан да олар қызметтік көліктеріне «Полиция – халықтың қорғаны және қамқоры» деп жазып қояды екен. Кез келген бүлдіршіні де «Мен өскенде полиция боламын!» деп тақылдап тұрады. Полициялық қызмет ең лауазымды қызмет деп есептеледі. Және сондай-ақ темірдей тәртіп орнатуды қолданған Грузияда да «Полиция – екінші патша» деген түсінік қалыптасқан. Бұл дегеніңіз – халықтың полицияға деген шексіз құрметінің жемісі.
Негізі полиция халқының қорғаны болуы керек. Олар Отан үшін, азаматтар үшін от кешеді, күйеді, тіпті керек болса, өмірлерін де қияды. Біздегі сақшылардың тағдыры, тіпті әр күні қыл үстінде тұрады десек, артық айтқандыққа жатпас, сірә. Кейбіреулер ойлайтындай олардың жұмысы оңай емес. Енді өзіңіз ойлай беріңіз, полиция кім үшін, не үшін еңбектенеді екен, шені үшін бе, әлде елі үшін бе? Әрине, елі үшін. Осыдан соң полицияға деген құрметің арта түспесе, кемімесі хақ. Өйткені халықтың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің құндылықтарын қорғау ісі – полицияның мәңгілік миссиясы. Сол үшін сыңаржақ сындарды сілтей бергенше, олардың беделінің артуына қоғам болып атсалысуымыз керек-ақ. Рас, Совет өкіметі кезінде милицияның беделі кемел болды. Орыс ақыны В.Маяковский «Моя милиция меня бережет» деп жыр жазды... Десек те, жасыратыны жоқ, кейінгі уақыттарда құқық қорғау органдары қызметкерлері туралы жағымсыз пікірлердің қалыптасуының себебі неде? «Соңғы кезде отандық ақпарат кеңістігінде, әлеуметтік желілерде полицейлер атына сын көп айтылуда. Олар халық алдында үлкен резонанс тудырған қылмыстарды бір тәулік ішінде ашып, қылмыскерді ұстап, өзінің кәсіби болмысын, іскерлігін көрсетсе де, жағдай осылай болып отыр» деп мұң шағамыз. Сонымен полицейлердің беделін арттыру үшін не істемек ләзім? Осындай жағдайда зиялы қауым өкілдері көмекке келеді. Қалай? Енді осыған тоқталайық.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық сөзі бар. Тәртіп сақшыларын, олардың ерліктерін жырына тиек етіп, халыққа жағымды пікір қалыптастыру жолында еңбек сіңіріп келе жатқан ақындарымыз көп те емес, бірақ жоқ та емес. Ақын Дәурен Айманбет «Аяулы адам» («Қызмет» баспасы, Шымкент қаласы, 2018, 95-бет) атты жинағындағы «Марқұм майор Майлыбаев атынан монолог» деген өлеңінде Ақтөбеде болған лаңкестік салдарынан қаза тапқан Д.Майлыбаевтың Отан алдында көрсеткен ерен ерлігін жақсы насихаттай білген. Қаһарманның рухын тірілтіп, жан бітіргендей құдды. Қаза болған полиция атынан ұлына былай деп тіл қатады:
Бала қайың - балақайым, әй, ұлым,
Ескегінсіз қалған менің қайығым!
Көз жасыңды көріп тұрмын, ақысын
Кімнен алып, кімге артайын айыбын?
Періште ұлым, демегейсің: қай күнәм,
Сендегі әлди жүректегі жайды ұғам.
Елін қорғап, ер атанған бұл әкең,
Тұра алмауда, сені қорғар қайғыдан.
Жалғыз емес, меніменен келді елім,
Табытпенен оралсам да: жеңгенім!
Көз жасыңды көрсетпегей, көрсетсең,
«Оқ атқанға» жығып және бергенің! – деп артында қалған ұлының намысын жанитын, күш беретін сөздерімен қамшылай келе, әрі қарай:
Әр оралған сәттерімде ұша аттап,
Құшақтаушы ең, қара балам - іші аппақ.
Қарсы алғаның кемсең қағып бұл жолы,
Әкеңді емес табытымды құшақтап...
Отырсың ба қазағыңнан шошынып,
Бәрі бірдей жауыз емес, осыны ұқ!
Алашың да сеніменен жылауда,
Мұңаюда қосылып.
Менің ертең атыма ер сап қонарым,
Елім дейді жастайынан болар ұл!
Мен кеткенмен, менің салған ізімсің,
Мен қорғаған елді қорғар бол арым!
Тірі адамға - тіршілік қой, тірісің,
Жалғыз емес, бар қазаққа інісің!
Айбынысың, айдынысың, және де,
Ұлым менің, сен енді Елдің ұлысың! – деп марқұмның монологын да өзінің ерлігіне сай сөйлете білген.
Одан соң ақын Еркеғали Бейсеновтің Қазақстан полициясының 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік сақшылары» атты толғауы бізді де толғандырмай қоймады. 45 шумақтан тұратын толғаудың бәрін келтіріп жатпаймыз. Соның ішінде ақынның:
«Сақшыларға сусылдатып атып оқ,
Террористтің тайраңдауға хақы жоқ!
Қаншама жұрт қалып жатыр шер жұтып,
Сол залымдар залалынан запы боп?!» – деген жыр жолдарын оқығаныңызда, көз алдыңызға күні кешегі болған қанды оқиғалар елестейтіні, сақшылардың жанқиярлық ерліктері келері анық. Ақын тілімен айтқанда: «Кесапаттар кесірінен осындай, Сақ сақшылар қаза тапты ерлікпен». Оларды халық мәңгі ұмытпайды, есімдерін әрқашан да ұлықтайды! Ал:
«Қарғыс алмай, алғыс алса фәниде,
Дүйім елі сүйінеді, әрине!
Учаскелік полиция тәрізді
Дәрігер де көп кірмес-ау, әр үйге?..» - деген шумағы нағыз шындыққа суарылған жыр жолдары емес пе?!
«Қарт – қазына»...
Сақшы десе, алдымен
Ескерелік Ақсақалдар кеңесін!
Аямайтын мүмкіндігін қолда бар,
Тұлғалардың тағылымы мол болар.
Кемел білім – келешекке шамшырақ,
Арттарында кесек-кесек қор қалар.
Үлгі болса полковник, генерал,
Іс қылмайды жастар заңға кереғар.
Бір ақсақал – мың шәкіртке ұлы ұстаз,
Сең қозғалса, артынша мол сел ағар...
Иә, ішкі істер саласының тарихына көз жіберсек, жас сақшыларымызға үлгі-өнеге боларлық ардагерлеріміз жетерлік, шүкір. Олардың өмір жолы бүгінгі жастарымызға үлкен мектеп екені белгілі. Сондықтан да осындай ардагерлеріміздің есімін әрқашан да халық санасында жаңғыртып отыруымыз қажет. Ал мұндай игі дәстүрді жалғастырып отырған республикамыздағы іргелі оқу орындарының бірі – Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясын алайықшы. Аталмыш оқу ордасының басшысы, полиция генерал-майоры М.Қызылов Ш.Қабылбаевтың тек есімін, өмірбаянын ғана емес, артында қалған көзі дерлік дүниелерін де сақтап, жас курсанттарға үлгі ретінде ұсынып отырады екен. Керемет үлгі емес пе?!
Қазақ ұлдарының арасынан шыққан алғашқы милиция генералы Қабылбаев хақында М.Қызылов: «Ол тек іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ғана емес, халқының әні мен күйін, мәдениеті мен әдебиетін, салты мен дәстүрін жетік білген көкірегі алтын адам еді. Оның қазақ және дүниежүзі әдебиеті классиктерінің шығармаларынан тұратын бай кітапханасы қазір біздің академияда сақтаулы, ол бүгінгі тыңдаушыларымыздың игілігіне жарап отыр», - дейді. Ендеше, Еркеғали ақын айтқандай ардагерлер қауымын әркезде осылайша ұлықтап отырғанға не жетеді?! Ақын жырымен әрі қарай сусындай отырайық.
«Бұл – қазақтың сақшылары, тірегің!
Тірегіңнен үзілмесін күдерің!
Тілерім сол, бейбіт күннің ерлерін
Ұмытпағын, ұлықтағын, ұлы елім!» Біздің де айтқымыз келген ой – осы еді.
Ендігі авторымыз – әрі сақшы, әрі ақын Данияр Сәдуақасовтың «Сақшылар жырындағы» мына тармақтарға арнайы тоқтала кеткіміз келеді:
«Тәуелсіз елдің тыныштығы үшін түн қатып,
Сап түзеп жүрген сақшысы біздер боламыз»;
«Бейбіт өмірдің бесігі үшін бас тігіп,
Арпалыс пенен ішінде жүрген майданның»;
«Отаны үшін оқ болып жауға атылған,
Жасай бер, жаса, батыр ұлдары қазақтың!»
Бұл ешқандай да жалаң ұран емес, тым асқақ сөйлеу де емес. Нағыз сақшының ойында, бойында болуға тиіс қасиетті сезім.
Халық – оқырман, егер де халықтың сана-сезіміне полиция туралы жақсы түсінік сіңіреміз десек, онда олар туралы жазылып жатқан осындай тақырыптағы жырларды да үнемі насихаттап һәм полиция тақырыбы туралы жазып жүрген ақындарымызды білім ошақтарындағы оқушылар қауымына да кеңінен таныстырып отыруымыз ләзім. Полиция жайында патриоттық сезімді оқушы қауымның санасына ерте бастан сіңіріп отыруымыз қажет.
Сосын олар да өскенде полиция болуды армандайды, тәртіп сақшыларының жұмысын қадірлей біледі. Теріс әрекеттер жасауға именеді. Тіпті, олардың барлығы полиция болып кетпегеннің күннің өзінде, босбелбеу емес, жігерлі жасқа айналары ақиқат. Полицияның жас ұрпаққа көрсетер, берер үлгісі – осы! Отан алдында ерлік танытып жүрген сақшыларымызды да жыл сайын тұрақты түрде оқушылармен кездестіріп отырудың жүйелі жоспарын жасау керек, бұл өте қажет.
Сондай-ақ полиция сапында жүріп те поэзия патшалығында өз өрнегін қалдырған ақындар аз емес, мәселен Базарбай Исаев. Одан кейін жас ақын, кеше ғана жыр кешін Астанада дүрілдетіп өткізген полиция аға лейтенанты Бекмұрат Өмірбекті айтсақ болады.
Бауыржан Берікұлы
Бөлісу: