Мен – мәңгі өмір ұшқыны...

Бөлісу:

16.11.2018 3875

Ғаббас өзінің көркемдік шеберлік әдісін, стилін, мәнер таңбасын таба алмай біраз жүрді. Оған бір жағынан, әдебиеттің қара шаңырағы Алматыдан шалғайдағы кішкентай ауылда өскені себеп болса, екіншіден, сол үгітшілдік, насихатшылық міндетін бірыңғай жалпылама түсінушілігі себеп болды.

1948 жылы оның Алматыға баратын жұмысы болып, мен оған Қасым Аманжоловқа тапсыр деп хат бердім. Қайтып келген соң: «Апыр-ай, Сыреке, нағыз ақын Қасекең екен ғой. «Дауылын» оқығанмен, өзінің қандай адам екенін білмеуші едім. Шиыршық атқан күш пен бұлқынып тұрған жүрек екен», - деп келді. Аманжол Рақымжанның Қасымымен дидарласу Ғаббастың жүрегінде өмір бақи өшпес із қалдырды.

Сол сапарынан кейін ол көп оқитынды, көп ізденетінді, өлеңін қайта-қайта түзеп, редакциядағы жұрттың тезіне салып, содан кейін ғана газетке ұсынатынды шығарды. «Қасекең мұның жынын басып жіберген екен» деп күліп жүрдік.

Оның ақындық мәнері күрт өзгермегенімен, бірте-бірте ескі теңеу, эпитеттердің, тұп-тура салыстырма әдістің орнын ойшылдық көркем образдылық, сезім әсерлілігі баса бастады. Енді оның жырларында сыршылдық әуен пайда болды.

Жап-жасыл еді жапырақ,

Алтынға бөкті күз келіп.

Не керек, бірақ қалтырап,

Жүз тірілді, жүз өліп.

Суық жел соқты ызғырық,

Жапырақ түсті үзіліп.

Көтеріп алды қыз күліп:

«Біттің бе?» деді сызылып.

Өмірде менің тілерім,

Болмасын жырым жапырақ.

Қорқады содан жүрегім,

Жапырақтай қалтырап.

Өлеңге деген осы бір махаббат, қамқорлық тауқыметі оған ақындық үлкен жауапкершілік мойындатты.

Алматыда төрт жыл оқуы және одан кейінгі жылдарда да жыр жәрмеңкесіне тікелей араласуы, үлкеннен пікір, кішіден тықыр естуі оны одан бетер қайрап, қамшылай түседі. Ол енді өлеңді аз болса да дәмді, мәнді қылып жазуға тырысты.

Ауыз әдебиеті сарынынан бүгінгі поэзия табалдырығына жету процесі оның творчестволық қалыптасу жылдарында осылай өтті. Оның «Нөсер», «Мерей», «Арманым» атты өлең, баллада, поэма кітаптары шынын айтқанда 1969 жылы шыққан «Жомарт күз» жинағына әкелген баспалдақ сатылары еді...

Ғаббастың творчестволық жолы жалғыз ақындықпен шектелмейді. Ол үлгілі журналист, үздік аудармашы да еді. Ол облыстық газеттен бастап республикалық баспасөз орындарында жауапты қызметтер атқарды. Әлем әдебиетінің, орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті. Үлкен жазушыларымыздан бастап, өз тұрғыластарының бірсыпыра жолма жол аудармаларын жасап, орыс тілінде аударылып шығуына атсалысты.

Ғаббас арамыздан творчестволық қуаты толыса бастаған шағында ерте кетті. Әйтсе де артына азды көпті мұра тастап, өз ізін қалдырды.

Сырбай МӘУЛЕНОВ

Бейімбет туралы баллада

Жазары оның көп еді,

Жазғаны мирас – ғаламға.

Жыр болып ағып жөнелді,

Кеппеген сия қаламда,

Көп заман өтті таппадық,

Көнеріп кетті іздері,

Жаттаумен ғана сақтадық.

Жаутаңдап жүрек іздеді.

Сол жырдың күші ғаламат,

Жалынды еді, нұрлы еді.

Жиырма жыл бойы қара дақ,

Жанына тат боп сіңбеді.

Бір күні халқы сұрады:

- Бейімбет біздің қайда? – деп,

Жел азынап жылады,

- Мекені алыс жайда – деп,

Көк орман айтты: - шөлде, - деп,

Көк аспан айтты: - көлде, - деп.

Өлмеген оның жүрегі,

Сақтаулы туған елде, - деп.

Өйткені оның жүрегі,

Жалындап тұрған жыр еді.

Сол жырдан өрбіп жүз ақын,

Жайраңдап күнде жүреді.

Сол жырдың бүгін туын ап,

Көтерді халқы аспанға.

Өміршең өлең туындап,

Бейімбет аға басты алға.

Жаныңның жалын қызуы,

Сөнді деу, шіркін, бекер ғой.

Өмірдің ең бір қызығы,

Өлмейтін болу екен ғой.

Элегия

Күйінбеші, күйінбеші,

Өтінемін мен саған.

Баяғыдай күлімдеші,

Арманым боп аңсаған.

Тауып берем жас шағымның,

Қиыспаған қиынын.

Бұлт ұрлаған асқарымның,

Бұлдыраған биігін.

Көрсетейін балаң күннің.

Қандырмаған құмарын.

Көрсетейін талабымның,

Шыға алмаған шынарын.

Апарайын айдын көлдің,

Бара алмаған төсіне.

Алауына айлы түннің,

Алыс жылдар кешіне.

Айтылмаған өлеңімнің,

Әуеніне қандырам.

Ашылмаған өнерімнің,

Ақ күн боп шық алдынан.

Қаракөз

Қаракөз, арманым ең бала күннен,

Бұл сырды ескен жел мен дала білген.

Үркітіп үмітімді алмайын деп,

Қасың мен қабағыңа қарадым мен.

Жасымнан бір айыбым ізет менің,

Самайым ағарғанша түзетпедім.

Жарқ етіп, жан сырыңа жетіп бармай,

Сыртыңнан ізетпенен күзеткенмін.

Өзіңді өзге емес, өзім балап,

Бір сәт те қарамаппын көзім қадап.

Бал тамған балалықтан оятқандай,

Шіркін-ай, сол кездегі сезім ғажап!

Ездік пе, ынжықтық па, момындық па?

Немесе салт-санадан қорындық па?

Алғашқы махаббатқа құрбан болмай,

Әйтпесе кім береді жолын жұртқа?

Я әлде махаббат ол жалған сөз бе?

Жансебіл жұбанышы талған кезде.

Ал бірақ мөлдір жас не, неткен жалын,

Жаныңды қуырып жеп жанған көзде.

Әйтпесе неге көңіл ұмытпайды,

Серпілмей неге қойды суық қайғы?

Кетсең де жүрегімді сырттан сатып,

Ол неге саған бір шаң жуытпайды?!

Қаракөз, дәлеліңді соқпа маған,

Сен үшін керек болса оққа барам.

Отыз жыл содан бері өтсе-дағы,

Өзіңді бір күнім жоқ жоқтамаған.

Тірлік

Елеусіз мен бір тозаңмын,

Ешқашан бірақ, жоғалман.

Таң атқан кезде бозарып,

Шық болып туам көгалдан.

Еспелі желдің еркімен,

Елпілдеп ұшам мен кейде.

Көкала гүл боп көлкіген,

Жұпарым шашам белдерге.

Бір түйір қанмын мен жүрген,

Қуалап жердің тамырын.

Көктасты жарып келдім мен,

Көктемнің аңсап таң нұрын.

Бүрі боп гүлдеп мақтаның,

Бу болып жерге таралам.

Жаңбыр боп жанымды ақтарып,

Нажағайлы бұлттан нәр алам.

Мен – мәңгі өмір ұшқыны,

Ешқашан жанып кетпеймін.

Жоғалып мүлде ұштығым,

Ізім-қайым өтпеймін.

Жүз жылдан соң да мен жұрттың,

Нұр болып жанам көзінде.

Менімен келер жыл құты,

Жайнаған көктем кезінде.

Бір түйір қанмын ағында,

Тірліктен таймас табаным.

Табиғат – Иран бағында,

Орнымды әркез табамын.

Тамырын бойлап өмірдің,

Тылсым боп кезген бүрі мен.

Қойнында туған жерімнің,

Сан рет қайта тірілем.

Меңдіғара

Туған жер, туған далам, Меңдіғара,

Еңбекпен даңқың шықты жерді жара.

Тулаған толқын күшің жүректегі,

Түсіндім құдіретін енді ғана.

Қайран жер, ата мекен қариям-ай,

Жас парлап тұрмын сені тани алмай.

Қазақтың миллиард деген Мұхитына,

Құйылдың арналы бір дариядай.

Ризамын, абзал өлкем, асыл ием,

Қаһарман кәрі менен жасын сүйем.

Елімді еңбегімен таңдандырған,

Алдында егіншінің басымды ием.

Менің өмірбаяным

Күндерім менің күркіреп өткен секілді,

Күресті көрдім, тартысты көрдім не түрлі.

Келешек ұрпақ өткеннен есеп сұраса,

Күмілжіп қолмен қалқалай алман бетімді.

Көрмеген нәрсем балалық күннен қалмаған,

Жалаңаш жүріп Магнитканы салды ағам.

Қыршындай күнде кулактар оны өлтірді,

Шіркін-ай, соған жырым да жоқ-ау арнаған.

Нағашым менің қайтқанда Хасан көлінен,

Алғашқы медаль төсінен соның көріп ем.

Сұрапыл соғыс жігіттік шаққа жеткізбей,

Европаның шығарды бірақ төрінен.

Жол дорбамменен замана жүгін өткердім,

Ыстық та көрдім, суық та көрдім, от көрдім.

Еліме төнген ажалды бірге серпістім,

Қатерлі күнді халқыммен бірге өткердім.

Бәрін де көрдім, Салютті көрдім ақыры,

Өз әкем емес, үйреткен соғыс ақылды.

Бетімнен сүйіп ауылда жесір жеңгелер,

Майданда өлген жарларын жоқтап аһ ұрды.

Соғыс жоқ. Бірақ сол жылдар қатты қинады,

(Ақын боп онда шығыпты кімнің жинағы).

Обмотка тозған, пилотка тозған кезде мен,

Сағындым шіркін сонау бір старшинаны.

Хромға көштік, пенсия алып кирза етік,

Есті де жидық, елменен бірге ер жетіп.

Шығарып салдық ХХ ғасыр тең жартсын,

Зеңбіректердің лафетіменен тербетіп.

Өзгерттік мүлде содан соң бетін картаның,

Жалғасқан сонда Ақмола менен Қарталын,

Біз сызған долбар, біз салған жолдар бәрі де,

Жан-жағы орман еккенбіз біздер әр талын.

Экскаватор мәз емес еді ол кезең,

Жұмыстың көбін атқардық мынау қолменен.

Енді сен ұлым, зымырап бара жатырсың,

Ұмтылып алға біз салған сол бір жолменен.

Үстімен емес, астымен өттік ауырдың,

Тарықтық талай, талайын көрдік дабылдың.

Алғаным аз да, бергенім көп деп айта алман,

Адамға емес, арыма бірақ табындым.

Туфли – мода, кимей де кеттік біз етік,

Табаннан мынау көрмеді көп жыл сыз өтіп.

Заман қатал, тұрмасаң егер әлемді,

Күні түн демей, кірпік те ілмей күзетіп.

Ермеңдер жастар, селтиген сері – дендиге,

Болат та қорыт, космосты қолмен әлдиле.

Болашақ сенің нұрланбақ күсті қолыңмен,

Онымен емес, сенімен сәнді кең дүние.

Сен-дағы, мен де – ұлымыз ұлы заманның,

Замана жүгін жеткізсем мен де алаңмын.

Тудым мен қашан, жүремін қашан? – білмеймін,

Мәңгі өшпес жерде молекулымын адамның.

Жыр болып ағып, жұлдызға қанат жаямын,

Заманым ұшқыр емес ол не бір жай ағын.

Игілік жолын ілгері тартқан елім бар,

Шетсіз де шексіз менің де өмірбаяным.

Бөлісу:

Көп оқылғандар