Ұзынағаш сиезі туралы не білеміз?
Бөлісу:
23 қазан қазақтың алғашқы Уставын (Конституция) жазған, заңгер, жалынды публицист, Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанұлының туған күні. Қайраткердің туған күні қарсаңында оның ғұмырнамасына қатысты кейбір мәліметтерді төл тарихымызға ынтызар оқырман қауымның назарына ұсынуды жөн санадық.
1905 жылдан кейін қазақ зиялылары саналы түрде бірігіп, ұлт-азаттық күресін ұйымдастырды. Патшалық империяға қарсы бағытталған қозғалысты жүзеге асыру барысында түрлі жиындар да ұйымдастырылды. Қазақ ұлтының мүддесін қорғауға арналған келелі жиынның бірі – Ұзынағаш сиезі. Отандық тарих ғылымында Ұзынағаш сиезі, оның саяси маңызы мен нәтижесі туралы дерек жоқтың қасы. Негізі, Ұзынағаш сиезі – Алаш ұлт-азаттық қозғалысы тарихының бір ақтаңдақ беті.
Тарихи дерекке сүйенсек, Ұзынағаш сиезі – әкімшілік басқару жүйесі бойынша Түркістан генерал-губернаторлығына бағынатын Верный, Пішкек, Қапал және Пржевальск уездеріндегі қазақ-қырғыз елінің саяси элиталары қатысқан, Орыс патшалығына қарсы ұйымдастырылған жиын. Аталмыш сиез 1910 жылдың 21 қазанында Верный қаласының жанындағы Ұзынағаш қыстағында өткен. Жиынды ұйымдастырып, делегаттарды жинаған қазақтың саяси қайраткері Барлыбек Сырттанұлы болатын. Петербор Императорлық университетінің түлегі Б.Сырттанұлы 1890 жылы оқуын бітірген соң, Түркістан генерал-губернаторының тілмашы, Қазыналық Палатаның бөлім меңгерушісі, Жетісу облыстық әскери губернаторының басқарма басшысы, ерекше тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунік қызметтерін атқарады. Патша үкіметіне қызмет атқара жүріп, қазақтың мүддесін қорғаған. Оның бір көрінісі – 1905 жылдан кейінгі ұлт-азаттық бағытындағы саяси қадамы. 1905-1908 жылдардағы саяси әрекеті үшін сенімсіз деп табылып, қызметінен босайды. Қызметінен босағаннан кейінгі ұйымдастырған қарсылық жиыны осы – Ұзынағаш сиезі.
Верный уезіне қарайтын Қалы-Құты болысының бұрынғы болысы, прапорщик Ноғайбай Дөөлөтбақов пен белгілі қырғыз манабы Шабдан Жантаев Барлыбек Сырттанұлының идеясын қолдап, қырғыз елінің беделді адамдарын шақырады.
Сиезге қатысушылардың ашық дауыс беруімен сиез төрағалығына Б.Сырттанұлы, хатшылығына Д.Сауранбаев сайланады. Сиездің күн тәртібіндегі негізгі мәселе:
1) жергілікті елге жер үлестіру;
2) жалпы білім беру;
3) сот істері;
4) дін істері мәселелері болған.
Жиынға қатысқандар Патша үкіметінің қазақ пен қырғыз еліне тигізіп отырған зиянын талқылайды. Ауыл-аймақтан арнайы келген азаматтар сиезді ұйымдастырушыларға бірнеше талап қояды: біріншісі – орыс диқандарының қазақ-қырғыз даласына қоныс аударуының жолын қарастыру; екіншісі – қырғыз және қазақ жерлерін шектен тыс отарлауға шектеу қою.
Делегаттардың басым көпшілігі Түркістанда мұсылман діни басқаруын негіздеу, Мемлекеттік Думада қырғыз және қазақтарға басқалармен бірдей өкілдіктер ашу құқығын беру сияқты ұсыныстарын білдіреді. Сиез соңында қатысушылар Жетісу облысында орыстарға қоныс беруді тоқтату үшін патшаға өтініш жіберу керек және ол үшін Петербургқа арнайы делегация жіберілсін, оған кететін шығын үшін әрбір болыстықтан ақша жиналсын, Бұқара әмірінен көмек сұрау және Петербургқа баратын делегацияның құрамына Б. Сырттанұлы мен Д.Сауранбаев кірсін деген шешім шығарады. Сонымен қатар делегацияға барлық инстанцияларға, олардың ішінде Мемлекеттік Думаға я император ІІ Николайдың өзіне кіріп, қазақ-қырғыздарға меншік жер беру және Қоныс аударушылар (Переселенческое) басқармасы тарапынан шұрайлы жерлерді тартып алуды тоқтатуды талап ету тапсырылған.
Колониялық биліктің тосқауыл жасағанына қарамастан, Жетісу облысындағы болыстықтар Петерборға делегат жіберу үшін ақша жинаған. Әрбір болыстықтан 200 сом көлемінде ақша жиналып, облыс бойынша жолсапарға 5000 сом қаржы түскен. Билік органдарында тілмаш ретінде қызмет қылып жүрген интеллигенция өкілдері (мысалы, Тымбай Серікпаев, Найзабек Тулин, Дүр Сауранбаев, Мамбетәлі Мұраталин, Ыбрайым Жайнақұлы, Ешмұхамед Абылханов) Ұзынағаш сиезінде қабылданған шешімдердің мәнін түсіндіруде үлкен рөл атқарды. Б.Сырттанұлы Жетісу қазақ-қырғыздарының талабымен Ұзынағаш съезінің шешімдерін елге жеткізу мақсатында Лепсі, Қапал, Пржевальск, Пішпек уездерін аралап шыққан соң, Пішпектен Петерборға арнайы барады.
Ұзынағаш сиезін ұйымдастырған Н.Дөөлөтбақов көп ұзамай қаза болғандықтан, 1911 жылдың маусымында Қордай жерінде оған ас беріледі. Асқа келген қазақ-қырғыз өкілдері қайтадан жиын өткізіп, отаршыл биліктің кезінде жергілікті елдің құқығын қорғау жолдарын талқылап, бірге әрекет жасауды уәделескен. Жиынға Пішпек уездінің Тынай болыстығынан Д. Сауранбаев, Шабдан Жантаевтың ұлы Мөкүш, Верный уездінің Шамалған болыстығынан М.Измаилов, Үлкен Алматы болыстығынан Б. Әшекеев, Қордай болыстығынан А. Қазыбеков және тағы басқа азаматтар қатысқан. Бұл жиында Жетісу қазақ-қырғыздарының атынан күн сайын қиындап бара жатқан жер мәселесін көтеру мақсатында Петерборға арнайы барған Б. Сырттанұлының талап-өтінішінің сәтсіз аяқталғаны талқыланады. Жиында Д.Сауранбаевтың ұсынымен ресейлік түрк-мұсылман елдерімен бірге әрекет жасау мәселесі қарастырылған.
Ұзынағаш сиезінде көтерілген мәселелердің шешілмей қалуының тағы бір себебі – 1910 жылы екінші рет басылып шыққан ақын, қайраткер М. Дулатұлының «Оян, қазақ» өлеңдер жинағының делегаттарға таратылуы. 1909 – 1910 жылдары бұл кітап оқырмандар арасына аса белгілі болған. Ақынның кітабы тек қазақ елінде ғана емес, қырғыздар арасында да жоғары бағаланып, Верныйдағы тілмаш Ы.Жайнақұлының көмегімен Пішпекке де жеткен. Дәл осы жылы М.Дулатұлы болса жерді отарлау саясатынан сақтап қалу, діңді бұзбау, ғылым-білімге ұмтылуға шақырған кітабы үшін қамауға алынып, қазақ даласында тұру құқығынан айырылып, жер аударылған болатын.
Ұзынағаш сиезі – қазақ-қырғыз саяси элитасының патшалық биліктің отаршылдық саясатына қарсы әрекеті: жер, оқу-ағарту, дін, сот ісі т.с.с. маңызды мәселелерді қарастырған жиын ретінде тарихтағы маңызы зор оқиға.
Елдос ТОҚТАРБАЙ
Бөлісу: