Рэй Куни. Әзәзіл ақша...
Бөлісу:
Екі бөлімді ағылшын комедиясы
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Джейн Перкинс
Генри Перкинс
Бетти Джонсон
Виктор Джонсон
Билл
Дэвенпорт
Слейтон
Бірінші көрініс
Перкинстердің қонақүйі. Қысқы кеш. Бөлме іші самаладай жарық. Сахна бос. Асүйден Джейн шығып келеді. Үстінде – әдемі көйлек пен алжапқыш. Ол ас бөлмесіне өтіп барады. Бірақ, лезде-ақ оралып, сағатқа қарайлайды да қайтадан кетіп қалады. Келеді. Қолында – ыдыс-аяқ. Дастархан жайып жүр. Қайтадан сағатқа қарайды.
Джейн. Одан бұндай опасыздықты күтпеген ем.(Кетіп)
Есік ашылып Генри кіріп келеді. Үстінде – плащ, қолында – «дипломат». Бір нәрсеге алаңдаулы әрі тынысы тарылған адамша ауыр дем алады. «Дипломатты» жерге қояды да өзі де орындыққа қаздия кетеді. Джейн келеді. Қолында – тағы да ыдыс-аяқ. Қайтадан сағатқа қарайды.
Джейн. Басқа-басқа, бірақ одан бұндай опасыздықты күтпеп ем.
Генри үнсіз. Тым селқос, енжарлау. Джейн оны байқап қалады.
Джейн. Тәңірім-ау, Генри! Бұл сен бе едің?!
Генри оған жасқана бір қарайды.
Джейн. Құдай-ау, бағанадан бері күйіп-пісіп мен жүрм. Қайда болдың?
Генри Джейнге қарайды даүнсіз қалады.
Джейн. Тап қазір Бетти мен Виктор келеді...
Генри тағы үнсіз.
Джейн. Біле білсең, сені туған күніңмен құттықтамақ!
Генри оған тағы да көзін төңкере, мөлиіп қарайды.
Джейн. Неге үндемейсің, Генри? Жұмысыңда тыныштық па, әйтеуір?
Генри. Телефон анықтамалығы...
Джейн. Немене?
Генри. Анықтамалық, қайда?
Джейн. Оны не істемексің? (Береді)
Генри. (Парақтап) Әуекомпаниялар... Әуекомпаниялар... Әуекомпаниялар...
Джейн. Саған не болған, Генри?
Генри. Міне, Британ әуежолдары.
Джейн. Британ әуежолдары не үшін қажет боп қалды, саған?
Генри телефонды алып, нөмірді тере бастайды.
Джейн. Тыңдашы мені, қазір қонақтар келеді!
Генри. (Телефонға) Британ әуежолдары ма екен? Мен екі билет сатып алсам деп ем.
Джейн. Генри, қайдағы билет? Не деп тантып тұрсың?!
Генри. (Телефонға) Иә-иә. Бүгінге!
Джейн. Бүгінге?
Генри. Қайда? Бәрібір.
Джейн. Генри.
Генри. Мен сізге айттым ғой, бә-рі-бір. Визаны қажетсінбейтін кез келген елге... Дания, Голландия, Испания... Қай уақытқа? Қазір. Джейн, бізге әуежайға дейін жету үшін қанша сағат кетеді?
Джейн. Бір...
Генри. Бір сағат... Оған тіркеу-тізімдеуді қосыңыз... Онда былай келіселік, ұшу уақытын сағат онға қойыңыз. Иә. Екі билет. Күтем. (Джейнге) Киіміңді жинастыр, тез.
Джейн. Ішіп келгеннен саумысың, Генри?
Генри. Ең қажет деген заттарыңды ғана ал. Және төлқұжаттарды ұмыта көрме.
Джейн. Мен қазір отыра қап, ағыл-тегіл жылауға дайынмын.
Генри. Қайталап айтам, артық дүние алма. Қалғаны со жақтан табыла жатар.
Джейн. Қай жақ, ол?!
Генри. (Телефонға) Иә-иә, Барселона! Тамаша. Маған керегі де осы еді ғой.
Джейн. Құдайым-ау, Генри.
Генри. Билеттің ақшасын әуежайда-ақ қолма-қол төлесем бола ма? Керемет! Онда, Барселонаға дейін екі билет, бірінші класс. Мистер және миссис Перкинстер. Жо-жоқ, баруға ғана, қайту жағына қам жемеңіз.
Джейн өксігін баса алмай жылайды.
Генри. Тіркелу – ұшуға жарты сағат қалғанда жүзеге асырылады ғой?! Түсіндім. Рахмет.
Джейн. Генри!..
Генри. (Телефонды алып, қайтадан звандай бастайды) Күте тұрш...
Джейн. Тағы кімге қоңырау шалмақсың?
Генри. Ұстарам мен тіс щеткасын ғана ала салш. (Телефонға) Алло, такси? Маған көлік қажет. Дәл қазір. Әуежайға. Екі адам. Мистер Перкинс. Элгар Авеню 42. Тұп-тура бұрышында. Он бес минуттан соң? Жақсы! Рахмет. Фу-у-х. Барселона! Барселона!
Джейн. Қайдағы Барселона Генри-ау, қайдағы Барселона? Біз Виктор мен Беттиді күтіп отырған жоқпыз ба?
Генри жерден «дипломатын» көтеріп, оны Джейн көретіндей етіп ашады. Іші – толған ақша.
Джейн. Бұл не?
Генри. Ақша! Миллион жеті жүз елу мың.
Джейн. (Түкке түсінбей) Миллион... жеті жүз елу...
Генри. ...мың фунт стерлинг. Отыз бес мың «құнды қағаз». Сонда, әр қайсысы елу фунттан...
Джейн. Бұны қалай түсінсек болады?
Генри. Бұл – бағымыз жанып, байлыққа кенелдік деген сөз, алтыным. Төлқұжаттар қайда? (Кетеді)
Джейн. Осыншама қаржы«дипломатыңда» қайдан жүр?
Генри. Мәселе сонда ғой, бұл менікі емес.
Джейн. Түсінсем бұйырмасын.
Генри. Әңгіме былай болды. Жұмыстан шығып, метроға отырдым да, әдепкідей әлгі «дипломатымды» жаныма қойдым. Үйге жетіп... «дипломатымды» алып, метродан шықтым... Сайтан алғыр, төлқұжаттар қайда құрып кетті?
Джейн. Содан соң?
Генри. Дала деген суық, шарф пен қолқап кию керек екен деп ойладым да аялдап, «дипломатымды» ашсам, міне...
Джейн. Сұмдық... сұмдық, айтары жоқ, енді.
Генри. Таптым. (Төлқұжаттарды қалтасына салады) Қателесіп бөтен біреудікін алып кеткен боп тұрм ғой, шамасы.
Джейн. Енді неге қайтарып бермедің, Генри?
Генри. Қайда? Метроға ма?! Одан бұрын есім шығып, не істерімді білмей тұрғанм, өзім. Айтуға оңай. Сөмкеңнен далап алам деп, ішінен миллион жеті жүз елу мың фунт стерлинг шықса, қандай күйде боларыңды көрер ем.
Джейн. Ақшаның нақты санын қайдан білесің?
Генри. Санадым.
Джейн. Көшеде ме?!
Генри. Жоқ, сырахана кіріп та.
Джейн. Бәсе, айттым ғой, сен ішіп алғансың деп.
Генри. Әлбетте. Есеңгіреп тұрған мен үшін, басты мақсат – ес жиып, бар жағдайды бағамдау болды. Сол себепті, аз-маз татқаным рас. Екі қайтара вискиге тапсырыс берген соң, дәретханаға тарттым.
Джейн. Не үшін?
Генри. Бұның бәрі елес-сағым емес екеніне көз жеткізгім келд. Орнығып отырдым-дағы... тфу, санай бастадым.
Джейн. Құдай-ай... Содан?
Генри. Содан, вискиге тағы да екі рет тапсырыс берген соң, әжетханаға жүгірдім.
Джейн. Не үшін?
Генри. Ақшаны қайыра санадым.
Джейн. Бір сағатқа неге кешігіп келгенің енді түсінікті болды.
Генри. Құдайшылығымды айтайын, әлгі әрекетті тағы бір қайталадым. Саған өтірік, маған шын, не өңім, не түсім екенін түсінбей дал болдым.
Джейн. Бұл ақша біздікі емес, бұны ұрлық дейді Генри, ұр-лық!
Генри. Иә, саған. Дәретханада отырып әбден ойландым. Бұл қылмыскерлердің ақшасы.Тап-таза криминал. Меніңше, бұны бір пысықай... заңсыз мәміле кезінде қолды еткен-ді. Оған қоса, әлгі Пысық мистер қайбір мекемеге не құжатқа қол қоймағанға ұқсайды. Яғни, мына байлық ешбір жерде тіркелмеген. Ал, олай болса, мен ақшаны ұрлап алдым деуге еш негіз жоқ. Солай!
Джейн. Қорқып тұрм, Генри.
Генри. Сабыр ет, бұны жай ғана ерен еңбегім үшін берілген сыйақы деп түсін. Көрдің ғой, сонша жылғы төккен тер текке кетпепті, Джейн.
Джейн. Егер поли... ция іздей бастаса ше?..
Генри. Іздемейді, рас сөзім. Ақша жоғалғаны туралы ешкім, ешқайда айтып бармайды, алаңдама. Енді бар да киіміңді жинастыр, тез.
Джейн. Генри, біз әй-шәй жоқ, бір-ақ күнде көшіп кетсек қалай болар екен, а?
Генри. Әлі түсінбеген сияқтысың?! Біз енді бұ жерден кетуіміз керек. Оған қоса, жұмыста төбе көрсетсем құрыдым дей бер.
Джейн. Неге?
Генри. Себебі, әлгі Пысық мистердің «дипломаты» менде, ал менікі сонда. Оның ішінде бүкіл құжат-қағазым бар. Ертеңнен бастап ол жұмыс орныма звандап, «дипломатын» іздей бастайды. Бірақ о кезге біз арайлап атқан таңды мың миль қашықтағы «Мистер және миссис Рокфеллер» деген испан мейманханасында қарсы алатынымызға кепілдік берем. Олай болса, қош-сау бол Пысықай мырза. Саған сәлем жолдаған – Генри Перкинс!
Джейн. (Абыржып) Генри, мен сені дәл бұндай күйде бірінші рет көріп тұрм.
Генри. Өйткені, мен өзгердім. Өзгердім! (Әндетіп) Барселона, Барселона.
Джейн. Генри, мен Барселонаға барғым жоқ.
Генри. Қой, бүйтіп айтпа. Саған Испания ұнаушы еді ғой. «Демалған кезде сол жаққа барып қайтайықшы...», – деп өтінген сен емес пе ең?
Джейн. Демалған кезде бару бір басқа да, ол жаққа жер аудару екібөлек дүние ғой, Генри-ау.
Генри. Мақұл. Барселонаға бармасаң өзің біл. Түнеген соң, қалаған елге сапар шегеміз. Австралия, Грекия, Бермуд аралдары дейсің бе, таңдау еркі сенде-ақ болсын. Мен саған со аралды тұтастай сатып алып берем. Киіміңді жинастыр, енді.
Есік қоңырауы соғылады.
Джейн. О, Құдай!
Генри. Виктор мен Бетти келді. Киім-кешекті мен-ақ жинайын, жарайды, ал сен амалын тауып, екеуін шығарып сал.
Джейн. Не дейін? Кешкі асқа шақырған өзіміз ғой.
Генри. Мейрамханаға бара салсын.(«Дипломатты» ашып, ішінен ақша алып береді де кетіп қалады)
Джейн. (Жылағысы келіп) Бірақ бүгін сенің туған күнің еді ғой.
Есік қоңырауы шырылдайды. Джейн ашады.
Дэвенпорт. Полиция, ханым.
Джейн. Полиция?!
Дэвенпорт. Инспектор Дэвенпорт. Орталық округ. Маған осында тұратын джентльмен керек еді.
Джейн. Джентльмен?..
Дэвенпорт. Иә. Білуімше, ол сіздің күйеуіңіз болса керек.
Джейн. Не боп қалды испектор?.. Мүмкін маған түсіндірерсіз?..
Дэвенпорт. Жолдасыңызбен жолығып, оңаша сөйлесуім керек, ханым...
Джейн. Ол киімін ауыстырып жатыр... Генри! Оның есімі – Генри...
Дэвенпорт жымиып, мақұлдағандай басын изейді. Есік қоңырауы тағы шырылдайды.
Джейн. Ой, кешіргейсіз. Есікті ашсам бола ма?
Дэвенпорт. Әрине.
Джейн. Отырыңыз, отырыңыз. (Еріксіз езу тартады) Генри!
Дэвенпорт отырады. Джейн есікті ашқанда Билл кіріп келеді.
Билл. Міне, мен де келіп жеттім!
Джейн. Мені кім, тағы?
Билл. Олар Сізге: «Он бес минутта жетеді», – деген еді, ал мен болсам белгіленген орынға он-ақ минутта заулай жөнелдім.
Джейн. Кім айтты дейсіз?
Билл. Такси шақырған ба едіңіз?
Джейн. (Ашуын ақылға жеңдіріп) А, иә-иә!
Билл. Менің атым – Билл. Сондықтан, әуелі әуежайға жетіп алмадық па?! Киім-кешектеріңіз дайын шығар?
Джейн. Қандай киім-кешек?
Билл. Жүк ше?
Джейн. А, иә-иә, киім-кешек, киім-кешек!.. (Дэвенпортқа) Бүгін бір туысымыз ұшақпен ұшпақшы еді. Менің... әпкем... осы үйде тұрады... дәлірек айтқанда кезінде тұрған... Қазір міне, сапарға шықпақ... Генри!
Билл. Жоғ-а, тапсырыста: «Мистер Перкинс» деп жазылған.
Джейн. Жо-жоқ, мистер Перкинстің өзі ешқайда кетпейді. Тап қазір тапсырыс бергені шындық, бірақ ұшатын менің... әпкем... (Ашуланып) Генри!
Дэвенпорт. Ол кісі қай елге бармақшы еді?
Джейн. Түсінбедім?
Дэвенпорт. Әпкеңізді айтам...
Джейн. А-а, иә... Сиднейге... Австралияға...
Билл. А, Австралия! Ондағы жағдай әлі оңала қойған жоқ секілді!
Джейн. Әпкем сонда тұрады.
Билл. Жарайды. Көлікте күтем. Көшенің дәл бұрышында тұрам. Екеуіңіз дайын болысымен, ескерте саларсыз.
Джейн. Екеуіңіз? Қайдағы екеу?
Билл. Тапсырыста екі адам делінген. Екі кісі және әлгі әпкеңіз ғой, сонда?!
Джейн. Иә, солай. Әпкемнің жанында күйеуі бар. Өзі австралиялық.
Билл. Тезірек шықсыншы. (Дэвенпортқа) Танысқаныма қуаныштымын.
Джейн. Қайда жүрсің, Генри? Қонақтар күтіп қалды ғой.
Дэвенпорт. Бүгін бір мазасыз күн болды. Өзге елге сапар, кешіккен қонақ, кешкі ас дегендей...
Джейн. Дұрыс айтасыз.
Дэвенпорт. Бәсе, қобалжуыңызға қарағанда бекер емес сияқты.
Джейн. Жо-жоқ, бәрі жөнімен. Тауықтан жасалған тағам та дайын болд.
Дэвенпорт. Астан әпкеңіз бен жездеңіз ауыз тимейтіні өкінішті-ақ.
Джейн. Әпкем? А, иә-иә, Аделаида мен Перси... Оның аты – Перси. Өкінішті, әрине. Бірақ, ұшақ дегеніңіз күтпейді.
Дэвенпорт. Иә, Сидней алыс қой. Жеткенше жеті рет дастархан жаюға тура келед.
Джейн. Өте алыс, өте...
Генри жылдам кіре қалады. Бұтында – шалбар, үстінде – қысқа жеңді жейде. Қолында – плащ, сөмке және «дипломат».
Генри. Сонымен, міне... бәрін жинадым. Ал, Виктор мен Бетти қайда?
Джейн. Бізге Құдайы-қонақ келді.
Генри. Құдайы-қонақ? А, такси! Жарады, еті тірі екен.
Дэвенпорт. (Орнынан тұрады) Негізінен, мен полициядан келдім.
Генри. Полициядан?..
Дэвенпорт. Инспектор Дэвенпорт. Орталық округ. (Куәлігін көрсетеді).
Генри. (Тез есін жиып) Қандай мәселемен келіп едіңіз, инспектор?
Дэвенпорт. Қателеспесем мистер Перкинс деген сіз боласыз-ау, дейм? Мистер Перкинс?
Генри. Дәл өзі.
Дэвенпорт. Сізбен сөйлесуім керек, сэр.
Генри. Не жөнінде?
Дэвенпорт. Оңаша... Қажет деп тапсаңыз, әйеліңіздің әпкесі кеткенше күтуге дайынмын.
Генри. (Ойланып) Әйелімнің әпкесі...
Джейн. (Естілер-естілмес қана) Аделаиданы айтып тұрған болар...
Генри. Аделаида?!
Дэвенпорт. Иә. Шамалауымша, олар бүгін сапар шекпек екен.
Джейн. «Олар» деп... Аделаида мен Персиды айтып отырған шығар... (Ызалы күлкі) Гүл болмаса, бүл болсын.
Генри. Немене?
Дэвенпорт. Сиднейден келген австралиялықтар солар емес пе еді, а?!
Джейн. Сөмкелерін арқалап келгеніңе рахмет.
Генри. Оқасы жоқ.
Джейн. Генри! Меніңше, инспекторға Аделаида мен Персидің қашан жол жүретіні аса қажет емес секілді, қалай ойлайсың?
Генри. Әлбетте, Джейн. Өйткені, полиция – біздің арымыз, полиция біздің – барымыз! Былай қарай жүріңіз инспектор.
Есік қоңырауы шырылдайды.
Джейн. О, Құдай.
Генри. Такси ғой, күте тұрсын де.
Джейн. Билл бағана келген. Сыртта күтіп тұр.
Генри. Биллі кім-ей, түге?
Джейн. Таксист ше! Аделаида мен Персиды алып кетуге келген еді ғой.
Генри. А, иә-иә.
Джейн. Бұл Виктор мен Бетти болса керек.
Генри. Келісілген кешкі ас тәмәм деп айт.
Джейн. Генри, бұның қалай, сонда?
Генри. Солай.
Есік қоңырауы шылдырлайды. Джейн дір ете қалады.
Джейн. Иә, Жаратқан Жалғыз Ием.
Дэвенпорт. Есікті өзіңіз ашқаныңыз дұрыс шығар, сэр. Ал, мен болсам күте тұрайын.
Генри. Рас па?
Дэвенпорт. Әрине. Себебі, дос-жаранды шығарып салғанша, туыс-туған да дайын боп қалар.
Генри. Иә-иә. Аделаида және Сидней.
Дэвенпорт. Аделаида мен сиднейлік Перси.
Генри. Соны айтам да... Имандай шыным, бүгін шақшадай басым шарадай болды, инспектор. Мына жаққа жүріңіз, Дэвенпорт мырза.
Дэвенпорт. Сізден өтінерім, ұзаққа жоғалып кетпеңізші мистер. Өйткені, істі қатты соза алмайм.
Генри. Әлбетте, инспектор.
Дэвенпорт шығып кетеді.
Джейн. Инспектор олар жаққа бармайды деп ең ғой.
Генри. Кім?
Джейн. Сенің «дипломатыңды» алып кеткен адамды айтам да.
Генри. Мүмкін бұл «дипломат» туралы емес шығар.
Джейн. Адам оңашада одан басқа не айтуы мүмкін?!
Генри. Сенікі дұрыс та шығар. Бірақ, ақшаны қайтара алмайды екенмін. Бұл менің жиған-терген қаржым екенін ешкім біле қоймас.
Джейн. Миллион жеті жүз елу мың жинай алдың ба?
Генри. Иә, мен өте үнемшілмін.
Джейн. Жоқ, болмайд, шындығыңды жасырма.
Генри. «Шындығыңды»? Бұны айтып тұрған сен бе, едің? «Аделаидадан шыққан Сидней мен Перси».
Джейн. Жоқ, керісінше, «Сиднейден шыққан Перси мен Аделаида» емес пе?!
Генри. Иә, солай. Ішімдікті доғар.
Есік қоңырауы шырылдайды.
Джейн. (Дір етеді ) Генри!
Генри. Тыныш! Бұл бар болғаны Виктор мен Бетти. (Есікті ашады) Меніңше, кешкі ас бітті деп ойлайм.
Билл кіріп келеді.
Билл. Көлікте уақытты есептейтін құрылғының бар екенін есепке алсаңыз.
Генри. Құрылғы?
Билл. Таксометр.
Генри. Бен деген сіз екенсіз ғой.
Билл. Онда, Перкинс мырза мына сіз болдыңыз ғой?
Генри. Иә. Сөмкені алып, көлікте күтіңіз.
Джейн. Генри, полицейді не істейміз?
Генри. Өзім сөйлесем. Сен де көлікке бар.
Билл. Жоқ, бұ кісі емес, әпкесі ұшады.
Генри. Дұрыс қой енді, шығарып салсын да. Барыңыз. А, тоқтаңыз. Біз қай әуежайға барушы ек?
Билл. Түсінбедім?
Генри. Барселонаға бастайтын «Британ әуежолдары» қай әуежайда еді?
Билл. Қайдағы Барселона? Әпкесі Австралияға барады емес пе?!
Генри. Иә-иә... О жаққа қанша уақытта жетеміз дегенім ғой.
Билл. Шамамен, жиырма сағат кетер.
Генри. Әуежайға дейін!
Билл. Кептелістің кесірі ғой, баяғы...
Генри. Жарайды, көлікке бара беріңіз. (Джейнге) Сен де бар да күт, мені.
Джейн. Жоқ, Генри. Жалғыз ұшуға мәжбүрсің.
Генри. Қой қайдағыны айтпай, киіміңді жина, тез.
Джейн. Бір-ақ сәтте бәрін қия сап, кете алмайды екем. Ақылдан алжаса бастадым. Мына түріммен ішкілікке салынып кетпесем жарар еді.
Генри. Саған қанша рет қайталауға болады, Джейн? Ертең... әлгі аты өшкір Пысықай мырза жұмысыма қоңырау шалып... мекен-жайымды біліп алады. Мүмкіндік барда қашпасақ, кәнігі қасапшыдай бауыздап... денемізді елсіз жерге көміп кетпесе қара да тұр!
Джейн. Сонда, бар күнә мен кінә саған артылмақ.
Дэвенпорт келеді.
Дэвенпорт. Ғафу етіңіз, әрине, бірақ уақытым аз, асығып тұрм.
Генри. Иә-иә, мен дайынмын.
Дэвенпорт. Әлгі кісілер кетіп қалды ма?
Генри. Кім?
Дэвенпорт. Жолдасыңыздың әпкесі мен жездесі.
Генри. А-а... Мистер және миссис Браундар ғой... Жоқ, әлі.
Есік қоңырауы шылдырлады.
Джейн. Ой, Генри!
Генри. Не болды саған? Бұл Виктор мен Бетти ғой. Және оларға не деп айту керек екенін де білесің. Жүріңіз инспектор.
Есік қоңырауы тағы да шылдырлайды. Генри қонақтарды тезірек шығарып сал дегенді ым-ишарамен білдіріп, Дэвенпорттың артынан кетіп бара жатады. Джейн есікті ашса Бетти екен, қолында – сыйлық.
Бетти. Кешір, біз кешігіп қалдық.
Джейн. Ах, Бетти.
Бетти. «Біз» дегенді бекер айтқан жоқпын, әлгі әңгүдік күйеуім көшені басына көтеріп жүр.
Джейн. Көшені басына көтеріп?
Бетти. Иә, таксисттің көлігін соғып алды, ессіз.
Джейн. Туф, Құдай-ай, жетпегені осы еді, енді?
Бетти. Енді, сол... Виктор таксишыға: «Бұрышқа қоюға ешқандай қақың жоқ...», – деді. Анау да шатақ неме екен, күйеуімді боқтай жөнелді. Сонда Виктор мұрнын бет қыламын деді де...
Джейн. Біткен жеріміз осы, Бетти. Үйге полиция келген...
Бетти. Полиция?
Джейн. Ол миллион жеті жүз елу мың фунтты ұрлап кетті...
Бетти. Олы кім?
Джейн. Генри, Генри!
Бетти. Генри? Ұрлап кетті? Миллион... (Қарқылдап күліп жібереді)
Джейн. Иә, иә, иә. Шын айтам. Ол бөтен біреудің «дипломатын» шатастырып алып кетіп... ақша көріп, сыраханаға барады да унитазға отыра кетеді.
Бетти. Осы екіарада ештеңе ұмытқан жоқсың ба?
Джейн. Енді, Барселонаға дейін екі билетке тапсырыс берді де, егер о қала ұнамаса, Бермуд аралын сатып алып беретінін айтты.
Бетти. Не іштің?
Джейн. Джин мен коньяк. Сонымен, үйге полиция келді.
Бетти. Сандырақтай бастаған сияқтысың. Бермен қарашы. Сенің Генриің бір нәрсе ұрлады дегенге сенбейм.
Джейн «дипломатты» ашып, ақшаны көрсетеді.
Бетти. Мәс-саған! Генри, Генри, Генрижан! Недеген керемет, мынау...
Джейн. Не істейін, айтшы, ақыл қосшы?
Бетти. Аралды алар ем.
Кіреберіс есіктен Виктор атып шығады.
Виктор. Анауың шатақ екен, полиция шақырды.
Бетти. Біліп ем.
Джейн. Полиция?
Виктор. Сәлем бердік, Джейн. Таксист... әпкеңді әуежайға жеткізіп тастау үшін ғана күтіп тұрм дейд. Қағып салатын бір нәрсең бар ма?!
Бетти. Маған да, Джейнге де құй.
Виктор. Джейн? Ол ішпеуші еді ғой?
Бетти. Бүгіннен бастап...
Виктор. (Джейнге) Туған әпкең бар екенін қазір білдім.
Джейн. Ешқандай әпкем жоқ, менде.
Виктор. «Әпке» деген сөзді оң құлағыммен, ап-анық естідім.
Джейн. Таксишы Генри екеумізді күтіп жүр. Әуежайға алып бармақ...
Виктор. Сендерді? Әуежайға? Туған күн ше? Айтпақшы, Генри қайда?
Бетти. Ой, сенде сау басқа сақина тілеп... онсыз да полициядан құтыла алмай жүргенде... Бар да кешірім сұра.
Виктор. Құтыла алмай жүргенде?
Бетти. Ана бөлмеде полиция Генриді тергеп жатыр. Ұрлыққа байланысты...
Виктор. Қойдай қоңыр, қозыдай момын Генри не ұрлай қойды екен десеңші?
Бетти. Миллион жеті жүз елу мың фунт.
Виктор. Фунт?..
Джейн. Стерлинг!
Виктор. Генри ма, қоя ғой. Саябақта серуендеп жүргенде тауып алды де, тағы.
Джейн. Саябақ емес, метрода. («Дипломатты» ашып көрсетеді)
Виктор таңданысын жасырай алмай ақшаға қарап тұрып қалады. Генри кіріп келеді. Бәрі соған қарай жүгіреді.
Джейн. Сені тұтқындады ма?
Бетти. Сені соттайтын боп шешті ғой, иә?
Виктор. Ұрлықы ақша емес пе?
Генри. (Виктордың қолындағы ақшаны тартып алады) Оны не істемексің?
Джейн. Виктор сені ақылға шақыра ма деген ой еді, біздікі.
Генри. Доғар, ішкілікті.
Джейн. Өзің қой. Не деді ол саған, айтсаңшы енді?
Генри. Уәжің дәлелсіз деді.
Джейн. Тапқан бойда-ақ «Іздеу бюросына» тапсыру керек еді, Құдай-ай.
Генри. Миллион жеті жүз елу мыңды? Бюроға?
Бетти. Сен оларға: «Дипломат» бөтен бір кісінікі екенін үйге келгенде бір-ақ білдім», – деп айтқын.
Генри. Инспектор ақша туралы білмейді.
Бетти. Қалайша?
Виктор. Білмейді?
Генри. Жоқ.
Джейн. Енді неге сеніңкіремей тұр?
Генри. Сыраханадағы тірлігімді айтады да.
Джейн. Түсінбедім...
Генри. Мен бас сұққан сыраханаға полицей мырза да дем алуға барыпты-мыс. Енді, міне айыптап отыр.
Бетти. Не айып?
Генри. «Тиісіп қойдың», – деп.
Виктор. Кімге?
Генри. Еркектерге.
Джейн. Ұятсыз.
Бетти. «Басқа-басқа, бірақ неге еркекке соқтықтың?» – дейді?
Генри. «Сыраханаға кіріп келгенде аса ашулы болдың. Жарым сағаттың ішінде әжетханаға үш рет бардың да, о жақтан шыққан кезде аса қозыңқырап жүрдің», – дегенді алға тартып отыр. «Жай отырмадың, жан-жақтағы жігіттерге қараған сайын, қолың дірілдеп, тұла-бойың қалшылдап, қос ұртыңнан сілекей ағып, оларға көз қысып, тынысың буылған бұқаша ауыр дем алдың...», – дейді инспектор.
Джейн. Полицей мырза да қызық кісі екен-ей, сенің орныңда ол болса, қандай күй кешерін, бір Құдай білсін.
Генри. Одан кейін инспектор артыма түсіп, үйіме дейін келіпті.
Виктор. Содан?
Генри. Бәрін мойындадым.
Виктор, Джейн, Бетти таң қалып.
Бетти. Нені?
Генри. Бәрін дедім ғой.
Джейн. Еркектерге тиістім дедің бе?
Генри. Иә.
Джейн. Неге?
Генри. Менен аулақ жүрсін деп. Бүгін қалайда Барселонаға жетуіміз керек.
Виктор. Онда сені Әдеп полициясы қамауға қақы бар.
Генри. Жоқ қамамайды. (Ақшаны көрсетіп) Шиетүйінді жиырма мыңмен-ақ шешіп кетем.
Джейн. Есің дұрыс па, өзі? Бұл парақорлық қой.
Генри. Он мың ұсынып ем:«Отыз!» – деді. Сөйтіп, жиырмаға келістік.
Екі-үш бума ақшамен кетіп бара жатады. Бәрі аң-таң.
Виктор. Тағы бір ұрттап жібермесем болмайын деп тұр.
Бетти. Мен де. (Джейн) Сен ше, Джейн?
Джейн. Әрине.
Бетти. Екі қайтара құйыңдаршы, әкесін.
Джейн. Өз күйеуімді өзім танымай тұрм.
Виктор. Бұл бір күтпеген сыйлық болды-ей.
Есік қоңырауы шылдырлайды.
Джейн. (Айқайлап) О, Құдай! Мен бүгін жындыханадан бір-ақ шықпасам жарар еді.
Виктор. Егер бұл әлгі әпенде таксист болса... мен оны бар ғой...
Бетти. Қоя қойшы Виктор, өтінем...
Виктор есікті ашқанда Билл кіріп келеді.
Билл. Нақұрыс! Сіз үшін орнымнан қозғала алмай тұрм.
Виктор. Өзіңнен көр, өлімтік неме.
Билл. Жол заңы дегеннен жұрдайсыз-ау, осы.
Джейн. Неге қозғала алмай тұрсыз?
Билл. Мына мырзам... бамперімді майыстырып жіберді. Ал, ол дөңгелегімді тежеп тұр. Енді, түсінікті болған шығар, а?
Генри кіреді.
Генри. Санап жатыр, санап. (Биллді байқап қалады) А, Бэн.
Билл. Мен Биллмын.
Генри. Иә, дайынбысыз Билл? Қазір әуежайға қарай тартамыз.
Билл. Ешқайда бармаймыз. Жаныңызда тұрған мына жарымес көлігімді бұзып тынды.
Виктор. Жарымес, өзің шығарсың.
Генри. Енді не, машина оталмай ма?
Билл. Мүлде жүрмей қалды. Бітті.
Бетти. Бар болғаны бампері ғана майысыпты. Біз сізге көмектесеміз, солай емес пе Виктор?
Виктор. Болмаса бордай тозсын. Шақарланып полиция шақырғаны несі екен?
Генри. Полиция?
Билл. Шақырар ем, ешқайсысы бос емес екен, келе алмай қалды.
Генри. (Викторға) Көрдің бе, сабыр ет те, барып көмектес.
Виктор. (Барғысы келмей) Жарайды.
Бетти. (Биллға) Негізі ол өте ізгі жан.
Виктор. Жоқ қателеспе, қатты ашулансам есерсоқпын.
Виктор, Бетти және Билл шыға берісесікке бара жатады.
Билл. Туыстарыңызға тезірек шықсын деңізші.
Генри. Жоспар өзгерді. Олар ешқайда бармайтын болды.
Билл. Қалай сонда?
Генри. Орнына біз барамыз... мен... және миссис Перкинс.
Билл не дерін білмей шығып барады.
Генри. (Джейнге) Осылай жарқыным! Қарсыласушы болма.
Джейн. Ақылым атала болғанын, қарашы.
Генри. Бәрі ұшаққа отырған соң реттеледі. Ішуді доғар. («Дипломатты» береді) Жаныңда ұстағын. Пальтоңды ки де машинаға барып отыр.
Джейн. Сен ше?
Генри. Ана парақор ақшамды санап шықты ма екен, байқайын.
Джейн. Амалын тауып полицеймен келісе алғаныңа таң-тамаша боп тұрм.
Генри. Өз-өзіңе келгенде бәрін түсіне жатарсың. (Кетеді)
Джейн. Өмірде жолы болмай жүргенде аса сүйкімді сияқты еді... («Дипломатты» жерге қояды да өзіне коньяк құяды. Есік қоңырауы шылдырлайды) Қазір ашам. Қазір. (Есікті ашқанда есіктің аузында инспектор Слейтон тұрады. Үстінде – плащ, қолында – Генридікінен айнымайтын «дипломат»)
Слейтон. Миссис Перкинс деген сіз бе?
Джейн. Иә. Жайшылық па?
Слейтон. Кіруге рұқсат па екен?
Джейн. А-а... не боп қалды? Сіз жарнама агентімісіз?
Слейтон. Жоқ, мадам. Мен полиция қызметкерімін. Инспектор Слейтон. Оңтүстік округ.
Джейн. Оңтүстік?..
Слейтон. Иә, мадам.
Джейн. Орталық емес пе?
Слейтон. Оң-түс-тік! Отырыңыз ханым.
Джейн. Жоқ, тұра берейін. Мистер Перкинсті іздеп келдіңіз бе?
Слейтон. Өкінішке қарай, мадам... Отырсаңыз оң болар еді.
Джейн. Күйеуімді қайтесіз?
Слейтон. Жағымсыз жаңалық бар.
Джейн. Тыңдап тұрм.
Слейтон. Жолдасыңыз үйге неге кешігіп келгені күдік тудырмады ма?
Джейн. Әрине, уайымдайтыным рас.
Слейтон. Бізде... «мистер Перкинс қайтыс болды» деген қаралы хабар бар.
Джейн не дерін білмей абдырап қалды. Генри кеткен бөлмеге бір, инспектор Слейтонға бір қарайды.
Джейн. Мистер Перкинс?
Слейтон. Дәл өзі. Сондықтан, мәйітті тексеру барысында жанымда жүрсеңіз.
Джейн. Жоқ, тоқтаңыз... Менің күйеуім... Қателесіп тұрған боларсыз инспектор?
Слейтон. Миссис Перкинс, айтпаса да түсінікті. Қара шай әзірлеп берейін, соны ішіп, өз-өзіңізге келіп алсаңыз... Ас бөлмесі қайда?
Джейн. О жаққа бармаңыз, инспектор. Генри өлді деген ақпарды қайдан естідіңіз?
Слейтон. Өйткені, тапаншамен басынан екі рет атып, Оңтүстік көпір жанындағы Темза өзеніне тастап кетіпті. Бірақ оған дейін аяқ-қолын матағанға ұқсайды.
Джейн. Матаған?
Слейтон. Иә. Аяғына тас байлапты.
Джейн. Сонда, Генриді біреулер өлтіріп кеткен ғой?
Слейтон. Солай. Қазаның арты қайырлы болсын ханым. Қазір шай алып келейін.
Джейн. Қайдағы шай?
Слейтон. Түсінем, бәрін түсінем. Бұндай жағдайда шай емес, ащы суға тәбет ашылатын әдеті.
Джейн. Иә-иә, өзіңізге де құйыңыз.
Слейтон. Біз қызметтегі адамбыз, болмайды.
Джейн. Темзадан табылған әлгі адам менің күйеуім екеніне қандай дәлеліңіз бар, инспектор?
Инспектор Джейнге шай береді де жерден «дипломатын» көтереді.
Слейтон. Қалтасында төлқұжаты жоқ боп шықты. Бірақ қолындағы «дипломаты» жолдасыңызға тиесілі. Мынау мистер Генриді ма еді, ханым?
Инспектор «дипломатты» көрсетеді. Джейн білдірмей ғана бұрыштағы Генри алып келген «дипломатқа» қарап әлек.
Джейн. Ұқсайды, иә.
Слейтон. Киімдері ше? (Шарф пен қос қолқабын көрсетеді)
Джейн. Иә, бұл да Генридікі...
Слейтон. Жолдасыңыз «Бодли және Крауч» компаниясында есепші боп істеп пе еді?
Джейн. Иә.
Слейтон. Қағаз-құжат, қызмет хаттары, түбіртек пен анықтамалық сонікі ма?
Джейн. Иә, сонікі.
Слейтон. Онда, жартылай желінген бутерброд та Генри мырзанікі болды ғой?
Джейн. Жартылай желінген?
Слейтон. Меніңше, бұл кетчуп пен ірімшік.
Джейн. Мүмкін.
Слейтон. Онда сізге бәрін көзбен көріп, тануыңызға тура келеді.
Джейн. Жо-жоқ, қажет емес. Бұл кетчуп пен ірімшік екеніне толық сенімдімін.
Слейтон. Мәйітті тануға...
Джейн. А-а...
Слейтон. Дегенмен, бұл мистер Перкинс екенін еш күмән жоқ.
Джейн. Иә, мен бәрін түсініп...
Слейтон. Мәйітханаға бірге барып қайталық. Алыс емес. Мына тұрған жер. Киініп болғанша осында күте тұрайын, онда.
Джейн. Жоқ, көлікте күтіңіз.
Слейтон. Жағдайды түсініп тұрм... Үйіңізде біреу бар ма?
Джейн. Немене?
Слейтон. Бірге тұратын кісілерді айтам да.
Джейн. Қонақтар бар, әпкем мен жездем.
Слейтон. Онда, жалғыз емес екенсіз. Көңіл күпті кезде кісінің жанында біреу болғаны дұрыс дегенім ғой, ханым.
Джейн. О жағын уайымдамаңыз.
Слейтон. Онда көлікте күтем.
Инспектор есікке қарай бара жатқан Генри кіріп келеді.
Генри. Жүз елу фунт жетпейді. (Қонақты көріп) Армысыз?
Джейн. Мына джентльмен полициядан келіп тұр.
Генри. Полициядан? Орталық округ?
Слейтон. Оңтүстіктен, сэр.
Генри. Оңтүстік?
Слейтон. Есімім – инспектор Слейтон.
Джейн. Инспектор жеткізген қаралы хабар естіп қамығып отырм.
Генри. (Жан-жағына қарап) Не боп қалды инспектор? Менің фамилиям Перкинс.
Джейн қолындағы рөмкені құлатып алады.
Слейтон. Перкинс? Сіз оның туысы боп шықтыңыз ғой?
Генри. Туысы? Кімнің?
Слейтон. Генри Перкинс мырзаның.
Джейн. Иә, әрине инспектор, ол оның ағасы.
Генри. (Таң қалып) Ағасы?
Джейн. Иә, Менің Генриымның туған ағасы.
Слейтон. Болған іске болаттай берік болыңыз мистер Перкинс. (Джейнге) Айтайын ба, әлде өзіңіз естіртесіз бе?
Джейн. Бұ хабарды кім жеткізсе де адамның аза бойы қаза болатыны даусыз.
Слейтон. Сіздің бауырыңыз... мистер Генри Перкинс... өлді деген жағымсыз жаңалық бар.
Генридің өзі де аң-таң.
Генри. Бұл расында да ауыр хабар екен, инспектор.
Джейн. Оны өлтіріп кетіпті.
Генри. Бұған толық сенімдісіз бе?
Слейтон. Жағдаяттың өзі солай деуге негіз боп тұр, мистер.
Джейн. Сұмдық уақиға екен, сұмдық.
Слейтон. Денесін Темзадан тауыпты. Басы екі жерінен шұрық-тесік.
Джейн. Қол-аяғы матаулы, және аяғына тас байлап қойыпты.
Генри. Ух-х-х, шынында да адам шошырлық жағдай екен.
Джейн. Тағы, жаныда «дипломат» бопты.
Генри. Қалай сонда?
Слейтон. Ол ағаңыздың «дипломаты» ма? («Дипломатын» көрсетіп)
Генри. Міне, қызық.
Слейтон. Ендігі мәселе, қайтыс болған кісінің жақыны ретінде миссис Перкинс менімен барып, мәйітті тану керек.
Генри. Темзадан табылды деймісіз?
Слейтон. Иә.
Генри. Бәрі түсінікті болды.
Джейн. Генри!
Генри. Қажет емес, сәулем. Генриді шақырмай-ақ қой. Енді, оның рухы Көкте. Сенің ендігі тірегің – менмін. Себебі, мен оның туған ағасы Фреддимін. Әйелімді кешіргейсіз, инспектор. (Бүлдіргенін біліп, артын жуып-шайып әлек) Менің әйелімді... Женевьеваны ояту керек еді. Дәл қазір байқұс Джейнге қолдау қатты қажет екенін жасырып, қайтейік. «Сапарға шығар алдында бір мызғып алайыншы» деп өтінген. Елге оралмақ ой бар. Австралияға!
Слейтон. Алыстау екен.
Генри. Иә. Демалысқа шыққанда келген еді. Ел-жер аралап дегендей. Өйткені, біз жылұзаққа қойдың соңында жүріп, фермада мал бағамыз. Ал бұнда – Лондонда, жақсы ғой, шіркін. Ай бойына бірде-бір қой-қозы көрмедік. (Джейнге) Қайран, Генри бауырым-ай. Женевьева үшін бұл ауыр соққы болмақ.
Джейн. Әрине, Фредди. Қаралы хабарды тағы Аделаида мен Персиге естірту керек.
Генри. Иә-иә, дұрыс айтасың. Опат боп, орны толмас кісіні отбасымызбен жоқтаймыз.
Дэвенпорт. (Кіріп келе жатады) Аса түсініңкіремей тұрм, мен күтейін бе, әлде... (Бөтен адамды көріп) Кешіріңіз... (Жағдайды бағамдап)
Генри. Бұл менің екінші ағам...
Слейтон. Тағы біреу ме?
Генри. Иә, үлкені ғой. Аты – Арчи.
Джейн. Генри.
Генри. Сүйіктім, мен Фреддиммын. Сұм Ажал Генриды арамыздан алып кетті емес пе?!
Джейн. Енді не істедік Тәңірім, не істедік?
Генри. «Жаны Жәннәтта болсын!» – деп дұға тілеу керек. Инспектор Сізден өтінерім, алдымен өз-өзіне келіп алсыншы.
Слейтон. Түсіндім. Осында болам. (Слейтон «дипломатын» алып, шығып кетеді)
Джейн. Масқара, масқара.
Генри. Керісінше. Бұл Бізге берілген керемет мүмкіндік.
Джейн. Қайдағы мүмкіндік?
Генри. Екі еселенген. Егерде, Генри Перкинс қол-аяғы байланып, Лондонда өлтірілген боп шықса, онда ол Барселонада шалқып өмір сүріп жүр деп ешкім ойламаса керек.
Джейн. Бұл біріншісі, ал екіншісі ше?
Генри. Әлгі «дипломаттың» шын иесі – Пысық мистердің мәйіті Темзадан табылса, онда Бізді ешкім іздей қоймас.
Джейн. Соны өлтірген адам іздеп келеді ғой.
Генри. Өмірі жаманшылық шақырасың да жүресің. Жарайды, қазір ең бастысы мына парақорды, әлгі Арчидың «інісін» шығарып салу керек. Қарай гөр, о сабазға жүз елу фунт жетпейді екен! «Дипломат» қайда? А, міне...
Телефон шырылдайды. Генри тұтқаны көтеріп, сөйлеседі.
Алло. Не дедіңіз? Кешіріңіз, түсінсем бұйырмасын. Ағылшыншаңыз аса мықты емес екен, ұқпай тұрм. Не дедіңіз? Алло, алло... (Тұтқаны қояды) Бір нәрсе деп тантиды. «Сима Дансик», «Сима Дансик», – дейді.
Джейн. Анау ғой.
Генри. Немене?
Джейн. Анаушы... «Дипломат».
Генри шошып кетеді.
Джейн. Әлгі әпенде шығар.
Генри. Кім?
Джейн. Пысықай мистердің қылтасын қиған қылмыскер ше?!
Генри. Сайтан алғыр. Ол Біздің телефонды қайдан біліп алған?
Джейн. «Дипломаттың» ішінен тапқан да.
Генри. Ол инспектор Слейтонда ғой.
Джейн. Оған дейін ше? «Дипломат» Пысықай мистердан әлгі қандықол қарақшыға өтеді. Ақша іздеген ол чемоданды ашып қалса... миллион жеті жүз елу мың емес, жартылай желінген бутерброд пен сенің телефон анықтамалығыңды тауып алады! (Өзіне коньяк құяды)
Генри. Дәл таптың. Тура солай болды...
Виктор кіріп келеді.
Виктор. Бампердің шаруасы шешілді. Енді, жүре берсеңіз болад.
Генри. Керемет. (Джейнге) Кеттік! Тез! («Дипломатын» алады)
Джейн. Кеттік! Қайда?
Генри. Құдай-ау, әуежайға да.
Джейн. Қазір ешқайда шыға алмаймыз.
Генри. Өйтіп, қателеспе.
Джейн. Ана парақорды қайтпексің? (Дэвенпорт кеткен жаққа нұсқап) Одан бұрын, екінші полицей мырза мені күтіп тұр. Мәйітханаға баруымыз керек.
Виктор. Қайдағы мәйітхана? Қайдағы екінші?..
Генри. Қойшы, сен. (Джейнге) Барселонаға ұшамыз деп келісіп ек қой. Қалай істесек екен, а?! Сен киіміңді ки, (Викторға ақша ұсынады) ал сен инспекторға жүз елу фунт бер, міне.
Виктор. Жиырма мың ұсынбақшы ең ғой.
Генри. О жақта жүз елудей жетпей тұрған. Бер де, сол құрғырдан құтылшы.
Джейн. Мәйітті тануға кім барады?
Виктор. Мәйіті несі?
Джейн. Пысықай мырзаның денесі Оңтүстік көпір маңындағы Темза өзенінен табылған екен. Аяғына жүк байлап, суға батырып өлтіріпті. Шүйденің екі жерінде оқтың орны бар екені анықталыпты.
Генри. Тағы да жаңалық таратуға кірістің бе? Виктор, анаған ақшасын бер де Беттиды қолтықтай салған күйі үйге тартыңдар. Және, бүгін үйімізге келмеңдер, Сендер Бізді, Біз Сендерді көрмедік.
Виктор. Не деп кеттің, дұрыстап түсіндірш...
Телефон шырылдайды. Генри мен Джейн орнында тұрып қалады.
Генри. (Викторға сыбырлай сөйлеп) Көтерме!
Виктор. (Ол да сыбырлап) Жолайын деген мен жоқ. Сен неге тұтқаны алмайсың?
Джейн. Анау ғой.
Виктор. Кім?
Генри. Анау ше?!
Виктор. Кім енді, айтсаңдаршы?!
Генри. Сима Дансик ше?
Виктор. Қандай Сима?
Джейн. Мистер Чемоданчик! «Дипломат», «дипломат»!
Виктор. (Түсінгендей болып) Е, Құдай! Телефон нөмірін қалай тапқан?
Генри. Бутербродім арқылы... (Телефон шырылы үзіледі)
Джейн. Ішім сезіп еді.
Кіреберіс есіктен Бетти көрінеді.
Бетти. Қайда жоғалып кеттіңдер? Билл сендерді күте-күте аласұрып жатыр. (Джейнге қарайды) Не боп қалды?
Виктор. Джейннің жүйкесі жүндей түтілген.
Генри. Удай мас!
Бетти. Жарылқай гөр бізді Жаратқан!
Тағы да телефон шырылдайды. Бетти тұтқаны көтереді.
Бетти. Алло?
Генри. Телефонға жолама, Бетти.
Бетти. Кешіріңіз, құлағым шалыс естіген болар? Сима Дансик?
Генри тұтқаны жұлып алып, орнына қояды.
Бетти. Генри! Бұның дөрекілік, енді.
Генри. Адам қанын суша шашқан ондай оңбағандармен қалайша қатал болмассың.
Бетти. Ол кім, тағы?
Джейн. Пысықай мырзаны өлтірген адам ғой, жаңағы.
Виктор. Мистер Сима Дансик.
Бетти. Кім, кім?
Генри. Мистер Чима-данчик та.
Бетти. (Енді ғана түсініп) Мәссаған!
Телефон қайта шырылдайды. Бәрі қазықша қақшиып қалады.
Джейн. Генри, ақшаны қайтарып берем деш.
Генри. Жанымды жәһаннамға жіберер. Жиырма мыңға кем ғой.
Джейн. Асықпай қайтарам де.
Генри. Асықпағаны қалай? Жиырма жыл бойы ма?
Виктор. Дұрыс айтады достым. Жағдай қиын. Бір өлік, екі полицей бар еді, енді соған Сима Дансик кеп қосылды.
Генри екіұдай күй кешіп, одан кейін тұтқаны көтереді де қоя салады.
Джейн. Генри!
Генри. Бұндай ғажап сәтті мүлт жіберсем ит боп кетейін.
Виктор. Бетти, Генриге сыйлығын бер. Кешкі асқа шақырып, қонақ еткендеріңе мың алғыс! Кеттік! (Кетіп қалады)
Генри. Бетти, кешір, бірақ сендер расында да үйге қайтсаңдар жөн болады.
Телефон қайта шырылдайды. Бәрі орындарында тұрып қалады. Дэвенпорт кіреді.
Дэвенпорт. Мистер Перкинс, сізден сұрайын дегенім, қайырымдылыққа деген қаржыны бермек ойыңыз бар ма, өзі?
Генри. Иә-иә, әлбетте! Қап! Анау алып кетті ғой! Күте тұрыңыз, қазір келем.
Виктордың артынан жүгіріп бара жатқанда Биллға соқтығып қалады.
Билл. Бүгін әуежайға барасыздар ма, жоқ па?
Генри. (Дэвенпортқа) Бұл Билл. Қалай, моторың жөнді істеп тұр ма?
Билл. Мотор жақсы, ал счетчик одан да күшті. Сонымен кім барады, сіз бен әйеліңіз бе, әлде қазір ғана көше кезіп кеткен әлгі әпенде ме?
Джейн. Ешкім бармайды.
Билл. Неге? Бұ қалай болғаны?
Генри. Барады, барады. Мистер мен миссис Браун.
Билл. Мистер мен миссис Браун?
Генри. Иә.
Билл. Кім олар?
Генри. Туыстарымыз.
Билл. Австралиядан келгендер ме? Сіз ше?
Генри. Жоқ! Сыртта күтіңіз.
Билл. Қанша күту керек, тағы?
Генри. Қанша қажет болса, сонша!
Билл. Осында таңды атыруға тағатым жетпес. Бес минуттан соң ешкім шықпаса, кете берем, болды жетер!
Генри. Мистер мен миссис Браундар қазір келеді. (Сөмкені беріп) Мынаны көлікке сала салыңыз.
Билл. Бұның бәрі солардың заты ма?
Генри. Иә-иә.
Билл. Туысқандарыңыз нудист болды ғой, шамасы. (Шығып кетеді)
Генри. Ұятсыз!
Дэвенпорт. Бірақ пәле жігіт екен. Өзіңіз ойлап қараңыз, екі адам кіп-кішкентай сөмке ғана алып, мұхит аспақшы, қызық қой. (Джейнге) Әлде, мистер және миссис Браундар шынында да нудист па екен, а?
Джейн. (Қалжыңмен қағытып) Иә, тыржалаңаш шешінгенде ғана.
Дэвенпорт. Бәсе, онда Генри екеуіңіз шетелге тайып тұра ма деген ой туған еді.
Генри. Біз ба?! Жоқ! Ешқайда бармаймыз. Бірақ мистер және миссис Браундар ұшады. Австралияға. Фермаға, қой-қозының ортасына оралады.
Дэвенпорт. Ол кісілер қайда? Әлгі туыстарыңыз?
Генри. Аделаида мен Перси ме?.. Қайдасы, несі?..
Бетти. Джейн әпкей, Австралиядан келген Аделаида мен болам, инспектор.
Джейн шошып, қашып кетеді. Қалғандары орнында тұрып қалады.
Генри. Күні бойы, осы. Кетем деп қатты қобалжып жүр, өзі.
Дэвенпорт. Иә, иә... А мистер Браун ше?
Көшеден Виктор кіреді.
Виктор. (Беттиге) Сені қанша күтуге болады, енді?
Бетти. Перси, қазір ғана сені сөз еткенбіз, қымбаттым.
Виктор. Мені?
Генри. Иә. Міне, мына джентльмен сен туралы сұрастырған.
Виктор. Неге?
Генри. Сенің мына жалпақ жаһанда бар екеніңе күмәнмен қараған еді.
Генри Виктордың қалтасынан ақша алып, Дэвенпортқа береді.
Генри. Болды, олқылықтың орны толды, сондықтан қош сау болыңыз!
Дэвенпорт. Осындай жақсы кісілермен таныссам рухани байып қалатыным бар.
Виктор. Бұныңыз бұлтартпас шындық.
Дэвенпорт. (Викторға) Қозыларыңыз сізді көріп қатты қуанатыр болар.
Бетти. (Артынан сөйлеп) Жолдан аман өтуіңізге... шын жүректен тілектеспін!
Дэвенпорт кетеді.
Генри. Кетті ғой, құтылдық па, әйтеуір!
Виктор. Шығып, қайта кірсем қалай қарайсыңдар? Не боп жатқанын түсініп тұрған жоқпын.
Генри. Түсінбейтін түгі жоқ. Бетти, мә байыңды алып кетші.
Виктор. Жын ұрып кетпей тұрғанда қайтайық, Бетти.
Джейн ақырын шығып бара жатады. Жүрісінде сенімсіздік бар. Қолында жамылғы.
Генри. Джейн! Мына түріңмен қайта бармақсың?
Джейн. Сүт пен аспирин алуға.
Бетти. Өзіне жаман ғой. Күнұзаққа аузы бір құрғамады!
Джейн. Сондықтан да тып-тыныш ұйықтай қалғым келіп тұр.
Генри. Джейн, сенде екі-ақ таңдау бар, бірақ екеуі де ұйқыға қатысы жоқ.
Джейн. Не нәрсе екен, ол сонша?
Генри. Біреуі Барселонаға, екіншісі полицей мырзамен мәйітті тануға бару!
Виктор. Мына үй не, жындыхана не, бәрібір.
Генри. Қайтшы бар Виктор, өтініш.
Джейн. Дұрыс. Қайтыңдар. Сонымен, туған күнді де тойлап болдық деңдер.
Бетти. Джейн, сен кеме ұқсап қалқып барасың ғой.
Джейн. Қазір, міне жағаға жетемін. (Отырып, үстіне жамылғысын жауып)
Генри. (Үстінен жұлып алып) Ұйқыңды Испанияда қандырасың.
Джейн. Өз үйім, өлең төсегім! (Кетеді)
Бетти. Джейн! (Артынан кетеді)
Виктор. Шамалауымша, әйелің бармайтын секілді.
Генри. Барады! Виктор, таксишы орнында тұр ма екен, көре салш.
Виктор. Жоқ. Бетти екеуміз ел аман, жұрт тынышта үйге кетелік.
Генри. Мен Беттиге шақырып келейін, ал сен әлгі Бен деген шопырға бар.
Виктор. Бен емес, Билл.
Генри. Одан ары. (Оны диванға отырғызып, тізесіне «дипломатты» қояды да ашады) Мә, елу фунтты қолына ұстат та, кетпесін де, оған.
Дэвенпорт кіреді.
Дэвенпорт. Мистер Перкинс, рұқсат па екен?
Генри «дипломаттың» аузын тарс етіп жабады да, жамылғыны өзінің және Виктордың үстіне лақтырады. Бастары ғана қылтиып тұр. Бұны көрген инспектор таң-ташама қалды.
Генри. Сіз тағы келдіңіз бе, инспектор?
Дэвенпорт. Иә...
Генри. Ал біз болсақ, отырмыз, міне... тынықсақ деген ой бар еді, рас қой Перси?
Виктор. Иә. Отырқ, жай әншейін... сапардың алдында... демалып дегендей...
Дэвенпорт. Жамылғының астында ма?...
Генри. Не бопты? Мүмкін біз мұздап... тоңып отырған шығармыз, а?
Дэвенпорт. Түсінікті. (Жымысқы жымиыспен жанына жайғасады)
Виктор. Не түсінікті? Не түсінікті? Маған ештеңе түсініксіз... еш-теңе...
Генри. Маған да. (Жамылғыны лақтырып жібереді) Сізге не қажет, инспектор?
Дэвенпорт. Анау таксист туралы айтайын дегенмін.
Генри. Бен жөнінде ме?
Виктор. Оның есімі Билл.
Генри. Маңызды емес. Не боп қалды, полицей мырза?
Дэвенпорт. Билл құйындай құйғытып кетіп қалды.
Генри. Кетіп қалды?
Дэвенпорт. «Әбден мазамды алды», – деді ғой.
Генри. Оңбағанды қарашы.
Дэвенпорт. (Викторға) Сөмкені көшеге қойып кетті.
Виктор. Қайдағы сөмке, тағы?
Дэвенпорт. Сенікі да?! Жолға арналған! Ішінде бумерангысы бар.
Виктор. (Көніп) А, иә, рас, рас.
Дэвенпорт. Саяхаттағанда көп жүк алмайды екенсіңдер. Сен де, әйелің де нудиссіңдер ғой.
Виктор. Кім, біз ба?
Дэвенпорт. Сондықтан, сөмкені алыңдар да, қозыларыңа менен сәлем айтыңдар.
Саусағын шошайтып, ерекше ескертеді де шығып кетеді.
Виктор. Қарғыс атқыр, неме.
Генри. Жап аузыңды, қажет деп тапса одан да қатты жазалар еді.
Виктор. Одан да қатты жазалар еді? Ол мені қызтеке деп қалды ғой, білемісің оны?!
Генри. Сенен пара сұрамағанына рахмет айт. Солай, міне. Болды. Енді, бұнда қалу бекершілік. Джейнді тауып алайын да, екеуміз артқы есіктен зып берейік. Ал, сен қатыныңды ал да үйіңе қайт. (Екеуі де кетеді)
ШЫМЫЛДЫҚ.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Дәл сол бөлме. Виктор мен Бетти кіріп келе жатады.
Виктор. Есіміз барда елімізді табайық. Бұл тек Генри мен әлгі қандықол қарашыға ғана қатысты.
Бетти. Сонша ішкені, несі, масқара? Дәл бұндай күйде бірінші рет көріп тұрм. Кесілген теректей құлады ғой, тегі.
Виктор. Қолынан коньякты жұлып алатын адамсың ғой, сен де.
Бетти. Ешкімді тыңдамайд.
Виктор. Есі ауысқан шығар!
Бетти. «Ешқайда ұшпайм», – дейд! Барселонаға да, ешқайда. Есерсоқ!
Виктор. Бірақ, мен Әдеп полициясына құстай ұшып барам.
Бетти. Әдеп полициясына ма?
Виктор. Иә да. Әлгі парақор полицей Генри екеуміз жамылғы жамылып отырғанда үстімізден түскені бар емес пе?!
Бетти. О, Құдай!
Генри. (Жүгіріп кіреді) Виктор! Көмектесіңдер. Қалғандарың қандай жақсы болған! Көліктің кілтін берш.
Виктор. Көліктің кілтін? Не үшін?
Генри. Әуежайға жетіп алуым керек. Сен әлі естімедің бе? Таксист баяғыда-ақ басын ала қашқан, жоқ, әне.
Виктор. Кілтті бере алмайды екем, сұрама. Қымбат тұрады, ол.
Генри. Бес мың!
Виктор. Он мың!
Генри. Осыдан екі апта бұрын ғана оның көлігін бес мыңға да алмаған еді.
Виктор. Бір-ақ күнде баға дегеніңіз шарықтап кетті ғой, достым!
Генри. Жарайды, жеті жарым мың.
Виктор. Келістік.
Генри «дипломатты» ашқысы келеді. Слейтон кіреді. Чемодан аузы тарс жабылады.
Слейтон. Кешірім сұрайм, бірақ сіз миссис Перкинс қазір шығады деп едіңіз...
Генри. Қазір, қазір инспектор. Ол әлі дайындалып жатыр. Әйелдерді білесіз ғой...
Слейтон. Жеделдетсеңізші, енді.
Бетти. Мен барып Джейн әпкейге айтып келейін.
Генри. Әрине, Аделаида! Ойың орынды!
Виктор. Аделаида?
Генри. (Сөзге екпін беріп) Аделаида!
Слейтон. Миссис Перкинстың туысы сіз болдыңыз ғой, сонда?
Бетти. Әлбетте, инспектор.
Виктор. Туысы?
Слейтон. Иә-иә, дұрыс қой. (Викторға) Ал, сіз қайнысы?
Виктор. Солай шығар, енді.
Бетти. Сөзсіз, инспектор, сөз-сіз. Бұл менің күйеуім, біз Австралиядан келдік. (Ақырындап шығып кетеді)
Слейтон. Сәйкестікті қара.
Виктор. Сіз де Австралиядансыз ба?
Генри. Мен де Австралияданмын. «Жер домалақ» деген, осы.
Виктор. (Таң қалып) Сенде ме?..
Генри. Енді естіп тұрмысың? Өй, мен де, әйелім де... австралиялықбыз ғой.
Виктор. Әйелің? А, иә, иә. Сенің жолдасың... Дж...
Генри. Женевьева!
Виктор. Айтып тұрм ғой, сол... Д... женевьева...
Генри. Перси ағамның... әйелінің әпкесін алған.
Виктор. Тоқта, тоқта... бір нәрсені анықтап алайық...
Генри. Кейін Перси, кейін. Одан да Аделаидаға барып көмектесіп келш.
Слейтон. (Генриге) Айтыңызшы, ол хабарды естіді ме?
Генри. Естіді, естіді. Айтқам. Бар, бар.
Виктор. Нені?
Слейтон. Генри Перкинс қайтыс болғаны туралы...
Виктор. (Пауза) Қайтыс болған? Қалай, сонда?
Слейтон. Сіз естірттім деп едіңіз ғой?
Генри. Айтқам... жартылай ғана. Бүге-шүгесіне дейін жеткізуді жөн санамадым. Генри ауыр жатқанын емеурінмен түсіндірген ем.
Слейтон. А-а... (Викторға) Оның өлі денесі Оңтүстік көпір маңынан табылған.
Виктор. Оңтүстік көпір... маңынан...
Слейтон. Темзада. Аяқ-қолы байлап, тапаншамен басынан екі рет атқан екен.
Виктор. (Енді ғана түсініп) А-а... аяқ-қолы байланған... басынан... екі рет... а-а...
Генри. Дәл солай.
Виктор. Халі неге нашарлап кеткен десем.
Генри. Түсінемісің Перси... Полиция оны Генри деп таныған себебі, жанында «дипломат» болған. (Слейтон ұстап тұрған «чемоданды» нұсқап)
Виктор. «Дипломат»?
Генри. «Дипломат». Бары сол, іс-қағаздар, телефон анықтамалығы мен жартылай желінген бутерброд.
Виктор. Әрине. Енді ұқтым. Сұмдық, сұмдық. Байқұс Джейн. Қайғырып, қара жамылып отырған шығар.
Генри. Енді ше?! Оңай емес қой.
Слейтон. Қуанышымызға орай, жанжарының жанында Генридың туысқаны бар боп шықты. (Генриды көрсетіп)
Виктор. Күйеуінің туысы мен ба деп жүрсем.
Генри. Сен де! Бірақ аталарың басқа. Сен оның әпкесі – Аделаида күйеуісің. Яғни, Джейнның жездесі. Ал, мен Генридың ағасымын. Демек, қайнысы болам. Джейннің екі жақыны ғана бар. Біріншісі – Перси, мына кісі, екіншісі – Фредди, мына мен.
Слейтон. Және, міне мына Арчи!
Генри. Иә... (Викторға) Шынымды айтсам, Арчи туралы ұмытып кетіппін...
Виктор. Арчиды ма?
Слейтон. Ол да Австралиядан келді ме?
Генри. Жоқ, о не дегеніңіз. Ол... Перси, ол қайдан еді?
Виктор. Қайсысы ед, Құдай-ау?! Қазір, қазір... Осындайда албасты басқандай еске ештеңе түспейтін әдеті. Ол... ол... Манчестерден!
Генри. Иә, Манчестерден. Бірақ ол маған Персиден жақын емес. Арчи сауда агенті, қай кезде көрсең де сапарда жүргені.
Слейтон. Түсінікті. Сапар деймісіз... содан кейін жақындық қайдан болсын!
Генри. Міне, Арчи қазір ғана кетіп қалды.
Виктор. Манчестерге жол тартты.
Генри. Ливерпульге емес пе-й?
Виктор. Жоқ, Манчестер.
Дэвенпорт. (Кіріп) Міне, мен де келдім.
Генри. Келдім? Қара гөр, бұны. Қара Перси, ол келіп алыпты.
Дэвенпорт. Имандай шыным, сендерді қалдырып, кете алмайтын сияқтымын.
Генри. Әрине. Сені түсінем. Айтшы, Перси.
Виктор. Жөн, жөн. Кеттім де қайта келдім. Сені күтпеп едік, Арчи?!
Дэвенпорт. (Күдікпен) Кешіріңіз, қалай дедіңіз?
Виктор. Арчи, біз сені күтпеп ек дейм.
Слейтон. Егер оралса, онда жақын-жуығың ғой.
Генри. Арчи! Сен мына бір джентльменді әлі танымай тұрсың-ау, шамасы.
Дэвенпорт. Жоқ, әлі.
Генри. Танысып қой, онда. Мистер Слейтон. Полициядан келді.
Дэвенпорт. (Сескеніп) Полициядан?
Слейтон. Иә, Оңтүстік округ.
Дэвенпорт. Оңтүстік... (Қолын ұсынады) Арчи Перкинс.
Генри. Менің үлкен ағам.
Дэвенпорт. (Күліп) Оның үлкен ағасы.
Генри. Әйелінің қайын ағасы. (Викторды нұсқап)
Дэвенпорт. Үлкен қайын ағасы.
Слейтон. Жөн екен, тұтас отбасы жинала қалды деңдер.
Генри. Солай, инспектор. Бірақ сен Арчи, бір жаққа бармақшы ең ғой.
Виктор. Иә. Манчестерге.
Дэвенпорт. Ол ойдан аяқастынан айнып қалдым да жандарыңда қалуды дұрыс деп шештім. Өйткені, бұ жер маған ұнады.
Генри. О, жоқ, жолыңнан қалма. Айтшы, Перси.
Виктор. Әрине, Фредди. Дұрыс айтасың.
Генри. Пойызға үлгеріп қал, Арчи, уақыт аз, бол, бол. Келесі бір келгеніңде кеткен шығынды толықтай өтерм.
Дэвенпорт. Шынымды айтсам, асығып тұрған мен жоқ... Фредди. Демалысқа шыққан адамның қолы қашан да бос қой.
Слейтон. Жерлеуіне де қатысатын шығар, иә?!
Дэвенпорт. (Қуанып) Кімді және қашан жерлемексіңдер, мырзалар?
Слейтон. А, сіз естімеген екенсіз ғой...
Дэвенпорт. Тарқатып ешкім айтқан жоқ. Ал, жалпы алғанда, жағдайға қанықпын.
Виктор. Соған қарағанда, Фредди Генри ауыр жатыр деген сияқты ғой, а?!
Генри. Онда тыңда Арчи, адам қуанатын жаңалық емес, білем. Сіздің Генриыңыз... өлді.
Дэвенпорт. (Ойнап) Мүмкін емес, мүмкін емес...
Виктор. Суға батырып өлтіріпті.
Слейтон. Иә. Бауырыңыз – Генри Перкинстың денесін Темзадағы Оңтүстік көпір маңынан тауыпты. Шүйдесінен екі рет атқан-ды. Сол себепті, мен миссис Перкинсты күтіп отырм. Мәйітті тану керек.
Генри. Не болғанын естідің, Арчи. Енді қалатын шығарсың?
Дэвенпорт. Міндетті түрде Фредди. Кетіп қалсам кешірілмес күнә болар.
Генри. Түсінікті. Сонымен. Онда былай, жігіттер. Қазір инспектор мен Джейнді мәйітханаға жіберейік те, Перси екеуің... жарықтық Генридың артынан қалған мұраның қанша бөлігіне иелік ететіндеріңді ойлана жүріңдер.
Дэвенпорт. Табылған ақыл, солай емес пе Перси?
Виктор. Айтпа...
Дэвенпорт. Кеттік бауырым. Анық-қанығына жету керек сияқты. (Кетеді)
Генри. Енді, мәйітхана мәселесін шешейік. Джейн!
Джейн. (Кіреді. Масаңдау) Не Джейн, не?
Генри. Өз-өзіңді қолға ал, сабыр сақта.
Джейн. Ұйықтайм, барып.
Слейтон. Ұйықтаймысыз?
Генри. Доғар, оныңды. Сен баруың керек... мәйітханаға... инспектормен...
Слейтон. Алдымен киімін ауыстырып алсын...
Джейн. Түкіргенім бар! Бармайм, ұйықтайм, инспектормен емес, аспирин... ішіп... (Кетеді)
Бетти. Джейн! Бұлай істеме... полиция ғой... (Артынан барады) Генриге обал ғой.
Джейн. Бәрібір! (Кетеді)
Генри. Джейн, қойшы, енді...
Ол да артынан бара жатқанда телефон шырылдайды. Генри орнында тұрып қалады да аппаратқа қарайды. Бірақ көтермейді.
Слейтон. Алсаңызшы, тұтқаны...
Генри. Нөмірді шатастырып алған...
Слейтон. Оны қайдан білесіз?
Генри. Даусынан-ақ біліп тұрм. Сенбеймісіз? Тексеріп көрсеңіз болады...
Слейтон. Алло?.. Кім керек, еді? Сима Дансик? Жоқ, жоқ, бұл жер емес. (Тұтқаны орнына қояды) Айтқаныңыз расқа шықты.
Генри. Білем ғой, мен. Инспектор, мен миссис Перкинсты шақырып келейік, ал сіз көшеде күте тұрыңыз. Қазір. Күтіңіз.
Слейтон. Иә, жылдамдатыңыз. Уақыт аз.
Генри. Инспектор, бізді кешіріңіз. Бірақ қазір оның ешнәрсеге зауқы жоқ... түсінесіз ғой, мистер...
Слейтон. Иә, әрине... Дәрігер шақыртсақ қайтеді?
Генри. Қажеті жоқ, инспектор. Онсыз да адам көп.
Слейтонды шығарып салғанда Виктор кіреді.
Виктор. Генри!
Генри. Генри Оңтүстік ауруханадағы моргта. Ал, мен Фреддимын.
Виктор. Құлақ асқан ешкім жоқ.
Генри. Жарайды, не болды?
Виктор. Генри, анаған жиырма мың қарыз боласың.
Генри. Жиырма?
Виктор. Иә. Он мың... Генри, Перси, Фредди мен Арчи жөнінде ауыз ашпас үшін...
Генри. Ұятсыз! Тағы бір оң мың ше?
Виктор. Бес-бес мыңнан әр қайсымыздан... ол алдындағы екеуміздің жамылғы астындағы тірлігімізді жалпақ жаһанға жария етпеуге уәде берді.
Генри. Бұл арсыздық. Сен үшін неге төлеуім керек?
Бетти ашуланып келе жатады.
Бетти. Генри, ол дәретханаға кіріп ап, шықпай отыр.
Виктор. Дұрыс айтқансың, бастан кеткен.
Бетти. Радионы қосып, бақыртып қойған... енді отыр, омалып.
Генри. Есерсоқ қой, есерсоқ. Алайда, алдымен, ана қомағайдан құтылайықшы. («Дипломатты» алып, есікті ашпақшы болады)
Слейтон. (Кіріп) Мистер Перкинс! Табан астында ой келгені.
Генри. (Лезде-ақ «дипломатты» тығады) Қандай?
Слейтон. Ол үшін миссис Перкинстың қажеті жоқ.
Генри. Не... анау үшін бе?
Слейтон. Мәйітті тану үшін да. Заң бойынша, егерде жолдасының физикалық әрі моральдік мұршасы болмаса, оның орнына туысқаны я жақын адамы бара алады. Мысалы, сіз!
Генри. Мен бе? Не деп тұрсыз, жүрегім шыдамайды.
Слейтон. Онда басқа бір туысы...
Бәрі бір-біріне қарайды да, бар назар Викторға ауады.
Виктор. Жоқ, жоқ, жоқ... Өтінбеңдер де. Қарамаңдар, маған!..
Генри. Перси, бұндай мүмкіндік мүлт жіберсең...
Виктор. Жоқ.
Генри. Неге?
Виктор. Бес минуттан соң Австралияға ұшамыз ғой.
Генри. Келесі рейске үлгересіңдер.
Виктор. Жоқ, жоқ. Әлгі мәйітті... Генри деп танып... қой...
Бетти. Перси! Ақысын аласың ғой. Келісе салсаңшы, нең кетеді?!.
Слейтон. Ақысы? Ол үшін ақша берілмейтінін алдын-ала ескертіп қояйын.
Генри. Бірақ Персидың осы ерлігі үшін сыйақы алуы мүмкін. Кейін соның арқасында қарызынан құтылып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ өмір сүрмек, инспектор.
Слейтон. Қайдағы қарыз, қайдағы ақша, ауруханаға дейін жетіп алса болды емес пе?!
Генри. Иә, дұрыс айтасыз мырза. Бірақ Австралиядан. Осы бір қиын мәселені оңашада отбасы талқысына салсақ деп ек, мистер. Бірақ ол барады.
Слейтон. Жарайды, бес минут қана күтем. Содан кейін мистер Браун көлігіме отырып, мәйітханаға барады. (Кетеді)
Генри. Виктор, өтінем, бара салш.
Виктор. Жоқ дегенді түсінемісің, өзі?!.
Бетти. Генри ақшасын төлейм деп тұр. Бара салш, дейм.
Генри. Қолма-қол. Қазір-ақ берем.
Бетти. Бар гәп қашан емес қанша беретініңде боп тұр ғой.
Генри. Он.
Бетти. Отыз.
Генри. Жиырма.
Виктор. Жиырма екі мың бес жүз...
Генри. Келістік. («Дипломатты» алады) Бетти, біз ақша санап болғанша, барып Джейнды тауып келш.
Бетти. Дәретханада қамалып отыр деп айттым ғой.
Генри. Есікті сындыра салсаңшы.
Бетти. Рас па? Қуана-қуана... Қазір... (Кетеді)
Дэвенпорт. (Кетіп бара жатып, шешімталдықпен) Енді, не? Шештіңдер ме? Онда ұзақ күтетін түрім бар.
Генри. Иә, иә. Бір дүниенің шешімін таба алмай жүрміз. (Викторға) Жиырма мың дедің бе? (Санайды)
Виктор. Бұны мен емес, ол айтты.
Дэвенпорт. Бәрібір.
Генри. Мінеки, ұстаңыз.
Дэвенпорт. Сізбен танысқаныма шын жүректен қуанып тұрм, мистер Перкинс. (Санап шығады)
Генри. Бүгін Жаһанда менен бақытты жан жоқ шығар-ау, сірә.
Дэвенпорт. Персиден естіп қалдым, Барселонаға бармақшы екенсіз ғой.
Генри. Оған артын қысып, тыныш жүргені жөн болар.
Дэвенпорт. Сіздерге Испания ұнайтынына кепілдік берем. Өз өлкеңізден айырма аз.
Генри. Ағылшындар көп пе, не?
Дэвенпорт. Жоқ, қаптаған алаяқ. Қош болыңыз, мырза-екем! (Жымиып, кетіп қалады)
Генри. Анда алаяқ, бұнда полиция. Қайсысы қауыпты екенін бір Құдай білсін?!
Виктор. Ал, маған ше?
Генри. А, иә-иә.
Виктор. Мәйітті танығаным үшін... жиырма екі мың бес жүз... және көлікке жеті мың бес жүз! Бас-аяғы отыз мың.
Генри. Білем... Бірақ, жандосыңа жәрдем еткенің үшін қалай ақша аласың?
Виктор. Енді сен маған дос емес, туыссың, ұмыттың ба?!
Генри. (Ақшаны санап береді) Кілтті, алып кел! Міне, ғажап! Ал, туысқан, инспектордың көлігіне отыр да мәйітханаға тарт.
Бетти Джейнді күштеп алып келеді. Әлгің қарсыласып әлек.
Джейн. Виктор, біліп қой. Сенің қатының деген... ваннаның есігін сындырды да қолын жүгіртіп мені әбден қорлады...
Генри. Кисеңші, киіміңді. Барселонаға барасың.
Джейн. Бра... се... бар... майм... Ай-та алмай да... қалыппын ғо...
Генри. Жақсы, онда былай қылайық... Жолда, Виктордың көлігінде киінерсің.
Джейн. Неге оның мәшінесінде?
Генри. Өйткені, отыз мың футты қалтасына басқан ол, өлікті тануға барады! Виктор сен әлі осындамысың? Не істеп жүрсің, өзі?
Виктор. Алдап-соқпағаныңды тексеру үшін қаржыны қайыра санап жүрм.
Джейн. Тамаша! Виктор – мүрдеханаға, Генри – Барселонаға... ал мен болсам, барып ұйықтайм.
Генри. Джейн, жарқыным, польтоңды кие қойшы, Құдай үшін.
Джейн. Неге мені ешкім естігісі жоқ?
Генри. Ұлы ойларыңды ұшақта айтшы, алтыным!
Генри. Түсінемісің, мен Барселонаны өмірбойы миссис Сима Дансик деген атпен адақтағым келмейді!
Генри. Болды, доғар, бұныңды. Жалғыз кетем. Сенсіз. Ұқтың ба?! Жал-ғыз!
Джейн. Ештеңе жоқ... со жақтан бір сеньораны табарсың да, түге...
Генри. Таппайтындай не бопты? Менімен кез келген келіншек Барселонаға барып, жанымда жүруге қуана-қуана келісед.
Джейн. Біреуінің болсын атын аташы, ал?
Генри. Мысалды мыңдап тауып берем!
Джейн. Біреуін ғана?
Бетти. (Қолын көтеріп) Бетти Джонсон!
Бәрі таңырқап Беттиге қарайды.
Виктор. Немене? Бұ қалай, сонда?..
Джейн. Бетти!..
Бетти. Иә, солай! Егер Генри мені Барселонаға алып барғысы келсе... еш қарсылығым жоқ.
Джейн. Генри, айт оған, көзін құртсын де, тез.
Генри. Сен кетесің... менімен... Барселонаға!
Бетти. Ұқтың ба, Виктор?
Виктор. Жоқ, әлі.
Джейн. Тоқтаңдар, мен ше?
Генри. Не сен? Ешқайда бармайм деп ең ғой. Бар да ұйқыңды қандыр. Кеттік Бетти.
Джейн. Тоқта... Тоқ-таңдар! Мен... Мен деген... бұнда қала алмайм... Өйткені... Ертең бұ жерге... ертең... әлгі қылмыскер келеді!..
Генри. М-м-м... сен менімен қайта танысқың келіп тұр ма, қалай?.. Не дерімді де білмей тұрм.
Бетти. Менде бір ой бар.
Джейн. Қандай?
Бетти. Сен Виктормен бірге тұрасың... Үйімізде...
Виктор. Тоқта...
Бетти. (Генриге) Күйеуімнің жанында жүрсең жаны жабырқамас.
Виктор. Тоқтат... тоқтат бұны...
Генри. Бетти, сен данышпансың! (Сүйеді)
Виктор. Әлі Барселонаға кете қойған жоқсыңдар. Сондықтан...
Генри. Қасымызда тұрғаның қандай күш-қуат беретінін білсең ғой, Виктор.
Виктор. Келісе алмайды екенмін!
Бетти. Қойшы енді, Виктор. Көзің ашық, көкірегің ояу еркексің!
Виктор. Иә, сондаймын...
Генри. Саған алғысым шексіз.
Виктор. Оқасы жоқ.
Бетти. (Викторға) Бар. Сені инсектор күтіп тұр, ал Генри екеумізді... Барселона!
Генри. Сенікі дұрыс! Қайтуымыз керек. («Дипломатты» алып, кетпекші болады) Бетти, төлқұжатың қалтаңда ма, еді?
Бетти. Жоқ, үйде.
Генри. Әуежайға бара жатып соғайық, онда.
Бетти. Жол-жөнекей Джейнді қалдыра кетелік. Олай болса, киін.
Билл келеді.
Билл. Қалай, дайынбысыңдар?
Генри. Сізді кетіп қалды деп еді ғой?
Билл. Кетіп қалғам. Кейін, көрсеткішімді көрсем... Онда отыз төрт фунт деп тұр. Әуежайға мистер және миссис Браундарды жеткізем ғой, сонда? Солай емес пе?!
Генри. Жоқ. Мені алып барасың.
Билл. Сізді ме?! Жарайды, кеттік, онда.
Генри. Жоқ, мен мистер Джонсонның көлігімен барам. Ал, сіз миссис Перкинсты жеткізіп салыңыз.
Билл. Әуежайға ма?
Генри. Жоқ. Клапхем Роуд мекен-жайына. Мисисс Джонсонстың үйіне.
Билл. Бір сәт. Сонда сіз әуежайға, ал жұбайыңыз Джонсонстың үйіне барады ғой?
Джейн. Иә, Билл. Осы күннен бастап сол үйде тұрам. Бетти, пижамаң қайда екенін айта қойшы, құрбым.
Бетти. О, не дегенің, мен онсыз-ақ ұйықтайм ғой.
Джейн. Рас па? Қызық екен. Генри, естідің бе? Шығынға батпайсың, ескер. (Кетеді)
Билл. (Беттиге) Миссис Перкинс екеуіңізді үйге жеткізіп салам. Солай ғой, иә.
Бетти. Жоқ. Біздің үйге миссис Перкинс қана барад. Ал, менің бағытым – Барселона!
Билл. Барселонаға ма?
Бетти. Иә!
Билл. А-а, түсіндім. (Викторға) Сіз де Барселонаға бармақшысыз ба?
Виктор. Жоқ. О жаққа жанжарымның жолы түсіп тұр. Мен мәйітхана кеттім.
Билл. Мәйітхана ма?!. (Генриге қарайды) Сіз ше?
Генри. Барселона!
Билл. Бөтен әйелмен бе?
Генри. Иә. (Сөмкені береді) Көлікке бар!
Билл. (Кетіп бара жатып) Бәрекелді. Жарайсындар. Бұл ащыналар айқасын қалайша өткізіп алғам.(Кетеді)
Генри. Болды, тарайық.
Бетти. Мен дайынмын!
Генри. Джейн, уақыт аз. Виктор, мүрдеханаға баратың болдың ба?
Бетти. Сол үшін де ақша алдың ғой.
Генри. Өте көп ақша... өте!
Виктор. Бар десеңдер барайын, онда. Әлемдегі әсем жердің бірі ғой.
Есік жақтан Слейтон көрінеді. Ашулы, қолында – «дипломат».
Слейтон. Тыңдаңыз, мистер Браун! (Паузадан соң) Мистер Браун...
Генри. (Викторға) Перси, инспектор саған сөйлеп тұр.
Виктор. Иә-иә. Құлағым сізде.
Слейтон. Мен сізге бес-ақ минут уақыт берген сияқты ем.
Виктор. Енді шығайын деп отырғам...
Слейтон. Ұзақ жиналады екенсіз. Болды, жетер. Мистер Браун, енді сізді күтуге мұршам жоқ.
Виктор. Міне, міне, шықтым.
Слейтон. Кеш. Қайын бикем қайда?
Виктор. Розалинда? Ол Эдинбургта... Не болды?
Бетти. Джейнды сұрап тұр.
Слейтон. Иә-иә, әпкеңіз Джейн туралы! Әлгі жесір-арақкеш туралы... менімен мәйітті тануға барам деп еді ғой, бара ма, бармай ма, өзі?
Виктор. Қажеті жоқ, инспектор. Мен барам. Мәйітті менен жақсы танитын адам жоқ.
Генри. Бұған қоса, мисисс Перкинс әлі дайын емес.
Слейтон. Онда шатағым жоқ. Барыңыз-дағы: «Инспектор күтіп тұр», – деп айтыңыз! Тездетсін!
Генри. Мына бір жерге отырыңызшы, мырза. Сіз үшін бүгін өте қиын күн болған секілді.
Слейтон. Отырмайм! Мисисс Перкинс екеуміз, моргқа баруымыз керек.
Генри. Шай құйып берейн деп ем...
Слейтон. Өзіңіз ішіңіз. Моргқа мисисс Перкинс қана барады. Өлі денені көріп, өкіріп жылағысы келсе, өз еркі! Әпкеңізге айтыңыз. Былай деңіз, егерде бес минуттан соң шықса, онда тұтқындайм. Айтқаным айтқан.
Виктор. Бірақ ол кісі аяғынан тұра алмай...
Слейтон. Жабыңызшы, аузыңызды! Одан да Австралияңызға кетіңіз. Қойларыңызға...
Ол шатастырып, басқа «дипломат» алып шығып кетеді.
Бетти. Басында өте сыпайы сияқты еді.
Генри. Виктор, артынан жүгір, ананың... мәйітханаға бармасам көліктен шықпайм де, тез. (Есіктен итеріп шығарып жібереді) Джейн, біз кеттік. (Беттиге) Төте жолмен тартамыз.
Джейн келеді. Жолға дайын тұр.
Генри. Құдайға шүкір, тіркеу-тізімдеуге дейін қырық бес минут бар.
Джейн. Тоқтаңдар. Бұнымыз әділетсіздік екен.
Генри. Қалайша?
Джейн. Ақшаны пышақ үстінен үлестіреміз, теңдей бөлеміз.
Генри. Қалайша?
Джейн. Оп-оңай. Жартысы сендерге, жартысы бізге. Елу де елу дегендей.
Бетти. Ұрлықы ақшаға жоламайтын боп ең ғой.
Джейн. Басында, солай еді. Екеуміз бірге барамыз дегенде. Ал, енді...
Бетти. Келісе алмайды екенмін.
Генри. Меніңше, кесімді шешім осы сияқты. Бөліссек бөліселік...
Бетти. Қалауың со болса, қарсылығым жоқ. Жылдамдатыңдаршы, бірақ. Ұшақтан қалып қоймайық!
Генри «дипломатты» ашады да бір сәтке тұрып қалады.
Генри. Мама! (Қайта қарайды да үнсіздіктен соң айқайлайды) Мама!
Джейн. О, Жаратқан!
Бетти. Не болды, Генри?
Генри. Бутерброд жейтін кім бар?
Бетти. Қайдағы бутерброд?
Генри. Ірімшікпен.
Джейн. (Шошып) Мына «дипломат» не, сенікі боп шықты ма?
Бетти. Не, не?.. Айтсаңдаршы?
Генри. Айтайын ба? Онда, тыңда... Сенің күйеуің... әлгі әпенде инспектормен бірге моргқа кетті... қолында «дипломат»... ал, сол «дипломаттың» ішінде... миллион жеті жүз елу мың фунт бар!
Бетти. Құдай-ай! Масқара.
Джейн. Соны ішім сезіп еді...
Билл кіреді.
Билл. Кешірім өтінем, ағайындар, сөмкені әуежайға ма, әлде мисисс Джонсонның үйіне алып бару керек пе? Әу бастағы ойдан айнымаған боларсыз?..
Джейн. Айнымадым...
Билл. Әуежайға ма, не Клапхем Роудқа ма екенін тағы бір анықтап алайын дегем ғой.
Генри. Бәрібір.
Билл. Қалай, бәрібір? Екеуі қаланың екі басында емес пе?!
Генри. Маңызды емес...
Билл. Мені жынды қылып бітетін шығарсыздар. (Беттиге) Сонымен, Барселонаға баратын боп толық шештіңіз бе? (Генриді нұсқап)
Бетти. Шатағыңыз болмасын.
Генри. Менде дүниенің байлығы бар еді... Барселона, Бермуд аралы, бар қатынды бартерге салу... енді қараңыз... басқа қоңған бақыт құсы ұшты да кетті... бәрі бітті. Баз қалпыма қайта түстім... Дүйсенбі жұмыс... қарғыс атқыр офиске тағы барам, тағы, тағы, тағы...
Джейн. Сабыр етш, Генри.
Бетти. Мен сонда Барселонаға бармайм ба не, а?
Аяқастынан телефон шырылдайды, бірақ оған қараған ешкім жоқ.
Билл. Телефон...
Генри. Керең емеспіз. (Жүгіріп барып, тұтқаны жұлқи алып, үнді акцентімен сөйлей бастайды) Бұл үнді... үй... ас үй... Тәж-Махал үйі... Үйге тамақ жеткізу... үнді үйіне тамақ... әртүрлі тамақ. Пури, Виндалу, Чипати, Бхаджи. Рахмет... сіз, рахмет...Бхай-бхай. (Телефонды тастай салады да орнына отырады)
Билл. Жынданып кетпесем жарар еді, Жаратқан.
Джейн. Бұл қайтадан әлгі қандықол қылмыскер ме?
Генри басын изейді.
Билл. Алло? Кім? Қателестіңіз. Бұнда Сима деген кісі жоқ!
Джейн. О, Тәңірім.
Билл. Бұл үйде мистер Перкинс тұрады. Мекен-жайы қандай?
Бәрі. Айтпа, айтпа! Керек емес! Тұтқаны қоя сал!
Билл. Элгар Авеню, №42.
Бетти тұтқаны қолынан жұлып алып, қоя салады.
Генри. Саудамыз бітті, ағайындар. Анау тұрғылықты жерді біліп алды... Енді, осында келед.
Бетти. Не дейсің, оған?
Генри. Не айтам, мен? Бар байлықтан айырылдық, ал ішінде миллион жеті жүз елу мың «дипломатыңыз» инспектор Слейтонда кетті дейм да.
Билл. Миллион жеті жүз елу... аз-маз сыйақыны қосқанда, отыз төрт, жоқ, отыз бес фунтымды берер ме екен?..
Генри. Қайдам.
Виктор кіреді.
Виктор. Генри!
Генри. Виктор?!
Бетти. Сені әлі кетпегенбісің?
Генри. Инспектор қайда?
Виктор. Далада.
Генри. «Дипломат» ше?
Виктор. «Дипломат»? Қандай «дипломат»?
Генри. Ақшасы бар «дипломат» ше?
Виктор. Міне. (Генридың «дипломатын» көрсетіп)
Генри. Менікі, бұл.
Виктор. Қайсысы сенікі? Ішінде бутерброды бар ма?
Генри. Иә. Ол шатастырып алып кетті.
Виктор. Міне, ғажап. Енді, амалын тауып алмастыру керек.
Генри. Қайда ол?
Виктор. Кім? Чемодан ба?
Генри. Жоқ, инспектор да.
Виктор. «Жедел жәрдем» шақырды.
Джейн. «Жедел жәрдем»?
Бетти. Не болды?
Виктор. Соны айтайын деп келіп ем ғой, әлгі полицей мырза көлігімен артқа жүрем деп машинаңызды соқты.
Билл. Немене?
Виктор. Сіздің көлігіңіз сенікіне соқтығып, ол барып қарсыдағы адамды қақты...
Билл. Бүгін өзі сұмдық күн болды, сұмдық. (Жүгірген бойы шығып кетеді)
Генри. Амалын таппасақ бар ақшаны Слейтон басып, ал жиырма минутқа жетпей осы жерге ана жендет кеп, бәріміз тұп-тура моргқа бір-ақ барамыз.
Виктор. Ол адресті адаспай таба ала ма екен?
Бетти. Иә.
Виктор. Жептегені сол еді. Қашан?
Генри. Төрт минут, үш секунд бұрын ғана. Қаймақ жеген құтылып, қазан жалаған тұтылды деген осы ғой... Қазір-ақ жетіп келеді, жендетің.
Слейтон кіріп келеді. «Дипломатсыз». Сұсты.
Слейтон. «Жедел жәрдем» шақырдым, сондықтан күтуге мәжбүрмін. Мисисс Перкинс үйде аптечкаңыз бар ма?
Джейн. Бар.
Слейтон. Жақсы болды. Алып келіңізші.
Генри Викторға «дипломат» көлікте, соны барып алып кел дегенді емеурінмен білдіреді.
Виктор. Аделаида, ойлан, мүмкін Австралияға қайтармыз?
Бетти. Иә, Перси, қой-қозы не боп жатыр екен, ал қош-сау тұрыңдар.
Слейтон. Орындарыңнан қозғалмаңдар. Мистер Браун қылмыс жасалған жерден кетпейді. (Викторға) Ал сіз куәгер боласыз.
Виктор. Қайтпасақ қайтпайық, қалауыңыз білсін...
Генри. Қалайша қайтпаймыз, қалайша? Ұшаққа үлгермей қалсаңдар ше?
Слейтон. Сіз неге күйіп-пісіп тұрсыз, мырзам?
Генри. Қалай күйіп-піспейсің, инспектор?.. Ана жерде... Сонау бір Австралиядағы қойлары төлдеп жатқанда... Айтшы, Перси.
Джейн. (Кіріп) Мінеки, ұстаңыз.
Слейтон. Рахмет, сізге. (Аптечканы алады да шығып кетеді)
Генри. Енді не істейміз?
Виктор. Жендет желкені үзбей тұрғанда таю керек.
Джейн. Генри екеуміз қайда қашамыз?!
Бетти. Виктор! Оларды жанымызға алып алсақ қайтеді?!
Виктор. Есің дұрыс па, өзі?
Бетти. Кешкі асқа күркетауық, балмұздақ пен салат бар...
Виктор. Тоқта, тоқта. Барселонаға бармаймысың, сонда?
Слейтон кіреді. Қолында «дипломат» бар. Өңі өрт сөндіргендей.
Джейн. (Қуанып) Инспектор!.. Қалай, жаңалық бар ма?
Слейтон. Адам қаққаннан қиын нәрсе жоқ екен, жігіттер.
Генри. Айттым ғой, бүгін сіз үшін ауыр күн деп.
Слейтон оны көзімен ішіп-жеп барады.
Генри. Болды, түсіндім. Негізі, мен егер мүмкіндік болса сізге кө...
Слейтон. Жоқ, көмектесе алмайсыз.
Генри Викторға екінші «дипломатты» алып, инспектордың артынан айналып келсін дегенді екеурінмен білдіріп әлек.
Виктор. Бүгін мәйітханаға жете алатыныңызға сенімдімісіз?
Слейтон. Сенімдімін. Мисисс Перкинс, дәрігер әлгі кісіні толық тексеріп болған соң ғана шығамыз.
Джейн. Айтсаңыз болды, инспектор. Әлденіп алыңызшы. Бүгінгі күннің қарбаласы сізді қатты шаршатты.
Ол Слейтонға бір рөмке коньяк пен конфет ұсынады. Слейтон екіойлы. Джейн жымияды.
Джейн. Мистер Слейтон, отбасымыздың қайғысына ортақтаса отыра, ұстамды, әділ әрі қамқор бола алғаныңыз үшін алғысымыз шексіз...
Слейтон қолындағы стақанды алып, «дипломатын» жерге қояды. Қағып салады. Виктор екі чемоданды алмастырып үлгереді.
Слейтон. Ұстамды болам деп уақыттан ұмылғаным-ай.
Джейн. Отбасым бұ ерлігіңізді есінен шығармайды, инспектор.
Генри. Сізбен бірге барып, со бейбаққа жәрдемдессем қалай болар екен?
Слейтон. Қажеті жоқ. Орындарыңнан қозғалмаңдар. («Дипломатын» алып, шығып кетеді)
Генри. Құдайға шүкір! Қаржы қалтада қалды. («Дипломатты» кеудесіне басады)
Виктор. Джейн, сен данасың!
Джейн. Коньяк ішке барған соң, бас та мықты істей бастайтынға ұқсайды.
Бетти. Барселонаны көре алатыныма сене алмай тұрм. (Генриды бетінен сүйеді)
Виктор. Бетти!
Генри. Иә, арманың орындалатын болды, алтыным.
Джейн. Генри. Мен өзім үшін маңызды шешім қабылдадым.
Генри. Қандай?
Джейн. Мен де барам!
Генри. Рас па? Қалайша? Бетти, сен қарсы емес шығарсың?
Бетти. Өзі білсін...
Виктор. Тұра тұр, тұра тұр! Мен қайтпекпін, сонда?
Генри. Саған инспектор Дэвенпорт... бала-шағасы бар адамның ойын бұзғаның үшін шара қолданады. Қалжың айтам! Былай, онда. Джейн барады екен, сен де қосыл. Тездетсең жөн болар ед. Өйткені, ана Сима Дансик... қылмыскерді айтам, осында келмей тұрып кетейік.
Есік қоңырауы шырылдайды. Бәрі қорқып тұрып қалады. Дэвенпорт кіреді.
Дэвенпорт. Кеш жарық!
Генри. О, Жаратқан!
Виктор. Сізді Манчестерде екен десек...
Бетти. Бәріміз сөйтіп ойладық.
Дэвенпорт. Жуық арадағы пойыз түнгі сағат он екіде бір-ақ жүреді екен. Оған дейін туыстармен тағы бір жолығып, сол жақтан келген бетім ғой.
Генри. Рахмет сізге, бірақ бар қиындықты қисынын тауып шешіп жүрміз.
Дэвенпорт. Солай ма?! Жол апаты ше? Үйдің жанындағы жағдайды айтам...
Бетти. Оған алаңдамаңыз, амалын таптық.
Дэвенпорт. Көшеде кетіп бара жатқан кісі басып кеткен сіз екенсіз ғой?
Виктор. Менің еш кінәм жоқ.
Дэвенпорт. Айыптының бәрі осылай дейд. Уайымдамаңыз. Әлгі адам аман-сау. Басын ұстаған күйі далада отыр.
Бетти. Оған да шүкір!
Генри. Сіз берген ақпардың еш мән-маңызы жоқ. Қолыңызға мың фунт ұстатсам жететін болар?..
Дэвенпорт. Мистер Перкинс, маған мынандай бір ой келді. Айына төлегендей нәрсе ғой, бұл... Одан да мені жұмысқа алсаңызшы.
Генри. Сонда, қалай?
Дэвенпорт. Барселонаға бірге барайық.
Бетти. Барселонаға? Жоқ, жоқ, ондайды айта көрмеңіз.
Джейн. Сіз о жаққа кім ретінде бармақшысыз?
Дэвенпорт. Сендерге сенімді күзетші керек. Ал, ондай қалада алаяқ пен ұры көп!
Генри. Иә, Лондоннан гөрі...
Виктор. Бастығыңыз жұмыстан жібере ме?
Дэвенпорт. Бастық деймісіз? Ол мені бір күн көрмесе қуанад. Күзет фирмасын со жақтан-ақ ашуға болады ғой.
Джейн. Бұныңыз ақыл екен, Генри. Адамдар артыңыздан қуса ше?!
Генри. Жарайды, келістік. Төлқұжатыңыз өзіңізде ма?
Дэвенпорт. Со да сөз боп па, менде оның бірнешеуі бар.
Генри. Тамаша. Слейтон Джейнды іздеп келмей тұрғанда артқы есіктен шығып кетелік.
Бетти. Кеттік, кеттік.
Дэвенпорт. Мистер Браунның көлігіне сыйамыз ба?
Виктор. Сиямыз, сиямыз.
Генри. Айтпақшы, бұл енді мистер Браунның машинасы емес, менікі. Және бағасы өте қымбат.
Билл кіріп келеді. Қолында – сөмке. Артынша есікті жабады.
Билл. Мистер Перкинс!
Джейн. Құдай-ау, бұ сұмдық қашан бітер екен?!
Бетти. Қазір тіркелуге үлгермей қаламыз!
Генри. Не болды, Бэн?
Бәрі. Оның аты – Билл!
Билл. Екеуміз ғана артқы есіктен шығайық!
Генри. Қалай екеуміз?
Билл. Сізбер бірге барам деп шештім.
Виктор. Қай жаққа?
Билл. Барселонаға да.
Бетти. Барселонаға біреу бал жағып қойған ба, қалай? О жақта не бар?
Генри. Ақша да, баяғы.
Билл. Не бопты? Сыртқа сыр шашпасын деп бәрінің аузын алдыңыз, мен сонда тоқалдан тудым ба?!
Генри. Жақында ғана күзетші жалдап қойып ем.
Билл. Оған таксист пен бақташыны қосыңыз.
Джейн. Сізді бойдақ екен десем...
Билл. Үйленгенм. Бірақ ол мені Барселонадан ешқашанда таппас.
Дэвенпорт. Біз енді алтау болдық.
Билл. Өте, жақсы. Бір топ туристке жеңілдік бар шығар?!
Дэвенпорт. Айтпағым ол емес. Бір машинаға сыймаймыз ғой.
Генри. Расында да. Былай, істейік. (Биллға) Сізге елу фунт берейін. Таксимен барыңыз.
Ол «дипломаттың» ішінен кірпіш алып шығады да береді. Үнсіз сахна.
Билл. Қаққан қазықтай қақшидыңдар да қалдыңдар ғой. Жолға шығайық.
Виктор. Қайда?
Билл. Барселонаға!
Генри. Сіз әлі түсінген жоқпысыз, Билл. Ақшаны ана алаяқ – инспектор Слейтон үптеп кетті. Түксіз қалдық, түксіз.
Билл. Түсінбей тұрған мына сіз. «Дипломаттағы» бар қаржыны сөмкеге салып үлгергем.
Билл сөмкені ашып, ақшаны жерге төгеді. Пауза. Ақшаны адамдарға атып ойнайды. Қаржыға қарық болған олар, дән риза.
ШЫМЫЛДЫҚ.
Орысшадан аударған: Әлібек БАЙБОЛ
Бөлісу: