Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 7
Бөлісу:
Бақытжан Момышұлы (1941–2012) бірде ашу шақырып, дауыс көтеріп телефонмен қатты-қатты сөйлеседі. Төргі бөлмеде мұны әкесі Бауыржан Момышұлы естіп отырады. Кейінірек жеке қалған кезде жайымен сөз қозғап, баласынан:
- Сен бағана біреумен айқайлап сөйлестің ғой? – деп сұрайды.
- Иә, сөйттім... Үндемегенге бұлар менің төбеме шығып алыпты! – дейді Бақытжан қабағын кіржитіп.
Сонда Баукең:
- Жоқ, оған олар кінәлі емес, ұлым. Шығуға ыңғайлы, мінгенге жайдақ сенің төбең кінәлі! – деген екен.
* * *
Қазақтың жезтаңдай әншісі, қайталанбас өнер иесі Манарбек Ержановқа (1901–1966) ертеректе “Қазақстанның Халық әртісі” деген жоғары атақ беріледі. Үкіметтің осы қаулысымен тағы бір топ өнер шеберлері “Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі” атағын иеленеді. Мұны естіген Манарбек:
- Бұларыңыз қалай? Сонда менің Қазақстанға еңбегімнің сіңбегені ме! – деп реніш білдіріпті.
* * *
Композитор Бақытжан Байқадамов (1917– 1977) өзі шығарған жаңа әнін бір жазушы досына орындап береді. “Қалай екен?” деп сұрайды. Досы ойланып отырып:
- Жалпы, ұнады. Бірақ бір әнге ұқсап тұр? – деп екіұдай пікір білдіреді.
Сонда композитор жымиып:
- Дұрыс айтасың, әнге ұқсамаса ол ән бола ма! – деген екен.
* * *
Ақын Қасым Аманжолов (1911–1955) Орал жақтағы бір қаламгер әріптесінің мерейтойында болып, ертеңінде басы зеңіп әзер тұрады. Соны аңғарған жігіттердің біреуі қырлы стақанмен мөлдіретіп “бас жазар” ұсына қояды. Қолына тиген стақанды көз жұмып тартып жіберген Қасекең:
– Дүние неткен жап-жарық,
Осындай ма едің бұрын да! –
деп қос қолын жайып жіберіп, жан-жағына таңдана қарапты.
* * *
Әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиев (1925– 1998) Жамбыл облысындағы үлкен бір тойға қатысып, кешкі пойызбен Алматыға қайтады. Екі күн бойы ас та төк дастарқан, елдің құрметі мен қошеметі шаршатып, купеге кірген бойда жоғарыдағы төсекке шығады да, ұйықтап қалады.
Ояна келсе түн ортасы екен, пойыз маң даламен заулап келеді. Бағана бос тұрған төмендегі орындарға әлдебір жолаушылар жайғасыпты. Қараса, үстел үстінде аузы ашылған бір шөлмек арақ тұр. Басы ұйпа-тұйпа, тілі аузына сыймай шөлдеп жатқан Нұрғиса қуанып кетеді. Бірер жұтым ұрттамақ болып шөлмекке қолын соза береді. Сол сәтте төмендегі біреу білегінен шап беріп ұстай алады.
- Әй, кімсің сен? – дейді гүж етіп.
- Нұрғиса Тілендиевпін!
- Түс төменге!
Нұрғиса айтқанға көніп, төменге түседі. Төменде – бұйра сақал, боз мұртты бір үлкен кісі жамбастап жатыр екен. Ол кісі де жайлап орнынан тұрады. Үн-түнсіз қырлы стақанға орталай арақ құйып, Нұрғисаға ұсынады. Ұсына бере Нұрғисаның бетіне төніп:
- Мә, іш, же, бірақ ендігәрі Нұрғиса Тілендиев тей асыл азаматтың атын жамылушы болма! – деп жеки ұрысқан екен.
* * *
Қайсыбір жылдары “Жұлдыз” журналы партияның Орталық комитеті тарапынан қатты сынға ұшырап, журналдың бас редакторы, көрнекті жазушы Бекежан Тілегенов (1934–1998) орнынан алынады. Ақын Ғафу Қайырбеков (1928–1994) бас редактордың орынбасары екен. Журналдың мәселесін талқыға салған алқалы жиында Ғафекеңе де қызметтен кету қаупі төнеді. Сол заматта Ғафу орнынан атып тұрып:
- Оу, ағайындар, сіздердікі бұл не сөз? Орынбасар сіздерге ойын ба екен, бас жұлынса бірге кетер мойын ба екен? – деп жұртты қыран-топан күлкіге батырыпты.
* * *
Баянауылда Жаяу Мұсаның 150 жылдық мерейтойы мемлекет деңгейінде өтіп жатады. Оған Алматыдан Олжас Сүлейменов бастаған бір топ ақын-жазушылар қатысады. Горбачевтің ішімдікке тыйым салған қиын заманы екен, тойға келген қаламгерлер көңілсіздеу жүреді. Соны байқаған Олжас Ғафу Қайырбеков ағасына:
- Жұрттың көңілін көтеріп, күлдіріп қоймайсыз ба, Ғафа? – дейді қолқа салып.
- Жұртты күлдіргенді қойып, өзім де күле алмай отырмын. Күлмек түгіл, жылағым келіп отыр, – дейді оған Ғафу.
- Неге? – деп, жиналған қаламгерлер елең ете қалады.
Сонда Ғафу:
- Жаңбырдай қайран көңіл жауып болды,
“Жүз грамм” сілтеуіме қауіп болды.
Кешегі арақ ішкен стақандар,
Бұл күнде күл салатын сауыт болды, –
деп өлеңдете жөнеліпті.
* * *
Әлдебір тойда Қадыр Мырза Әли (1935–2010) елден келген бір құрдас жігітпен бір үстелде қатар отырып қалады.
- Атыңызға қанық болғанмен, түріңізді көрмеп едім, Қадеке! – дейді жігіт. – Сіздің мұрныңыз осындай үлкен деп ойламаппын.
- Тұлпар ерінді келеді, ер мұрынды келеді деген ғой, – деп Қадыр жымия жауап береді.
Аздан соң әлгі жігіт:
- Бойыңыз да кішкентай екен-ау өзі? – деп тағы таңданыс білдіреді.
Сонда Қадекең:
- Ұзын ағаш жеміс бермейді ғой! – депті.
* * *
Халық батыры, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлы (1910–1982) ертеректе “Сарыағаш” санаторийіне бара жатып, Шымкент қаласындағы бір қонақүйде аялдапты. Мұны естіген жазушы Нәсіреддин Сералиев (1930–1984) бір топ жас қаламгерді ертіп, батырға сәлем бермекке қонақүйге келеді. Жүрексіне есікті тықылдатады.
- Войдите! – дейді арғы жақтан. Жазушылар имене ішке кіреді. Үстел үстінде қағаз ақтарып отырған Баукең:
- Кімсіңдер? – деп сұрайды.
- Мына жастар сәлем беріп, сізді көруге келіп еді! – дейді Нәсіреддин күмілжіп.
Сонда Баукең:
- Сәлемдерің жөн, қабылдадым, ал көретін мен сендерге зоопарк емеспін! – деп шығарып салыпты.
* * *
Ұзақ жылдар бойы Жазушылар одағында абыройлы қызмет жасаған аты мәшһүр фототілші Сайлау Пернебаев (1939–2007) бір жылдары туған ауылына барыпты. Оған дейін ауыл жаққа көп уақыт ат ізін салмаған секілді, ағайын-жұрағат, таныстар іздеп келіп, Сәкеңе сәлем бepiп жатады.
Іштеріндегі жасы үлкен ақсақалдау біреуі Сайлауды таныңқырамай, ұзақ үңіледі:
- Әлгі Пернебайдың Алматы кеткен баласы сенсің ғой? – дейді.
- Болсақ болармыз! – деп Сайлау да сыпайы жауап береді.
- Бәсе, сырт бәденің келіп тұр... – деп ақсақал да “зерттей” түседі.
- Сыртым да, ішім де Пернебайдың баласы! – дейді Сайлау ақталып.
- Баяғы бозбала күнің есімде, шырағым... шашың көмірдей қап-қара еді, шашыңа ақ түсе бастапты ғой? - дейді ақсақал Сайлаудың шашынан сипап.
Сонда Сайлау ақсақалға бар денесімен бұрылып:
- Аға, шаштың ағарғаны – гүлдегені, түсе бастағаны піскені болады! – деген екен.
* * *
Ұлы Отан соғысының қырық жылдық мерейтойы қарсаңында “Жалын” баспасы поэзия бөлімінің меңгерушісі ақын Серікбай Оспановқа қазақстандық ақындардың соғыс тақырыбындағы өлеңдерінен жинақ құрастыру тапсырылады. Серікбай дереу ақын досы Бақыткерей Ысқақовқа (1945–2009) телефон шалады. Бақыткерей тапсырманы қабылдап тұрып:
- Жарайды! – дейді. – Құрастырып берейін. Бірақ әдеттегідей бұл жинақты да Абайдан бастаған жөн шығар?
- Дұрыс айтасың! – дейді Серікбай. – Абайдың “Мыңмен жалғыз алыстым...” өлеңімен бастағаның жөн!
* * *
Жазушы Әнуар Әлімжановпен (1930–1993) кездесу кезінде оқырманның біреуі “бос уақытыңызда немен айналысасыз?” деген сұрақ қойыпты.
- Жазушылықты мұрат тұтқан адамда тәулігіне бір ғана бос уақыты болады. Мен ол кезде ұйықтаймын! – деп жауап беріпті.
* * *
Халқымыздың дарынды ақыны Есенғали Раушанов Желтоқсан оқиғасы тұсында “Қара бауыр қасқалдақ” деген өлең жазғаны белгілі. Ақынның өлеңдер жинағы өндіріске кетіп бара жатқанда баспа бастығының бірі әлгі өлеңді байқап қалып, Есенғалиды шақыртыпты.
- Сіз “қаңғып келген шүрегей” деп Колбинді мегзеп отырсыз ғой! Ендеше сіз қатты қателесесіз! Колбин жолдас қаңғып келген жоқ бізге, ол партияның шақыруымен келген басшы! – деп ақыл айта бастайды.
Онсыз да жүйкесі жұқарып, күйініп жүрген ақын:
- Басеке, “шүрегей” тақымыңызға тар келсе, “күркетауық” деп өзгерте саларсыз! – депті де, бөлмеден шығып жүре беріпті.
* * *
Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов (1922–2011) Жамбыл облысының Сарысу ауданында оқырмандармен кездесу өткізеді. Ауыл мектебінің әдебиет пәнінің мұғалімі Әзекеңнің шығармашылығы туралы баяндама жасайды. Мұғалім ұзағынан сөйлеп келіп:
- Сіздің “Махаббат қызық мол жылдар” романыңыз ел-жұртыңыздың жүрегіне жол тапқан ұлы шығарма! – деп сөзін ұрандай қорытады. – Мұндай роман жазған жазушы өлсе де арманы жоқ!
Сонда Әзілхан орнынан баяу тұрып:
- Ғафу етерсің, інім! – депті иіліп тағзым етіп. – Мен “Аңыз бен ақиқат” деген тағы бір дүние жазып жатыр едім. Сол роман аяқталған соң сіздің мына ұсынысыңыз жайында ойланайын!
* * *
Көрнекті публицист әрі әдебиет зерттеушісі Сауытбек Абдрахмановтың докторлық дисертациясының ғылыми жетекшісі академик Сейіт Қасқабасов болыпты.
Сейіт Асқарұлы – есімі Қазақстан ғана емес, шетелдерге жақсы таныс, ғылыми ортада абыройы асқақ, беделі биік ғалымның бірі. Академик шәкірттеріне де талабы қатаң, талғампаз, дегдар кісі.
Бірде Сейіт Асқарұлының сол жақ көзіне суық тиіп, домбығып ісіп, бірер күнге мүлдем жұмылып қалыпты. Дәл сол күндердің бірінде оған шәкірті Сауытбек жолығып қалса керек.
- Апырмай, Секе, ауырып қалған екенсіз ғой? – дейді Сауытбек ұстазына шын көңілін білдіріп.
Секең де басын изеп, “осылай да осылай болды” деп ақталғандай, ауру көзін қайта-қайта бет орамалымен баса береді.
Сонда Сауытбек:
- Секе, жалпы, осы дұрыс болған секілді... енді менің жазған жұмысыма оң көзбен қарайтын болдыңыз! – деп күліп жіберген екен.
* * *
Көрнекті ақын Несіпбек Айтов пен сатирик Көпен Әмір-Бек бір жылдың төлі, түйдей құрдастар. Сондықтан да бірімен-бірі қалжыңдасып ойнай береді екен. Баяғыда Қытай билігіне Хуа Гофен деген коммунист келгенде, Несіпбек досына арнап мынадай өлең шығарыпты:
Қытай жақта – Қуа Гөпөн,
Біздің елде мына Көпен.
Екі залым бір заманда,
Қалай ғана туады екен.
* * *
Ертеректе Қонысбай Әбілев университетте оқып жүрген кезінде “Ғылыми коммунизм” атты пәннен лекция оқып тұрған оқытушы:
- Қазір біздің бір аяғымыз социализмде, бір аяғымыз коммунизмде тұр! – деп Кеңестік қоғам жағдайын өзінше бейнелеген болады.
Сонда Қонысбай қолын көтеріп:
- Ағай, айтыңызшы, осы сөзді мен былтыр да естіп едім... қашанғы өстіп талтайып тұра береміз? – деп сұрапты.
* * *
Халық ақыны Қонысбай Әбілевтен сұхбат алып отырған бір тілші әңгімесінің соңында:
- Сіз, ағай, нені жек көресіз? – деп сұрапты. Сонда Қонысбай:
- Шекілдетіп шемішке шаққан әйелді, шытырлатып шайыр шайнаған еркекті жек көремін! – деген екен.
* * *
Жасы қырыққа таман таяғанда Қонысбай ақын сақал мен мұрт қойыпты. Бұл жылдары ақынның шашына ақ кіріп, бурыл тарта бастаса керек. Соны байқаған бір танысы:
- Қонеке, сақал-мұртың қап-қара, ал мына шашыңа не болған? – деп сұрайды.
Сонда Қонысбай:
- Сақалым мен мұртым шашымнан бір жарым мүшел кіші емес пе! – деп жауап берген екен.
* * *
Жаздың аптап бір күні болса керек. Қонысбай ақынның қызмет бөлмесіне әріптесінің бірі шаруа бабымен кіріп, кетерінде бұрышта тұрған судан бір стақанды сіміріп салады да:
- Апырмай, Қонеке, суыңыз тастай екен! – дейді тамсанып.
Сонда Қонысбай:
- Шырағым, біреудің әйелі біреуге қыздай көрінеді, біреудің суы біреуге мұздай көрінеді деген осы болады! – депті.
* * *
Оқырмандармен кездесуде Қонысбай ақынға “Бойыңызда қандай кемшілігіңіз бар, соны айтасыз ба?” дегендей қитұрқы сұрақ түсіпті.
Бұл сұраққа ақын:
– Тайдырмай тура жолымнан,
Адалдық, маған сор болдың.
Бәрі де келіп қолымнан,
Жағыну келмей қор болдым! –
деп өлеңмен жауап берген екен.
* * *
Қазақтың ауыздарымен құс тістеген қос шешені, мықты айтыскер ақындары – Қонысбай Әбілов пен Абаш Кәкенов бір-бірімен “жезде-балдыз” деп, қалжыңдасып ойнай береді екен. Бірде “жездесіне” ризашылығын білдірген Абаш ақын “сендей асыл жездеме тағы бір сұлу апамды беруге әзірмін” дегендей әзіл тастапты.
Сонда Қонысбай:
– Айтпа өйтіп, тигізген бұл пайдаң болсын,
Дейсің бе біздің үйде майдан болсын.
Тағы да қыз берем деп қызықтырма,
Апаңдай қыздай алған қайдан болсын! –
деп екі қолын көтеріп, басын шайқай беріпті.
* * *
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Баянғали Әлімжанов қазақ арасынан шыққан атақты “манасшы”. Ол Қырғызстанда арагідік өтіп тұратын “манасшылар” жарысында талай рет жүлде алған жыршы-ақын.
Осы Баянғали бірде қаламгерлер ортасында отырғанда мынадай әңгіме айтып еді.
Ертеректе қырғыздың атақты “манасшысы” Саяқбай Қаралаевты арнайы Мәскеуге шақыртады. Жыршыны қызықтап театрға көп халық жиналады, Саяқбай ақсақалды құрметпен сахнаға шығарады. Содан Саяқбай миллион жолдық “Манасты” жырлап ала жөнеледі ғой. Жырлап отырып, біраздан соң шабытына кіреді де, көзін тарс жұмып, өзге дүниені ұмытып, Манас батырдың заманына шым батып кете барады.
Бір кезде Саяқбайды бүйірінен біреу түртеді. Көзін ашса – залда тірі жан жоқ, бәрі кетіп қалыпты. Бүйірінен түрткілеп тұрған вахтер шал екен:
– Ей, Манас! Уже три часа ночи, все давно домой ушли. Как закончишь, сам закроешь? – деп театр есігінің кілтін ұсынып тұр дейді.
* * *
Жазушы Дулат Исабеков тоқсаныншы жылдардың басында Алатаудың бөктерінен Германияға көшкелі жатқан бір немістің саяжайын сатып алып қалады. Кейінірек, Жазушылар одағында, қаламгерлер ортасында саяжай төңірегінде әңгіме қозғалғанда Дулат:
- Немістің мұрасын икемдеу қиын болады екен. Үш жыл бойы бармай жүріп, мен саяжайымды әзер қазақтандырып алдым! – деген екен.
* * *
Еліміздің ақын-жазушыларының Бердібек Сапарбаевқа деген құрметі ерек, сыйластығы бөлек. Олар Бекеңді бірнеше облысты басқарған іскер ұйымдастырушы, министрліктерге жетекшілік еткен білікті басшы ғана емес, нағыз ұлтжанды азамат, руханиятымыздың жанашыры, мәдениетіміздің қамқоршысы ретінде жақсы таниды.
Осы Бекең Оңтүстік Қазақстан облысында әкім болып тұрған кезінде қол астындағы бір қызметкері қабылдауына кіреді.
- Жұмсаған қызметіңіздің бәріне барып жатырмыз. Анда да бардық, мұнда да бардық. Футболдың добы сияқты домалап жүрміз, – деп, өзінің біршама мекемені басқарғанын сөз етіп, наз айтса керек.
Сонда Бекең:
- Шырағым, солай домалай берсеңші. Тек аут кетіп қалмасаң бопты, – деген екен.
* * *
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында аламан жиналыс болып, әркім өз орнына жайғасып жатады. Ығы-жығы көп халықтың ішінде қаламдас бір құрдасы жазушы Сауытбек Абдрахмановқа жолығып қалыпты.
- Өз орнымды таба алмай жүрмін, – депті құрдасы қиналып.
- Түсінем! – депті сонда Сауытбек. – Мынадай үлкен сарайда өз орныңды тапқаннан гөрі, өмірден өз орныңды табу әлдеқайда оңай.
* * *
Әлдебір жиыннан асығыс шыққан ақын Шөмішбай Сариев байқамай алдында келе жатқан жазушы Ахат Жақсыбаевтың өкшесін басып кетеді.
- Өкшемді оңдыртпай бастың-ау! – деп Ахат бұрылып, бетін тыржитып реніш білдіреді.
Сонда Шөмішбай:
- Ақасы-ау, онда тұрған не бар? Өкшеңізді басып келе жатқан ініңіз емеспін бе! – деген екен.
* * *
Қазақтың шоң ақыны Ұлықбек Есдәулеттің алпыс жасқа толған мерейтойы кеңінен аталып өтіп жатады. Осы мерейтойға Шығыс Қазақстан облысының әкімі, ұлттық мәдениетіміздің қамқоршы-жанашырларының бірі, мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев Алматыға арнайы делегация жібереді.
Ақынның туған өлкесінен жасақталған бұл делегацияны Ұлықбектің жан досы Түсіпхан Түсіпбеков бастап келеді.
Түсіпхан өзінің ақын досына арнаған жүрекжарды сөзінің арасында:
- Ұлықбек, сен бүгінде Қасым Аманжолов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев секілді ақындар қатарындасың! – деп салады.
Сонда Ұлықбек оның сөзін бөліп:
- Түсеке, мені олардың қатарына қоспай тұра тұршы! Әзірше сендердің араларыңда жүре тұрайын! – деп жұртты ду күлкіге батырыпты.
* * *
Ертеректе, Жазушылар одағының басшысы Ғабиден Мұстафин болып тұрған жылдары, ақын Жақан Сыздықов милицияға түсіп қалады.
Қиындау заман, жоғарғы жақтан «дереу қатаң шара қолданыңдар, бұзақыны жөнге салыңдар» дегендей нұсқау хат келеді.
Ғабиден ашуға мініп, жазушы деген атқа кір келтірген Жақанның мәселесін Одақтың бюросында май шаммен қарамақ болады. «Алдымен бұзақының өзінен түсінік хат алдырыңдар» деп тапсырма береді. Жарлық қатты, жан тәтті, Жақан дереу «Түсініктемені» жазып, екі бүктеп шабарманнан Ғабиденге қоя береді.
Ашулы Ғабаң «Түсініктемені» оқиды да, жадырай күліп жібереді. «Жоғарыға жауабын өзім берем» деп, бюроны шақыртпай, мәселені жылы жауып қоя салыпты.
Сондағы Жақан Сыздықовтың «Түсініктемесі» былай екен:
«Сары сақал, сары мұрт Садықбекті*
Сансызбай Сарғасқаев салып кетті.
Екеуін ажыратам деп жүргенде,
Өзімді милиция алып кетті».
Сатирик жазушы Садықбек Адамбеков.
* * *
Қазақтың айтыс өнерін қайта жаңғыртушылардың бірі, көрнекті ақын Жүрсін Ерман Алматыдағы Кітап музейіне директор болып тағайындалады. Досы Ұлықбек Есдәулет оны жаңа қызметімен құттықтап барайын десе, Жүрсін қайта-қайта тоқтата берген көрінеді.
Бір кездескенде Жүрсін жағдайын айтады:
- Ұлеке, кішкене күте тұр. Мен барған музейдің ғимараты патша заманында наубайхана болған деседі. Содан ба, подвал толы тышқан... сол тышқандармен алысам деп әбден шаршап жүрмін! – деп «мұңын шағады».
Сонда Ұлықбек:
- Сен қыран бүркіттей текті ақын едің. «Қыран қартайса тышқаншыл болады» деуші еді. Соған қарағанда қартая бастағасың-ау! – деп әзілдепті.
* * *
Халық ақыны Мұзафар Әлімбаев пен профессор Тұрсынбек Кәкішев баяғы бір жылдары, жасырақ кездерінде Алтай өңірін аралапты.
Екеуінің де Түркі жұртының атажұртына келуі алғаш екен, ұзын құлақтан «Алтайда тұратын ойраттар да, хакастар да, кейбір қазақтар да шоқынған» дегенді естісе керек. Содан қызықтап, шоқынған қазақтарды көргісі келіп, биік таудағы Марқакөл ау- данына аттанады. Орыс ағайын мен кержағы көп бір ауылға келсе, көшеде ырдуан арбасын ырғалтып бір қазақ кетіп барады екен. Қаламгерлер ол кісіні тоқтатып, амандасып, жөн сұрасады. Сөз арасында Тұрсынбек:
- Ақсақал, сіздер жақта шоқынған қазақтар бар деп естідік, соның бірін бізге көрсетіп жібермес пе екенсіз? – деп сұрайды.
Сонда әлгі шаруа күн салып жан-жағын шолады да:
- Шырақтарым, сен екеуіңнен басқа шоқынған қазақты бұл маңайдан көре алмай тұрмын! – депті де, атын шаужайлап жүріп кетіпті.
* * *
Ақын Ұлықбек Есдәулет бір жылдары ел қатарлы ораза ұстап жүргенде іссапармен Семейге баруға мәжбүр болады.
Семей жақта ақынды от ауыз, орақ тілді аға-досы, әйгілі әнші Құсмиля қарсы алып, ел танытып, жер көрсетіп дегендей, бірнеше күн қасында бірге еріп жүреді.
«Ұлықбек келді» дегенді естіп, ақынды Шәкәрім атындағы Семей университеті қонаққа шақырады. Студенттермен кездесу кезінде бір жас қыз:
- Ағай, қазір қасиетті Рамазан айы ғой, сіз ораза ұстадыңыз ба?– деп сұрақ қойыпты.
Сонда Ұлықбек:
- Оразаны ұстап жүр ем «бисмилля» деп,
Бәрін де бұзып кетті Құсмиля кеп, – деп жауап берген екен.
Бөлісу: