Қуандық Шамахайұлы. Ол редакцияның «жедел жәрдемі» еді

Бөлісу:

10.12.2018 5300

Оқу бітірген соң Моңғол еліндегі ең жас, жаңа қала саналатын Эрдэнэттің газетінде тілші-әдеби қызметкер болып еңбек етіп жүргенмін. Әке-шешем, іні-қарындастарыммен бірге тұрамын. Салт бас сабау қамшы кезім. Ол тұста газет қызметкерлерінің қайда барып, нендей қызмет атқаратынын Орталық комитет пен журналистер одағы бірлесіп шешетін. 1984 жылы күзде мені аяқ астынан Баян-Өлгий аймағының «Жаңа өмір» газетіне моңғолша шығарылымының редакторы етіп, ауыстырып жіберді.

Бастапқыда екіұдай күйде болдым. Басым жас болған соң Эрдэнэт секілді әсем қаланы қимаймын. Баян-Өлгий кір жуып, кіндік кескен туған жерім болғанымен, өскен ортам емес. Оның үстіне елдің қиыр шетіндегі алыс өлке. Орталықтың өркениетінен алыс жергілікті орынға ауысу ол тұста бәрі бір кері кету секілді көрінетін. Әр елдің астанасы мен орталық аумағы қашан да «пристижный» саналатыны заңдылық қой.

Алайда, орталық комитет пен журналистер одағы менің былқылдап-сылқылдауымды көтермейтіндерін ашық айтты. Әміршіл-әкімгерлік жүйе тұсында 18 аймақта жарыққа шығатын барлық жергілікті газетті орталық комитет үнемі бақылауда ұстайтын. Ал, «Жаңа өмір» газеті қазақ тілінде шығарылады. Оның моңғол тілінде шығатын қосымшасының редакторы болып, бір ойрат ақсақал істейтін. Орталық комитеттің идеология бөліміндегілердің айтуларына қарағанда, ол кісінің моңғолша құраған сөйлемдерінің өзін түсіну қиын көрінеді. Өмір бойы қазақтар ортасында жүрген адам аты моңғол демесең заты қазақ болып кеткенге ұқсайды.

Расында, газеттің моңғолша шығарылымы қазақшадан жолма жол аударылатындықтан, оны өзге ұлт өкілінің ұғуының өзі қиындау екен. Негізі, ол шығарылым әу баста Баян-Өлгийдегі аз ұлттар саналатын ұранқай, дөрбет, туваларға арналған болса керек. Кейін олардың өзі бәрі жаппай қазақша оқитын оқырманға айналып кеткен. Бірақ, орталықтағы идеология бөлімі газетті бақылап отыру үшін моңғол шығарылымы маңызды болған. Оның сыртында, Баян-Өлгийдегі ойрат текті зиялылар тарапынан да «Жаңа өмірдің» моңғолша шығарылымының сапасын арттыру талап-тілегі көбейген.

Сонымен, туып өскен ел-жеріме араға жиырмадай жыл салып оралдым. Эрдэнэттегі газетпен салыстырғанда, редакция ірі әрі өзінің жеке баспаханасы бар, кезекті сандардың шығу жиілігі де, таралымы да әлдеқайда ірі. Бас редактордан бастап, редакцияның барлық журналистері дерлік елуді еңсерген үлкен кісілер. Небәрі 24 жастағы ең кішісі өзім болып шыға келдім. Олардың арасындағы ең жастауы, менен бір мүшелден астам үлкендігі бар Қабдай Мысаханұлы деген ағай екеуіміз бір-бірімізді жақын тартып, лезде достасып кеттік.

Мінезі ашық, әзілқой әрі суырып салма шешендігі де бар Қабдай аға жүрген жерін күлкіге қарық қылатын редакциядағы сыйлы жандардың бірі болып шықты. Әзіл-қалжың айтқанда өңі-түсін салып, салмақты-салиқалы кейіпке еніп алады да, жеріне жеткізіп шенейді, бірауыз сөзбен сарт еткізеді. Естіген жұрт ішек-сілесі қатып, көздерінен жас аққанша күліп жатады. Ал, өзі міз бақпастан, сәл ғана езу тарта салады.

Алғаш жүздескен бетте маған былай деп шын сырын айтқаны бар:

-Қуандық-ей, сенің келгеніңе өзгені қайдам, мен өте қуанып жүрмін!

-Неге? – демін мен.

-Бұл редакцияда бұрын ең жасы мен едім. Енді, сенсің. Мына шалдар «адамның кішісі болғанша, иттің күшігі бол» деп, қит етсе, араққа жұмсайды. Енді, мен есейдім. Артымнан ерген сендей інім бар. Мә, міне, ақшасы! Дүкенге жүгіріп барып әкел де, жауапты хатшының кабинетіне апарып бер. Онда, Мақаң деген жазушы ағаң келіп отыр. Тез жеткізіп бермесең, ол шалдың мінезі шатақ, жеті атаңды желдей көшіреді – дейді.

Айтқанын екі еткен жоқпын. Содан бастап, анда-санда ағалардың арағын таситын болдым. Оның да жақсы тұстары көп еді. Зейнеткерлікке шыққан бұрынғы редакторлар, журналистер араға айлар салып редакцияға келіп-кетіп тұрады. Жұмыстың соңын ала өздері отырып әңгіме-дүкен құрады. Неше түрлі қызықты хикаяларды, тартымды әңгімелерді сол жерде құлақтың құрышын қандыра тыңдауға болады. Былай қарағанда нағыз өмір мектебі іспетті еді. Сондықтан да, Қабдай ағаның жүктеген миссиясын еш қиындықсыз атқарып, ағалардың тартымды әңгімелеріне құлақ түретінмін.

Қабдай аға көрші кабинетте отырады. Екеуіміз жиі араласамыз. Ол кісіні жақын тартатын себебім, әңгімені майын тамызып айтатыны, орнын тауып қалжыңдай алатыны, телегей-теңіз білімділігі және қазақтың байырғы мақал-мәтелдерін, шешендік сөздерін мүдірмей жатқа соғатындығы еді. Өз басым жат ортада өсіп, есейген, ана тіліме шорқақтау жан болған соң ұлтымның құндылықтарына қатты шөліркеген болсам керек. Қабдай ағаның әр сөзі маған майша жағады әрі тіл мен тарихтан дәріс тыңдайтын ол кісінің тілалғыш шәкіртіндей едім.

Қабекеңнің негізгі мамандығы тарихшы болғандықтан болар, ел-жердің арғы-бергі жайынан мағлұматы өте мол болатын. Мақала жазғанда да, үнемі шынайы нақты деректерге сүйеніп, танымдық мәнін арттыра түсетін. Бірақ, дерек атаулыны жай ғана шұбыртып тізбектей бермейді. Орнын тауып ойната білетін. Сонысымен де оқуға жеңіл әрі тартымды бола түсетін. Сол себептен де, мен моңғол шығарылымына көбінесе Қабдай ағаның очерк, эсселерін аударып енгізетінмін. Оны байқаған кейбір ағаларым:

- Қуандық сен, Қабдайдың жеке аудармашысы емессің ғой, өзгелердің мақалаларына да назар аударсаңшы! – деп, ескерту жасап жататын.

Бірақ, шын мәнінде редакциядағы өнімді әрі жедел жазатын бірегей тілшінің өзі айналып келгенде осы Қабдай аға ғана болатын.

Қазақ тіліндегі «Жаңа өмірдің» кесте бойынша шығуының сыртында, кейде жедел дайындалатын арнаулы сандары да болып тұратын. Сонымен қатар орталықтың және аймақтық партия комитетінің кезекті пленумдары мен әкімшіліктің сессиялар материалдары жаппай моңғол тілінде келеді. Оны дереу қазақшаға аударып, газетке жариялау керек. Ондай кезде газет редакциясының жүктемесі арта түседі. Бас редактор Яки Ілиясұлы, орынбасары Шынай Рақметұлынан бастап, Елеусіз Мұқамәдиұлы, Қабдай аға бәрі ондай шұғыл тұстарда редакцияда түнеп шығуға мәжбүр болатын.

Қуандық Шамахайұлы, Кәкей Жаңжұңұлы, Қабдай Мысаханұлы

Қазіргі жастар үшін түсініксіздеу болуы мүмкін. Ол тұста газет уақытынан бір сәт кешіксе, редакцияның басына әңгір таяқ ойнайды. Газет басылып тарап кеткеннен кейін де кең тыныстап демалмайсың. Таратылған әр сандарды қолына қызыл қалам алып, барлық сөз-сөйлемін сүзгіден өткізіп, қарап отыратын аймақтық идеология бөлімі деген бар. Олар бір қате тапса, дереу шу көтеріледі. Бүкіл редакцияны комитетке қойша иіріп апарып, бюро жиналысына салады.

Газет мәтіндері қазіргідей компьютерде емес, линотип деген қорғасын терімі бар машинада немесе арнайы кассада шашылып жатқан әріптер қолмен теріледі. Әріп терушілер әрине, баспа өндірісінің жұмысшылары. Қате деген өріп жүреді. Бірін түзетсең екіншісінен қате кетеді. Баспахананың әріп терушілері деген шетінен тілді-ауызды мінездері шатақ, жүйкелері жұқарған адамдар. Тілші, әдеби қызметкерлерге өлердей өш болып келеді. Қит етсе салғыласып, ұрысыса кетуге даяр тұрады. Корректор дегендер бар. Олардың да мінездері оңып тұрған жоқ. Сәл бірдеме десең, түтіп жеуге даяр тұрады. Олар керек десең, бастықты да, басқаны пысқырмайды.

Бірақ, солардың бәрінің тілдерін табатын ең шебер дипломат Қабдай аға ғана. Әріп терушілерді де, корректорларды да күлкіге қарық қылып, орынды әзіл-қалжыңымен мәз қылып, шаруаны реттеп жібереді. Мұны жақсы білетін бас редактор да сын сағаттарда кезекші редактор етіп Қабдай ағаны тағайындап қоятын.

Редакцияның тапсырмасымен алыс ауылдарға іссапармен жиі шығып тұрамыз. Аймақтық радионың тілшілерімен, орталық баспасөз өкілдерімен бірге Қабдай ағаны ортаға алып, ауыл-аймақ аралау да бір керемет серуен іспетті болушы еді. Ұзақ жолды қысқарту үшін не бір қызықты әңгімелер айтылады, жарасымды әзіл-қалжың өз алдына бір төбе.

Жергілікті өңір басшыларының арасында Қабдай ағаны танымайтындары өте сирек. Бірі «ұстазым» десе, енді, бірі жарыққа шыққан мақалаларына разы болғандарын айтып, арқа-жарқа болып жатқаны. Ол кісінің арқасында қой сойдырып, бірқатар шаңырақтың құтты қонағы да болып қаламыз.

Осындай іссапарлардан оралғанда біз мақаламызды «әне бастаймын, міне бастаймынмен» деп жүргенде, Қабекең баяғыда жазып жариялатып қоятын. Баспахана мен редакция арасында құстай ұшып-қонып жүріп қалай үлгеретіндігіне таң қалатынбыз. Шаруа шашетектен көбейіп, қысылтаяң сәт туғанда бас редактордың да, баспахана мастерінің де аузына түсетін Қабекең болатын. «Қабдай, макетке мақала жетпей тұр», «Қабдай, бетке бір мақала керек» - десіп, өзге тілшілерден бұрын бәрі алдымен ағамызды іздеп шарқ ұрып жүргені.

Ондай сәтте қабақ шытатын Қабекең жоқ. Отыра қалып, белгілеу дәптерін ашады да, маржандай әдемі жазуымен мөлдіретін жазып бере қояды. Оны Шынай ағам машинкаға да бастырмастан, үстінен бір қарап өтіп, қол қояды да теруге жібереді. Осындай сәттің бәрінде қасынан табылатындықтан редакция басшылары оны «жедел жәрдем» деп атап кеткен болатын. Расында, Қабдай аға редакцияның қиналған сәтінде қасынан табыла кететін шын жедел жәрдемі еді.

Мақала жазамын деп бапталып отырмай іске дереу кіретіндігінен шығар, редакциядағы ең қомақты қаламақы да Қабдай ағаның еншісінде болатын. Айлық жалақысы кейде қаламақы есебінен бас редактордың да, баспахана директоры еңбекақысынан асып кететін тұстары болып тұратын.

Қабдай Мысаханұлы

Бірде баспахананың бас есепшісі қалжыңдап:

- Қаламақы қорындағы барлық ақша саған кетіп жатыр ғой, Қабдай! Азырақ жазып, өзгелерге де тиын-тебен қалдырсаңшы – дегенде:

-Менің он балам, бір әйелім бар. Мен соларға шақтап жазып жүрмін. Сен қайта соған разы бол. Егер менің екі әйелім, жиырма балам болғанда қайтер едің? – деп, жұртты ду күлдіргені бар.

Осылай сөз тауып, қалжыңға сүйегені болмаса, арып-ашып жүрген Қабекең жоқ. Үнемі сәнді киініп, бұйра шашын жылтыратып тарап алып, үсті-басына бір тал қылшық жұқтырмай тап-таза, тіп-тік жүретін сері кісі еді.

Ұжымдық отырыстарда, мереке-мейрам дастархандарында нағыз ойын-тойдың гүлі болатын. Қазақтың қара өлеңінің мақамына салып әндетіп, тойда отырғандарға арнап, достық әзілді табан астында суырып салып, риясыз күлкіге қарық қып, мәз ететін. Көңіліміз көтеріліп, бір жасап қалатынбыз. Табаны күректей он жыл бірге қызмет еткенде Қабдай ағаның біреумен жүз шайысқанын, тіпті, қабағы түйіліп ренжігенін көрмеппін. Үлкенмен де, кішімен де орнын тауып қалжыңдасып, айналасына үнемі шат күлкі сыйлап жүретін қайран аға кезекті еңбек демалысына кеткен кезде редакцияда мүлгіген тыныштық орнап, мұңға батып қалғандай сезілетін.

Бірде газеттен қате кетіп шу болды. Бәрімізді аймақтық партия комитетіне жиналысқа шақырды. Қате болғанда да жай бірдеме емес. Аймақтың бірінші хатшысының аты қате жазылып кеткен. «Құрметбек» деген аты не қара басқанын қайдам, «Құретбек» деп жазылып кеткен.

Идеология бөліміндегілер бәрімізді ала көздерімен атып салқын қарсы алды. Бюро жиналысы өтіп жатқан залдың есігінің алдына апарып күттіріп қойды. Сәлден соң шұбыртып бәрімізді енгізді. Жаппай үрейліміз. Бас редактордың өңі құп-қу болып кеткен, өзі де су жүректеу кісі еді. Мына жағдай оның жай-күйін тіпті қиындатып жіберген. Редакциядағы бірінші басшы ретінде сойыл алдымен өзіне тиетінін сезіп тұрса керек. Идеология жауаптанған хатшы мәні-жайды айтып, қатенің өрескел екенін, жауапсыздыққа жол бергендерді қатаң түрде айыптау керектігін жеткізді.

- Бас редактор мырза бұған не дейсіз? – деп бірінші хатшы сұрағанда, қатты сасып қалған Яки ағам:

- Мен сол тұста Ұланбатырда жиналыста едім. Мына Шынай мен Қабдай газетті жауаптанып қалған болатын – деп, құтылып кетті. Шынай аға үндемеді. Бүкіл зал Қабдай ағаға қарады.

- Газеттің кезекші редакторы мен едім. Қол қойғаным рас – деді, Қабдай аға батыл үнмен. Бірінші хатшы оның түріне ұзақ қарап отырды да:

- Жігітім, сонда мені құр әншейін етіп жүр дегің келді ме?

- Еш арам ойым жоқ, ағасы! Газеттегі мәтінге қайта-қайта қарай берген соң көзге жатталып қалады да, қатенің өзі көрінбей қалатын кезі болады. Бұл да бір ұшық қой. Әрине, сіз ешқашан құр етпейтініңіз бәрімізге аян ғой. Құдайға шүкір, бала-шағаңыз бар – деп, әдеттегі қалжыңбастығына салып періп кеп қалды.

Бәріміз төбемізден жай түскендей болып, шошып қалдық. Әбден бүлдірді, іс насырға шапты деп ойладық. Бірақ бірінші хатшы:

- Мына жігіт не дейді-ей! – деді де, қарқылдап тұрып күліп еді, отырғандар ере жөнілді. Сәлден соң бірінші хатшы күлкісін тиып:

- Сенің өзі түрің таныс. Кімнің баласы едің?

- Әкем аты – Мысахан!

- Ә, бәсе. «Тартпасаң тумағыр» деуші ме еді? Мысқылшылдығына шейін тартқанын қарашы! Жарайды, жігіттер, кете беріңдер! – деп, бізді шығарып, қала берді.

Қабдай ағаның қашан да айылын жимай айта беретін әзілінің арқасында жауапкершіліктен аман-есен құтылған редакция ұжымы мені дүкенге жұмсап, оқиғаны жақсылап бір атап өткен еді.

- Сен қашанғы кәпірше «гәпіресің»? Арасында қазақша да жазып жүрсеңші! Екі тілде жазу – қос арғымақпен сапарға шыққанмен бірдей. Бірі зорықса, екіншісін мініп, оны жетелеп шаба бересің! – деп, Қабдай ағаның айтқан ақылын құп көріп, шынымен де екі тілде қатар жазуға кіріскен едім. Оның игілігін қазір көріп жүрген жайым бар. Жақсыдан шарапат деген осы болса керек.

Осындай бір әз аға өмірден ерте өтсе де, көп қатпарлы жылдардың ар жағында мәңгі өшпес ізіндей болып, көңілдің көкжиегінде осынау бір естелік қалды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар