Т. Элиот. Сын шекаралары

Бөлісу:

27.11.2018 5022

Бұл баяндаманың жазылу мақсаты әдебиет пен сынның арасындағы шекараға тікелей қатысты. Егер біз басымдықты тек әдебиетке ғана беретін болсақ онда ол сын болудан қалады. Ал керісінше басымдықты сынға беретін болсақ онда сын әдеби болудан қалмақ. 1923 жылы менің «Сынның мақсаты» атты мақалам жарыққа шықты. Бұл мақаланың «Таңдаулы эсселер» атты кітабыма енгенін ескеретін болсақ, мен үшін 10 жылдан бергі маңызын еш жойған жоқ. Бірақ, жақында ғана оны қайталап оқып шыққаннан кейінгі менің өз ойларым өзімді әбден тығырыққа тіреді. Оның басты себебі, ондағы өз ойымды өзімнің түсіне алмағандығымда болатын. Бірақ, бір қызығы, мақалада өз көзқарасыма қайшы келерліктей ештеңе тапқан жоқпын.

Шындығында, бұлай істеуіме ненің түрткі болғанын әлі де болса түсіне алар емеспін. Бірақ, әрине, мен мұнда тек жеке пікірге қарсы келетін көненің классиктерін ғана әсіре жоғары бағалайтын Миддлтон Марроумен болған «ішкі дауыс» жайлы қайшылықтарды қайта қозғау жайын ойлаған емеспін. Аталмыш эсседегі оның бірқатар тұжырымдары мен еңбектері менің әдеби сын туралы түсінігіме қайшы келетін. Деседе, аға буынның «құрметті» сыншыларына қарата айтылып жүрген менің сындарымдай емес, өте сенімді әрі бар ынтамен айтылғандай болып көрінетін. Алайда, өкініштісі, қазір осыдан 33 жыл бұрын өзім қарсы шыққан импрессионистік сындарға тиесілі бір де бір кітапты, болмаса эссені есімде сақтап қала алмаппын.

Аталмыш мақалаларға қайта оралуымның бір ғана себебі бар. Ол менің 1923 жылы осы тақырыпқа жазған мақалаларымның қаншалықты «ескіргендігін» көрсету ғана. 1925 жылы Ричардстың «Әдеби сынның ұстанымдары» атты кітабы жарық көрді. Ол жарыққа шыққаннан кейін айтарлықтай көп дүниені өзгертті. Ал, менің мақалам одан біршама уақыт ерте шыққанымен, бүгінгі сынның даму қарқыны түрлі бағытта кемелденуді бастан кешіруде. Және, «Жаңа сын» терминін көп адам оның қамту ауқымына қарамастан бейберекет қолдана беретін болып алды. Бірақ, «жаңа» деген сөздің өзі, меніңше, негізінен бәрін біріктіретін мағынаға ие секілді. Себебі, жаңа буындағы бір-біріне кереғар сыншылардың өзін, аға буын сыншыларына деген әлдебір келіспеушіліктері біріктіріп тұрады.

Баяғыда мен әрбір жаңа буын өзінің әдеби сынын қалыптастыру керек немесе әрбір ұрпақ «өнерге өз тұрғысынан келеді, оған өз талаптарын қояды және жаңа міндеттер жүктейді»,- деген ойымды алға тартқан болатынмын. Мұны айта отырып, әрине, талғам мен сәннің өзгеруінен де маңыздырақ дүниелердің болатынына да емеуірін білдірдім. Өйткені, өткеннің шедеврлеріне жаңа көзқараспен қарайтын жаңа ұрпақ, оларды қабылдауда алдыңғы буынға қарағанда айтарлықтай ықпалға ұшырайды. Алайда, мен қандайда бір көлемді шығарма «әдеби сын» деген түсінікті өзгертіп жібере алады деген ойды айтқан емеспін. Жуырда ғана мен «білім беру» деген сөздің мағынасы XVI ғасырдан бері қатты өзгеріске түскендігі туралы айттым. Ол тек жаңа жүйедегі заңдардың тым көптігіне ғана қатысты емес, сонымен қатар оның халыққа жаппай таралғандығына да қатысты. Аталмыш ойдың белгісін «әдеби сын» деген түсініктің қалыптасуына қарасақ та көреміз. Мәселен, Жонсонның «Ақындардың өмірбаяны» мен уақыты һәм маңызы жағынан одан бір мысқал кем түспейтін Кольридждің «Әдебиет биографиясы» атты еңбегігін салыстырып көріңіз. Ондағы басты айырмашылық, Жонсонның өзін, өзіне тиесілі әдеби дәстүрдің соңғы өкілі етіп көрсетуінде. Ал, Кольридждің айырмашылығы жаңа стильдің жақсылығын асырып, жамандығын жасыратындығында емес. Бұлардың арасындағы үлкен айырмашылық, Кольридж, поэзияның құралына айналдыра білген сұрақтардың көлемділігі мен алуан түрлілігінде деуге де болады. Ол сын мен философияның, эстетика мен психологияның арасында байланыс орнатты. Аталмыш заңдылықтар кейіннен әдеби сынға енгізілгендіктен, кейінгі сыншылардың бұл еңбекке тоқталмай өтіп кетуі өте қиын дүние. Бүгінгі күні Жонсонды бағалау үшін тарихи таным қажет болса, Кольриджден, керісінше, заманауи сыншылар көптеген ортақ дүниені таба алар еді. Шындығында, қазіргі сынның өзі Кольридждің тікелей мұрагері болып табылады десек артық айтқанымыз емес. Егер Кольридж бүгінде тірі болса, өз заманындағыдай қолжетімді қоғамдық ғылымдармен, лингвистикамен әрі семиотикамен айналысатын еді.

Әдебиетте біз әңгіме етіп отырған ғылымдарды, біреуінің немесе бірнешеуінің көмегімен зерттейтін болсақ, өз уақытымыздағы әдеби сынның өзгеруіне басты екі себептің бірін табар едік. Дегенмен, екінші себебі бізге айтарлықтай айқын емес. Себебі, Ағылшын мен Америка әдебиетіне көңілдің тым көп бөлінуі, Американың университтерінде ғана емес, мектептерінде де көптеген сыншылардың тәлімгерлікпен, ал тәлімгерлердің сыншылықпен айналысатын жағдайын қалыптастырды. Нағыз қызықты сынның көпшілігі университетке түскен немесе өзін сыншы ретінде алғаш байқап, сыныпта отырып жазған әдебиетшілерге тиесілі болғандықтан мұны дұрыс емес деп айта алмаймын. Сыншының нағыз салмақты сыны, бірен-саран мықтыларды есептемегенде, журналдарда өмір сүрудің жеткіліксіз әрі сенімсіз екенін көрсететініне бүгінде таң қалуға болмайды. Ол, олардың өмірге өзгеше қырынан қарайтындығын және өзінің тәлімгерлеріндей емес, мүлде бөлек аудиторияға жазатындығын білдіреді. Менің ойымша, қазіргі кездегі салмақты сын ХІХ ғасырға қарағанда анағұрлым шектеулі, себебі, бүгінгі сын сан мен сапа тарапынан шектеулі оқырман қауымға жазылатын секілді.

Жуырда мен француздық психиатр докторы Юбер Бенуаның дзен-буддизм психологиясы жайындағы «Ең жоғарғы даналық» атты кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасына жазылған Олдос Хакслидің пікірлеріне таң қалдым. Хакслидің бұл тамаша кітап жайындағы ойлары менің жеке пікіріммен сәйкес келеді екен. Мұнда, Хаксли батыс психиатриясын Дао мен Дзен кезінде қалыптасқан Шығыстық жүйемен салыстырады. Мысалы:

«Батыс психиатриясы, жаны жай таппайтын мазасыз тұлғаның өзінен төменгі тұлғаларға, яғни, бір-бірімен ортақ тіл табыса алатын адамдарға, жергілікті институттарға сондай-ақ дүниелік тәртіп негізіндегі қарым-қатынас талап етілмейтін ортаға икемделіп кетуіне көмектесуге бағытталған. Бірақ, норманың бұдан басқа да түрлері бар. Ол – мінсіздік нормасы... Тіпті, азған қоғамға жақсы бейімделген адам да, ниеті болған уақытта Дүниенің Табиғатын тануға ұмтыла беруіне болады»,- деп жазған болатын.

Бұл сөздердің мен әңгімелеп отырған тақырыпқа қандай қатысы бар екені сіздерге түсінкті болуы екіталай. Бірақ, дәл дзен-буддистік көзқарас секілді, батыс психиатриясы да емдеу мақсаттары жайлы сұраққа келгенде адасушылыққа тап болады. Және бұл мәселе қайта қарауды талап етеді. Сол секілді менің де мына бір сұраққа сәт салған жайым бар: мақсат жайлы айқын түсініктің болмауы заманауи сынның басты мәселесі ме? Сын кімге айтылуы керек және оның басқаларға қандай пайдасы бар? Шамасы, сынның болмысы оның ақырғы мақсатын күңгірттендіріп жіберсе керек. Әрбір жеке сыншы өз алдына бөлек міндет қойып, олар сөз жоқ өте маңызды жұмыспен айналысып жатыр дейтін болсақ, онда бұл уақытта сын өзінің міндетін көрсететін алғашқы ұстынынан айырылып қалды. Бұлай болған жағдайда бұған таң қалатын түгі жоқ. Өйткені бұл күндері ғылымның, тіпті гуманитарлық ғылымдардың дамығаны соншалық әр мамандық үшін білуге тиіс ақпарат өте көп. Сол себепті студенттердің тағы басқа да дүниелерді үйренуге немесе оқуға уақыты болмайды. Және де кәсіби кең ауқымды білім беру арқылы үйрететін оқу жүйесінің болмауы, біздің университтеттерімізде талқыланатын өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Әрине, біз Аристотельдің немесе қасиетті Фома Аквинскийдің ғалам жайлы ойларына орала алмаймыз. Сол секілді, Кольридждің кезіндегі әдеби сынға да қайтып бара алмаймыз. Бірақ, біз «қандай жағдайда да әдеби сынмен емес, мүлде бөлек дүниемен айналысып жатқан жоқпыз ба?» деген сауалға жауап берсек, онда әдеби сынды өзіміздің сынмыздан сақтандыра аламыз.

Мен өзімді кәрі және сынға мүлде жарамайды деп, заманауи сынның алдындағы кедергі ретінде көретін пікірлерді естігенде әрқашан таңданысымды жасырмаймын. Жақында мен әлдебір заманауи сыншының «Америкалық қана емес, сонымен қатар Т.С.Элиоттан бастау алатын сындағы бүтін бір ағымға» меңзей отырып, «Жаңа сынға» сілтеме жасаған кітабын оқып шықтым. Біріншіден, неге автор Америкалық сыншылар ішінен мені ерекше бөліп көрсетті екен? Екіншіден, өз басым менен бастау алады дейтіндей мұнда ешқандай сыни ағымды көріп тұрған жоқпын. Әрине, «Критерион» журналының редакторы ретінде мен жаңа сынның дамуына осы журналдың бетін оқу полигоны жасау арқылы, біраз атсалысқан шығармын деп те үміттенемін. Бірақ өзіме берілген бұл бағам тым қарабайыр көрінбес үшін, менің әдеби сынға қосқан үлесім мен ондағы кемшіліктер жайлы ойымды айта кетуім керек секілді. Әлемге кеңінен тараған, дегенмен аса бір жетістікке жете қоймағандарын айтпағанда, менің ең үздік әдеби сындарым – маған ықпал еткен ақындар мен драматург-ақындар жайлы эсселер. Бұл менің ақындық қолөнерімнің қосымша өнімі немесе өлеңнің туындауына әкелген ой үрдісінің жалғасы. Өткенге үңілсем, менің шығармашылығыма әсер еткен ақындардың шығармашылығы жайлы жақсы жаза алғанымды байқадым. Мен олардың өлеңдерін олар жайлы жазбай тұрып-ақ тереңдеп түсінген едім. Мен жазған сынды, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін түсіну – жеке поэзиямды жете түсінгенде ғана мүмкін болмақ. Осы тұрғыдан алғанда ол Эзра Паундтың сынымен үндес. Расында, Паундтың сынында әлдебір өсиет сарыны бар. Бұл, менің ойымша, оның сынының стилі әлі қалыптасып үлгермеген жас ақынға арналғанынан болуы керек. Алайда, осы бір ақынға деген махаббат, сонымен қатар, жеке поэзиясына байланысты ұдайы пайда болып отыратын рефлексия, Паундтың арғы-бергі уақыттағы ең үздік кітабы «Ортағасырлық махаббат рухына» дейін дендей енген. Поэзияны ақынның сынауы өз бойына үлкен бір кемшілікті жасырып қалғандығында деп түсінемін. Оны – ақынның жеке шығармашылығына қатыссыз бөтен детальдардың сыналу шеңберінен шығып қалуы деуге болады. Тағы бір кемшілігі, ақынның өте салмақты сынының өзі, оның шығармашылық шеңберінен шыққаннан кейін іске алғысыз болып қалуы. Менің ақындарға берер бағам өміршеңдігін жойған емес. Нақтылап айтар болсам, кейбір заманауи ақындар жайлы менің пікірім еш өзгеріссіз қалды деуге де болады. Бірақ бұл менің сынды талқыға сала отырып, поэзия сынына ерекше тоқталуымның жалғыз себебі емес. Бұрынғының, сыншылары әдеби сынды ауызға алғанда айтқылары келетіні дәл осы поэзия сыны туралы болатын. Поэзияға қарағанда көркем проза сыны едәуір кейін қалыптасқан ұғым және оны талқылау менің міндетіме кірмейді. Бірақ, менің ойымша, оны талқылауға мүлде бөлек өлшемдерді қолдану керек. Айтпақшы, түрлі әдеби жанрлар мен оларға қажетті детальдарды сынаудың қолданыстағы әдістерінің айырмашылықтарын зерттеу, болашақта ақын немесе романист болу ойына кірмеген сыншы үшін өте қызықты тақырып. Бірақ, поэзия – сын үшін ең қолжетімді пән. Өйткені оның формальды құрлысы талқылауға жеңіл болады. Тіпті, сондай-ақ поэзияның бары да, нары да стиль секілді болып көрінуі мүмкін. Бірақ, мүлдем олай емес. Біз сынның өзін талқылап жатқан уақытта, біздің поэзияда эстетикалық көңіл-күй оған өте жақын болып келеді. Сондықтан, оны талқылау оңай деген қиялымыз үшін де, поэзияны, әдебиеттің осындай бір ерекше жанры жасайды. Сын гуманитарлық ғылымдармен, гуманитарлық ғылымдар сынмен түйісер тұстағы заманауи сынның айтарлықтай бөлігін, мен ақпарат көзі арқылы түсіндіру тәсілі деп атар едім. Ойым анығырақ болу үшін жоғарыда айтқандарымызға кері әсерін тигізген екі кітапты еске салғым келіп отыр. Мен бұл кітаптарды сынаудан аулақпын, әрине. Керісінше, бұл кітаптармен әркім таныс болуы шарт. Біріншісі – Жон Ливингстон Лоузға тиесілі «Занадуға апарар жол» атты кітап. Оны поэзиямен шұғылданып жүргендердің барлығына оқуға кеңес берер едім. Екіншісі- Жеймс Жойстың «Финеганның азасы» атты кітабы. Оның да, құрығанда, бірнеше бетін парақтауға ұсынамын. Сонымен, Ливингстон Лоуз тамаша ғалым, жақсы ұстаз әрі сүйкімді адам болатын және менің жеке ұстанымдарыма байланысты ол кісге құрметім шексіз. Ал, Жеймс Жойсқа оралатын болсақ ол, менің досым, және өте дарынды адам. Бұл жерде «Финеганның азасы» туралы сөз ету, онсыз да танымал туындылар қатарына кірген кітапты мақтап, мадақтау деп қабылдаудың қажеті жоқ. Сонымен, бұл екі кітаптың өзара байланысы неде? Оның себебі, екі кітап жайлы да «осындай бір кітап жетеді» деп еркін айтуға болатындығында. «Батысқа апарар жол» туралы оқымағандарға айтарым, бұл – өте қызықты зерттеу. Лоуз Сэмюэль Кольридж өз заманында оқыған барлық кітаптарын және оның «Құбылай ханы» мен «Қарт теңізшісіндегі» образдар мен тіркестерге негіз болған дереккөздердің бірін қалдырмай ақтарып шыққан (ал ол өте кітапқұмар оқырман болатын. Т.Э). Бұл кітаптардың көпшілігі ұмытылған әрі жоғалған. Және оған қоса Кольридждің саяхат жайлы қолына түскен бір де бір кітапты қалт жібермей оқығанын тілге тиек етсек те жеткілікті. Және Лоуз ақындық болмыстың - әр текті және ақылға сыймайтын ақпараттардың жаңасын жасаудың әдісі екендігін алғашқы және соңғы болып дәлелдеп кетті. Бұл дегеніміз, Гений ақынның қолынан ақпараттардың қалай өңделіп және қалай әрленіп шығатындығының айқын дәлелі. Бұл кітапты оқып болған соң, ешкім де «Қарт теңізшіні» жақсы түсініп кетпейді. Сондықтан, Лоуз мұндай поэманы түсіндіру туралы ойлаған емес. Ол шығармашылық үрдісті, анығында, әдеби сынның шекарасын зерттеумен айналысты. Кольридждің көзімен оқылған кішкене ғана үзінді қалай үлкен поэзияға айналды? Бұл мәңгі жұмбақ күйінде қалып келе жатыр. Десек те, үмітін үзбеген филологтардың бір шоғыры Лоуздың әдісін пайдаланып кез келген ақынның кез-келге өлеңін түсінудің кілтін табуға тырысуда. Әрине, егер оны оқи алатын адам бар болатын болса ғана. Бір жыл бұрын маған Индианадан бір мырза хат жолдады. Хатында: «Қызық, мүмкін мен есімнен адасқан шығармын. (мүлде олай емес, тек оның «Занадуға апарар жолды» оқығаннан кейін жүрегі зырқ ете қалған болуы керек. Т.Э). Бірақ, «Өркениеттің өлі мысықтары», «Шірік иппо», г-ном Курц және «Сен былтыр бақшаңа отырғызған мәйіттің» арасында әлдебір нәзік байланыс бар ма?»,-деген сауал тастады. Түсінгендеріңіздей, оқырман менің «Шөлім» мен Жозеф Конрадтың «Түнектің жүрегінің» арасындағы байланысты іздейді екен. Егер доктор Лоуз герменевтика мамандарына бәсекелестіктің дертін жұқтырса, «Финеганның азасынан» олар әдеби туындының этолонын тапқын болар еді. Ал, мен бұл кітаптың ішіндегі шатысқан барлық байланыстарды аршып алу үшін, мамандардың алдарына қойған мақастты ісін қаралап тұрмағанымды айтуға асықпын. Әрине, егерде, «Финеганның азасын» түсіну мүмкін болатын болса ғана. Ал кітапты негізінен, тек зерттеу арқылы ғана түсінуге болады. Сондықтан, мұндай зерттеулер бізге керек. Осыған байланысты Кэмпбелл мен Робинсон тамаша жұмыс атқарды (мен тек бір зерттеудің авторлары жайлы айтып отырмын. Т.Э). Бірақ, осы бір теңдессіз шедеврдің авторы Жеймс Жойс үшін кейде қамығып та қаламын. Өйткені, оның қолынан, арнайы нұсқаулығы болмаса да адам баласының ұғымына тек тамаша туынды ретінде ғана көрінетін кітап туындады (авторы өзінің ирландтық интонациясымен оқыса екі есе тамаша. Т.Э). Сосын, Жеймс Жойс өз кітабының соншалық шытырман болатындығын ескертпесе керек. «Финеганның азасына» ақырында қандай баға берсе де (ал, менің ойымда оған беру жоқ. Т.Э.) мына бір байлам соңғы нүктесі болып қалады: поэзия (прозадағы зор поэма десек те болады. Т.Э) мүлде басқа жолдармен өмірге келеді және оны сүйіп, түсіну үшін тым қатты күшенудің қажеті жоқ. Сонда да, «Финеганның азасындағы» жұмбақтар қазір кеңінен тарап, түсіндіруді түсіну деп қабылдау қателігін әбден орнықтырып жіберген секілді.

Менің почтам «Коктейльдермен өткен кеш» пьесамның қойылымынан кейін хатқа толып қалды. Ол хаттардың авторлары пьесадағы өздеріне жұмбақ болып көрінген тұстарының шешімін жазып жіберген болатын. Және менің оларды тығырыққа тіреген жұмбақтарыма қарсыласпады, керісінше, ол оларға ұнаған болса керек. Анығында олар ақырғы шешімінен ләззат алу үшін өзіндік ребустарын құрастырып алыпты (бірақ мұны өздері де түсінбейді. Т.Э). Бұған менің де кінәм бар екенін мойындаймын. Себебі, бір кездерде «Шөлге» жазған пікірлерім зиянды факторға айналған болатын. Алғашында, бұрын жазылған өлеңдерімнен плагиат тапқан сыншылардың пікірін жоққа шығару мақсатында қанатты сөздерге ескертпе қойып қана қойғым келген. Бірақ, «Шөл» жеке кітап болып басылар кезде поэманың тым қысқа екені мәлім болды. Және ол, әуелі «Дайл» мен «Критерионда» ешқандай пікірсіз шыққан болатын. Сондықтан, бұл мәселені, ескертпелерді ұзартып, баспа мәтінінің бірнеше бетін қосып алу арқылы шешпек болдым. Нәтижесінде пікірлер осы уақыттқа дейін сыншылар назарының объектісіне айналды. Мен пікірлерді кітаптан алып тастау жайында сан мәрте ойландым, бірақ олардан енді құтылу мүмкін болмады. Олар поэманың өзінен де зор танымалдылыққа ие болды. Егер біреу, менің «Шөлімді» сатып алып, оның ішінен ондағы пікірлерді таппайтын болса, онда өз ақшасын қайтарып беруді талап ететін дей жағыдайға душар етті. Бірақ, десе де маған бұл пікірлер өзге ақындарға соншалық зиян келтірмегендей көрінетін. Не де болса, мен заманауи ақындардың ішінде біреуінің пікірді құрастыру тәжірбиесі жайында нашар пікірде болғанын естімедім. ( Марианн Морға келсек, оның өлеңдерге жазған пікілері әрқашан орынды, шынайы, ғажап және тамыр іздеушілерге еш мүмкіндік қалдырмайды. Т.Э). Негізінен, мен өзге ақындарға нашар үлгі бердім деп емес, әуесқойлар арасында дереккөзді зерттеуге деген жалған қызығушылықты ояттым деп өкініп отырмын. Және менің тарапымнан Жесси Уэстонның еңбектеріне лайықты бағасын беруім күмәнсіз әділетті болды. Бірақ, соншама аңшыларды сәттілік картасы мен Қасиетті Гральді іздеу жорығына шығуға итермелегенім өкінішті. Өлеңді оның генезисінің түсіндірмелері арқылы түсіну турасында жайлы ойлана отырып, осы сұраққа қатысы бар-ау деген К.Г.Юнгтің қанатты сөздеріне тоқталуды жөн көріп отырмын. Аталған қанатты сөздерді Виктор Уайт өзінің «Құдай және бейсаналық» кітабында қолданады. Виктор Уайт, Юнгтің сөздерін Фрейд пен Юнг әдістерінің арасындағы айырмашылық ретінде мысалға келтіреді: «Кез-келген физикалық құбылысқа, энергетикалық және механикалық көзқарас тұрғысынан қарауға болатындығын, баршасы мойындаған факт. Механикалық көзқарас тұрғысынан алғанда құбылыс – себепті. Ол - қандай да бір әрекет ықпалының салдары ретінде бағаланады. Ал энергетикалық көзқарас алдыңғыға қарағанда толыққанды болып келеді. Ол бойынша, құбылыста себептің салдарға әсерінің байқалуы, энергия құбылыстағы кез-келген өзгерістің негізінде тұрғанда ғана болуы мүмкін...»,- дейді. Бұл сөздер «Аналитикалық психология зерттеулеріндегі» бірінші эсседен алынған. Мен Виктор Уайт ұмытып кеткен, келесі абзацтың басындағы «Физикалық құбылысты түсіну үшін екі көзқарастың да маңызы зор» деген тағы бір сөзді қоса кетсем артық болмас деп ойлаймын. Мен бұл мысалдарды мағыналы аналогия ретінде ғана келтіріп отырмын. Өлеңді, және оны өмірге келтірген форма мен себепті зерттеу арқылы түсіндіруге болады, және, бұл түсіндіру түсіну жолындағы маңызды қадам болуы мүмкін. Бірақ өлеңді түсіну де аса маңызды болып табылады. Ал көп жағдайда, айта кетететіні, поэзияның қандай болатынындығына ұмтылатындығын түсіне білу, былайша айтқанда, оның энтелехиясын [1] қағып алуға тырысуда (ашығын айту керек, мұндай терминдерді батыл қолдануды мен көптен бері ұмытып кеткен болатынмын. Т.Э). Қауіп қай жақтан болуы мүмкін? Қауіп себепті түсіндірмеге шектен тыс сенуден пайда болады. Бұл, әсіресе, сыни биографияда, биографтың психологиялық құрылым ілімдерін жазушының ішкі тәжірибесімен алмастырып алғанында ғана күштірек болады. Мен мұнда бақилық болған ақынның жеке өмірі, психологтың қол сұғуына болмайтын қасиетті дүниесі деп айтқым келіп отырған жоқ. Керісінше, ғалым өз қызығушылығын оятқан тақырыптарды зерттеуге құқылы. Өйткені, өлген ақын үшін оған жеке тұлға құқықтарын бұзу жайлы айып таға алмайды. Әрине, биография жазылуы қажет. Бұл үшін биограф аздаған сыншылығы бар әрі талғампазды және салауатты шешім қабылдай алатындығы болуы қажет. Және ең маңыздысы, оған биографиясын жазғалы отырған тұлғаның еңбектерін бағалай білуі міндет. Сыншыға да дәл сондай талап. Оның, шығармашылығының тамырын тінтіп жатқандықтан, оның жеке өмірі жайында біршама танымы болған дұрыс. Алайда, сыни биография – өте нәзік жұмыс. Егер, сыншы немесе биограф өз табиғатында психологиядан арнайы хабары болмаса, онда ол психология оқулықтарындағы аналитикалық әдістерге жүгіне бастайды. Ал бұл, өз кезегінде, істі одан сайын шиеленістіру тәуекелін жоғарылатады. Ақын жайлы ақпарат оның поэзиясын түсінуге қаншалықты көмектеседі деген сұрақтың шешімі, анау айтқандай оңай болмауы мүмкін. Әр оқырман бұған өзі жауап беруі керек. Жауап бергенде де жалпылама емес, нақты жауап беру қажет. Себебі, оның дәйегі бір жерде пайдаға асса, екінші жерде керексіз болып қалуы ғажап емес. Поэзия оқырманы үшін бұл – түрлі тәжірибелер жинағы. Және де ол әркімде әр қалай. Мысал арқылы түсіндіріп көрейін. Вордсворттың поэзиясының ең жарқын кезеңі ол өмірінің соңғы жылдарында болғаны бәріне мәлім. Көптеген зерттеушілер оның кештетіп жеткен өлеңдері жайында түрлі теорияларды ұсынды. Бірнеше жыл бұрын сэр Герберт Рид Вордсворт жайлы кітап жазды (қызықты жұмыс, бірақ, менің ойымша, ол Вордсвортты бұдан ертерек жазылған «Түрлі-түсті плащ» еңбегінде жақсырақ аша алған секілді. Т.Э). Кітапта ол Вордсворт сынды поэтикалық генийдің шарықтауы мен құлдырауларына, Аннета Валлонның қатысы бар дей отырып, сол заманда атақты болған әлдебір романның оған әсер етуінен деп түсіндіреді. Кейінірек, Бейтсон да Вордсворт жайында қызықты зертеулерін жариялады (мұндағы «Екі дауыс» бөлімі, шынымен, ақынның стильін танытады Т.Э). Онда ол Аннета, Герберт Рид айтқандай аса маңызды рөл ойнамайтын алға тартады. Бірақ, Жұмбақтың негізгі шешімі, оның өз әпкесі Доротиге ғашық болғандығында. Оның Люсиге жазған өлеңдері мен тұрмыс құрғаннан кейін шабытының сарқылуының да себебі осы жерде. Бәлкім, Бейтсон шынымен де мұны дәл тапқан болуы керек. Өйткені, оның дәйектеріне илануға болатын. Бірақ бұл жерде Вордсворттың әрбір оқырманы өзі жауап беруге тиіс: «бұл шығарма маңызды ма?» немесе «Люсиге арналған өлеңдерді түсінуге көмектеседі ме?» деген негізігі сұрақтар бар. Ал, өзіме оралатын болсақ, маған өлеңнің туындауына себеп болған жасырын дүниелер оны түсінудің кілті бола алмайды. Тіпті, өлеңнің бастауы жайындағы артық ақпарат менің онымен байланысымды үзіп жіберуі мүмкін. Мен, Люсиге арналған өлеңдерді айшықтай берудің қажеті жоқ деп білемін. Өйткені, ол онсыз да жарыққа толы. Сонымен қатар, мен Герберт Рид пен Бейтсонның ақын жайындағы ақпарлары мен жорамалдары маңызды емес деп те айта алмаймын. Егер біз Вордсвортты түсінгіміз келсе бұлардың маңызы зор, бірақ олардың оның поэзиясын түсінуге тікелей қатысы жоқ. Нақтырақ айтсақ, мұндай поэзияны түсінуге қатысы жоқ деуге болады. Мен тіпті, ұлы ақын жайындағы біздің біліміміз қаншалық бай әрі мол болса да, оның ұлы поэзиясының жұмбағы болу керек деп ойлаймын. Ең маңыздысы да осы. Өлеңнің жазылуы – өзіне дейін болған дүниелердің ешқайсысымен түсіндіріп бере алмайтын құбылыстың пайда болуында. Меніңше, біздің «туынды» деп жүргеніміздің өзі сол. Өлеңді оның бастаулары арқылы түсіндіру заманауи сындағы жалғыз әдіс емес, әрине. Бірақ, бұл әдіс поэзияны әлдене арқылы түсіндіріп беруді сұрайтын көпшілік оқырманның көңіліне қонымды болары анық. Маған белгісіз адамдардан келген хаттардың көбі, маған өз поэзиямды түсіндіріп беруімді сұрайды. Ол менің қолымнан келмейді. Дегенмен, бұдан басқа да тенденциялардың бар екенін ұмытпайық. Солардың біреуі профессор Ричардстың поэзияны бағалауды қалай үйренуге болады деген зерттеулері мен оның дарынды шәкірті профессор Эмпсонның ауызша зерттеулеріне қатысты айтып отырмын. Жақында , профессор Ричардстың әдістемелік оқулықтары негізінде жазылған сын туралы еңбекке көзім түсті. Бұл, назардың поэзиядан ақынға ауысуының тамаша реакциясы болатын. Ол оны, сондай-ақ, жақында жарияланған өзінің «Интерпретация» атты кітабында да көрсетті. Бұл кітап ағылшындық 12 жас сыншының мақалалар жинағы болатын. Олардың әрқайсысы өз қалауымен таңдаған өлеңді сараптайды. Әдіс былай: кітапқа іріктеліп енгізілген танымал өлеңдердің біреуі алынады, сосын оның авторына және автордың басқа жұмыстарына еш сілтеме жасалынбастан өлеңдегі әр строфадан, әр жолдан ондағы ойлардың соңғы сөлі қалғанша сығып алынады. Құдды сындағы шырын сығу мектебі секілді дерсің. Жинаққа XVI ғасырдан бастап осы күнге дейін жазылған түрлі өлеңдер іріктеліп алынған. Және, оладың бір-бірінен айырмашылығы өте үлкен (кітап «Көгершін мен феникстен» басталып, «Пруфрок» пен Иейтистің «Оқушылар арасында» еңбегімен аяқталады. Т.Э). Сыншылардың құрастырған әдісі әртүрлі болғандықтан нәтижесі де қызық әрі біршама таңданарлық болатын. Сосын, шынын айту керек, мұндай дәлдікпен талданған ондаған жұмыстың алдында отыру іш пыстырарлық іс. Кейбір ақындар (мені қоспағандағы бақилық болғандардың бәрі. Т.Э) өздерінің өлеңдері нені білдіретінін естісе таң-тамаша болары сөзсіз. Менің өзім «Пруфроктың» басында айтылатын аяқ-асты қонақ үйден шығатын мысалдарды естігенде бір емес бірнеше мәрте таң қалдым. Бірақ «Пруфроктың» талдауы бұл өлеңнің бастауын әдебиеттен немесе менің жеке өмірімнің терең қойнауларынан іздеудің әрекеті емес еді. Бұл – өлеңнің өзі, менің оған сондай ойды берген, бермегенімнен тәуелсіз түрде, нені білдіретіндігін анықтаудың әрекеті болатын. Осы үшін мен оларға ризамын. Кейбір эсселер маған, тіпті ұнап та қалды. Бірақ, барлық әдіс шектеулі әрі қате болғандықтан, мен аталмыш әдісті аяқтан шалатын тұзақтарды көрсету пайдалы болар деп ойлаймын. Егер бұл әдісті о бастағы оқыту мақсатында қолдана бастаса, мұғалім бәрібір шәкірттерін сақтандырып отыруы керек болады.

Сонымен, бірінші қателік- өлеңде тек бір ғана интерпретация болады деген пайымнан танбау. Кез-келген, әсіресе, басқа дәуірде жазылған өлеңдерді талдаған кезде, әрқашан оларда түсініксіз детальдар, фактілер, тарихи аллюзилер, қандай да бір дәуірдегі қандай да бір сөздің мағынасы т.т. кездесіп тұрады. Және бұл жерде мұғалім шәкірттерінің өлеңді дұрыс түсінуіне қолай тудыра алуы мүмкін. Өлеңнің біртұтас мағынасы ешқандай түсіндірумен шектелмейді, себебі мағына –түрлі ойшыл оқырмандар үшін өлеңнің өзі болып табылады. Екінші қателік (бұған оқырманды былай қойғанда, аталмыш томдағы бір де бір сыншының өзі маңайламады. Т.Э) – егер ол сенімді болса, сөзсіз, автордың саналы немесе бейсаналы түрде бұл өлеңнің интерпретациясын қабылдауға деген құштарлығы. Себебі, өлеңнің бастауы анықталған болса, ақынның өз материялын игеру үрдісі зерттелген болса, онда біз өлеңді түсіне аламыз деген пікірге қатты сенетін болып алғанбыз. Біз өлеңнің кез-келген талдауы, бұл өлеңнің қалай шыққандығын түсіндіріп бере алады деген пікірге де тез алданып қаламыз. Мен жоғарыда сілтеме жасаған «Пруфроктың» талдауы маған өлеңді ақылды, сарабдал, және ізгі ниетті оқырман көзімен қарауға мүмкіндік бергендігі үшін ғана қызық болды дегім келеді. Бұндағы, сыншы өлеңді менің көзіммен көргендігін немесе оның түсіндірмесінің менің бұл өлеңге салған өмірлік тәжірибеме қатысы бар екендігін білдірмейді, сол секілді менің өлең жазған уақыттағы сезімдерімді де көрсете алмайды. Және мені соңғы қызықтырғаны, егер, бұл әдісті жаңа әрі өте жақсы жазылған, бізге таңсық бір өлеңге қолданып көрсе, талдауды мұқият оқығаннан кейін одан ләззат ала алар ма едім? Себебі, кітаптағы талданған өлеңдердің барлығын мен бұрыннан білетінмін және сүйетінмін. Сондықтан қайта талдау маған алғашқы сезімдерімді сезіндіре алды дей алмаймын. Тап біреу машинаны шашып тастап, маған қайта құрау үшін тастап кеткен секілді әсер қалдырады. Мен интерпретация оқырман оны өзінікі деп сезіне алғанда ғана құнды бола ма деп күдіктенемін. Бәлкім, әр өлең жайында филологтар маған хабарлай алатын көптеген дүниені, фактілерді білу керек шығар. Олар мені үлкен түсінбеушіліктен құтқара алады. Бірақ, интерпретация - мен өлеңді оқыған кездегі менің жеке таңданыстарымды да түсіндіріп бере алуы шарт. Менің жоспарымда заманауи сынның барлық түрін жария ету жоқ болатын. Мен, ең әуелі сындағы Кольриджден басталған өзгерістерге назар аудартқым келді. Ал, соңғы жиырма бес жыл ерекше жылдам өтіп кетті. Мен мұны сынға қоғамдық ғылымдар кіргіп кеткендігімен және әдебиеттің (замануиды қосқанда) колледждер мен университеттерде пән ретінде өте бастағандығымен түсіндірер едім. Мен болған дүниені айыптамаймын, меніңше, одан қашып құтылу мүмкін емес. Адамдар жаңа ғылымдармен бас қатырып, жазушы жалпы оқырмандық танымға және қоғамға арқа сүйей алмайтын жаппай сенімсіздік жаулаған заманда, ешқандай зерттеу тыйым бола алмайды. Дегенмен, осындай сәйкессіздектерге қарап тұрып, біздің «әдеби сынға ортақтасар әлдене бар ма?» деп сұрауға қақымыз бар. Отыз жыл бұрын мен оны «өнер туындысын түсіндіру мен талғамды түзеу» деуден танбайтынмын. 1956 жылы бұл тіркестің маңызды емес болып көрінуі мүмкін еді. Ал мен қазір біршама жеңіл және замана рухына сай етіп былай жауап берер едім: «әдеби сын әдебиетті түсінуге және онымен байланыстан алатын рухани ләззаты дамытуға септігін тигізуі тиіс». Және де мен неден ләззат алуға болмайды деген жағымсыз міндетті де осы жерге кірістіріп кетер едім. Себебі, сыншы кей кездері поэзиядағы екінші сортты айыптап, жасандылықты анықтай білуі керек. Әйтсе де, бұл міндет мақтауға лайық дүниені мақұлдау міндетінің алдына шыға алмайды. Мен поэзиядан ләззат алуды және оны түсінуді эмоционалдық және интеллектуалдық қызмет түрі деп екіге бөліп қарамайтынымды ерекше ескерткім келеді. Түсінуді сөз қылғанда мен түсіндіруді айтып отырғаным жоқ, дегенмен, кей кездері түсіндіруге болатын дүниені түсіндірудің болашақ түсінік үшін маңызы зор болады. Қарапайым бір мысал алайық. Таныс емес сөздерді және сөзжасам формаларын зерттеу Чосерді түсінудің маңызды дайындығы болып табылады. Түсіндіру деген осы деп түсінуге болады. Бірақ, Чосердің сөздігінен, орфографиясынан, грамматикасынан, синтаксисінен бұған қоса, Чосердің дәуіріне қатысы бар оқиғалардан, әлеуметтік әрекеттерден, діни сенімнен, білім деңгейінен және сол замандағы надандықтан хабары бола тұрса да поэзияны түсіне алмайтын жағдайлар болуы мүмкін. Поэзияны түсіну – бұл шынайы рахатты бастан кешіруді білдіреді. Оны қаншалық түсіндіріп бере алса, соншалықты ләззат алады. Өлеңмен оны түсінбей тұрып рахаттану – жай ғана біздің өз санамыздың проекциясына қуану деген сөз. Тіл құралын өңдеу қаншалық қиын десеңізші! Шамасы, «рахаттану» мен «ләззат алу» мағынасы жағынан бір-біріне сәйкеспейтін секілді. Шынымен де, «рахаттану» сөзінің семантикасы ләззат алатын затқа байланысты өзгеріп отырады. Әр түрлі өлең әр тектес ләззат сыйлайды. Расында біз өлеңді толық түсінбейінше оған ене алмаймыз. Тағы бір жағынан, өлеңді онымен байланысар сәттегі қуанышты бастан кешірмесек те толық түсіне алмайтынымыз да рас. Міне, өзге өлеңдермен сәйкестіре отырып шынай ләззат ала білу деген осы (талғамның өзі өзге өлеңнен алған әсерді берілген өлеңге сіңдіре білгенде пайда болады. Т.Э). Өлеңдер күлдірерліктей дәрежеде әлсіз болмаса, нашар өлеңдерден ләззат алуға болмайды деп айту бұл жерге үйлеспейтін секілді.

Мен түсіндіру поэзияны түсінудегі маңызды қадам болуы мүмкін дедім. Бірақ мен басқа поэзияларды түсіндірусіз ақ түсінетін секілдімін. Мәселен, Шекспирдікін.

Full fathom five thy father lies

Жағасында теңіздің әкең сенің қалғыған

Немесе Шеллидің мында өлең жолдарын:

Art thou pale for weariness

Of climbing heaven and gazing on the earth.

Кетіпсің ғой бозарып

Көгіңе ұшып, жерге үңіліп жалыққан.

Әдеттегідей, мен бұл жерден түсінбейтіндей ештеңе көріп тұрған жоқпын. Яғни, маған өлеңді терең түсініп, оған тереңдеп еніп кете алатындай еш нәрсенің қажеті жоқ. Айтқым келгені, кейде түсіндіру бізді өлеңге, поэзия ретінде қараудан алаңдатып, оны түсінбеуге алып келуі мүмкін. Менің алданбағандығымның негізгі дәлелі, жоғарыда келтірілген Шекспир мен Шеллидің лирикасын жете түсінуім және оларды қайта оқығанда дәл елу жыл бұрынғы сезімдерімді бастан кешіре алуым деп ойлаймын.

Сонымен, әдебиет сыншысының, әдеткі сынның шекарасынан шығып кеткен сыншыдан басты айырмашылығы, оның тек әдебиетпен айналысатындығында немесе одан басқа ештеңе қызықпайтындығында емес. Олай болса, мұндай сыншының бізге айтары болмас еді, себебі, оның «әдебиеті» таза абстракцияға айналады. Ақындарды тек поэзия ғана қызықтырмауы тиіс. Егер, солай болатын болса онда ақындардың поэзиясы жалаңаштанады. Керісінше, олар өздерінің ойлары мен тәжірибесін өлеңде көрсете білуі арқылы ақын болып тұр. Әдебиет сыншысы деп, өзінің басты мақсаты ретінде оқырманға поэзияны түсінуге көмектесіп, оны байланыстыра алған сәтте қуана білуді үйрету деп білетін адамды айта аламыз. Ақын секілді ол да өзіндік үлкен мүдделері бар адам болуы тиіс. Себебі, ол ережелерді жаттап алып сол арқылы өзі сынап отырған жазушыларды қудалайтын техникалық эксперт қана емес. Бұл өзін жан-жақты дамытқан, сенімдері мен ұстанымдары, ілімі мен өмірлік тәжірибесі бар адам болуы шарт. Сол себепті, біз алдымызға әдеби сын ретінде тартылған кез-келген шығарма жайында «ол өз алдына оқырман түсінігін және поэзиядан ләззат алу мақсатын қоя ма?» деп сұрауға құқымыз бар. Олай болмағанның өзінде де, ол бәрібір заңды және пайдалы іс болуы мүмкін. Бірақ, оны психологияға, социологияға, болмаса логикаға, немесе педагогикаға, одан бөлек басқа да ғылымдарға қосқан үлесі бойынша және жазушы ретінде емес, маман ретінде сынау керек. Сонымен қатар, сынның биографиясын да қазбалай берудің қажеті жоқ. Биография, әдетте, өзінің фактілерімен болашақ түсініктерге жол ашатындығымен тиімді.

Бірақ, ол назарды поэзиядан ақынға аударып жіберуі мүмкін ғой. Замана жайындағы ақпарат, ақын өмір сүрген қоғамдық алғышарттар, ақынның өлең жолдарында кездесетін сол заман идеялары, сол дәуірдегі тіл жағдайы секілді ілімдерді оның поэзиясы туралы түсінікпен араластыруға болмайды. Мен атап өткен ақпарлардан хабардар болу, кейде алғашқы қадам ретінде маңызды болуы да мүмкін. Оның үстіне ол өзіндік тарихи құндылыққа ие. Поэзияға берілер бағаға келсек, бұл жерде олар бізді есікке дейін ғана шығарып сала алады. Ал кілтті біз өзіміз табуымыз керек. Себебі, мұндай ақпаратты білудің мәні, өзіңді өткен заманға жіберіп, ақынның өлеңдерін оның замандасы секілді қабылдай білу қабілетінде емес. Дегенмен, мұндай тәжірибенің де өзіндік артықшылықтары бар. Бастысы – өзіңді өз уақытыңның шектеулілігінен арылту және өлеңдері дәуірінің шектеулілігіне байланысты оқылатын ақынды азат ету, оның поэзиясымен тікелей тілдесу, тірі тәжірибе жинау. Ең маңыздысы, мәселен, Сафо туралы жырды оқығанда өзіңді екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген аралдық грек секілді көрсетуде емес. Маңыздысы - әр түрлі уақытта өмір сүрген, поэзияман рахаттана алатын адамдардың барлығына ортақ тәжірибені жинау. Осы екі жарым мың жыл арқылы жеткен импульс маңызды. Сол себепті, мен ризашылығымды мені, бұрын көрмей жүрген немесе тұманданған көзқараспен қарап жүрген дүниеме үңілуге көндірген, бізге өзімізді бетпе-бет әкеліп, артынан оңаша қалдыратын сыншыға айтар едім. Дәл осы уақытта мен өзімнің сезу, түсіну және парасат биігіне жету қабілеттеріме сүйенуге міндетті боламын.

Егер әдебиет сынындағы салмақты тек түсінуге салсақ, онда бізге ерте ме, кеш пе қарапайым түсіндіруге қарай жылжу қаупі туындайды. Бізге тіпті сынды ғылыммен алмастырып алу қаупі де төнеді. Шындығында, ол ешқашан ғылым болмаған және болмайды да. Бір жағынан, рахаттануды асыра бағалау арқылы біз субъектілік пен импрессионистікке ұрынуымыз мүмкін. Сол кезде біздің рахатымыздың қарапайым көңіл көтеру мен бос әңгімелерден айырмашылығы болмай қалады. Отыз үш жыл бұрын менің қарсылығымды тудырып «сының міндетін» жазуға итермелеген дәл осы, екінші, импрессионистік сын типі болса керек. Маған бүгінгі күні бізге таза түсіндірмелі сыннан сақтану керек секілді көрінеді. Бірақ, менің сізге бүгінгі күннің сынын айыптап жатқандай әсер қалдырғым келмейді. Бұл соңғы отыз жыл, менің ойымша, Ағылшындық және Америкалық әдеби сынның тамаша кезеңі болды. Өткенге көз жүгірте отырып мен тым тамаша болды деп те айта аламын. Бірақ, кім білсін?

1. Энтелехия - (entelechia грек.)– Аристотель тілімен айтқанда, ішкі мақсатқа жетуге деген талпыныс.

Баяндама, 1956 жылы Миннесот университетінде оқылған. Eliot T. S. Selected Essays. — L., 1963- кітабына енген.

Орыс тілінен аударған: Тілек Ырысбек

Бөлісу:

Көп оқылғандар