Дидахмет – Қалиханның, Әлібек – Оралханның көшірмесі күйінде қалып қойды

Бөлісу:

20.01.2019 4264

Мүмкіндік

11.08.1999. Бұл ой менiң басымда осыдан екi ай бұрын келсе керек. С.Цвейгтiң Ницше туралы эссесiн оқып отырып, соның бетiне жазыппын. Мен – Ницшенi ақылдың шегiне жеткен шабытты ойшыл ғой-деп түсiнетiнмiн. Екi естi өмiрi мен екi ойлы пәлсафасын бұрыннан бiлсем де, оның Абай, Гете, Толстой, Фрейд, Бишурин, тiптi, менiң өзiм сияқты сорлы күй кешкенiн түсiнгенiм — жаныма жақын тартқаным (әрине, өзiн, шығармасын емес) осы. Ақылмен мойындау – тағзым, адам ретiнде тағдырластығыңды сезiну — адасып қалған, алыстан iздеп жүрген ағаңның, бауырыңның (Сағидолла сияқты) қасыңда жүріп, бiлмегенiң сияқты. Мен Ницшеге ендi ақылмен емес, ағайыншылықпен қарайтын болдым,

С-тр-ан-но! Но!

Мұнда бiр заңдылық бар. Ол – өзiңе деген қанағатсыздық. Өзiңдi өзiң аямай кемiруiң. К.Паустовскийдi исi орыс жұрты – ХХ ғасырдағы ең ұлы суреткер болады (Иә, болады) деп күттi және одан басқа тұлға бола алмайтын едi. Бiрақ Паустовский данышпан бола алған жоқ. Соған исi орыс қауымы үш-төрт жыл қатты өксiп, өкiнумен жүрдi. Шынында да қандай өксiк! Бүкiл империялық көркем ойдың күткен үмiтi өштi. Бұл қазақ әдебиетi үшiн не Әуезовтiң, не Аймауытовтың, әлде Мүсiреповтiң әңгiме жазбай қоюымен бiрдей қасiрет едi. Тiптi соны ойлағанда Паустовскийдiң өзiн аяйсың. Юрий Казаковтың қаламы анық түсе бастағанда жаңағы өксiк тиылды. Өйткенi, орыстың iшiндегi өксiктi – скрипкадағы кiрпияз перненi К.Паустовский дәл Юрий сияқты қыбын тауып баса алмайтын едi. Мүмкiндiк — Паустовскийдiкi, ал жазу — Казаковтiкi. Юрий болмаса да, әйтеуiр, бiр орыстың өзегi скрипка боп сызылта жаныңды жеп шерiн тарқатар едi.

Мiне, империялық мүмкiндiк! – деп осыны айт

Ал бiзде Қалиқан мен Сайынның күйiн жалғастырып әкететiн домбыра жоқ. Әрине, Дидахмет – Қалағаңның, Әлібек – Оралханның көмей сыбызғысы болса да, көшiрме күйiнде қалады. Үндестiк болу үшiн – империя, руханият империясы керек екен! Сонда ғана оркестр – ұлттық үйлесiм шықпақ.

Ал бiзде кiлең жалғыз дауысты даналар өмiр сүредi.

Жоқ бұл даналық емес. Шарасыздық!

Бiзде – Паустовский болса, Казаков жоқ, Казаков болса – Паустовскийдiң кiм екенiн таба алмайсың. Ал Бунин мен Чехов туралы ойламаңыз, ұмытыңыз оны! Әшiмханның ұлы! Сонда Қалағаң қайда, сен қайда, Әлібек қайда?!! Бәрiбiр, Үшеуiмiзді бiрдей қосса да Бейiмбеттiң тонына сыймаймыз. Өйткенi, Бейiмбеттiң тоны шолақ. Себебi, ол тон Мырқымбайдың тоны! Ал, Сайын жалпы алғанда – әдебиетке жалаңаш келiп, өзiн-өзi киiндiрген жазушы.

Қазақ әдебиетi — қанағаттың әдебиеті емес, қанағатсыздардың әдебиетi болуы тиiс. Бiзге тоят дәуiрi әлi келген жоқ Өзгеден жұбаныш таппаған соң Абайға айналып соға беретiнiмiз де сондықтан. Абайдан, кейде Әуезовтен рухыңа қанағат табасың. Содан кейiн мәңгiрiп барып Ницшеге басыңды ұрасың…

Сөйтсек, оның өзiнiң де «жетiсiп» тұрғаны шамалы екен. Сенiмен туыстығы – тек ойға қанағатсыздығы ғана!

Сонымен, өтеуi кеткен ойдың жаңғырығы мынадай екен…

«Жас алаш» газеті,

Тұрсын ЖҰРТБАЙДЫҢ күнделігінен.

Бөлісу:

Көп оқылғандар