Көркем туындының тылсым күші
Бөлісу:
Әлихан Бөкейханның Бутырка түрмесіндегі соңғы суретін әлеуметтік желілерден көрген сайын қандай да бір себеппен кідіріп, құр сүлдері, азап пен қорлықтан қажыған қан-сөлсіз жүзіне, камераның линзасына тіке қараған өткір, бірақ үмітсіз көздеріне ұзақ қараймын. Бір сәтте аяныш сезімі жанымды баурап, көзімнен жас саулап қоя береді. Француз ойшылы Ролан Барт Camera Lucida мақаласында айтқан Punctum[i] деген осы болса керек: асыл ағамыздың мән-мағынасыз саясат озбырлығы алдындағы дәрменсіздігі жарық пен оптика сиқыры түйіскен сәтте мәңгілікке жазылып қалыпты.
Бұл сурет ҚСРО-ның Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің мұрағатынан 90 жылдардың аяғында ғана табылған. Елу жыл адам қолы тимей, сарғая бастаған шағын ғана фотосуреттің әсері неге деректерге толы жүздеген мақалалардан әлдеқайда күштірек? Әлде бұл суретті түсірген фотограф құпия мұрағаттан бір кезде шындық іздейтін ұрпаққа өлім аузындағы азаматтың соңғы аманатын жеткізейін деді ме екен?
Қазақстан баспаларынан, әлеуметтік желілерден Аштық жайлы, репрессия құрбандары жайлы, II Дүниежүзілік соғысындағы Кеңес Өкіметінің Орталық Азия тұрғындарын жау алдындағы тірі қалқан ретінде қолданғаны жайлы қаншама тарихи деректер жарияланып жатса да, қаншама жазықсыз жанды қан жоса етіп қырған режимнің қылмысын, Сталиннің жандайшаптары ешбір заңсыз-сотсыз ата салған азаматтардың қайғылы тағдырын, оның өзіміздің және жас ұрпақтың өміріне әсерін біз әлі терең түсіне қоймаппыз. «Біз қандай елде тұрдық?» деген сұрақты біз әлі тура қойған жоқпыз. Біз әлі күнге дейін Кеңес Одағының идеологтары жадымызға сіңіріп тастаған жасанды тарихымызды шындықтан әлдеқайда артық көреміз!
Ал кешегі қайғылы тарихымыз құрғақ хронология мен бірсарынды қара мәтінге айналып, жантүршігерлік статистика жан ұшыра айқайлаған «1932-1933», адамдардың өмірбаяндарындағы қансыраған «1937» және «1938» деген цифрлар жай ғана сан болып көрінетін күйге жетіппіз. Яғни, біз бұл сандарға Стивен Спилберг сияқты, кішкентай Гения Гитель Хильдің «қызыл пәлтесін» кигізуіміз қажет!
Стивен Спилбергтің «Шиндлер тізімі» (1993) фильмі Холокост мәселесіне бүкіл әлемнің назарын аудартып, басқа деңгейге көтерілуіне ықпал еткен туындылардың бірі. Ақ және қара түсті фильмдегі қызыл пәлте киген құйттай қыздың бейнесі – кінәсіз адамдардың обалының символы ғана емес, бұл – нацистердің адамзатқа қарсы ашық қылмысына көзін тарс жұмған, басқалардың қайғысына енжар әлемнің ар-ожданы. Холокост құрбандарына халықаралық ескерткіш орнату ұсынысы да 90-шы жылдардың орта шеніне дейін саясатшылар тарапынан әсте қолдау таппаған. «Холокст Мемориалын» Берлин қаласының ортасынан ойып орнату үшін де сәулетші Питер Айзенманның ерекше бейнелеушілік көзқарасы қажет болды.
«Тарихнама – қоғамның шағын бөлігінің еншісі, ал көпшілік санасын қалыптастыру – мәдениет, ең алдымен әдебиет және кинематография еншісі» екенін өз халқының трагедиясының ауқымын әлемге 50 жыл жеткізе алмаған еврей халқы жақсы түсінсе керек. Адамға не нәрсенің мәнін эмоциялық тұрғыдан жеткізе алатын жалғыз құрал – өнер туындысы, көркем шығарма екенін біз өзіміз де жақсы түсінуміз қажет еді. Тарихи шындықты тарих пәнінен емес, әдебиет пен кинодан үйреніп білген өзіміз емес пе едік?
Мысалы, жазба мұрасы болмаған көшпенді түркілердің Кеңес Одағының «жадын өшіріп, жаңа тұлға жасау» тәжірибесі үшін тамаша нысан болғаны өз мәдениеті мен өз тілінен ұялатын ұрпақ өсіп-жетілгенде ғана аян болды. Араб жазбасына тыйым салып, Кирилл қарпін енгізу арқылы жаппай орыстандыру саясатының тиімді болғаны сонша, 60 жылдардың орта шенінде қазақтар ғана емес, Орталық Азия халықтарының көбі өздерінің 15-20 ғасырлардағы тарихынан мүлдем көз жазып қалды. Бірақ Ілияс Есенберлиннің тоталитарлық жүйенің жылымық сәтін пайдаланып, дер кезінде жазған «Көшпенділер» трилогиясы қазақ ұлтын жаппай мәңгүрттендіру гипнозынан құтқарды десек, ешбір артық болмас. Дарынды жазушының ұшқыр қиялынан туған шығармасын елу жылда өткенін тас ұмытып үлгерген қазақ халқы әлі күнге дейін тарихи дереккөз ретінде қабылдайды.
1987 жылы жарық көрген Анатолий Приставкиннің «Ночевала тучка золотая» Анатолий Рыбаковтың «Дети Арбата» романдары, 1984 жылы түсіріліп, 1987 жылы Канн кинофестивалінің Гранд-при жүлдесіне ие болған Тенгиз Абуладзенің «Покаяние» фильмі – қоғамның Сталин тұлғасына деген көзқарасын түбегейлі өзгертуіне әсер еткен ең алғашқы туындылар. Кеңес заманында өзгеше ойлауға «дәті барған» бірен-саран өнер қайраткерлерінің 80 жылдардың орта шеніндегі бұл бастамасы тамаша еді, бірақ бұл қозғалыс ұзаққа бармады. Билікке Путин келген соң, үзілді-кесілді тоқтатылды. Ал Абуладзенің «Авель-Торнике» дилеммасы біз үшін сол күйінде шешілмей қалды. Яғни, ҚСРО өкіметінің қылмыстарын мойындамай, бізге алға жылжу мүмкін емес екенін 30 жылдан кейін ғана түсінген сияқтымыз.
Бұл тақырыптың қоғамдағы өзектілігін мына мәдени құбылыстан да байқауға болады. Сатыбалды Нарымбетовтің 2008 жылы шыққан «Мұстафа Шоқай» атты фильмінің көптеген факторларға байланысты сапасы жағынан әлсіздеу болса да, қоғамда талай талқылау тудырғаны аян. Алаш, Мұстафа Шоқайдың өмірбаяны – әлі де толығымен зерттелмеген тақырыптар. Дегенмен, Сатыбалды Нарымбетовтің көркемдік тәржімесі көптеген жастарға кешегі тарихымызды қайта қарау қажеттігі жайлы ой салды. Кеңес уақытында білім-тәрбие алған буынның Орталық Азия тарихына, Екінші Дүниежүзілік соғысқа деген көзқарасы бір жақты болса, жаңа заман өкілдерінің осы екі тарихи оқиғаға, яғни фильмнің кейіпкеріне мүлдем басқаша көзқарасы – Кеңес идеологиясының ықпалынан шыға алмай отырған біздер үшін үлкен қадам. Яғни, көркем шығарманың негізгі мақсаты көркем жалғандықпен алдарқату мен білім беруден де бұрын әр көрерменді өзі жайлы ойландыру болса, онда Сатыбалды Нарымбетов суреткер ретінде мақсатына жеткен сияқты.
Әдебиет пен киноның осы ерекше әсерін Кеңес Өкіметінің тиімді қолдана білгені сонша, біздің Екінші Дүние Жүзілік соғысқа деген көзқарасымыз тарихи шындыққа емес, Мосфильм мен Ленфильмнің туындыларына негізделгендей көрінеді. Себебі Нобель сыйлығына ие болған Светлана Алексиевичтің деректі шығармаларын оқығанда, бұл фильмдердің мүлдем басқа адамдар, басқа бір соғыс жайлы екенін түсіне бастайсыз. Қазақстан мен Ресейде Светлана Алексеевичтің Нобель сыйлығын тікелей қазіргі саяси жағдайлармен байланыстыратын адамдар көп, бірақ әдебиет және өнер тұрғысынан қарасақ – ғаламдық деңгейде тіл қатқан шығармаларға ортақ бір нәрсе бар – олардың эстетикасының әсерлілігі. Яғни, мұндай шығармаларға тән үш қасиет: шындық, көркемдік және адамгершілік.
Мысалы, «Шиндлері тізімі» фильмінің негізгі кейіпкерлері – идеалды кейіпкерлер емес, шынайы адамдар. Спилберг көрермендермен сұхбаттасу үшін бірнеше көркемдік әдіс қолданады, соның ішінде ақ және қара түсті таспадағы қызыл пәлтелі сәби – жанашырлық сезімін шырқау шегіне жеткізетін ең күшті әдіс. Спилбергтің бұл шеберлігінің құпиясы неде десек, жауабы қарапайым: оның еврей халқына деген жанашырлығында, оларға деген махаббатында. Ресей Империясынан қоныс аударған еврейлер отбасында дүниеге келген Стивен Спилберг Америкада дүниеге келсе де идиш және орыс тілінде сөйлеп өскен, өз халқының мәдениетін басқа тіл арқылы емес, анасының тілі арқылы таныған, рухани дүниесі өте бай суреткер.
Светлана Алексиевичтің романдары мыңдаған куәгерлердің көзімен соғыс атаулының мағынасыздығын, Кеңес Өкіметінің шылғи өтірігін әшкерелеп берді. Бұл шығармалардағы шындық – журналистік қызметін ауған соғысын зерттеуден бастаған Светлана Алексиевичтің Кеңес Одағының сайқал саясатының құлына айналған миллиондаған адамдарға деген, олардың соқыр сеніміне деген жанашырлығының көрінісі.
Аталған шығармалар ешбір тілде ешбір мәдени не тарихи түсініктемені қажет етпейді. Олардың негізінде бір ұлтты ұлықтау емес, адамгершілік қасиеттерді дәріптеу, адамгершілікке шақыру қағидалары жатыр.
Яғни, қалай дегенмен де, жоғарыда аталған Ілияс Есенберлиннің алпауыт Қытайға төтеп бере алған түркілердің тікелей ұрпағы – ержүрек қазақтар жайлы хикаясы, ұлт жанашыры Сатыбалды Нарымбетов ағамыздың тарихи тұлға жайлы трагедиясы, 20-шы ғасыр тарихына деген ерекше көзқарасы тарихи және эмоциялық тұрғыдан тек қана қазақтарға түсінікті екенін мойындауымыз қажет.
Ал ғаламдық деңгейде сөйлеу үшін не қажет?
Өзбекстанда тыйым салынған жазушы Хамид Исмаиловтың «Жинлар базми» романы 2018 жылдың наурыз айында Ұлыбританияның Tilted Axis Press баспасынан ағылшын тілінде The Devils’ Dance атауымен жарық көрді. Роман репрессияға ұшыраған өзбек жазушысы Абдулла Қадыридің қайғылы өлімі мен оның аяқталмаған, кейіннен із-түссіз жоғалып кеткен «Омар ханның күңі» атты туындысы жайлы. Бұл роман басылып шыға салысымен Батыс жұртының The Guardian, The Financial Times, Asian Book Review сияқты орталық баспаларынан бірнеше жағымды рецензиялар жарық көрді. Хамид Исмаиловтың Орталық Азия тарихы жайлы басқа шығармалары да Батыста оқырман көңілінен бұрын да шыққан еді, бірақ «Жинлар базми» романы өзіне ерекше назар аудартқан тәрізді. Asian Book Review журналында жарияланған рецензиялық мақаланың авторы Питер Гордон былай деп жазыпты: «Хамид Исмаиловтың «Жинлар базми» романы Орталық Азия әдебиетін әлемге Габриель Гарсиа Маркес Латын Америка әдебиетін ашып бергендей бастау болар ма екен? Бұндай құбылыс сирек орын алады, дегенмен, бұл шығарма солай болуға тұрарлық». Меніңше, сыншының бұл пікірі Орталық Азиядан соңғы жүз жылда әлемдік деңгейдегі жазушылардың шықпағанын білдіреді.
Енді Хамид Исмаиловтың өткен ғасырлар жайлы жаңа романы оқырмандарға неге сонша ұнады деген сұраққа жауап іздеп көрелік.
Хамид Исмаилов романында жадымыздан өшуге таяған осы зұлмат жылдардың опасыз бейнесін қайта жандандырып, Сталиннің кейбір халықтарды үрім-бұтағымен құртуға бағытталған сұмдық қылмысын, Сталин жандайшаптарының нағыз бейнесін көрсетіп, олардың құрығына ақыл-ойы үшін түскен құрбандардың қайғылы өлімін бейнелейді. Мазмұны жағынан бұл шығарма ешбір тарихи еңбекке бергісіз дер едім. Дегенмен, бұл туынды тарихи роман емес, бұл шығарманың күші оның көркемдігінде жатыр!
Батыс жұрты – біздің тарихымызды, Сталин тақырыбын біздерден әлдеқайда тереңірек зерттеген жұрт. Американың тарихшысы Стивен Коткиннің 10-15 жылғы тарихи зерттеулерінің нәтижесі 2017 жылы «Сталин» атты үш томдық деректі еңбек болып шықты. Бұл еңбек – әзірге теңдесі жоқ тарихи еңбектердің бірі болып танылды. Оған дейін де күштеп ұжымдастыру, репрессия және ГУЛАГ тақырыптарын әлемге паш еткен Шолохов, Пастернак және Солженицынның шығармашылығы да әлі күнге дейін Батыс оқырмандарының есінде.
Хамид Исмаилов – кеңес заманында дүниеге келіп, кәдімгі орыс-совет білімін алған қаламгер. Батыс баспаларына берген сұхбаттарында сонау 80 жылдардан бері режимнің тас қамалы болған әдеби «қалыптан» құтылып, басқаша жазуға ұмтылғанын талай айтқан екен. Егделеу өзбек қаламгерлері Хамид ағаның алғашқы бір шығармаларын көргенде, «Балам, айдалып кеткің келмесе, бұны ешкімге көрсетпе» деп ессіз жасқа ақыл айтыпты. 1991 жылы Ислам Каримовтың жандайшаптары тілші болып қызмет істеп жүрген Хамид Исмаиловты демократиялық еркін ойлары үшін қудалап, соңына түскен соң, ол алдымен Мәскеуге, содан кейін Францияға, аяғында Ұлыбританияға қашуға мәжбүр болған.
Өзбек жазушысы Абдулла Қадыри 1937 жылы 31 желтоқсан күні қамауға алынып, жұбайы, төрт баласының жүзін көрместен 1938 жылы 4 қазанында бір топ зиялылармен бірге Ташкенттің НКВД түрмесінде қаза тапты. 1957 жылы ақталды. Пайдасы не? Жас өмірі қыршын кетті, бала-шағасы жетім қалды, еңбектері жойылды, ал қаншама тамаша дүниелер жазылмай қалды! Кезінде культтік жазушы саналған Абдулла Қадыри – тек қана Өзбекстанның емес, бүкіл Орталық Азияның мәдени қазынасына үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі еді. Оны түсіну үшін, Мұхтар Әуезовтің: «Мы в молодости зачитывались романами Абдуллы Кадыри. Мы поражались его мастерству лепить человеческие характеры, доносить до нас бурю человеческих страстей, возвышать любовью своих героев" - деген пікірі де жеткілікті болар.
Романның атауы – «Жындар асы» – Абдулла Қадыридың қысқа әңгімесімен аттас, бірақ мағынасы жағынан шығарманың жалпы құрылымымен және тақырыбымен тұтасып жатыр. 30-шы жылдары адам түсінбес жағдайлар орын алып, адамдарды жын-шайтандай шатастырып, бірін біріне соққан Сталиннің құпия қызметін діні мұсылман зиялылар осы екі аяқты тіршілік иелеріне балаған екен. Олардың құйтұрқы әрекеттерінің құйын тәрізді жолындағы барлық адамды іліп ала кететін күшін және осы жын-ойнақтың ортасында басты кейіпкерлерге айналған барша өнер иелерін меңзесе керек.
Романның құрылымын бір сөзбен «оқиға ішіндегі оқиға» деп атауға болады. Автор қос шығарманы қатар баяндаудың тиімді әдісін қолданыпты: оқырман қапастағы Абдулла Қадыридің соңғы жылынан көрініс ала отырып, оның ойындағы оқиға желісін де қоса қуалап отырады. Жазушының бұл романдағы шығармашылық мақсаты бірнешеу: бір жағынан еңбектері ғана емес, аты-жөнін атауға ширек ғасыр тыйым салынған Абдулла Қадыридің бейнесін, екінші жағынан ел аузындағы аңыздарға сүйене отырып, Қадыридың із-түссіз жоғалып кеткен хикаясының оқиғасын жандандыру. Хамид Исмаилов бұл күрделі тақырыпты «көкпар» тақырыбымен, яғни 19-ғасырдағы ұлы Империялар тартысындағы Орталық Азия, хан олжасына айналған ару, біліксіз саясат көкпарындағы зиялы жұрт тағдырымен тиімді ұштастырған.
«Сол жылы күз ерекше әдемі болды» деп басталған оқиға желісі оқырманды қазанның салқын ауасына оранған Ташкент көшелерімен аяңдап үйіне бет алған Абдулла Қадыридың ойларына жетелейді. Абақтыда отырған әріптестері, әсіресе досы Чолпон ақынның жағдайы мазалаған қаламгердің көңілі күпті. Екі айдан кейін, 31 желтоқсан күні кешке НКВД сарбаздары Абдулла Қадыридің үйіне баса-көктеп кіреді.
НКВД құрығынан бұл жолы құтылмайтынын білген азамат қолына кісен салынып, қара көлікке мінген сәттен бастап өзін күтіп тұрған тозаққа, адамгершілік қасиеттерінен жұрдай болған жендеттердің қорлығына төтеп беру үшін, қадір-қасиетінен айрылмау үшін қандай да бір стратегия қажет екенін түйсінеді. Үйде қалған бала-шағасын ойлағанда, қабырғасы одан бетер қайысып, жанын қоярға жер таппайды. Сол сәтте бір нәрсені сезгендей бақтағы қыш пештің ішіне тығып қойған жазбалары есіне түсіп, аяқталмаған шығармасын ойша жалғастыруға бел буады.
Тергеуші Тригуловтың айла-шарғыларының түпкі мақсаты «досье» қалыңдығы емес, қазақты қазаққа, өзбекті өзбекке, орысты орысқа қарсы қою үшін қажетті материал жинау екенін түсінген Абдуллла ешбір құжатқа қол қоймауға, ешбір жалған жаланы мойындамауға бел буады. Тергеу аяқталғанда Тригуловтың сайқал ойынына мойынсұнбаған Абдулла өзіне қаншалықты берік болса да НКВД-ның қанқұйлы шеберлік әдістері оның көркемдік әдістерінен әлдеқайда асып түскенін мойындауға мәжбүр болады.
Романның стиліне қатысты Батыс сыншылары бұл шығармада поэзияның ерекше орын алғанын атауда. Орталық Азия әдебиетінің негізі проза емес, ақындық дәстүр екені белгілі. Хамид Исмаиловтың өзі бірнеше жыр кітабының авторы және шығыс ақындарын, өзбек ауыз әдебиетін, Абдулхамид Чолпонның өлеңдерін орыс тіліне аударған ақын. Романда Чолпон, Нодира мен Увайси ақындығымен қатар автордың өз ақындығы көркемдік бейне сомдау әдістерінен тамаша көрініс тапқан. Автор роман жазу дәстүрінде маңызды деп саналатын кейіпкер келбетін егжей-тегжейлі суреттеу тәсілінен мүлдем бас тартып, керісінше, кейіпкердің келбетін елестету еркіндігін оқырманның қиялына қалдырып, метафоралық, символдық бейне сомдауға көбірек мән берген. Жазушы шеберлігінің қайнар көзі – әрине, Орталық Азия халықтарының өте бай ауыз әдебиеті мен сан ғасырлық ақындық өнері.
Романның басты кейіпкерлерін алар болсақ, әдетте идеал кейіпкер сомдауға әсте ұмтылмайтын Хамид Исмаилов екеуіне де эпос кейіпкерлері сияқты жағымды қасиеттерді сыйлайды. Сұлулығы біреудің олжасына айналып, амалсыздан үш ханның әйелі болған Ойхон «Мың бір түн» аруларының күн тимеген мәрмәр жүзін, құралай көзін, түркі қыздарының сұңғақ сымбаты мен ұстамды ақыл-парасатын енші етіпті. Қырыққа жаңа келген Абдулла Қадыридің ой-өрісі Ислам қағидалары мен шығыс ойшылдарының интеллектуалдық қазынасынан бастау алса, қайраты Алпамыс пен Манасқа бергісіз. Ертегі-аңыз теңеулерін пайдалану, кейіпкердің рухани дүниесін ұлықтау әдісі – әлде бір елес сияқты импрессионистік бейнелер әсерін береді.
Бұл идеал бейнелер көңіліме қона кетті. Жас өмірі қыршын кеткен бала мінезді Мағжан, сері Сәкен, ержүрек Ілияс бейнелері мен үшін әрқашан қасірет шеккен әулиелерге (мученик) тең.
Романның тағы бір жаңашылдығы – феминизм тақырыбында. Романда хан гареміндегі әйел ақындардың шығармашылық өмірінен көріністер берілген. Орталық Азия әдебиетінде гарем күңдері, заты әйел шығарма иелері ешқашан басты кейіпкер болмаған. Ақсақ Темірдің жолын қуып, ғылым мен әдебиеттің дамуына жағдай жасап баққан Омар ханның алтын торындағы Надира-ақын, оның жан құрбысы Увайси-ақынның шынайы бейнелері мен көркем кейіпкер Ойхон арудың арасындағы интеллектуалдық сұхбат НКВД түрмесіндегі зиялылардың «Түркістан симпозиумына» параллель ретінде қолданылған. Екі топ та қапаста, бірақ, Рухани Азат. Өлім аузында тұрып ғылым, өнер, әділдік хақында күй шерткен отыз зиялы лас камерада бір шелекке дәрет алуға мәжбүр болған Сталин дәуірі мен жібек пен сәтенге оранған Омар хан, Мадали және Насрулла Әмірдің алтын сарайындағы қатыгездік, опасыздық, сатқындыққа парапар.
Хамид Исмаиловтың өзі көрген қуғын-сүргін елесі, тарихи деректер мен құжаттар, Абдулла Қадыри жайлы халық аузында жүрген аңыз-әңгімелер негізінде жазылған бұл туынды өзбектің қос қаламгерінің бір ғасырдан кейінгі сырласу сазы тәрізді. Ұшқыр қиялы мен ақындық шабытына ерік берген Хамид Исмаилов бұл әдемі аңызда өнер жолы өліммен аяқталмайтын өнер иелерінің әр нәрседен биік те таза жанын мадақтау, ұлт сүйіктісі – Абдулла Қадыридың асқақ тұлғасын сомдаумен қатар кешегі қайғылы тарихымызды жадымыздан өшірмей, ұрпақ қамын ойлау мақсатын да тамаша жүзеге асырған. Бұндай шығарманы жазуға Хамид Исмаиловтың өз халқының тарихы жайлы терең білімі, өз тіліне, өз мәдениетіне деген махаббаты, ой үшін құрбан болған асыл азаматтардың аруағына деген шексіз құрметі, бәрінен де бұрын – бір ғасырдан аса уақыт өтсе де бақыты ашылмаған өз ұлтына деген жанашырлығы негіз болғаны оқырманға аян.
Хамид Исмайловтың әлемдік деңгейдегі бұл жетістігі – біздің суреткер қауым үшін тамаша жаңалық дер едім. Яғни, бұл деңгейге шығуға біздің де барлық мүмкіншілігіміз бар.
Зәуре Батаева,
Брюссель
Бөлісу: