Тәкен Әлімқұловтың тәржіматанудағы тағылымы

Бөлісу:

24.11.2018 7347

Қазақ әдебиетінің қазынасына сүбелі үлес қосқан, көркемсөз өнерінің зергері Тәкен Әлімқұлов қазақ аударматануының қалыптасуына да ықпал етті. Т.Әлімқұлов тек қана жазушы, әдебиет зерттеушісі ғана емес, шебер аудармашы ретінде де татымды мұра қалдырған қаламгер.

Оның қаламынан әлем классиктерінің орыс тіліндегі көптеген туындылары қазақ тілінде сөйлеп, қазақ оқырмандарымен қауышты. Аудармашының аударылған шығармаларын салыстыру барысында шығарма сатылы аударма арқылы емес, түпнұсқадан тікелей аударылғандай әсер аласың. Себебі, олардың қайсібірін алып қарасақ та, түпнұсқаның сөз астарын терең түсіне отырып, автордың бейнелі көркем сөздерін сақтап, өз әрін бере отырып, тәржімалағанын байқаймыз.

Т.Әлімқұлов көркем аудармамен айналысып қана қоймай, аударманың теориясы мен тәжірибесі жөнінде сын-пікірлер, мақалалар жазды. Оның басты ұстанымы поэзиялық шығарма, прозалық шығарма болсын қай-қайсысын аударуда да ең алдымен түпнұсқа мәтініндегі әр сөзге баламаның сәйкес, үйлес келуіне мән беру керектігін басты орынға қояды. Әрине, сөзді аударудан бұрын көркем аударма жасауда ең алдымен көркемдік логикаға сүйенуді мақсат етеді. Көптеген аудармашыларда мәтінді қабылдау жоқ. Түпнұсқаны түсініп алмай, бірден аудармаға кіріседі. Т.Әлімқұлов оларды сынай отырып, аудармалардың қисынсыз шығатынына қынжылады. Сондықтан да, «Аудармашыға керегі көркемдік логика. Бұның өзі неше түрлі келіп, екі жағынан ұтатыны белгілі. Біріншісі бейненің көз алдыңа елестеуі. Екіншісі сол бейненің желісінің үзілмеуі» дейді де, бірнеше мысалдармен ойын дәлелдейді. Демек, аудармашының жады мықты болса алдымен мәтінді қабылдап, түпнұсқадағы белгілі бір сөзді қазақшалағанда онымен ұғымдас, мәндес келетін бар сөздерді саралап, солардың ішінен нақ сол қалыпқа, көрініске жазушының бейнелеп отырған өмір көрінісін дәл беру үшін әр сөзді дәл тауып, сөйлем құрылысына қарай дәл сәйкескестендіре алады.

Аударма туынды өз деңгейінде болуы – тілдің нәрлілігі, құнарлығы, бейнелілігіне байланысты болатынын, сондықтан да аудармашылар тіл заңдылығын, сөз қолданысын білуі шарт екенін айта келе Т.Әлімқұлов: «Көркем аудармада контекстер мен подтекстерді аса нәзік, аса терең түсінген,тілі бай, эквиваленті өте бай, өте ұтымды, ұғымды, нәрлі Абайдан үйренгеніміз жөн. Абай тәжірбиесі нағыз көркем творчествалық аударма» – деп, аудармашыларға Абайды үлгі тұтып, аудармаға қатысты мақалаларында қайта-қайта айналып соғып отырады. Мәселен, 1957 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы «Көркем аударманың кейбір мәселелері» деген жинақ шығарды. Онда Т.Әлімқұловтың «А.С. Пушкиннің поэтикалық шығармаларының казақ тіліндегі аудармалары жөнінде» атты мақаласы басылған. Автор А.С. Пушкиннің поэтикалық шығармаларының аудармаларын талқылап, өлеңдерінің көркемдік ерекшеліктерінің сақталуында қандай кемшіліктер болып, кандай жетістіктерге қол жеткізілгені жөнінде тиянақты тоқталып кетеді. А.С. Пушкин өлеңдерін қазақ тіліне аударған ақындардың аудармаларына талдау жасамас бұрын, Абайдың аудару тәсілдерін үлгі етеді. Абай негізінде үш түрлі тәсіл қолданған. Біріншісі – түпнұсқаны дәлме-дәл аудару. Екіншісі – түпнұсқаның төркініне сайма-сай балама табу. Үшіншісі – өз мүддесіне, өз арманына жалпы қазақ топырағына бейімдеу. Осының алғашқы екеуі бүгінгі аудармашы үшін ғибрат, үлгі. Соңғысы аудармадан гөрі творчествалық еліктеуге жуық» – деп Абай үлгісіндегі аударушылардың алдыңғы шебіне Қ. Аманжоловты қойып, «Ол Пушкиннің қолтаңбасын терең, нәзік түсінеді. Өлең жолдарының мәнін, астарын сол өлеңнің фактурасынан, композициясынан сезінеді. Таба біледі. Барабар балама осыған соғып жатады.... Абайша балама іздейді» деуінен Т.Әлімқұлов Абайдың аудармасындағы сөздік қорының молдылығынан, сөздің баламасын дәл беретіндігіне назар аудартады. Сондай-ақ, Абай аударманы өзінің ағартушылық қызметіне пайдаланып отырғандығын, сондықтанда ол кейбір шығармаларды тым еркін аударып, арасына өз идеяларын, өз көзқарастарын қосып, соған үндегенін аударманы қазақ даласының тарихи экономикалық болмысына қарай бейімдеп жібергендігінде түсіндіреді.

Шығарманы аудармас бұрын әр сөздің мағынасына үңіліп, ыждаһаттылықпен қарап қолдану керек. Әрине, әрбір мәндес сөз өзіндік мағынаға ие. Жалпы мағынасы ұқсас болғанымен кей сөздердің өзіне ғана тән қолданылатын орны болатыны белгілі. Т.Әлімқұлов, көптеген сөздердің айырмашылықтарын, мағыналарын анықтап береді. Мәселен: «Оңды» деген сипаттаманы жігітке арнау, «өңдіні» әйелге арнау лайықты. Орысша «хороший» мен «перехорошийдің» үдемелі маңызы болса, қазақша тамаша мен тамаша да осындай. Осы тәрізді ғажап, ғажайып, керемет, әдемі, әсем, әйбәт, керім, кербез, сұлу, сымбатты, сылқым деген сипаттамалар өзара ұқсас бола тұрып, бірін-бірі қайталамайды. Тек әрқасысының орынын дәл таба білу керек. Көркем аудармамен шұғылданып жүрген кезде «көзқарастың баламасын – бойлай қарады, бажалай қарады, тінти қарады, шытынай қарады, қадала қарады, ұрлана қарады, қырлана қарады, шытынай қарады, шаншыла қарады, алара қарады, жыпылықтай қарады, қиғаш қарады секілділерді жүзге тарта тізгемді» деп өзінің аудармашылық тәжірибесімен бөліседі.

Жазушының «Жұмбақ жан» атты еңбегінде «Маяковский шығармаларын аудару жөніндегі кейбір ой» атты мақаласында да алғашқы ойын терендете түседі. «Пушкин мен Байронды кез-келген адам аудара алмайтыны сияқты, Маяковскииді аудару үшін де оған ақындық рухы, табиғаты, почеркі жақын ақын аударушыларды іріктеп алу жөн болады. Бірақ солардың өздері Маяковскийді терең зерттеуші болу керек» - деп, Маяковский шығармаларын аудармас бұрын көп іздену керектігін тәжірбиеден көрсетіп береді. «Әрбір шумақтың сырын жеке сөзден іздемеу керек, шығарманың бүкіл концепсиясынан іздеу керек. Тіпті техникалық жағынан алып қарағанның өзінде тарихи деректердің тигізетін себебі мол» - деген пікірін қазіргі кезде де өлең аударуға талаптанған әрбір ақынға көрсетілер бағыт деп білеміз.

Жалпы, Т.Әлімқұлов ең бастысы аударма шығарманың әрпін емес, рухын жеткізіп, сөзді аударып сірестіріп қоймай, түпнұсқадағы ой-пікірді дұрыс жеткізу қажеттілігін баса айтады. Шығарманың интонациясын беретін тіл, образ, стиль ерекшеліктерінің сақталуына да назар аудартады. Автор өмір сырларын қалай шертті, аудармашы соны дәл түсініп, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей етіп оқушыға жеткізе алды ма деген аудармадағы түйінді мәселені басты талап етіп қояды.

Қазақтың әніне, күйіне жаны ғашық жазушының аудармашы міндетін өнер табиғатымен байланыстыра қарапайым тілмен түсіндіруі де қызық: «әр ақын өзінің қырына, бейіміне, ішкі әлеміне сай аударма таңдауға тиіс. Біреу лирик, біреу эпик, біреу сыршыл, біреу әуеншіл деген тәрізді ақын әр түрлі ғой. Дауыс екеш дауыстың өзі түр-түрге бөлінеді. Асқан әннің де, майда қоңырдың да, желдірменің де өз орны бар. Аударушылардың осыны есте тұтқаны дұрыс». Шынында да, аударылатын шығарма аударушылардың табиғатына сай келмесе оған күштеп аударттыру арқылы аударма өнерін көтере алмайтынымыз анық.

Көркем аударманы қай тұрғыда қарастырса да, Т.Әлімқұловтың аудармадағы қағидаларының барлығы да тәржіманың сәтті шығуын көздейді. Сондықтан да, сыншының аудармаға қатысты сын-пікірлері ұлттық аударма мектебін қалыптастыруда қашанда назарда болуы қажет.

Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА,

Еуразия гуманитарлық институтының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

Бөлісу:

Көп оқылғандар