Жадыра Шамұратова. Жазушы және тағдыр

Бөлісу:

14.12.2018 7785

Өзіміз шығармаларын оқып жүрген ұлы жазушылардың өмірі туралы білу көбіміз үшін қызық. Расында суреткер шығармасын оқып отырып, кей сәтте оның ойлау жүйесіне таңғалмау мүмкін емес. Өз шығармаларының көркемдік дәрежесін шырқау биікке көтере алатындары сондай, тіпті олардың қарапайым жартылыс иесі екенін естен шығарып алуға болатындай. Оқи бастағаннан өзің үшін бөлек әлемге еніп, бірте-бірте тереңіне бойлап, қайсы бір сәтте жазушымен келісіп, кейде тіпті бастан аяқ қарама-қайшылықпен беттесіп немес шығарманы оқып біткен кезде өзің үшін мүлдем беймәлім сұрақтарға кезігесің. Осының бәрі адам миының тым күрделі механизм екенін көрсетеді. Сондайда ұлы деп мойындалған сол жазушыны пайғамбарға ғана лайық биік дәрежеге апарып қоятынымыз да бар. Бірақ, олар пайғамбар емес. Олар да – адам. Шығармаларындағы қапысыз шеберлік, көркемдікті сездіру, оқырманын иландыру арқылы ұлылыққа жеткенімен, олар да өмірден қарапайым адам болып өткен, көбінің ғұмыры аянышты аяқталған.

Ги Де Мопассан

Өмірде өте еңбекқор болған. Бұл жазушы – ешқандай мектеп не ағымның ықпалынсыз өз бетінше бағыт ұстанып жазатын Флобердің мектебінен еді. Өмірдің бар қызығынан бас тартып жаза берген, жаза берген. Жазған сайын өзіне көңілі толмайтын әдет тапқан. Жазушы өміріне байланысты деректерге қарағанда, өмірінің соңғы кезеңінде жазу арқылы бірыңғай күрделі картина беруде қалыпты образдарға қанағаттанбайтын, соның нәтижесінде депрессияға түсетін жағдайға жеткен дейді. «Орля», «Кім біледі?» «Ол?» деп аталатын новеллалары бір жағы мистикалық характерде, бір жағынан сарказмге толы болса, «Муарон», «Кеш», «Денщик» шығармаларында белгісіздік алдындағы қорқыныш пен үрей байқалады. Шынында да жазушы өзі қандай сезімтал болса, шығармасына да сондай талап қойда ма дейсіз. Зерттеушілердің пайымынша ұлы қаламгердің бақытсыздығы – ол оқыған сәтте бір мезетте құлағыңа үн естіліп, санаға ой салатындай, көз алдыңа сурет келетіндей синкретті дүние жасауға ұмтылған. Расында бұл мүмкін бе? Құдай адамға сана берді, оған шексіз нығметті сыйлады. Бұл Құдайдың адамды өзінің ізбасары есептегендігінен деп түсіну керек шығар. Расында аспан мен жер арасында Құдайдан кейінгі дүние сырын ұққан, ғажайып өнерді тудырған адам емес пе? Бірақ, өзіңе соншалық мүмкіндік берілді екен деп тым ауыр міндеттерді алудың да түбі сұрауы бола ма дейсің...

Сырлы, сиқырлы өнер жасауға деген құштарлық Мопассанды адам табиғатының шектеулі мүмкіндігін бұзып-жаруға итермелейді, осыдан келіп ол бірде жеңіске жеткендей, біресе бір орнынан жылжымағандай екіұдай күйде қала беретін болған. Әрине, сезіну мен қабылдаудың арасынан тиянақ таппай сансырап қалып қою санаға салмақ түсіреді.

Әлбетте әр шығармасын жазған сайын жазушы айтарлықтай жетістікке жетіп отырды. Бұл жерде біз сүйікті жазушымыздың бар шығармасын тізіп талдау жасай алмаймыз. Бірақ, соншалықты айқын, шыныдай мөлдірлікпен жазылған сол шығармалардан соң жазушының ішкі жан-дүниесі ауырлап, мұңға тола беретіндей көрінетіні бар. Жаңа қоғамға деген ішкі қарсылығына билеткен жазушы Франция үкіметі орден бергенде де одан үзілді-кесілді бас тартқан, өлмес жазушы атағын да алмаған. Өмірінің соңында өзін жалғыз сезінген жазушының бұл күйіне себеп те көп. Шығармаларын ойша саралап көрсеңіз, оның бәрінде де ауыр ой жатыр, Франция халқының басындағы аласапыран жағдайлар, көнені ысырып тастап орнаған жаңа құндылықтар, капиталистік қоғамның мазмұнға емес қалыпқа мән бергіш тұрпайы талғамы, содан соң екінші дүниежүзілік соғыс қаламгерді қажыта түскендей. Жазушы туралы жазылған дүниелерге қарағанда, ұзақ уақыт көңіл хошы болмауы, асты үстіне төңкеріле өзгеріп жатқан уақыт алдындағы дәрменсіздік, адам психикасының айтып түсіндіру қиын құбылыстарын өз басынан өткергендей, үздіксіз мазалаған бас ауруы Мопассанға жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Қасіреті сол – жазушы бірте-бірте өзінің ойлары шатыса бастағанын байқайды. «Жалғаншы жарық дүние, бізден де бір күн өтерсің»... демеуші ме еді біздің Шәңгерей аталарымыз. Француз әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі Ги Де Мопассан ғұмырының соңында ақыл-есі ауысқандар ауруханасының төсегіне таңылып, сол жерде қайтыс болады.

Агата Кристи

Детектив жанрының һас шебері саналған әйел жазушы. Басқасын айтпағанда, әйгілі «Он қарадомалақтың» өзі жазушы логикасының қаншалықты дәрежеде дамығандығына таңғалдырмайтын ба еді. Қылмыстық оқиғалар барысында көбіне қастандықпен улап өлтіру оқиғасы сөз болатын. Дәрілік препараттар, улы химиялық қоспаларды пайдалану туралы автор иланымды, дәл береді. Себебі дәрі-дәрмек, есірткілік препараттардың әсерін бір кісідей білген (кей мәліметтерде Агатаның жас кезінде госпитальда медбике болып жұмыс істегені айтылады). Автордың осы қырын арнайы зертеген дәрігер Фолькмар Шнайдер мен Бенно Риссельман Агата Кристидің өз кейіпкерлерін «өлтіруде» мышьяк, цианисті калий, тұзды қышқыл, сол заманда ауыр металл ретінде онша белгілі болмаған талийді «қолданғанын» анықтаған. Жазушының бұл талийдің уы туралы өте жақсы біліп, суреттегені сондай, оның «Ақ ат» вилласы» атты шығармасын оқыған бір дәрігер ауруханаға осы ауыр металлдан уланып түскен кішкентай қызды Агата Кристи шығармасында нақтылап берген белгілер бойынша анықтап, дер кезінде құтқарып қалған деген дерек бар.

Агата Кристидің әр шығармасындағы оқиғаның шымыр басталып, ширығып, адамды әбден шатыстыра жаздап барып, асқан шеберлікпен түйіні шешілетіні сондай, оқушы аяғына жеткенше кроссворд шешкендей болып отырар еді. Бірақ, логикасы талайды тамсандырған «детектив ханшайымы» өмірінің соңғы жылдарында альцгеймер ауруына шалдыққан. Талай рет үйінен шығып кетіп, бара жатқан жерін ұмытып қалып, қиын жағдайларға тап болған деседі. Кей деректерге қарағанда, «Торонто университетінің ғалымдары Агата Кристидің жазғандарына статистикалық әдістерді пайдалана отырып, жазушының соңғы жазылған кітаптарынан оның ақыл-ойы шаршағанын анықтаған-мыс».

Акутагава Рюноскэ

Жапон әдебиетінің жампозы. Бұл мықты жазушы да өте көп жұмыс істеген, нәтижесінде ұйқысыздыққа ұшыраған. Бір таңғаларлығы, сол жүйкесі ауырып, ұйқысы қашқан кезде жазылған шығармалары оның ең мықты туындылары есептеледі. Жүйке ауруы өмірінің соңғы кездерінде тіпті жиілеп, мазасын алады. Әбден қажыған жазушы өзіне қол салуды ойлай бастайды. Бұл тіпті оның шығармаларынан да көрініс береді. «Нақұрыстың өмірі», «Ескі досқа хат» шығармаларында осы жайлы айтылады. Акутагава жанына жалау іздеп Библияны да оқиды.

Автордың «Мен адам өлтірген секілдімін» деген шығармасы да бар. Онда жас суретші өзі суретін салатын қызды жек көріп, оған қатты ашуланады. Сол күні ол өз қиялында қызды өлтіреді. Ертеңінде ол қыз шынымен де шеберханаға келмей қалады. Суретші бұл істі тура өзіндей екінші адам жасамады ма екен деп жанұшырады.

Мәліметтерге қарағанда Акутагава осы шығармасын жыртып тастаған, бірақ көп ұзамай қайта жазады. Жазушының өзі өмірде әңгімелескен адамдарға өзінен айнымайтын тағы бір адам бар екенін жиі айтатын болған. Жазушы өте көп мөлшерде дәрі қабылдап, өмірмен қоштасады. «Соңғы кездері өмірден шаршағанын жиі айтатын» деп еске алыпты жазушы қайтыс болғанда айналасындағылар. Осы жерде жазушылардың өздері жазған шығармалары олардың өз тағдырларына әсер етуі мүмкін бе деген сауал тағы да ойға келеді...

Ясунари Кавабата

Француздардан әдебиетке сіңірген еңбегі үшін орден таққан, Нобель сыйлығына лауреат болған Кавата да өмірін осылай аяқтаған. Бұл, мүмкін, жапон дәстүрінде иланымды да қадам шығар. Сертіне берік ержүрек самурайлардың ұрпағы үшін... Дегенмен, Кавабатаның соңғы жылдары ауыр күйзеліске түсуінің себебі – туысқанының қайтыс болуы, соғыстың басталуы деседі. Оның үстіне Кавабата паркинсон ауруымен ауырған. Каватаның «Асакуса туралы әңгімелер» шығармасында өз қайғыларын ұмыту үшін қайдағы бір қарғыс атқан мекендерде көңіл көтеретін адамдар туралы айтылады. Олар үшін бақыт деген осы ессіз күйде есіріктене көңіл көтеретін шақ секілді... Жазушының өмірінде жылт еткен жақсылықтар аз болды деп есептейтін зерттеушілер оның бақыт туралы армандап өткенін айтады. Қайтыс боларынан біраз уақыт бұрын ол түсінде өзі мінген ұшақ апатқа ұшырайтынын айтып жүрген.

Эрнест Хемингуэй

Бұл жазушыны жиһанкез десе де болады. Шығармаларының көбінде саяхат туралы сөз болатыны есте шығар. Италияда, Парижде, Германияда, Африкада тұрған. Испанияда соғысқа қатысады, бұл туралы «Қоңырау кімге соғылды» («For whom the Bell Tolls») деген шығармасында айтылады. Кубада болған, атақты «Шал мен теңізді» сол кезде жазған.

Өмірінің соңғы жылдарында бұл кісінің де санасы сансырағанға ұқсайды. Оған ізінде үнемі ФБР-дің агенттері жүргендей көрінеді. Барлық жерде дауыс жазатын құрылғы тұрғандай, оның телефонын әлдекім тыңдайтындай, банктегі төлемдерін біреу әдейі тексеретіндей. Тіпті қасынан өтіп бара жатқан кездейсоқ адамдарды да басқан ізін аңдыған тыңшы деп ойлайтын болған. Осының бәрі оның денсаулығына қатты әсер еткен. Хемингуэйді психиатрия заңымен емдемек болған. Электрмен емдеу тәсілін қолданады, сол кезде жазушы жадынан айрылып, ештеңе жаза алмай қалады. «Маған электрошок жасаған дәрігерлер жазушыларды еш түсінбейді. Жазушыларды түсіну үшін барлық дәрігер шығарма жазып көрсе екен. Менің миымды қиратып, санамдағы дүниенің бәрін сүртіп тастаудың, сөйтіп мені өмірдің орына лақтырып жіберудің не мағынасы бар еді?» деген екен жазушы сол кезде қатты қиналып. Осыдан соң жазушыға паранойя ауруы қосылады. Ақырында оған өзінің өмір бойы қолынан тастамайтын қаруы «көмекке келеді». Тек 50 жылдан кейін барып Хемингуейді кезінде тыңшы деп есептеп, үнемі бақылауда ұстағаны белгілі болған. Йель университетінің баспасынан шыққан «Тыңшылар: Америкадағы ФБР – өрлеулер мен құлдыраулар» атты кітапта 1940-шы жылдары Хемингуэй кеңес үкіметінің АҚШ-тағы «Арго» деген лақап аты бар тыңшысы болған деген мәлімет айтылған.

Хьюго Клаус

Фламанд әдебиетінің көрнекті өкілі. Өз халқына арнап жазған «Бельгиялықтардың қасіреті» атты шығармасы үшін үлкен құрметке бөленген. Әңгіменің шебері. Альцгеймер аурынан азап шеккен жазушы біз үшін түсініксіз қадамға барған.

Әлем елдерінде эфтаназия (адамды өз қалауымен өлтіруавт.) туралы көзқарас қайшылықтары әлі де бар. Бірақ, оны жүзеге асыратын заң қабылдап жіберген Бельгия сияқты елдерде бұл басы ашық тақырып. Эфтаназия тақырыбы бельгиялық жазушылардың шығармаларында сан мәрте көтеріледі. Солардың бірі – Хьюго Клаус. Жазушы өмірінің соңында өзі де эфтаназияны таңдайды.

Лев Толстой

Толстойдың «Иван Ильичтің өлімі» атты шығармасы бар, мұның жайдан жай жазылмаған, рухани дағдарыстан туған шығарма екендігі мұқият оқыған адамға аңғарылады. Мұнда адамның өткеніне ой жіберуі, өкініші, жалпы айтқанда философиялық характер бар. Кейіпкер соңғы сәтінде өмрде жасаған істері туралы ойлайды, осы кезге дейін сүрген өмірінің түк мағынасы жоғына көзі жеткендей болады. Шығарманың о бастағы идеясы да осы рухани құтқару болса керек. Өмір бойы тек қана бақуатты өмір сүру туралы ойлап келген адамды жаман дей аласыз ба? Толстой да оны жаман адам деп суреттемейді, бірақ, өзіңіз түсінесіз. Чиновник қайтыс болғаннан кейін онымен қоштасуға келгендердің ешқайсысында оны қимау сезімі, жоқтау деген болмайды, бірі – бұл жағдай оның қызмет баспалдағына қалай әсер етуі мүмкін дегенді ойласа, бірі – егер қызметі өскен болса қаржылық жағдайы қалай боларын ойлайды. Осының өзі күнә екенін сол сәтте тірілердің қайсысы бағамдай алар еді...

Толстойдың өмірбаянына үңілгенде де тура өзі жазған «Иван Ильичтің» бейнесін, соңғы сәті тақағанда жаны шырқыраған адамның бейнесін көреміз. Ол Ясная Полянадан жасырынып қашып шығады. Жазушының өмірімді осы бағытқа өзгертсем деген нақты жоспары да болмағанға ұқсайды. Бас-аяғы 2-3 күнде сапарын әуелі Щекино деген станциядан бастайды, Горбачево станциясы, одан басқа поезбен Козельск станциясына дейін, ат айдаушыны жалдап Отпинге, ертеңінде Шамординский шіркеуіне тартады. Сол жерден Козылскіге, оңтүстікке бағыт алада. Блевке, одан әрі Волово станциясына соғады, Новочеркасскіге барып, одан әрі Болгария, одан әрі Кавказға кетпекші болады. Бірақ жолда ауырып қалып, сапар Астапов станциясынан үзіледі. Қатты суық тиген жазушыны алты дәрігер ауруынан емдемекеші болыпты, бірақ жазушы: «Бәрі Құдайыдың қолында, енді мені мазаламасын» деген көрінеді.

Фенимор Купер

Өмірі аңызға толы десе де болады. Өзін танымал еткен «Шпион», «Пионерді» айтпағанда, ең танымалы – «Могиканның соңғы тұяғы». Шығарманың ішкі тақырыбы – адамның табиғат соты алдында ерте ме, кеш пе, әйтеуір жауап беретіні туралы. Әрине, үндістер мен ақ адамдар шайқасы, ағылшындар мен француздар соғысы, үңгірлер, аңшылық, ритуалды билер – оның бәрі де бар.

Біраз жыл Францияда тұрып келген ол өз Отанын жатырқағаны сондай: «Америка әбден азғындаған, ақшада әкесінің құны қалған, қатыгез қоғамға айналған» деп сұхбат берген. Расында Купердің басқа шығармаларындағы суреттеген Америкасы тіпті бөлек-ті, бірақ көз алдындағы Американың тіпті басқа түр алуы жазушының жүрегін ауыртқандай. Осыдан соң елінде жазушыға деген көзқарас та өзгерген деседі. Жазушы өзін масқаралауға тырысқан газеттерді сотқа берем деп шаршайды. Жағдайдың ушыққаны сондай, баспалар енді осындай айқай-шудың өзінен пайда табуға кіріседі.

Сөйтіп бұл жазушы да өмірінің соңғы жылдарында күйзелісті бастан кешкен дейді деректер. Оның үстіне қайсыбір шығармаларындағы көзқарастарына («Американ флоты тарихында» ешқандай патриоттық рух байқалмаған) байланысты жазушыны өз елінде Отанына сатқындық жасаған деп айтыптаушылар да табылған. Бітпейтін талас-тартыс жазушының өмірін улаған. Ол депрессияға түсіп, ішімдікке әбден салынып, ақыры ұзаққа созылған бауыр циррозынан қайтыс көз жұмады.

Эдгар Аллан По

Детективті-фантастикалық жанрдың негізін қалаушылардың бірі. Әлі күнге өмірі жұмбақ жазушы есептеледі. «Морг көшесіндегі кісі өлімі», «Құдық пен маятник» атты шығармалары адам түсіндіріп бере алмайтын мистикаға толы. Егер «Морг көшесіндегі кісі өлімі» тумаған болса, онда Шерлок Холмс та, месье Лекок та болмас еді деп пікір білдіреді соңғы әдебиет зерттеушілер. «Ашеров үйінің күйреуі» атты шығармасында рок-музыкант Родрик Ашер әйелін айуандықпен өлтіргені үшін айыпталады. Оның жүйкесінде кінарат бар-жоғын анықтау үшін Калахаридегі психиатрлық емдеу орнына жіберіледі. Мұнда ол нешетүрлі сұмдықтарды бастан кешіруге мәжбүр болады. Осындай мистикаға толы шығармалар жазған әйгілі Эдгар Поның өз өмірінде де қарапайым кісі қызығарлық ештеңе болмағанға ұқсайды. Өмірі кедейшілікте өтіп, соңғы жылдарында басынан үнемі дау-дамайдар арылмай жүрген, өкінішпен өмірден өткен дейді.

Сомерсет Моэм

Азия елдерінде, британ барлау қызметінде болған. Кеңес тарихындағы Ақпан революциясы кезінде Ресейге тыңшы болып та келген. Бірақ, 21 роман мен жүздеген әңгіменің авторы атанып, зор құрметке бөленген жазушының балалық шағы мен бірнеше некесі сәтсіз болған дейді ол туралы мағлұматтар. Саяхатты қатты жақсы көрген ол ең соңында «саяхат та маған қуаныш сыйламайтын болды» депті. Өмірінің соңғы сәттерінде ұзақ уақыт депрессияда болып, жүйке ауруынан азап шеккен.

Аты аралдар мен мұхиттардан асып кеткен осы жазушының зираты жоқ, денесінің өртелген күлі Кентбери Корольдік мектебіндегі Моэм кітапханасының қабырғасына көмілген деген дерек бар.

Бөлісу:

Көп оқылғандар