Сынға - сын немесе кімсің сен, Жарқын Әлі?

Бөлісу:

28.11.2018 5043

"Әдебиет порталында" «Әдебиеттегі Ораз би бейнесі» (26.09.2018) https://adebiportal.kz/kz/news/view/20584?fbclid=IwAR1mheBoICkfMIWQosw_aTIXK80twzzAHvNX1fPxKVZEDZOI_2sz34VyMTQ атты сын мақала жарияланған еді. Осы мақалаға ақын Маржан Ершу келіспейтін пікірін білдіріп отыр. Төменде М. Ершудің уәжді сөзін жариялай отырып, Жарқын Әлі мырзаның да пікірін күтеміз.

Біздің қазақта небір жазғыштар да бар -ау!.. «Ал, поэманың көркемдік қуаты жөнінде айтар болсақ, қалыпты, әдепкі өлең формасынан аса алмаған." депті Жарқын Әлі. Бұл не сөз? Ораз биді Марстан түскендей етіп жырлау керек пе, қазақтың қара өлең формасымен жырламай?!

«Десе де ақынның талабы, алдына қойған мақсаты көңіл қуантарлық. Маржанның шеберлігіне, тарихи деректерді игеруіне шүбә келтірмейміз. Бәлкім, болашақта ақын бұл шығармасын қайыра қарап, өңдесе, Ораз бидің саяси қайраткерлік қырын, бітімгерлігі мен көсемдігін көрсетер қайшылы образдар жүйесін аша білсе, шығарманың қуаты күшейер еді», - депті Жарқын Әлі.

Поэмамда Ораз бидің би-шешендігі, ағартушылығы, қоғамдағы орны, адамдық қасиеті және сол замандағы ел бейнесі, ел тағдыры жырланады. Тарихта би би, ақын ақын қалпында қалады. Ораз биден саяси қайраткерлік қыр іздеп, оған саяси қызмет жүктеудің қажеті жоқ. Ораз бидің саясаткерлік қыры туралы ешбір дерек табылған да жоқ. Демек, Ораз би шынымен өз қызметіне – билік айту, би болу қызметіне адал адам деген сөз. Поэманың идеясы не, тақырыбы не? Ең бастысы осы. Ораз бидің аузына соңғы тарауда мынадай сөз салдым:

...Жүрегімде арзу тілек, жанады от,

Қазағым ел боп көпке барады деп.

«Тіл түйінін тіл шешер» деген бар ғой

Тілімнің тарам-тарам тарауы көп:

Көңілде –үміт сәуле жанады іште,

Тіл қасиет қадірі –сана күште.

Тіл-тереңдік,

Сала құлаш арқан емес!

Тәуекел қылмай,

Әсте тілдің жарысына түспе!

Болмайды тілсіз күйің, сыйың да аса,

Ата сөзін ұқпасаң күйің қашар.

Сорлылық жер бетінде біле білсең

Тілдің дәмін ұғыну бұйырмаса.

Жүгің бар заманамен төте жалғас,

Қара нардай күш бітсе жолда қалмас.

Бала тілін ұғатын ата болса

Ата тілін ұқпайтын бала болмас...».

Поэманың түйіні де осы. «Бірін бірі ұқпайтын ел боп барамыз. Бұрынғы қазақ салтында «ата сөзін түсін» дейтін, қазіргі заманда бала тілін ұқпасаң, ертеңгі күнің қараң. Балаң не оқып жүр, қазақ? Ойланшы бір рет», - деген ой айтқым келген. Поэма жазу – біреуді дәріптеу емес, мақтай жөнелу немесе хронологиялық кесте жасау емес, сол тақырыпты жырлай отырып, көркем ой айту, ойландыра білу. Әдебиеттің басты міндеті де осы емес пе?! Қара сөзбен зерттеу, зерделеу, дерек санамалау, факті теру – тарихшының ісі.

Кімсің сен, Жарқын Әлі? Көрінші көзіме! Жақындап келші маған...

Маржан Ершу

Бөлісу:

Көп оқылғандар