Дүйсенәлі Әлімақын. Ол құстың аты - еркіндік
Бөлісу:
МЕН ҺӘМ ОЛ
Қоштасып қайтып барады ол,
Жүрегі – көктем, жаны – қыс.
Оны ертіп кетті қара жол,
Мені ертіп кетті сағыныш.
Сағыныш хатым сарғайды,
Жанымды біреу ұққан ба?!
Сырымды айттым ол жайлы,
Қараша қайтқан құстарға.
Сөзіме менің бүлініп,
Самарқау жаны жүдеген.
Оны ертіп кетті бір үміт,
Мені ертіп кетті бір өлең.
Өртеді, мұңы өртеді,
Жыраққа тастап барлығын.
Оны ертіп кетті ертеңі,
Мені ертіп кетті тағдырым.
ЖҮРЕКТЕГІ ӨЛЕҢ
Хан көшелерден, бұрылыстардан,
Ақ армандарым қашады.
Менің ақ қалқам гүлін үстаған,
Жүрегін күнге тосады.
Қолын береді ол ақ сағым нұрға,
Соңына соның ілесіп.
Дегендей бейне бастадым дуға,
Ұшып-ақ кетті пыр етіп.
Енді жұрт оны құс дейтін болды,
Жүрегім соған шыдар ма?
Енді ешкім мені күтпейтін болды,
Күтпейтін болды «Тұранда».
Әлгі бір хаттар келмейтін болды,
Келмейтін болды түндерде.
Даяшы қыздар сенбейтін болды,
БАРЛАРҒА оңаша кіргенде.
«Аға-оу...» деп шыққан еркелік үнді,
Естимін қашан кім білсін?!
Ғұмырды біздің ертегі қылды,
Сол ақ қалқа бұлдіршін.
СОНЕТТЕР
Күліп тұрған көктем емес, сенсеңіз,
Менің жастық дәуренім ғой он сегіз.
Күліп келген көктем емес, ағасы,
Маған ғашық сол бір қыздың қарасы.
Жылап тұрған жаңбыр емес, тал емес,
Менің өткен шақтарым ғой бала елес.
Өлеңдеткен жүрегім ғой, мен емес,
Елеңдеткен жүрегің ғой, сен емес.
Қара түндер түн емес қой, қарашық,
Қабақ шытқан уақыт қой жаны ашып.
Қазақы әуен шырқайтұғын жыл құсы,
Бұл алматы сіздікі емес БІЗДІКІ.
ЖАҢБЫР ИСІ СЕНІҢ ИСІҢ
Тереземнен төгіліп тұр,
Аспан жасы мөлтілдеп.
Асау жүрек елігіп тұр,
Ар жағында сен жүр деп.
Аспан жасы сенің жасың,
Қуаныштан төгілген.
Бір бақтытты көрдім жарқын,
Шарайнадай көзіңнен.
Жаңбыр исі сенің исің,
Иісіңнің хошын-ай.
Қыли ғалам нені білсін,
Өмір кейде осылай.
Шомылады жүрек бірге,
Қара лайсаң жаңбырға.
Кінә артпайық біз ешкімге,
Кінә артпайық тағдырға.
Жарық түндер гүл тағады,
Бұрымдарға қап-қара.
Өмір әнін шырқа кәні,
Жаңбыр кешкен ақ бала.
Жарқырайды жұлдыр арман,
Көкке назар салғанымда.
Қиялымды сиғыза алман,
Қара өлеңнің тармағына.
Саған раушан гүл силадым,
Әлемімнен ойып ап.
Көз алдымда тұрсың ба әлі,
Қара лайсаң – бейуақ.
Өз теңімен сайрандайды,
Тал-қайыңдар тең бүрлеп.
Тереземенн көз алмаймын,
Ар жағында сен жүр деп.
***
Көктем-құстың қабағына мұң ұйып,
Сағат тілі тураланды нешеге?
Келе жатам үнсіз ғана жымиып,
Сен жүретін жұзы жарық көшеде.
Көше – құржа, шырақ – ажал, қала – аңғар,
Сайтан ғұмыр жетегіне кім ерді?
Ары-бері қайшалысқан адамдар,
Елесіңді адастырып жіберді.
Түн күледі емен-жарқын сен күлсең,
Алғаусыздау ойымның жоқ шатағы.
Қарсы алдымнан сен кезігер деп жүрсем,
Ал, соңыман ымырт келе жатады.
ҚАРАША ҚҰСТАР
Қараша құстар, қайттыңдар ерте,
Сендерды тұрмын ұзатып.
Жаз – өмір шіркін, таусылды келте,
Жүректі мұңмен сыздатып.
Сағыныш басым өмірім мынау,
Сағынған жанды іздеуде.
Толқындай тулар көңілім мынау,
«Жапырақ жауған күздерде».
Жапырақ болып сарғаиям менде,
Оралып сендер жеткенше.
Бақыт бар деген алданам сөзге,
Алдамшы өмір өткенше.
Қараша құстар, қоштастым тағы
Сол жаққа шіркін, менде асық.
Маңдайға түсті мезгілдің табы
Барады күндер алмасып.
Қараша құстар, мұң ертіп келме,
Жазылсын көкте қанат кең.
Кетер ем менде ілесіп бірге,
Ұшуға дәрмен жоқ әттең.
***
Бұл шаһардың мөлдіреген жанарын,
Саған жүзік етейін бе, қарағым?!
Жапырақтың ғұмырындай қысқарған,
Желмен ұшып бара жатыр жаз әнім.
Бұл шаһардың таусылмайтын жолдарын,
Саған арман етейін бе, ардағым?!
Бұдан басқа жол бар дейді даңғылдау,
Сенен өзге жан бар дейді нанбадым.
Бұл шаһардың қызыл-жасыл гүлдерін,
Саған сыйлау үшін ғана үзгемін.
Бұдан басқа жол бар десе жүрмедім,
Сенен өзге жан бар десе сүймедім.
Бұл шаһардың қызығы мен сайранын,
(Күрең күздің қоржынына байладым).
Қайтқан құстар ғазал айтты төбемде,
Сен қайдасың, айтшы, өзім қайдамын?!
БАҚЫТ ҚҰСЫ
Сыбырланып құлағыма көктегі ой,
Рухыма бағыштайды көп мерей.
Бақыт деген құс дейді ғой мифте,
Сол құс менен алысқа ұшып кетпегей.
Келші, құсым, сипайыншы басыңнан,
Сен қонақсың келген сонау ғасырдан.
Гилгамештің ерлігіне бастау боп,
Сен шығарсың шын мерейін асырған.
Кім ер болса сен сонымен бірге ұштың,
Кім өр болса таңдайына жыр құстың.
Күллі үстіртті дәргейіне иіттің,
Оң қолына қан боп ұйып Шыңғыстың.
Имансыздан кете бардың сен ататп,
Біздер қудық қыр соңыңнан далақтап.
Су өлкесін сен қараттың қолына,
Сүлейменнің жүзігіне қонақтап.
О, бақыт құс, түсімдегі нышаным,
Сені таппай, сені көрсей құсамын.
Көк теңізді ортасынан қақ жардың,
Сен саңғырып таяғына Мұсаның.
Сезіп, біліп жанарында нұр барын,
Фарабидің фәлсәфасын тыңдадың.
Жазып бердің қанатыңмен қауырсын,
Құнанбайдың баласының жырларын.
Сені іздеп теңіз кешті кіл мықтың,
Сен жайында тіс жармады мұңлық күн.
Оң қолыма қан боп ұйымай-ақ қой,
Өтінерім, таңдайыма жыр құсқын.
ҮШ РАУШАН
Үш раушан тереземнің түбінде,
Қасқайып тұр қарсы келіп тағдырға.
Бірі менмін жетелеген жүз үміт,
Өз отына жүрген өзі жылынып.
Бірі жарым сырлас болған күнменен,
Адалдықтан өзгені еш білмеген.
Бірі қызым ойнақтаған төрімде,
Еш өкпесі айтылмаған өмірге.
Осы үшеуі үшеуміздің сенімдей,
Өсіп жатыр уайымға желінбей.
Үш раушан тар бөлмеге көрік боп,
Үш өмірге келе жатыр серік боп.
***
Сол бір әнді неге ұмытып қаламын,
Тағы ұмыттым, қалай еді есімі?!
Мезгілсіздеу жара болды табаным,
Қажаған соң көшелердің кетігі.
Мылқау кейпін жасырады адамдар,
Қарт Алматы күрсінеді неге үнсіз?!
Жүзі жылы сәлемдесер жарандар,
Арғы жағы сенімсіз.
Құстар еркін барады ұшып, қызығам
Олар да тек бар болғаны бостандық.
Есеңгіреп бұл шаһардың сызынан,
Отырамын әлденені жоспар қып.
Думанданды шаһардағы кешкілік,
Күйге ұласып «Құрманғазы көшесі».
Ғарыш жақтан бір әуен тұр естіліп,
Айтыңызшы, бүгін күнге неше осы?!
Арт жағымнан әлде біреу шақырды,
Ымырт па әлде, қуып жүрген ұрей ме?!
Аспанына ойып жазсам атымды,
Бұл Алматы мені өзіндей сүйер ме?!
Қажаған соң көшелердің кетігі,
Мезгілсіздеу жара болдцы табаным.
Тағы ұмыттым, қалай еді есімі
Сол бір әнді неге ұмытып қаламын?!
Бөлісу: