Марфуға Бектемірова: Сүйген болсаң (өлеңдер)

Бөлісу:

12.11.2018 6685

Биыл қазақтың талантты ақын қызы, қаламы жүйрік журналист, аудармашы Марфуға Бектемірованың туғанына 60 жыл толды. Өмірден ерте кеткен қаламгердің соңында қазақ және орыс тілдерінде жазылған мол рухани қазынасы қалды. Ақынның бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.

Сүйген болсаң...

Жақында сен қасыма,

Бір тамшы боп,

Қосыл менің жасыма.

Қол ұстасып,

Сонау қырдан қайталық,

Ғашықтардан,

Сәлем айтып ғасырға.

Сүйген болсаң...

Түсін менің жанымды,

Нөсері көп,

Мен жүрген жер жауынды.

Қорғамасаң,

Сүйгеніңді қайтейін,

Көріп тұрып,

Аңдып тұрған жауымды.

Сүйген болсаң...

Мені жаным ұмытпа,

Жақұтыңмын,

Жата берер тұнықта.

Сезейін мен,

Ерініңнің ыстығын,

Маңдайымнан,

Сүйші менің суықта.

Сүйген болсаң...

Шақыр мені қасыңа,

Бөлеп таста,

Мені мөлдір жасыңа.

Өшірілмес,

Өлең болып қалайық,

Тым болмаса,

Туған жердің тасында.

НҰРЛЫ ӨЗЕН

Тоқтамай, зулай өтіп жыраменен,

Ағады, үнсіз ғана жылап өзен.

Өткен бір қымбат күнді еске салып,

Нұрлы өзен ағып жатыр Нұра деген.

Сырымды мен айтайын, сұра менен,

Жоқ шығар сендей өзен сірә, терең.

Жүрегім лүпілдейді...ол неліктен,

Нұрлы өзен, айтшы соны Нұра деген.

Жаныңды түсінбесем, кінә менен,

Жүзімді мөлдір сумен жуа берем.

Қай жаққа сонша асығып бара жатсың,

Нұрлы өзен, айтшы маған Нұра деген.

Қай өзен қылығымды қылады елең,

Күн болып кейде аспанға шыға келем.

Жанары жалт-жұлт етіп көз алдымда,

Нұрлы өзен ағып жатыр, Нұра деген.

БІР ҒАНИБЕТ - ӨЛЕҢ ЖАЗУ ӨМІРДЕ

Бір ғанибет – өлең жазу өмірде,

Тұрған кезде... тербеліп ай төріңде.

Аз ғана күн келгеніңді сезесің,

Бұл жалғанның қызығынан көруге.

Бұл жалғанның қайғысынан ішуге,

От болса ол – өзегіне түсуге.

Жалғыз-жарым жапырақтай сарғайып,

Тұрған кезде көк орманның ішінде.

Ұлы өмірдің ұлылығын сезіну,

Сезіну де, жалғандықтан безіну.

Жан-тәніңмен ысып-суып бұлқыну,

Жаман көздің ұшығынан көздігу.

Бір ғанибет уды жырмен тарқату,

Ләззат табу, өлеңіңнен бал тату.

Жауларыңа жұмбақ болып көріну,

Осал емес екендігіңді байқату.

Айлы түнде ақ айдынмен үндесу,

Шабыттану, құдіретпен тілдесу.

Жалғыз жылап, жалғыз жүру жапанда,

Дала кезу, белуардан гүл кешу...

КӨҢІЛІН КІР ШАЛМАҒАН

Қазақтың көрнекті жазушысы, мәдениет және қоғам қайраткері Уәлихан Қалижанға

Дала да кең қарасаң,

Өмір де кең,

Бір қымбат дүние бар,

Көрінбеген.

Мансапта емес,

Атақ та, байлықта емес,

Бақыт деген,

Кішкентай көңілде екен.

Қиын екен,

Көңілді қайтарғанда,

Өмір суық...

Қыс айы қаңтардан да.

Періштем,

Жылап тұрған менің талай,

Күші жетпей,

Құтырған сайтандарға.

Шайқай ма екен,

Өмірдің сан ырғағы,

Біреу айтқан сөзінен жаңылады.

«Қолымнан келмейді»...

Деген сөздің бәрі өтірік,

Көңіл болса,

Бәрі де табылады.

Не істейді,

Қолынан келмесе егер,

Күншілдер,

Күбірлеген сөзге сенер.

Көрмегенсіп жүргендер жүре берсін,

Сіз көрдіңіз,

«Соқырлар» көрмесе егер.

Оң көзімен,

Қарады-ау сірә, маған,

Көңілін,

Кір шалмаған бір-ақ адам.

Қол ұшын,

Кім береді ақындарға?

Жыламаған,

Ештеңе сұрамаған.

Бәрі де,

Бір Алланың ісі емес пе,

Көргенім,

Бұл дүниеден түс емес пе?

Сізді көрсем маңдайы жарқыраған,

Қазақтың,

Кең жайлауы түседі еске.

ЖАСТЫҚ ДӘУРЕН

Бар азабың,

Ұмытылған бір күні,

Қайта оралар,

Қоңыр күндер үкілі.

Жүрегіме қымбат кейде, содан ба,

Будақтаған,

Туған үйдің түтіні.

Жылағаны,

Жас қайыңның бүлдіршін,

Жалт еткізген,

Елес пе еді, кім білсін?

Кеш келетін,

Қуаныш па, қайғы ма?

Жүрегімнен,

Кетпей қойды бір дүрсіл.

Жапырақтар,

Сілкінетін дүр көктем,

Жастық дәурен...

Жағасында жыр төккен.

Бәрі соның...

Түске еніп, жанымда,

Сыңар қанат,

Сағыныш боп жүр көкем.

МЕНДІК ҒАСЫР

Мендік ғасыр,

Келемін жырлап әлі,

Құлақ қойып,

Күйіңді тыңдағалы.

Өмір өтер...

Батырдан ерлік қалар,

Ал жастықтан,

Мәңгілік жыр қалады.

Арман көші,

Ұласар ғасырларға,

Жазу керек,

Жүректе жасын барда.

Жастық шақтың жырлары-

Мәңгі жырлар,

Өжеттенбей,

Өрлемей басылған ба?

Мендік ғасыр,

Өтінем, деме мені,

Арманымның-

Ақ желкен кемелері.

Менің асау,

Жас тұлпар жастығымды,

Кең далада,

Көсілту керек еді.

Құлағыма,

Тұндырып қырдағы әнді,

Жылап тұрып,

Ұнатам жырлағанды.

Тұлпар-уақыт,

Тыпыршып тұяқтары,

Бір орнында,

Қинайды тұрмағаны.

Тұнық күйге,

Толтырып әлемімді,

Қанатыма,

Байлайын әдемі үнді.

Мендік ғасыр,

Жастықтың жас арманы,

Желкілдетші,

Жап-жасыл желегіңді.

КЕЛЕМІН АРАЛАП КӨКШЕНІ

Тәнімді сипаса көк шөбі,

Жас көңіл ләззатты көкседі.

Жап-жасыл шалғынға малынып,

Келемін аралап Көкшені.

О, Көкше, туған жер, мекенім,

Білмеймін қандай дерт екенін?

Сағынсам көзіме жас келіп,

Көрінсең елжіреп кетемін.

Жап-жасыл жапырақ жамылған,

Аттанғам ауылдан, ауылдан.

Қорған боп тұратын алыстан,

Айналдым көгілдір тауыңнан.

«Меңіреу», «Құл өлген», «Күйікті»,

Құлының бәрін де сүйіпті.

Аққуын көлінде таранған,

Далаңда жүгірген киікті.

«Құр ойнақ», «Қырғы өлең», «Балықтым»,

Сендерсіз өмірден жалықтым.

Туған жер-анамды ақ шашты,

Келеді әлемге танытқым.

Бурабай, Шортандым – анашым,

Сағынған, сағынтқан баласын.

Тәп-тәтті ұйқымнан оятып,

Жанымды әуреге саласың.

Жалтылдап жататын Жөкейім,

Өлеңмен аялап өтейін.

Өзіңе арнаған әнімді,

Ақырын жүректе шертейін.

Біржандай сұңқардың мекені,

Әр күні аңыз бен ертегі.

Мен сенен күтпеймін көп құрмет,

Қызым деп атасаң жетеді.

Сұлудың сұлуы ең Көксеңгір,

Мәңгілік көгерген көктем бұл.

Кеудеңе бұлақ боп ағылсын,

Төсіңе Марфуғаң төккен жыр.

Тамызда тамылжыр өлкеміз,

Сағымы шайқалған көл-теңіз.

Ғашық боп қаларың күмәнсіз,

Көксеңгір даласын көрсеңіз.

Көзінде жататын терең мұң,

О, менің Зерендім,Зерендім!

Өзіңде біраз жыл қонақ боп,

Інжуін шашқан ем өлеңнің.

Көрнекті, Бурабай, Шортанды,

Өзіңде атырдым әр таңды.

Алыста жүрген бір ботаңа,

Туған жер, бере гөр батаңды.

ӨЛЕҢІМ, АСЫЛ ТЕКТІ ПЕРҒАУЫНДАЙ

Біреудің тіреп тұрған ағасы бар,

Теңізге шықса бірге ала шығар.

Біреулер өсек айтып күнін көрер,

Оны айтпаса аузына жара шығар.

Бір қадам алға бассам, ысқырынып,

Жылан жатар алдымда ала шұбар.

Дұшпаным көп неліктен, наданға да,

Табылып жатқан кезде жанашырлар?

Біреуді біреу бүгін жетектейді,

Жүзге бөліп, жүз рет бөлшектейді.

Өздерінің есегін тұлпар санап,

Өзгенікін есек деп есептейді.

Байлығы бар, даңқы бар осыларға,

Бұл өмірде білмеймін не жетпейді?

Көтерсек бізден асып кетеді деп,

Күннің көзін қалқалап көрсетпейді.

Құлағымда күншілдер ызың қағып,

Қызғанады кетердей қызыр дарып.

Жалғыз мендей осынау теңіздегі,

Қолға түспей жүретін қызыл балық.

Қай ауылда жүрсем де халық бірақ,

Алыстан-ақ жатады қызын танып.

Маска киіп бетіне жүргендерден,

Алла алдында әйтеуір жүзім жарық.

Бірі күліп жатқанда, бірі жылап,

Қызғанышсыз кеудемнің түні- жұмақ.

Күншілдер де жүреді тамақ тауып,

Сыртымыздан ауызы жыбырлап.

Елдің жүгін көтерген ақындардың,

Ауыр болар иықта жүгі бірақ.

Ақынмын деп айтуға хақым да бар,

Жаратқанға тұрса егер жырым ұнап.

Көргенмін, көрем талай тақ таласын,

Мейлің мені надандар мақтамасын.

Сыртымнан жала жауып жүрген жандар,

Алдымен өз күнәсін ақтап алсын.

Біреулер жағама кеп жармасады,

Өзінен мұндай байлық таппағансын.

Өлеңім, асыл текті перғауындай,

Мәңгілік саркофагта сақталасың.

Астана қаласы

Бөлісу:

Көп оқылғандар