Жүргейсіңдер еске алып, махаббат боп лаулаған, пайғамбар аттас ақынды
Бөлісу:
Жүсіп Қыдыров өзінің ақындық сапарының алғашқы кезеңінде ойнақы да назды өлеңдерімен көзге түсіп еді. Кейінгі жылдары жас ақынның жырындағы бұрынғы ойнақылық салмақтылыққа, кешегі ерке наз байыпты ойларға ауысты. Үстірт қараған көзге күні кеше сынаптай сусып төгіліп тұрған жырлар жазатын жас ақынның кенеттен аяғын шабан алатын, алыстан орағытып, қиырдағыны қозғайтын соны жолдары салмақтылық емес, салқындық, ал жас жүректің махаббат, табиғат, туған жер, туған ұя жайлы қалтқысыз сырларын естіп қалған құлаққа жер мен космос, адам мен қоғам, алыс Африкадағы негр баласының толғанысы, Куба дастарқанының қуанышы жайлы әңгіме қозғау әшейін тақырыпқұмарлық көрінуі мүмкін. Өлеңнің тілін талғампаз оқушы ұғары хақ; бірақ талғампаздық – тарпаңдық, үйреншіктіден өзгеге құлақ қайшылайтын үркектік емес, ең алдымен ақынды, ақынның айтқанын ұғып алуға тырысатын, ол айтқанына қосылып-қосылмауды сосын барып ойланатын салауаттылық. Жүсіп Қыдыров өлеңдері де тақылдақ жолдарға таңдай қағатын ұрымталға ұғымтал ұрыншақ оқушыларға емес, өлең жолына ойланып тоқтауға уақыты, мұршасы бар оқушыларға арналған. Қыдыров өмірдің өзіндей өлеңнің тілі де – парасат деп ұғады. Ол қазіргі адамның моральдық бейнесіндегі бүкіл қоғаммен, бүкіл адамзат тағдырымен мұраттас, мақсаттас болу құбылысын өлеңнің де түп мазмұны деп түсінеді. Адамдардың рухани дүниесіндегі осы бір құбылыс өз тұрпат, өз ырғағымен көрінер соны жол іздейді. Оның мұндай жақсы ниеті әдебиеттегі жалған жаңашылдық, формализм, түрмен қызықтыратын түлкі бұлтаң сияқты кеселді дерттерден аулақ. Өйткені Жүсіп Қыдыровтың қазақ өлеңдерінің белгілі конондарынан ауытқыған «Космос пернелері», «Ананас», «Энрико қарттың әңгімесі», «Тыныштық» сияқты шығармаларының қай-қайсысы да елеулі мәселелерге арналған. Жас ақын үлкен оқиғалар мен үлкен құбылыстар төңірегінде толғанып, өз жүрегінде туындаған адамзат қоғамы, оның болашағы жайлы күдігі мен үмітін ортаға салуды мақсат тұтқан. Мұндай үлкен мақсат түршілдік сияқты жеңілтектікпен ешбір қоңсы қона алмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Жүсіп Қыдыров өлеңде арзан жалтылдақ әшекейге, бос лепірме сөзге қарсы; ол өлеңнің сыртымен арбағысы келетін сырдаң сылқым мінезбен емес, шын қуаныш, шын қайғы, шын сырымен көрінетін парасатты мінезбен көрінгенін қалайды. Жырдың жалтылдақ, қылтың-сылтыңсыз салмақты, ұстамды болуын мақсұт тұтады. Жас ақынның бұл талабына негізінен қосыла отыра айтар аз ғана ескертпеміз де бар. Өлеңдегі жаңалықтың мақсаты қашан да – ойға жомарттық, сөзге сараңдық. Жүсіптің үлкен әлеуметтік тақырыптағы өлеңдерінде көп ой айтам деп көп сөйлеп қою, кеңінен қозғаймын деп керексіз жәйттерге де ұрыну, етек-жеңін жинай алмай қалу бар. Жүсіп Қыдыров көбіне монолог үрдісін сүйеді. Монолог қашан да кісі жүрегін қан жылатқан, адамның ойын ойрандап, сезімін шырқ үйірімге салған үлкен рухани арпалыстың арынды үні болса ғана құлақты арбап, көңілді қозғайды. Монолог үшін шарпысқан сезім, айқасқан рух, шиыршық атқан ішкі драматизм керек. Онысыз әншейін құрғақ сөзге айналады. Құрғақ сөзуарлықтың қызыл-ала жалтылдақтықтан артықшылығы шамалы. Жүсіп өз монологтарын көбіне-көп дүниенің өзек күйдірер құбылыстарына құрғанмен, бәр-бәр ретте сол ішкі драматизмді жеріне жете ширықтыра алмай жүр. Сол сияқты, жас ақынның артық бояудан қашам деп, өлеңнің бедерсіз қалмауына қам жасағаны да дұрыс сияқты. Жүсіп Қыдыровтың жырлап отырған тақырыптарында бір-біріне шұғыла қосып жатқан үндес, әуендес бояулар емес, қиғаш дүние, қиғаш шындықтардың кереғар кескіндерін ашатын контраст бояулар көбірек қажет. Қашанда солғын, бұлдыр бояулар емес, бесенеден белгілі қанықты бояулар контраст туғызады. Жүсіп әлі де болса өз бояуларын қанықтыра түскені жөн.
«Таңғы сәттің» лирикалық геройы – кең әлемге кергімей, елегізіп, елеңдеп қарайтын, жан дүниесі таңғы ауадай тап-таза, адал көріп, адал сөйлейтін абзал мінездің адамы. Ол дүниедегі көп құбылыс, көп жәйтті дұрыс көріп, дұрыс ұғады. Көргені мен ұққанын еш бүкпесіз ортаға алады. Оның ойлары адалдығымен, тап-таза пәктігімен ұнайды. Оның көп ойы құлақ естіп, көкірек болжамаған жаңалық емес. Көп ретте ойыңа кіріп шықпаған соныны айтқанымен емес, сенің де көкірегіңде көптен жүргенді дөп басқанымен ұнайды. Бірақ өмірдің көзіне тура қарайтын өлең оның талай соны сырларын ашатыны, оқушыға соны ойлар ұсынатыны даусыз. Ол үшін ақынға үлкен рухани елгезектік, азаматтық сергектік, соныға құштарлық керек. «Таңғы сәтті» оқи отыра Жүсіп Қыдыровтың бойында сол аталмыш мінездердің қай-қайсысының да бар екеніне көзіміз жетті.
Әбіш Кекілбаев
Жүсіп – біздің жас поэзиямыздың ауыр батареясының жауынгерлерінің бірі. Оның туындыларының түрі де, арқалаған жүгі де ауыр, өзі де ауыр қозғалады. Ол халқымыздың бүгіні мен болашағына, өткеніне зер салып, өзінше жырлап, өзінше ойланады. Бабадан қалған құмыраның сынықтарын құрап, халқының қажетіне жарарлық бұйым жасап шығаруға талпынады. Жүсіпті өз замандастарының тірлік-харакеті, дәуірдің, Жер деп аталатын үлкен планетаның тағдыры ойландырады.
Жүсіптің «Құмыра сынықтарының жыры», «Алтынкүрек» деп аталған екі бөлімді «Нұр жаусын саған» жыр жинағы – ақынның бүкіл өмірін керек ететін үлкен бір істің беташары іспеттес. Мұндағы «Құмыра сынықтарының жырының» өзі еліміздің тарихы жөніндегі үлкен бір дастанның фрагменттері десе де болғандай. Үлкен тарихи тақырып осы қалпында қалып қойса, өкінішті-ақ. Үстіміздегі жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Запырангүл» дастаны осы тарих шежіресінің заңды жалғасы іспеттес. Осыған қарағанда, біз Жүсіптен үлкен толғаныс, үлкен іс үстінде жүрген ақынды аңғарамыз. Алдына қойған игілікті ісін қалай аяқтап шығарын уақыт көрсетер, әзірге байқағанымыз – Жүсіп дәуірді де, дәуірдің адамдарын да өз лексиконында сөйлете алатын тілге бай, ойға жомарт ақын.
Мұқағали Мақатаев
«Ақын» деген онсыз да абыройлы, сыйымды сөздің алдына «қабілетті», «талапты», «дарынды», «талантты» тәрізді әр түрлі анықтауыштарды қоюдың өзі артық емес пе?! Мұндай-мұндай асыл қасиеті жоқ адам өлең жаза алушы ма еді?! Жаза қалғанның өзінде, ұйқастыра білгеннің бәрі бірдей ақын ба?! Жоқ, ақынның жөні бір бөлек! Жазғыштар көп болғанмен, ақындар аз. Өте аз... Ал, сол аздың ішіне Жүсіп Қыдыров кіреді. Ол – ақын. Қаламдас қатар-құрбыларының арасында оқшау тұрған дарын. «Тұңғыш кітап», «Жұлдыздарға жол», «Нұр жаусын саған», «Сәуір лебі», «Шынарым, шырайлым», «Гүлхайыр», «Жанартау жүрек», «Гүл ашқан шақ», «Жайсаң жаз», (таңдамалы), «Жібек жел» сияқты он шақты кітаптың авторы. Өнімді ақын. Жүсіп Қыдыров өзінің «Тұңғыш кітабында» ауыз әдебиеті медресесінің дарынды шәкіртіндей әдемі әсер қалдырса, «Жанартау жүрекке» шейінгі өлең жинақтарында әлемдік әдеби колледждің саналы студенті сияқты, сыпайы интеллектуал болып көрінетін. «Жұлдыздарға жол» деген тақырыптың астында прелюдия, «Элена – Қарлығаш» деген тақырыптың астында «патетикалық поэма-концерт», «Іңкәрімнің» астында «диптих», «Қасіреттің» астында «портреттер», Қалибек Қуанышбаевтың жанында «анфас, профиль», «Шырайлымның» жанында «панорама» секілді қосымша анықтамалар жүретін. Осының бәрі еріккеннің ермегі емес, іздену еді. Әділін айту керек: Жүсіп Қыдыров көп ізденді. Музыкалық аспаптардың бәрінде дерлік ойнап көрді. Қайсысынан қандай дыбыс үйренді? Не тапты? Немесе, не жоғалтты? Мұның өзі жеке әңгіме, ұзақ қисса. Қаламдас ақындардың шаруасы емес, әдебиет зерттеушілердің объектісі. Бірақ олар ұйқыларын аша алмай жүр... Ал Жүсіп Қыдыров әлі іздену үстінде. Ақынның кезекті соңғы кітабы – «Жібек желде» де писарь Жүсіпті көресіз. Әрине, баяғыдағыдай бала барлаушымен емес, тәжірибелі аға барлаушымен танысқандай боласыз.
...Басқаларын айтып жатпағанның өзінде, жақсы ақынның бойында негізгі-негізгі екі қасиет болуға тиіс. Оның бірі – іздену. Ал ізденген адам ауылдан біраз ұзап кетеді. Кейде, тіпті, адасады. Екінші – араға әжептәуір жылдар салып ауыз әдебиеті атты ақ әженің ыстық құшағына, қазақы қара домбыраға қайта оралу. «Жібек желдің» авторында осы екі қасиеттің екеуі де бар.
Қадыр Мырза Әли
Көктем келдi,
Өмiр келдi жерлерге жан баспаған,
Қанат бiттi қалықтар алғаш маған.
Күндiз-түнi тыңдаймын әндi аспаннан.
Көктедi қаулап көңiлiм,
Салтанатым, шеруiм.
Көктем келдi,
Жасаумен безендiрiп Күн даланы,
Махаббаттай алаулап гүл жанады.
Ынтығым бәйшешектей ырғалады,
Сен боп дiнiм, сенiмiм –
Салтанатым, шеруiм.
Көктем келдi,
Құлпырдым лебiзiңнен, әзiлiңнен,
Дүние жаралғандай нәзiк үннен.
Қара қас қарлығашым көзi күлген.
Таусылмас ұзақ өмiрiм,
Салтанатым, шеруiм.
Көктем келдi –
Сен келдiң!
Сағынысқан шағаладай
Қанат жайып мен ұштым саған қарай,
Қанат жайып сен ұштың маған қарай,
Сыйлаған маған сенi кiм,
Салтанатым, шеруiм?!
* * *
Тарқатшы бұрымыңды, тоты құсым,
Ұнайды маған солай отырысың.
Айналдым мен керiлген қабағыңнан,
Жүректi көздеп атқан жанарыңнан.
Тарқатшы маған айтып сен мұңыңды,
Аялап мәпелейiн мен гүлiмдi.
Айналдым тал бойыңнан, тал шыбығым,
Көктемде сөнбейтiн боп жаншы, Күнiм.
Тарқатшы буған-түйген ашуыңды,
Маған-ақ тасташы сол жасыныңды.
Айналдым әзiлiңнен, әдебiңнен,
Ғашықтық, сен осындай әдемi ме ең?!
Тарқатшы бұлтың болса көңiлiңде,
Мөп-мөлдiр көргiм келер сенi күнде.
Айналдым күлуiңнен, қылығыңнан,
Айналдым тарқатылған бұрымыңнан.
Тарқатшы, тарқат бәрiн, тоты құсым,
Керемет сенiң осы отырысың!
* * *
Мен сенсiз қалай күн көрем,
Ойлаймын сенi күнде мен,
Ойлаймын сенi түнде мен,
Мұңымды айтам кiмге мен
Жан адам көрiп-бiлмеген?
Мен сенсiз қалай күн көргем?
Мен сенсiз қалай күн көрем?
Жоқ болсаң, жаным, қасымда:
Көктемге мынау сенбеймiн,
Жолдарды жасыл көрмеймiн.
Адыра қалған көлдеймiн.
Ағылып келiп, аңғардан
Соға алмай қалған желдеймiн,
Мен сенсiз қалай күн көрем?!
Жоқ болсаң, жаным, қасымда:
Ағарып таңым атпайды,
Бұлағым ойнап ақпайды,
Аспаным шақпақ жақпайды,
Тауларға бiткен сәмбi тал
Тамшыдан моншақ тақпайды.
Мен сенсiз қалай күн көрем?!
Жоқ болсаң, жаным, қасымда:
Жет бетi гүлiн ашпайды,
Жұпарын маған шашпайды,
Тарылып көңiл, таспайды.
Қиянға барар созылып
Қырлардан жолым аспайды.
Мен сенсiз қалай күн көрем?!
Мен сенсiз қалай күн көрем,
Жадымда жүрсiң күнде сен,
Жадымда жүрсiң түнде сен,
Күн болып мен де күлмес ем,
Су болып жерге сiңбес ем,
Құм болып, нуды бiлмес ем,
Тау болып, таққа мiнбес ем,
Мен сенсiз қалай күн кешем?!
Қасымда жүршi, ғашығым,
Жер басып маған жүр десең.
* * *
Қос терек бар терезеңнiң алдында,
Соны екеуiмiз деп сен кейде қалдың ба?
Бiлем оны, бiлемiн сол көктемнен,
Күндерiмнен сенi iздеп көп келген.
Бiрi сендей – көз тояр ма көргенде-ей!
Екiншiсi – науша келген дәл мендей.
Сағыныштың судыратып қанатын,
Сыбырласып, сиқырлы әнге салатын.
Тыңдаушы едiм құлақ тосып әрдайым,
Желкенiмдi желпiп ойнап жел-уайым.
Содан берi мұңдас, сырлас менiмен,
Домбыраның iшегiндей керiлген.
Қазiр келiп бiр құдiрет: «Қос өмiр!
Адам болма, басқа боп ту!»– десе бiр,
Сағынышы мың жапырақ – желек боп,
Шығар едiк екi жасыл терек боп.
* * *
Жел бесiктей әлдилейтiн менiң iңкәр жанымды,
Желпуiштей желпитұғын сенiң сұлу жаныңды –
Бiз қосылып айтатұғын әндердi бiз сағындық,
Бiз қосылып айтатұғын әндер бiздi сағынды.
Ағаш бiткен мөлдiр мұздан алқа-моншақ тағынды,
Көк жазира кешегi – ендi ақ көрпенi жамылды.
Бiз екеуiмiз қыдыратын бауларды бiз сағындық,
Бiз екеуiмiз қыдыратын баулар бiздi сағынды.
Сен де жалғыз қарсы аласың ерте оянған таңыңды,
Мен де жалғыз қарсы аламын ерте оянып таңымды.
Қол ұстасып жүретұғын жолдарды бiз сағындық,
Кiлем болып төселетiн жолдар бiздi сағынды.
Асқар таудан ағатұғын балбұлақтай ағынды,
Лебiнен жер балқыған жанартаудай жалынды.
Бiз екеуiмiз аймаласар сөздердi бiз сағындық,
Бiз екеуiмiз аймаласар сөздер бiздi сағынды.
* * *
Неге кенет күрсiндiң?
(Сен күрсiнсең – қала ма ес!)
Ұшығы ма бiр сырдың,
Айтылмаған маған еш.
Мен бiле алмай әуремiн,
Үндемейсiң тiс жарып.
Мына ғұмыр – дәуренiм
Кеткендей ме қысқарып.
Неге өкiндiң уһiлеп,
Арман еттiң сен ненi?
Қырық қабырғам күтiрлеп,
Жан қысылып терледi.
Таусылды ғой амалым,
Таба алмадым себебiн.
Өзiм күйiп-жанамын,
Оны өзiмнен көремiн.
Махаббатсыз өлер ер,
Басқасына көнер ер.
Тiрлiк етiп не керек,
Мен күрсiнтсем сенi егер.
Неге оқыста күрсiндiң,
Толы едiм – ортамын.
Айтылмайтын бiр сырдың
Лебi ме деп қорқамын.
Мен отырмын жалғаннан
Аза бойым қаза боп.
Сыр айтпасаң сен маған,
Одан артық жаза жоқ.
* * *
Арман емес сақал-шашың ағарған,
Арман емес алтын көмбе таба алған.
Сағыныштың жасын төгiп жанардан,
Арман емес ел, жер көрiп оралған.
Аппақ таңда соңғы iз кесiп сонардан,
Ақ түлкiге ғашық болу – сол арман!
Маңдайыңда сор болмаса бес елi,
Шын махаббат соқпай кетпес деседi.
Сонда сенiң ойың, бойың өседi,
Құлазыған жер құлпырып кешегi.
Аппақ таңда соны iз кесiп сонардан,
Күйiп-жанып ғашық болу – сол арман.
Ғашықтықтың шарапаты ғажайып,
Ей, ақындар, соны әдемi жазайық!
Ғашық болсаң түн түнегi азайып,
Шыға келер жаның кiрден тазарып.
Аппақ таңда соны iз кесiп сонардан,
Өлiп-өшiп ғашық болу – сол арман.
Ғашық болсаң тарқамайды базарың,
Көтересiң не бiр түрiн жазаның.
Риза болып аттанасың өмiрден,
Бүгiн келiп қалса дағы ажалың.
Сүйдiм сенi, сүйдiм сендей әлемдi,
Армансызбын,
Армансызбын мен ендi!
* * *
От жанарың күндей болып ашылған,
Қара шашың ақ төсекте шашылған.
Мен отырмын тоймай қарап жүзіңе,
Осы дәурен өтпесе екен басымнан.
Жолаушы едім аңсап күткен жол таңын,
Сол таңым боп ұшырастың, шолпаным.
Құшағымнан отырмасам шығармай,
Сенен мәңгі айырылам деп қорқамын.
Сен бітпейтін нұры болдың көзімнің,
Сен бітпейтін көзі болдың сезімнің.
Айлар бойы, жылдар бойы өзіңді
Мен аймалап отыруға әзірмін.
От ерінің қызыл гүлдей ашылған,
Қара шашың ақ төсекке шашылған.
Мен отырмын тоймай қарап жүзіңе,
Осы дәурен кетпесе екен басымнан,
Осы дәурен өтпесе екен басымнан.
* * *
Сұлулыққа құмартпайтын бар ма адам,
Оны көрсе, мылқау жүрек сарнаған.
Желөкпелер желіп өтіп қасыңнан,
Сүймесе де, саған өлең арнаған.
Сүймесе де, саған өлең арнаған,
Сүйемін деп сені, өзін алдаған.
Сендей өртті менше сүйер жасқанбай,
Айтшы өзің, бұл фәниде бар ма адам?
Айтшы өзің, бұл фәниде бар ма адам
Тапқанынша Сені – тыным алмаған:
Мен бе екенмін Сені іздеп құс қанатты,
Ат тұяғы жетпес жерге бармаған?!
Жырға қоспай тұра алады сені кім,
Ерлігі жоқ сабаздардың көбінің.
Бір көргенде өлең арнап жазғанмен,
Мына мендей арнай алмас өмірін.
Бөлісу: