Көк байрақ биік болсын!

Бөлісу:

01.12.2018 21224

Мемлекеттің тәуелсіздігінің символы ретінде танылатын рәміздердің бірі – байрақ. Қолданысқа еніп, дамып-жетілу тарихы тым арығы кететін байрақтың бүгінгі көрінісі – ту. Байрақ, ту – мәндес, ұғымдар. Ашық аспанда нұрын төккен шұғылалы күннің астында қанатын кере қалықтаған қыран бейнеленген Қазақстанның туына қатысты «көк байрақ», «көк ту» деген тіркестер қатар қолданылып жүр.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді», - деп атап көрсеткен болатын. 2007 жылдың 4-маусымында қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы Конституциялық Заңының бірінші тарауы, бірінші бабында: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы - 1:2», - делінген. Сондай-ақ ҚР Мемлекеттік Туын қолдану, орналастыру т.б. қатысты рәсім, әрекеттердің барлығы заңмен бекітілген.

Біз мақаламызда байраққа қатысты аз-кем тоқталуды жөн көрдік. Ту мен байрақ – егіз ұғым дегенімізбен, байрақтың туға қарағанда анағұрлым ерте пайда болғандығын және бүгінгі күні маңызы мен пішіні ту мен жалауға айналғандығын көреміз.

Қазақ хандығының туы

Жалау – түркі халықтарының жауға шапқан кезде матадан қиып дулығаға, иыққа т.б. таққан арнайы айырым белгілері. Бұл кейіннен еуропалықтарға ауысып, погондағы, жеңдегі т.б. түрлі-түсті жапсырмаға айналған. Жалауға тағылатын мата – көзге айқын, ашық түсті болуы шарт.

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екемiз.

Жалаулы найза жанға алып,

Жау қашырар ма екемiз! –

деп Ақтамберді батыр-жырау жырлағанындай, көшпелі елдің батырлары найзасының тамағына қоңырау байлапты. Бұл – қарсыластың мысын басып, үрейлендірудің және қарулас, қанаттастарына дем берудің бір тәсілі болған. Ал мұндағы жалаулы найза – анық айырым белгі сипаты.

Жалаулы найза ұстаған қыпшақ жауынгерлері

Ту байлау. Қазақ жауынгерлері шайқасқа кірер алдында аттарының кекіліне өздеріне тән шүберек белгі тағу арқылы қарбалас майданда өз адамдарын ажырататын болған. Ақтамберді жыраудың келесі бір толғауында:

Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айғайлап, -

деп келетіні бар. Бұл – алдыңғы «жалаулы найзаны» көтергенге дейінгі жасалатын рәсім. Көшпелілер ұғымында ту немесе байрақ – аса қастерлі атрибуттар. Осыған орай «ту тігу», «ту байлау», «байрақ көтеру», «ту ұстаушы», «байрақшы», «ту жығу» т.б. қалыптасқан. Ту байлау – жорықшы көшпелілердің шабуылға айырым белгісі деуге болады. Ондық, жүздік, мыңдық, түменге бөлінген көшпелілердің жасағы немесе ауыр қолы мидай араласқан қым-қуыт шайқаста өз адамдарын жалаулы найзасынан, өзге де айырым белгісінен ажырататын болған.

Ту тігу – ел шетіне жау келгенде немесе елдің ішінде қандай бір бүліншілік басталғанда елдің бас көтерерлері – көсемдердің, батырлар мен билердің қалың бұқараны бір тудың астына ұрандап жинауы. Мұның мысалын біз Иса Дәукебаевтың «Бекболат» дастанынан көреміз:

Бекболат Жайылмысқа қылды зорлық,

Қорыққан соң ту тіккен жерде болдық.

«Ту тігілді» деген хабар құлағына тие салысымен, бес қаруын сай»лап атқа қонған көшпелі жауынгерлер тез арада сол тудың астынан табылатын болған. «Тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда болайық» деген серттің бір ұшы да осы ту тігуге байланысты кесім.

«Туын жығу» немесе «туы жығылу» – көшпелілер үшін жаман ырым. Туы жығылған қарсылас жақтың құты ақшып, жеңіліс таппақ.

Аштарханнан ақырса,

Атаңа нәлет қалмақтың

Алтын туы жығылған (Мұрат Мөңкеұлы).

Қарсыластың туын жығып, өз туын тігу – күні кешегі зор шайқастың барлығында да жеңістің басты сипаты болған еді ғой. Гитлершіл Германияның басты ордасы Рейхстаг төбесіне ту тігуге деген кеңес жауынгерлерінің ұмтылысы – бұған мысал.

Туын жығу немесе туы жығылу – жеке адам тұрғысында сағын сындыру, рухы түсу мағынасында қолданылғанын көреміз. Күш-қайраты кемімей, жалындаған жас шағында өмірден өткен інісі Оспан туралы Абайдың:

Жайнаған туың жығылмай,

Жақсы өліпсің, япырмай! –

деп айтатыны бар еді ғой. Бір қарағанда, байрақ пен тудың қолданыстық сипаты бірдей болғанымен, байрақтың тотемдік сипатпен өрілген ежелгі қолданысын біз өзімізге таныс жыр-дастандардан аңғарамыз. Әйгілі Сүйінбай ақын былай демей ме:

Бөрілі байрақ астында –

Бөгеліп көрген жан емен!

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен!

Бөрілі байрақты сырық сапқа қасқырдың басы орнатылған «ту» деп түсінуімізге болады. Ежелгі замандағы байрақтың құрылымы осылай болғаны анық. Бертін келе, яғни мата жасау, матаға сурет салу игерілген кезде бөрі немесе басқа да жан-жануарлар мен құстардың бейнесі салынған тулар қолданысқа енді.

Бөрілі байрақ

Көк түрік, тіпті одан да бағзы бабалардың өздері киелі санаған көк бөрінің басын байрақ етіп жауға шапқандағы көңіл-күй ауаны Сүйімбай Аронұлының жырында көрініс тапқан:

Бөрілі найза ұстаса,

Түйремей кеткен жан емен!

Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен!

Жау тисе жапан далада,

Бөрілі найза аламыз,

«Қарасайлап!» шабамыз,

Қызыл қанға батамыз.

Бөрілі байрақ астында,

Ту түсіріп, жау алған,

Қазыбек, Қастек атамыз...

Бөрілі байрақ – қалың қолдың намысын қайрап, жігерін жанитын қастерлі де киелі зат. Сондықтан да ақын:

Бөрі басы — ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым! –

деп байрақтың жауынгерлік рухты көтеру, жеңіске жетудегі маңызын әйгілеп отыр. Ту көтерілгенде түбінен табылу туралы жоғарыда айтқан болатынбыз. Осы ретте ту мен байрақ сөздеріне қатысты ойымызды да бере кетуді жөн көрдік. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, «ту» деген сөздің өзі жылқыға қатысты. Мұнда да байраққа қатысты айтылған тотемдік сипат жатқаны анық. Түркі-монғол тілдеріндегі «ту», «туғ» деген қолданыстар осыны меңзейді. «Ту» сөзінің жылқыға қатыстылығын түркі (қазақ) тліндегі «туғар» немесе «туар» қолданысымен дәйектеуге болатын сияқты. Себебі, кейбір өңірлерде «туар» – жылқы сөзінің баламасы ретінде қолданылады. Жылқышы, Жылқыбай т.б. адам есімдерін атамау үшін келіндерінің жылқы орнына «туар» сөзін қолданатыны күні бүгінге дейін бар. Оның себебі: «туардың» бағзыда жылқы сөзімен мәндес болғандығында. Еуразияның күретамыры Жібек жолы бойында ерте замандарда жылқы айырбас сауданың бірлігі қызметін атқарғандығы, «тауар» немесе «товар» сөзі осыдан шыққанын ғұлама ақын Олжас Сүлейменов «АзиЯ» кітабында жазған болатын.

«Байрақ» сөзінің де түркі текті екеніне талас жоқ. Байрақ сөзінің нақты бір мағынасы жоқ болса да, мұны тіліміздің мүмкіндігіне, қолданыстағы сөздерге байланыстыра өз нұсқамызды айтуды жөн көрдік. Шығыс қазақтарында «байырқалау» деген етістік бар. Бұл бір орында, әлдененің маңына үйірілу, кідірістеу деген мағына береді. Оралхан Бөкей шығармаларында «сонырқалау», «байырқалау» сияқты қолданыстар жиі кездеседі. Сөзінің төркіні бір, тағдыры тамырлас монғол тілінде «бай», «байыр», «байырлық» – нысан, орын, орналасу деген ұғымдар бар. Осыларды салғастыра келгенде – байрақтың – «айналасына үйірілетін орын, нысан» деген қолданыстық мақсаты айқындалатын сияқты. Байрақтың әу бастағы мақсаты да – кең алапта соғысып жүрген жауынгерлерді шайқас барысына байланысты қалай басқару, қолды айналасына жинау емес пе еді. Алтынорда тұсында хан қазынасына жиналған салықты тасып әкеле жатқан керуен де арнайы байрақты қолданғаны орыс дереккөздерінде айтылады. Байрақтың тарихы – қазақ рулары мен тайпаларының сан қилы тағдырды бастан кеше отырып, біртұтас ел болып бірігуінің тарихы деген болар едік.

Ел намысы сарапқа салынар байрақты бәсекелерде, елдігіміз сынға түсер сындарлы шақтарда күн астында қыран қалықтаған көк аспан түстес байрағымыз әрдайым биік болғай!

Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар