Жұмекен ақынның жұмбақ әлемі
Бөлісу:
Ұнау дейді, кімге ұнау, қалай ұнау?
Мұның бәрі сауал ғой, ағайын-ау.
Жұмекен Нәжімеденов
Жұмекен Нәжімеденов! Бұл көзі тірісінде онға тарта жыр жинағын, үш романын жарыққа шығарған, 1967 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атанған әдебиетіміздегі дара тұлға. Ақын жайлы бәріміз білетін ақиқат осы. Бәріміз білмейтін жәйттер де жеткілікті. Соның бірі, бірі болса да бірегейі Жұмекен жырының көпшілікке түсініксіздігі, «Ей, өлеңім, қараулардан алыс бол, қайғысызға қанша оқысын жатталма» деп әдейі «түсініксіз» жырлар жазғандығы. Мұны біз бұрын социализмге қайшы көрініс болғандықтан ашық айтпай, кейбіріміз ақын беделіне нұқсан келтіретін жағдай деп танып үндемей келдік. Жұмекенді мақтаған кей авторлар осы мәселеге тірелгенде айналып өтіп, не үстінен секіріп өтіп «көлгірсіді». Расында, ақын өлеңін көпшілікке арнап жазбауы коммунистік қоғамның қағидаларына түбегейлі қарсы әрекет болатын. Сондықтан да ол басқа ақындарға қарағанда сыншылардан көп «таяқ» жеген еді. Ақын жырының жалпыға бірдей түсініксіз жазылуы ол үшін бақыт, ал оны түсінбеу, түсінуге тырыспау, көпшіліктің мәдени әзірлігінің жетілмегендігін көрсетеді. Ақын жырының түсініксіздігі ол ұстаған өнернамалық соны бағыт, ол қолданған бейнелеу тәсілінің ерекшелігінен туындайды. Яғни, ол даралығы арқылы тоталитарлық режим құлаған елдердегі өнертанушылардың зерттеу нысанына енді ғана айналған «эзотеричная культура» жасады деп жүрген өнер шеберлерінің санатына сөзсіз кірді. Жұмекен жырының түсініксіздігі сондықтан да қазақ әдебиетінің мақтанышы, ұлтымыздың сұлулықты тану жолындағы бір асқан белесі болып табылады.
Ирландия классигі Уильям Батлер Иейтс «Ақындарды шартты түрде екі поэтикалық топқа жіктеуге болады. Алғашқы топқа: Кольдриж, Шелли, Вордсворт секілді қалам қайраткерлері жатады. Бұл ақындарды адам өмірінде кездесетін әр түрлі әдеттен тыс құбылыстар қызықтырады да қатпары мол, қалтарысы көп адам сезімінің тылсым құпия «жалпыға беймәлім» гәптарын зерттеп сырын ашады. Жырлары оқырманның жанына түскен жараны тура емдейтін рухани дәріге айналады. Бұлар шығармасын саны шектеулі, саналы элитаға арнап жазады. Өзі өлсе де өрнегін алға дамытатын шәкірттерін сырттай тәрбиелеп, соңына өнегелі мектеп қалдырады. Ал поэтикалық келесі топқа негізінен жырау тектестер енеді: Гомер, Гюго, Бернс, Сократт секілділер. Бұлар әмбеге ортақ, «жалпыға мәлім» сезімдерді жырлайды. Махаббат пен ғадауат, батырлық пен ездік, сұлулық пен жексұрындық, өтірік пен шындық басты тақырыптары. Оқырмандары өте мол болады. Шығармаларын жалпақ жұртқа арнап жазғандықтан, соңдарына өздеріне тиесілі мектеп қалдыра алмайды... Бізге, әрине, поэтикалық екі топ бірдей қажет" деп жазады. мен Жұмекеннің құрметті есімін "оқырманның саны шектеулі" алғашқы поэтикалық топқа қосар едім. Өйткені бұл ақын өлеңін ешқашан аудиторияға арнап жазбаған. Оны құлақпен естіп «ой, бәрекелді» деп айта алмайсың. Жырының дәмін көзбен оқып, көкейге тоқып барып бірақ білесің. Ақынның бүкіл өлеңдерінің ішінен жалғыз «Менің Қазақстаным» ғана (әнін жазған Ш. Қалдаяқов) әнге айналуының өзі Жұмекен жырының ауыз бен құлаққа арналмағандығын көрсетіп тұр. Мұны біз ақынның олақтығы емес, қазақ өлеңіне күрделі өрнек, нәзік бедер, әсем бояу әкелу сапарында күресіп жеткен шеберлігі деп тануымыз керек. Ақын көпшілікке түсінікті болу үшін талғамы таяз оқушының көңілін күйттеп аласармайды, оқушысын өзі тұрған биікке «өрмелетіп» өресін шыңдайды. Эстетикалық тәрбие береді. Тегінде, «өнер – өнер үшін» деген айқын таңба (М. Әуезов), анық мақсат тек Жұмекеннің ғана ұстаған бағдары емес, барлық классик атаулының бас иген кредосы, шыққан шыңы.
Кеше ғана бала-ды, балапан-ды,
Бүгін, міне, сол шыбық тал атанды.
Ет жүректің лүпілін жылу еткем,
Жел жағына тосқам-ды алақанды.
Бүртігінің ілкі бір дір еткенін,
үміт көргем, уәйім ғып жүдеп те едім –
шыбық емес,
маң дала, жел өтіне
май шам жаққан кісідей үбектедім.
Талым, міне: түскендей бу-бұлауға,
Мөлт-мөлт етіп тамшысы басында асыл,
Жапырағы жалбырап жасыл-жасыл,
Жел үп етсе – дайын тұр сыбдырауға!
Тірлік заңы:
Жас ғұмыр, тың күш дарып,
тал ұзарып барады, мен қысқарып.
Пышақ, балта – жаудан да жарамсақтан –
тағдыр менің талымды аман сақта!
Тал биік пе, талап кем, денем шақ па –
Көп шындықты танытты өмір көктем...
Сенің де, ұлым, төбеңе қолым жетпеді,
тұлымыңнан сипайын деген шақта.
Бұл «Тфә-тфә» атты өлең. («Менің топырағым» кітабы, «Жазушы», 1985, 54-бет). Ақын халқымыздың «тфә-тфә», деп тіл-сұқтан сақтанып жасайтын қарапайым ырымын өлеңіне өзек етіп алған. Сол арқылы өмірімізде көп кездескенімен біз түйсініп аңғара бермейтін, өткінші мезетте өте шығатын сезімді, яғни ержеткен ұлының төбесіне әке қолының жетпей қалған мезеттегі гәпті аңғартып «жалпыға беймәлім» сырларын мұқият зерттеп ашып береді. Қас қағым сәтте лирикалық кейіпкердің басынан көшкен қайталанбас этно-психологиялық халді соншалықты дәлдікпен бейнелейді. VI ғасырда өмір сүрген қытай ғұламасы Цзянь-вэн «адамның жүрегіндегі түйсік сыртқа сөз арқылы шықса, поэзия болады» дейді. Олай болса, біз бұл өлеңді ақын жүрегіндегі түйсіктің сөз арқылы, ақ қағазға түскен көркем суреті деп те анықтаймыз.
Мұндағы бала әр жыл сайын шешек ататын «өмір көктемінің», кейінгі толқынның, келешектің нышаны. Әке – өлшеулі өмірдің, межелі мерзімнің, аяқталуға қарай тоқтаусыз жылжып бара жатқанын дәлелдейтін жанды бейне, ішкі әлемнің нышаны. Әкенің қолы ержеткен ұлының төбесіне жетпей қалған өткінші мезетте айтылған эмоциялық-экспрессивті «Тфә-тфә» деген сөз өмірдегі құбылыс пен ақынның ішкі әлеміндегі құбылыстың кездесуін білдіретін дерек, екеуара тығыз байланысып бірінің мәнін бірі алма кезек әшкерелеп тұрған ортақ қасиеттің нышаны. Жұмекен ақын осындай өткінші, осындай абстракт, осындай тылсым, осындай нәзік адам жанының бір түкпірінде «сейфте» жатқан сырларды ұшқыр түйсігі арқылы аулап жарыққа шығарады. Ресми «тіркеуге» алады. Қасиетті қаламы арқылы хаят кәусарын ішкізіп, сұлу өмір дарытады. Иейтс ақсақал айтқан «жалпыға беймәлім» болып келген сырларды ашып, «жалпыға мәлім» етіп жариялайды. Жұмекен жырлағанда адам табиғатқа, табиғат адамға айналып кетеді. Біз талдап отырған өлеңде тал мен ұлдың айырмасы білінбейді. Біртұтас. Әлбетте, ақын өлеңін әшекейлеу үшін табиғатты сүреттемейді. Ал өлеңін табиғатпен әшекейлеп жұртқа ұсынатындардың қылығы сән үшін өңіріне сылдырмақ тағатын жас балаға тым ұқсас. Қазіргі қазақ әдебиетінде "көрнекті ақын" деп марапатталғандардың өзі айыға алмай отырған өнердегі бұл «балалық аурудың» зәредей де белгісі Жұмекеннің тұсаукесер «Балуса» жинағының өзінде жоқ болатын. Ақын қарды – қар, шөпті – шөп, шықты – шық деп жазады. Қарды күміске, шөпті кілемге, шықты маржанға теңемейді. Қыздың иегін алтынға теңеуге қарсы болған ұлы Абайдың эстетикалық мұратына мейлінше адал Жұмекен күллі творчествосы арқылы өнердегі жасандылыққа қарсы майдан ашады. «Ойнай алман, ойнай алман сөзбен мен» деп жазған ақын бояуы баттасқан, әсіре жылтырауық сөздерді ұйқасқа тізіп жыр әлемінде жонглерше қақпақылдап ойнайтындарды әредік-әредік мысқылмен түйрейді. Бұл жайында:
Әр кімнің өз жұпары бар,
әр қилы,
болады екен таланттар да бұл елде:
бәз біреуден гүлдің исі аңқиды,
бояу исі бұрқырайды біреуден – дейді.
Адам жанының құпия қойнауларына батыл сапар шегіп талай поэтикалық «америкаларды» ашқан ақынның стильдік құрылымы, ойлау жүйесі, бейнелеу тәсілі мүлде күрделі деп талай айтып, талай жазып жүрміз. Ол аса байқағыш, аңғарымпаз, бақылағыш, сезімтал суреткер. Меніңше, бұл оқшау қасиеттердің бәрі ақын жүрегіне тәңір сыйлаған сезімталдық – мамық сезімталдықтан бастау алған тәрізді. әуеде қалықтаған бір тал мамық қоршаған ортаның сәл лебі, әлсіз әсерінің өзіне тітіркеніп шыркөбелек айналады ғой. Жұмекен ақынның жүрегі де дәл сол бір тал мамықтай қазақия кеңістігінде дамылсыз қалықтапты. Сондықтан ол «ауа райы» күрт құбылмалы келетін бұл кеңістікте болып жатқан әр әсерді басқалардан гөрі ерте сезіп, басқалардан гөрі оқыс тітіркеніп, басқалардан гөрі ауыр қабылдап, басқалардан гөрі айқын да дәл белгілеп кетіпті.
Айсыз қара түндерге ат құлағын қақтырып
Тәуекелдің қолына тағдырымды лақтырып,
талай жорттым жолсызбен, айдалада ақ тымық,
барабанын құлақтық тыныштыққа шақтырып.
Тыныштық па?
Бәлкім үн-дыбыс шығар бұл-дағы,
ауық-ауық жолшының шыңылдаса құлағы?
Сайтан сыбырласқандай қара түнде молдамен,
бір құпия келісіп тапқан сынды болды әлем.
Түсініксіз құр сыбыр:
ескі құран парағын
аударғандай әлдекім – елең қағып қарадым.
Біздің дала кең, шіркін,
адаспасқа жоқ амал:
адасқанда басыңа келген ойдың көбі адал,
сыбдыр естіп қияқтан, сыр түю де қоғадан,
сезім, сезім екен ғой сескену де моладан.
Иесіз қыстау, еңкеу жер, елес беріп не түрлі,
болады-ау жон-арқаңа кірпі аунаған секілді... – дейді ақын «Темірқазық» атты өлеңінде. («Темірқазық» кітабы, «Жазушы», 1982, 18-бет).
Қиыннан қиысқан, қиял мен сезімнің түкпірінен туған сентиментальдығы басым шумақтар. Ақын түнгі далада салт атпен жүрген шағын суреттеп отырған тәрізді. Ал, шынтуайтына келсек, мұнда поэтикалық кеңістікте бір тал мамықтай қалықтап шарлап жүрген ақынның қалтқысыз жанының шынайы бейнесі көрініс тапқан. Ол әлденеден селт етеді, әлденеден тітіркенеді, әлденені түйсінеді, әлденеге елегзиді. Темірқазық жұлдызбен бағдар етіп дамылсыз жол тартады. Темірқазық деп отырғаны өзінің «аппақ ары» екен. Ақын «уақыттың алдына түсіп кеткен радиосигнал секілдімін» дегенде, өзінің осындай әсіре сезімтал халін меңзеп айтқан болу керек. Жұмекен Нәжімеденовтың мұндай өлеңдерін («Тфә-тфә», «Аялдама», «Қан», «Әйкен», т.с.с.) мимен түсініп оқығаннан гөрі жүрекпен түйсініп оқу лазым. Ұлы Абай:
«Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпас сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар» дегендей нағыз өлең, анық сұлулықтың бәрі ақылдан бұрын сезімге әсері зор екендігін мойындап айтқан болуы керек. Жұмекен Нәжімеденов «Күй кітабында» Паганиниге:
Сені бүкіл Европаның «әулиесі» мақтаса,
Ұлы Абайды өсектеді тобықты.
Жақсымызды бетімізге күйе қылып жақпасақ,
Бізде-дағы талай мықты болыпты, – дейді.
Қазақтың күбіртке пысықтық, күйкі мінезін жалғыз шумаққа сыйғызған.
Иә, біз қызық халықпыз. Ұлылықты ылғи сырттан, өзімізден неғұрлым жырақ өлкеден іздейміз. Ішімізде жүргенін көрсек қуанғанның орнына «шошып» кетеміз. Бой теңестіреміз де «қапаланамыз» қортықпыз. Ұлылықты ылғи қыбырлаған тірілерден бұрын ақсөңке болған аруақтардың ортасынан іздейміз. Өйткені олар түрегеліп келіп бізбен «бой теңестіре» алмайды, қауіпсіз. Әлі есімде, қайта құру басталып Солженициннің шығармалары алғаш жарық көре бастағанда біздің сыншылар: «Ой, бәрекелді, сабазым! Қалай қорықпай батыл жазғансың. Әттең сендей жүректі жазушының қазақта болмағаны қандай өкінішті» деп айқайлап алдынан шығып, сөзбен шашу шашты. Бәз біреулер жазушының жер аударылып қазақ даласына келіп кеткендігінің өзін көңілге медеу тұтып, шүкіршілік етіп те жатты. бұл жолдастар осы ойларын тап әдебиетіміздің қамын жегендіктен айтқан жоқ. Солженициннің атағын пайдаланып, қазақ қаламгерлерін мұқатып, көздерін бір түртіп қалу үшін айтқан болатын. Егер олай болмаса, батылдық деп айтатын жағдаяттар қазақ қаламгерлерінің үлесінде де аз емес. Бір ғана мысал. Оралхан Бөкейдің 1974 жылы жазған «Жасын» деген әңгімесінің бас кейіпкерінің «Мальта мен Қазақ ООН-ның төрінде отырады» дейтін саяси қиялын кезінде неге бағаламадық? Егер олай болмаса батылдық пен Жұмекен Нәжімеденнің баллада, толғау, поэмаларының өзегіне айналған саяси-әлеуметтік жаңғырықтарды неге бағаламадық?
Жұмекен ақын «Шаңырақ» атты өлеңінде («Темірқазық» кітабы, 264-бет) Ұлы Отан соғысы мүгедегінің шаңырағында болып жатқан оқиғаларды суреттеу арқылы отаршылдардың «жат қолы» халқымыздың шаңырағын шайқалтып тұрғанын күңіреніп жырлайды. Өлеңдегі бас кейіпкер шалдың аяғы да, көзі де жоқ. Аяғының орнында – ағаш, көзінің орнында – шыны. Бұрынғы заманда шалды «қария» деп сыйлайтын ел енді «соғыс мүгедегі» деп атауға машықтанған мезгіл. Шал бұған да мән бермейді. Алайда, «Шын жыласа адамдар, соқыр көзден жас шығады деген бар». Сол шал бір күні кенет жылайды. Неге дейсіз бе?
Шалдың бір күн әскердегі келді ұлы,
Мерзімінен бұрын келсе – кемдігі;
Төрт башайын шауып апты, ақпанда
Казармада отын жарып жатқанда.
Көршілердің сөздерінен көмескі,
еңк-еңк етіп жылады шал соны естіп.
Шал «шаңырағыма бір сау еркек бітсе» деп армандайды екен.
Соңғы үміті ұлының халі белгілі болды. Сонда шалдың әкесі ше? Шал неге қамығып жылайды?
Сөйтсем, шалдың әкесі де жат қолдан,
О дүниеге мүгедек боп аттанған – дейді ақын.
Шалдың көзін шығарып, аяғын кескен – фашистер, әкесінің қолын шапқан ақ армияның бандылары екен. Ал, бүгін баласының башайын шапқан қызыл аримяның содырлары болып отыр. Осылай бір шаңырақтың еркектері түгелдей «жат қолынан» жараланып келген.
Мүгедектің әкесі де – мүгедек,
Мүгедектің баласы да- мүгедек,
Осы ма еді жеңісінен күткені? – деп ақын сауал тастайды.
Кімді не үшін «жеңіп» жүргенімізді парықтауға шақырады. Расында, соңғы уақытқа дейін әскерге барған қазақтар Кремль корольдерінің саяси құрбандыққа шалатын тірі пешкасына айналып келгені әмбеге аян. Фашизмге қарсы майданды айтпай-ақ қоялық. Кешегі Ауғанстан, Чернобль, бүгінгі Тәжік оқиғалары халқымызға қайтадан қара қағаз оқытып, жаңа мүгедектерді өмірге әкеліп отыр. Ақын бұл сұмдықтың боларын ерте сезінгендей;
Бақыт құсын асырадық кептер ғып,
Бұл тағдырдың бізге берген сыйы нақ,
Майдандардың мүгедегін көп көрдік
Бейбіт күннің мүгедегі қиын-ақ – депті.
Коммунистік қоғамның қызыл туының астындағы шындық Жұмекеннің қаламы тиген кезде осылай ашылып қалады. Оның түсінігінше біздің қазақ – тышқан, ал, бізге саясат жүргізіп отырғандар – мысық. («Темірқазық» кітабы, «Ғұмыр ертегісі», 253-бет). «Тышқанның қанша өмір сүретінін мысық біледі» дейді Жануартану пәнінде бір оқушы мұғаліміне. Ақын осы қалжыңның адамзат арасындағы қазіргі саясатта қағидаға айналып бара жатқанына тіксінеді.
Тышқандардың қанша өмір сүрерін,
Расында мысық қана біле ме?
Неткен ауыр тағдыр еді!
Марқайып
Ғұмыр ма екен тышқандардың ғұмыры,
Тым құрыса, өле алмаса қартайып! – деп абыржыған ақын бізге (қазаққа)
Қағып тастап кекілді,
Мына өмірде бақыт тауып не түрлі,
Сенің бүйтіп жүргенің де, жігітім,
Әлдекімнің тоқтығынан секілді – деп ой тастап өзі жайында:
қанша мәрте соғар екен жүрегім?!
Бірақ, бірақ... мысықтардан шошынам! – деп түйіндейді.
Өйткені бәріміздің тағдырымызды сыртымыздан шешіп отырған:
Мысық – тәбет! Мысық – тілек! Мысық – көз!
Мысық – тірлік! Мысық – табан саясат! бар. Ал мысық – табан саясаттың иесі кім екендігі әмбеге белгілі ғой. Ақын күй атасы Құрманғазының түбіне жеткен жендеттерді «әр кеудеде бір күрес» деп таңбаласа («Темірқазық», 198-бет), Махамбет өмірінің ақырын «Жаңғырық» атты поэмада былайша бейнелейді: («Менің топырағым», 198-бет).
Бас қырқылды, ал сол жолы, кеуде тынды бір түрлі,
басы кеткен кеудедей ел де тынды бір түрлі
жанды жерден жабыла ұр – бәтшағардың жұмысы;
«халық қамын ойлаған»патшалардың жұмысы,
қылт еткенді қыру ед:
біреу өссе маңайдан
ақ патшаның қылышы сілтенеді қалай дәл,
Ұзын еді не деген Европаның қылышы!
Азияда қырқылған шын батырлардың басы әлгі,
Европаға жол шекті салтанатпен жасанды.
Басы кетсе кеуденің – бітіруші ед кеуде не,
бітірері: «байғұс-ай, обал болды-ау» деуде ме?!
Бұл шумақтардан біз Жұмекен қаламы қазіргі біздің ақ таңдақ деп атап жүрген тақырыптарымызға сол кездің өзінде араласқанын байқаймыз.
Ақынның «Алты қаз» атты толғауы («Менің топырағым», 133-бет) Мағжан Жұмабаевтың «Шойын жол» өлеңімен үндес туынды. Мұнда Атырау өңіріне тартылған темір жол, онымен бірге ере келген озық жаңалықпен қатар, отаршылдардың сұғанақ пиғылы нақтылы суреттеледі. Өлеңнің басында ақын момын ел, тыныш дала, тұнық көл, әуелеп ұшқан алты қаздың бейбіт те берекелі өмірін сүйсіне жырлайды. Құм даладағы ғасырлар бойы қалыптасқан бұл мамыражай тіршілікті Атырау мен Астраханның ортасына тартылған «сумаң қаққан болат жол» жалғыз күннің ішінде астаң-кестең етіп өзгертеді. «Тыныштықты жыртып жеп, поезд өткенде зіркілдеп» тіпті қазақтың дастарханында тұрған «шыны ыдыстар да сыңғыр қағады». Мұны көріп таңырқаған ел «су бетінде көгілдір май кілкіп шыға келгенін де» байқайды.
«Ағарды ғой көйлектердің жағасы,
Есесіне қарашы, әне, қарашы;
Ақ бұлақты лай жапты,
дарынды ел
баспен емес, ойлап кетті қарынмен.
Жас ботасын поезд басып өлтіріп,
Бұйда қиып боздап кетті қара інген».
Кешікпей бұдан да сұмдық оқиға болады. «Тұңғыш мәрте мылтық дауысы естіледі. Сөйтсек «Келіп жатқан рюкзакты кісілер» әуеде ұшқан алты қаздың біреуін атқан екен
Әлденеден жасырғандай болды дала көлгірсіп,
Бес қаз келіп қонды сол күн көлге ұшып».
Көп ұзамай екінші рет мылтық дауысы естіледі. Ел құлағы бұл дауысқа үйір бола бастағандай. Бұл жолы ешкім елең етпейді. Тағы бір қаз мерт болған екен. Осылай «мылтық дауысы» қайта-қайта естіліп төрт қазды жайратады. Қырдың елі суде жүзгеніне сұқтанып қарайтын қоңырқазын енді «рюкзакты кісілердің» қайнап жатқан қазанынан көреді.
«Жер де өзгерді кенеп құсап бір түрлі:
Бір қаңқ етіп ымырт шақта сиқырлы,
Қос қоңырқаз әлдеқайда кетті ұшып,
Содан қайтып көрінбеді қаз маңнан,
Қаз кеткелі көл де азған, базданған» дейді ақын.
Есесіне, құмға жаңалық кіреді. Телеграф, газ, су дегендей. Аңқау ел соған қуанады. Ақыры «алты қазды» ұмытып та кетеді. Тұрмыс өзгереді.
Ескіліктен – арба қалды бұл маңда,
Қойдың өзі зорға қалды бұл маңда
Қашып кетті құстың-дағы «адалы»,
Байғыздар мен қарға қалды бұл маңда.
...Тиын деген – мүлік түсті бір түрлі,
алақанға келіп түсті бір түрлі.
Ауыл енді жайрап жатыр жарықтық,
есігіне құлып түсті бір түрлі.
Ағайындас кәсіп екен сауда, ұрлық,
Ұрылармен, саудагермен дау құрдық.
Сиыр сауған қырдың әйелдеріне,
Цистерналап сыра, квас саудырдық.
Біз бұл шындықты бүгін айта бастадық.
«Қашқан жауға қатын батыр» дегендей, қазір айқайымыз күшейіп тұр. Ал, кеше аузымыздан маржанымыз түсетіндей күмілжіп, үндемей қалғанбыз.
Әлбетте, өз жүрегі таза адам ғана өзгенің жүрегінің тазаруына әсер етпек. Жұмекеннің өлеңдегі батылдығы өмірдегі батылдығынан бастау алыпты. Ол жалғыз ұлына жыр пайғамбары Мағжанның есімін беріпті. Ешкімге жалтақтап, ешкімнен сескенбепті. Ақын «Қыран – қия» поэмасында («Қыран – қия» кітабы, «Жалын», 1984, 96-бет) ол жайында былайша бадырайтып жазады:
Сүт бертім мен жалқы ұлыма – білесің,
сол көңілмен таңдап қойдым бір есім.
Абай айтты «Болмасаң да ұқсап бақ»
Таңдадық біз ұлымызға ұлы есім,
ең болмаса есімдері кетпесін деп ұсақтап.
«Балаусадан» (1961 жылы) басталып «Менің топырағыма» (1985 ж.) дейінгі аралықта Жұмекен ақынның қазақ поэзиясындағы жеке әлемі қалыптасқан. Мұнда ақын «Өз көзімен» көріп ашқан «Күй кітабы», «Жоқ, ұмытуға болмайды», «Жарық пен жылу», «Жеті бояу», «Шуақ», «Ашық аспан», «Қыран – қия», «Темірқазық» бар. Бұл өнердегі Жұмекен Нәжімеденнің сұлу да жұмбақ өз әлемі. Жұмбақтығы сұлулықтан туған, сұлулығы жұмбақтықтан туған тылсым әлем. Мұндайда ойға еріксіз жапон жырының алыбы Басе айтқан «Сұлулық – сұлулық туралы айту үшін жаратылмайды» деген тәмсіл еске түседі. Біз поэтика құпиясы жайында бұдан асып ештеңе айта алмаймыз.
Белгілі сыншы Тұрсынжан Шапаев: («Ой түбінде жатқан сөз», «Жазушы», 1989, 17-бет) 80-ші жылдар – шартты түрде «Мұқағали жылдары» болды десек, мұнымыз тым өрескел көріне қоймас. Жырқұмар қауымның ең ыстық ілтипаты да осы жылдары, біздіңше, Мұқағали творчествосына арналды... Енді, шынын айтайық, «Жұмекен дүмпуін» күтуліміз. Және ол дүмпу туа қалса, (тууға тиіс те) оны да заңды құбылыс ретінде қабылдаған жөн. Бұл тек ақынның әдебиеттегі үлкен орнын нақтылап, айқындай түспек, біз бойлап үлгермеген тереңдігін ашпақ» деп жазған болатын.
Сол күн жақындап келеді. Қыр астында.
Ақеділ Тойшанұлы,
«Жұлдыз», 1996 жыл
Бөлісу: