Әбіш Кекілбаев. Туған жердің түлегі
Бөлісу:
Ол туралы ойлансам, есіме осы бір оқиға түседі. Алпысыншы жылдар еді. Аяқастынан әскерге алындым. Университетте офицерлікке оқытыпты деп, екі иығымызға екі қатырма жапсырып, сапқа айдады. Сарт та сұрттың арасында амандық-саулық білуге үйге сұранамыз. Бірде сөйтіп үйге келіп, рұқсат мерзімі бітіп бара жатқан соң, киіне бастадым. Киім ілгіштегі фуражкам жоқ. «Енді қайттім?» – деп тұрғанда, қоңырау баж етті.
Ашсам – ұлым тұр. Басындағы – менің фуражкам. Қасында – терлеп-тепшіген екі-үш бала. «Көке, мыналарға менің маршал ағам бар десем, сенбейді. Өзіңіз айтыңызшы, рас қой?» – дейді ұлым аптығып. Мән-жайға түсіне кеттім. Ойын баласы ғой. Таңсық бас киімді киіп: «Менің көкем офицер, лейтенант!» – деп мақтанып, достарына барған. Ондайда кім қалыса қойғысы келеді. Біреуінің ағасы майор, екіншісінің әкесі полковник, үшіншісінің атасы генерал болып шыққан. Өзінен де мықтылар табылғасын, балам біраз мұңайып тұрып: «Ендеше, менің ағам маршал», – деп айды аспанға бір шығарған. Оны естігенде, балалар жата қалып мазақтаған. Өлердей ыза болған ұлым, енді, міне, бір-екеуін қолынан жетелеп әкеп, мені айғаққа тартып тұр.
Балаларды ішке кіргізіп, кітап сөресіне апардым. Біреуін алып: «Иә, рас. Әулеттің ондай ағасы бар. Міне – мынау сол жазған кітап. Оқыңдар да, орынына қойып кетіңдер!» – деп қолдарына ұстаттым. Баламның басындағы фуражкамды алып, қызметке кеттім.
Келесі жолы келгенімде, ұлым екі езуі екі құлағында. Бақсам, баяғы балалар өз көздеріне сенбей, қолдарындағы кітапты әрі ақтарады, бері ақтарады. Сыртындағы «Маршал Әбдіқалықов» деген жазуға әрі қарайды, бері қарайды. Ақырында кітапты орынына қойып, үн-түнсіз шығып-шығып кетеді.
Үйге бір келгенімде анам Маршалға бұл оқиғаны айтып беріпті. Ол сықылықтап күліпті. «Біздің Әулетжан сөйтіп қатырыпты» – деп, мәз-мәйрам болып, жұртқа әңгімелеп отырғанын талай естігенмін.
Балалар түгілі үлкендердің алжасқанына да куә болғанбыз. «Лениншіл жастағы» кезіміз. Редактордың орынбасары Тельман Жанұзақов екеуміз типографиядағы кешкі редакция бөлмесіндеміз. Ертең шығатын газеттің тазартылған беттерін күтіп отырмыз. Кенет сықырлап, есік ашылды. Ар жағынан біз күткен газет шығарушы емес, көз әйнегі әңгелектей үлкен, бойы келсаптай тәпелтек, бір қолтығына қағаз қыстырған жылтыр қара кісі көрінді. Тани кеттік – главлиттің өкілі, цензор. Төбе-құйқаларымыз шым ете түсті. «Не бүлдіріп қойдық екен?»
Бейуақ қонақ миналаған алаңды кешіп келе жатқандай, аяғын басып болмайды. Біздің қасымызға әзер жетті. Ұрланған бірдеңе әкеле жатқандай, қолтығындағы бір жағы тегіс ақ, бір жағы алабажақ қағазды еппен жазып, үстелдің үстіне қойды. Сосын езуінің бір жақ тұсын қолымен қалқалап, маған естіртпей, Тельманның құлағына сыбырлап, бірдеңе деді. Ол дереу басын көтеріп алып, әлгі кісінің бет-аузына үңіліп қарады. Сосын үстелдің ернеуіне бетін төсеп, жата қалып күлді. «Уһ, уһ, ойбай-ай» – деп, ішін басады. Шегі үзіліп бара жатқандай, демі таусылып, басын шайқап-шайқап қояды. «Ойбай, мынаған не болды?» – дегендей, цензор абдырап маған қарайды. Мен: «Ештеңеге түсінбей отырмын», – дегендей, екі қолымды екі жағыма қарай ербеңдетіп оның бетіне қараймын. Таудың басына тас көтеріп шығып келе жатқандай үсті-үстіне уһілеп Тельман жатыр. Бір уақыттарда барып, бойын тіктеп, қалтасынан орамал суырды. Көз әйнегін шешіп, көзін сүртті. Сосын сөйлесе, қайтадан күлетінін біліп, үстелдің үстінде жатқан газет бетінің әлдебір жерін бармағымен нұқып көрсетті. Көзімді жүгірттім. Көлдей мақала. Астына «Маршал Әбдіқалықов» деп қол қойыпты.
Енді кеңкілдеп мен күлейін. Тоймай қалған торпақтай, екеумізге алма-кезек емпеңдеп тұрған цензор «қайдан келдімге» түсті білем, қозғалақтай бастады. Күлкімді зорға тыйып, кешірім сұрадым. Әзер-әзер өзіме өзім келіп мән-жайды айта бастадым. Әлгі кісі аузын ашты да қалды. Мен әлдеқашан әңгімемді бітірдім. Ол сенер-сенбесін білмей, сексиіп әлі тұр. Бір уақыттарда барып, есін жиды білем: «Апырай, солай ма еді?! Әй, бәсе, өзім де қайдан ондай бола қойсын деп едім-ау!» – деп күбірлеп, әкелген бетті қайтадан қолтығына қыстырып, есікке беттеді.
Оған да түсінуге болады. Әлгі мақаланы көргенде төбесінен жай түскендей болған. Өз көзіне өзі сенбеген. Қуанбайын десе, ол кезде қазақтар маршал түгілі генералдыққа қол жеткізе алмайды. Күркіреген Баукеңнің (Бауыржанның) өзі бар болғаны полковник. Қуанайын десе, ертең түбі шикі болып шықса: «Сенбеске сеніп, сен қайда қарадың? Айға қарадың ба?» – деп, ежіреңдейтіндер екі аяғын бір етікке тығады. «Пәлесінен аулақ!» – деп, анықтап алуға келген ғой!
Талай жұртты ішпей-жемей, ақылынан алжастыра жаздап жүрген бұл гәпке Маршалдың марқұм анасынан сұрап қанықтым. Өйткені, өзінен сұрасам, қылжақтап кетерін білдім. Анамды апа, өзімді жиен тұтып, кейде жөн сөйлемей кергитіні де болатын. Ал анасы елде, кіші баласының қолында тұратын. Аңқылдаған ақкөңіл адам еді. Алматыға келгенде, бізге соқпай кетпейтін. Сондай бір сәтінде, әбден шайға қанып, ақтарылып отырған тұсында: «Апа, мына бір балаңызға жұрттың жүрегін қаралай зірк еткізетін зіп-зілдей атты қалай қойып жүрсіз? Аспаннан шөкімдей бұлт көрініп, толқын жыбырлай бастаса, теңіз төріндегі барлық балықшы кемелері біздің Аташ пен Баутинге ағылатын еді ғой. Содан қашан дауыл басылғанша, сүмірейіп, үйден үй қоймай қыдырып, сенделіп жүретін сейнер капитандарының біреуінің атын қойсаңыз да, аз болмайтын еді ғой?» – деймін. Жарықтық жарқылдап тұрып күлуші еді. «Сенің анаң – бұның апасы болғанда, мен – сенің апаңмын. Бәрін бүлдіріп жүрген – әлгі марқұм жездең. Дәл босанарымның алдында ол жарықтық газет оқып отырған. Онда Сталиннің бір топ әскер бастығына маршал атағын бергені жазылыпты. Сол кезде дүниеге келген сәбиінің атын Маршал қоямын деп қасарысып отырып алды», – дегені.
Маршал Әбдіхалықов
Қазақ даласының қиян түкпіріндегі бір шағын қалашықтағы қарапайым мұғалім Әміржан Әбдіқалықов қазақтан да бір маршал шығар ма екен деп армандаған болып шықты. Араға екі жыл түспей, арманшыл мұғалім қан майданнан бір-ақ шықты. Сонда оққа ұшпай, ауылға тірі келгенде, ол тұла бойы тұңғышының от сапырған қанды шайқаста жұрттың қыршындай боздақтарын қойдай көгендеп қырғынға айдайтын сардар болмай, қағаз қажаған қаламгер болғанына қуанбаса, еш өкінбейтіні айдан анық еді.
Бірақ, оның баласы Маршал да әкесі сияқты арманшыл еді. Студент кезінде-ақ қазақтың қазысы қалпақтай жалғыз түйір жуан журналы «Әдебиет және искусствода» (қазіргі «Жұлдыз») бас-аяғы ат шаптырым көлемді әңгімесі жарияланса да, Алматыда қалмай, әкесі сабақ берген мектепте мұғалім болам деп, туған қаласына оралды. Онда айдауда болған ұлы ақынның аруағын ризалаймын деп, мұражай директоры болды. Ауылда жүріп те қазақ қауымының рухани несібесінің кенде қалмауына өз үлесімді қосамын деп, астана баспасөзіне үсті-үстіне боратып жазып жатты.
Алпыс екінші жыл. Маңғыстауда алғаш мұнай фонтаны атқылады. Студент кезімізде бәріміз үлгі тұтып, жақсы көретін Зейнолла Қабдолов аға жаңа кеніштерді аралаймын деп Маңғыстауға барды. Шалғай малшы аудандағы аяқ үстіндегі санаулы автокөліктің бәрін жиып, жолға шықтық. Жолбасшымыз – алыс түбектегі екі ауданды қырық жылдай басқарған Төлеген Қағазов. Бармаған тауымыз, баспаған тасымыз жоқ. Төкең жердің бетіндегіні тастамай көрсетсе, мұнайлы өлкенің байлығын зерттеп жүрген, кейін ұлттық геологияның тарландары атанған Халел Өзбекқалиев пен Ержан Шақабаев астындағыны тәптіштеп айтып, ауызымызды аштырады. Апта бойғы саяхатты теңіз қолтығындағы Ақ Кетікте – Форт-Шевченкода аяқтайтын болдық.
Шыжыған түс. Ақ шаңыт көше. Бас-аяғы оймақтай ғана шағын қала. Қала басшысы – етжеңді Ибаш Жанболатова апай. Орта жолдан қарсы алып, далада тұрып сөйлессек, күн тие ме деп қорқып, көп бөгемей, тездетіп мейманханаға жеткізді. «Жуынып, салқындап алыңыздар. Сіздерді күтіп тұрған шаруалар көп. Тіпті сіздер келеді деп, әдейі таратпай отырған тойлар да тұр», – деп, шығып кетті.
Есік, терезе тас қараңғы. Күн түспесін деп бітеп тастаған. Көзге түртсең, көрінбейді. Бір-бірімізді дауысымыздан танимыз. Кенет біреу, сырттан кірді білем, сипалап жүріп қолымызды алып, сәлемдесіп жатыр. Танымағанымызды айтып, атын сұрау ұят. Жөн білетіндігімізді көрсеткіміз келіп: «Иә, жағдай қалай?» – деп сұраймыз. «Қой, осы араның қазағымыз. Қыру-шыру шаруалармен өтіп жатқан тіршілік қой», – деп монтансиды әлгі бейтаныс. Жуынып-шайынып, аздап жан шақырып алған соң, Төкең: «Әлгі Ибаш қайда жүр? Ендігі жоспарлары қандай екен?» – деді. «Апай сіздерді сыртта күтіп тұр. Барып, сәлемдесіп, алып шық!» – деп, мені жіберді», – дейді әлгі сыпайы дауыс кеңк-кеңк күліп. Күлкісін біртүрлі шырамытатын сияқтымын. Жыға танымай тұрмын.
Апыл-құпыл киініп дәлізге шықсақ, ала көбең екен. Ауа кірсе де, шаң кірмесін деп, сыртқы есіктің алдына ілінген дәке перденің бір шетін шымшып ұстап, әлдекім ырсия күледі. Ыржиған ауызы мен едірейген көзілдірігінен тани кеттім. «Әй, Әбдіқалықов, қайдан жүрсің?» – деймін, ұялған тек тұрмастың керіне басып. «Манадан бері қасыңда сөйлесіп тұрған менмін ғой», – дейді Маршал мәз болып. «Оһо, бізді қарсы алуға Ақ Кетіктің Маршалының өзі келіпті ғой. Мәртебелі тақсыр, аман-есен барсың ба?» – дейді Зекең, оны енді танып, қарқылдай күліп. Маршалдың ауызы жайындай жайылып кетті. Барлық дыбысты кеңірдегінен шығарып, кеңк-кеңк күледі. Шамалыда, езуін жия алар түрі жоқ.
Машиналарға отырып, теңіз беттегі бір шағын аулаға кірдік. Жапа-тармағай қазылған жерошақ. Қаз-қатар тізілген самауыр. Қызылды-жасылды киінген жұрт. Жағалай көрісіп жатыр. Басындағы жаулығын қарқарадай қылып, бұрап тартқан кейуана есіктің алдына өзі шығып, қарсы алып жатыр. Қасындағы сарыкідір бәйбіше жарқылдай күліп, бізге шашу лақтырып тұр. Төрге оздық. Көлдей дастарқан. Тау-тау тағам. Арқа тұсымызда үріккен аттардай құлағын қайшылап тұрған бір-бір жастық. Біраздан соң малынтып торғын киіп, төгілтіп шарқат жамылған, тоқпақтай бұрымы тобығына түскен қара торы бүлдіршін талшыбықтай майысып табалдырықтан аттады. Иіліп сәлем етіп, зікір салған бақсыдай зіркілдеп тұрған самауырдың қасына келіп отырды. Үріккен балапандай ешкімге көзін тіктемей, ерінін жымқырып, теріс айнала береді.
Дәм үстінде қасымдағы Маршалдан: «Бұл қай үй?» – десем: «Сәл шыда. Біле жатарсың», – дейді. «Келін бала кімнің қызы еді?» – десем: «Танитын жеріңнен ғой», – дейді. «Аты кім?» «Гүлсім». «Күйеу жігіт қайда?» «Қазір көресің әлі». Іші жарылып бара жатқандай, тістерін жарқыратып, сылқ-сылқ күледі. Бір уақытта есікке жапқан селдір перденің ар жағынан қауқиған-қауқиған қалпақтылар көрінді. «Ассалаумағалейкум!» – деп шұбалта амандасып, ішке өтті. Қақ алдындағы университетті жуырда бітірген Алым Жаңбыршин ағай. Дастарқан басына жайғаса сала, сөз тізгінін өз қолына алды.
Гәпке сосын түсіне бастадық. Той жасатып жатқан Маршалдың өзі болып шықты. Жұмысқа келгесін бірер жыл бойдақ жүріпті. Бір-екі күндікте аяқастынан қыз алып қашып келіпті. Орта мектепті медальмен енді бітіріп отырған үздік шәкірт екен. Жаңағы сәлем етіп кіріп, шай құйып отырған сол болып шықты. Маршалдың манадан бергі сылқ-сылқ күлкісінің мәні бар екен. Іші майлы болғасын, ол сықылықтамай, кім сықылықтайды?! Бұны естіген меймандар да бір желпініп қойды. «Апыр-ай, мақтап жүреді екенбіз-ау!» – дейді Төлеген Қағазов, көктемедегі буыршынның балақ жүніндей уда-дуда қою қасының астынан манаурай қарап. Томпақ маңдай, томаға көз Зейнолла Қабдолов: «Мағұрыптағы машырықтағыға бұйырады деген осы болды-ау!» – деп сақ-сақ күліп, иегін сипайды. Төрге жайғаса сала, қолына домбыра алған Алым Жаңбыршин: «Маршалжан не де болса ерледі», – деп, балбырата күй тартып, сұңқылдай сөйлеп отыр.
Мақтауға кенелген Маршал кеңк-кеңк күліп, шай ішіп отырғандарға шыныаяқ ұсынады. Түн ортасынан ауа мейманханаға қайталық деп рұқсат сұрай бергенде, үлкендердің ауыз ашуларына мүмкіндік бермей, орынынан атып тұрды. «Бір апта бойы қойшының қосында, барлаушының шатырында, мұнайшылардың вагондарында, ара-тұра мейманханаларда ұйықтап келе жатырсыздар. Ертең кемеге шығарып саламыз. Теңізге келіп тұрып, судың жағасында ұйықтамағанымыз қалай болады?» – десін. Жұрт аң-таң бір-біріне қарады. Жасы үлкеніміз – Төкең. Ол: «Маршалжан айтты ғой!» – деп, бешпетін иығына іліп, орнынан тұра берді.
Сыртқа шықсақ, жұлдыз самсап тұр. Теңізге келсек, толқындар ақ көбік атып, сапырылысып жатыр. Жағалаудағы құмаққа қатар-қатар жол керуеттеріне төсек салып қойылыпты. Даяшы жігіттер жалтырақ күбілердің қасында шұбат сапырып тұр. Маршал алдымен шешініп, айдынға күмп берді. «Тек-ай, сонда біз де сөйтеміз бе?» – дейді Зекең, көзі адырайып. «Ұйқы алдында осы дұрыс болады. Таң атқалы біраз қапырықтадық қой», – дейді Алым аға, мейманына теңіз жақты иегімен нұсқап.
Бір шомылып алғасын, түзде ұйықтайтын түнемелік қапшықтардың ішіне сүңгідік. Бастан-аяқ түймелеп, тек бетімізді ғана ашық қалдырдық. «Осы тұстан қарағанда арғы беттегі қандай порт?» – деп сұрады Зейнолла ағай, аяқ жағындағы шырпынып жатқан теңізге көзін тіктеп. «Мынау жел соғып тұрған бағытқа тура беттесеңіз – Махачқала. Бұрын оны Петровск, ал бізді Новопетровск деген. Әуелден кіндіктес порттар. Осы аттас бір порт сонау Камчатка жақта да болыпты. Соған арнап, Ресейдің Азия бетіндегі ең күшті радиостанция жасалыпты. Бірақ, тасымалшылар адасып, аты ұқсас осы қаладан шығыпты. Анау желкеңіздегі оты қызарып тұрған соның мұнаралары. Азамат соғысы жылдарында осы маңайда ағылшындар мен қызылдар теңізде шайқасыпты. Сондағы екі жақтың кемелерінің өз штабтарына жолдаған радиосигналдарын осы радиостанция ұстап алып отырыпты. Ағылшындар жеңіліп, Красноводскіге қашыпты. Қызылдардың арасына орталықтан келген Киров осында соғып, бір-екі жерде жұртпен кездесіпті. Оған Ашғабадтан оқудан қуылған Нұрсұлтан Оңғалбаев деген бір ағамыз аудармашы болыпты» – дейді Маршал.
Күні бойы ырқ-ырқ күліп, жайына отырған неменің тілі ағытылсын кеп. Сұрақтан сұрақ балалап таң алдында әзер көз ілдік. Ертесіне жолаушы кемесіне мініп жатып, Зекең Маршалдың арқасынан қақты. «Әй, батыр, мұндағы шаруаларыңның біразын оңғарыпсың ғой. Енді Алматыға кел. Түндегі әңгімелеріңе өзің ғана кенеліп қоймай, қалған қазақтарды да ортақтастыр» – деді. Маршал көзәйнегін алып, жеңімен сүртініп, кеңк-кеңк күле берді. Ұстазының бұл бұйымтайы жанына майдай жағып тұрғандай.
Көп ұзамай Алматыға келді. Екеуміз де Шерағаңның «әдеби кооперативіне» орналастық. Осы күнгі әдебиеттің талай «тарланбозы» Шерхан Мұртазаев басқаратын «Лениншіл жаста» істейтін. Шеттерінен – «сен тұр, мен атайын». Футболдың жайын Сейдахмет пен Қалдарбек таласып айтады. Шахматты Тельман мен Әбіқұл таласып ойнайды. Саясат туралы Тоқтасын мен Таңатқан сайысады. Әнді Тұңғышбай мен Тұтқабай қосылып салады. Күйді Жұмекен мен Жүсіп жарысып тартады. Қалғандары басшысынан қосшысына дейін әлгілерді тыңдап, мәз-мәйрам болып отырады.
Ол – әйгілі Хрущев заманы еді. Анекдоттың «наны жүріп» тұрған кезі. Ал бұл жағынан ол жал-құйрығына шаң тигізбес шаңқан жүйрік – әрине, Маршал. Жаңа ғана Парижден самолеттен түсіп тұрғандай. Ол кезде Кеңестер Одағы жайындағы қитұрқы әңгіменің бәрін тарататын бірден бір орталық Лонжюмода еді. Маршал сол орталықтан осы қазір келіп тұрғандай. Әлі ешкім ести қоймаған ең соңғы анекдоттарды буы бұрқыраған «ыстық қалпында» аузыңа тосады. Оны көрсек болды: «Құлағыңның құрышында қалған-құтқан не бар? Таста біреуін ортаға!» – деп жағалай жабыса кетеміз. Маршал әуелі өзі қараптан-қарап кеңкілдеп, құмардан шыққанша бір күліп алады. Сосын ерінін бір жалап қойып, бастай жөнеледі. Ал, одан әрі өз езуіңе өзің ие болып көр!..
Қысқасы, ол журналистік және әдеби ортаға майлы қасықтай тез сіңісіп кетті. Бірақ, тартыс-талас, дау-дамайға араласпайды. Анадайдан аулақ қашады. Өмірдегі өшін анекдоттан алып, былайғыға бола басын ауыртпайды. «Жағдай қалай?» – деп сұрасаң: «Сол қыру-шыру шаруалармен жүріп жатамыз ғой» – деп, ыржия бір күліп, ыстық күлше ұстағандай алақанын сипап қояды. «Лениншіл жаста» осы заманғы әлем әдебиетінің үздік әңгімелерінің кітапханасын ашқанбыз. Жақсы деген жас жазушылардың әрқайсысына сондай бір-бір әңгімені қазақшаға аудартамыз.
Сайын Мұратбеков Юрий Казаковтың теріскей теңіз жақта бакенші болып істейтін бір желбас жігіттің өмірі туралы «Трали-вали» деген әңгімесін алған. Бір күні бітіріп, алып келді. Бір бөлмеде төрт-бес бөлім отырамыз. Көрші бөлімдегілер де келеді. Қызық үшін аударманы дауыстатып оқытамыз. Әп-әдемі шығыпты. Мәз-мәйрәм болып қалдық. Тек қазақша тақырыбы әлі табыла қоймағандай. «Сәке, осы Казаковтың «трали-валиі» біздің Маршалдың «қыру-шыруына» дәл келмей ме?» – дедім. Жұрт ду күлді. Сайынның да тықыр бұйра шашы, мөлтеңдеген әдеміше көздері, тәмпіш мұрынының ұшы жарыса жылтырап қоя берді. Сөйтіп, ол әңгіме қазақша «Қыру-шыру» деген тақырыппен жарияланды. Оқығандар бұған бірден назар аударды. «Әй, бұны қайдан таптыңдар?!» деп телефон соғып жатты. Біз: «Казаков әңгімесінің атын әуелден біздің Маршалмен ақылдасып қойған екен», – дедік.
Маршал өзі анекдоттың майын тамызып, жұртқа езу жиғызбай жүргенімен, өзі жиі-жиі күлкіге ұшырайтын. Адам көрмеген аңқау болатын. Жұмыста көп отырмайтын. «Қайда барасың?» – десең, ауылдан «пәленше-түгеншелер» келіп, оларды не қарсы алып, не шығарып салып жүрген болатын. Ондай жүргіншілер сиреп қалса, қабағы ашылмай кіржиіп қалатын. Бірде сондайын байқап, бізбен қабырғалас көрші бөлмеде отыратын оған телефон соқтық. Бірге отыратын қызметтес қызға мән-жайды түгел түсіндірдім. Не айту керек екенін өзім айтып бердім. Сосын дауысын сәл-пәл өзгерткізіп таныр ма екен, танымас па екен деп, басқа редакциядағы жолдастардың біріне телефон соқтырдым. Анау күнде көріп жүрген қыздың дауысын танымады. Қуанып кетіп: «Ал, Фермехан енді осылай қылып, Маршалға телефон соқ», – дедім.
Шабыттанған Фермехан трубканы қолға алды: «Алло-ау... бұл «Лениншіл жас па? Маршал Әбдіқалықов бар ма екен? Бұл сенсің бе? Дауысың өзгеріп кеткен бе? Иә, тымаудың сондайы болады. Гүлсім аман ба? Сен немене мені танымай тұрсың ба? Қосжановамын ғой. Баяғыда ЖенПИ-де Дина Төребаевамен бірге оқитын Ақзия дейтін қызбын ғой. Бір күні Нұн, Сержан үшеуіңіз келгенде, кезекші қыз есігімізді қағып: «Нұн, Сержант, Маршал ма, генерал ма тағы біреуі бар. Үш жігіт келіп сендерді шақырып тұр», – дегенде, алдарыңнан жүгіріп шыққан сары қыз бар еді ғой. Сол менмін ғой. Сіздермен бірге театрға барып едік қой. Ия, Гурьевтемін. Тұрмысқа шықтым. Сол араның жігіті... Қой, семинарға келгенбіз». Одан арғыға Фермеханның шыдамы жетпеді. Үрпекбас сары қыз еді. Өрттей боп қызарып, трубканы тастап жіберді. Булыға күліп, бетін басты.
Сол арада есіктен Маршал көрінді. Екі езуі екі құлағында. Әйелі ұл тапқандай қуанып тұр. «Әй, Әбіш мырза, жаңа маған телефон соқты. Баяғы Ақзия. Гурьевте кітапханашы екен ғой. Семинарға келіпті». «Рас па, әй!» – дедім, мен де орынымнан ұшып тұрып: «Қап, Жазушылар одағының бір жиналысына шақырып қойғанын-ай! Әйтпесе, барып көрісіп қалған дұрыс болатын еді. Оны іздеп тауып ал. Уақыты болса, Гүлсімге апарып, шай ішкіз. Менен сәлем айт». Біраздан соң телефон соғылды. Көтерсем – Маршал: «Пушкин кітапханасына келіп ем. Ешқандай семинарды білмейді». «Ондай, жағдайда балалар кітапханасында істейтін шығар. Әлде Гурьевте ғылыми-зерттеу институты бар ғой. Сонда істей ме екен? Онда республикалық балалар кітапханасы мен ғылым академиясы хабардар шығар». Бір сағаттан соң, тағы да телефон шырылдады: «Екеуінде де болдым, ондай ештеңе жоқ». «Ендеше, министрлікке барсайшы. Солар біледі ғой». Бүкіл бөлмедегілер күлкіден жарылып жатыр. Енді қашан телефон соғылар екен деп тыпыршып отырмыз. Бір уақытта тағы да баж ете қалды. «Бұлар да білмейді». «Білмесе, кітапхана мәселесіндегі семинар болмады. Жас адам. Қоғамдық міндеттері бар шығар. Комсомол, кәсіподақ, халық шығармашылығы. Шақыратын жер аз ба?! Біздің қыздардың студент кездерінде қыдырып барып шай ішетін бір-екі үйі бар емес пе еді? Солардың біреу-міреуіне кіре-шығамысың, қайтесің?» – дедім мүсіркей қамқорсып. Содан екі-үш күнге дейін ақшасын жоғалтып алған адамдай әрқайсысымыздың бетімізге бір қарап, елеңдеумен жүрді. Сыр білдірмейік деп, біздер де бедірейіп бақтық.
Ол іссапарға шыққанды жақсы көретін. «Құл қашса, Хиуадан шығады», – дейтіндей, қай сапарға барса да, Маңғыстауға бет түзейді. Бір аптаға барып келсе, үш айдай сонда не көріп, не естігенін аузынан тастамай айтып жүреді. Кітапханаға барса, іздейтіні – Маңғыстау туралы кітаптар. Мұрағат ақтарса – Маңғыстау жайлы құжаттар. Радио мен телевизиядан да назар тоқтататыны – Маңғыстау тақырыбы. Маңғыстау жайында болып жатқан жиналыстан қалмайды. Ғарышта да Маңғыстауға байланысты бірдеңе болады дегенді естісе, тып қойып Байқоңырға тартып отырары сөзсіз. Ұзақ уақыт шет қалып, кешең игерілген шалғай өлкедегі әр өзгеріске «құдай жеткізбегенді мұнай жеткізді», – деп қалжыңдап, баладай қуанып отырар еді.
Кейін киностудияда да бірге істедік. Карпов дейтін режиссер Жанкелдин туралы фильм түсіретін болды. Сұранып жүріп, түсірушілер тобына Маршал кірді. Сәтімжан Санбаевтың «Ақ аруанасы» экрандалды. Онда бір мұнайшының сатып әкелген түйесінің ботасы аяқтанғасын ертіп алып, өзі өскен Маңғыстауға қашып кеткені айтылады. Басты рөлде ойнайтын Нұрмұқан Жантөрин ағасына еріп барып, Маршал оның баяғы бабаларының мекенін көрсетіп, туды-бітті кездеспеген ағайындарымен таныстырды. Кісікиіктеу Нұрекең кісіге көп үйір емес еді. Маршалды жанындай жақсы көретін. «Біздің Мәкең, біздің Мәкең», – деп оған ешкімді теңгермейтін.
Маршал әдебиетті насихаттау бюросының жолдамасымен іссапарға шыққанға да құмар-ды. Қаламдастарының талайын жетелеп апарып, Маңғыстауды көрсетті. Туған өлкесіне шығарға жаны басқа болғаны рас. Бірақ, қазақтың басқа аймақтарындағыларды жатырқау дегенге жаны қарсы еді. Торғай жаққа іссапармен барғанда: «Апырай, сабаздардың тұлға-тұрпаты, мінез-құлқы, әдет-салты біздің елден айнымайды екен. Тіпті балағаттасқандарының өзі бізге ұқсайды екен», – деп таңдай қата болып, таңғалып келген.
Екі баласының аттары: Рахымжан және Сәтбек. Екеуінің де олай аталуы тегіннен-тегін емес. Үлкені Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен ағасымен танысып, дәмдес болғанына қуанып, ырымдап Рахымжан деп қойған. Екіншісі Кереку барғанда естіген әңгімесін Алматыға келгесін, кітапханадан кітапхана қоймай, аралап жүріп, кітаптар ақтарып, дәйектеп, басқыншылардың басына су құйған атақты батырдың атағын ұлықтап, Сәтбек атандырып еді.
Бұл жағынан өзін Тухачевский, Блюхер, Шапошниковтардей болар ма екен деп, Маршал атандырған марқұм әкесі Әміржанға ұқсайтын. Сөйтіп жүріп: «Мынау Әбіштердің Өскінбай дейтін аталары әрі ақын, әрі күйші болған. Сол кісінің Маңғыстаудың жер-суын сипаттайтын ұзақ жыры бар. Сондағы: «Оның былай қасында, Тұщықұйы, Шат пенен Көкшала тас бауыр бар; бұл Шат деген жеріңде көшпейтұғын белгілі Көрпе деген ауыл бар», – дейтіні – мына біздің ауыл. Ол ауылдың еркектерінен әйелдері батылырақ болыпты. Бірде барымташылар өрістегі малымызды сыпырып айдап әкеткенде, соңынан қуып баратын ешкім шықпай, бір еркек жал әжеміз қол бастап кетіпті. Үйінде қалған күйеуі ауылдың сыртындағы айғыр жалға көтерілген қуғыншыларды көріп: «Біздің кемпір жаулығын қарқарадай қылып, едірейтіп тартқан екен. Шамасы, малды қайтарып, жеңіп келе жатқан түрі бар. Шөлдеп қалған шығар шай қайнатып қояйын сабазға!» – деп ошаққа жүгіріпті деп сылқ-сылқ күлетін.
Ауызын бүйтіп қу шөппен сүрткенімен, өз сүйегі де тегін емес. Баяғы заманда Хиуа мен Бұқарда оқу тауысып, Иран мен Үндінің кітабын ақтарып, батыс пен Ресейден келген кен қарағандарға ілесіп, «жеті қат жердің үсті түгілі астында білмейтіні жоқ» атанған әйгілі Оразмағамбет ғұламаның тұқымы. Түрікменстанда «халық жауы» делініп, атылып кеткен сол бабасының отырған жер-суын, ұстаған мектеп-медресесін, тау-тасқа тыққан кітаптарын іздеп, талай жерді шарлап шықты. Мұрағаттар ақтарған. Дүрбелең кездері Иран ауып кеткен ұрпағы Қазақстан тәуелсіздік алғасын атамекенді көруге келгенде, ең алдымен Маршалдың шаңырағын іздеп тапқан.
Сөйткен Маршалдың бабаларына тартқан тағы бір жері – әйелге салымында болды. Келіншегі Гүлсім мектепте жүргенде озат оқып көзге түсті. Математикаға өте жүйрік болды. Төркіндері – «Қырымқұлда қырық би бар. Ең сорлысы – тоқтылы қойдың дауын шешеді» – дейтін атақты ауыл еді. Маңғыстаулықтар Хиуаға қарағанда, дивандағы қырық бидің біреуі әрдайым сол ауылдан шығыпты. Ресей Маңғыстау мен Үстірттегі бір тұтас елді жоғарғы, төменгі деп екіге бөлгенде, екеуіндегі сардарлықты да солар өз қолдарынан шығармапты. Сол жұртты аузына қаратқан әулеттен таралған Гүлсім ауызекі әңгімеде ешкімге дес бермейтін. Сай-сүйегіңді сырқыратып, айызыңды қандырып, төреңізге төндіріп сөйлейтін. Алшын Меңдалиевтей жер түбіндегінің бәрін жаңылыстырмай жадында сақтаған құйма құлақ, дуалы ауыз атамыз оны «кішкентай Тобанияз» деп еркелететін. Нағашы-жиендік дәстүрмен кездесе қалсақ, ойын-шынды дауласа жөнелеміз. Сонда Гүлсім басындағы орамалының маңдай тұсын бармағымен кері ысырып қойып, желдей есіп сөйлей жөнелгенде, Маршал ешкісі тауға жайылғандай, мәз болып отыратын.
Ол да бір дәурен екен ғой. Кейде ауылды аңсап кеткенде, ақ жаулығын жарқылдатып, анамыз марқұмды алға салып, ерте-кешпен санаспай, салып ұрып, Маршалдың үйіне жетіп баратынбыз. Олардың орындарынан атып тұрып, жалпылдай қарсы алып, қолды-аяққа тұрмай, әрлі-берлі жүгіріп, әбігерге түскенін көріп, төбеміз көкке жеткендей қуанатынбыз. Гүлсімге бала күннен дәмдері ауызымызда тұрған байырғы тағамдарды пісірткізіп, Маршалға баяғыдан сөз қозғататынбыз. Ол ылғи «тыйым салынған тақырыптарға» құмар еді. Өз атасы Оразмағамбетпен қоса (бізде көбіне-көп Размағамбет дейтін) Тобанияз Әлниязовқа, Сүйінқара Үргенішбаевқа байланысты деректер жиып жүретін. XIX, XX ғасырлардағы Маңғыстау көтерілісінен құжаттар жиятын. Іссапармен елге барғанда, біздер секілді кеніш, зауыт, кеңсе аралап кетпей, ол кезде қатарлары сирегенмен, таусыла қоймаған көзқарақты, сөз білетін, көкірегі ояу кәріқұлақтарды көбірек жағалайтын.
Сондықтан Маршалдың естігені көп еді. Демек, білгені де мол болды. Бірақ оның бәрін жазбақ түгілі айтуға мүмкіндік жоқ еді. Оның көкірегі алдын-артын ойлап, қонақ келсе, ұялып қалмайық деп, асылы мен дәмдісін кейінге сақтап, тыққыштай беретін сарабдал әженің кебежесіндей қазынаға бай еді. Көпшілігі есіл сабаздың қиялын тербеп, жүрегін мүжіп, ішінде кетті. Бұл күндерге аман жеткенде, қолынан қаламы түспейтін азғантайлардың біреуі Маршал болатын еді. Оның тұсында кітап болып жарық көрген, артында қолжазба болып қағазда қалған азғантай дүниелері менің көз алдыма құрлығы түгілі теңізінің астында мұхит болып шалқыған Маңғыстау мұнайының қара жердің бетіне болар-болмашы сызаттарды қуалап, жарықтарды бойлап, шып-шып шығып жатқан Тасбас, Түбіжік, Қарашүңгілдегідей, шөкім-шөкім жұрнақтары сияқтанып көрінеді. Өлкеміздің өткені жайында тары шұқыған тауықтай дерек жиып өткен қайран ағамыздың өзімен бірге қандай ізгі арман мен игі мақсат арқалап кеткенінен хабар бергендей.
Тірісінде оның айтқанына құлақ асып, қиыр өлкенің қиындыққа толы бүгіні мен қиямет-қайым өткенін көзге елестетсек, енді артында қалған азғантай қолжазбаларын ақтарып отырып, дүниеден сәбидей адал, періштеден пәк тамаша талант өткеніне көзімізді қапысыз жеткізе түсеміз.
Тәуелсіз еліміздің тәберіктей тағылымды аймағына айналған құт қоныс Маңғыстауда “Ақшұқыр” дейтін атақты ауыл бар. Бір кезде бірінші Петрден бастап талай құймақұлаққа сіңіп, сол кездегі Парижден бастап, Еуропа астаналарындағы талай ғылыми ортаға естімеген елде көп дегізген қиян теңіз Каспийдің шығыс жағалауының алғашқы картасына іліккен сол бір ежелгі қыстаққа осыдан он бес жыл бұрын күздің бір ақшаңыт күнінде суыт ұшып барғаным есімде. Айдау жолдың жиегіндегі көне қорымның күнбатыс шетінде топырағы кеппеген қызыл төмпектің астында өміріндегідей моп-момақан қалпында томпиып аяулы Маршал қала барған...
Қазір ол маңай теңіз жағалап күннен күнге зәулімденіп бара жатқан Ақтаудың болашақ бір сәнді бөлігіне айналып келеді. Жуырда мыңдаған бүлдіршіннің кеудесіне арман ұялататындай ақшаңқан ғимарат салынды. Жаңа мектеп. Ол өмір бақи арман қуып өткен ақпейіл адам, асыл азаматтың ардақты атын иеленді.
Жан сүйсінерлік жарасым. Туған жері мен елінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жан баласына қылдай қиянат қылмай, жан-жағына жақсылық қана тілеп өткен абзал адамгершілікке, адал еңбекке көрсетілген биік құрметтен асқан қандай ізгілік болмақ?!
Сондай асыл адамның жүрегінен шығып, қаламына іліккен мүбәрәк сөздерге кім де болса, үлкен тебіреніспен үңілері сөзсіз.
Ендеше, қолыңыздағы кітабыңыз да сондай пәк ықыласқа лайық.
Бөлісу: