Иран-Ғайыптың «Баймұрат батыры»
Бөлісу:
Иран-Ғайыптың «Баймұрат батыр» драмалық дастаны жуықта «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Драмалық дастанның идеясы – Ресей патшалығының қол астына кіруге ант беруден бас тартқан Баймұрат батырдың ерлік істері, ішкі жан дүниесі, бұлқынысы, ел трагедиясы, батырдың көзғарасы, қазіргі тілмен айтқанда «саяси позициясы», Баймұрат батырдың өмірі, ақын-драматургтің тағы бір драматургиялық туындысы.
Баймұрат батыр туралы ел іші әңгіме-аңызға толы. Ағылшын саяхатшысы Джон Кэстель 1736 жылы Әбiлхайыр хан ордасында болған күнделiк жазбаларында Баймұрат батыр туралы мәлімет береді, 2007 жылы қайтыс болған жазушы Александр Сергеевтің Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылуына арналған «Петербургский посол» тарихи романында дерек жеткілікті, Әбіш Кекілбаевтің «Үркер» романын оқысаңыз: «Қолдарына мылтық, қылыш, найза ұстаған орыс солдаттар мен башқұрттар елшінің мекен-жайын шыр айналып қоршап тұрып алды. Жаппастар хан орданы да қамап алып айқайды салып жатыр. Ақ сұр ат мінген шаңқылдақ кісі әрлі-берлі шаңқылдап жүр. Баймұрат сол екен. Баяғы шеке тамыры бадырайған қызыл сары би боп шықты. Біресе хан ордасының тұсына барып шаңқылдайды, біресе елшіліктің тұсына келіп шаңқылдайды.
- Кісендеулі екі жігіттің ат-шапан айыптарымен қайтармайтын болсаңдар, менен жақсылық күтпеңдер. Түн ортасы ауғанша мұрсат беремін. Сол екі ортада талабым орындалмайтын болса, обалдарың өздеріңе. Ордаңды шағып, отын етіп жағам. Елшіңді мойнына қыл тұзақ салып сүйретіп әкетемін. Жауабыңды патшаның алдында мен емес, сен бересің, Әбілқайыр!» деп батыр бейнесін суреттейді.
Ел мүдесіне келгенде, қандастарының қайғы қамын жегенде ханына қол көтеретін, қынабындағы қылышын ханға да қарсы суыратын Махамбет, Сырым, Бекболаттар қатарындағы батыр.
1729 жылы Аңырақай шайқасында алтын-жаппас руы жасақтарына қолбасшылық еткен қазақ батыры, би де, бай да болған қайраткер. Есімі ұран болған батыр Баймұрат Байбөріұлының ерлігі, қаһармандығы халқының жадынан ұмытылған жоқ, батыр ұрпақтары бабаларының ерлігін осы күнге дейін есте сақтап келеді, тарихи тұлға, жұмбақ тұлға, Баймұрат сияқты батырлар қазіргі жерімізді, елімізді мұрат тұтып кеткендер, ал жаңа «Баймұрат батыр» дастаны тарихи драмалық шиеленістерге, ел трагедиясына, адам трагедиясына толы.
Трагедия демекші, Уильям Шекспирге қатысты ағылшындар: «Шекспир адам қайғысын, ел қайғысын бөліскен драматург, ол – қоғамды, адамды кінәлаған емес, ақтаған да емес, трагедиялық образдарымен жаманнан жиіркенуге үйретті», - дейді. Ал үш ғасырдан кейін тағы бір ұлы жазушы Лев Толстой ағылшын драматургін жақтыра қоймады, атақты драматург шығармаларына әдейілеп жазған әдеби сын еңбегінде оның драмалары «жиіркеніш тудыратын шығармалар» деп жазды. Өмірде, өнерде, оның ішінде әдебиет парадоксқа толы. Шекспирден жиырма ғасыр бұрын өмір сүрген философ Аристотель әдебиетке теориялық анықтама берген жоқ, нақты айтсақ, ол кезде көркем әдебиет атымен болған жоқ, күнделікті өмірдегідей «трагедия мен комедия» болды, олда трагедияның тектілігін қалады, әдебиет жетілген сайын Шекспир драмалары көркем әдебиеттің классикалық стандарттарына айналды, Шекспир өмірдің қайғысын да, қуанышын да оқырманға сыйлады, мұнымен келіспеуге шама жоқ.
Автордың екі бөлім, жеті көріністен тұратын драмасы Баймұрат батыр өмірінің кезеңдерін жеті көрініске бөледі, батырдың өмірі сюжеттік көрініс алады, образдарға да бай: Әбілқайыр хан, Бөкенбай, Есет батырлар, Тевкелев пен Қыдырас, батырдың ұлы Алан, оның анасы қалмақ батыры Тойшының қызы – Найха, Күйік би, негізгі идеяны басында айттық. Драма тұтастай батырлық рухтан, ерліктен, жанқиярлықтан тұрады, отбасы толғанысы, балаға деген әкенің сүйіспеншілігі де, шешенің махаббатынан да кенде емес, ханға деген қатты сөз де, жауға деген өшпенділік те, жиіркеніш те жетеді. Батырдың жарық дүниеге, өмірге филосфиялық рухани көзғарастары, толғаныстары толғантпай қоймайды, ол да драманың идеялық, рухани контексімен жарасады, бүгінде маңызды, астарланған, өйткені мәңгілік нәрселер, адамшылық негіздер, рухани құндылықтар, ақын Иран-Ғайыптың дәстүрлі поэтикалық стилінде:
Аттан!
Аттан!
Аттан!
Қазақ!
Адамның,
Жауы –
Көп...
Ең алдымен:
Адамның,
Жауы –
Адам!
Адамның
Жауы-
Өзі:
Құлағы!
Тілі!
Көзі!
Ақылы!
Ойы!
Санасы!
Сойылы!
Сойы...
...Қалмақ-Қазақ соғысының кезекті қырғыны. Қалмақ батыры – Тойшы мен қазақ батыры Баймұраттың жекпе-жегінен басталатын драма Тойшының садақтан тартқан зымыран жебелерінен қорғанып жүріп, аңдысын аңдып, амалын келтіріп, жебелерді қағып салып жүрген Баймұрат батыр Тойшыға жақындай келіп, көк найзасын қалмақ батырының кеудесіне қадайды, жанына бойлата сүңгітеді, қалмақ батыры құлап бара жатып:
Уай,
Жалған-ай
...Қан - Майданда,
Жекпе-жектен –
Ажал құшқан Батырда,
Фәнилік:
Арман –
Болар ма..
...
Дат,
Баймұрат,
Дат... – дейді, қалмақ батыры Тойшының ажал алдындағы соңғы сөзі, аманаты – жалғыз қызы Найханы Баймұратқа тапсыруы да «жау болсақ та адамбыз ғой» деген түп тамыры – адамшылық идеяны білдіреді, батырдың қайырымы, кеңдігі, сөзіне адалдығымен жалғасады.
1731 жылдың 10 қазаны. Хан ордасы... Кіші жүздің Әр рубасы, билері «Құран» ұстап «Ант» беру рәсімі өтіп жатады....
Тарихқа шегініс. 1731 жылғы 19 ақпанда Анна Иоанновна патшайым Әбілқайыр ханға бүкіл қазақ халқы ерікті түрде Ресейдің қол астына қабылданғаны туралы грамотаға қол қойды. Оны қазақтарға жеткізу үшін 1731 жылғы 30 сәуірде Кіші жүзге А.И. Тевкелев бастаған елшілік келді. 1731 жылғы 10 қазанда Кіші жүз Ресейге өз еркімен қосылатыны туралы актіге қол қойды.
Қазақ халқының тарихындағы ең ауыр, трагедиялық сәт – қаралы күн, Баймұрат:
Бізді,
Қазақты,
Отанымызды,
Қотанымызға –
Қоса,
Жалмап
Тұр:
Патша – Ағзамның,
Қаңылтыр – Кресті мен
110
Сомына -
Жалдап!
Сен
Қонақ –
Емессің
Жаусың!
Зымиян –
Дұшпансың!
«Құдай қонақ»
Өлім – Уын
Сеуіп,
Шиті –Мылтығын -
Оқтатып,
Зеңбірегін
Сүйреткен,
Қанды –Қол -
Жендет,
Қарақшы – Әскерін
Әкелмейді.
Тевкелев:
Бунтарь!
Тұтқынға
Алыңдар,
Түге....
Әбілхайыр:
Тиыл,
Баймұрат,
Тиыл!
Хан – соңыма –
Ер...
Бөкенбай:
Бұ –
Неткенің,
Тентек!
Бер –
«Антыңды»
Бер –
«Антыңды»
Бер!
Қазақ хандары мен сұлтандарының алауыздығы, тақ таласы мен бас билік қайғысы, олардың екіжүзділігі мен сатқындығы тұтастай бір халықты, қазақ даласын біреудің қол астында ғасырлар өмір сүруге мәжбүр етті, қазақ елдігін жоғалтты, қазірде сабақ аларлық, бұған тарихи баға бере алмай келеміз, біреуі бұрыс, енді біреуі басқа жол болмады деп қақ бөлінеді, мүмкін өткенге баға берудің, тарихтан мін іздеудің қажеті де жоқ шығар, ал елдің, қоғамның, адамның қандай болмасын әрекеті – ар-ожданмен өлшенетіні айдан анық нәрсе, имансызданған, құнсызданған, арсызданған заманда қадыр-қасиетін жоғалтпағандар, ар-ұятын сақтап қалғандар болған екен, соның бірі Баймұрат:
Бере алмаймын
«Антымды»
Сата алмаймын-
Халқымды.
Ол халқын, туған жерін сатқан жоқ, ант бермеді, халқына, еліне, өмірге сенімін жоғалтпады, басқаға алмастырмады – өзінің таңдауын жасады, «ерікті түрде» Ресейдің қол астына кірмеді, халқына сенеді, халқын қорғайды.
Қазақ-қоқан қырғыны, ойсырата жеңген қазақ, қашқан қоқан, Баймұрат:
Бір де бірін:
Саяқ –
Қалдырмай-
«Тоған – Құрбан»-
Қылыңдар,
Қазақ –
Тірі тұрғанда,
Бұдан
Былай,
Бұл –
Маңға-
Мүлдем-
Жоламайтын,
Рұқсатсыз-
Аяқ Баспайтындай
Етіп!
Жеңіс қуанышының эйфориясы ұзаққа созылмады, табиғат сойқаны - Дарияның опырыла омырылуы, Бұзылған Тоғанның екі басы толған адам. Күйік би өзін жанқиярлық құрбандыққа шалады, Баймұрат:
Әскер!
Мына «Сұрапылмен»
Тура
Ажалмен
Айқасқандай -
Айқасайық!
Батыр бастаған әскер зұлмат сойқанға, тасқынға қарсы тұрады, халық аман қалады, Дария арнасына түседі, дауыстар:
-О ,
Құдыреті-
Күшті ....
-Жаратушы – Ием...
Астындағы
Ғажаптар:
Рухы –
Өлмейтін,
Мәңгі – Тірі
Қазақтар...
Пафостық поэтикалық дүние, жоғары эстетикалық салтанатқа құрылған, қанаттандыратын туынды.
Иран-Ғайыптың драмалық шығармасы туралы әлі тұшымдырақ айтыла жатар, ал бүгін «Баймұрат батыр» драмалық дастаны Иран-Ғайыптың қазақ әдебиетінің алтын қорына енген аңыздық, мифтік, дастандық, тарихи-деректі «Мен ішпеген у бар ма?», «Хайуандық комедия», «Күшігінен таланған», «Қорқыттың көрі», «Мауглидің оралуы», «Керкеткен» туындыларының қатарына тұруға әбден лайық, «Жолың болсын «Баймұрат батыр»!
Салауат Кәрім
Бөлісу: