Ш.Айтматов және қазақ әлемі. 10 дерек

Бөлісу:

11.12.2018 27162

Аса көрнекті қаламгер, Қырғызстанның Халық жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қырғызстан Ғылым Академиясының, Еуропа Ғылым Академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері Шыңғыс Төреқұлұлы Айтматов 1928 жылы 12 желтоқсанда Қырғызстанның Қазақстанмен шекаралас Талас өңіріндегі Шекер аулында дүниеге келді.

Төреқұл, Нағима және Шыңғыс Айтматовтар

«Адамзаттың Айтматовы» атанған даңқты жазушының өмірі мен шығармашылғында Қазақстанның, қазақ халқының, оның ішінде белгілі әдебиет пен өнер, ғылым қайраткерлерінің орны ерекше. Біз төменде осыған байланысты он деректі ұсынып отырмыз:

1. Шыңғыс Айтматовтың есімін белгілі қазақ ғалымы Бейсембай Кенжебаев қойған.

Бұл турасындағы мәліметті жазушы Әлібек Асқаровтың «Алатаудың арғы жағы, бергі жағы» атты мақаласынан («Егемен Қазақстан», 11 қараша, 2017ж.) табамыз. Мақаладан үзінді келтірелік: «Бүгінгі әдеби сынның марғасқа­лары­ның бірі Құлбек Ергөбек айтқан мына бір естелікті естігенде біз де қайран қал­ғанбыз...

Атақты әдебиеттанушы ға­лым, Құл­бек Ергөбектің рухани әкесі Бей­сембай Кенжебаев пен Шың­ғыстың әке­сі Төреқұл Мәскеуде И.В.Сталин атын­дағы Күн­­шығыс еңбекшілері ком­мунистік университетінде бірге оқыпты. Олар айнымас достар болыпты. Достықтары соншалық, университетті бітірерде: «Үйленіп, перзент көрерміз. Сонда бірімізден ұл, бірімізден қыз болып жатса, атастырайық, екеуміз бел құда болайық. Егер екеумізден де ұл болса, Шыңғыс қағанның атын берейік, ал егер екеумізден де қыз болса, Шолпан деп атайық», - деп қол алысып, төс түйістіріп серт­тесіпті. Кейін, отызыншы жыл­дардың ортасында екі дос Мәскеудегі тағы бір жиында кездесіп қалады ғой...

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым Бейсембай Кенжебаев

Сұрастыра келсе, екеуінің де тұңғыштары ұл болыпты, екеуі де ұлдарына Шыңғыс деп ат қойыпты. Бұл да ежелден келе жатқан ұлы достықтың жүрек тебірентер бір көрінісі-ау! Сол достықтың белгісінің бірі – әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов, бірі – Мәскеудегі В.Суриков атындағы Көркемсурет институтын қазақ арасынан тұңғыш оқып шыққан, ұлттық өнерімізде қайталанбас қолтаңбасы бар майталман суретші Шыңғыс Кенжебаев. Өмірде ештеңенің де кездейсоқ болмайтынына осындайда көз жетеді. Ертеңгі күні әлемге мәшһүр жазушы болатын Айтматовтың есімін қазақтың әйгілі әдебиеттанушы ғалымы Бейсембай Кенжебаев қойған екен!»

2. Шыңғыс Айтматовтың орта мектептен кейінгі кәсіби білім жолындағы сапары Қазақстанда басталған.

Болашақ жазушының әдебиет әлеміне сапары түп-түзу болған жоқ. Ең әуелі мүлде басқа мамандықты таңдап оқуына тура келіпті. Шыңғыс Айтматов орта мектептің 8-сыныбын бітіргеннен кейін, Жамбыл мал дәрігері-зоотехникалық техникумының «ветеринария» бөліміне түсіп, оны ойдағыдай тәмамдаған.

3. Шыңғыс Айтматовтың жоғары білімді маман ретіндегі тұңғыш еңбек жолы Қазақстанда басталған.

Жамбыл мал дәрігері-зоотехникалық техникумын аяқтағаннан кейін Шыңғыс Айтматов аталған мамандығы бойынша жоғары білім алу үшін Қырғыз ауыл шаруашылығы институтына түсіп, ойдағыдай тәмамдайды. Институтты бітірген соң Қазақстанның Жамбыл облысы Талас ауданындағы Қазақ зоотехникалық-малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының эксперименттік фермасында зоотехник болып 1953 жылдан 1956 жылға дейін қызмет жасайды.

4. Шыңғыс Айтматовтың әлемдік деңгейдегі үлкен жазушы болуына алғаш жол ашып, батасын берген – қазақ жазушысы, академик Мұхтар Омарханұлы Әуезов.

Қазақтың заңғар жазушысы, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтар жөніндегі комиссия мүшесі Мұхтар Әуезов жас жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» хикаятын жаңашыл, тың туынды ретінде бағалайды.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жұмыс кабинетінде

Аталған шығарма «Новый мир» журналына 1958 жылы Мұхтар Омарханұлының алғысөзімен жариялануынан бастап, Кеңес Одағы мен әлем оқырмандарына Шыңғыс Айтматовтың аты мәшһүр болады.

5. Шыңғыс Айтматов шығармаларындағы оқиғалардың шамамен 70 пайызы қазақ жерінде өтеді.

Ш. Айтматовтың жалпы шығармашылық ғұмыры түгелге жуық қазақ жерімен тікелей байланысты десек те болады. Шекаралас ауылда туып-өсуі, білім алуы, азамат ретінде қалыптасып, үлкен өмірге жолдама алуының әсері оның шығармаларының өне бойынан көрініс тауып отырады. Солардың бірі – «Жан пида» романындағы көптеген оқиғалар Шу алқабында, қазақтың шексіз жазирасында өтеді.

Боз селеулі қазақ даласы

6. Шыңғыс Айтматовтың алғашқы романы «Боранды бекетті» (1980 ж.) жазу идеясы қазақ топырағында дүниеге келген.

«...Боранды бекет» романының жазылу тарихы, оның сюжетіне түрткі болған экономика ғылымдарының докторы, академик Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов. Шыңғыс Айтматов Люксембургте елші болған кезіндегі екі рет болған кездесуіндегі өзара әңгімелері арқылы жақсы жеткізіпті. Жетпісінші жылдары пойызбен Шыңғыс Мәскеу жақтан келе жатқанда, Қазалы стансасынан қырғызға ұқсас қазақ отырған бейтаныс шалдың әңгімесін негізге алып, "Боранды бекет" повесін жазған. Б.Досманбетов "Сүйем сені, Сыр елі" атты өмірбаяндық деректі кітабында Шыңғыс ағаның сөзін былайша баяндайды: "Міне, сол шал Төретамға дейін 1,5 сағат ішінде "Боранды бекет" романының жалпы желісін айтып берді.» (Қ.Құдайбергенов. «Тағдыр табыстырған қос тұлға» «Әлімсақ» журналы, 25.12.2015 )

"Боранды бекет" кітабы

7. «Қызыл алма» туындысының жазылуына досы, академик ғалым, жазушы Зейнолла Қабдолов себепкер болған.

1963 жылы желтоқсанда Зейнолла Қабдолов бұл туындыны орыс тілінен қазақ тіліне аударады. Шыңғыс Айтматов «Қызыл алма» туындысының соңында «Оқушыларға екі ауыз сөз» деп арнайы түсініктемелік тұрғыда былай деп жазады:

Қызыл алма

Бұл жаңа әңгімемді Зейнолла Қабдоловқа арнағаным тегін емес. Біріншіден, Зейнолла – менің ең көңілдес достарымның бірі; екіншіден, «Қызыл алманы» жазуға Зейнолла себепкер болды; бұл әңгімені бой жеткізген оның «көз ақысы» бар. Мұның қысқаша тарихы мынадай.

Алматының тау жағында, санаторийде бірге демалып, әрқайсымыз өз жазу-сызуларымызбен әлек боп жүрдік. Бір күні түскі тамақ тұсында десертке деп, стол үстіне алма қойылды. Маған тиген алма өте көркем қызыл алма екен. Алманы қарап отырып, менің есіме институтта оқыған бір жолдасымның оқиғасы түсті де, мен оны әшейін күлдірмекке Зейноллаға айтып бердім. Сөйтсем «Өй, сен неге күлесің? Бәлі, мұның не күлкісі бар. Сен мұны жаз, жазуың керек!» деді Зейнолла. Содан бастап, әрбір кездескен сайын, Зейнолла «Қызыл алманы» қашан бересің деп сұрайды. «Қызыл алма» есімнен кетпей қойды, сен оны ертерек жазсаң, қазақшаға өзім аударар едім деп, асықтырып жүрді.

Зейнолла Қабдолов ұстазы Мұхтар Әуезовпен бірге

8. Қыз Жібек» фильмінің сценарийін Мәскеудің өткізуіне Шыңғыс Айтматов күш салып, мақұлдатқан.

Сұлтан Қожықов, Ғабит Мүсірепов т.б. қазақтың әр сала бойынша марғасқаларының біріккен туындысы, қазақ киносының жауһары «Қыз Жібектің» экранға шыққанға дейінгі жалғасатын ұзақ жолы кедергілерге толы, аса ауыр болыпты.

"Қыз Жібек" фильмінен көрініс

«... «Қыз Жібекті» жетпісінші жылдары Мәскеудің алпауыт­тарынан жұлып алып бер­ген Шыңғыс Айматов екен. Беделін салып, сценарийін бекіт­тіріп береді. Бүгінгі компьютерлік технологияның өркендеп, киноин­дустрияның дамыған тұсында қаншама көркем фильм өмірге келіп жатса да, «Қыз Жібек» өзінің биігінде қалды, қазақ киносының қайталанбас классикасына айналды.

9. Қазақстанның елордасы Астана қаласының сол жағалауындағы жаңа көшелердің біріне Шыңғыс Айтматовтың есімі берілген.

Ш. Айтматов атындағы (бұрынғы атауы — №199 көше) жалпы маңызы бар магистральді жолдың сегіз қозғалыс жолағы бар. Көше 2016 жылы 1,8 шақырым ұзындықта Қорғалжын тас жолынан Сығанақ көшесіне дейінгі учаскеде салынып, пайдалануға берілді.

Астанадағы Ш.Айтматов көшесі

Бүгінде көшені Сығанақ көшесінен Ұлы дала көшесіне дейін 3 шақырымға ұзартып салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жол учаскесінде көлік қозғалысы 2019 жылы басталады, ал құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға беру 2020 жылға жоспарланған.

10. Шыңғыс Айтматов – қазақ әдебиеті мен мәдениеті мен өнерінің көрнекті өкілдерімен достық, туысқандық жақын қарым-қатынаста болды.

Менің шетелге шығарда төлқұжатымдай қастерлеп өзіммен ала кететін екі ұлы есім бар. Бірі – Манас та, екіншісі – Мұхтар Әуезов. Мен әрқашан сол екеуінің әруағына сыйынып жүремін», - деген сөз қалдырған Шыңғыс Айтматов заңғар Мұхаңа айнымас адал іні бола білді. Шыңғыс Айтматовпен Зейнолла Қабдолов, Қалжан Нұрмаханов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Сейдахмет Бердіқұлов, Асқар Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Мұхтар Шаханов т.б. қазақ қаламгерлері шынайы достық рәуіштегі шығармашылық байланыс орнатты.

Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов

Осының нәтижесінде екі халықтың достығының символындай тамаша туындылар жазылды. Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер Ана» туындысын даңқты режиссер Әзербайжан Мәмбетовтің жетекшілігімен 1964 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында сахналанып, бұл туынды күні бүгінге дейін репертуардан орын алып келеді.

Белгілі композитор Ғазиза Жұбанова Шыңғыс Айтматов шығармасы арқауымен «Боранды Едіге, немесе Айтматов аңыздары» атты опера жазды.

Белгілі режиссер Ардақ Әмірқұлов Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» шығармасы бойынша 2008 жылы көркем фильм түсірді.

Қазақтың қабырғалы қаламгері Шерхан Мұртаза мен Шыңғыс Айтматов бір өңірде дүниеге келді. Шерағаң Шыңғыс Айтматовтың соқталы туындылары «Қош, Гүлсары», «Ботагөз», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет», «Жан пида» атты хикаяттары мен романдарын орысшадан қазақ тіліне бар бояуымен мөлдіретіп аударды.

Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматов арасындағы достықтың барысында екі автордың еркін сұхбаттаса толғануы форматындағы «Құз басындағы аңшының зары» атты эсселер жинағы мен «Сократты еске алу түні, немесе миғұла терісі үстіндегі сот» пьесасы жазылды. Аталған пьеса қазақтың Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында 1998 жылы қойылды.

Белгілі композитор әрі жазушы, суретші Ілия Жақанов Шыңғыс Айтматовтың ағалы-інілі достығының белгісіндей өлмес туындылар жазды. Композитор Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым», «Жәмила», «Қош, Гүлсары!» атты үш хикаятына бес бірдей ән ән жазған болса, олар бұл күндері екі халық өкілдерінің жиі шырқайтын әндеріне айналып, кең тараған («Асылым», «Әсел», «Бибіжанның әні», «Даниярдың әні», «Жәмиланың әні»).

Композитор, жазушы Ілия Жақанов шығармашылық жұмыс үстінде

Адамзаттың алыбы, түркі халықтарынан шыққан әйгілі жазушы, әдеби туындылары әлемнің 150-ден астам тіліне аударылған танымал қаламгер Шыңғыс Айтматов өміріндегі Қазақ даласымен, Қазақстанмен, қазақ руханиятымен үндестігі туралы айтып тауысу мүмкін емес болса да, бір парасы осылай.

Асылбек Байтанұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар