Кітапхана тек «Абай жолынан» тұрмайды!
Бөлісу:
«Әлемге әйгілі философ, Платон мен Аристотельдің ұстазы кемеңгер Сократты жендеттер дедектетіп сот алаңына әкелді. Сот төрағасы қарт данышпанға ақталуға сөз береді...»
«Қазіргі жастар кітап оқымайды», «ойлаудан қалған», «смартфонның құлына айналды» деген сөздерді күнде ести-ести құлағымыз жауыр болды. Жасыратыны жоқ мұндай сөздерге етіміз өліп кеткені сонша бұрынғыдай тіксініп, қарсы пікір білдіруге де құлқымыз жоқ.
Кітапхана тек "Абай жолынан" немесе "Махаббат қызық мол жылдардан" немесе "Көшпенділерден" тұрмайды. Жастардан қандай кітап оқыдың деп сұрай қалсаң айналдырған 2-3 кітаптың төңірегінен шыға алмай қалатыны өкінішті. Кейде ренжисің.
Бауырлар! Қалың қазағым! Әлем біз ойлағаннан да кең. Жалғыз біз емес, әлем елдерінің мыңдаған жылдар бойы тіртінектеп жиған алтын мұрасы бар. Олар да біз секілді тарихтың талай зобалаңынан өтіп, осы күнге жетті. Қан майданда ажал құшып, зар илеген тек қазақ емес. Барлық ел тарихтың талай зобалаңын көріп бүгінгі күнге жетті.
Хафиз, Фирдоуси, Низами, Руми, Әлішер, Гёте, Байрон, Сағди, Бальзак, Гюго, Данте, Сервантес, Дефо, Андерсен, Дао, Конфуций, Толстой, Тургенев, Достоевский, Лермонтов, По, Макиавилли, Руссо, Гаспринский... айта берсе әлемге белгілі миллиондаған классик бар. Жарайды, тереңіне кетіп Кюрилер мен Нобельді, Эйнштейн мен Борды зерттемей-ақ қояйық, бірақ ең құрығанда әлемге ортақ классиктер Хафиз, Фирдоуси, Низами, Руми, Әлішер, Гёте, Байрон, Сағди, Бальзак, Гюго, Данте, Сервантес, Дефо, Андерсен, Дао, Конфуций, Толстой, Тургенев, Достоевский, Лермонтов, Макиавилли, Руссоларды біліп үйренсек екен. Атақты Абайдың өзі Абай болу үшін осы классиктерді оқыды ғой. Осыны неге түсінгіміз келмейді.
Бұларды оқығаннан сіздер өз жұртыңызды сатып кетпейсіз. Шет елге еліктеп кетем деп те қорықпаңыз. Біздің басты проблемамыз біз кітапты өзіміз үшін, өзімізге керек болғандықтан оқитынымызды әлі түсінбей келе жатырмыз. Бұл мақтаныш, сән көрсететін іс емес. Біреу оқыстан сұрай қалса екі-үш кітаптың атауын жатқа айтып беріп, әйтеуір өз надандығымызды қорғап қалсақ болды. Сондай ойлап қараңызшы, бұл кімге керек?
Әрбір жас Дальтонды оқымаса да Дантені, Галилейді білмесе де Гюгоны түсінсе әлемдік ғылымға, ғаламдық жаңалықтарға өз қалауымен ұмтылар еді. Себебі әдебиет деген сондай, ол алысты жақындатады. Бір кездері «Берлин қабырғасын» бульдозер емес, әдебиет қиратқан еді. Кейде маған әрбіріміздің ішімізде осындай тас қабырғалар, темір қоршаулар бардай көрінеді. Мұны тез жарып шығып, көкке самғау оңай емес.
Қамақтан шыққан қыран бірден көкке самғамайды. Сол секілді біз әлемдік ғылым мен білімге, жаңа технологиялар мен өндіріске өтерде осынау табиғи заңдылықты бұзып алдық. Ғылым мен білім күштеуге көнбейді. Біз армандаған әлемдік ғылым кабинеттегі тау-тау заң-закондармен реттелмейді. Ғаламдық ғылымға, заманауи технологияға бізді әлемдік әдебиет қана жетелеп апарады. Біз өзіміз ынтық болмайынша, өзіміз жан жүрегімізбен қалап ізденбейінше ғаламат жаңалық аша алмаймыз. Ғылымға да махаббат керек. Өз идеясы үшін өлтіріп жатса да бас тартпайтын ғалымдар міне, осындай махаббаттың дәмін татқандар. Коперник пен Галилейлер ғылымға шалқыған байлықтан, үкімет жағдайын жасап бергендіктен келген жоқ. Жағдай жасамақ түгіл соңына шам алып түсіп, тірілей өртеуге дейін барды. Бірақ олар өліп кетсе де өз идеяларынан бас тартқан жоқ. Себебі Данте мен Боккаччоның әдебиеті оларды ғылымға мас қылды. Олар Қайта өрлеудің идеясымен уланды.
Ғылымнан кет десе де кетпейтін нағыз ғалымдарды тек осындай жолмен тәрбиелеуге болады.
«Сен мынаны ізде, сен мынаны зертте, ертең өкімет осынша ақша бөледі» - дегенмен ғылым жолға түсіп, жаңалық ашылмайды. Бұл бар болғаны кабинеттегі макулатураны көбейтетін тірлік. Интеллектуалды ұлт қалыптастырамыз десек жұртқа өзі түсінбейтін қым-қиғаш темір-терсек ұстатып қоймай, соған дейінгі қадамдардан өтуге мүмкіндік беру керек. Не себепті алғашқы Ренесанс өкілдері шетінен ақын, драматург болды? Қарап отырсаңыз тарих бізге қаншама сабақ көрсетті, бірақ біз соны көргіміз, елегіміз келмейді.
Әлемдік классиканың исі мұрнымызға бармай жатқанда Еуропа мен Америка Тесла мен Эйнштейнді қопарып тастап, Айды қойып Марсқа ұшып жатыр. Ал біз дастархан басында басымыз қосыла қалса: «пәлен деген ел дамып кетіпті, біздің отырысымыз мынау» - деген қысыр әңгімені өрбітеміз.
Кеңестік дәуірде тек советтік идеяны насихаттаған кітаптарды оқып, әлемнен тыс қалғанымыз рас. Бірақ қазір тәуелсіз елміз ғой. Сіз тек қазақты ғана оқып қою арқылы өзіңізге қанша қинат жасап жатырсыз. Қарапайым ғана биологияда адам организміне жүздеген дәрумен (витамин) керектігі белгілі. Егер олардың бірі жетіспесе сіз мүгедек болып қаласыз. Сол секілді әлемдік тағылым, әлемдік классика сіздің рухани дәруменіңіз. Сонда сіз «Рухани мүгедек» болып қалам-ау деп қорықпайсыз ба?
Сөз соңында:
Жалпы қазақты әлемнен бөліп алып, жетінші материк етудің қажеті жоқ. Бұлай жалғаса берсе өз қазанымызда өзіміз қайнай береміз.
Қазаққа жаңа кеңістік керек!
Ә, Сократты ұмытып барады екем.
«...Соныменен не керек, сот атақты философтың ақталу сөзіне қарамастан өлім жазасына кесті. Ол қанша сөзге шешен, философ болса да ақтала алмады».
P.S. Егер жоғарыда айтылған сыннан өзіңізді ақтап ала алсаңыз, құттықтаймын, сіз Сократтан өткен данышпан болғаныңыз.
Рысбек Рамазанұлы
тарихшы, “Әлем халықтары жазушылары одағының” мүшесі
Бөлісу: