Ғафу Қайырбеков. Жаман өлең жақсы өлеңді асырайды
Бөлісу:
Шынанда да біз көрмеген, көрсек те әдейі ұмыттырған немесе өзімізден өзіміз ұмыта бастаған әкелер мен ағалар тіршілік, заман теңізінің жаңа бір толқынымен алыс-алыс жағалаулардан біреуі кемесімен, біреуі қайығымен дегендей біздің жад, ес, зерде өлкемізге жақындап келіп, алдыңғылары жағаға түсіп, жаңа орналасып жатқандай көрінеді маған. Адам өмірі осынысымен қымбат шығар. Барыңды жоқ етіп, қайтадан сол жоғыңды бар ететін уақыт-ай десеңші! Соның бәрін көру үшін, әрине, өмір керек.
Ұмытпасам, 1945 жыл болуы керек. «Социалистік Қазақстан» газетінде Сәбит Мұқановтың «Жақанның жазғанына жиырма жыл» деген мақаласы шықты. Өзіміз жиырмаға әлі жетпеген әдебиетқұмар балаң жігіттер сонда «Апыр-ай, мұндай да ұзақ жазған жазушы бар екен-ау!» деп таңданғанымыз есімізде. Өйткені Сәбеңнің өзі солай дағарадай ғып, дабылдата жазған соң «Бұл бір аса сирек оқиға» демесіңе шараң не?
Менің құрдастарым соғыстың өртіне мүлде жастай шалдықты ма, оқуды ерте тастап, тіршілік қамымен жұмыс, бейнетке белшесінен батып, ерте есейді, кем дегенде төрт ауыр жылды екі есе көбейтсең, не болады? Осы күні сол жылдарды еске алып, бірдеңе жаза қалсаң: «сонда бұл енді нешеге келіп қалған кісі болғаны?» деп ойлағанын талай көрдім. Соңғы ұрпаққа мұны айтып түсіндіру қиын. Өйткені бұл жағдайды тек қана біз бастан кештік.
Тұрмыс арпалысында жүріп, «түбінде бірдеме менен шығады-ау» деген санада түк үміт жоқ, бірақ там-тұмдаған оқуды өз бетімізше жалғастырып, жаңалыққа құмартып, білімге, танымға қатты құлшынушы едік. Әдетте, әр нәрсенің сағындырмай қадірі біліне ме? Қайран мектеп, қайран оқу адастырып кеткен соң, өз ішіңнен өзің мектеп ашпағанда қайтесің? Шіркін, оқуға сондай құмарлық қазір қайтып келер ме еді?
Біздің сол кездегі оқулығымызда әдебиет өкілдерінің тарихы «ә» дегенде Жамбылдан басталатын да, бірден Сәбит Мұқановқа түсіп кететін. Содан бес-алты адамнан кейін таусылып қалатын. Бұл соғыстың басталған жылы ғой.
Сол бес-алты адамның бірі – Жақан Сыздықов. Оның «Әлі қарттың әңгімесі» атты әйгілі поэмасы хрестоматияда жүретін. Кейін ол соғыс аяғында алынып қалып, басқа өлеңдері берілгенін де білемін. Оның себебін кейін ұқтық қой.
Ал сол "Жақанның жазғанына жиырма жыл" деген мақаланы оқығаннан кейін мен Жақанның не кітабы бар, соны жинап, күнделікті баспасөзден өлең, мақалаларын іздеп оқитын болдым. Өйткені Сәбең солай деп жазған соң, «бұл тегін адам емес екен» деген шығармын. Өйткені мен ол кезде өз шамамша Сәбит Мұқановтың шығармаларын көп оқығанмын. «Адасқандар», «Теміртас», «Есіл», «Жұмбақ жалау», поэзиясынан «Өмір өткелдері», «Ақ аю», «Сөз – советтік Армия» тағы басқаларын оқып алғанмын. Жазушы деген қауымның мен үшін жалғыз, өзі – сол болып ұғылатын. Бұл туралы мен Сәбең туралы ұзақ естелігімде жазғанмын.
Қысқасы, сол мақаланың арқасында мен Жақан творчествосымен өз қатарымда молырақ таныс адамның бірі болдым.
Жақанның «Әлі қарттың әңгімесі» дастанынан басқа совет дәуірінің алғашқы жылдарындағы қазақ кедейлерінің өмірі туралы көптеген өлеңдерін «Майкөл тамы», беріректе Сұлтан Баймағамбетов туралы поэмасын, «Әулие көл» топтама өлеңдерін білуші едім. Сондағы түйгенім – Жақан Сыздықов нағыз сөздің ақыны, сол кездегі елеулі оқиғаларды өлеңге түсірген поэзиядағы шежіреші екендігі. Жақан поэзиясы – публицистік поэзия болатын. Сондықтан да ол күнделікті баспасөзде өте жиі шығатын. Бергі біздің кезімізге дейін, тіпті кәзірде де қалған жоқ, газеттер мен журналдар күнделікті саяси ағым, елеулі оқиға жайында заказбен өлең жаздыратын. Көркемдігі онша болмағанмен, олар сол күндердің қызметіне жарап кететін және біздің саяси сергектігімізге, еңбекке құлшынуымызға, уақытқа қызмет етуімізге әжептәуір ықпал ететін. Ылғи да шабыт шақыратын уақыт қайда, ішімізден қынжыла отырып, барымызды салған боламыз. Әлгі алдыңғы ағалардың бізге дейін жеткен дәстүрінің анығында әдебиетке партиялық басшылықтың, әлеуметтік заказдың, соған ой, шабыт бағыштау міндетінің ұзақ үстемдігі деп жүргеніміз сол.
Сондайда Қасымның:
Саудагер болдық сөз сатар,
Түсіріп шала иіне,
Қосылма, досым, жылатар
Көңілдің күңгірт күйіне – дегені бар ғой.
Кейде мен ол кісіге еркелеп, сондай заказдың үстінде отырғанда «мынауыңыз онша емес секілді» - десем, «Ә, сен, бала, жаман өлең жақсы өлеңді асырайтынын білмейтін бе едің?» - деп күлетін. Ал бірақ осынау публицистикалық, замандық, кейін «азаматтық лирика» деп жүрміз, өлеңдердің өз шебері болады. Жақан Сыздықов – сол шеберлердің біреуі еді. Бұл оның творчествосының бір сипаты болып табылады.
Жақан Сыздықовпен мені таныстырған, алғаш кездестірген ақын Сырбай Мәуленов еді. Жақанды Сырекең жақсы біледі екен, кейін аңғардым, тіпті ағалы-інілі, құшақтасқан дос еді десе де болады. Сырағаңның оны өте жақсы білетіні – Жақан Сыздықов соғыстың соңғы жылдарында ма екен, Қостанай өлкесін аралаған екен. Онда Қостанайдың жалғыз ақыны болып саналатын Сырекең, Жақаңның қасына еріп жүріп, көп сырласқан, көп қызығын кешкен. Әлгі «Әулие көл" әуендер топтамасы мен "Сұлтан Баймағамбетов» поэмасы сол сапарда жазылған. Тіпті бір баласы туғанда оған «Атығай» деген ат қойған. Атығай – Жақаңның шыққан руы екен. Осыларды Сырекең маған сол кезде жыр қылып айтып, кейін ертіп апарып, Алматыда кездестірген еді. Содан қайтып Жақаңды жиі көріп, кейін институт бітіріп, көркем әдебиет баспасында Жақаңмен аз уақыт қызметтес те болдым.
Жас шамасында, қайда, Жақаңның баласымен, Арыстанмен құрдас мен, әдебиетте де баласы секілді болған соң, ол кісімен ойнап-күліп, қатты араласып жүрдім деп айта алмаймын. Жақаң ұзақ сырқаттанып, көп дімкәс күндер кешкенімен, көбірек жасап, берірек келіп қайтыс болды ғой.
Жақаңның, оны білгендердің мүлде есінен қалмайтын адамшылық қасиетінің айрықша бөлектігі еді. Нағыз баладай сәби көңілді, шегінде қыртысы жоқ, аузын ашса, жүрегі көрініп тұратын, үлкенге де, кішіге де жаны ортақ, ешкімге де арыз, қарызы жоқ, ай, жақсы да, қызық кісі еді-ау. «Әулие ғой» - деуші еді оны көрген адам.
Жақаң қатарында білімді, сонау Ахаң, Жақаңдардан бастап, бергі замандас достары Сәбит, Ғабит бәрінің тарихын жақсы білетін, бәрімен дәмдес болған кісі. Әттең, осы күні болса, Мағжан жайын одан артық білер кісі кем де кем болар еді. Жақаңның білімділігі сол – оның жұрт аңыз қылып жүретін жекеменшік аса бай кітапханасы болған. Сондағы байлығы – өте сирек, жұрт қолына түспейтін, бағасы қымбат кітаптары екен. Кейін ақ көңілдігін пайдаланып, көп адамдар бермей кетіп, өкініп жүретін. Сол кітапхана жинау дәстүрі де Ахаң секілді данышпан ағаларынан қалған дәстүр болса керек. Екіншіден Жақаң татар, башқұрт әдебиетін өте жақсы білетіндердің, олардың классик жазушыларымен сыйлас, достас болған, татар мәдениетінің қазақ мәдениетіне жасаған игі ықпалы жайында талай дәріс оқуға шамасы келетін кісі еді. Кейін татар, башқұрт әдебиетін қазақ тіліне аударуда да қыруар жұмыс істеді. Бейне сол әдебиеттердің Қазақстандағы өкілі секілді болатын. Әсіресе, Ғабдолла Тоқай, Ғалымжан Ибрагимов, Хасен Туфан, Мәжит Ғафури, Қауи Нажми секілді ірі өкілдерінің поэма, роман, повестерін қазақшалаған Жақаң, олардан соң аудармада Лев Толстойдың «Арылу» («Воскресенье») романын да аударғаны белгілі.
Жақан Сыздықов
Әдетте, аса зор білімділік адамның жеке қасиетін өсіруге, сапаландыруға көп ықпал жасайды ғой. Жақаңның ақындығы мен адамдығын айтқанда, көбінесе, жұрт оның осы білімділігін тастап кетіп, аңғармай отырады. Ал негізінде алдыңғы екі қасиет – осы білімділіктің арқасы ғой. Жақаңда оқып алған білі мен туа, жаратылыста дарыған білім ұштасып жататын.
Мүлде кішпейіл, қарапайым Жақаң күй таңдамайтын жүйрік секілді еді, қолындағы барға қанағат еткіш, абырой, атақ, шен-шекпен дегендерді қуаламайтын, тіпті ондай болады екен – деп те ойламайтын адам секілді әсер қалдырушы еді. «Япыр-ау, дейтінбіз кейде, ақыл түскенде, – осы кісі қазақ әдебиетінің бесігін бірге тербескен адам ғой, осы кісінің қасында қалай жүрміз?» Ал Жақаң болса, – сенің не ойлап тұрғаныңда шаруасы болмай, күндегі досындай бірге әңгімелесіп, бірге ішіп-жеп жүре беретін, жарықтық.
Жақаң сөйте тұра ойынпаз, әзіл, сықақшыл, өткір тілді, күлдіргі де адам еді. Оның замандастарына, аға, іні, достарына шығарған, дәптердегі қызық өлеңдері қаншама еді! Оларда сол адамдардың мінез-портреті, бір-екі сөзбен өте дәл жасалар еді. Сол кезде жұрт аузында көп тарап кеткен «Ақындар шілдесі» деген өлеңін еске алсаң! Онда жазушылардың мінез-құлқы, уақытында істеген ісі – бәрі де тұр ғой. Ылғи кемшілік жағы суреттелген секілді бұл өлеңге қанша ауыр болғанымен сол замандастарының ешқайсысы өкпелегенін көргенім жоқ. Өйткені Жақаңның жаратылысы адалдығын, ешқандай кек-сызы жоқ екенін білуден ғой деймін. Онда да әдебиет толқындары жаңарып жатқан кез. Біз әлі жоқпыз, біздің алдымыздағы ағаларымыз – Тақауи, Тәкен, Төкен, Қабыл секілділердің жаңа шыққан кезінде біреу Жақаңа бұларды таныстырған көрінеді. Сонда Жақаң таңырқап:
- Төкен, Тәкен,
Қабыл, сабыл, Боранбай,
Тақауилар, Яссауилар –
Қаптап кеткен, ой, Аллай! – деп айтады дейді.
Жақаң Сәбең мен Ғабеңе аса жақын адам болғанын осы күні көп адам біле бермейді. Бұлар советтің алғашқы жылдарында елде қызметті бірге істеп, атқа бірге мінісіп, жастық, жігіттік сайран күндерін бірге өткізіп, әдебитке де үзеңгілес бірге келген, кейін ұзына бойғы өмірде бірге жасасақан, қызық та қиын замандарды бірге кешкен кісілер. Ол туралы көбінесе Жақаң әңгімелеп, неше түрлі хикая етіп айтар еді.
Сәбеңнің осы күнгі Мәриям апамен қосылу тарихы, Ғабеңмен екеуінің ауылда милиция қызметінде жүргендегі істері – бәрі-бәрісі тамаша әңгімелер еді. Жақаң Сәкен Сейфуллинмен де бірге жүріп, Көкшетауда Қызыл отау құрысқаны бар. Жақаң қазір көзі тірі болса – сол халық ардагерлері туралы нағыз тарихшы өзі болар еді-ау деп ойлаймын. Ол ардагерлер туралы көп айтуға болмайтын дәуірдің өзінде де қорықпай, үрікпей айта беретін. Бір таңғалатын нәрсе – сонша жақсылармен жүріп, әйгілі 1937 жылда солардың бәрі кетіп, немесе қуғынға ұшырағанда Жақаңның сол дүрбелеңнен қалай аман қалғаны. Әлде өкімет ісінде, басшылықта болмағаны ма, айрықша көрінбегендігі ме, әлде оның зиянсыз, қожанасырлық, келді, кеттісі жоқ мінезінен бе екен – өзге білмесе, мен білмедім.
Жақаңның Сәбеңмен жолдастығы жөнінде көп әңгіменің бірі мынау: «Сәбеңнің қай жылы екені жадымда жоқ, Жазушылар одағының бастығы болып тұрғанда, отын сұрап па, ақша сұрап па, әйтеуір бір жәрдем сұрап бардым, – дейді Жақаң, – сол сағатта өзі бір ашуланып отырды ма, білмеймін, «қазір саған беретін көмегім жоқ» деп суық сөйлескен соң, өзім сәл қызыңдау едім, боқтадым да жібердім.
- Әй, не дейсің? – деп орнынан түрегеп, маған жақындап кеп, төне бергенде, «ой, шермиген қарныңды...» деп тағы бір боқтап, ішінен теуіп кеп жіберіп, тұра қаштым. Қайдан жетсін, сонда да артыма қарай-қарай жүгіріп, үйімнен бір-ақ шығып, келе жатып алдым да, содан Сәбитке көрінбей қойдым. Ондағым – шынымды айтайын, жаман қорықтым, Сәбиттің сол кезде тіпті дүркіреп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс кезі ғой, милиция жіберіп, жаптырып тастар деп ойладым. Өзіме де обал жоқ, не жыным бар десей, баяғы Сәбит деген ой ғой істеткен, ол қайда кеткен қазір, қап, құрыдым-ау деймін ішімнен. Қойшы, арада сонымен көп күндер өтіп кетті. Бір күні телефон шылдыр ете қалды. Тыңдасам – таныс дауыс.
- Жақанбысың әй? – дейді Сәбит. Тілім байланып қалды. Сосын біраздан соң, өлеусіреген дауыспен – мен ғой, – дедім. Өй, сен ит, неге хабарласпай қалдың, анадағыға ұялып жүрсің бе, қорқып жүрсің бе? – деді күлген дауыспен.
- Екеуі де бар, – дедім, енді есімді жинап.
- Әй, тәйірі-ай, соған бола, сөйте ме екен, мен Сәбит болсам, сен Жақан болсаң, мені сен теппегенде, кім тебеді, қой сөзді, қазір түсте үйге кел, Мәкеңе дәм істетіп қойдым, екеуміз отырып жеп алайық, – деп трубканы қоя салды. Сол жерде, нансаң, көзіме жас келіп кетті.
Бардым, барған соң, құшақтасып көрісіп, рахаттанып қалды. Ол кезде сыра ішеміз. Сары қазыны жеп, сапты аяқтап сыраға қанып, ой, жақсы боп қалдық бір. Ал осы Сәбиттер кісі-ақ емес пе?» – деп, Жақаң маған басын қисайтып, құлағын тосып қарар еді. Бұл әңгімені айтқанда Сәбең, әрине, тірі кезі, ал Жақаңның құлағы мүкіс тартқан уақыты.
Енді ойлаймын, Сәбең мен Жақаңның жақындығына осыдан артық не дәлел керек?!
Осы күні қаншама жыл қызық дәуренді бірге кешіп, қимас дос болғандар, сағынып іздемек түгілі, жылында бір телефон соғып хабарласпайды ғой. Өлгенде келсе сол. Не деген сұрқайы сұмдық, қатыгез заман десейші!
Адамшылық деп айта берсең, сөздің қадірі кетеді. Одан да сондай істесең, осымен дәлелдесең ғана пайдалы болмақ.
Жақаң туралы, жақсы, жайсаң адам туралы жазу қашанда осындай қосалқы ойларға жетелейді. Ойды айту үшін де, айтқызатын себеп керек, сабепке жарайтын адам керек.
Мен ана бір жылдары Көкшетауға демалысқа барып жүріп, Чкалов ауданындағы «Қара ағаш» деген мекенге соқтым. Соғу себебім – осы ауылда Жақан Сыздықов туған екен. Соның елі екен. Інісінің үйінде болдым. Інісі емес-ау, баласы десе болады. Жақан, Қажыбай, Қажымұрат үшеуі Сыздық ақсақалдан туады, Қажыбай әскерге кетіп, оралмаған, содан қалған екеудің бірі – әлгі үйдің иесі, біреуі осы күні аты белгілі боп қалған ақын Төлеген Қажыбаев, ал Қажымұрат Алматыда, аудармашы.
Осыларды айтып «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қара ағашта ауыл бар» деген мақала жазғанмын. Онда Сәкеннің Қызыл отау орнатқан, кейін ақбоз атты пәуескемен қазақ үкіметінің бастығы болған кездегі шағын әңгімелегенмін.
Сөз басы – «Жақаң жақындап келеді» – деп басталып еді ғой. Ол – Жақаңды еске алатын күн туды деген сөз. Жасыратын не бар, Қазақ совет әдебиетінің алғашқы қайраткерлерінің бірі, өмір үлгісі, кісілік жолы көбімізге мол әсер із қалдырған Жақан Сыздықовты соңғы 15-40 жылда ұмытып кете жаздағанымыз рас емес пе? Оның қайтыс болғалы қанша мұрасы жарық көріп, қандайлық есте қаларлық іс жасадық, туған, не тұрған мекендерінде не белгі бар, Чкалов ауданы мен Көкшетау қаласы өзінің аяулы перезентіне не ықылас білдірді – бәрі де бізге белгісіз. Осыны, жігіттер, бір ойласпаймыз ба екен? Сәл тебіренуге сәт іздемейміз бе?
Жақан Сыздықов жайындағы әңгіме – әдебиетіміз жайында, оның ірі өкілі жайында әңгіме болған соң, оны жәй пәленше пәлен еді ғой деп, бірлі-жарым мақаламен айтып, еске алып қою – әшейіндегі жоспарлы жұмысты істедік деген белгі үшін емес, тиянақты бір іс жасап, лайықты ескерткіш жағын ойлаған жөн болар. Оның үстіне бұл қаламгер жайында көптеген сөз болмағаны да бар. Батырып айтпасаң бауырлығыңда не сән бар, біз жаныққан кезде жан салатын халықпыз ғой. Тұрақты дәстүр, мәдени салт қалыптасып біткен жоқ. Өзбек, тәжік секілді тарихи мемлекеттік үрдістің бұрынғы жоқтығы қазіргі барымыз деудің кезінде де білініп тұратынын жасырудың пайдасы аз.
Жақан Сыздықов өмірі мен творчествосы қай құрметке де лайық. «Жақаң жақындап келеді» деген сөз – бар жақсымызды ардақтау, қадірлеу заманы жақындап келеді, жақсылық жақындайды деген үміт сөзі.
Бөлісу: