Әділбек Ыбырайымұлы. Парасатты проза
Бөлісу:
табандылар еншісіне жазылған...
Қаламгер Есболат Айдабосынның «Сүлікқара» кітабын оқығаннан кейінгі ойлар.
Әдебиетпен айналысу, оның ішінде проза жазу – ғанибет дүние. Бір қарағанда қара сөз оңай сияқты көрінуі мүмкін, сөйлем құрай алатындардың бәрі жазушы болатындай-ақ сыңайлы. Алайда, мұндай пайым қолына қалам ұстап, столға отырғанда-ақ қате екенін ұғынар. Аузыңнан сөзің қашып, бес-алты сөйлемнен кейін ештеменің ұштығынан ұстай алмай, ауызданбаған тазыдай аңырып қаларсың.
Сондықтан, қара сөз жазудың михнаты өлеңнен қиын әрі сарсылған уақытты басыңнан кешуің тиіс. Үлкен дайындық керек. Неше түрлі сюжеттер миыңда қайшалысып, диалогтар өрбіп, шиеленіскен жағдайға бармай – проза пұшпағынан да ұстатпай, уысыңнан сусып кетеді.
Осындай қияметінен жазушының қалыптасуы ұзақ уақытқа созылады. Жиырма бестің төңірегінде жас ақын атанып жатса, прозадағы жас буын 35-40-та білінеді. «Қыздарға қарағанда ұлдар баяу ер жетеді, әсіресе, алғашқы қырық жылдықта» дегендей, жазушының толысуы бірқыдыру уақытты қажет етеді. Осы аралықта, ет пен терінің арасындағы желігі барлар қаламын да төс қалтасына салып, тыныш отыратын болады.
Менің байқауымша әдебиеттегі жанрдың төресі – проза. Әлемдегі ең танымал қаламгерлердің дені – жазушылар. Ал, кәне, саусақтарыңызды бүгіп санап көріңіздер... Ақындықты әулиеліктің деңгейіне көтергенмен, бәрібір, халыққа қайсысы жақын деген тұрғыда қарасақ, ол қара сөзге дес беріп қояды. Бірақ, ақынжанды қазақ халқының бүгінгі таңда ақындары өте көп. Әрі, әрқайсының өз өресі бар. Әйткенмен, халық тұшымды көркем проза күтіп жүргелі қаша-а-ан?..
Қатарының қалыңдығынан екінші орында – әншілер. Әдебиетшілерге эфир тимегендіктен ақындардың көптігі былайғы жұртқа біліне бермес. Бір кезде (19 ғасырда) Ресейде біздің ақындар тәрізді жазушылар қаптап кетсе керек, сонда Антон Чехов мысқылмен «Жазушы болу оңай. Өзің сияқтыны тауып алып, ұсақ-түйекті бұтып-шатып жаза бер» деген екен.
Керісінше, проза саласында жүргендер-қара сөздің түрендері – қазіргі таңда қазақта тым тапшы. Бұл, жақсылықтың көрінісі болмаса керек. Проза байыптылықты, сабырлылықты, парасаттылықты, суреткерлікті, ең бастысы, қажыр мен көнбістілікті қажет етеді. Осыған шыдау – екінің бірінің қолынан келе бермес. Дегенмен, ара-тұра болса да анда-мында ел ішінен прозашы кездесіп қалады. Сондай көзіңе еріксіз ұшырасатын жанның біреуі – Есболат.
Есболат Айдабосын айналасы бес-алты жылдың аумағында төбе көрсетіп, жұртшылыққа тез танылған қаламгер. Оның бұлай жылдам бойлай өсуі – кісіге жұғымды мінезінен болса керек. Шығармалары да өзінің болмысындай жанға жақын. Өйткені, ұлттық діл мен тінді сақтай білген жадысының естілігінен оқырманды баурай жөнеледі.
Сондықтан, тебінгісі қара терге шылқитын шығармашылық үрдіспен көне сүрлеудің табанына түскен інілеріміздің бірі – Есболат деп айта аламыз. Оның «Сүлікқара» кітабын оқып, көңілді бекемдей «жақсы» деген байлам жасадық.
Осы кітаптан ең бірінші танысқан шығармам – «Ұран» хикаяты. Оның стилі баяндауға құрылған. Үнемі күйші Байсеркенің монологына ұшырайсың. Әрі монотонды жүлгеге түсіп алып, ауытқи қоймайды. Алайда, салмағы бар. Ұлттық рухты түгендейтін, этностық мәйекті ашатын, болмыстық сананы дербестікке жетелейтін қуаты күшті.
Қазақ хандығының шаңырағы көтерілген Қозыбасыға барып күй сарынын, небір сұрапыл әлеуметтік деформацияға түскен қазақтың туа бітті болмысын іздеу – біреуге тосын, біреуге етене. Бұл бүгінгі ұлттық кодты таппай еш жаңғыру болмайтыны айтылғанындай, баба мұратының үнін естімей ұлы күйдің тумайтынын кейіпкер әбден ұққан. Шығарманың кілті де, кілтипаны да осы жерде жатқандай.
Күй айтыстың да оқырман жадында өшіп бара жатқаны рас. Өйткені дәулескер күйшілер санаулы. Күйді күлік жасап, көкейді күмбірлете дүбір салатындар жоқ та болып тұр ғой.
Осы жерде бір айта кететін жайт, ақындар айтысы қазірде қатты ақсап, жадағайлыққа ұрынған. Дайындап әкеген жаттандылары біткенде шыжбақ болған байталдай анда бір, мында бір қақпайланады. Сонда «мында отқан жұрт не дер екен?» деген тақылетте сақаудың тілімен басып жіберетіндері бар. О заман да бұ заман, қазақта «отқан» деген сөз жоқ еді ғой деп аңырасың. Сөйтсек, «отырған» деген сөзді модернизациялап, тұштитқаны екен. Осы бір олақтық ауыз әдебиетінен жазба әдебиетіне көшкен тұста не болмақ? «Ұранда» «Мұнымды біліп жатқан, мұңымды тыңдап отқан ешкім жоқ.» («Сүлікқара», 7-бет) деген сөйлем көңіліме қонбады.
Шығармада Әбіш Кекілбаевтың сарсылмай баяндай беретін әдісі аңқып тұр. Қазақ прозасына қажет жаңа үрдісті іздеп жатқан тұста, бұл бүгінде «оқитындар емес көретіндер заманында» жұрт ықыласын алуға аужал бола алмайды.
Бірақ, осы шығарма автордың ішкі қуатын, ұзаққа талмай шабатын саңлақтығын тап басып тануға мүмкіндік береді. Жазушыға ең керегі кең тыныс, ауқымы ұлыжіңгір диапазон. Ол Есболат інімнің болмысында бар. Жүйрік атты көргенде сыншының көзі қуанатынындай, біздің де бойын жасырған жазушыға назарымыз ауды.
Оның маған ұнағаны – балаларға жазған әңгімесі «Сүлікқара».
Кітапты оқымай тұрып, Сүлікқара аламанның алдын бермейтін толысқан ат екен деп ойлағанмын. Сөйтсем – тай. Тай бола тұра бала көңілінде ерекше орнығады. Және, бүлдіршінді өмірде үлкен мақсаттарға жетуге, дербес қадам жасауға баулиды. Жақсылыққа жаны құмар кейіпкер тағдырдың алғашқы соққыларын көреді. Құтырған түлкінің ауылға қаңғалақтап кеп, Сүлікқараны тістеуі, амалсыз тайды иесінің атып тастауы – тосын шешім. Әрі, таланттар тағдырының тұйықтығы көрінеді. Жазушы жанрды мейлінше ширата алған.
«Қызыл сақа» да ойлы шығарма. Ауыл баласы үшін алшылауық сақадан артық не бар? Ол – жетім өскен Өкірештің қимасы еді. Ақырында әжесі қайтыс болған бала өзге жаққа көшерде досына ұстатып кетеді. Шынайы өмір суреттелген. Кейбір тұстарда ішкі эмоцияны беру жағынан мойны озықтығын танытады.
Жазушының шығармада ситуация (оқиғаны шиеленістіру) жасай алуы – ерекше қабілетінің айғағы. Осы кітаптағы «Азап пен мазақ» әңгімесіндегі оқиға бірқыдыру шиеленіске толы. Жетім балалар үйінде тәрбиеленіп, тәлейдің жазуымен түрмеге түскен Бағым өзінің дәл сол түрмеде туғанын білуі – еш күтпеген жаңалығы. Анасы болса – қыз үшін беймәлім. Түрмеде жүріп құрсақ көтеріп, тұрмеде жүріп босанған ол сыртта отбасы мен екі ұлы бар екенін ойлап, кішкентай сәбиді темір тордағы балабақшаға тастап кетеді. Ал, түрме бастығы әкесі екенін ұққанда қыз – осындай адамнан жаралған өзін жек көреді. Қаражүрек, тоңмойын дүмбілездің санасында ештеме жоқ, қызды көп сотталушының бірі деп қабылдайды. Бұған бойжеткен деп қана қарап, ойына келгенін істеген әкесінің – түрме бастығының түбіне Бағым жетеді, өзіне де қол жұмсайды.
Түрмедегі қыздың басынан кешкендерін сипаттаған әңгіме мазмұны мен сюжеті жағынан оқшау шығарманың бірі. Әттең, орындалу амалы – баяндауға құрылған. Осы тәсілден қашып, оқырман оқиғаның ішінде бірге ілесіп жүретіндей суреткерлікке салғанда, ол әлдеқайда жанды да шымыр болып шығар ма еді. Бір жақты баяндау мен хаттар әңгіменің ажарын солғындатып тұр. Сондай-ақ, тақырып қасаңдау, көркем шығармаға журналистикалық реңк беретіндей. Бірақ соңы көркемдік шешіммен аяқталады. «Темір тордың арғы жағындағы балабақшадан әлдебір нәрестенің шырқыраған дауысы естілді. Қарғалар қайтадан өршеленіп шулай бастады. Туа сала түрменің ауасын жұтқан адамзат баласын тап бір табалап, мазақтап жатқандай қарқылдады» («Сүлікқара», 143-бет).
Бағым да осы бір беймәлім сәбидей түрмеде туып, түрмедегі балабақшада тәрбиеленген. Сосын, балалар үйіне жөнелтіліп, тәлейдің жазуымен қайтадан түрмеге түсті. Осы жерде көз жұмды. Бірақ, тіршілік жалғасуда. Алдағы тағдыры күрделі тағы бір сәби түрменің ішіндегі бақшада шырылдап жылап жатыр. Бағымның кебін кимесіне кім кепіл?..
«Жаманты» ауылын – «Жақсы», өзенін – «Ұлысу» атап жіберген ақылды да ибалы аналарымыз. Билік өкілдерімен бәтуаласпай-ақ ауыз екі тілде ономастика жайын оп-оңай шешулерінің басты себебі – Жаманқұл деген қайынағаларының болуы. Мәселе осында ғана. Мұндай ұлттық ұғым мен өлшемдерді жоғары қойған, иманы бұзылмаған елде жүргенімізді мына сөйлемнен және аңғарасың: «...Оған дейін келінімнің жерігі тарқамақ түгіл, туып алар. Берсең, мінекей... Буаз қатынның ақүрпігі, – деп, қазақы ердің қасына ілінген он алтының басына бір құлаш ақ кездемені келінге орамал жапқандай тастай салды» («Сүлікқара», 36-бет). Жүкті әйел аңның етіне жерігі артып, саңы ауса – аңшыға жолы деп, жоралғысын беріп еттен ауыз тиеді екен. Кәдесін ұсынбаған жағдайда аңшы мылтығының оғы қиыс кетіп, қақпаны ештеме қаппай қырсық шалады деген ұғым қалыптасқан. Осы бір біз ұзақ түсіндіріп отырған кәде-жоралғыны көненің көздері «ақүрпік» деп бір-ақ ауыз сөзбен атаған.
Ұлттық ұғымның қаймағы бұзылмағаны – құндылықтың қашпағаны ғой. Жоғарыда біз мысал ретінде келтірілген сөйлемде «...қазақы ердің қасына ілінген он алтының басына бір құлаш ақ кездемені келінге орамал жапқандай тастай салды» деген сөздер бар. Осы жердегі «он алты» он алтыншы калибрлі мылтықты білдіреді. Бір әттеңайы қазақта «мылтықтың басы» деп айтылмайды, «ұңғы» деп аталады. Ал, сабы – дүм.
Бұл техникалық терминге жатқандықтан, алдағы уақытта Есболат есінде ұстар.
«Ұлыма» әңгімесі үйреншікті өмірге ұқсамайтын тірлік кешкен тәлей иелерін сомдаған. Бұл шығармада ұлттық психологиялық иірімдер мен аңшылық саласына тән құпиялы тұстар айнымай суреттелген. Ондағы жемсауы үлкен обыр пенделерден түз киесін қорғаған қарапайым жандардың қайсар қадамы – сүйінтеді. Өркениет алдындағы адамзат жауапкершілігіне өресі жетпейтіндерге басты қаһармандар өлтіре соққы береді.
Сөйтіп, ұлттық жады, бүгінгі көкейкесті жайттар қабат өріліп отырады. Және ибалы да иманды ұғымдық өлшем мен қазіргі ашкөздік пиғыл екеуінің арасындағы өмірі бітіспейтін қайшылықты көресің. Әңгіме сонысымен құнды.
Кеше ғана қаламгерге екінші қайтара «Алтын қалам» бәйгесін алып беріп отырған «Ит тірлік» әңгімесі де халқымыздың саяткерлік салтына арналған. Түлкі алғыш шитазы Ызғыттың басынан кешкені мен өткергені – туа бітті құмарлығы мен қарау ниет иесінің кесепаты.
Әңгіменің сыртқы нобайы да өзгешелеу. Олай дейтініміз өзі шағын дүние бола тұра бірнеше тақырыпшаларға бөлінген: «Ызғыт», «Киізбет», «Ызғыт», «Кенжәлі», «Ызғыт пен Кенжәлі», «Ызғыт пен Киізбет», «Ызғыт, Кенжәлі және Киізбет», «Киізбет», «Ызғыт». Байқап отырғанымыздай тақырыптар бірнеше дүркін қайталанады әрі олар кейіпкерлердің есімдерімен аталған. «Ызғыт» десе сол бөлімшеде тазы туралы сөз етіледі. Яғни, жазушы қай тұста кімді баса көрсеткісі келсе, соның есімін тақырыпқа шығарған. Бұл да оқырманның мазмұнды сіңіре қабылдауына жасалған ұтымды қадам.
Қырғыз досы көршісінен қызғанышпен ұрлап әкеп Киізбетке берген кішкентай күшік, аңсақ болып өсті. Оның бойындағы бар кінәраты – ұрғашылығы. Ызғыт алғаш үйіккенде үйінің айналасына толып кеткен төбеттердің тобыры иесінің намысына тиді. Қолына түскен айыр, бақанмен бөтен иттерді түре қуды. Ақыры онысынан ештеме өнбейтінін ұғып, Киізбет қаншықты үйікпейтіндей етіп, тіктіріп тастады. Өйткені оған түз төсінде жүріп сауық құрған саяткерлік өмірі қымбат еді. Ал, саяткерліктің сәнін шитазы Ызғыт кіргізбек.
Осындай менмендік пен қараулыққа толы пиғылдан жаратушының рахымымен ұрпақ өрбітуі тиіс қаншық ит соңынан күшік ілестіре алмады. Өмірге деген құмарлығы басылмаған қалпы аңсары әлденеге құлап, ит екеш ит те үрпін сорған күшігіне еміренгісі келді. Бірақ оған пенделердің харакетінен жете алар емес. Енді, міне, бүрге талап алжыған уағында ит ататын жаман орыстар қарауылға алды. Мылтық үні тарс етіп бүйіріне оқ тиді. Жан таласа өз қабарығасын өзі қауып-қауып арпалысып жатқанында, кенет, маңында ойнап жүрген Киізбеттің жалғыз ұлын назары шалды. Бет-аузын қан жуып кетіпті.
Сөйтіп, ит атқыштар алжудың алдындағы итақайды көздейміз деп, оның төңірегінде ойнап жүрген бес-алты жасар баланы аңдамай опат етті. Құдайдың жаратқанына қарсы тұрған Киізбет өзі де зар қақсап ұрпақсыз қалды. Ол да – бір, соңынан күшік ілестіре алмаған Ызғыт та – бір.
Жазушы өз қызығын ғана қуалап, өзгеге жол бермеген тоғышарлар өмірінің ақыры осылай екенін меңзеген. Оның ерекше мінез иесі болғанын қаламгер «Әлгі долы адамның ашулана боқтағанын, мұрынын бырқырата бір тартып алып, жерге жалп еткізіп түкіргенін, ол түкірікке дән арқалап бара жатқан қара құмырсқа малтығып қалғанын көрген жоқ» («Сүлікқара», 144-бет) деп суреттейді. Осы ұсқынымен-ақ өз дегенін ғана орындайтын, төңірегіндегі өзгенің тірлігі жырына да кірмейтін, қатысы жоқ қарапайым өзгелерге залалы да ас та төк екенін тұспалдай бересің.
Есболаттың қаламы төселгеніне сүйініп отырған кездерде ара-тұра «әттең» деп қынжылатының бар. «Екіден үшке шыққан, ұясына толар-толмас жастағы Ызғытты ғана қоржынға тығып салды» («Сүлікқара», 155-бет) деген сөйлем, ысылмаған ауыздан шыққандай әсер қалдырады. Біріншіден, иттің жасын екіде, үште деп айтпайды. «Бір қар басты», «екі қар басты» деп, қанша қысты өткергенімен өлшейді. Яғни, аңшылық маусымға қанша мәрте қатысқанын мағлұмдайды. Екіншіден, «ұясына толды» деп қазақ сөйлемеген. «Үйіне жетті» немесе «үйіне жетпеген күшік» деп айтады. Демек, үйіне жетсе – бір жасқа толғаны. Ал мына жердегі «Екіден үшке шыққан, ұясына толар-толмас жастағы» деген сөз көкейге қонбайды.
Мені жақсы әсерге бөлеген шығарма – «Тибет аруы» эссесі. Шілдің қиындай шашылған қазақ ұрпағы қайда қалмаған. Соның біреуі – Тибетте туған абақ керейдің қызы Қамар. Ол Қазақстаннан Бейжіңге оқу іздеп барған жігіттің отбасымен метрода танысады. Алыстағы өз отбасын сағынды ма, әлде қазақы тек қандастарын көрген соң бүйрегі бұрды ма, ағалы-қарындастай араласып кетті. Үйелмелі-сүйелмелі екі кішкене ұлмен қатар қазақтың рухты асқақтататын өлеңдерін жаттай бастады. Сәбилердің өлеңді жатқа айтқан сәтін әлденеше рет смартфонына түсіріп алды. Бірде оны кездейсоқ өзге жігітпен кетіп бара жатқанын көріп, ағасына айналған азаматтың көңілі алабұртты. Енді бір үйлеріне келгендерінде аралас неке туралы сөз қозғап, қазақ жігіттерінің Бейжіңде көп екенін ескертті. Осы кездесуден кейін Қамардың қатынасы үзілді. Ара-тұра ол жайлы ойлап қоятын. Білім іздеп барған жігіт оқуын бітіріп, елге қайтып келді. Төрт-бес жылдан кейін дәм тартып Бейжіңге қайыра соғудың реті түсті. Тағы да сол жер асты жолымен келе жатқан. Кенет өзіне сонша жақын үн естілді.
«Ей, тәкәппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы!»
О, тоба, Қасымның өлеңі. Құдіретіңнен айналайын қазақтың қайсар ақыны жазған жауһар жырды жыпырлаған қытайдың ішінде айтып жатқан кім болды екен? Өңім бе, әлде түсім бе? Аяғымның ұшынан тұрып, кеңірдегімді созып жан-жағыма қарай бастадым. Жатаған келген қытай азаматтарының төбесінен көз асырғаныммен, іздегенімді таба аламадым. Осы кезде әлгі өлеңші бала тағы бастады.
«Қараңғы қазық көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам.
Надандықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам?..»
Сұлтанмахмұттың жақұт жыры. Енді күмәнім қалмады. Қой, бөгелуге болмас. Мына бір бала қазақ болса барып бетінен сүйейін, әке-шешесінің қолын алайын, қытай болса оны көрейін. Көзім жасаурап, жүрегім атқақтап елді кимелей жаңағы дауыс шыққан жаққа өнімсіз жылжыдым. Мұнымды жұмыстан шаршап қайтып бара жатқан өзге жұрттар жақтырмай кірпіше жиырылып жатыр. Оған қарайтын мен жоқ, елдің аяғын өкшеммен басып-жаншып, әркімнен бір кешірім сұрап ілгерілеп келем.
Метро есігіне тақау орындықта ақсұр келіншек отыр, шашы желкесіне түскен толықтау жігіт оған басын сүйеп қалғып кетіпті, күйеуі секілді. Келіншектің алдында басын тықырлап алғызған, тек шүйдесіне айдар қойған үш-төрт жастағы бала. Тақылдап тақпақ айтып отырған сол сабаз. Ара-тұра қолындағы ұялы телефонын қосады да жоғары көтеріп тыңдайды. Ол дыбыс та көпшілікке анық естіліп тұр, телефонның ішінде бір бала әлгі тақпақты айтып жатыр. Бірақ ол баланың даусы мен мына баланың даусы ұқсамайды. Оныкі қазақы дауыс... Толағайдың дауысы! Иә, иә... өзімнің үлкен ұлым, өзім жаттатқан өлеңдерді айтып жатыр. Ал мына тақырбас кім сонда?» («Сүлікқара», 225-бет).
«Тибет аруы» өзге шығармаларға қарағанда рухы асқақ туынды. Ұлтын сүюдің нақты көрінісі жатыр әрі мәңгілік құндылықтарымызды қадірлеудің, оны ұлт жадысына ажырамастай сіңірудің қарапайым түрлері бейнелі суреттелген.
Қамар ағасының айтқан ақылын тыңдап, қазақ жігітімен тұрмыс құрды ма, құрмады ма – ол жағы нақты белгісіз. Белгілісі – ұрпағын қазақы нақышта тәрбиелеуі. Еврей жұртында әкесі кім болса да жөйіттің қызынан туған балалардың бәрі яхуди болып кетуінің себебі осында жатса керек. Аналар мықты болса, кез келген ұлтты қайта тірілтіп, өркениет көшінің алдына шығара алады. Жазушының негізгі айтпағы – бүгінгі қазақ қыздарының шынайы қазақ ұлтын қалыптастырудағы құдай алдындағы жауапкершілігі зор екендігі.
Орыс империясы дәті берік, ділі мықты ұлтты құрту үшін ер-азаматтарын қырып тастау емес, әйелдерін аздырып, тура жолдан тайдыру – этностың көзін жоюдың төте жолы екенін білді. Сондықтан ибалы қазақ қыздарының бетін ашып, басынан орамалын алды. Сол-ақ екен олар өз тілі мен дінін ұмытып, туған балаларын жат мәдениетпен тәрбиеледі. Жарықтық, Бейімбет Майлин «Раушан коммунисін» жылап отырып жазды. Ол шығарманы тура мағынасында емес, ауыспалы мағынасында қабылдау керек. Ұлттық жадысынан айырылған әйел қанша тырысса да (тіпті тырыспайды да) болмысы нағыз қазақы ұрпақ тәрбиелей алмайды. Оны бүгінгі тәуелсіздік жылдарымызда қатты сезініп, соның кесірін көріп, кешіп келеміз.
Шығарма осындай күрделі әлеуметтік мәселені көркем әрі әсерлі қозғаған. «Тибет аруы» Есболаттың шоқтығы биік шығармасы екеніне қол қоямын.
Эссе жанры қазақ әдебиетінде қанатын кеңге жая қоймаған сала. Алғаш Сапар Байжановтың «Ұлыма хат» деген эссесін «Жұлдыз» жорналынан өткен ғасырдың 80-інші жылдарының басында оқып едім. Ол – публицистикаға жақын сарында жазылған-тын. Онымен салыстырғанда «Тибет аруы» әлдеқайда соқталы. Көркемдік деңгейі жоғары, арқалаған жүгі ауыр. Эссе – новелланың әпкесі, әңгіменің қарындасы болуы керек деп ойлаймын.
Қаламына үкі тағып, қиялы мен ойын өміріне азық еткен Есболат бауырыма, ұлттық әдебиетті қарыштатуда жал-құйрығы сүзілген саңлақтай суырыла бер дегім келеді. Өйткені, парасатты проза, тегеурінділер мен табандылардың ғана еншісіне жазылған.
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Бөлісу: